
Габитов-Философия_pih
.pdf"Этникалық топтардың этностан, өзiнiң негiзгi массасынан ешқандай айырмашылығы болмайды, бiрақ олардан алшақтап кеткендiктен, олардың территориялық тұтастығы болмайды. "Этнос" пен "этникалық топ" арасындағы ең басты айырмашылық осымен сипатталады. Этникалық топтар ұйымдасу жолдарының айырмашылығына орай, өз
кезегiнде, ирридента жəне диаспора деп бөлiнедi. Ирридента – бұл өзге мемлекеттiң территориялық экспансиясының негiзiнде бөтен этникалық аймақтарды қосып алу нəтижесiнде құрылған этникалық топтың бiр бөлiгi болып табылады; диаспора - өзiнiң негiзгi этникалық территориясынан бөтен этникалық аймаққа миграция жасаудың негiзiнде түзiлген этникалық топтың бөлiгi. Этникалық қауымдардың бiрлiктерi арасында "этноұлт" ерекше көзге түседi. Бұл белгiлi бiр саяси құқықтарға ие болуға, ең алдымен жергiлiктi өзiн-өзi басқару мен тiлдiк құқықтарды мойындатуға ұмтылатын этникалық топтың саясаттандырылған бөлiгiн бiлдiредi.
"Этнос" барлық этникалық қауымдардың iшiндегi орталық таксон болып табылады. Себебi, бiрiншiден, дəл осы "этностан" этникалық қауымдардың, этникалық жəне
этносаралық қатынастардың күрделiлену жағына қарай жəне қарапайымдану жағына қарай өзгеру процесi басталады; екiншiден, барлық этникалық қауымдар арасында "этнос" ең шатасып кеткен жəне пiкiр талас тудырушы этникалық бiрлiк болып табылады жəне ол туралы осы уақытқа дейiн бiрауызды келiсiм жоқ.
Бiздiң пiкiрiмiзше оған мынадай анықтама беруге болады: этнос - өздерiн өзге қауымдарға қарсы қоятын, шығу тегi жөнiнде ортақ мифi бар, өзiндiк сана-сезiмiмен, өзiндiк атауымен (этноним) жəне өзiндiк бiрегейлiгiмен өзгелерден ерекшеленетiн күрделi динамикалық жүйе. Бұл берiлген анықтама жүйелiк тəсiлге негiзделген, ол қасиеттердi, сипаттық белгiлердi iздеуге емес, байланыстарға сүйенедi, өйткенi белгiлер этногенез барысында өзгерiп, уақыт өте келе оның кейбiреулерi өзiнiң өзектiлiгiн жоғалтады. Сондықтан бұрынғы анықтамалар этноболмыспен қайшылыққа келiп, олардың талабына
жауап бере алмайды. Сонымен, этнос ең алдымен күрделi, динамикалық жүйе, бiрiншiден күрделi, өйткенi бұл географиялық, биологиялық, психологиялық, əлеуметтiк
құбылыстардың жиынтығы, олардың күрделi қосындысы; екiншiден динамикалық, өйткенi ол дамудың барлық сатыларынан өтетiн, өркендеу мен құлдыраудан өтетiн өзгермелi құбылыс; үшiншiден арнаулы жүйе бола отырып, ол арнаулы байланыстарға негiзделген адамдардың бүтiндiгi. Бұл жүйелiк байланыстағы маңызды нəрсе "өзiмiз" жəне "бөтендер" деген ажыратушылық принципке негiзделген өздерiн өзге этникалық қауымдарға қарсы қоюшылық болып табылады. Əрбiр этностың өзiнiң щығу тегi жөнiнде мифi бiр. Оның миф
деп айтылатын себебi – бүгiнгi күнгi барлық этностардың өз негiздерiнде метистер
(будандар) екендiгi даусыз. Этностарды бiр-бiрiнен ерекшелендiретiн басты алғышарт бейiмделудiң жоғарғы формасы болып табылатын жүрiс-тұрыс стереотипi. Жүрiс-тұрыс стереотипi ұғымын түсiндiруде Л.Н.Гумилевпен келiсуге болады: "жүрiс-тұрыстың бұл ерекше тiлi М.Е.Лобашев көрсеткендей, қан арқылы емес, шартты рефлекске негiзделген сигналдық мұрагерлiк тетiгi арқылы берiледi жəне кейiнгi ұрпақтың ата-аналары мен қатар құрбыларына елiктеу арқылы алынған жүрiс-тұрыс стереотиптерi сонымен бiр мезгiлде
бейiмделушi əдетi де болып табылады" (Этносфера, 101-102 беттер).
Қоғамтануда жүрiс-тұрыс стереотипi əлеуметтiк өзара қатынастардың модификациясы жəне дəстүр ретiнде белгiлi. Əрбiр этнос үшiн өзiнiң жүрiс-тұрыс
стереотипi өмiрқамының жалғыз тəсiлiн бiлдiредi, сондықтан да жүрiс-тұрыстың бұл типi берiлген этнос үшiн қалыпты болғанымен, өзге этностар үшiн ауыр болып саналады. Бұл
мынадай қызықты тарихи айғақтармен дəлелденедi: "Иудейлер римдiктердi шошқаның етiн жегенi үшiн жек көрсе, ал римдiктерге олардың сүндетке отырғызу дəстүрi ерсi
көрiндi. Палестинаны жаулап алған серiлер (рыцарлар) арабтардың көп əйел алу дəстүрiне қарсы болса, арабтар француз əйелдерiнiң бетi ашық жүргенiн ұятсыздықтың көрiнiсi деп есептедi". Жəне, ақырында өзiндiк сана-сезiм мен өзiндiк атаудың болуы этностың ерекшелiк белгiсi болып табылады, өйткенi кез-келген халық өзiн этнос ретiнде сезiнiп, өзiн өзгелерден этноним арқылы ажыратып алмаса, онда ол этнос ретiнде
қалыптаса алмайды.
Өзiндiк бiрегейлiк (самоидентификация) берiлген қауымның өзгелерден ерекше жүрiс-тұрыс стереотипi бар, өзiн айрықша халық деп анықтауын бiлдiредi. Əрбiр этностың
болуы немесе болмауы, өрекендеуi немесе құлдырауы ондағы пассионарийлер мен субпассионарийлерге байланысты. Пассионарлық теориясын Л.Н.Гумилев тiрi ағзаның өсуi, көбеюi жəне барлық типте əрекет етуi тiрi заттың биохимиялық энергиясына байланысты деген В.И.Вернадскийдiң жаңалығына негiздеп ашқан болатын. Адамзат
ұжымдарында (этностарда) энергияның тасқыны тарихи материалдарда пассионарлық нүктелер ретiнде сипатталатын мақсатты түрде белсендiлiктiң оянуын тудырады. Пассионарийлер – бұл сыртқы ортадан энергияны өз өмiрқамына арналған мөлшерден артық ала алатын қабiлетi бар этностың бiр бөлiгi. Бұл энергия мақсатты түрде əрекет етуге бағытталады, сондықтан берiлген этностың дамуы пассионарийларге бағынышты болады. Бiрақ бiрде-бiр этнос үнемi даму жағдайында бола алмайды, ертелi-кеш құлдырауға ұшырайды жəне бұл сол этникалық ортада субпассионарийлердiң, яғни инстинкт қажеттiлiгiн реттеуге керек мөлшерден аз энергия қабылдайтын мутанттардың пайда болуымен байланысты.
Этносқа қарама-қарсы антижүйе ретiнде Л.Н.Гумилев "химералық этнос" деген жаңа
ұғым енгiздi. Бұл сəйкес емес этноспен байланыс жасаудың нəтижесiнде пайда болатын терiс дүниетанымдағы "деэтникалық қауымды" сипаттау үшiн қолданылды. Химералық этностың негiзгi ерекшелiгiнiң бiрi, оларда "этникалық аннигиляция" орын алып, дамуы мен онан ары өмiр сүруi тоқтатылады. Сондықтан этникалық қауымның бұл түрi онан ары тармақталмайды.
Макроэтникалық немесе метаэтникалық қауымдар көпұлтты (полиэтникалық) мемлекеттердiң құрамында қалыптасады. Бұл iшкi бөлiнiстер сақталғанымен этностар мен этникалық топтар жалпы өзiндiк сана-сезiмге ие бола отырып iрi қауымға бiрiккен жағдайда жүзеге асады.
Этникалық қауымдардың келесi деңгейi суперэтнос болып табылады. Суперэтнос өз менталитеттерi жағынан бiр-бiрiне жақын бiрнеше этностардан құралады жəне үнемi
саяси бiрлiгi болмағанымен идеялық-дiни немесе мəдени жағынан бiртұтас болып келедi. Суперэтнос туыс, дiнi мен мəдениетi бойынша жақын этностардан құралады.
"Суперэтнос" терминiнiң Л.Н.Гумилев ғылыми айналымға енгiзгенге дейiн бұл этникалық қауым "өркениет", "мəдениет" немесе "əлем" ұғымдары арқылы анықталып келедi, мысалы, "ислам əлемi", "шығыс өркениетi" жəне т.б. Суперэтнос жəне метаэтникалық қауым сатының ең жоғарғы таксоны болып табылады. Этноспен салыстырғанда метаэтникалық қауым жəне суперэтнос этноинтеграциялық байланыстың да, этнодифференциялық байланыстың да баяу қарқынмен сипатталады.
4.3.7. Этникалық жəне этносаралық процестер
К.Ясперстiң қызықты əрi терең идеяларының бiрi адамзат қарым-қатынасы мен оның негiзiндегi өзара түсiнiстiкке талдау жасау философияның терең мəселесiн құрайды деген ойы болатын. Бұл ой этносаралық қатынас пен өзара түсiнiстiктiң маңызды дүниетанымдық мəселе екендiгiн аңғартады.
Методологиялық маңызы жоғарыда көрсетiлген этникалық қауымдардың əртүрлi
деңгейiн бейнелейтiн ұғымдар бiрiншi ұғымдық жүйеге жатса, методологиялық маңызы
бұлардан еш кем түспейтiн этникалық жəне этносаралық процестердi бейнелейтiн ұғымдар екiншi ұғымдық жүйеге жатады. Кейде осы екiншiсiнiң маңыздылығы жоғары деп есептеледi, өйткенi дəл осы этносаралық жəне этникалық процестерге жəне олардың сəйкес категориалдық аппараттың көмегiмен қаншалықты терең əрi объективтi
бейнеленуiне өте көптеген мəселелер бағынышты. Сондықтан, екiншi ұғымдық жүйеде де бiрiншiсiмен қатар iргелi (фундаменталды) методологиялық мəселелерге жатады, бұл
тұрғыда əлеуметтiк философия белгiлi дəрежеде рөл атқарады.
Этникалық қауымдар динамикалық жүйелер болып табылады, олар, бiр жағынан, өзiнiң жеке дамуының нəтижесiнде, екiншi жағынан, этносаралық байланыстардың нəтижесiнде үнемi өзгерiстерге ұшырап отырады. Қазiргi қоғамтанулық ғылымда бұл өзгерiстер этникалық жəне этносаралық процестер ретiнде анықталады.
Əртүрлi сипаттағы, əртүрлi бағыттағы этникалық жəне этносаралық процестердi
реттеу жəне жүйелеу үшiн, этносаладағы процестердi объективтi жəне жан-жақты ашуда оларды дұрыс пайдалану үшiн оларға типология жасау қажет болады. Бұл жағдайда
американдық ғалымдардың дұрыс бағалағанын ескеру қажет, яғни "табысты концептуалды талдау жасаудың критерийi терминологияның толықтығымен емес, негiзгi терминдердi дұрыс таңдаумен, олардың өзара байланысты қызмет етуiнiң жүйелiгiмен сипатталады" жəне осыған қоса "əрбiр терминнiң мазмұндылығы, мəндiлiгiмен" қатар
берiлген процестердi толық қамту, олардың объективтiлiгi жатады.
Бастапқыда, этникалық процестер тек этникалық тиесiлiктiң өзгеруi ретiнде ғана қарастырылды жəне бұл терминдi алғаш рет 1920-жылдары Н.Я.Марр қолданды. Кеңестiк қоғамтанулық ғылымда этникалық процестердiң барлық алуан түрлерiн "гүлдену", "жақындасу", жəне "бiрiгу" сияқты шектен тыс идеологияландырылған жəне саясаттандырылған ұғымдарға əкелiп тiредi, "ассимиляция" ұғымы көп қолданылмады, қолданылған жағдайда зорлық-зомбылық жолымен емес, табиғи жолмен жүзеге асу ретiнде түсiндiрiледi.
Этникалық процестер "тарихи процестiң барысында жекелеген этникалық элементтердiң, этнос бөлiктерiнiң жəне бүтiндей этностың түбiрлi өзгерiске ұшырауын,
сонымен қатар жаңа этникалық қауымдардың пайда болуын бiлдiрдi". (Этнография и смежные дисциплины, 53-бет).
Этникалық жəне этносаралық процестердi талдау, олардың кеңестiк, кейiнгi кеңестiк жəне шетелдiк қоғамтанулық ғылымдардағы түсiндiрiлуi этникалық ғылымдардағы түсiндiрiлуi этникалық жəне этносаралық процестердiң төмендегiдей типологиясын жасауға мүмкiндiк бередi. Бiрақ, алдымен мына нəрселердi анықтап алу қажет. Этникалық қауымдарды бейнелейтiн негiзгi ұғымдарды унификациялауға, оларды тұтас жүйеге мүмкiндiк беретiн ұғымдық жүйемен, яғни этникалық қауымдарды жiктеумен салыстырғанда, этникалық процестерге типология жасауда бұл жағдай мүмкiн емес жəне керек те емес. Егер бiздiң ғылыми əдебиетте типология жасалса, ал шетелдiк əдебиетте – этникалық процестер дамуының кезеңдерi қолға алынады. Егер бұл мəселенi шешудегi
бiздiң тəсiл бүтiндей этникалық процестердi қорытындылайтын тұтастық ретiнде сипатталса, ал шетелдiк зерттеушiлер бұл тəсiлдi қосымша толықтыра түсетiндей жəне
бұл нақтылау, ең алдымен этнобiрiктiрушi процестерге қатысты болады.
Этникалық процестердiң барлық алуан түрi этноэволюциялық жəне этнотрансформациялық процестер деп бөлiнедi. Этноэволюциялық процестер этностың кейбiр шектелген элементтерiмен ғана жекелеген отырып, этностың негiзiн бұзбайды жəне түбiрлi өзгерiстерге алып келмейдi. Сондықтан бұл процесс берiлген этностың төңiрегiнде ғана iске асып, жаңа этникалық түзiлiмдердiң құрылуына алып келмейдi.
Этникалық процестердiң бұл типiмен салыстырғанда этнотрансформациялық процестер
күрделi əлi көпсатылы процесс болып табылады жəне оның нəтижесiнде бiр этникалық қауымдар жойылып, келесiлерi пайда болып отырады. Бұл процесс өз кезегiнде
этнобiрiктiрушi жəне этноажыратушы процестер деп бөлiнедi.
Этноажыратушы процестердiң өзi де күрделi құрылым жəне ол былайша бөлiнедi: этникалық парциация – тұтас этностың бiрнеше дербес қауымдарға бөлiнiп, өзiнiң өмiр сүруiн тоқтатуы; этникалық сепарация – этностың тек бiр бөлiгiнiң бөлiнiп, дербес этносқа
айналуы; этникалық дисперсиялану – этностың бiр бөлiгi одан да бөлiнiп, ол жеке этносқа
айналмай, этникалық топ ретiнде қалыптасады.
Этнобiрiктiрушi процестер өзiнiң құрылымы жағынан жоғарыдағыдан да күрделi жəне
консолидация, этносаралық интеграция, ассимиляция жəне этникалық миксация деген типтерге бөлiнедi, ал бұлардың кейбiрi өз кезегiнде бiрнеше түрлерге бөлiнедi. Мысалы,
консолидация iшкiэтникалық жəне этносаралық деп бөлiнедi. Егер iшкiэтникалық консолидация этностың құрамына кiретiн субэтникалық жəне этнографиялық топтардың
айырмашылықтарын алып тастау арқылы бiр этносқа бiрiгуi болса, ал этносаралық консолидация тiлi жəне мəдениетi жағынан туыс тайпалардың жаңа, iрi этносқа, яғни
суперэтносқа бiрiгуiн бiлдiредi. Келесi тип ассимиляция жекелеген дербес этностардың немесе оның кейбiр өкiлдерiнiң өзге этностың, əдетте неғұрлым iрi этностың құрамына сiңiп кетуi. Ассимиляция табиғи жəне зорлық-зомбылық деп бөлiнедi. Табиғи
ассимиляция - əртүрлi этникалық топтардың тiкелей қатынасы нəтижесiнде, мысалы,
аралас неке арқылы iске асса, ал зорлық-зомбылықты ассимиляция бөтен этникалық ортада этнос дамуының күшпен, қысыммен ассимиляцияның жасанды жеделдетiлуiн
бiлдiредi. Этногенетикалық миксация да этнобiрiктiрушi процестерге жатады жəне бiрнеше туыс емес этностардың бiр-бiрiн физикалық алмастыруы арқылы iске асатын өзара əрекет нəтжесiнде жүзеге асады. Шетелдiк əдебиетте бұл процестi белгiлеу үшiн “амальгация” немесе “мисцегенация” ұғымдары қолданылады. Бұл типтер неғұрлым
тығыз этникалық процестермен сипатталады жəне, əдетте, жаңа этностардың түзiлуiмен аяқталады. Осы барлық бiрiктiрушi процестердiң барлығының iшiнде этносарлық интеграция ерекше көзге түседi. Этнобiрiктiрушi процес ретiнде этносаралық интеграция тiлi мен мəдениетi əртүрлi этностардың өзара əрекетiн бiлдiредi жəне осының нəтижесiнде өзiндiк сананың бiрқатар ортақ элементтерi мен сипаттары пайда болып, жаңа этностың емес, метаэтникалық немесе этносаралық қауымның пайда болуына əкеледi.
Этикалық процестердiң даму кезеңдерiнiң де өз күрделi құрылымы бар. Бұл, ең алдымен, жеке этникалық жəне этносаралық процестер. Жеке этникалық процестер өзiнiң құрылымы жағынан аса күрделi емес, өйткенi бұл шетелдiк қоғамтану ғылымында
“сақырлап қайнап жатқан қазан” деп сипатталатын iшкi этникалық процеспен байланысты. Жəне бұл этникалық қайта өрлеумен жəне этностық iшкi топтасуымен байланыстырылады. Ал этносаралық процестердiң, əсiресе этнобiрiгуге негiзделген процестердiң құрылымы анағұрлым күрделiрек.
Бұл берiлген жағдайда этносаралық процестер бiрнеше жекелеген кезеңдерге бөлiнедi. Этносаралық процестердiң ең бастапқы жəне қарапайым формасы алғашқы түйiсу болып табылады жəне бұл жерде этносаралық контакт емес, бiр этнос өкiлдерiнiң келесiсiнiң мəдениетi жəне тұрмысымен танысу ғана орын алады. Тек “адаптация” (бейiмделу) мен “аккомодация” ғана этностар арасындағы нақты байланысты, бөтен этникалық ортаға бейiмделудi бiлдiредi. Шетелдiк əдебиеттерде адаптацияның бастапқы кезеңiн маргиналдық кезең деп те атайды жəне бұл кезең автостереотиптiң
өзгере бастауы мен өзiн жаңа қоғаммен бiрегейлендiре бастауының аралығын сипаттайды. Қазiргi батыстық əлемде этникалық плюрализм формасы кеңiнен таралған.
Бұл кейбiр жекелеген элементтерi ортақ, тұтас ұлттық-мемлекеттiк қауымдастықты бiлдiретiн əртүрлi этностардың қатар өмiр сүруi болып табылады. Бұл ұғым жоғарыда қарастырылған “этносаралық интеграция” түсiнiгiмен белгiлi деңгейде сəйкес келедi. Этникалық плюрализм бiрнеше түрлерге бөлiнедi. Мəдени плюрализм немесе аккультурацияның нəтижесiнде өзге этностың кейбiр жекелеген элементтерiн, нормаларын, құндылықтарын игерумен байланысты этнос мəдениетiнде өзгерiстер
болады. Келiсiмдiк плюрализм шетелдiк əдебиеттерде этникалық тиесiлiктiң, этникалық
ұйымдасудың жəне этникалық өзiндiк бағыттың ерекшелiктерi сақталатын этносаралық процестер деп анықталады. Дұшпан плюрализмде этносаралық қайшылықтар шиеленiсе түседi. Жəне, соңғысы, ресми плюрализм аз топтардың ерекшелiгiн құқықтық қорғау мен олардың автономиясының кепiлiн бiлдiредi.
Этносаралық процестердiң келесi кезеңi өте тығыз байланыспен сипатталып, ассимиляция ұғымымен түсiндiрiледi жəне аз топтың жойылып, бiрте-бiрте үстем этноспен
сiңiсуiн бiлдiредi. Шетелдiк əдебиетте ассимиляция қуғындау, жою жəне сегрегация
жолымен жүретiн - зорлық-зомбылықты жəне өзге мəдениеттi үнемi игеру арқылы iске асатын - бейбiт ассимиляция деп бөлiнедi.
Берiлген жағдайда ағылшындандыруды зорлық-зомбылықты ассимиляция деп айтуға болады, өйткенi ол ағылшындық құндылықтарды таңып, өз тiлiңнен, мəдениетiңнен жəне
т.б. бас тартуды бiлдiредi. Бұл процеспен салыстырғанда дұрыс қазан прогресивтi, өйткенi ол дискриминацияны, бiр этникалық топтың үстемдiгiн терiске шығарады.
“Дұрыс қазан” барлық этникалық айырмашылықтарды қайта қайнату нəтижесiнде жаңа этностың пайда болуын бiлдiредi. Дұрыс қазанның үш тұтастықты процесi бiрқатар
кезеңнен өтедi: конфессионалдық, кейiннен мемлекеттiк ортақтық шеңберiндегi айырмашылықтарды өшiру.
Этносаралық процестердiң соңғы кезеңi шетелдiк əдебиетте „амальгамация” немесе „мисцегенация” деп белгiленедi жəне нəсiлдiк-мəдени топтардың биологиялық алмасуын бiлдiредi. Этникалық жəне этносаралық процестердiң сипаттамасын жəне олардың
классификациясын аяқтай отырып, бұл процестердiң қозғалыссыз қалпында берiлген типологияға сəйкес келгенiмен, динамикада мұның көрiнiсi бiр мағынада бейнеленбейдi. Бұл процестер этникалық қауымдардың əр түрлi деңгейлерiнде жəне əртүрлi бағыттарында бiр мезгiлде iске асады. Этносаладағы нақты процестер мен оқиғаларды
талдау барысында бiз əрқашанда оның күрделiлiгiн, бiрмезеттiлiгiн, қайшылықтылығын жəне əртүрлi бағыттылығын ескеруiмiз қажет.
4.4 Техника философиясы
4.4.1 Техника философиясы қазiргi батыстық философияның бiр бағыты ретiнде
Философия тарихында адамзат өркениеттерiн, тарихты зерттеуде, талдауда əртүрлi тəсiлдер, принциптер, критерийлер қолданылады. Олардың қатарына экономикалық, географиялық, биологиялық, дiни, гуманистiк детерминизмдердi жатқызуға болады. Олардың арасында қазiргi қоғам өмiрiндегi бүгiнгi өзгерiстердi неғұрлым толық бейнелейтiнi технологиялық детерминизм болып табылады. Технологиялық детерминизм
– бұл қоғамдық дамудағы техниканың анықтаушы рөлi туралы көзқарастардың, постулаттардың бiрiккен жиынтығы. Шындығында да қазiргi өмiрде теника мен технологияның маңызы жəне рөлi орасан зор.
“Адаммен бетпе-бет келген бұл мəселенiң маңыздылығы сонша, - деп жазады К.Ясперс, - қазiргi уақытта техника бiздiң ахуалымызды түсiнудiң басты мəселесiне
айналды. Қазiргi техниканың өмiрдiң барлық салаларына енгiзiлуiн жəне оның бiздiң өмiр сүруiмiздiң барлық қырларына тигiзген салдарын қайта бағалау мүмкiн емес. Мұны түсiнбей жəне ойлау барысында дəстүрлi тарихи таңбаларды қолдана отырып бiздiң қазiргi жəне өткен өмiрiмiздiң арасында салыстыру жүргiзу мүмкiн емес. Өткен мен бiздiң заман арасында параллель жүргiзу үшiн мiндеттi түрде қазiргi техникамен байланысты орын алған радикалды өзгерiстердi ескеру қажет” (Смысль и назначение истории, М., 1991, 113-бет).
Техника мен технология бүгiнгi қоғамның жедел дамуының маңызды факторына айналды жəне техника ықпалын тигiзбеген адам өмiрiнiң бiрде-бiр саласы қалмады. Қазiргi коммуникация құралдарының арқасында мемлекеттiң еркi оның ең шалғай аудандарына дейiн қамтып, кез-келген уақытта əрбiр үйде өзiн бiлдiре алады. Техниканың
əсерiмен терең процестер орын алады, еңбек өнiмдiлiгi өте шапшаң өседi. Оның мазмұны өзгередi. Қоғамның əлеуметтiк құрылымы өзгередi. Оның үстiне адам да өзгередi. Қазiргi
техника тiптi адамның терең тылсымдық жақтарына да ықпалын тигiзедi. Егер ертеректе адамға табиғаттағы да, əлеуметтiк саладағы да өмiр сүрудiң өзгерген жағдайларына бейiмделуi үшiн жеткiлiктi дəрежеде уақыт бөлiнсе, ал қазiр табиғат пен қоғамдағы техника мен технологияның ықпалмен болатын өзгерiстердiң жылдамдығы сонша, қазiргi адам өмiр сүрудiң өзгерген жағдайларына бейiмделiп үлгiре алмайды жəне əрқашанда таусылмайтын жаңа мəселелердiң үнемi туындап отыруына əкеледi. Осыған байланысты
қазiргi философияда адам мəселесiн зерттеудiң техника философиясы түрiндегi жаңа
қырын қою қажеттiлiгi туындайды.
Техника философиясы—бүгiнгi күнi өзiнiң гүлдену кезеңiн бастан кешiп жатқан батыс философиясының қазiргi бағыттарының бiрi. Батыста техника философиясының қалыптаса бастауын И.Бекманның есiмiмен жəне 1777 жылы басылып шыққан оның “Технология бойынша жетекшiлiк, немесе қолөнердi, фабрикалар мен мануфактураларды тану” деп аталатын еңбегiмен байланыстырады. Бiрақ көпшiлiктiң пiкiрiнше, бұл саладағы
негiз қалаушы еңбек 1877 жылы жарияланған жəне жүз жылдан кейiн Германияда қайта
басылып шыққан Э.Капптың “Техника философиясының негiзгi белгiлерi” деп аталатын жұмысы болып саналады.
Техника философиясы—қазiргi əлемдегi техника феноменiн философиялықметодологиялық жəне дүниетанымдық тұрғыда зерттеуге негiзделген қазiргi
философиядағы бүтiндей бiр бағыт. Бұл бағыт бастапқыда Батыс Европа мен Солтүстiк Америкада, кейiнiрек 60-80 жылдары Жапонияда кеңiнен таралды. Батыстағы қазiргi
техника философиясының бастапқы өкiлдерi қатарына Э.Капп жəне Ф.Дессауэрмен қатар О.Шпенглердi, Ортега-и-Гассеттi, Мэмфордты, К.Шиллингтi жəне т.б. жатқызуға болады. Бiрақ, сонымен қатар техника ұғымы ертедегi ойшылдарда да кездеседi. Мысалы, еңбектiң табиғи жəне жасанды органдары арасындағы анология туралы ой Платон мен Аристотельде ұшырасады. Егер Аристотель қолды “құралдың құралы” деп атаса, Гегель
де осы идеяны қайталайды. Гегель техника табиғатын түсiнуде бiрқатар идеялар
ұсынады. Гегельдiң пiкiрiнше техникалық жабдықтар объекттiң табиғатымен анықталады, ал екiншi жағынан жабдықтар техникалық құралдар арқылы iске асатын мақсаттың
тасымалдаушысы болып табылады. Гегель былай деп жазады: “адам өзiнiң мақсатында сыртқы табиғатқа бағынышты болғанымен, өзiнiң құралдары арқылы үстемдiкке ие болады”. Антикалық авторлар мен Гегельдiң бұл идеяларын Батыстың кейiнгi философтары Э.Капп жəне Л.Нуаре жалғастырды. Олардың негiзгi идеясы техника
феноменiн “органопроекция” негiзiнде түсiнумен сипатталады. Олардың пiкiрiнше техника жасанды орта болып табылады, бiрақ ол адам органдарының табиғи материалға проекциясы ретiнде көрiнедi, яғни техниканың бүкiл дамуы адамның табиғи еңбек органдарын көшiру арқылы, оларды сыртқы əлемге “проекциялау” арқылы жүзеге асады.
Техника феноменiн түсiндiруде өзге, қарама-қарсы позицияны ұстанған философнеотомист Ф.Дессауэр болды. Ф.Дессауэр Э.Капптың жəне Л.Нуаренiң техниканың биологиялық концепциясымен келiспедi. Ол техника табиғат заңдарымен байланысты жəне оның шектерiнен тысқары шықпайды деп есептейдi. Алайда бұл да еш нəрсенi айқындамайды, техниканың автономды да мəнi бар. Оның пiкiрiнше техникалық идеялар адамның ақылында пайда болмайды, ол ақылдың көмегiмен ауланады. Техникалық
идеялар құдайдың ойы, жаратушының құдiреттi ақыл-ойының көрiнiсi.
Техника мəселесi Хайдеггер философиясында негiзгi орындардың бiрiн алады жəне оның көптеген шығармаларында үнемi кездесiп отырады. Бiрақ бұл тақырыпқа арналған оның ең маңызды шығармасы “Техника туралы мəселелер” деп аталады. Бұл жұмысында М.Хайдеггер техниканы пайымдауды жаңа iргетасқа қойды. М.Хайдеггер былай деп жазады: “техниканың мəнi белгiлi мағынада техникалық емес. Сондықтан да бiз ол туралы жəй ғана ойлағанда, оны қолданғанда, оны басқарғанда немесе одан қашқақтағанда техниканың мəнiне деген өз қатынасымызды ешқашанда сезiне алмаймыз. Барлық осы жағдайларда, оны қызығушылықпен қолдасақ та, терiске шығарсақ та бiз техникаға құлдар секiлдi ажырамастай таңылғанбыз. Бiз техниканы бейтарап нəрсе деп есептеген кезде, оның нағыз тұтқынына айналамыз. Қазiргi кезде кең өрiс алған мұндай
көзқарас оның мəнiне деген мүлде көрсоқырлықты туындатады” (Вопрос о технике // Новая технократическая волна на Западе. М., 1986, 119-бет).
Хайдеггерге дейiн техника Ақыл-ой мен Қайырымдылықтың салтанатты шеруi ретiнде бағаланып келдi. Кейбiр жағдайларда техниканың өзiне қарсы шығу емес, оны қолдануға қарсы шығу өзектi сөз болды. Мысалы, О.Шпенглер “түстi” нəсiлдер европалықтардан техниканы тартып алып, оларды үстем жағдайынан айырады жəне түбiнде техниканы жояды деп қорықты. Хайдеггер керiсiнше, техниканың өзiн адам үшiн үлкен қауiп-қатер деп есептедi. Техниканы түсiндiрудегi Хайдеггердiң тағы бiр жаңалығы,
оған дейiн техника адамзат тарихы мен мəдениет дамуының байланысындағы көптеген
факторлардың бiрi ретiнде қарастырылып келсе, ал бұл немiс ойшылының пiкiрiнше техника қазiргi дəуiрдiң болмысы болып табылады. Жəне Хайдеггерге дейiн техника ең алдымен мəдениет философиясы мен тарих философиясының жəне тек кейiн ғана антропологияның мəселесi болып келсе, ал М.Хайдеггер онан метафизиканың мəселесiн шығарды.
4.4.2 Техника болмыстың терең қасиеттерiн пайымдаудың тəсiлi ретiнде
М.Хайдеггер де техника болмыстың терең қасиеттерiн пайымдаудың маңызды тəсiлi болып табылады. Ол болмыстағы табылуға жəне өзiнiң нағыз, бүлiнбеген кейпiнде
көрiнуге тиiс жасырын жағын ашып көрсетуге мүмкiндiк бередi. Техниканың мəнi арқылы адам болмыспен тiлдесiп, оның үнiн естидi. Бiрақ импульс дұрыс табылмауы мүмкiн,
өйткенi техника адамды өзiндiк ашылудың жалған жағына қарай итермелейдi.
К.Ясперс өзiнiң техниканы түсiндiруiнде хайдеггерлiк түсiнiкке жақын келдi. Ол өзiнiң
“Тарихтың мəнi жəне мақсаты” деген еңбегiнде техниканы əлемдiк тарихтың түбегейлi жаңа факторы ретiнде қарастырады. К.Ясперстiң пiкiрiнше қазiргi заманда былайша пайымдау қажет: “Қазiргi уақытта бiз тарихтың бұралаң кезiнде тұрғанымызды сезiнемiз, бұдан жүз жыл бұрын-ақ бұл кезеңдi антикалық əлемнiң дағдарысымен салыстыра бастап едi, ал кейiнiрек оның тек Европа мен Батыс мəдениетi үшiн ғана емес, бүкiл əлем үшiн
орасан зор маңызы бар екендiгi байқалды. Бұл өзiнiң барлық салдарларымен қоса
алғандағы техника ғасыры адамның еңбек, өмiр, ойлау саласындағы, символика саласындағы мыңдаған жылдар бойы жинақтағанынан сау-тамтық қалдырмайтын
сияқты” (Современная техника // Новая технократическая волна на Западе, 119-бет). Қазiргi техниканың пайда болуымен барлығы да өзгередi. Ең алдымен, К.Ясперстiң пiкiрiнше, адамның табиғатпен байланысы өзгердi. Адам техниканың көмегiмен табиғатты бағындыра отырып, өзi табиғаттың ықпалына түседi, табиғат адамның тиранына
айналады. Техника адамның барлық күнделiктi өмiрiн өзгертiп жiбердi, ол “бүкiл өмiр сүрудi белгiсiз техникалық механизмнiң əрекетiне, ал бүкiл планетаны—тұтас фабрикаға айналдырды. Сонымен бiрге адамның өзiнiң түбiрiнен толық ажырауы жүзеге асты жəне бұл бүгiнгi күнi де жалғасуда. Адам отансыз жердiң тұрғынына айналып, дəстүр жалғастығын жоғалтты. Рух пайдалы функцияларды орындау мен оқып-үйрену қабiлетiне айналды” (Современная техника, 121-бет). Ары қарай К.Ясперс былай деп жазады: “Мына нəрсе күмəнсiз: техника адамның өзiн өзгертуге бағытталған. Адам ендi өзi қалыптастырған техниканың ықпалынан босанып шыға алмайды. Жəне техникада шексiз мүмкiндiктермен қатар, шексiз қауiп-қатердiң де бар екендiгi күдiк туғызбайды. Адам өзiнiң техниканың билiгi астына қашан жəне қалай түскенiн аңғармай да қалды” (Современная
техника, 145-бет). К.Ясперстiң пiкiрiнше, техниканың маңызы мен рөлiнiң құдiреттiлiгi сонша, оның мəнiн ашпай қазiргi ақуалды пайымдау мүмкiн емес. Техниканың нақтылығы адамзат тарихындағы үлкен бетбұрысқа əкелдi, бiз адамзат өмiрiн механикаландырудың нағыз дер кезiнде тұрғанымызбен оның барлық салдарларын болжау небiр ұшқыр көрiпкелдердiң де қолынан келмейдi.
80-жылдары техника философиясында антропологиялық аспект, прогрестiң адамзаттық өлшемiне көңiл аудару күшейе түстi. Көптеген батыстық философтар техниканың мəнiн ұғыну оны техника мен технологияны тарихи ағымында ғана қарастырмай мүмкiн емес деген қорытындыға тоқталды. Техника мəселесiндегi антропологиялық тəсiл американдық философ Х.Сколимовскидiң “Техника философиясы адам философиясы ретiнде” деген жұмысында айқын көрiнедi. Х.Сколимовски
техниканың дамуы үнемi мəдени мутациямен, терең əлеуметтiк өзгерiстермен байланысты ма деген мəселенi зерттеумен айналысады. Ол осыған байланысты Қытайда
техниканың гүлденуi ХIV жүзжылдықта, яғни батыстық Ренессанс пен европалық ғылыми революцияға дейiн жүзеге асқандығы туралы айғаққа көңiл аударады. Демек, ғылыми революция əрқашанда техника гүлденуiнiң қажеттi алғышарты бола бермейдi, ал техниканың өрiс алуы мiндеттi түрде қандай да болсын қоғамдық өзгерiстерге əкеле бермейдi.
Х.Сколимовски техника философиясын адам философиясы ретiнде түсiнудi
ұсынады. Бұл мағынада адам техникалық императивке бағынғаннан гөрi, техника адам
императивiне бағынуы тиiс. Ол адамның табиғаттағы нəзiк тепе-теңдiкке құрметпен қатынасуын жəне əлемдi бұлайша жабдықтандыру осы тепе-теңдiктi бұзбай, бекiткенде ғана рұқсат берудi ұсынады. Оның ойынша адамның бiлiмi қалған барлық жаратылыстарға қарсы бағытталмай, бiлiм бақылау мен жұмсау мақсатындағы күш ретiнде қолданылмай, керiсiнше заттардың табиғатын дұрыс түсiнуге жəне үйлесiмдiлiкке қызмет етуi тиiс. Прогрестiң гуманистiк түсiнiгi табиғаттың өзге жаратылыстарының,
сонымен бiрге адам жаны мен оның сезiмдiк потенциясының жойылуын емес, керiсiнше
оның рухани əлемiнiң кеңеюi арқасында жүзеге асатын адамның өзiндiк келбетiнiң өсуiн бiлдiредi.
4.4.3 Техника философиясы өркениеттi сыни тұрғыда бағалау ретiнде
Техника философиясының тұтқиылдан пайда болуының себебi неде? Неге бүгiн
адамзатты техниканың келешегi мазалайды? Х.Сколимовскидiң пiкiрiнше философиялық зерттеулердiң бұл саласының пайда болуы европалық өркениеттiң пайда болуы мен жойылуындағы техниканың рөлiн кеш мойындауды байқатады. Оның ойынша техника философиясы таза схолистикалық пəн емес. Техника философиясын ең алдымен бiздiң өркениеттi сыни тұрғыдан бағалаудың нəтижесiнде пайда болғанын ескеру қажет. Ол
аналитикалық тұрғыда ойлаушы философтар үшiн талдау жасайтын алаң ретiнде
қалыптасып, дамып отырған жоқ.
Бiздiң өркениет шексiз көп техникаларды өндiрiп шығарды, бiрақ оның
лингивистикалық-аналитикалық алуан түрi техника мəселесiн шешiп бере алмайды. Философтардың, ойшылдардың, тарихшылардың, инженерлердiң жəне көзi ашық азаматтардың парызы—“өркениет ретiнде бiз тудырған мəселелерге” жауап табу.
Бiрiншi дүниежүзiлiк соғыстан кейiн техника философиясында өзге мəдени
құндылықтарға ғана емес, қандай да болмасын бөтен өркениеттiк болмысқа деген сағыныш күшейе түстi. Батыстық философтарды мынадай сұрақтар мазалай бастады: Европа жалған жолмен жүрiп өткен жоқ па, батыстық рух мəдени-өркениеттiк баламаны таңдауда қателескен жоқ па? Батыстың бүгiнгi қасiреттерi əуел баста адамзаттың өркениеттiк даму жолын дұрыс таба алмаудың себебiнен емес пе екен?
Қазiргi батыстық философияда адамзаттың бастапқы кезеңiнде тарихи перспективаның əр түрлi варианттары болған деген идея қалыптасты. Оның бiрi бүкiл iшкi ресурстарды адамзат рухын өзiндiк тануға шоғырландыру. Ертедегi шығыс халықтары осы жолмен жүрдi, оның дəлелi ретiнде олардың дiндерiн алуға болады. Шығыс дiндерi адамның абсолютпен, болмыспен толық бiрiгуiн уағыздайды. Адамды табиғаттан тыс
құбылыс емес, оның бөлiгi ретiнде қарастыру, əлемге сiңiп кетуге ұмтылу, рух кеңiстiгiнде барлық Ғаламның үнiн есту—мiне, ежелгi шығыстық iлiмдер мен дiндердiң насихаттары осындай. Егер де европалық өркениет осы жолмен жүргенде, батыстық философтардың пiкiрiнше, онда ол антропологиялық жəне рухани ресурстарын дамытып, ғарышқа, Ғаламның универсумына жақындай түсер едi.
Бiрақ батыстық өркениет өзге жолмен жүрдi. Оны таным мен əлемдi қанау құмарлығы иектедi. Адамзат жан мен тəндi жаттықтыру қабiлетiн жоғалтып, техниканың көмегiмен бүкiл əлемдi өзiне бағындыру пиғылына берiлдi. Адамдар өзiнiң табиғатына сенуден қалып, рухты дамыту мен жетiлдiруден бас тартты. Техникамен қарулана отырып, олар өздерiнiң күш-жiгерiн iшкi əлемге емес, сыртқы əлемге бағыттады. Хайдеггердiң терминiмен айтқанда техника адам Болмысына айналды.
4.4.4 Техницизм қоғам туралы қазiргi батыстық теориялардың методологиялық негiзi ретiнде
Техника философиясы өзiнiң күрделi құрылымы бар жеткiлiктi дəрежеде күрделi философиялық ағым болып табылады. Техникалық өркениеттiң динамикалық процестерiн пайымдауға ұмтылған жаңа концепциялар пайда болды. Техника философиясындағы əр түрлi ағымдардың, көзқарастардың, позициялардың молдығына қарамастан барлығына ортақ нəрсе олардың технологиялық детерминизмге негiзделуiнде болып табылады, яғни
қоғам өмiрiндегi техниканың анықтаушы рөлi мойындалады.
Техника философиясы ең алдымен қарама-қарсы екi бағытқа бөлiнедi—техницизм жəне антитехницизм.
Техницизм техника дамуының адамзат үшiн сөзсiз игiлiктiлiгiне деген сенiмге негiзделедi.
Техницизм қоғам өмiрiндегi техниканың рөлiн тек қалыпты құбылыс ретiнде, адамзаттың игiлiгi ретiнде ғана қарастырады.
Неотехницизм өзiнiң алдыңғы формаларынан ерекшеленедi. Мұнда техникаға
бұрынғысынша қоғам өмiрiндегi негiзгi орын берiледi, бiрақ оның өзiндiк дамуы, өзiндiк реттелу мүмкiндiгi терiске шығарылып, қоғамдық бақылау қажеттiлiгi туралы мəселе
қойылады.
Антитехницизм—технофобияның көрiнiсi, пайда болып, таралып жəне өсiп келе
жатқан жаңа технологиялардың жұмбақ қауiп-қатерiнiң алдындағы үрей мен қорқыныш, сенiмсiздiк. Антитехницизмнiң əр түрлi варианттары бар. Оның iшiндегi ең кеңiнен
таралғаны “батырлық пессимизм” (Ф.Ницшенiң терминi) деп аталады. Ол бойынша техника мен зұлымдықтың тегеурiнi техниктер мен технократтардың үстемдiгiн, басқаруын
тудырады. Антитехницизмнiң тағы бiр көрiнiсi адам өзi игере алмайтын рационалдық бiлiмнiң əуел бастапқы агрессивтiлiгiмен сипатталатын, мəнi “билiкке деген ерiкке” негiзделген техникаға радикалды дұшпандықты бiлдiретiн позицияны ұстанады (Маркузе,
Адорно, Хоркхаймер). 60-шы жылдардың соңында бұл көзқарастар контрмəдениет
идеологиясына жүйелендi (Т.Розак). Контрмəдениет бойынша барлық қазiргi саяси күштер—мейiлi ол “солшылдар”, “оңшылдар”, “орталық” болсын, технократиялық
қоғамның бiрыңғай құндылықтарына, техникалық рационализмге деген дiни сенiмге негiзделген билiк үшiн күреске əкеледi.
Техниканы философиялық зерттеу өте күрделi құбылыс жəне əр түрлi қырлардан тұрады; методологиялық, əлеуметтiк, саяси, эстетикалық, аксиологиялық жəне т.б. Қай
мəселенi алға тартқанына байланысты техника философиясы не ғылым философиясымен жақындайды, не əлеуметтiк философияның немесе антрапологиялық философияның бөлiмi ретiнде қарастырылады.
Техника философиясы негiзiнен екi басты дəстүрдiң ықпалында: неопозитивизммен əсерi жəне байланысы бар сциентистiк методологизм жəне мəдениеттанымдық антропологизм. Техниканы философиялық зерттеулер осы екi дəстүрдiң бiрiне бағдар ұстануына байланысты не логикалық-методологиялық мəселелермен айналысады, не техниканың гуманистiк құндылықтық қырларынан зерттейдi. Бұл дəстүрлер кейде қиылысып жатады, ал бұл аталған зерттеулердiң синтезiне деген тенденцияны туғызады.
Техницизм дүниетанымы, “технологиялық детерминизм” батыстық ойшылдардың
көптеген теорияларын қамтып жатыр: “индустриалдық қоғам теориясы”, “постиндустриалдық қоғам теориясы”, “ғылыми революция теориясы”, “ақпараттық қоғам теориясы”. Жəне жалпы адамзат қоғамы дамуын кезеңдерге бөлудi қамтиды. Олардың пiкiрiнше, техника барлық əлеуметтiк факторлардың алғышарты болып табылады, оның нəтижесiнде өндiргiш күштер стихиялық түрде жаңа қоғамдық қатынастарды тудырады. Техницизмнiң əр түрлi өкiлдерi адамзат өркениетiнiң тарихи дəуiрлерiн техниканың белгiлi бiр аспектiлерiмен байланыстырады, мысалы, еңбек құралдарының алмасуы (Дж.Ленский), байланыс құралы (Маклуэн) немесе энергия көздерi, яғни қоғамның дамуы мускулдық энергияның жүйелi түрде алмасуымен (бу, электр, атом) байланыстырылады. Батыстық авторлар əлеуметтiк дамудағы техниканың анықтаушы рөлiне негiзделе отырып, адамзат тарихын үш кезеңге бөледi: “индустриалдыққа дейiнгi қоғам”,
“индустриалдық қоғам” жəне “кейiнгi индустриалдық қоғам”. Индустриалдыққа дейiнгi қоғамдағы басты сала ауыл шаруашылығы, сондықтан да оны аграрлы, дəстүрлi қоғам
деп атайды жəне шiркеу мен əскер бұл қоғамның басты институттары болып табылады. Индустриалдық қоғам ең алдымен корпорациялар мен фирмалардың жетекшiлiгiндегi өнеркəсiпке негiзделедi. Кейiнгi индустриалдық қоғам тарихтың жаңа перзентi болып табылады жəне бiрқатар факторлармен анықталады: тауар өндiрушi экономикадан қызмет етушi экономикаға көшу, қоғамның əлеуметтiк құрылымындағы өзгерiстер, қоғамдағы саясатты анықтауда теориялық бiлiмнiң басымдылығы, жаңа интеллектуалды
технологияның қалыптасуы, технологиялық өзгерiстердi жоспарлау жəне бақылау.
Индустриалды қоғам теориясын 50-жылдардың соңы мен 60-жылдардың басында негiзiн қалағандар қатарына Дарендорф, Арон, Белл, А.Турендермен қатар У.Ростоу жатады. Əлемтану мен əлеуметтiк философия тарихында ол технологиялық детерменизмге негiзделген “экономикалық өсiм кезеңдерi” концепциясының авторы ретiнде белгiлi. Технология дамуының деңгейлерiнен шығара отырып У.Ростоу адамзат қоғамының даму тарихын бес кезеңге бөледi. Бiрiншi кезеңдi ол “дəстүрлi қоғам” деп атады жəне билiк басында жер иеленушiлер тұратын, ғылым мен техника тұрпайы, “ньютонға дейiнгi”
деңгейде болатын, əлеуметтiк құрылымы көп сатылы өте төменгi ауыл шаруашылық өндiрiсi бар аграрлық қоғам ретiнде сипаттады. Екiншi кезең —“өтпелi қоғам”, бұл жаңа
қоғам үшiн алғышарттарды қалыптастыру кезеңi ауыл шаруашылығы өнiмдiлiгiнiң өсуiмен, “iскер, кəсiпкер адамдардың жаңа типiнiң” пайда болуымен ұлттық қауiпсiздiктiң
экономикалық iргетасын қамтамасыз етуге ұмтылған “ұлтшылдықтың” өсуiмен жəне осының негiзiнде бiр орталыққа бағынған мемлекеттiң қалыптасуымен сипатталады.
Үшiншi кезең — бұл қозғалыс кезеңi, “өнеркəсiптiк төңкерiс кезеңi”. Бұл кезең өнеркəсiптiң
негiзгi салаларының тез өсуiнен, капитал жинақтау үлесiнiң жоғарылауына алып келетiн
өндiрiс методының радикалды өзгеруiмен ерекшеленедi. У.Ростоудың пiкiрiнше, бұл кезеңде Англия ХVIII ғасырдың аяғында, Франция мен АҚШ ХIХ ғасырдың ортасында, Германия ХIХ ғасырдың екiншi жартысында, Ресей 1890-1914 жылдар аралығында,
Үндiстан мен Қытай ХХ ғасырдың 50 жылдарының басында орналасты. Төртiншi кезеңдi
У.Ростоу кемелдену кезеңi немесе индустриалдық қоғам деп атайды. Оның пiкiрiнше индустриалдық қоғамның негiзгi белгiлерiне өнеркəсiптiң шапшаң дамуы, өндiрiстiң