Добавил:
Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Скачиваний:
14
Добавлен:
20.02.2017
Размер:
215.55 Кб
Скачать

XXIII – тарау

ПІЛ ХАҚЫНДА

320

Көптеген адамдар арамза екені белгілі ғой, пілдің өзіне қарай атылған садақтың оғына төтеп беріп, шыдайтыны сияқты, мен де адамдардың масқаралап, қорлағанына төземін.

321

Үйретілгендерді ғана ұрысқа шығарады емес пе, патша да үйретілгендерді қолдайды. Үйретілген, бәріне көнген, қорлағандарға да төзген жан – ең жақсы адам.

322

Үйретілген қашарлар, Синдхтың тамаша аттары, ірі пілдер – міне осылар нағыз игілік қой. Бірақ, осының бәрінен артығы - өзіңді өзің үйретіп, ретке келтіру, не нәрсеге болса да көндіру.

323

Өйткені, өзін-өзі шектеп ұстауға көндірген және жаттығулар жасаған адам жоғарыда айтылған малдармен сонау кісі жете алмастай елге бара алмайды.

324

Дханапалака деген пілді, оның езуінен улы сілекей ағып тұрғанда ұстап тұру қиын. Байлап қойсаң ешнәрсе жемей тұрып алады, ол піл жүретін орманды аңсайды.

325

Егерде кімде-кім жалқау, мешкей, ұйқышыл, тамаққа тойып алып, қарағайлы ормандай бұйығып жата берсе, онда оның анасынан қайта-қайта туатындай ақылсыз нақұрыс болғаны.

326

Осы бір ақыл-ес бұдан бұрын өзіне ұнағанындай, өзіне жаққанындай қаңғып жүре беретін. Енді мен оны құтырған пілдерді айдап жүретін бақташыдай толық өз қолыма алдым.

327

Салиқалы салмақтылығыңды қасиеттеп сақта, ақылыңа ақау түсіре көрме. Бұрыс та былғаныш жолды пілше жойқын күшпен бұзып өтіп, дұрыс жолға түс!

328

Егер ақылды да адал досқа кездессең, жұбыңды жазбай, еңсесі көтеріліп, көңілді де ойлы, ақжарқын сол бір ғана досыңмен бар уақытыңды басыңнан бірге кеш!

329

Егер адал да әділ, ақылды да сабырлы жақсы дос таба алмасаң, жаулап алған жерінен бас тартқан тәкаббар патшаға ұқсап, жалғыз жүре бер, піл де қалың орманда жалғыздан-жалғыз жүре береді ғой.

330

Иә, жалғыз жүргеннің өзі артық. Бәрі-бір, ақымақпен дос бола алмайсың. Орманда жалғыз кезген піл сияқты жалғыз жүре бер.

331

Белгілі бір нәрсені аңсаған достар сүйкімді. Қанағат та жақсы, егер ол екі жаққа бірдей болса. Жан берер сағатта қасыңда қайырымды жандар болса, ол да жақсы. Барлық жаманшылықтан бас тарту да жақсы.

332

Бұл дүниеде ана болу қандай ғанибет, әке болу да ғанибет, дүниені кезіп жүретін дуаналық та ғанибет, сол сияқты брахмандық та қандай ғанибет.

333

Қартайғанға дейін рахымшыл болу ғанибет, сеніміңе тұрақты, тиянақты болу да жақсы іс, зұлымдық істерге ұстамдылық көрсетіп, жоламаған жөн.

XXIV – тарау нәпсі туралы

334

Ойсыз, алаңсыз адамның нәпсісі малува шөбі сияқты өсімтал болады. Ол - өзіне қорек іздеген маймыл тәрізді, күннен-күнге жалғаса береді.

335

Кімде-кімді дүниеге құштарлық жеңсе, жемісі өсімтал бирана шөбіне ұқсап, оның мұңы да өсе береді.

336

Кімде-кім бұл дүниеде, өте қиын болса да, өзінің нәпсісін жеңсе, біріне-бірі лотостың жапырағынан су тамшысы ұшып кететіні сияқты, оның басынан мұң да кетеді.

337

Менің сіздерге айтарым: Осы жиналып отырған бәріңе игілік тілеймін. Усирудың жұпар иісті тамырын табу үшін бирана шөбін жұлып тастайтындарың сияқты, нәпсілеріңді де тамырымен жұлып тастаңдар! Ағын қамысты ағызып кететіні сияқты, сендерді де Мара жеңе алмайды.

338

Егер тамыры әлі де берік болса, кейде шала жұлынған ағаштың өсе беретіні сияқты, нәпсіңді тия алмасаң азабың да қайта-қайта өсе береді.

339

Кім-кімде құштарлыққа, рахатқа бөленуге ұмтылған отыз алты ағын сезімі күшті болса, дұрыс көзқарастан тайған оны сол ағындар ағызып алып кетеді.

340

Барлық жерде де ағын ағып жатады. Лата өсімдігі тез жетіліп өседі. Гүлдеп жайнап тұрған латаны көрсеңіз, даналықтың көмегімен оны тамырымен жұлып тастаңыз.

341

Кейде адамды тән құштарлығының ындыны қанбай, билеп алатын сәттері болады. Рахат ләззатқа, көзсіз бақыт құшағына құмар ондай адамдар туа салысымен қартаю тағдырына тап болмақ.

342

Нәпсінің қызығына берілген адамдар қорыққан қоян сияқты өзін-өзі айналып жүгіре береді. Нәпсінің тұтқынынан шыға алмаған олар ұзақ уақыт өзінің тартатын азабына айналсоқтап қайта-қайта бара береді.

343

Нәпсінің қызығына берілген адамдар қорыққан қоян сияқты өзін-өзі айналып жүгіре береді. Сондықтан бхикшу егер өзінің құштарлық қылығын жойғысы келсе, нәпсісін бойынан қуып шықсын.

344

Ол құштарлықтан да, нәпсіден де ада болды. Өмірдің орманында күн кешті. Енді қараңызшы осы адамға: бәрінен азат болған ол қайтадан баяғыдағы бұғауына қарай өзі жүгіріп бара жатыр.

345

Данышпандар: темірден, ағаштан, бабба шөбінен жасалған бұғау өте берік деп айтпайды. Өйткені, әйелге, балаға және алтын-күмістен жасалған әсем сырғаларға деген құштарлық, ындыны қанбас нәпсі одан да күшті.

346

Данышпандар: жоғарыдан төменге тартқан бұғау өте күшті, одан босап шығу өте қиын, - дейді. Кейбіреулер сол бұғауды талқандап, нәпсіден безіп, құштарлықты да қойып, сайрандап жүр.

347

Өрмекшінің өзі тоқыған өрмекке шырмалып өлетіні сияқты, құштарлықтың қызығына желіккен жан ағып жатқан қатты ағынға тап болады. Ақылды адам ағынды жойып, жамандықтан бас тартып, нәпсісін тиып, алған бетінен қайтпай жүре береді.

348

Тіршіліктің ағынынан өте шықшы, бұрынғылардан бас тарт, болашақтан да бас тартып, осылардың екі арасындағыдан да бас тарт. Егер ақылың осылардың бәрінен азат болса, қандай жағдайда да сен қайтадан тууға және қарттыққа тап болмайсың.

349

Қашанда абыржып жүретін, әрине өте құштар, тән ләззатын ғана ойлайтын адамның нәпсісі арта түседі, сөйтіп ол өзіне өзі зиян жасайды.

350

Кімде-кім тып-тыныш жағдайда сабырлылықпен ойға шомудан қанағат тапса, үнемі ойда жүрсе, тек қана жақсылықты ойласа, сол ғана нәпсісін жеңе алады, Мараның бұғауын талқандай алады.

351

Ол кемелдікке жетті, ол ешнәрседен қорықпай, нәпсісін тия білді, кіршіксіз, кінәсіз, ол тіршіліктің бұғауын жойды, енді ол өзінің денесімен ғана жалғыз қалды.

352

Онда ешқандай тілек-талап жоқ, ол өзінің барлық берілушілік қылығынан ада болды, сөйлеуге, түсінісуге шебер, әрбір әріптің ретін біледі, мұндай адамды данышпан да ұлы жан деп атайды. Ол ақырында өзінің денесімен жалғыздан-жалғыз қалды.

353

Мен барлығын жеңдім, мен барлығын білемін, ешқашанда атымды былғамаймын. Мен барлығынан, тіпті нәпсіден де бас тарттым, еркін болдым, өзімнен өзім үйрендім, мен енді кімді ұстаз тұтамын.

354

Дхамманың сыйлығы барлық сыйлықтан асып түседі, дхамманың тәттілігі барлық тәттіден артық, дхамманың қуанышы барлық қуаныштан артық, өзінің нәпсісін жеңген адам кез-келген мұңнан арылады.

355

Байлық басқа жағаны көксеген адам емес, наданды мерт қылады. Байлық көксеген надан басқаны да, өзін де мерт етеді.

356

Арамшөп егіндікті былғайды, нәпсі адамды былғайды. Сондықтан нәпсіден тиылған адамның ісі жемісті болмақ.

357

Арамшөп егіндікті былғайды, күншілдік адамды былғайды. Сондықтан күншілдіктен құтылған жан өз іс-әрекетінде жемісті нәтижеге жетпек.

358

Арамшөп егіндікті былғайды, надандар адамды былғайды. Сондықтан надандығын жойған жанның өмірі жемісті болмақ.

359

Арамшөп егінді бүлдіреді, нәпсі адамды бүлдіреді. Сондықтан да өзінің нәпсісін тыйған адам үлкен жетістіктерге жетеді.

Соседние файлы в папке Үнді философиясы туралы материалдар