
- •Пәнінің оқу-әдістемелік кешені
- •Пәннің оқу-әдістемелік кешенінің құрылымы (поәк)
- •Пәннің типтік оқу бағдарламасы саясаттану
- •2. Пәнді оқыту бағдарламасы – силлабус
- •Силлабус
- •Оқытушы туралы мәліметтер:
- •Пән туралы мәліметтер:
- •6. Студенттің білімін бағалау туралы ақпарат.
- •7.Курстың саясаты және процедурасы.
- •8. Пән бойынша оқу-әдістемелік материалдар
- •8.1 Курстың тақырыптық жоспары.
- •9. Жұмыстық оқу жоспарында бұл пәннен курстық жұмыс қарастырылмаған.
- •10. Сөж, соөж тапсырмалары және оларды орындау графигі
- •11. Аралық және қорытынды бақылау тапсырмалары.
- •12. Әдебиеттер тізімі.
- •3. Дәрістік кешен Дәріс 1. Кіріспе. Саясаттану – ғылым.
- •Дәріс 2. Саяси ғылымдардың негізгі кезеңдері мен қалыптасуы.
- •Дәріс 3. Саясат қоғамдық өмір жүйесінде. Салыстырмалы саясаттану.
- •Дәріс 4. Билік саяси феномен ретінде.
- •Дәріс 5. Әлеуметтік-этникалық қауымдастықтар және ұлт саясаты.
- •Дәріс 6. Қоғамның саяси жүйесі.
- •Дәріс 7. Мемлекет және азаматтық қоғам.
- •Дәріс 8. Саяси партиялар мен қоғамдық қозғалыстар.
- •Дәріс 9. Қоғамды демократияландыру және саяси жаңару.
- •Дәріс 10. Саяси сана және саяси мәдениет.
- •Дәріс 11. Саяси элита және саяси көшбасшылық.
- •Дәріс 12. Саяси технологиялар.
- •Дәріс 13. Дүниежүзілік саясат және халықаралық қатынастар.
- •Дәріс 14. Саяси болжамдау.
- •Дәріс 15. Егемен Қазақстанның саяси мәселелері.
- •4. Пәнді меңгеруге арналған әдістемелік нұсқаулар.
- •5. Типтік есептеулер, есептеу-графикалық, зертханалық жұмыстарды, курстық жобаларды (жұмыстарды) орындау бойынша әдістемелік ұсыныстар мен нұсқаулар.
- •Соөж тапсырмаларын меңгеруге арналған оқу-әдістемелік материалдар
- •Соөж 2. Қазақстан саяси ойларының тарихы.
- •Реферат
- •«Саясаттану» пәнінен тест сұрақтары
- •Тест тапсырмалары
- •10. Арнайы аудиториялардың, кабинеттер мен зертханалардың тізімі.
Дәріс 5. Әлеуметтік-этникалық қауымдастықтар және ұлт саясаты.
Дәріс мақсаты: саясаттың субъектісі және объектісі ұғымдарына анықтама бере отырып, әлеуметтік-этникалық бірлестіктерді саясаттың субъектісі мен объектісі ретінде анықтау.
Басты ұғымдар: ұлттық қоғамдастық, этнос, тайпа, ұлт, халық, ұлттық қатынастар, конфессия.
Этнос және ұлт. «Ұлт» категориясын түсіндірудің тәсілдері.
Ұлт мәселесі және оның құрылымы.
Ұлттық-мемлекеттік құрылыс формалары: унитарлық, федерация, конфедерация.
Этносаралық келісімге жетудің Қазақстандық үлгісі.
Қазақстан көпконфессиялы қоғам ретінде.
1.Этнос және ұлт. «Ұлт» категориясын түсіндірудің тәсілдері. Мемлекеттік билікті қалыптастыру мен бөлу процестеріне күрделілік, өзіне тән ерекшелік беретін саясаттың ерекше субъектісі ұлт болып табылады. Ұлттық қауымдастықтар қоғамның маңызды бөлігі болып табылады. Оларға ұлттар, ұлыстар, халықтар, тайпалар, ұлттық азшылықтар жатқызылады.
Қазігі таңда түрлі ғалымдардың санауы бойынша, әлемде үш мыңға жуық халық (этнос) – ұлт бар, этникалық (этноұлттық және этнолингвистикалық) топтар саны он мыңға жетеді, ал мемлекеттер саны екі жүзге жуық. Ұлттық (этноұлттық) қатынастар, яғни ұлт деп аталатын қауымдастықтағы адамдар арасындағы қатынастар немесе басқа да этноұлттық қатынастар мемлекеттен бөлек өмір сүрмейді. Ұлттық немесе этноұлттық қатынастар мемлекет арқылы көрініп, бірыңғай саяси тұтастықты құрады. Халықаралық аренада ұлттар арасындағы қатынастар ең алдымен мемлекеттер арасындағы қатынастар ретінде көрініп, сондықтан саяси сипатта болады.
Тарихи жағынан алғанда «ұлт» («нация») термині (латынның «nascor» – туылу деген сөзінен) алғаш рет Ежелгі Римде азғантай халықтарды белгілеу үшін пайдаланылған. Сонымен бірге грек тілінен алынған шығу тегі жағынан қандас-туыс, сыртқы белгілері, тілі мен аумағы бір адамдардың қауымдастығы болып табылатын тайпаны анықтаған «этнос» («ethnos»-тайпа, халық) термині де қолданылған.
Қазіргі заманғы ғылыми мектептердің кейбір еңбектерінде, тіпті халықаралық құжаттарда «ұлт» және «этнос» ұғымдары синоним ретінде қолданылады.
Әлеуметтік-саяси ойларда ұлтты түсіндірудің түрлі теориялық түсіндірмелерінің болуына қарамастан, қазіргі кезеңде оны түсіндірудің екі басты теориялық түсіндірмесі, бағыты (подход) бар, олар – конструктивистік (мемлекеттік (саяси)-құқықтық) және примордиалистік (этно-лингвистикалық).
Бірінші бағытты (мемлекеттік-құқықтық бағыт) жақтаушылар ұлтты белгілі бір субъектінің мақсатқа бағытталған түсініліп-сезінілген қызметінің нәтижесі деп қарастырады. Бұл бағыттың көрнекті өкілінің бірі Э.Гелнер ұлтты құрушы субъект ретінде мемлекет (мемлекеттік элита) көрінеді деп есептейді. Бұл жерде биологиялық немесе басқада анықтауларға қарағанда ұлттың қалыптасуына мемлекет үлкен ықпал етеді.
Мемлекеттік-құқықтық бағыт, ұлттың құрылуының француздық (батыстық) деп аталған үлгісі бойынша, ұлт деп отандас, елдес адамдар жиынтығы түсініледі, яғни ұлт – бір елдің азаматтарының қауымдастығы. Халықаралық аренада мемлекеттер (көп ұлтты болса да) өз ұлттық мүддесі, ұлттық шекаралары, ұлттық жалауы т.б. ұлттық сипаттамалары бар «ұлттық» мемлекеттер ретінде көрінеді. Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшелері болып ұлттық мемлекеттер түрінде көрінетін саяси ұлттар болып табылады.
Ұлттың қалыптасуы идеясы мен тәжірибесінің келесі (немістік үлгі) примордиалистік түсіндірмесі (этно-лингвистикалық немесе әлеуметтік-мәдени бағыт) ұлтты адамдарды ортақ мәдениет негізінде біріккен органикалық қауымдастық ретінде мойындаудан бастау алады. Бұл түсінікте және ұлтты құруда адамдардың шығу тегінің ортақтығына, қандас-туыстыққа, діни ынтымақтастыққа баса назар аударылатын этногенетикалық факторлар, ең алдымен, тіл, әдет-ғұрыптар мен дәстүрлер ерекше маңыз алады. Бұл бағыт бойынша ұлт белгілі бір мүдделері бар адамдардың объективті түрде қалыптасқан қауымдастығы және оның өмір сүруі белгілі бір субъектінің саналы әрекетіне тәуелді емес. Бұл тұрғыдан алғандағы ұлттың түсіндірмесін ХІХ ғасырдың соңындағы белгілі неміс ғалымы О.Бауэрдің көзқарасы бойынша, ұлт, бұл – «аумағының, шығу тегінің, тілінің, әдет-ғұрыптарының, қайғысының (переживаниесінің), тарихи өткенінің, заңдарының, дінінің ортақтығына» негізделген топ. Бұл көзқарас ұлтты рухани мәдениеті (тілі, діні, дәстүрлері, әдет-ғұрыптары), тарихи дамуы, мінез-құлқының, тұрмысының ортақ болуына байланысты біріккен адамдар қауымдастығы ретінде қарауға мүмкіндік береді. Мұндай жағдайда мәдени ұлт немесе этноұлт туралы айтады.
Тарихи жағынан алғанда ұлттық қауымдастықтың алғашқы формасы – тайпа. Тайпа – қандас-туыстас қауымдастық. Ұлыстар, ұлттар, халықтар – бұлар аумақтық, әлеуметтік-мәдени қауымдастықтар, бұларда адамдар арасындағы табиғи, биологиялық тәуелділік, рулық байланыстар, шығу тегінің ұқсастығы екінші орында тұрады. Халықтар мен ұлттар ұғымдары қазіргі кезеңде бірдей ұғым ретінде жиі қолданылады. Оларды айырғанда халықтар деп көбіне иемденуші және натуралды шаруашылыққа байланысты айтылады, ал ұлттар деп техникалық жағынан дамыған өркениет кезіндегі, оған белсене араласқан қауымдастықты айтады. Ұлт – саяси, мемлекет болып ұйымдасқан халық, оның мәні осында. Демек, мемлекеттендірілген этнос ұлт болып табылады. Ұлт – этностың жоғарғы типі.
Сонымен, кең тараған түсінік бойынша, ұлт дегеніміз – тұрақты экономикалық біртұтас өмір, тілі, мәдениеті мен дәстүр ерекшеліктері, жеке және топтық сана, дербес сана-сезім арқасында өзін басқалардан ажыратып, белгілі бір ұлттық қауымдастыққа санайтын белгілі бір мемлекеттің азаматтары немесе тарихи қалыптасқан адамдар қауымдастығы.
2. Ұлт мәселесі және оны шешудің принциптері. Билікке ерекше талаптарын қою үшін қолданылатын ұлт идеясы жүйелі түрдегі ерекше саяси акцияларды туғызады, бұл ұлтшылдық болып табылады. Ұлтшылдық – бұл белгілі бір доктрина негізінде ұлттық қауымдастықтың мемлекетпен қатынасындағы оның (ұлттың) мүдделерінің (ең аз дегенде өзінің еркін, дербес дамуын, өзін-өзі нығайтуын, бекітуін қамтамасыз ету) көрінуі және қорғалуын көздеген саяси қозғалыс.
Қазіргі заманғы мемлекеттердің 90 %-ы көпұлтты, сондықтан да өзінің мәні мен саяси маңыздылығы бойынша ұлттық қозғалыстар адамдардың демократияға, азаматтық қоғам құруға деген ұмтылыстарымен бірдей деуге болады. Ұлттық қозғалыс бір мәнді емес және ол қарама-қайшылықты саяси құбылыс болып табылады.
Ұлттық қозғалыстың мақсатының сипатына ұлттық өзін-өзі билеу принципі ықпал етеді. Халықтар мен ұлттардың өзін-өзі билеу құқығы туралы мәселе халықаралық құқықтың негізгі принциптерінің бірі болып табылады. Өзін-өзі анықтау, билеу құқығы деп барлық халықтардың ерікті түрде өз саяси статусын қабылдап, экономикалық, ұлттық және мәдени еркін дамуға құқығын айтады. Өзін-өзі билеу құқығы ұлттық егеменділіктің заңдық көрінісі болып табылады, яғни өз мәселелерін шешуде ұлттар мен халықтардың жоғарылылығы, басқа халықтармен қарым-қатынастарда тәуелсізділігі.
Ол БҰҰ-ның жарғысында және басқа да халықаралық-құқықтық құжаттарда бекітілген. Оларда егеменді және тәуелсіз мемлекетті құру, тәуелсіз мемлекетке еркін түрде қосылу немесе онымен бірігу немесе басқа да бір саяси статусты орнату бұл халықтың өзін-өзі билеу құқығын жүзеге асыруының формалары болып табылады делінген. Сонымен бірге көп ұлтты мемлекеттің шеңберінде халыққа кең ұлттық-мемлекеттік немесе мәдени автономия беру оның өзін-өзі билеу құқығының тағы бір формасы болып табылады. Бұл форма тәуелсіз мемлекет болып бөліну, оны құруды көздейтін радикалды формаға қарағанда қазіргі кезеңде өзін-өзі билеудің тиімді түрі болып отыр.
Халықтардың өзін-өзі билеу құқығының радикалды формасына қарсы маңызды аргумент, бұл халықаралық құқықтың тағы бір негізгі принципі – мемлекеттің аумақтық тұтастығы, оның шекараларының мызғымастығы принципі болып табылады. Ол да БҰҰ-ның жарғысында және басқа да бірқатар жалпы мойындалған халықаралық-құқықтық құжаттарда бекітілген. Ең алдымен 1975 жылғы Европадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі Мәжілістің Қорытынды актісін атаймыз. Ол бойынша қатысушы-мемлекеттер бір-бірінің «аумақтық тұтастығын құрметтеуге» міндеттеме алды.
ХХ ғасырдың аяғындағы нақты оқиғалар көрсеткендей, халықтардың ұлттық өзін-өзі билеуінің барлық формаларының ішінде тәуелсіз мемлекет құру формасы ең танылмал болып отыр. ХХ ғасырдың 90-жылдары КСРО, Югославия, қосұлтты мемлекет Чехословакия ыдырады. Орасан зор бірынғы кеңестік кеңістікте екі принцип – халықтардың өзін-өзі билеу құқығы мен мемлекеттің аумақтық тұтастығы принциптерінің негізінде қайшылықтар туып, қарулы жанжалға дейін ұласты. Мысалы, Грузия – Абхазия, Әзірбайжан мен Арменияның арасындағы таулы Карабах үшін, Молдова мен Днестр маңы Молдава Республикасы, Ресей мен Шешенстан арасындағы қақтығыстар.
Мемлекеттің барлық белгісі бар, яғни билік және басқару аппараты, қарулы күштері, соты т.б құрылымдары бар мемлектті құру - өте күрделі және жауапты іс. Кіші халықтарда толық қанды дербес мемлекеттің өмір сүруін қамтамасыз ету үшін экономикалық, саяси, мәдени мүмкіндіктері жетпейді. Мұндай «ойыншық» мемлекеттің өмір сүруіне кіші халықтардың азғантай элитарлық тобы мүдделі болуы мүмкін. Сондықтан соңғы кездері халықаралық саяси және ғылыми орталарда халықтардың өзін-өзі анықтау құқығы міндетті түрде олардың жеке мемлекеттер құруға құқығын білдірмейді деген көзқарастар кеңінен таралуда.
Соңғы кездегі пікірлер бойынша халықтардың жеке мемлекетке бөлінуіне мына жағдайларда құқығы бар деп есептеледі:
Қамқорлыққа, бақылауға алынған тәуелді аумақтар халықтарының құқығы бар. Тәуелді аумақтарды басқаруға жауапты мемлекеттерге бұл аумақтар халықтарының өзін-өзі анықтауын қамтамасыз ету міндеті жүктеледі. Алайда тәуелді мемлекеттер аумақтары өзін-өзі анықтау барысында егеменді мемлекет құру формасын ғана емес, сонымен бірге саяси ұйымдасудың басқа әдістерін таңдауы мүмкін.
Мемлекет болып бөлектенуге егеменді мемлекеттерде өмір сүретін және сол мемлекеттер үкіметтері тарапынан саналы түрде дискриминацияға (құқықтарынан айыру) ұшыраған халықтардың құқықтары бар.
Қалған жағдайларда өзін-өзі билеу, анықтау құқығы егеменді мемлекеттердің аумақтық тұтастығы принципінен үстем болмауы тиіс.
Ұлттық қатынастар – ұлттық-этностық даму субъектілері – ұлттар, ұлыстар, ұлттық топтар, ұлттық азшылықтар және олардың мемлекеттік құрылымдары арасындағы, сонымен бірге түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы қатынастар және ұлттық қауымдастықтардың өзара іс-әрекеттері. Ұлттық қатынастардағы басты мәселе – бұл тең құқықтылық немесе бағыну мәселесі; бұл экономикалық және ұлттық даму деңгейінің теңсіздігі туралы мәселе; бұл ұлттық негізде ұлттар арасындағы туатын дүрдараздықтар, зорлық-зомбылықтар, өшпенділік пен күдіктенулер туралы мәселе. Екінші жағынан, бұл – көп ұлтты қоғамдағы билік жүйесі мен ұлттар арасындағы қатынас мәселесі ұлттық мәселенің бейбіт қатар өмір сүруге, тату көршілікке, теңдікке, егемендікке, демократизмге негізделген ұлттың алға даму мәселесі.
Тарихи тәжірибе көрсеткендей, ұлттар арасындағы қатынастар шиеліністі және трагедиялық кезеңдерді бастан кешірді. Батыс саясаттануындағы этникалық саясат деген жаңа бағыт – дүние жүзіндегі болып жатқан этникалық дау-жанжалдарды, ұлттық шиеліністерді түсіндіруге, оларды шешу жолдарын анықтап, сондай-ақ белгілі бір аймақтарда мұндай дау-дамайлардың болуын алдын ала болжай білуге арналған жалпы теория. Бүгінгі күні ұлттық сана-сезім мен ұлтшылдық тез өсуде. Жалпы алғанда ұлттың этникалық өркендеуі этникалық жанжал болып табылмайды, алайда этножанжалға әкелуі мүмкін потенциал болып табылады.
Этносаяси жанжал деп белгілі бір дәрежедегі ұйымдасқан саяси іс-әрекетті, айтады, ол қоғамдық қозғалыстардың қатысуымен, жаппай тәртіпсіздіктердің, сепаратистік бас көтерулердің, тіпті азамат соғысының болуымен сипатталатын этникалық қауымдастықтар мәселелеріне байланысты болатын қарсы тұру болып табылады.
Этносаяси жанжалдар көп ұлтты мемлекетте әр түрлі тілде сөйлейтіндердің (Бельгия, Швейцарияда), әр түрлі дінге сенетіндердің (Үндістандағы сикхтар, мұсылмандар, индустар; Ливандағы христиандар мен мұсылмандар), әр түрлі ұлттар (бұрынғы КСРО-да), әр түрлі нәсілдер (Оңтүстік Африка елдерінде) арасында болуы мүмкін.
Этносаяси жанжал тудыратын мәселенің бірі – этникалық ұлтшылдық. Мұнда біраз ұлттың өкілдері өз алдына автономия алу, тұтастығы және ұлттық өзгешелігін сақтау мақсатын қояды. Ол идеология немесе қозғалыс ретінде көрініс беруі мүмкін.
Этникалық ұлтшылдықтың басты саяси мүддесі – түптеп келгенде өзінің мемлекеттілігін орнату. Мұндай ұлтаралық қақтығыстар қазіргі таңда жеткілікті. Мысалы, Солтүстік Ирландия мен Англия, грузиндер мен абхаздықтар, осетиндер мен ингуштар арасындағы, Таулы Қарабахтағы, Молдовадағы және т.с.с. жанжалдар. Олардың негізінде жергілікті халықтан басқа ұлт өкілдерінің саяси және азаматтық құқықтарының қысымшылық көруі, ұлттық егеменділік, ұлттық-мемлекеттік құрылым мәселелері және т.б. жатыр.
Бүгінгі таңда ұлттар арасындағы қақтығысқа әкеп соқтыратын ұлттық шиеліністі ұшықтырушы, кез келген әдіспен, күш қолдану жолымен де, өздерінің мақсаттарына жетуді көздейтін ұлтшылдық, сепаратизм, неофашизм сияқты теориялар мейлінше қауіпті.
Қалай болғанда да ұлтаралық жанжалды өрістетпей, мәселені дер кезінде шешу қажет. Өйткені мұндай шиеліністер ұлғайып кетуге бейім келеді және ұзақ сипат алған дау-жанжалды тоқтату оңайға түспейді. Ол үшін мемлекет ұлтаралық саясатты ешқашан назардан тыс қалдырмауы тиіс. Ұлттық саясат – бұл ұлттық мүдделерді жүзеге асыруға, ұлттық қатынастар саласындағы қайшылықтарды шешуге бағытталған ғылыми
3. Ұлттық-мемлекеттік құрылыс формалары: унитарлық, федерация, конфедерация. Көп жағдайда ұлттық қауымдастықтар мемлекеттің құрылысының формасына әсер етеді. Тарихта мемлекеттің өмір сүруі ұлттар мен ұлттық-этникалық топтардың дамуының үш негізгі формасы белгілі. Оларға унитарлық мемлекет (унитаризм), федерация және конфедерация жатады.
Унитарлық. Егер елде бір ұлт үстем болса, онда мемлекеттің құрылысы унитарлық (француздың «unitarism», латынның «unitas» - бірлік деген сөзінен) ұлттық мемлекет түрінде болады. Ұлттық унитарлық мемлекеттерге Италия, Испания, Грузия, Өзбекстанды жатқызуға болады.
Унитаризм – біртұтас, біріккен мемлекет, оның барлық бөліктерінің немесе көпшілігінің мемлекеттік құрылым статусы жоқ. Унитарлық мемлекетте бір конституция, бір азаматтық, мемлекеттік биліктің жоғарғы органдарының бір жүйесі болады; егемендіктің қандай да болсын белгілері болмайтын әкімшілік-аумақтық бірліктерге ғана бөлінеді. Унитарлық мемлекеттің құрамдас бөліктері (облыстар, аудандар және т.б.) орталық органдар қабылдаған заңдар негізінде басқарылады, олардың аумақтары жалпымемлекеттік заңдар бойынша жергілікті органдар мен жергілікті тұрғындардың келісімінсіз-ақ өзгертіледі.
Унитарлық мемлекеттің орталықтандырылған және орталықсыздандырылған деген екі түрін айырады. Орталықтандырылған унитаризмде аймақтық органдардың орталыққа бағынуы орталықтың қызметтік тұлғаларының арқасында жүзеге асырылады (Нидерланды, Өзбекстан, Қазақстан). Орталықсыздандырылған унитаризмде аймақтық органдар орталыққа, орталық органдарға тәуелсіз түрде қалыптасады, алайда олар жалпымемлекеттік заңдарға сай қызмет етеді (Франция, Испания, Италия, Жапония, Жаңа Зеландия). Унитаризм – қазіргі замандағы мемлекеттік құрылыстың кең таралған түрі.
Федерация (француздың «federation», кейінгі латынның «foederatio» - бірлестік, одақ деген сөздерінен) – мемлекеттік құрылыстың күрделі формасы, ол заңды түрде белгілі бір саяси дербестігі бар мемлекеттік құрылымдардан, аумақтардан (субъектілерден) тұрады. Федерацияның құрылуының 5 принципі: 1) федералдық заңнаманың жоғарылығы; 2) мемлекеттік құрылыстың бірдейлігі; 3) федерацияның бүкіл аумағында адамдардың, товарлардың және т.б.еркін қозғалуы; 4) федерация субъектісінің статусын бір жақты өзгертуге тыйым салынады; 5) субъектінің федерациядан бөлінуіне (сецессияға) тыйым салынады. Федерацияның түрлері: аумақтық негізде құрылған (АҚШ, Австралия, Австрия, ГФР, Аргентина, Венесуэла, Бразилия, Мексика); ұлттық негізде құрылған (Үндістан, Бельгия, Нигерия, Пәкістан); аралас ұлттық-аумақтық негізде құрылған (Ресей, Канада, Швейцария) мемлекеттер.
Конфедерация (латынның «confoederatio» - одақ, бірлестік) – мемлекеттер одағының формасы, онда мүше-мемлекеттер өз егемендігін толық сақтайды. Ол негізінен одақтың әрбір мүшесінің саяси өмір сүруі мен аумақтық тұтастығын қолдаумен байланысты сыртқы саяси және әскери-қорғаныстық мақсаттарға жетуді көздейді. Ішкі мәселелерге келгенде, конфедерация кедендік тарифтерді енгізумен, бірыңғай почталық байланыспен және т.б. екінші дәрежелі құрылымдармен ғана шектеледі. Тарихи кезеңдерде конфедерациялық құрылымды басынан кешірген мемлекеттер: АҚШ (1781-1789), Швейцария (1815-1848), Швеция мен Норвегияның (1905 жылға дейін), Австро-Венгрия (1918 жылға дейін), Египет пен Сирияның – Біріккен Араб Республикасын құруы (1958-1961), Гамбия мен Сенегалдың (1982-1989) бірігуі. Конфедерациялар мынадай себептерге байланысты өз өмір сүрулерін тоқтатты: - олардың қатысушылары арасындағы қайшылықтарға байланысты; - құрылу кезінде көзделген міндеттердің орындалуы, шешілуі нәтижесінде; - конфедеративті одақтың федеративті одаққа ұласуы нәтижесінде (АҚШ пен Швейцария).
4. Этносаралық келісімге жетудің Қазақстандық үлгісі. Қазақ елінің тәуелсіздігі – қазақ халқының тарихи атамекенінде өзінің мемлекеттілігін құруға деген заңды құқығы. Қазақ халқы ұлттық мәдениеті мен тарихын, ұлттық қадір-қасиетін жаңғыртуға деген табиғи ұмтылысы мемлекеттік тәуелсіздіктің орнығуы мен дамуына негіз болуы тиіс.
Қазақ елі өзінің тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында қарқынды дамып келе жатқан әлемдегі демократиялық елдердің біріне айналды. Бұл жетістіктерге еліміз қоғамдағы азаматтық келісім мен саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған, сонымен бірге, этносаралық және дінаралық қатынастарды реттеудің тиімді тетіктерін қалыптастыру саясатының нәтижесінде жетті.
Ұлтаралық келісім моделі этностардың дамуы мен өзара қарым-қатынасына жүйелі әрі мақсатты түрде әсер етіп, одан белгілі бір нәтижелер алу үшін құрылады. Мұндай моделді құру өте күрделі әрі жауапты саяси іс. Өйткені, ұлтаралық қатынастар табиғаты өзінің құрылымы жағынан өте нәзік, сан қырлы. Ұлтаралық қатынастар саяси, идеологиялық, мәдени, экономикалық, әлеуметтік, тілдік және психологиялық процестерге тығыз байланысты.
Модель ұғымы белгілі бір құбылыстың немесе процестің үлгісі, схемасы дегенді білдіреді. Соған сәйкес ұлтаралық қатынастар моделі полиэтникалық қоғамдағы этносаралық келісімге келу мен оны дамытудың үлгісі болып табылады.
Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында Президент Н. Назарбаев ұстанған ұлттық саясат мүмкін болар қателіктердің алдын алуға негіз болды. Сонымен бірге, ішкі және сыртқы саясаттың басты бағыттарын нақты айқындауға мүмкіндік берді. Оның ішінде, әсіресе қоғамдағы тұрақтылық, азаматтық келісім мен этносаралық татулық мәселелері ерекше назарға алынды.
Ұлтаралық қатынастар моделі ең алдымен елдегі ұлттық саясат арқылы айқындалады. Жалпы алғанда ол мемлекеттің саяси бағытына сәйкес келеді. Кез келген полиэтникалық мемлекет өзінің ұлтаралық қатынастар моделін теориялық тұрғыда негіздеп, оны іс жүзіне асырады, қоғам өміріне енгізеді. Бұл модель сол елдің тарихы, дәстүрі, менталитеті негізінде, ал ең алдымен елдің дамуының басты мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес келеді. Бұл өмірдің талабы мен объективті қажеттіліктен туындайды. Өйткені, бұл қоғамда өмір сүріп отырған адамдар үшін осы қоғамдағы өзінің жағдайы мен болашағын, этносаралық қатынастар сипатын терең түсінуі өте маңызды.
Қазақстандық ұлтаралық қатынастар моделі қоғамдағы мынандай ерекшеліктерді назарға алуы қажет еді:
– Қазақстан халқы байырғы қазақ жерінде өмір сүріп, дамып келеді;
– мемлекетқұрушы және мемлекет атауына ие ұлт - қазақтар;
– мемлекет унитарлы, қоғамды топтастыратын ұлт – қазақтар;
– мемлекет полиэтникалық сипатымен ерекшеленеді;
– Қазақ жеріне көптеген этностар саяси қысым арқылы мәжбүрлеу, депортациялау саясатының нәтижесінде қоныстанған;
– мемлекеттік тіл – қазақ тілі;
– қоғамның басым бөлігі орыс тілінде сөйледі. Іс жүзінде орыс тілі ұлтаралық қатынас тілі қызметін атқарады;
– Қазақстандағы барлық этностардың өзінің ұлттық тілін дамытуға деген ұмтылысына шек қойылмайды;
– халық көп конфессиялы қоғамда өмір сүреді (40-тан астам конфессия бар);
– қоғамда ұлтаралық және конфессияаралық толеранттылықтың дәстүрі қалыптасқан, оның тамыры терең. Мұндай қасиет ең алдымен, қазақ халқының менталитетіне тән және толеранттылық дәстүрді Қазақстанның барлық этностары ортақ құндылық ретінде қабылдайды;
– қоғам дамуының басты құндылықтары: азаматтық қоғам, демократия, нарықтық қатынастар, идеологиялық плюрализм;
– Қазақстан – бейбітсүйгіш ел. Ол ядролық қарудан ерікті түрде бас тартып, әлемдік қауымдастыққа Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесін, ЕурАзЭҚ - евразиялық интеграция идеясын ұсынды. Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымын (ҰҚШҰ), Шанхай ынтымақтастық ұйымын (ШЫҰ) ұйымдастырып, қалыптастыруда белсенді рөл атқарды, ЕҚЫҰ төрағалық етті.
Қазақстандық ұлтаралық қатынас моделінің күрделілігі мен өзіндік қолтаңбасы жоғарыда аталған ерекшеліктерді үйлесімді жағдайға келтіруінде-тін.
Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан бастап Елбасы ұлттық саясаттың концептуалдық, идеологиялық мызғымас негізін қалады. Оның төмендегідей басты бағыттары жүзеге асырылып келеді.
Бірінші – қазақ халқының ұлт ретінде қайта өрлеуі және ұлттық тәуелсіздігі мен мемлекеттілігінің, тарихы мен тілінің, мәдениеті мен салт-дәстүрінің дамуы. Бұл Қазақстан қоғамы мен оны ұйыстырудың берік негізі.
Екінші – «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңда атап көрсетілгендей, қазақ халқымен тарихи тағдыры біріктірген Республиканың барлық азаматтары біртұтас Қазақстан халқын құрайды және ұлтына қарамай барлығы тең құқықтарға ие болады.
Бұл Қазақстан Республикасының ұлттық саясатының ең басты қағидасы ретінде негізделген.
Сонымен, республиканың тұрақты дамуы мен басталған реформалардың дұрыс жүзеге асырылуын қамтамасыз ету үшін этносаралық келісім саясаты басым бағыт болып саналады. Кеңестік дәуірден кейін Қазақстанда мемлекеттіліктің қалыптасуының ерекше сипаты этносаралық келісім мен тұрақтылықты сақтау болды. Полиэтникалық қоғам жағдайында этносаралық келісім мен толеранттылық мәдениетке тәрбиелеу мемлекеттік саясат деңгейіне көтерілді.
Қазақстандық ұлтаралық келісім моделінің қалыптасуы мен дамуында Қазақстан Республикасының Конституциясы айқындаушы рөл атқарды. Оған 1991 жылғы 16 желтоқсандағы “Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы” Конституциялық Заңы, 1993 жылғы Қазақстанның тұңғыш Конституциясы, қазір қолданылып отырған 1995 жылғы Конституция және 1998 жылы 7 қазанда және 2007 жылы 21 мамырда өзгерістер мен қосымшалардың енгізілуі кіреді.
Қазіргі жағдайда ұлтаралық келісім моделінің формуласы Қазақстан Республикасының Конституциясындағы: «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып…» деп басталатын жолдардан айқын көрініс тапқан.
Осылайша еліміздің Негізгі Заңы бойынша Республика азаматтарының бірлігінің мызғымас ұстанымы қаланды.
Қазақстан Республикасының Конституциясында полиэтникалық қоғамдағы азаматтық бірліктің оңтайлы ұстанымы айқындалған. Онда азаматтық және этникалық ұстанымдар бір біріне қайшы келмейді, керісінше өзара байланыста болып, бірін бірі толықтырып тұрады.
Азаматтық бірлік этникалық құндылықтарға сүйенеді әрі оны дамытады. Этносаралық және конфессияаралық келісім толеранттылық құндылықтарына тікелей байланысты. “Толеранттылық” ұғымы өзара құрмет, келісім, татулық сияқты құндылықтардың жиынтығы болып табылады.
Қазақстанның баға жетпес жетістігі мен құндылығы ретінде тек этносаралық келісімді ғана емес, сонымен бірге конфессияаралық татулықты айтуға болады. Өйткені, көпұлтты Қазақстанда ұлттық бірлікке қол жеткізу дінаралық келісімсіз мүмкін емес еді. Адамзат тарихының адамдар арасындағы қарым-қатынастардағы мейлінше күрделі болып табылатын саласы – дінаралық қатынастар. Сондай-ақ, дінаралық қатынастарды реттеп отыру да өте қиын болатыны тарихтан аян. Ал дінаралық қақтығыстар қатыгездігімен, бітіспес өштесу және фанатизмге бой алдырушылықпен ерекшеленетіні де белгілі. Сол себепті де дінаралық келісімнің маңыздылығы салмақты.
Қазір Қазақстанда 130-ға жуық ұлттар мен ұлыстардың, этникалық топтардың өкілдері өмір сүріп жатыр. Олардың әрқайсысы өз ұлтының көркеюін қалайды, осы атамекен иесі – қазақ халқы. Республикадағы өзге ұлт өкілдерін кемсітпей, түрлі халықтардың басын қосып, оларға ұйытқы болып, бір қоғамға топтастыруға тырысуы қажет. Республикамыздың гүлденуі оның саяси, экологиялық, әлеуметтік, ғылыми-техникалық, мәдени жетістіктеріне байланысты. Сондықтан мұнда тұрған әр халықтың өкілі жалпы Қазақстанның табысына қуанып, соған қажырлы еңбегімен аянбай үлес қосу керектігін сезінуі тиіс. Мұның бәрі дұрыс жүргізілген ұлттық саясат нәтижесінде ғана іске асады.
1995 жылдың 1 наурызында елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жарлығымен Қазақстан Халықтарының Ассамблеясы құрылды. Ол республикадағы барлық ұлттық-мәдени орталықтарды қамтиды. Ассамблея елімізде ұлтаралық келісім мен саяси тұрақтылықты сақтау, қоғамды біріктіру, нығайтуды қамтамасыз ету бағытында тәжірибелік ұсыныстар жасайды. Ұлттық саясат саласындағы жаңа заң жобаларына қоғамдық сараптау жасайды.
Өзін-өзі тексеру сұрақтары:
Жеке адам өзінің ұлтын қандай белгілерге байланысты анықтайды?
Адамдар қауымдастығының қандай түрлерін білесіз?
Этнос, ұлт дегеніміз не?
Ұлтты анықтаудың қандай бағыттары бар?
Ұлттық-мемлекеттік құрылыстың қандай формаларын білесіз?
Ұлттың өзін-өзі билеу құқығы деген не?
Ұлттық қатынастар, ұлттық саясат, этникалық саясат дегеніміз не?
Этносаяси жанжал деген не?
Этносаяси жанжалдың шығу себептері қандай?
Ұсынылатын әдебиеттер: негізгі-9 (141-151б.), 24 (33-38б.); қосымша-2 (34-45б.)