
химия
.docxҚазақстандағы химия өнеркәсібі
2010-2020 жылдарға арналған индустриялы-инновациялық даму бағдарламасында Елбасымыз өңдеу ұқсату салаларына басымдық бере отырып, қосымша құны мол тауарлы өндіріс құру туралы ойын күн тәртібіне шығарды. Орынды-ақ! Мінеки, осындай тамаша бағдарлама тек қана өндіріске химия ғылымының тікелей араласуы арқылы оң нәтиже бере алады.
Отандық химия өнеркәсібі уақыттың, халық шаруашылығының талабына орай біршама жақсы дамыды дей аламыз. Айтқандай, жерімізде тікелей химиялық шикізат қорының көптеп табылуы да Одақтық басшылықты Қазақстанда химия өнеркәсібін дамытуға итермеледі деу керек секілді. 1932 жылдың өзінде сол себептен де елімізде КСРО Ғылым академиясының сараптау лабораториясы құрылған еді. Сол сарапшы лабораторияда Қазақстан жерінде фосфорит, борат, натрий, калий сульфаты, магнезия тұздары бар екені және олардың қоры көп мөлшерде екені анықталады. Осы тұста ұлттық ғылым «қайта өрлеу» дәуірінің негізін қалаушы Қаныш Имантайұлы Сәтбаев бастаған кен барлаушылар тобы Орталық Қазақстан өңірінде әуелі мыстың, сонан соң басқа да металдардың мол қоры бар екенін анықтайды. Шығыс Қазақстанның кен байлығы жайлы Ресей Ғылым академиясында көп мәлімет бар еді. Сондай-ақ кезінде Гурьев деп аталған бүгінгі Атырау аймағында бұдан әлдеқайда бұрын ағылшындардың мұнай өндіргені де Мәскеуге белгілі. Демек, Қазақстанда химия ғылымын дамыту қажет еді. Сол үшін де ең әуелі Қазақ мемлекеттік университеті құрылып, онда химия факультеті ашылды. Факультетте жұмыс істеген алғашқы кафедралар физикалық химия, органикалық химия, органикалық емес заттар химиясы, сараптаушы химия және катализдер деп аталды. Қарағандыда Химия металлургия институты жұмыс істей бастады. Гурьевте Мұнай химиясы институты ашылды.
Қазақстан жерін кешенді зерттеу өткен ғасырдың алпысыншы жылдарына қарай ерекше қарқынмен жүргізілді. Соның нәтижесінде бүкіл Одақ бойынша өндірілетін хромит кенінің 86,9 пайызы, ванадийдің 90 пайызы, қорғасынның 46, мырыштың 42, мыстың 35,7, бокситтің 26,7, темірдің 16,2, фосфориттің 30, мұнайдың 16 пайызы бізде шығарылатын болды. Десек те Жезқазған кенішінде қолданылған технология бойынша кеннің шамамен 18-20 пайызы қалдықта қалып жатты. Бұл зор шығын еді. Сондықтан да Мәскеу ғылымды дамыта отырып, топырақтан кенді мейлінше мол алу технологиясын жасауды ғалымдар алдына басты мәселе ретінде қойды. Ал мұның өзі химия ғылымын дамытпайынша іске асатын шаруа емес еді. Бұған нақты мысалды көптеп келтіруге болады. Ал сол кездің өзінде республикада 150-ден астам ғылыми-зерттеу институттарының жұмыс істегендігі бұл сөзімнің нақты дәлелі.
Ал химия технологиясы бойынша 4 ғылыми-зерттеу институттары жұмыс істеп жатты. Оның бірі және бірегейі Химия ғылымдары институты болса, келесісі Металлургия және кен байыту институты деп аталды. Қарағандыда Химия металлургия, Гурьевте Мұнай химиясы және табиғи тұздар институты жұмыс істеді. 1966 жылы бұл институттарда 14 ғылым докторы, 134 ғылым кандидаты жұмыс істеген екен. Мұның өзі республикалық химия өнеркәсібін 1966-1970 жылдар аралығында 32 пайызға өсіруді қамтамасыз етті. Қаратау дүние-жүзі бойынша фосфорит кенін өндіруден көшбастаушылардың бірі болды. Хромиттер мен борат өндіруде де Қазақстан дүние-жүзі бойынша көшбастаушы болды. Шымкентте химия-фармацевтика зауыты ашылды. Онда өндірілген эфедрин, сантонин, пахикарпин және апиын алкалоидтері шетелдерге де экспорттала бастады. Металлургия өндірісіндегі мұқтаждықты қамтамасыз ету мақсатында күкірт қышқылын шығаратын өндіріс орны құрылды. Жезқазған тау-кен комбинаты, Балқаш металлургия комбинаты, Өскемен қорғасын-мырыш комбинаты, Шымкент қорғасын зауыты, Лениногор полиметалл комбинаты, Қаратау тау-кен химиясы комбинаты, Қарағанды синтетикалық каучук зауыты, Қарағанды металлургия зауыты, Жамбыл суперфосфат зауыты, Алматы электрохимия зауыты, пластмасса және ионалмастырғыштар шығарған «Қызылту» фирмасы, Шымкент гидролиз зауыты, Гурьев мұнай айыру зауыты, бертін келе салынған Ақтаудағы полистирол зауыты секілді алып өндірістік кәсіпорындар Қазақстанның химия өнеркәсібі деп аталатын өндірістік кешенінің негізі болған еді.
Иә, қалай десек те Қазақстан тәуелсіздікке іргелі және сан-салалы, сондай-ақ бәсекелестікке қабілетті химия ғылымымен келді. Ұлттық ғылымның ашқан жаңалықтары, табыстары көп еді, бірақ олардың басым бөлігі үлкен Одақтың басқа республикаларында тауарлы өндіріс орындары болып қалып қойды. Солай бола тұрса да Қазақстан әлемнің көптеген елдеріне қарағанда, салыстырмалы түрде химия өнеркәсібі дамыған мемлекет бола алды. Біз мұны айтып мақтануға тиіспіз.
Даму тоқмейілсуді ұнатпайды. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстан Республикасының даму қарқыны оның Кеңес Одағы құрамындағы қарқынынан әлдеқайда жоғары. Демек, өңдеуші ұқсатушы кәсіпорын шикізат өндірісінің қарқынына ілесуі қажет. Осыған орай елімізде не істеліп жатыр, нәтиже қандай болмақ деген сұрақтармен Ә.Бектұров атындағы химия ғылымдары институтының директоры, академик Еділ Ерғожинге жолыққанда, ол кісі былай деді:
- Елбасымыздың тікелей нұсқауымен жасалып, қарқынды жүзеге асырылып жатқан 2010-2020 жылдар аралығындағы индустриялы-инновациялық даму бағдарламасын көкірегі ояу, көзі ашық адам отандық химия өнеркәсібін дамыту жоспары деп түсінуі керек. Бұл бағдарламаны жасатар алдында Президентіміз атқарушы билікке онда айқындалатын жеті басым бағытты көрсетіп бергенін білеміз. Сонда мұнай-газ химиясын, тыңайтқыштар химиясын ерекше атап көрсеткен еді. Осы екі басым бағытта химия тікелей аталған. Ал ол аталмаған қалған бес бағыт та, менің білуімше, химия ғылымын қатыстырмай, дами алмайтын тұстар. Олай болса тұтастай алғанда бүкіл индустриялы-инновациялық даму бағдарламасының ең кемі 70 пайыздық жүгін химия арқалайды деген жөн. Айталық, фармацевтика саласы химияның қатысуын қажет етеді. Құрылыс индустриясында да химия жүреді. Аграрлық салада химия ғылымының өнімдері - басты қажеттілік. Енді қазір не болып жатыр деген сұраққа жауап берер болсақ, онда елімізде химия өнеркәсібінің құрылысы жанды жүріп жатыр деу керек. Осы уақытқа дейін бар болғаны екі жылға толмайтын мерзім ішінде фармацевтикалық төрт кешен іске қосылды. Теміртауда шойын өндірісі жаңғыртылды. Павлодарда электролиз зауыты жұмыс істей бастады. Енді келіп Павлодар химия зауыты жаңғырған қалпында жұмыс істейтін болады. Санамалай берсек, олар тіпті көп. Ал солардың барлығы дерлік химия өнеркәсібі емей, немене?!
Мен өзім атқарушы биліктің тікелей тапсырмасымен институттың бір топ ғалымын ертіп, өткен қыста еліміздегі үш мұнай айыру зауытының жағдайын бағалап қайттым. Бұлар түгелдей дерлік жаңғыртылады. Бұл іске біздің ғалымдар да араласады. Батыста химиялық полимерлер кешенін тұрғызу онжылдық жоспарға енгізілген. Шығыста тантал, берилий өндіріліп жатыр. Сондай-ақ Қаратаудағы кен қалдықтарын пайдаланып, жаңа тыңайтқыш шығару жоспары да жобада бар. Қысқасы, Атыраудан Алтайға дейінгі ұлан-ғайыр өлке осы онжылдықта-ақ химия өнеркәсібіне айналып шығады.
Ал енді химия ғылымы өндіріске араласқанда қандай нәтиже аламыз дегенге келетін болсақ, онда бірінші кезекте ең кемі ішкі жалпы өнімнің шамамен 100 пайыздық өсімі осы онжылдықта толық қамтамасыз етіледі деуге болады. Бұл негізінен, натуралды өндіріс есебінен емес, номинальды өндіріс есебінен алынады. Өйткені жыл өткен сайын біздің экспортымызда таза шикізат үлесі азайып, оның орнына ең кемі алғашқы өңдеуден өткен қосымша құны мол тауар үлесі ұлғая береді. Мәселен, металлургияда электролиз зауыттарының көптеп салынуы арқылы Ресейге топырақ-кен емес, таза металл экспорттаймыз. Тасымал шығыны азаяды, экспорттан түсетін кіріс көбейеді. Егер Батыста полимерлер кешенін жасап алсақ, онда тағы да тереңдете өңделген мұнайдан алынған тауарлар экспорттап, кірісті көбейтеміз. Орайы келгенде айта кетейін, отандық химия өнеркәсібін осылайша дамыту ел тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына да тікелей оң әсер ететін бір игі қадам болмақ. Өйткені мұндай өңдеуші кәсіпорындар жаңа жұмыс орындарын береді емес пе?! Олардағы жалақы да жақсы болмақ. Осы онжылдықта химия өнеркәсібін қарқынды дамыта отырып, экономикамызды номинальды түрде шамамен екі еселеп алсақ, келесі кезеңде соңғы тауарлы өндіріс құруға көңіл бөлетін шығармыз. Бұл қарапайым тілмен түсіндірсек, әлгі жоғарыда аталған полимерлерден тұрмыстық ыдыс-аяқтар, балалар ойыншықтары, тағы басқа керек-жарақтар шығару деген сөз. Олар да қосымша құны мол өндіріс орны болып қоймайды, сонымен бірге жаңа жұмыс орындарын беретін бір кешен болып шығады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
-
Қазақстан Ұлттық энциклопедиясы. Алматы.2005.
-
«Егемен Қазақстан» 16.07.2008жыл. №22.
-
www/e.gov/kz
-
Қазақстан Ұлттық энциклопедиясы. Алматы.2005.