Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:

Габитов-Философия_pih

.pdf
Скачиваний:
105
Добавлен:
10.03.2016
Размер:
2.66 Mб
Скачать

эстетикалық мəдениет те қоғамның белгiлi бiр тарихи кезеңiмен байланыстырылады. Тарихи дамудың əртүрлi кезеңдерiнде əрбiр ұлт, əлеуметтiк топ өзiнiң эстетикалық мəдениетiн, əсемдiк туралы өз көзқарасы мен ұғымдарын қалыптастырады.

Адамдардың кейпiнде, олардың қатынастарында, киiмiнде, заттарында, тiлi мен өнер

туындыларында эстетикалық мəдениеттiң ерекшелiктерi, принциптерi аңғарылады жəне олардың экономикалық даму деңгейi мен тағы басқа алғы шарттарынан ұлттың тарихи тағдыры туындайды. Сондықтан əрбiр халық өз ерекшелiгi мен күш-жiгерiне орай əлемдiк мəдениеттiң қазынасына өз үлесiн қосады.

Кез келген эстетикалық деталь, белгi, бейне пайда болысымен үнемi жетiлу үстiнде болады. Эстетикалық көзқарастың түбiрлерi кейде ұмытылғанымен, ұзақ сұрыптау процесi барысында бұл көзқарас кейде ұлттық эстетикалық сананың бiр элементiне айналады. Қ.Ш.Нұрланова былай деп жазады: “Қазақтарда адамның Ғаламмен өзара байланысын сезiну нəресте кезден берiледi, сондықтан бұл дүниетанымдық мəдениет абстракциялық маңыздылық деңгейiнде қалып қоймай, əлем мен жанның бiрегейлiгi сезiмiне ауысады

жəне бұл рухани iшкi сезiм терең қанағатшылдыққа толы болады. Əлемге деген бұл қатынастың түбiрi тереңде жатқандықтан болмыстың құпиясына, өмiрдiң құпиясына жақындатады жəне сондықтан əрбiр адам өмiрiнiң мəндiлiгi өмiрдiң өзiнiң сыйы сияқты шексiз. Адвм өмiрiнiң өн бойын алып жатқан бұл қатынастар өмiрдiң барлық алуан түрлi қатынастарына қайталанбас рең бере отырып, əрбiр адамның бай рухани өмiрiн түсiнуге септiгiн тигiзедi” (Человек и мир. Казахская национальная идея. А., 1994, 13-бет.).

Отбасылық жəне тұрмыстық деңгейдегi оқиғалардың маңыздылығы көбiне эстетикалық құралдар арқылы жеткiзiлдi. Ұлттың эстетикалық мəдениетке тəн символдар, белгiлер, атрибуттар жүйесi бiрте-бiрте қалыптасты жəне оның мағынасы əркiмге де түсiнiктi болды. “Жаңа ошақ құруға арналған некелесу ғұрпы ең алдымен, жаңа отбасын құру үшiн айдан жəне жұлдыздардан рұқсат сұрайды. Кейiнiрек нəресте дүниеге

келгеннен кейiн жас ананы жалаң аяқ жер бастырып, жерден қолдау сұрайды. Жас отау үшiн бұл ғұрыптың маңыздылығы əлемнiң мазмұндық бейнесiн ашатын этикалық

мəндiлiгiмен қатар, қасиеттi сандық белгiлермен ерекшеленетiн əлемнiң əсемдiгiмен де сипатталады: вертикальдық деңгей (жоғары əлем, орта əлем, төменгi əлем) жəне горизонтальды деңгей (төрт қиырлы шартарап) жетi санын құрайды” (Человек и мир, 20бет.).

Əртүрлi ұлттық ортада эстетикалық көзқарастар үнемi бiртектi болған жоқ, əлеуметтiк сатының төменгiдегi жəне жоғарыдағы өкiлдерiнiң арасында айырмашылық болды.

Алайда, (зерттеушiлердiң - этнографтардың, тарихшылардың жəне өнертанушылардың

байқағанындай) жоғары əлеуметтiк ортада қалыптасқан эстетикалық көзқарастар бiртебiрте халық арасына сiңедi. Ғұрыптың, стильдiң, қатынастың, жүрiс-тұрыстың эстетикалық қасиеттерiн бағалаудың өлшемi, оның сұрыпталуы олардың əлеуметтiк қажеттiлiгiне, моральдық-этикалық көзқарастардың даму деңгейiне жəне т.б.сай келуiне байланысты болды.

Эстетикалық мəдениет белгiлi бiр талғамдардың, нормалардың, идеалдардың

ұрпақтан ұрпаққа берiлiп (дəстүр, тəрбие, өнер арқылы) сақталуын жəне олардың өзгеруi

барысында жаңа идеалдардың, нормалардың, талғамдардың қалыптасуын қамтамасыз етедi. Ұлттық эстетикалық мəдениеттiң белгiлi бiр элеметтерiнiң қалыптасуы мен көрiнуi

процесiн қарапайымдандыруға болмайды. Эстетикалық дəстүрлердiң, жүрiс-тұрыс нормаларының бастауы кездейсоқтықтан басталмайды. Автор өз қиялымен қанша

безендiргенiмен шығарманың мазмұны объективтi нақтылықтың бейнесi болып табылады, өйткенi қанша бай қиял, қанша бай елес болғанымен, ол бəрiбiр өзiнiң пiшiнiмен тiрi

өмiрдiң формаларын еске түсiредi.

Адам əрекетiнiң саналылығымен ерекшеленетiнi белгiлi. Өйткенi əрекет басталмай тұрып-ақ оның қалаулы нəтижелерiнiң картинасы субъекттiң санасында туады, қалыптасады жəне нақтыланады. Мұнда алдын-ала жинақталған тəжiрибе, əлеуметтiкпсихологиялық стереотип үлкен рөл атқарады. Ол бiр жағынан шешiмдер мен iс-əрекеттiң

тиiмдiлiгiне сiлтесе, екiншi жағынан сəтсiз қадамдар мен қимылдардан сақтайды; бұл

тұрғыда жағымсыз тəжiрмбенiң де пайдасы жағымды тəжiрибеден бiр де кем емес. Эстетикалық дəстүрлердi, оның iшiнде жүрiс-тұрыс нормаларын да практикалық

тəжiрибе терiске шығара алады. Мысалы, мұсылмандықтың қалыптасуы екiжақты процестi туғызды: мұсылмандыққа дейiн болған жүрiс-тұрыс нормаларының бiр бөлiгi сəйкес символикаға енiп, дiни қолдауға ие болса, ал қалғандары бастапқыда қайшылықты қатынас тудырып, бiрте-бiрте жойылды.

Эстетикалық мəдениеттiң пайда болу себептерiн терең əрi толық айқындамай оның мəнiн ұғыну мүмкiн емес. Бұл феномен кездейсоқ құбылыс па, əлде қажеттiлiк пе? Ағартушыларда, мысалы И.Кантта оның жауабы мынадай: адам бойындағы эстетикалық мəдениетке, эстетикалық қабылдаудың дамуына деген қажеттiлiк оның (адамның) жаратылу актiнiң өзiнде-ақ жүзеге асады.

Адамзат дамуының бастапқы кезеңдерiнде əлемдi эстетикалық игеру адам əрекетiнiң утилитарлық қызметiмен тiкелей байланысты болғандығын еске түсiрейiк. Адам санасының, шығармашылықтың мүмкiндiктерi мен құралдарының шектеулiгi бұл əрекет түрiнен тысқа шығып кетуге мүмкiндiк бермедi. Көптеген зерттеушiлердiң, антропологтардың, этнографтардың, мəдениет тарихшыларының, əсiресе Л.Морганның

еңбектерiнде ерте қауымдастықтарда өмiрқамына деген қажеттiлiк нақты өмiрлiк мақсаттарға рационалды жолмен жетудiң жолдары мен құралдарын iздестiруге мəжбүр еттi. Жоғарыда қойылған сұрақтың жауабы осыдан келiп шығады. Əрекеттiң мақсатына жетудiң жолы неғұрлым қарапайым болған сайын, оны ұрпақтарға тəжiрибе тасымалының басым тəсiлiне айналдыруға мүмкiндiгi көбейе түстi.

Мүнан ары қарай адам жеткiлiктi шектеулi iзденiстердiң мүмкiндiк шеңберiнен асып түсудiң жолдары мен құралдарын iздестiруге ұмтылды. Функционалды сəйкестiктен құралдарды немесе жабдықтарды, заттарды пайдалануды жеңiлдетуге ұмтылды. Осылайша алғашқы қауымдық технология пайда болды. Адамның жасаған өнiмдерi жетiле түстi. Ол кездегi шеберлiктiң деңгейiне қарағанда бұл жетiстiктерге жету үшiн ғасырларға созылған уақыт кеттi. Бұл функционалды жетiстiктi қажеттiлiктi өтеудiң жаңа

тəсiлдерiмен бiрiктiрудiң мүмкiншiлiгiне орай алғашқы қауымдық дизайн пайда болды. Дайындаушының шеберлiгi алғашқы қауымдық қолөнердiң өзге өнiмдерi арасында

үстемдiкке ие болды. Алайда шеберлiк – бұл əлi де өнер емес едi.

Халықтардың эстетикалық дамуы адамзаттың қалыптасуы мен дамуы процесiнде ғасырлар бойы жүзеге асты. Өзiнiң эстетикалық дамуы барысында адамзат қоршаған табиғатты бастапқы сезiмдiк қабылдаудан əсемдiктiң қазiргi түсiнiгiне дейiнгi үлкен жолынан өттi. Адамның қалыптастырған заттай құндылықтар əлемiнде бастапқыда тұрпайы, кейiнiрек мазмұнды эстетикалық көзқарастар пайда болады. Еңбек өнiмдерi ерте

кезден-ақ адам бойында эстетикалық сезiм тудырды, өйткенi оларда адамның бүкiл

қоғамдық мəнi, қабiлетi мен шеберлiгi бейнеленетiн едi. Процесс барысында субъекттiң өзi де өзгередi: оның қабiлеттерi дамыды, қажеттiлiктердiң көлемi мен құрамы, оның санасының деңгейi өзгердi. Əдебиеттерде қажеттiлiк пен əрекеттiң байланысы мен өзара байланыстары туралы кеңiнен қарастырылса, бұл диалектиканы эстетикалық мəдениеттiң дамуына да қолдануға болады.

Əлемдi эстетикалық игерудiң ең жоғарғы жəне күрделi формасы өнер болып

табылады. Онда қоғамды ғана емес, оның танымын да игерудiң шексiз мүмкiндiктерi бар,

сонымен қатар эикалық, эстетикалық, моральдық, философиялық жəне өзге принциптер орын алады. Мұндай мазмұнға дизайн да, эстетикалық əрекеттiң өзге түрлерi де ие бола

алмайды.

Өнердегi субъекттiң нақтылығы интеллектуалды тұрғыда күрделi, эмоционалдық

тұрғыда толық жəне руханилықтың деңгейiмен тығыз байланысты. Онда ұлттық сананың, ұлттық төлтумалылықтың элементтерi өте нəзiк көрiнедi жəне көбiне оны анықтау қиынға

соғады. Өнердiң эстетикалық табиғатында ұлтжандылық көрiнiсiнiң орасан зор мүмкiндiктерi бар. Эстетикалық мəдениеттiң мазмұны кең жəне алуан түрлi. Форма мен мазмұнның байланысы, олардың органикалық тұтастығы мəдениеттiң өмiр сүруi мен дамуының негiзгi анықтаушы шарты болып табылады. Өнерде бұл байланыс айқын көрiнедi. Өнерге қатысты оның формасы бейнелi (обазды) деген тұжырым мойындалған.

Алайда бейнелiк форма тек өнерге ғана тəн бе? Эстетикалық мəдениеттiң өзге түрлерiне

қатысы жоқ па?

Өнерде образ өзiнiң жеке қасиетiнде көпшiлiктiң белгiсi мен сапасын бiлдiредi. Ал

бiздiң тұрмыстық қарым-қатынаста, “имидж” шеңберiнде бұл қандай орын алады? Эстетикалық бағдардағы ғұрып та берiлген “имиджде” “тəрбиелi адамның” жүрiстұрысында барлық тартымды нəселердi, жүрiс-тұрыс белгiлерiн бойына жинақтайды емес пе? Дəстүрлi қауымдастықтардағы “топтық бақылау” да индивидуумның жүрiс-тұрыс

қалпы қарым-қатынас дəстүрiнiң қалыптастырған “имиджiне” идеалды сəйкес келуiн қатаң бағалайды. Бiр ұлттық мəдениеттегi қарым-қатынас жəне жүрiс-тұрыс нормасын өзге ұлттық мəдениеттiң қабылдамауы мүмкiн. Өнермен салыстырғанда тұрмыстық қарымқатынас дəстүрдiң сақталуымен сипатталады. Ол ғасырлар бойы сақталуы мүмкiн. Алайда эстетикалық мəдениеттiң бұл саласы əлеуметтiк процестiң жеделдеуiне сай адам болмысында, iске асып жатқан өзгерiстерге бейiм келедi. Мысалы, өмiр темпiнiң жеделдеуi, бос уақыттың азаюы тұрмыстық ғұрыптардың бiрте-бiрте жоғалуына, оның формальдылығының қысқаруына əкеледi.

Ендi ХIХ-ХХ ғасырдағы көркем мəдениеттiң динамикасына тоқталайық. ХIХ ғасырдың өркениет дамуы тарихындағы, нақтылықты көркемдiк игеруден көрiнетiн бетбұрысты

кезең болғандығы белгiлi. Бiр ғасырдың iшiнде Ағартушылық Романтизммен, Реализммен, Декаденттiкпен алмасты. Романтизм нақтылықты жоғары идеал тұрғысынан терiске шығаратын мəдениеттiң барлық саласын қамтыған көркем мəдениеттегi стильдi бiлдiредi. Романтизмнiң өзiндiк санасының философиялық формасын (онда декаденттiк мотивтердiң бар екендiгiне қарамастан) жоғары тұлға идеясы түрiнде Ф.Ницше жасады. Декаденттiк болса ХIХ ғасырдың 50-жылдарындағы Батыстың əлеуметтiк-мəдени болмысын көркемдiк пайымдауды бiлдiредi. Индустриялық қоғам негiздерiнiң жүйелiк дағдарысы рухани мəдениеттегi құлдырауды, нақтылықтан кетiп, өзге мəдениет негiздерiн iздестiрудi туғызды. Бұл мəдениеттiң негiзгi бағыттарына импрессионизм (О.Ренуар, К.Моне, К.Даге жəне басқалары), постимпрессионизм (П.Сезанн, В.Ван-Гог, П.Гоген жəне т.б.), символизм (Ш.Бодлер, О.Врубель, Верлен жəне т.б.), модернизм (Пруст, Кафка,

Т.Манн; И.Стравинский жəне т.б.), акмеизм,экспрессионизм) жəне т.б. жатады. Бұл бағыттардың барлығы ХХ ғасыр көркем мəдениетiнiң өзiндiк санасы - постмодерннiң

қалыптасуына ықпал еттi. Постмодерннiң əлеуметтiк-мəдени парадигмасы эстетикалық iзденiстiң пəнi мен объектiн түбiрлi өзгертедi. Эстетиканың объектi тылсымдық нақтылықтармен, саңаның өзгерген жағдайымен, аутистiк ойлаумен, неомифологизммен жəне мүмкiн болатын əлемнiң семантикасымен сипатталатын көркемдiк əлемдiк əлемнiң гиперкеңiстiгiне, гипермəтiнiне, гиперəлемiне көшiрiледi. Мəдени мəтiндер бұқаралық санаға терең енедi. Эстетика пəнiнiң өзi символикаландыру мен категорияландыру

арқылы көркемдiк нақтылықтың кеңiстiк пен уақытта тəртiпке келтiрiлуiмен, яғни

мəдениеттiң трансляциялануымен ерекшеленедi. Символдар мен мағыналардың жүйесi ретiнде оны зерттеудi эмпирикалық жəне теориялық талдауға көнетiн əлеуметтiк-мəдени нақтылықтардан тыс жүргiзу қажет, өйткенi көркемдiк мəдениеттiң объектi өзiнше өмiр сүредi. Мұндай талдау символдардың өзара байланысын, сонымен қатар, мəдени тəртiптiң алғышарттары мен принциптерiн белгiлеуге мүмiндiк бередi. Мысалы, “атжалман қасқырдың” символикалық образын Қазақстан Республикасындағы қазiргi социомəдени

процестердiң контекстiнде қарастыруға болады (альманах “Тамыр” 1999, вып.1).

Постнодернизмде мəдени талдаудың пəнi мен объектi сананың ағымымен үнемi қиылысып отырады. У.Джеймс былай деп жазады: “Бiздiң қалыпты сергек саңамыз,

ақылды саңамыз - бұл сананың ерекше типiнiң бiрi ғана. Саңаның өзге де формалары бар екендiгi туралы бiлмей-ақ бiз өмiрден өтуiмiз мүмкiн, алайда дер кезiнде қажеттi стимул

қолдасақ болғаны ол лезде-ақ пайда болады жəне бұл көңiл-күйдiң өзге кездерi қолдануға бейiмдi болуы мүмкiн”. Эстетикалық талдаудың объектi мүлдем күтпеген формаға ие

болуы да мүмкiн. Мысалы тiптi, компьютерлiк көркем əдебиеттер де бар. Бұл көркем мəтiннiң ерекшелiгi, оны компьютердiң дисплейiнен ғана оқуға болады. Ол гипернақтылық ретiнде құрылған. Ондағы кнопөкалар арқылы сюжеттiң қозғалысын өткенге жəне болашаққа ауыстыруға, эпизодтардың орнын алмастыруға, оның ақырын өзгертуге жəне т.б. қимылдар жасауға болады.

Француз мəдениеттанушысы Ж.Бодрийяр бiз қазiрдiң өзiнде гипернақтылықта өмiр

сүрудемiз деп тұдырымдайды. Бiз дауылды күнгi кеме сияқты гипернақтылықтың бiр шетiнен екiншi шетiне аударылып түсiп жүрмiз. Оның ойынша Ирактағы “Құмдағы боран”

операциясы (1991 жыл) қарапайым нақтылық болған жоқ. Бұл видеопроектордың экраны мен компьютер дисплейлерiне “отырғызылған” гипермəтiндiк соғыс болды. Бұл мистика емес - бұл гипернақтылықтың ерекше метафизикасы. Мұндай жағдайларда адамның өзiндiк бiрегейлiгi (самондентификация) өзгерiп, ол “ойнайтын адамға”

айналады.

Ойын ретiндегi мəдениет концепциясын голланд ойшылы Й.Хейзинга ұсынады. Өзiнiң “Homo ludens” еңбегiнде ол мəдениеттiң мəнiн ойын əлеметтерi басым жағдайға ие болатын əлемдi көркем қабылдаумен байланыстырады: “Кез-келген тiрi, гүлденушi өркениетте поэзия өмiрлiк, əлеуметтiк жəне литургиялық функция атқарады… Поэзия өзiнiң ерте мəдениеттiң факторы ретiндегi бастапқы функциясында ойын ретiндегi ойында пайда болады. Бұл қасиеттi ойын, алайда өзiнiң осы қасиеттiлiгiнде бұл ойын үнемi құмарлықтың, əзiлдiң, көңiл көтерудiң жиегiнде қалып қояды. Əсемдiктiң қажеттiлiгiн саңалы түрде өтеу əлi де болса жоқ. Ол экстаз ретiнде, мерекелiк масайрау, ғажайып ретiнде сезiлетiн жəне өзiн поэтикалық формада iске асыратын қасиеттi акттың қайта

тiрiлуiнде жасырынған (Самосознание европейской культуры ХХ века. М., 1991, 70-72 бет).

Көркемдiк мəдениеттiң постмодернистiк парадигмасында ойын күнделiктi өмiрдi де қамтиды. Адам өзiнiң кəсiбiн таңдағанда, ол белгiлi дəрежеде өз өмiрiнiң гипернақтылығын да - белгiлi бiр тiлдiк ойындарды, коммуникацияның белгiлi бiр шеңберiн, белгiлi бiр дүниетанымды таңдайды. Кəсiби əрекеттен тыс кезде ол өзге əлемге кетедi, өзiнiң “бетпердесiн” өзгертiп, иллюзиялар құрастырады. Мұндай ахуалды Г.Гесс өзiнiң “Бисер ойыны” деген романында сипаттайды. Бисер ойыны - бұл гипермəдени кеңiстiк-уақыттық континуум. Немесе Т.Манның “Доктор Фаустус” романының кейiпкерi былайша пайымдайды: “Формалармен ойнағанда, олардың қайсысының өмiрден кеткенiн бiле отырып, ойынды жоғары сатыға дейiн көтеруге болады”. Постмодернистiк эстетикадағы

жаңашылдық объект пен қарастыру пəнiнiң өзгешелiгiмен ғана емес, көркем ақпаратты алу тəсiлдерi мен формаларының класскалық емес методологиясын қолданумен де

сипатталады. Көрнекiлiк үшiн деконструкция мен мотивтi талдауды алайық. Бiрiншi методтың негiзiн қалаған постструктурализм мен постмодернизмнiң көрнектi өкiлi Жак Деррида. Көркемдiк мəдениет құбылыстарына бұл тəсiлдi қолданудың мəнi мəдениет мəтiнiне қатысты зерттеушiнiң тыс орналасу поэзиясын терiске шығарумен байланыстырылады. Мұны түсiндiру зерттеушi мен мəтiн арасындағы сұхбат (диалог) тұрғысында жүргiзiлуi тиiс. Бұл жағдайда мəтiн зерттеушiге ықпал етедi (мысалы,

полифониялық роман). Деконструкцияның мақсаты мəдениет көзiнiң өзiнiң мəдени

потенциалының белсендiлiгiн арттыру болып табылады. Мотивтi талдау (Колумбия университеттiнiң профессоры Б.М.Гаспаров) көркемдiк талдаудың бiрлiгi ретiнде дəстүрлi термаларды - сөздер мен сөйлемдердi емес, мəселелердiң шым-шытырық түйiнiн еске түсiретiн мотивтердi алады. Мотивтер кросс-деңгейлi бiрлiктер бола отырып, мəтiндегi өзге мотивтермен қиылысып, қайталанып, оның қайталанбас архитектоникасын құрайды (мысалы, С.Булгаковтың “Мастер жəне Маргарита” романының құрылымы).

Бiз эстетикалық мəдениеттiң мəнi туралы көзқарастардың қалыптасу ерекшелiктерiн

қарастырып, оның негiзгi бағыттары мен парадигмаларын анықтадық. Мұнан өнертанудың қазiргi мектептерi бүгiнгi күнгi мəдени жəне өркениеттiк процестердiң феномендерiн көп

деңгейде жəне əртүрлi қрынан зерттейдi деген тұжырым жасауға болады.

4.8. Құқық философиясы

4.8.1. Құқық философиясы пəнi

Құқық философиясы құқықтың мəнi, оның мағынасы мен ұғымы, оның əлемдегi орны, оның құндылықтары мен маңызы, оның адам, қоғам жəне мемлекет өмiрiндегi жəне халық пен адамзат тағдырындағы рөлiн зерттеумен айналысады. Өзiнiң саналы жаратылысы бойынша адам белгiлi дəрежеде пайымдалған жəне зерделенген (сана арқылы) əлемде өмiр сүредi əрi əрекет етедi, жəне бұл адам болмысының фундаменталды (iргелi) қасиеттерiнiң, əлемдегi бағдары мен əрекетiнiң қатарына жатады. Болмыстың адамзаттық тəсiлi өз құрамына зерделеудi, пайымдауды, бұл болмысты, өзiңдi жəне бүкiл əлемдi, əлемдегi өзiңдi, өзiңдегi əлемдi түсiнудi енгiзедi.

Мұндай принцип адамның құқық əлемiмен өзара қатынастарында да орын алады. Ол құқықтық мəлiметтердi өз ақыл-ойының- теориялық, кəдуiлгi, философиялық ақыл-ойының тұрғысында бағалайды, сынайды, тексередi, күмəн келтiредi. Бұл позитивтi құқықты ақылдылық, əдiлеттiлiк, шынайылық, ақиқаттылық жəне т.б. тұрғысынан сынауды бiлдiредi. Жəне де ол позитивтi құқыққа қатынасында өзге өлшемге де ие болады. Бұл өлшем билiктiң немесе оның өкiмдерiмен емес, адамның қоғамдық болмысының iргелi қасиеттерi мен мəселелерi, табиғат пен құқықтың мəнiн тану қажеттiлiгi, оның адамның бiрлескен өмiрдегi алатын орны мен маңызды сияқты нəрселер арқылы анықталады.

Ақыл-ойдың мақсаты - ақиқат жəне құқық философиясы да құқық туралы ақиқатты iздеумен айналысады. Құқық философиясының пəндiк аймағы - құқық пен заңның айырмашылығы жəне арақатынасы мəселесi. Құқық философиясының тарихы ертеден басталғанымен, “құқық философиясы’’ терминiнiң өзi XVIII ғасырдың соңында пайда болды. Бұған дейiн ерте заманнан бастап, философиялық-құқықтың саланың проблематикасы бастапқыда жалпы тақырыптың бiр үзiндiсi жəне қыры ретiнде қойылып, ал кейiнiрек зерттеудiң жеке дербес пəнi ретiнде дамыды.

Бастапқыда “құқық философиясы’’ терминi (сонымен бiрге құқық философиясының концепциясы да) заңгерлiк ғылымда пайда болды. Оның авторы, құқықтың тарихи мектебiнiң негiзiн қалаушы, немiс заңгерi Г.Гуго болып табылады. Гугоның пайымдауынша юриспруденция (заңгерлiк) үш бөлiктен тұрады: заңгерлiк догматика, құқық философиясы жəне тарихы. Бұл жағдайда құқық тарихы құқықтың заң шығарушылық нəтижесiнде емес, тарихилықтың нəтижесiнде қалыптасуы туралы тұжырымды ұстанады.

“Құқық философиясы’’ терминiнiң кеңiнен таралуы Гегельдiң “құқық философиясымен’’ (1820) байланыстырылады. Гугомен салыстырғанда Гегельдiң ойынша құқық философиясы заңгерлiк емес, философиялық пəн. Оның үстiне философия ғылымын ол тарихи ғылым ретiнде қарастырады. Гегель бойынша құқық туралы нағыз ғылым құқық философиясында көрiнедi. Құқық философиясы пəнiн Гегель былайша сипаттайды: құқық туралы философиялық ғылым өзiнiң пəнi ретiнде құқық идеясын - құқық ұғымы мен оның iске асуын қарастырады’’. (Философия права. М., 1990, 59-бет). Құқық философиясының мақсаты құқықтың негiзiне жатқан ойларды игеру. Ал бұл дұрыс ойлаудың, құқықты философиялық танудың арқасында мүмкiн болады. Құқық философиясы пəнiнiң гегельдiк түсiндiрмесiнiң алғы шарттарына оны ойлау мен болмыстың, ақылдылық пен нақтылықтың бiрегейлiлiгi туралы философиялық идеялар жатады. Философияның, оның iшiнде құқық философиясының да мiндеттерi осыдан туындайды, - “бар нəрсенi игеру, өйткенi бар нəрсе - ақыл’’ (Философия права. 55-бет).

Құқық философиясы пəнi мен мiндетiнiң гегельдiк түсiндiрiлуi құқық пен заңның бұрынғы табиғи-құқықтық концепцияларына да, табиғи құқықтың антирационалистiк сыналуына да (Гуго жəне құқықтық тарихи мектебiнiң өкiлдерi) жəне құқықтық рационалистiк тəртiбiне де қарсы шықты.

Құқық философиясының пəндiк сипатын заңгерлiк жəне философиялық ғылымдарда анықтау мəселелерiн қойған Гуго мен Гегельдiң XIX-XX ғасырлардың философиялық-құқықтық зерттеулерiнде онан əрi дамыды. Философиялық iлiмдердiң өздерiмен қатар, құқықтың философиялық түсiндiрмелерi де бүкiл заң ғылымына, ондағы философиялық-құқықтық тəсiлдер мен концепцияларға əлi күнге дейiн ықпалын тигiзiп келедi. Сонымен қатар, юриспруденцияның өзi, құқық туралы, оның қалыптасу, жетiлу жəне дамуының мəселелерi туралы заңгерлiктеориялық концепциялар да құқықтық тақырыптың философиялық зерттелуiне үлкен əсерiн тигiздi. Философия немесе заң ғылымдарының жүйесiнде болсын құқыққа деген барлық философиялық тəсiлдерде осындай өзара ықпал жəне өзара əрекет байқалады. XIX ғасырдың екiншi жартысынан бастап жəне ХХ ғасырда құқық философиясы заңгерлiк пəн ретiнде негiзiнен

заң факультеттерiнде оқытылғанымен оның дамуы үнемi философиялық оймен байланыста болып қала бередi.

Ерекше философиялық пəн ретiндегi құқық философиясында (табиғат философиясы, дiн философиясы, мораль философиясы жəне т.б. сияқты) танымдық мүдде мен зерттеушiлiк назар құқық саласындағы белгiлi бiр философиялық концепциясының танымдық мүмкiндiктерi мен потенциалдық мүмкiндiктерiн ашып көрсетуге бағытталады. Мұнда белгiлi бiр концепцияны берiлген объекттiң ерекшелiктерiне, методологиялық жəне аксиологиялық тұрғыда бұл концепцияның тiлiнде объектiнi пайымдауға, түсiндiруге жəне игеруге сəйкес қолдана отырып, оның мазмұндық нақтылануына үлкен көңiл бөлнедi.

Ал заңгерлiк тұрғыда дайындалған құқық философиясының концепцияларында жоғарыдағы саламен салыстырғанда əдетте, зерттеудiң құқықтық мотивтерi, бағыттары мен бағдарлары басым болады. Жəне бұл жағдайда философиялық талдаудың аймағына көбiне дəстүрлi юриспруденцияның нақты сұрақтары кiредi. Алайда ең бастысы, əрине, тақырыптар мен мəселелердiң қайсысын таңдау емес, қазiргi философиялық жəне құқықтық ойдың жалпы контекстiнде нақтыландыру ағымында оларды құқық философиясы тұрғысынан түсiндiру мен пайымдау болып табылады.

4.8.2. Адам құқықтары

Адам құқықтары – туылу кезiнен пайда болатын тұлғаның ажырағысыз құқықтары мен бостандықтары. Адам құқықтары жаратылыс жəне кез келген өзге құқықтың негiзгi түсiнiгi болып табылады. Олар азаматтық құқықтар мен саяси бостандықтарды, экономикалық, əлеуметтiк жəне мəдени құқықтарды, сондай-ақ қауымдар құқықтарын (балалар, əйелдер, ұлттық азшылықтар, халықтар жəне т.б.) қамтиды. Адам құқықтары дегенiмiз индивидтiң өз қалауы бойынша əрекет ету мүмкiндiгiн (адам құқықтарының бұл бөлiгiн бостандықтар деп атайды) немесе белгiлi бiр игiлiктердi иемдену мүмкiндiгiн (бұл адам құқықтарының өзi болып табылады) қамтамасыз ететiн адамдар мен мемлекет қарым-қатынастарының нормалары, қағидалары.

Адам құқықтары адамдар қызметiнiң ұзақ қайталанған актiлерiнен қайталанып отырған байланыстар мен қатынастар нысандарынан қалыптасқан. Осылардың нəтижесiнде адамдардың қарым-қатынастарын тəртiпке келтiре алатын белгiлi бiр тұрақты нормалар, эталондар, құндылықтар пайда болған. Əрбiр адам белгiлi бiр материалдық жəне рухани игiлiктердi иемденуге талаптанады, ал оларды иемденуге қоғам мен мемлекет көмектесуi керек жəне осы игiлiктер көлемi тарихи тұрғыдан əрқашанда қоғамның сыныптық құрылымындағы, материалдық өндiрiс жүйесiндегi индивидтiң жағдайымен белгiленiп отырады. Индивидке берiлетiн осы игiлiктердi адам құқықтары деп атауға болады.

Адам құқықтары мəселесi əрқашанда қоғамдағы адам орнын белгiлейтiн құқықтарды иемдену үшiн, олардың көлемiн кеңейту үшiн жүргiзiлетiн сыныптық шайқастар мəселесi болған. Тарих көрсететiндей əр ұрпақ адам құқықтарын қайта қорғауға мəжбүр болады, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау жəне қолдау үшiн күш қажет болмайтындай жағдай адамзатқа кездескен емес. Əр ұрпақ адам құқықтары мен бостандықтары сияқты ұлы құндылықты қорғауға байланысты тарихтың шақыратын мəңгiлiк жекпе-жек шайқасына шығады.

Адам құқықтары ең жоғары мəдени құндылықтардың бiрi, өйткенi олар барлық қоғамдық даму процестерiнiң ортасына тұлғаны қояды, оның еркiндiгi мен тең құқықтығын белгiлейдi.

Адам құндылығының идеясы ежелгi қоғамда айтылған едi жəне, егер басында бастапқы негiз ретiнде полис қарастырылған болса, эллинизм дəуiрiнен бастап ол индивидке ауды. Феодализмде дiни сана адам даралығынан басым түссе, жаңа дəуiрде мəдениет адамды қайтадан барлық заттың өлшегiшiне айналдырды.

Адам құқықтарының бүгiнгi түсiнiгi либерализмнен бастау алады, ал оның көрнектi өкiлдерi Локк, Гроций, Монтескье, Джефферсон, Смит, Милль жəне т.б. болған. Осы ғұламалар адамның өмiр сүруге, қауiпсiздiкке, еркiндiкке, езушiлiкке қарсы қарсылық көрсетуге жəне т.б. iргелi құқықтарын мемлекеттен тəуелсiз жəне онымен қорғалуға тиiстi адам жүрiс-тұрысының табиғи, ажырағысыз жəне қасиеттi нормалары ретiнде негiздеген едi. Бұл жағдайда адам құқықтарының табиғи, жаратылыс сипаты дегенiмiз олардың адам туылғанынан пайда болуы, адам құқықтарының ажырамасыздығын жəне оларсыз индивидтi қоғам мүшесi, нағыз əлеуметтiк субъектi қылатын ерекше адамдық қасиеттерден айырылу қатерi пайда болатын олардың индивидке тiрi жан ретiнде тəн болуы, ал адам құқықтарының қасиеттiлiгiн оларды ең жоғары құндылықты мəртебе ретiнде қарастырғандықтан сыйлау, құрметтеу жəне оларға табыну деп

түсiнуiмiзге болады.

Алғашқы рет адам құқықтарының либералды концепциясы өзiнiң құқықтық бекiтiлуiн 1789 жылғы американдық құқықтар жөнiндегi Биллге негiз болған 1776 жылғы тəуелсiздiк Декларациясында көрiнiс тапты. Сəл кешiрек адамның негiз қалаушы құқықтары 1789 жылғы адам мен азамат құқықтарының франциялық Декларациясында бекiтiлдi.

Адам құқықтары категориясы – индивидтiң құндылығы жөнiнде, тұлға еркiндiгiн қамтамасыз ететiн құқық пен оның негiзiнде құрылған тəртiп жөнiнде көзқарастарды қалыптастырған жоғары гуманистiк мəдениеттi туындатқан христиан дiнiне негiзделген европалық өркениеттiң даму нəтижесi екенiн айтып кеткенiмiз жөн.

Сонымен қатар, өзге де, батыстық емес қоғамдарда адам құқықтары жөнiндегi идеялардың бастамалары қалаптасқан. Мысалы, қазақ даласында белгiлi бiр көшпендi демократия болған, оның негiзгi белгiлерi – индивидтiң қатал жауыздық (деспоттық) ережелермен езiлiп байланбауы, əйел адамның белгiлi бiр дəрежедегi еркiндiгi жəне теңдiгi, ежелгi жəне орта заманның отырыңқы егiншiлiк өркениеттерiне тəн билiкке құл ретiнде тiзе бүгушiлiктiң болмауы.

Қазақ хандарының билiгi ешқашанда қатал жауызды, (деспоттық) болмаған, ал көшпендi тайпалар жүз немесе ру басшылырымен келiспеушiлiк болған жағдайда əрқашанда басқа жерлерге қоныс аудару мүмкiндiгiне ие болған. Адам құқықтары Тəуке ханның Жетi Жарғы деп аталған заңдарында реттелген, онда индивидтiң жеке (азаматтық) жəне экономикалық құқықтары көрiнiс тапқан. Қоғамның кейбiр мүшелерiне берiлген саяси құқықтар ханды сайлау институттарынан көрiнiс табады.

Билер иститутының маңызы зор болған, олар жеке жəне ұжымдық дауларды шешу бойынша сот-əкiмшiлiк қызметтi атқарған едi жəне бұл институттың демократиялық сипатын би атағы тұлғаның тек халық арасындағы беделi негiзiнде берiлетiндiгiнен көруге болады. Тарихтағы Əбiлхайыр ханды өлтiргенi үшiн Барақ сұлтанды билердiң соттау фактiсi ақсүйектердiң сотталудан иммунитетi болмағанын көрсетедi. Қазақ жерiн патшалық режим отарлағаннан кейiн адам құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың дəстүрлi құрылымдары бiрте-бiрте жойылды.

Сонымен қатар, егер индуизм өркениетi туралы айтатын болсақ, оның негiзiндегi барлық қоғамдық өмiрдi егжей-тегжейлi реттейтiн ережелер жүйесiн құрайтын индуизм дiнi белгiлi бiр жүрiс-тұрыс жəне өмiр сүру қалпын белгiлеп, əдет-ғұрыптар мен дəстүрлердi саналы түрде бағалауға мүмкiндiк бермейтiн. Басқа да əлеуметтiк себептермен бiрге (экономикалық жəне ұлттық шашырандылық, қауымдардың тұйық оңашалануы) бұлқауымның, "кастаның" шартсыз билiгiн көрiп отырған адамның мақрұм қалуына үлкен əсер жасады.

Ислам негiзiнде дiнi жатқан мұсылман өркениетiнде тұлғаның жұрiс-тұрысын реттеудiң мақсаты - "дiндарлар" мүддесiн, жалпы ислам мүддесiн қамтамасыз ету. Өзiн осыған қарсы қойған адам ислам дiнiнен жаңылған болып саналып, ауыр жазаланған. Мұсылмандық құқық дiни сипатқа ие болғандықтан оның нормаларын сақтау "дiндарлар" үшiн дiни мiндет болып табылады. Мұсылмандық құқық мұсылмандардың тек сыртқы жүрiс-тұрысын ғана емес, оның негiзiндегi iшкi себептердi де егжей-тегжейлi реттеуге бағытталған. Бұл болса ислам ережелерiне сүйенген қауымға индивидтiң өз еркi бойынша, саналы түрде бағынуын белгiлейдi жəне сол кезде бұл "мемлекетке сенушiлiк" болып та табылады. Ислам мəдениетi бойынша индивидтiң билiкке деген талаптары ретiнде адам құқықтары идеясын қалыптастыру дiни ережелерiнiң мызғымастығына қол сұғушылық болып табылар едi.

Сонымен, еркiндiк пен адамның даралығы идеясын қалыптастырған христиан дiнiнiң негiзiндегi европалық өркениет қана индивидке барынша таңдау еркiндiгiн берiп адамды басшылық ететiн iлiмнiң негiзiн қалады.

ХV –ХVI ғасырлардан бастап, адам құқықтары мемлекеттердiң екiжақтық шарттарында бекiтiле бастады, ал ХХ ғасырда адам құқықтары бойынша көпжақтық келiсiмдер де қабылданды. Адам құқықтарын қорғауға арналған алғашқа халықаралық шарттар дiни азшылықтарды қорғау жөнiндегi европалық елдердiң екiжақтық келiсiмдерi едi. 1815 жылғы Вена конгресiнде поляк азшылығының құқықтарына кепiлдiк беретiн, яғни дiни емес, ұлттық азшылықтың құқықтарын қорғауға бағытталған құжат қабылданды. Сонымен бiрге, осы конгресте европалық мемлекеттер алғаш рет негрлердi сатуды жою туралы Декларацияны қабылдады жəне бұл құжат бойынша осындай əрекеттер абыройсыздық болып танылып, мемлекеттерден осы тəжiрибенi тоқтату талап етiлдi.

Ұлттар Лигиясының шеңберiнде халықтың ең осал топтарының бiрi - ұлттық азшылықтарды арнайы халықаралық қорғау жүйесi алғаш рет орнатылды. Бiрақ, қорғау

механизмiнiң ойластырылмағандығынан, сондай-ақ осы саладағы Ұлттар Лигиясы мүшелерiнiң мiндеттер көлемiнiң теңсiздiгiнен, бұл жүйе құрушылырдың үмiтiн ақтамады.

Бiрiккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) құрылғаннан кейiн адам құқықтары осы ұйым қызметiнiң негiзгi бағыттарының бiрiне айналды. БҰҰ Жарғысында адам құқықтарына бiраз көңiл бөлiнген. Мысалы, бұл құжаттың кiрiспе бөлiмiнiң өзiнде БҰҰ-ң негiзгi мақсаттарының бiрi ретiнде "адамның негiзгi құқықтарына, адам баласының абыройы мен қадiр-қасиетiне, ерлер мен əйелдердiң теңқұқықтығына жəне үлкен мен шағын ұлттардың теңдiгiне сенушiлiктi қайта бекiтуге" белбайлаушылық белгiленген. Осымен бiрге, Жарғының 1 бабы БҰҰ-ң басты мақсаттарын айқындай отырып, солардың iшiнде нəсiлiне, жынысына, тiлi мен дiнiне қарамастан барлығы үшiн адам құқықтары мен негiзгi бостандықтарын құрметтеудi мадақтау жəне дамыту бойынша халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыруды атайды (1 баптың 3

тармағы). Адам құқықтарының негiз қалаушы сипаты Жарғының 55 бабымен де расталады, ол жерде былай делiнген - "халықтарды" өзiн-өзi билеу жəне тең құқықтығы қағидасын құрметтеуге негiзделген ұлттар арасындағы бейбiтшiлiк жəне достық қарым-қатынастар үшiн қажеттi тұрақтылық жəне тыныштық жағдайын қалыптастыру мақсатында, Бiрiккен Ұлттар Ұйымы:

а) Халақтың өмiр сүру деңгейiн, толық еңбек бастылығын көтеруге жəне экономикалық пен əлеуметтiк өрлеу мен даму шарттарына;

б) Экономикалық, əлеуметтiк, денсаулық сақтау жəне осы сияқты салалардағы халықаралық мəселелердi шешуге; мəдениет пен бiлiм беру саласындағы халықаралық ынтымақтастыққа;

с) Нəсiлi, жынысы, тiлi мен дiнiне қарамастан барлығы үшiн адам құқықтары мен негiзгi бостандықтарын жалпылай құрметтеуге жəне сақтауға көмектеседi.

55 бапта орнатылған БҰҰ мақсаттары қалай алсақ та адам құқықтарын қамтамасыз ету iсiмен байланысты. Оларды ажырататын жалғыз белгi – адам құқықтарын əртүрлi салаларда, əртүрлi деңгейде жəне əртүрлi бағыттар бойынша қамтамасыз етуге арналуы. Алайда, бұл мақсаттардың негiзгi екпiнi – ол, адам, оның құқықтары мен бостандықтары.

Сонымен, БҰҰ-ң негiзгi қызметiнiң барлығы қай деңгейде болса да түбiнде адам құқықтарын қорғауға бағытталған деп айтуға болады.

Сонымен қатар, адамның құқықтары мен негiзгi бостандықтарын қорғау қазiргi халықаралық құқықтың негiз қалаушы қағидаларының бiрi болып табылады жəне мемлекеттердiң iшкi құқығының да, халақаралық құқықтың да бiрде бiр əрекет күшiндегi нормасы осы императивтi қағидаға қайшы келе алмайды.

Бұл қағиданың нормативтi мазмұны 1975 жылғы Евуропадағы қауiпсiздiк пен ынтымақтастық Мəжiлiсiнiң (ЕҚЫМ/СБСЕ) Хельсинкiлiк Қорытынды актiсiнiң құрамдас бөлiгi болып табылатын "Қатысушы-мемлекеттердi" өзара қарым-қатынастарында басшылыққа алатын қағидалар Декларациясында ашылған. Осы құжатқа сəйкес мемлекеттер адам құқықтарының барлық кешенi адам баласына тəн қадiр-қасиеттен туындайды жəне оның еркiн де толық дамуы үшiн маңызды болып табылады деп таныды. Сонымен қатар, қатысушы-мемлекеттер барлық елдер арасындағы достық қарым-қатынастар мен ынтымақтастықтың дамуын қамтамасыз ету үшiн қажеттi бейбiтшiлiктiң, əдiлдiк пен тыныштықтың маңызды факторы болып табылатын адам құқықтары мен негiзгi бостандықтарын құрметтеудiң жалпылай маңызын таныды. Осының негiзiнде, мемлекеттер адам құқықтарын құрметтеуге, олардың тиiмдi жүзеге асуын мадақтауға жəне дамытуға, осыған көмектесуге, сондай-ақ осы салада БҰҰ Жарғысы мен Адам құқықтарының жалпылай Декларациясының мақсаттары мен қағидаларына сəйкес əрекет етуге, осы саладағы халықаралық келiсiмдер бойынша өздерiнiң мiндеттерiн орындауға мiндеттемелер алды жəне адамдардың өз құқықтары мен мiндеттерiн бiлу жəне соларға сəйкес əрекет ету құқын растады.

Адам құқықтарын құрметтеу қағидасының құрамында өзiнiң ар-ожданына сəйкес дiнге сенуiне тұлғаның еркiндiгiн құрметтеу жəне тану қажеттiлiгi жөнiндегi, сондай-ақ ұлттық азшылықтарға жататын тұлғалардың құқықтарын сыйлау жəне оларға адам құқықтары мен бостандықтарын iс жүзiнде толық қолдану мүмкiндiгiн беру жөнiндегi ережелер бөлек белгiленген.

Сонымен, халықаралық бейбiтшiлiк пен қауiпсiздiктi, сондай-ақ мемлекеттер мен мемлекетаралық қатынастардың тұрақтылығы мен тыныштығы адам құқықтарын жəне негiзгi бостандықтарын құрметтеу мен тiкелей баланыстырылды.

Осы байланыс БҰҰ қабылданатын əртүрлi құжаттарда əрдайым расталып отырады. Мысалы, 16 желтоқсан 1970 жылғы халықаралық қауiпсiздiктi нығайту жөнiндегi БҰҰ Декларациясында

"адам құқықтары мен негiзгi бостандықтарын жалпылай құрметтеу жəне толық жүзеге асыру жəне осы құқықтарды бұзушылықты жоқ қылу халықаралық қауiпсiздiктi нығайтудың қажеттi де кейiнге қалдырылмас шарты болып табылады" деп тағы да белгiлендi жəне осыған байланысты "езушiлiктi", зұлымдық пен кемсiтушiлiктiң барлық нысандары, əсiресе жасалған жерiне қарамастан нəсiлшiлдiк пен нəсiлдiк кемсiту сөгiске алынды (22 тармақ). Бұл халықаралық қатынастардың қалпы мен дамуына үлкен ықпалын жасаған маңызды жайт.

Адам құқықтарын қорғау қазiргi əлемдегi халықаралық саясаттың негiз қалаушы қырларының бiрiне айналды.

Адамзаттың прогрессивтi күштерiнiң адам құқықтары үшiн күресi өзiнiң логикалық көрiнiсiн БҰҰ Бас Ассамблеясымен 10 желтоқсан 1948 жылы қабылданған "Адам құқықтарының жалпылай Декларациясынан" тапты. Бұл адамзат тарихындағы адам құқықтары мен негiзгi бостандықтарының тiзiмiн бекiткен алғашқы халықаралық құжат. Бұл актiнiң қабылдану себептерiнiң бiрi – БҰҰ Жарғысы нəсiлi, жынысы, тiлi мен дiнiне қарамастан барлығы үшiн адам құқықтары мен негiзгi бостандықтарын жан-жақты мадақтау жəне құрметтеу iсiне мемлекеттердiң мiндеттерiн бекiте отырып, бұл құқықтардың тiзiмiн белгiлемеуiнде.

Соңғы екi-үш онжылдықтың iшiнде адам құқықтары мен бостандықтарының мəселесi бiр қатар себептерге байланысты саяси күрестiң орталығына айналды. Бұл сауал бойынша халықаралық қауымдастық айтарлықтай жетiстiктерге қол жеткiздi. Осыған қарамастан, əлде де көп елдер адам құқықтары мен бостандықтарын жалпы адамзат құндылықтары ретiнде танудан алшақтау. Мəселен, Венада 1993 жылы өткен адам құқықтары жөнiндегi Конференцияда тек бiрнеше азиялық мемлекет қана, оның iшiнде Жапония мен Оңтүстiк Корея, адам құқықтарын əмбебап құндылық ретiнде қарастыруға шақыратын резолюцияны қолдады.

Бұл ең алдымен азия елдерiнiң адам құқықтарына бiрегей көзқарасының болмауына байланысты. Олардың көпшiлiгi адамның жеке құқықтары категориясын өз өркениеттерi үшiн бөтен деп санайды, өйткенi көптеген шығыс қоғамдарында адамның жеке құқықтары емес ұжымдық құрылымдардың (отбасы, ру, тайпа жəне т.б.) құқықтары бiрiншi орынға қойылады. Ал, Иран сияқты мемлекет Вена конференциясында адам құқықтары жəне оларды бекiткен халықаралық құжаттар иудалық-христиан өркениетi құндылықтарының көрiнiсi болғандықтан бұл елдiң мұсылман қайымымен қабылдана алмайды деп ашық жариялады. Демек, мəдени релятивизм бұл саладағы ең ауыр мəселелерiнiң бiрi.

Адам құқықтарының толық жүзеге асыру үшiн дамышы елдердiң сыртқы қарыздары, шектен асқан қайыршылық мəселелерiн, нəсiлшiлдiк пен нəсiлдiк кемсiтудiң, ксенофобия мен осыларға байланысты төзiмсiздiктiң əртүрлi нысандарының болу мəселелерiн шешудiң маңызы зор.

Адам құқықтарының барлық кешенiн iс жүзiнде жүзеге асыру жан-жақты да кешендi iс болып табылады жəне оның шешiлу деңгейi жеке елдердiң де, барлық адамзат өркениетiнiң де даму деңгейiн, өрлеуi мен адамгершiлiгiн сипаттайды. ХХI ғасыр табалдырығында адам құқықтарын сақтау жəне құрметтеу iшкi жəне халықаралық саясаттың адамгершiлiк өлшемiнiң маңызды белгiсiне айналуда. Адам құқықтарын құрметтеу арқылы жекелеген мемлекеттер мен жалпы əлемде тұлғаның жоғарғы құндылығы орнығады.

Жеке елдердiң шеңберiнде адам құқықтарын сақтау бекем дамудың қажеттi шарты болып табыларды, халықтарды əртүрлi тоталитарлық жəне өзге де сынақтардан, агрессивтi iшкi жəне сыртқы саясаттан сақтайды.

Дүниежүзiлiк деңгейде адам құқықтарын сақтау жəне құрметтеу халықаралық қатынастарды шынайы адамгершiлiк қағидалар негiзiнде құрудың бейбiтшiлiктi сақтау мен нығайтудың кепiлi.

Тұлға құқықтарын құрметтеу халықтар арасындағы сенiмдiлiктi нығайтуға көмектеседi, адамдар арасындағы жан-жақты байланыстар мен ынтымақтастық үшiн қолайлы жағдай жасайды, халықаралық қатынастарға өнегелi негiз енгiзедi.

Т. Х. Ғабитов

Философия

Оқулық

ЖШС «Заң əдебиеті» бас директоры Жансеитов Н. Н.

Оператор: Умурова Г.О.

Заң əдебиеті баспасы

050057 Алматы қ., М. Өзтүрiк к-сi, 12 үй.

Тел/факс: (3272) 747-833, 742-650. Е-mail: law_literature@nursat.kz