Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Dlya_studentov_2013_UMKD_po_politologii_dlya_oc...doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
1.56 Mб
Скачать

Дәріс 11. Саяси элита және саяси көшбасшылық.

Дәріс мақсаты: элита түсігіне, теорияларына, элитаны тудырушы факторларға тоқталып, оның функцияларына, негізгі типтеріне, саяси элитаны іріктеу жүйесіне талдау жасау. Жетекші ұғымын, саяси жетекшінің компоненттерін, ерекшеліктерін, функцияларын, түрлерін, стильдерін қарастыру.

Басты ұғымдар: элита, саяси элита, билеуші элита, элитизм, брюкратия, демократиялық элитизм, элитаны рекруттау, номенклатура, олигархия, аристократия, меритократия, саяси көшбасшы.

  1. Саяси элита ұғымы Элитаның классикалық теориялары.

  2. Саяси элитаның функциялары, жіктелуі. Элитаның қазіргі заманғы теориялары. Бюрократия.

  3. Саяси көшбасшылық ұғымы, оның теориялары, түрлері.

  4. Қазіргі Қазақстандағы саяси көшбасшылық институты және саяси элита.

«Элита» термині (латынның «eligere», француздың «elite» сөздерінен) «ең таңдаулы», «сұрыпталған», «іріктелген» деген мағынаны білдіреді. Алғаш рет «элита» ұғымы ХVІІ - ХІХ ғасырларда ауыл шаруашылығында, тұқымның ең жоғарғы сорттарына, малдың арнайы тұқымдарына байланысты және жоғары сапалы тауарларға қолданылған. Бұл ұғым ХІХ-ХХ ғасырлар межесінде ғылыми айналымға енгізілді және әлеуметтану мен саясаттануда әлеуметтік саты жүйесіндегі жоғарғы жағдайдағы әлеуметтік топтарды сипатттау үшін қолданылды. Кең әлеуметтанулық тұрғыдан алғанда, элита деп қоғамның негізгі экономикалық, саяси және мәдени ресурстарын бақылайтын оның, ең жоғарғы және тұйық (жабық) тобын айтады.

Классикалық элитарлық теориялардың дербес түрде қалыптасуы ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында италиялық ғалымдар Гаэтано Моска, Вильфредо Парето, неміс ғалымы Роберт Михельс және т.б. еңбектерінде жүзеге асты. Бұл теориялар (элитаның классикалық теориялары) антиэлитарлық теориялар мен идеялармен (демократия теорияларына және халық бұқарасының тарихтағы ролі туралы марксистік ілімді сынау негізінде) күрес барысында қалыптасты.

Вильфредо Парето (1848 – 1923) – италиялық әлеуметтанушы-позитивист, экономист,инженер, этитологиядағы аристократиялық бағыттың өкілі. «Элита» терминін ғылыми айналымға енгізді. Өзінің «Әлеуметтік жүйелер», «Жалпы әлеуметтану трактаты» деген басты еңбектерінде адамдар өз тумысынан тең емес деген тезиске сүйенеді. Элита кез келген қоғамда, кез келген саяси құрылыста өмір сүреді. Барлық уақытта дүниені таңдаулы азшылық – элита билейді, яғни ерекше қасиеттері: психологиялық (туғаннан) және әлеуметтік (тәрбие мен білімнің нәтижесінде қол жеткен) қасиеттері бар адамдар билейді. Парето элита деп, «ақылы, мінезі, ептілігі, басқа да түрлі қабілеттерге ең жоғары дәрежеде ие болған адамдарды» айтты. Элитаны басқаруға қатысатын билеуші және билеуші емес элитағаконтрэлитаға бөледі.

Гаэтано Моска (1858 - 1941) – италиялық саясаттанушы, әлеуметтанушы, этитологиядағы функционалдық бағыттың өкілі. «Саяси ғылым негіздері» (1896), «Басқарушы тап» деген еңбектерінде саяси элитаның қалыптасуы және оның қасиеттері мәселелеріне талдау жасайды. Оның ойынша, элита қатарына енудің маңызды өлшемі, басқа адамдарды басқара білу қабілеті, яғни ұйымдастырушылық қабілеті, сонымен бірге элитаны қоғамның қалған бөлігінен айыратын олардың материалдық, моральдық, интеллектуалдық үстемдігі. Ол элитаны белгілі бір әлеуметтік міндеттерді атқаратын басқарушылар тобы деп қарастырды.Элитарлық топтың жақсы ұйымдасуын және қоғамдағы оның үстем жағдайын атай отырып, Моска оны «саяси тап» немесе «билеуші тап» деп атады («элита» орнына «саяси тап» ұғымын қолданды). «Қоғамды әрқашанда азшылық басқарады, тіпті билік ауысқан жағдайжағдайда да, билік бір азшылық қолынан, екінші азшылық қолына беріледі».

Роберт Михельс (1876 – 1936) – неміс әлеуметтанушысы, саясаттанушысы, экономисі. «Демократия жағдайындағы саяси партиялар әлеуметтануы» деген еңбегінде қоғамның ұйымдасуының өзі элитаны талап етеді, элитаның болуы қоғамның заңдылығы деп тұжырымдады. Қоғамда «олигархиялық үрдістердің темірдей заңы» жұмыс істейді. Оның мәні қоғамдық прогрестің ажырамас бөлшегі болатын ірі ұйымдардың дамуы қоғамды басқарудың олигархиялануына және элитаның қалыптасуына әкеледі, себебі мұндай бірлестіктерді басқаруды оның барлық мүшелері қамтамасыз ете алмайды. Олардың қызметінің нәтижелілігі функционалдық мамандану мен ұтымдылықты қажет етеді, ал бұл басқарушы өзек пен аппаратты бөліп шығарады, олар бірте-бірте қатардағы мүшелердің бақылауынан шығып, билікті монополиялап, олардан (бұқарадан) алшақтайды және саясатты өз мүдделеріне бағындырады, ең алдымен өздерінің артықшылық жағдайларын сақтап қалуды ойлайды.

Саяси жүйенің компоненті бола отырып, элита белгілі бір функцияларды атқарады. Элитаның маңызды функцияларына мыналар жатады:

  1. әлеуметтік мониторинг қызметі – түрлі әлеуметтік топтардың мүдделерін әрдайым зертеп отырады;

  2. стратегиялық функциясы – стратегиялық мақсатты айқындайды, идеологиялық доктрина, конституция, заңдар, реформалық бағдарламалар жасаудан көрінеді.

  3. Интеграциялық функциясы – қоғамды элита тұжырымдаған құндылықтар негізінде шоғырландырады, топаралық келіспеушіліктер мен жанжалдарды шешеді. Бұл функцияны жүзеге асыру барысында іске басқарушы элита ғана емес, оппозициялық элита да араласады;

  4. Ұйымдастырушылық функциясы – алға қойған саяси ойларын, жоспарларын жүзеге асырудың тетіктерін табады; басқару орындарына кадрлық аппаратты тағайындайды;

  5. Рекруттық (ұсыну, толықтыру) функциясы - өз қатарынан саяси жетекшіні ұсынады.

Сонымен, саяси элита деп қазына-байлықты, қаржы-қаражатты бөлуге байланысты және т.б. саяси маңызды шешімдер қабылдауға қатысты жоғары мәртебесі мен ықпалы бар ұйымдасқан топты айтады.

Қазіргі саясаттанудағы элитология саласы элиталардың қалыптасу жағдайын, оның қоғамдағы рөлін, әлеуметтік-саяси процестерге ықпал ету әдіс-тәсілдерін және т.б. зерттейді.

Элитаның жіктелуі. Элиталарды зерттеу оларды жіктеуді және түрлі элиталық топтарды өзара салыстыруды талап етеді.

Элитаны саяси салаға байланысты қарағанда ғалымдар мағынасы жағынан жақын, бірақ бірдей емес екі терминді: «саяси элита» және «билеуші элита» басшылыққа алады.

«Билеуші элита» түсінігі кеңірек, ол билікке ықпал ете алатын және ықпал етіп отырған барлық топтарды білдіреді. Билеуші элита мынадай элементтерден қалыптасады:

1. Экономикалық элита – қоғамның негізгі экономикалық ресурстарын бақылаушы адамдар тобы: ірі меншік иелері, қаржы-өнеркәсіптік корпорациялардың иелері мен басты менеджерлері т.б. Тұрғындардың еңбек етуі, өмір сүру деңгейі, жалақысы, табысы сияқты мәселелерді анықтау арқылы өзінің экономикалық үстемдігі мен экономикалық билігін жүргізеді.

2. Әскери элита – жоғарғы әскери басшылар (генералитет) және жоғарғы офицерлер. Олар қоғам өмірінде, саяси процестерде маңызды роль атқарады, саясатта шешуші құрал ретінде пайдаланылды.

3. Бюрократиялық элита – мемлекеттік аппарат шенеуніктері. Олардың ролі мен ықпалы маңызды саяси шешімдерді дайындау мен жүзеге асыру процесіне қатысуынан көрінеді.

4. Идеологиялық элита – қоғамның идеологиясы мен бұқараның санасын қалыптастыратын мәдениеттің, ғылымның, бұқаралық-медиа құралдарының көрнекті өкілдері.

5. Саяси элита – мемлекеттік деңгейде саяси шешімдерді тікелей қабылдайтын мемлекет басшыларынан, үкімет мүшелерінен, заң шығарушы орган депутаттарынан құралады.

Басқарушы элитаның бір элементі ретінде саяси элитаға мынандай анықтама беруге болады: өз қолына мемлекеттік билікті шоғырландырып, бүкіл жүйенің даму стратегиясын жасайтын қоғамның белгілі бір тобы.

Саяси элита – жалпы қоғамға саяси билікті жүзеге асыратын салыстырмалы түрде алғанда ұйымдасқан азшылық. Бұл саяси жүйе шеңберінде басты шешімдер қабылдап, бұйрықтар беріп, бюрократиялық аппарат арқылы олардың жүзеге асырылуын бақылайтын адамдар.

Элитаның топтамалары:

І. Өз өкілеттілігінің көлемі біліктілік дәрежесіне байланысты топтар:

  • жоғарғы элита – жоғарғы саяси басшылар (президент, үкімет, парламент басшылары, ірі партиялар басшылары) және олардың маңайындағылар. Осы азғана адамдар тобы барлық маңызды шешімдерді қабылдайды;

  • орта элита (үш белгі: кірісі, кәсіби статусы және білімі бойынша көзге түсетін шамамен ел тұрғындарының 3-5 %-ы) – сайланбалы қоғамдық қызметтердегі адамдар (парламентарийлер, сенаторлар), аймақтық жетекшілер (губернаторлар, ірі қалалар мэрлері). Осы үш өлшемнің біреуі немесе екеуі бойынша жоғарғы көрсеткішке жеткен элитаны маргиналды элита деп атайды.

  • жергілікті элита – жергілікті дәрежедегі басты саяси фигуралар.

  • әкімшілік элита – мемлекеттік қызметкерлердің жоғарғы тобы – министрліктер, департаменттер және басқа да мемлекеттік органдардың шенеуніктері. Бұл элита сайлау нәтижесеніне тәуелді емес, сондықтан қоғамдық қысым мен бақылауға онша ұшырамайды.

ІІ. Өзінің саяси жүйеге қатысу дәрежесіне байланысты ажыратылатын топтар:

  • билеуші элита билікті жүзеге асыру механизмдері мен тетіктеріне ие болумен сипатталады;

  • оппозициялық элита билік жүйесіне қатысу барысында (оппозицияның парламентте өкілдері болуы мүмкін) үстем көзқарастармен келіспейтін көзқарастарды білдіреді. Бұл элита өкілдері самарқау оппозицияға жатқызылады;

  • контрэлита – билік жүйесіне енбей қалған, өмір сүріп тұрған саяси жүйесіне сынаушы элита. Бұл билікке ниеттес (лояльды) емес, бітімге келмейтін оппозиция.

ІІІ. Бұқараға өзінің ықпалы бойынша ажыратылатын топтар:

  • мұрагерлік элита – ықпал ету көзі еретінде «қандық» фактор алынады;

  • құндылық элита - өз ықпалын интеллектуалдық және моральдық беделге негіздейтін элита;

  • функциональдық элита – ықпал ету көзі ретінде басқару қызметіне қажетті кәсіби білімі, қабілеті алынады.

ІV. Жаңару, қайта жасақталу тәсіліне байланысты топтар:

  • Ашық элита. Элитаның бұл типі сайлау арқылы қалыптасады, барлық әлеуметтік топ өкілдеріне есік ашық. Элитаға кіру кәсібилігімен, танымалдығымен, саяси статусымен, экономикалық ықпалымен анықталады.

  • Жабық элита. Мұндай элита белгілі бір таптан, тектен шыққандармен, «өзі сияқтыларыдан» толықтырылады. Үміткерге қойылатын мінез-құлық ережелеріне бағыну болып табылады.

V. Түрлі тарихи кезеңдердегі қоғамдарға сәйкес элитаның мынандай түрлері белгілі:

  • патриархалды-рулық қоғамдағы элитаны аристократия деп атады;

  • құлиеленушілік қоғамда – монарх және оның маңайындағылар;

  • буржуазиялық қоғамда – меритократия және плутократия;

  • социалистік қоғамда – номенклатура.

Элита топтары арасындағы қатынастар да түрлі сипатта болады: қарам-қарсылықты, бәсекелес, әріптестік қатынастар.

2. Қазіргі заманғы элита теориялары: құндылықтық, демократиялық элитизм, элита плюрализмі, солшыл либералдық концепциялар және т.б.

Саяси элитаны қалыптастыру тәсілдері. Саясаттануда саяси элитаны іріктеу (рекруттау) деп адамдарды белсенді саяси өмірге бағыттап, таңдап алу процесін айтады. Әрбір елде, белгілі бір тарихи кезеңде элитаны қалыптастырудың өзіндік ерекшеліктері бар. Алайда, адамдардың басқарушы топтқа кіру процесінің жалпы заңдылықтары бар. Барлық елдер үшін элитаны іріктеудің бірыңғай, жалпы каналдары бар, бұл өздеріне кіру арқылы адамдарға билікке жетуге мүмкіндік беретін әлеуметтік институттар. Оларға мыналар жатады: саяси партиялар, бюрократтық аппарат, шіркеу және шіркеу маңындағы діни ұйымдар, кәсіподақтар, экономикалық инстиуттар, бизнес саласы, армия, білім жүйесі.

Элитаны іріктеудің негізгі бірыңғай, жалпыға тән сипаты бар. Элитаның әлеуметтілік өкілеттілігіне, кәсіби біліктілігіне, қызметінің нәтижелілігі мен сапасына оны іріктеп, таңдау жүйесінің ықпалы зор. Элитаны рекруттау жүйесі туралы демократиялық үрдістер туралы жалпы көзқаратсар Г.Моска еңбектерінде айтылған болатын. Қазіргі заманғы ғылым оларды антрепренерлік және гильдия жүйелері түрінде қарастырады. Элитаны толықтыру, таңдаудың дүниежүзілік тәжірибедегі бұл негізгі екі жүйесі таза күйінде сирек кездеседі. Антрепренерлік жүйе демократиялық мемлекеттерге, ал гильдия жүйесі – тоталитарлық, авторитарлық жүйелері бар елдерге тән, алайда оның элементтері Батыс елдерінде де кеңінен таралған, әсіресе кономика мен мемлекеттік-әкімшілік салада.

Бұл екі жүйенің өзіне тән ерекше белгілері бар. Гильдия жүйесіне мына белгілер тән болып келеді:

іріктеудің жабық түрі, жоғарғы қызметтерге үміткерлерді таңдау негізінен сол элитаның өз ішінен, төменгі топтарынан, жүргізіліп, ол билік сатысымен баяу көтеріліп отырады;

іріктеу процесінің жоғарғы дәрежеде институционалдануы, үміткерлерге көптеген формалды талаптар қойылады, мысалы партия мүшелілігі, жасы, білімі, басшылықтың мінездемесі, қызметтегі мерзімі т.б.;

селектораттың шектеулілігі және жабықтығы, яғни іріктеуді азғана, шектеулі адамдар тобының жүргізуі;

ашық бәсекенің болмауы;

элита толықтыру баяу жүреді және ол әрдайым жүргізілмейді;

Элитаны қалыптастырудың гильдия жүйесі дәстүрлі қоғамдарға (ежелгі Үндістандағы каста-элита, ортағасырлық Европадағы аристократия - элита) тән болды. ХХ ғасырда бүл жүйе тоталитарлық елдердегі (КСРО-дағы партия - элита) және авторитарлық елдердегі (Чили, Ирандағы корпорация - элита) саяси жүйелерде көрініс берді. Гильдия жүйесінің шектен шыққан тұрі – бұрынғы КСРО-дағы элитаны қалыптастырудың номенклатуралық әдісі болды.

Антрепренерлік жүйе көбінесе гильдия жүйесіне қарама-қарсы болып келеді. Оған мынандай белгілер тән:

  • ашықтығы, кез келген қоғамдық топ өкілдерінің үстем позицияға үміттенуіне мүмкіндік беріледі;

  • формалды талаптардың аз болуы;

  • селектораттың кеңдігі, таңдауға елдің бүкіл сайлаушыларының да қатыстырылуы мүмкін;

  • іріктеудегі жоғары бәсекелестік;

  • үміткердің байлығына, кәсбіне, біліміне, мамандығына, т.с.с. онша мән берілмейді. Ол ең алдымен өзінің тапқырлығын, жасампаздығын, белсенділігін көрсете білуі керек.

Бұл жүйе заман талабына сай, көрнекті адамдары бағалайды. Ол жас жетекшілерге жол ашады. Алайда бұл жүйенің кемшілігі саясатқа кәсібилігімен ерекшеленбейтін, принципсіз, авантюрист адамдардың келуі мүмкін.ондай адамдардың іс-әрекетін болжап, пішіп болмайды. Жалпы алғанда, тәжірибе көрсеткендей, элитаны іріктеудің антрепренерлік жүйесі қазіргі заман дамуына жақсы бейімделген болып шықты.

Гильдия жүйесінің де жағымды және жағымсыз жақтары бар. Жағымды жағы – саясаткердің болашақ іс-әрекетін алдын ала болжауға болады, соған орай шара қолдануға болады. Билеуші элитаның арасында дау-жанжалдың мүмкіндігін кемітеді. Сонымен бірге гильдия жүйесі бюрократиялануға, консерватизмге, селетораттың бассыздығына т.б. бейім, элитаның қоғамнан алшақтануына, ақырында оның қоғамды басқару қабілетін жоғалтуына әкеледі.

3. Саяси көшбасшылық ұғымы, оның теориялары, түрлері. Саяси элитаның негізгі функцияларының бірі өз қатарынан саяси көшбасшыларды ұсыну болып табылады. Көшбасшы немесе жетекші (лидер) сөзі ағылшын тілінен («leader») аударғанда «жетекші», «басқарушы», «алда жүретін» деген мағынаны білдіреді. Көшбасшылар саяси өмірде негізгі роль атқарып, қоғамдық процестерге нақты ықпал етеді. Жетекшілерге басшылар ретінде қоғам мойындаған, сондықтан саяси шешімдер қабылдау құқығына ие болған индивидтер жатады. Жетекші ролінде жеке тұлғалар ғана емес, сонымен бірге тұтас ұғымдар: партиялар (Кеңес Одағындағы КОКП), мемлекеттер (қазіргі дүниедегі АҚШ) болуы мүмкін.

Саяси жетекшілік, топ бастарлық (лидерлік) сияқты күрделі және маңызды әлеуметтік феноменді ғалымдар ерте заманнан-ақ білгілері келген. Антикалық тарихшылар Геродот, Плутарх және т.б. саяси жетекшілерге басты назар аударып, батырларға, монархтарға, қолбасшыларға тарихты жасаушылар ретінде қараған.

Саяси жетекшілікті зерттеуге Н.Макиавелли маңызды үлес қосты. Ол өзінің «Патша» деген еңбегінде саяси жетекші – бүкіл қоғамды біріктіретін, соның атынан әрекет жасайтын, қоғамдық тәртпі пен өз үстемдігін сақтау үшін кез келген құралды пайдаланатын патша деп көрсетеді. Макиавелли жетекшіліктің нәтижелілігі теориясының негізін салушы болып табылады. Бұл теорияның мәні мынандай төрт ережеден тұрады:

  1. жетекшінің билігі оның жақтаушыларының қолдауына сүйенеді;

  2. бағынушылар өз басшылығынан нені күтеді және басшы олардан нені күтетін түсіну тиіс;

  3. жетекшінің қандай жағдай болмасын аман қаларлық қайрат-жігер, қабілеті болуы тиіс;

  4. билеуші өз жақтарына даналық пен әділеттіліктің үлгісі болуы тиіс.

Тарихты көрнекті жеке тұлғалардың шығармашылығының нәтижесі деп қарастыратын саяси жетекшіліктің волюнтаристік теориясының өкілдері – Томас Карлейль және Ральф Уолдо Эмерсон болды. Карлейль тұрғындардың негізгі бұқарасыжетекшінің бағыттаушы ықпалы болмаса, дұрыс өмір сүре алмайды деп санады.

Өзінен кейінгі саяси ой мен тәжірибенің дамуына ықпал еткен саяси жетекшілік концепциясын Фридрих Ницше жасады. Ол жоғарғы биологиялық тип – жетекші – адам, шектен тыс жоғары адамды қалыптастырудың қажеттігін негіздеуге тырысты.

Жеткшіліктің қазіргі заманғы концепцияларына тікелей ықпал еткен әлеуметтену теориясының негізін салушы Габриель Тард. Ол әлеуметтік өмірдің негізгі заңы ізбасарлардың жетекшіге ұқсауға ұмтылуы деп дәлеледеуге тырысты.

Жетекшілерді тарихтың локомотиві (қозғаушы күші) деп қарастыратын көпғасырлық дәстүрмен марксизмнің принципті қайшылығы бар. Марксизм саяси жетекшілер белсенділігі мүмкіндіктерін тарихи қажеттілікпен және таптық мүдделермен шектейді. Мұнда саяси жетекші таптың еркін барынша дәйекті, саналы, епті білдіруші деп қарастырылады, яғни таптқа қатынасы тұрғысынан жетекші көмекші, қызметтік роль атқарады.

Жетекшілердің тарихи ролін жоққа шығару кейбір марксистік емес зерттеушілерге де тән. Олардың айтуынша (мысалы Б.Мацлихтің), «жетекшінің ешқандай маңызы жоқ». Бұқара және орта жалпы алғанда жетекшілердің мінез-құлқын айқындайды, олардың құндылықтары мен мақсаттарына ықпал етеді, алға қойған мақсаттарына жету құралдарын анықтайды, олардың қызметтерін конституция, партия, және т.б. институтционалдық механизмдер арқылы бақылайды.

Өзін-өзі тексеру сұрақтары:

  1. Элита дегеніміз не?

  2. Басқарушы элита қандай элементтерден тұрады?

  3. В.Парето, Г.Моска, Р.Михельстің элита теорияларына салыстырмалы сипаттама беріңіз.

  4. Қазіргі заманғы қоғам элитасыз өмір сүре ала ма?

  5. Элита қоғамда қандай қызметтер атқарады?

  6. Саяси элита деген не және ол не үшін керек?

  7. Саяси элитаны іріктеудің қандай жүйелерін білесіз? Олардың жағымды және жағымсыз жақтары қандай?

  8. Кеңес қоғамындағы номенклатура саяси элитаны іріктеудің қандай жүйесіне жатады?

  9. Саяси көшбасшылық (жетекшілік) деген не және ол қандай қызметтер атқарады?

  10. Саяси жетекшінің шығу себептерін түсіндіретін қандай теорияларды білесіз?

  11. Саяси жетекшіліктің қандай типтерін білесіз?

  12. Өзіңізге белгілі авторитарлық, демократиялық, араласпаушылық стильдері тән саяси жетекшілерді атаңыз.

Ұсынылатын әдебиеттер: негізгі-9 (117-128б.), 24 (39-48б.); қосымша-1 (55-65б.)

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]