
- •Пәнінің оқу-әдістемелік кешені
- •Пәннің оқу-әдістемелік кешенінің құрылымы (поәк)
- •Пәннің типтік оқу бағдарламасы саясаттану
- •2. Пәнді оқыту бағдарламасы – силлабус
- •Силлабус
- •Оқытушы туралы мәліметтер:
- •Пән туралы мәліметтер:
- •6. Студенттің білімін бағалау туралы ақпарат.
- •7.Курстың саясаты және процедурасы.
- •8. Пән бойынша оқу-әдістемелік материалдар
- •8.1 Курстың тақырыптық жоспары.
- •9. Жұмыстық оқу жоспарында бұл пәннен курстық жұмыс қарастырылмаған.
- •10. Сөж, соөж тапсырмалары және оларды орындау графигі
- •11. Аралық және қорытынды бақылау тапсырмалары.
- •12. Әдебиеттер тізімі.
- •3. Дәрістік кешен Дәріс 1. Кіріспе. Саясаттану – ғылым.
- •Дәріс 2. Саяси ғылымдардың негізгі кезеңдері мен қалыптасуы.
- •Дәріс 3. Саясат қоғамдық өмір жүйесінде. Салыстырмалы саясаттану.
- •Дәріс 4. Билік саяси феномен ретінде.
- •Дәріс 5. Әлеуметтік-этникалық қауымдастықтар және ұлт саясаты.
- •Дәріс 6. Қоғамның саяси жүйесі.
- •Дәріс 7. Мемлекет және азаматтық қоғам.
- •Дәріс 8. Саяси партиялар мен қоғамдық қозғалыстар.
- •Дәріс 9. Қоғамды демократияландыру және саяси жаңару.
- •Дәріс 10. Саяси сана және саяси мәдениет.
- •Дәріс 11. Саяси элита және саяси көшбасшылық.
- •Дәріс 12. Саяси технологиялар.
- •Дәріс 13. Дүниежүзілік саясат және халықаралық қатынастар.
- •Дәріс 14. Саяси болжамдау.
- •Дәріс 15. Егемен Қазақстанның саяси мәселелері.
- •4. Пәнді меңгеруге арналған әдістемелік нұсқаулар.
- •5. Типтік есептеулер, есептеу-графикалық, зертханалық жұмыстарды, курстық жобаларды (жұмыстарды) орындау бойынша әдістемелік ұсыныстар мен нұсқаулар.
- •Соөж тапсырмаларын меңгеруге арналған оқу-әдістемелік материалдар
- •Соөж 2. Қазақстан саяси ойларының тарихы.
- •Реферат
- •«Саясаттану» пәнінен тест сұрақтары
- •Тест тапсырмалары
- •10. Арнайы аудиториялардың, кабинеттер мен зертханалардың тізімі.
Дәріс 14. Саяси болжамдау.
Дәріс мақсаты: Саяси болжамдау ұғымы, мәні, ерекшеліктері, негізгі принциптері, кезеңдері, типтері, әдістері мен құралдары, функцияларына тоқтала отырып, қазіргі Қазақстандағы саяси болжамдаудың жәйі және мәселелерін қарастыру.
Басты ұғымдар: саяси болжамдау,
Саяси болжамдау ұғымы, мәні, ерекшеліктері.
Болашақтың бірнеше сценарийлері (Тоффлер, Хантингтон, Фукуяма, Зиновьев, Бжезинский).
Саяси болжамдау ұғымы, мәні, ерекшеліктері. Саяси болжамдауды қолдану аясы және негізгі принциптері, кезеңдері, типтері. Саяси әрекеттер мен оқиғаларға баға бергенде және оларды анықтағанда қашанда болашақ туралы ойлар туындайды. Бұл саясатта нақтылықтың ерекше жағдайымен, яғни оның және компоненттерінің (шешімдердің, процестердің, әрекеттердің, қатынастардың, оқиғалардың) әрдайым өзгеріп отыратындығымен түсіндіріледі.
Өзгеріп отыратын жағдайлар жаңа күш жұмсауды, жаңа шешімдер қабылдауды, оларды іске асырудың жаңа құралдарын қажет етеді. Саяси іс-қимылдар барысында жаңа жағдайлар мен факторлар пайда болып, олар істің нәтижесіне шешуші түрде ықпал етеді. Сондықтан О.Бисмарктың пікірінше, саясатта ұзақ уақытқа алдын-ала жоспар құрып және сол жоспар бойынша ғана әрекет ету қажет емес. Н.Макиавеллидің кеңесі бойынша, «барлық дана билеушілер бүгінгі күнгі қиыншылықтарды ғана емес, сонымен бірге болашақтағы қиыншылықтарды да көре біліп, оларды болғызбау үшін барлық күш-жігерін жұмсауы тиіс. Егер оларды алдын-ала көре білсе, онда олармен күресу қиынға соқпайды; ал егерде олардың жақындауын күтсе, онда оларды емдеудің қажеті болмай қалады немесе оларға мүлдем ем қонбайтын болады».
Саяси болжамдау (грек сөзінен «prognosis» - көре білу (предсказание), ұсынылатын таным деген мағынада) – қандай да болсын саяси құбылыстар мен процестердің болашақтағы дамуын көре білу, яғни, бүгін, кеше, жалпы бұрынғы кезеңдердегі болған құбылыстарды, даму үрдістерін зерттеу негізінде болашақты, жуық арадағы болашақты көре білу. Саяси болжамдаумен, жалпы болашақты болжау сияқтылармен адамдар «осыған (осы өнерге) құштарлықтан» немесе өз интелектісінің мүмкіндіктерін тексеру үшін айналыспайды, болжамдау қоғамдық өмірдің белгілі бір саласын тиімді түрде бағдарламалау мен басқарудың тәжірибелік қажеттіліктерінен туындайды.
Болашақты болжау үшін екі негіз қажет: бірінші, эмпирикалық негіз, яғни болжау жасалып жатқан кездегі адамзат өмірінің жағдайы туралы көзқарастардың жиынтығы; екінші, теориялық негіз, яғни эмпирикалық негіздерден логикалық ережелер бойынша адамзаттың болашақ өмірі туралы барынша шынайы қорытынды жасауға мүмкіндік беретін жалпы пікірлердің жиынтығы.
Батыстық зерттеулерде болашақ туралы айтқанда «футурология» (латынның «futurum» - болашақ және гректің «logos» - ілім, ғылым сөздерінен) термині қолданылады, ол кең мағынада алғанда Жер беті мен адамзаттың болашақ өмірі туралы жалпы концепцияны, ал тар мағынасында алғанда болжанатын процестерді жүйелі түрде зерттеумен айналысатын болашақ туралы ғылым. Бұл терминді ғылыми айналымға неміс саясаттанушысы О.Флехтхейм енгізген, ол болашақтың жүзден аса планетарлық үлгілерін анықтаған.
Адамның бүгінгі күнгі өмірге, оқиғаға ықпал ете алу қабілеті көбінесе сенімсіздік тудырмайды. Бүгінгі өмір, яғни біздің әрбір күніміз үлкенді-кішілі істерден, оқиғалардан тұрады, оларды біз ойланып, не ойланбай істейміз, ал кейде эмоцияға беріліп, аяқ астынан шешім қабылдаймыз. Бүгінгі күн әрқашанда өткен күндермен байланысты екенін біз жақсы түсінеміз. Ал болашаққа адам ықпал ете ала ма? К. Поппер бұл сұраққа былай деп жауап берген: «Тарих қашанда бүгінмен, дәл сол уақыт кезеңімен аяқталады. Бүгінгі күннен бастап, біздің өзіміз, біздің еркіміз, біздің көзқарастарымыз – міне осылар болашаққа, болашақтағы оқиғаларға ықпал ете алады (белгілі бір дәрежеде)».
Алайда адамдардың бүгінгі ұрпақтарының өміріне ықпал ету мүмкіндігі болашақ ұрпаққа қалай өмір сүру керек екендігін жазып беру дегенді білдірмейді. Академик Н.Н.Моисеев былай деп жазды: «Кез келген ұзақ мерзімді болашақ туралы болжамдардың, болашақ қоғамның схемаларының іске аспайтындығына мен сенімдімін. Келесі ғасырлардағы әлемнің, дүниенің бет-бейнесінің, құрылысының қандай болатындығын өмірдің өзі көрсетеді. Алайда қоғамдық дамудың мүмкін болатын нұсқалары туралы адамдардың түсініктерін кеңейтетін ойлау мен белсенділіктің катализаторы ретінде қандай да болсын утопиялар қажет». Адамдарда танып-білуге деген ұмтылыс бар жерде болашақты болжауға, оның ішінде саяси даму саласын да болжауға деген ұмтылыс сақталады.
Болашақтың бірнеше сценарийлері: О.Тоффлердің білімнің билігі, С.Хантингтонның өркениеттер қақтығысы, Ф.Фукуяманың тарихтың ақыры, А.Зиновьевтің батысшылдық феномені, З.Бжезинскийдің Евразия үшін геостратегиясы сценарийлері.
О.Тоффлер білімнің билігі туралы. Америкалық футуролог Олвин Тоффлердің «Футурошок» (1970), «Үшінші толқын» (1980), «Биліктің жылжуы: ХХІ ғасыр қарсаңындағы білім, байлық және күш» (1990) деген үш еңбегін саяси болжамдауға (прогностикаға) қосқан маңызды үлес деп санауға болады. «Биліктің жылжуы: ХХІ ғасыр қарсаңындағы білім, байлық және күш» деген еңбегі билік мәселелерін, оның табиғатындағы, сапасындағы түбірлі өзгерістерді талдауға арналған. Мамандардың көпшілігі биліктің балансындағы жаһандық өзгерістерге назар аударса, ал О.Тоффлер биліктің өзгерісі: маңыз беретін қоғамның құрылымдары – білім беру мен денсаулық сақтау, қаржы мен бизнес, бұқаралық ақпарат құралдары және байланыста, күштеуді, жасырын түрде күштеуге негізделген мәжбүрлеуді жүргізетін құрылымдардағы болып жатқан өзгерістерге көңіл аударады. О. Тоффлердің схемасы қоғамның индустриалдыққа дейінгі қоғамнан постиндустриалдық қоғамға дейінгі даму барысында биліктің көздері сапалы түрде өзгерді, яғни күштің орнын байлық, байлық орнын білім басты дегенге сүйенеді.
Күштеу мен күш қолдану қаупіне негізделген билік – бұл сапасы ең төмен билік. Ол тек қана дөрекі түрде мәжбүрлеуге, физикалық ықпал етуге қабілетті, оның бейімделгіш қасиеті жоқ, оның қызметі шектеулі. Мұндай билік индустриалдыққа дейінгі қоғамда үстем болды.
Байлыққа негізделген билік – бұндай биліктің сапасы орташа. Оның құзырында реттеудің жағымды және жағымсыз құралдары бар. Күш қолдану жойылмайды, ол түрін өзгертіп, жасырын түрде, заң бойынша реттелген формада көрінеді. Мұндай билік индустриалдық қоғам кезінде үстем болды. «Индустриалдық қоғамдардағы корпорациялардың, тіпті үкіметтердің ашық түрде күш қолдануға бара бермейтіндігінің басты себебі, бақылау жасаудың жетілдірілген құралы табылды, ол - ақша».
Білімге негізделген билік – бұл ең жоғары сапалы билік. Ол «билік ресурстарын аз жұмсау арқылы мақсатқа жетуге, осы мақсатқа жетуге адамдардың өздерінің де мүдделі екендігіне сендіруге мүмкіндік береді». Сонымен бірге жаңа білімдер қоғамдағы процестерді тездетеді, оны динамикалық етеді, басты ресурс – уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді. Бұрынғы «Білім - күш» (Ф.Бэкон) деген философиялық формуланың орнына О.Тоффлер «Білім - капитал» деген жаңа формуланы ұсынды. Америкалық ғалымның айтуынша, ХХІ ғасыр қарсаңында күштің билігінің күні өтті, алайда оның әлі өмір сүріп отырғандығы туралы біраз мысал келтіруге болады. Байлықтың күні өтіп бара жатыр, ал бұл биліктің ресурстары әлі таусылған жоқ. Жекелеген елдерде ғана емес, сонымен бірге бүкіл әлемде білімге, ақпаратқа, жаңа және соңғы технологияларға, жаңа технологиялар арқылы көрініс берген білімге негізделген жоғары сапалы билік үстем бола түсуде.
Қоғамның бет-бейнесі мен мазмұнын барған сайын тез жетілдіріліп бара жатқан ақпарат құралдары, ең алдымен бұл жүздеген және мыңдаған компьютерлік терминалдарды біріктірген және түрлі мәліметтердің күрделі кеңістікте бөлінгенжүйелерін сақтауды, өңдеуді және беруді білдірген ақпараттық жүйелер. Ақпараттық жүйелер экономикаға терең ықпал етуде: «Білім шикізатқа, жұмыс күшіне, уақыт пен капиталға деген қажеттілікті азайтып, алдыңғы қатарлы экономиканың маңызды ресурсы болуда». Жоғары технологияларға негізделген экономиканың дамуы нәтижесінде қоғамның әлеуметтік құрылымында сапалы өзгерістер жүруде. Олардың ішіндегі маңыздысы сол, пролетариат «когнитариатқа» (латынның «cognitio» - білім, таным), яғни ол білім деңгейі оған барған сайын күрделі және түрлі ақпараттармен жұмыс істеуге, жаңа біліктілікке ие болуға мүмкіндік беретін тапқа айналуда.
Қоғамның және оның билік құрылымдарының «бюрократиясыздануы» процесі де маңызды. Көптеген компаниялар көптеген бюрократиялық аппаратты компьютерлік басқарудың ақпараттық жүйелерімен ауыстыруда. Кәсіпкерлер мен менеджерлер, менеджерлер мен қызметкрелер арасындағы қатынастардың сипаты да өзгеруде. Индустриалдық өндірістегі персоналды ой еңбегі мен дене еңбегімен айналысатын адамдарға бөлудің күні өтті. «Менталды өндіріс», жаңа ақпараттық технологиялар әрбір қызметкердің білім дәрежесі мен біліктілігінің жоғары болуын қажет етеді.
Алайда өзіне күш пен байлықты бағындырған білім биліктің қызметінің үстем факторы болған «когнитивті қоғамда» барлығы жақсы және жанжалсыз емес. Жаңа ақпараттық технологиялар қоғам өмірін «автоматты» түрде жақсарта алмайды. Әлеуметтік әртүрлілік сақталып қана қойған жоқ, сонымен бірге өсе түсуде. Жаңа ақпараттық технологиялар саласында қызмет ететін қызметкерлердің жоғары білім деңгейі жағдайында билік ақпаратты бұрын монополиялық таратушыдан бұндай жағдай болмағандарға ауыр түрде өтуде.
Халықаралық аренада да білім үстемдік ететін қоғамдардың да өз қарсыластары бар. О.Тоффлер олардың бастыларына тоталитарлық түрдегі фанаттық діни қозғалыстарды, өз идеалдары үшін күрестің күштеу әдістерін жақтауға бейім топтарды, экстремистік ұлттық күштерді т.б. жатқызды.
Экономикалық жағынан артта қалған елдерде білімнің таралуының маңызы ерекше, себебі оның көмегімен бұл елдердің прогресіне, мәдени және ғылыми дамуына ықпал етуге болады.
Білімнің прогресі негізінде қоғамдық прогрестің жалпы бағытындағы кері шегіністерге қарамастан, жалпы алғанда бұл америкалық ғалымның болжамы бойынша, адамзат ХХІ ғасырға жарқын болашаққа деген үлкен сеніммен аяқ баса алады. Алайда О.Тоффлер – азғантай оптимистердің бірі ғана. Қазіргі заманғы футурологтардың көпшілігі пессимситік көңіл-күйдегі болжамдарды жасайды.
С.Хантингтонның өркениеттер қақтығысы. Профессор С.Хантингтонның «Өркениеттердің қақтығысы?» мақаласы әлемдік саяси ғылымдағы ірі құбылыс ретінде әділетті бағаланады (мақала жазылған кезде С.Хантингтон АҚШ-тың Гарвард университеті жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының директоры болған, мақаласы 1993 жылы америкалық журналда шыққан, оның орыс тіліндегі толық мәтіні «Полис» журналының 1994 жылғы 1-нөмерінде жарияланды). Мақаланың атауындағы сұрақ белгісіне қарамастан, бұл белгі автордың белгілі бір сенімсіздігін білдіргенімен, оның мазмұны ХХІ ғасырда мұндай қақтығыс болады дегенге саяды.
С.Хантингтон жаңадан қалыптасып келе жатқан әлемде жанжалдардың басты көзі идеология немесе экономика емес, мәдениет, дәлірек айтқанда, түрлі өркениеттердің негізінде жатқан мәдениеттердің әртүрлілігі болады дегеннен бастау алады. Ұлт-мемлекет халықаралық істерде басты әрекет теуші болып қала береді, алайда жаһандық саясаттың басты жанжалдары түрлі өркениеттерге жататын ұлттар мен топтардың арасында болады. Өркениеттердің қақтығысы әлемдік саясаттың басты факторы болады.
Ғылыми философиялық, әлеуметтанулық, тарихи әдебиеттерде өркениеттің көптеген анықтамалары берілген. Хантингтон берген анықтама сәтті болып шыққан. Ол өркениетті ең жоғары сатыдағы (келесі сатыны жануарлардың басқа түрлерінен адамзатты айыратын саты құрайды) мәдени бірыңғайлық деп анықтай отырып, оның объективті және субъективті деген екі жағын көрсетеді. Өркениеттің объективті жағын тіл, тарих, дін, әдет-ғұрыптар, институттар, ао субъективті жағын – адамдардың өзін-өзі ұқсастыруы, яғни олардың өздерін қандай өркениетке жататындығы туралы ойлауы құрайды. Қазіргі заманда 7-8 ірі өркениеттер өмір сүреді, олар: батыстық, православиелік-славяндық, исламдық, индуистік, конфуцийшілдік, жапондық, латынамерикалық және мүмкін африкалық.
Америкалық ғалым ірі жанжалдар өркениеттер арасында мынадай факторлардың ықпалымен болуы мүмкін деп есептейді:
1. Тарихының, тілінің, мәдениетінің, салт-дәстүрлердің және ең бастысы, діндердің әртүрлілігі негізінде өркениеттердің жанжалы болуы мүмкін.Түрлі өркениеттің адамдары Құдай мен адам арасындағы, индивид пен топ, азамат пен мемлекет, ата-аналар мен балалар, ері мен әйелі арасындағы қатынастарды түрліше түсінеді, олардың құқықтар мен міндеттердің, еркіндік пен мәжбүрлеудің, теңдік пен сатылықтың арақатынасы туралы көзқарастары әртүрлі. Бұл айырмашылықтар ғасырлар бойы қалыптасқан, сондықтан олар жуық арада жойылмайды, дәлірек айтқанда ешқашан жойылмады. Олар саяси идеология мен саяси режимдерге қарағанда өте фундаменталды, яғни өте берік орныққан.
2. Дүние барған сайын тығыз, біте қайнасқан болып бара жатыр, Түрлі өркениеттер халықтарының арасындағы өзара әрекеттер күшейе түсуде. Мұнда тұрған жағымсыз ештеңе жоқ болар еді, егер бұл басқа өркениеттер өкілдеріне деген жаулық пиғылды жақтайтын өркениеттік сана-сезімнің өсуіне әкелмесе.
3. ХХ ғасырдың соңындағы басым әлеуметтік құбылыстардың бірі – әлемнің дінге қайта оралуы (десекуляризация), яғни «атеистік» ХVІІ – ХХ ғасырдың І-жартысынан кейінгі діннің қайта өркендеуі. «Құдайдың бұл ерекше реваншы» көбінесе басқа діндермен, қозғалыстармен бітімге келмес жаугершілік фундаменталистік формада жүруде. Дін адамдарды этникалық, ұлттық ерекшеліктерге қарағанда айқын (резко) бөледі. Адам жартылай француз және жартылай араб, тіпті осы екі мемлекеттің азаматы болуы мүмкін. Ал жартылай католик немесе жартылай мұсылман болу қиын.
4. Батыс бүгінгі күні өз дамуының жоғарғы шыңында болса да, ертең жағдай өзгеруі мүмкін, себебі батыстық емес елдерде «әлемге батыстық емес бет-бейне беру үшін ұмтылыс та, ерік те, ресурстар да баршылық». Бұған қоса қазіргі кезде көптеген батыстық емес елдерде элиталардың девестернизациясы мен олардың өз мәдени шығу тегіне, түп-тамырларына қайта оралу процесі интенсивті түрде жүруде.
5. Таптық және идеологиялық жанжалдардағы басты сұрақ, сен кімнің жағындасың болды. Бұнда адам қай жақта екендігін таңдауға, сонымен бірге жағын ауыстыруға мүмкіндігі бар еді. Өркениеттер қақтығысында сұрақ былай деп қойылады: сен кімсің? Жалпы ережелер бойынша адам өзіне өркениетті таңдай да, оны ауыстыра да алмайды.
6. Өркениеттік фактордың аймақтық экономикалық интеграциялық процестерде барған сайын ролі арта түсуде. Мысалы, Европалық қауымдастық европалық мәдениет пен батыстық христиандықтың жалпы негіздеріне сүйенеді. Мәдени-діни ұқсастық арабтық емес он мұсылман елдері – Иран, Пәкістан, Түркия, Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркменстан, Өзбекстан, Ауғаныстанды біріктірген Экономикалық ынтымақтастық ұйымының да негізіне алынған.
Адамзатты өркениеттердің қақтығысына апара жатқан басты факторларға талдау жасауды аяқтай отырып, Хантингтон мынадай қорытынды жасайды: өркениеттер қақтығысы екі деңгейде болады: микродеңгейде және макродеңгейде. Микродеңгейде бөліну сызығы маңындағы өркениеттер жер үшін, бір-біріне үстемдік үшін қанды күрес жүргізуде. Макродеңгейде алғанда
түрлі өркениетке жататын елдер әскери және экономикалық саладағы ықпал үшін бәсекелесуде, халықаралық ұйымдарға және өз саяси және діни құндылықтарын енгізу арқылы үшінші елдерге бақылау үшін күресуде.
Бұл жалпы болжауды Хантингтон былайша нақтылайды: 1) халықаралық саясаттың басты белдеуі Батыс және оның әлемнің қалған бөлігімен қатынастары болуы мүмкін; 2) жуық арадағы болашақта Батыс және бірқатар исламдық-конфуцийшілдік елдер арасындағы өзара қатынастар жанжалдардың басты ошағы болуы мүмкін.
Хантингтонның Батыс үшін қорытындылары. Тез арадағы пайда тұрғысынан алғанда Батыстың мүдделері мыналарды талап етеді: өз өркениеті шеңберінде ынтымақтастық пен бірлікті нығайту, ең алдымен Европа мен Солтүстік Америка арасында; Батыстың құрамына мәдениеті батыстыққа жақын Шығыс Европа мен Латын Америкасы елдерін шоғырландыру; Ресей және Жапониямен ынтымақтастықты қолдау және кеңейту; жергілікті өркениетаралық жанжалдардың өркениаттер арасындағы кең ауқымды соғыстарға ұласуын болдыртпау; басқа да маңызды міндеттерді шешу. Ұзақ мерзімді (алыс) болашақта Хантингтон Батысты басқа да өлшемдерге бағыттайды. Ол батыстық емес өркениеттердің экономикалық және әскери күшінің өсетіндігін, олардың батыстан артта қалуының азая беретіндігін ескертеді. Батыстың барған сайын әскери жағынан жақын, ал құндылықтары мен мүдделері жағынан алшақ бұл өркениеттермен санасуына тура келеді. Бұл Батыстан өз әскери потенциалын жоғары деңгейде ұстауға ғана емес, сонымен бірге батыстық емес бұл өркениеттердің фундаменттік діни және философиялық негіздерін түсінуге ұмтылуын талап етеді.
Хантингтонның Ресей үшін қорытындылары. Болашақта адамдардың белгілі бір өркениетке жатуы олардың өзін-өзі теңестіруінің негізі болғанда, ғалымның пікірінше, тұрғындары бірнеше өркениеттердің өкілдері болған елдер (оның ішінде Ресей де бар) ыдырауға ұшырайды. Сондықтан ол Ресей үшін бірден-бір жол «орыстық дәстүрлерден» қол үзіп, Батысқа сөзсіз қосылу деп білді. Хантингтон: «Марксист болудан қалған егер орыстар ендігі жерде либералдық демократияны қабылдамай, өздерін батыстық адамдар сияқты емес, орыстарша ұстайтын болса, онда Ресей мен Батыстың ара қатынасы қайтадан алыс және жаулық пиғылда болуы мүмкін» деп, тікелей ескертеді.
Бұған ресейлік зерттеушілер (Ирхин Ю.В., Зотов В.Д., Зотова Л.В.) былай деп жауап береді: Ресей үшін жуық арадағы болсын, алыстағы болсын болашақта Батыспен жаулық қатынастарын қайта өркендетудің қажеті жоғы белгілі. Керісінше, Батыспен жақсы қатынастарды сақтауға, нығайтуға тырысып, соның жолдарын іздеу қажет. Алайда бұл үшін орыстар және ресейліктер өзіндік ерекше өркениеттік тамырларынан қол үзіп, міндетті түрде батыстық адамдарға ұқсас болуы қажет емес.
ХХ ғасырдың 20-жылдары өмір сүрген тарихи-мәдени және әлеуметтік-философиялық ерекше бағыт – Евразиялықты жақтаушылар орыстардың шетелдегі интеллектуалдық топтарында Ресейдің мемлекеттік ғана емес, сонымен бірге өркениетаралық бірлігі туралы айтқан болатын. Белгілі орыс символист ақыны, батыстық және орыстық рухани мәдениеттің терең білгірі А.Белый, «Пушкин мен Лермонтов Батысты Шығыспен үйлесімді ұштастырған» деп есептеген болатын. С.Хантингтон жазған болашақтағы өркениеттер қақтығысында Ресей ұлы бітімгершілік миссиясын ролін атқаруы мүмкін.
З. Бжезинский бойынша Евразия үшін геостратегия. А. Зиновьев анықтаған батысшылдықтың, оның жаһандық мақсаттарын бағалауының әділеттілігін жуық арада жарық көрген көрнекті америкалық саясаткер және саясаттанушы З.Бжезинскийдің «Ұлы шахмат тақтасы. Американың үстемдігі және оның геосаяси императивтері» деген кітабындағы пікірлер де растайды.
Бұл америкалық саясаткер мен саясаттанушы ғалымның есімі отандық және ресейлік зерттеушілерге жақсы таныс, ол өзінің Ресейге деген жеккөушілігімен белгілі. Аңыз-әңгімелер арқылы жеткендей, өзінің сенатта сөйлеген сөзін қашанда «Сонымен бірге менің ойымша, Карфаген өмір сүрмеуі керек» деген сөздермен аяқтаған ежелгі римдік цензор Катон сияқты, Бжезинский өзінің ауқымды және саяси өткір зерттеулерінде басты жебені Ресейге қарсы бағыттайды. Бұрын ол КСРО-ға шығатын және келіспес, беделді антикеңесшіл ретінде танылған болатын. Ал одан кейінгі 1990-жылдары Ресей мен АҚШ президенттері – Б.Ельцин мен Б.Клинтон өздерін достармыз деп атап, ресми құжаттар бойынша Ресей мен АҚШ қарсыластар емес, демократиялық, әділетті, күшке емес, құқыққа негізделген халықаралық қатынастарды құрудың жалпы ісіндегі әріптестер деген кезде де ол өзінің Ресейді жеккөрушілігін бәсеңдетпейді.
Бжезинский романтик-идеалист және көпшілікке жұмыс істейтін саясаткер емес. Ол есті реалист және қатаң прагматик. Ол үшін АҚШ үшін не жақсы болса, сол ғана, яғни АҚШ-тың мүддесіне сай келетін және оны қалған әлемнен үстем ететін нәрселер ғана жақсы. Оның кітабында «АҚШ-тың жаһандық ауқымдағы көшбасшылығының» қажеттілігі, Америкаға жаһандық саяси күш беретін оның қазіргі әлемде төрт басты – әскери, экономикалық, техникалық және мәдени саладағы бірден-бір алпауыт держава ретіндегі ролі туралы ой көзге анық көрінеді.
Сонымен бірге ол америкалықтарға жалпы алғанда потенциалды күші АҚШ-тың күшінен басым болып тұрған бір ғана супер құрлықтың бар екендігін ескертеді. Бұл Евразия, онда Жер тұрғындарының 75 %-ы өмір сүруде, ондағы жан басына шаққандағы ішкі өнім 60 %-ды құрайды, энергоресурстардың 75 %-ы да осында.Ол әлемнің кіндігі ролін атқарады.Осы құрлықта басымдыққа ие болған держава планетаның экономикалық жағынан барынша дамыған үш бөлігінің екеуі болып табылатын Батыс Европа мен Шығыс Азияға да шешуші ықпал ете алады, ал саяси жағынан алғанда Таяу Шығыс пен Африкадағы оқиғалардың дамуын автоматты түрде бақылай алады.
АҚШ-тың НАТО бойынша одақтастары Германия мен Франция экономикалық және саяси жағынан үстем болып отырған Евразияның батыс бөлігі америкалық стратегты онша толғандырмайды, бірақ ол барынша шоғырланған Европаның пайда болуы америкалық мүдделерге онша жағымды емес және ол европалық ұлтшылдықтың өсуіне әкелуі мүмкін деп көрсетеді.
Басты державасы Қытай болып табылатын Евразияның шығыс бөлігі (Бжезинский Жапонияны есепке алмайды, оны ол «америкалық протекторат» деп атайды; Үндістанды да есепке алмайды, ол батыстық мағынада алғанда демократиялық мемлекет, ол бұрын КСРО-дан алған саяси қолдауына қазір сүйене алмайды) америкалық стратегты көп толғандырады. Сонымен бірге ол Қытайға да онша мән бермейді, себебі ол белгілі бір экономикалық табыстарға жеткенімен, ол әлі де кедей ел болып табылады. Бұл АҚШ-қа Қытаймен стратегиялық ынтымақтастық орнатып, «Евразияда америкалықтардың болуына шығыстық якорь түрінде болуға мүмкіндік береді» деп есептейді.
З.Бжезинскийдің пікірінше, АҚШ-тың басты қарсыласы, әлемде үлкен аумақты алып жатқан, он уақыттық белдеуге созылған және америкалық, қытайлық және европалық аумақтардан орасан аумаққа созылып жатырған Ресей болып қала береді. З. Бжезинский тұтас мемлекет ретінде Ресей Федерациясы орнында европалық Ресейден, Сібір республикасынан және Қиыр Шығыс республикасынан тұратын орталықсыздандырылған конфедерацияны құруды ұсынады.
Кезінде Ресей де бөлуге қатысқан Польшаны үшке бөлгенді есіне сақтаған поляк-шляхтичінің қаны көрінді деп айтуға болар еді. Алайда Бжезинскийде бәрі күрделірек. Ол Ресейден қауіптенуін жалғастырады, енді кеңестік Ресейден емес, «қырғи-қабақ соғыс» аяқталғаннан кейінгі дәуірде экономикалық және саяси жағынан бірден әлсіреп қалған қазіргі заманғы Ресейден қауіптенеді. Ол үшін Ресей – «саяси қара тесік», ал қазіргі заманғы ғылыми көзқарастар бойынша «қара тесікпен» ойнауға болмайды: ол өзіне барлығын да, уақытты да, кеңістікті де жұмыс жасатады.
Сондықтан Бжезинский НАТО-ны оның шекараларына жақындатып, европалық Ресейді Батысқа барынша таңуға тырысады, ал оның бұрынғы азиялық бөлігін АҚШ-тың стратегиялық мүдделерімен шырмауды жоспарлайды. Қалай болғанда да АҚШ Ресейді конфедеративті құрылымдарға бөле ала ма, жоқ па, посткеңестік жаңа тәуелсіз мемлекеттердің – Украинаның, Әзірбайжанның, Өзбекстанның және Орта Азияның басқа да мемлекеттерінің өмір сүру қабілеттіліктерін нығайтуды ойлау қажет, «олар Ресейдің әлі де сақталып отырған империялық дәмелерінің кез келген түрін тежей алатындай жағдайын ойлау қажет».
Бжезинский әлемдік шахмат тақтасында ақ тастармен де, қара тастармен де ойнайды, оның есебі тақтада тек қана бір король қалуы тиіс, ол – Америка Құрама Штаттары, ал қалған фигуралар пешкі сияқты оның аяғының астында болуы тиіс.
Тарих әлемді иеленуге тырысқан көптеген дәмеленушілерді біледі. Сонымен бірге тарих мынадай заңдылықты анықтады: бір держава әлемдік үстемдікке дәмеленіп, соған сай саясат жүргізе бастағанда, басқа елдер, немесе оның көп бөлігі бұған қарсы шығып, қарсы әрекеттер жасай бастайды. Саясаттың табиғатына әлемдік көшбасшылық пен әлемдік үстемдік сай келмейді.
Өзін-өзі тексеру сұрақтары:
Саяси болжамдау не үшін жүргізіледі?
Саяси болжамдау ұғымы нені білдіреді?
Саяси болжамдауды қолдану аясы мен негізгі принциптері қандай?
Саяси болжамдаудың кезеңдері мен типтері қандай?
Саясаттануда ғылыми болжамдауды жасаудың әдістері мен құралдары қандай?
Саяси болжамдау қандай функцияларды атқарады?
Қазіргі Қазақстандағы саяси болжамдаудың жәйі және мәселелері қандай?
Ұсынылатын әдебиеттер: негізгі-9 (212-231б.); қосымша-2 (103-110б.)