Габитов-Философия_pih
.pdfархаикалық культтар мен ведалық мəдениеттiң синтезi жүзеге асады. Бұл синтездiң əдеби жемiсi Бхагавадгита (Құдiреттi əн) болып табылады. Онда көптеген этикалық мəселелерге қатысты рухани iзденiстер келтiрiлген. Қарастыратын ең басты мəселелерi - бұл карма, мукти, реинкарнация, өмiрдiң мəнi тақырыптары. Бхагавадгитаның мəтiндерi бойынша адам карманы тани отырып, өз санасының көкжиегiн кеңейтiп, дамытып, өз интеллектiнiң позитивтi жағдайына жетуi тиiс. Қайырымдылық жəне имандылықпен сипатталатын бұл жағдай болашаққа өзiнiң оң ықпалын тигiзедi, яғни адам кейiнгi өзге күйге ауысу барысына əсерiн тигiзе алатындай сананың сатысына көтерiле алады. Бұл тезиске Гита мəтiнi баса назар аударады, яғни Кришна Арджунаға былай дейдi: “Жан материалды денеге ене отырып, балалық, ересектiк жəне кəрiлiк тəжiрибесiнiң басынан өткiзгенi сияқты, ол басқа денеге енгенде немесе басқа күйге ауысқанда да дəл осылай өмiр сүрiп, өз жазмышын орындайды” (қараңыз: 3.184). Бұл мəтiнде реинкарнациямен тығыз байланыс жайлы айтылып, ал карма басқа өмiрден екiншi өмiрге ауысуды анықтайтын себеп-салдардың тiзбегi ретiнде түсiндiрiледi. Бұл ауысу рухани тəжiрибенiң бiртiндеп кеңейтiлуiмен, рухани қабiлеттi дамыту жəне жетiлдiрумен сипатталады. Реинкарнация—бұл индивидуалды жанның Брахмаға көтерiлуiмен жүзеге асатын
адамның өзiндiк рухани қабiлетi. Адам бiр өмiрден келесi өмiрге, əлемдегi өзiндiк физикалық тұрғыдағы бiр сатыдан екiншiсiне өтуi барысында рухани жағынан жетiле түседi. Атман Брахма-Атман жағдайына жеткенге дейiн жан осылайша əртүрлi күйге ауысулардан өтуi тиiс.
Атманның трансформациялану сатылары адам тəнiнiң əртүрлi деңгейлерiнен көрiнедi: физикалық дене—материалдық структуралардан тiгiлген сезiм органдарымен қабылданатын нəрсе, эфирлiк жағдай-физикалық дененiң өлiмiнен кейiн түсетiн жағдай. Ол сезiм органдарымен қадағаланбайды жəне қабылданбайды, астралдық жағдай—бұл физикалық дененiң қолынан келетiннiң бəрiн автоматты түрде қайталайтын ақыл-ойсыз рухани мүрде; менталдық жағдай—бұл ойдың субстанциясы. Бұл ой—формалар. Ментальдықтың көлемi өмiрде жинақталған ақпараттық, адамгершiлiк-интеллектуалдық жəне мəдени тəжiрибеге бағынышты.
Казуальды дене, рухани ақыл-ой денесi, жоғары меннiң денесi - бұл мəңгi өлмейтiн жанның қабаттары, абстрактылы-тылсымдық əлем. Онда рухани эволюцияның барлық
этаптары, өткен шақтағы рухани болмыс өзгерiстерi мен деңгейлерi жинақталады. Мүның бəрi өзiндiк талғам мен таңдауға, iс-əрекетке себеп болған итермелеушi алғышарттар, барлық өмiрлiк бет-бейне құндылықтарын пайымдау процесi. Осындай барлық рухани процесс кейiнгi рухани эволюция мен реинкарнация формаларын айқындайды.
Адамның рухани эволюциясының өзiндiк жинақтаушысы атман болса, ал рухани энергияны тудырушы мен сақтаушы—Абсолют Брахма. Брахма өзiнiң эманацияларының көмегiмен əрекет етедi. Брахманың эманациясы ақыл-ой, энергия жəне материя арқылы жүзеге асады. Абсолюттiң рухани өрiсiн құрайтын “меннiң” мазмұнын бiлдiретiн ой-форма жалғыз нақтылық болып табылады. Абсолют бұл барлығы, онсыз ешнəрсе жоқ, ол бүкiл эманацияның қайнар көзi болып табылады, ал барлық қалған нəрсе өзгередi жəне өмiр сүруiн тоқтатады.
Адамға оның рухында атман бар екенiн саналы түрде сезiну ғана берiлген. Адамның мiндетi рухани өзгерiстердi бастан кешiре отырып, өзiнiң рухани эволюциясын түсiну деңгейiне жетуiнде. Бұл деңгейге жеткеннен кейiн ғана адам Жердегi өмiрдiң мəнi мен мақсаты өмiр сүру барысында өзiн-өзi рухани жетiлдiрудiң барынша жоғары дəрежесiне қол жеткiзу екендiгiн түсiнедi.
“Өзiңдi өзiң жеңу” буддизм философиясынағы адамның ең негiзгi мақсатының бiрi болып табылады. Ертедегi Үндiде буддизмнiң пайда болуы ежелгi Грецияда Сократқа дейiнгi философия қалыптасқан уақытпен бiр мезгiлде iске асты. Буддизмнiң негiзiн қалаушы Сиддхартха Гаутама (б.з.д. 563-483). Гаутама дiнi ой-сананы терiске шығарды. Оның iлiмi адамды азат етуге бағытталған. Бұл үшiн барлық күйбең тiршiлiкке қатысты бағыныштылықтардан азат болып, нирванаға жету шарт. Сондықтан да Будда үшiн философия—бұл нирванаға жетудiң құралы. Бiрақ, нирванаға жетпей тұрып, адам “төрт шынайы ақиқаттың” мəнiн терең ұғынуы қажет: 1. дүние қасiретке толы; 2. барлық қасiреттiң себебi адамның құлқынынан; 3. қасiреттiң себептерiн жою; 4. нирванаға жету, ол үшiн мына жолды ұстану қажет—дұрыс түсiнiк, дұрыс сөз, дұрыс ойлау, дұрыс жүрiптұру, дұрыс өмiр сүру тəртiбi, дұрыс күш-жiгер, дұрыс ой бағыты, дұрыс жинақтала бiлу.
Буддизмнен өзге, брахманизмге қарсы оппозициялық көңiл-күйдегi келесi бiр мектеп—джайнизм (б.з.д. VI-V ғ) Веданың қасиеттiлiгiн, əртүрлi дiни əдет-ғұрыптар мен салттарды, адамзат тағдырына құдайлардың ықпал етуiн терiске шығарды. Джайндардың пiкiрiнше адамды оның құдайға табынушы тақуалығы да, əлеуметтiк шыққан тегi де емес, жеке тұлғалық қасиеттерi ғана айқындайды. Адам карманы өзiнiң адамгершiлiк iс-əрекетi мен моральдық деңгейi арқылы ғана жеңуi тиiс.
Үндiнiң философиялық ойы сияқты қытай даналығы да өте ерте кездегi мəдени қабаттардан өз бастауын алады. Мифологиядағы “Ян” жəне “Инь” туралы көзқарастарды ежелгi қытай ойшылдары дүниетанымдық ұғымға айналдырды жəне оны “ци” ұғымымен толықтыра отырып (б.з.д. VIII-V ғ.), “У-син” концепциясын (б.з.д. V-IIIғ-бес түпкi элементтер туралы iлiм) дамытты. Бұл көзқарастар Лао-Цзыдiң (б.з.д. VI-V ғ.) “Дао де Цзин” деп аталатын еңбегiнде жарқын көрсетiлген. Лао-Цзыдiң пiкiрiнше, дао—бұл ғаламдық заңдылық. “Цимен” бiрге дао əлемдегi заттардың дамуы мен өзгеруiне ықпалын тигiзедi. Əлем алуантүрлi жəне үнемi өзгерiсте. Адам, даостардың пiкiрiнше, Даомен бiрiгiп,
жерге тəн бағыныштылықтан құтылуы қажет (7.37).
Кун Фу-Цзы, аңыздардың айтуынша Лао-Цзыды құрмет тұтып, оның əңгiмелерiнен үлкен өнеге алған. Бiрақ Лао-Цзы Даоны тұтып, жоғары қойса, ал Кун Фу-Цзы “асыл тектi ер мiнездi” ең басты қасиет ретiнде санап, “жэнь” мəселесiне үлкен көңiл қойды. Конфуций пiкiрiнше, жэнь—бұл гумандылықтың идеалды қатынасы. Жэнь асыл тектi адамға тəн барлық жақсы қасиеттердi жинақтайды. Жэнь—бұл ақыл-ой, жүрек, адамгершiлiк парасат. Жэньнiң арқасында адам ешқандай зұлымдық жасамайды, жердегi адамдар мен барлық тiршiлiк иелерiн жақсы көрiп, халық пен қоғамға ешқандай зиян келтiрмейдi.
Егер жэнь—бұл гумандылық болса, ли—бұл адамдар арасындағы қатынастар мен
байланыстардағы үйлесiмдiлiк. Ли—бұл өзге адамдарға деген құрмет, бұл iзгi iлтипат жəне сыпайыгершiлiк. Кун Фу-Цзыдiң айтуынша “жэнь” жəне “ли” адамгершiлiк пен құрметтiң өзара байланысының алғышарты. Парасаттылыққа жеткен адам—бұл адамгершiлiктi жəне тəрбиелi адам. Парасаттылыққа жету музыка мен поэзияны меңгеру арқылы жүзеге асады. Онсыз əлеуметтiк қағидаларды игеру мүмкiн емес.
Конфуцийдiң идеялары қытайдың рухани мəдениетi дамуына өзiнiң зор ықпалын тигiздi.
Сонымен, ертедегi үндi жəне ежелгi қытай философиялары (əсiресе, дао iлiмi) адамды тiкелей болмыспен бағдарластырады, адамның əлеммен үйлесiмдiлiгi мен тұтастығына үндейдi.
1.3. Антикалық философия
“Антикалық философия” деген термин мың жылдан аса тарихы бар грек-рим философиясын бiлдiредi. “Антика” сөзiнiң латын тiлiнен аударғанда “көне” деген мағынаны бiлдiретiнiн ескерсек, бұл жалпы философиялық ой дамуының бастапқы кезеңiн аңғартар едi. Алайда, қалыптасқан дəстүр бойынша антикалық дəуiр тек батыстың көне заманын бiлдiрiп, осы грек-рим əлемiне қатысты айтылады. Ал хронологиялық шеңберiне келер болсақ, антикалық философия өзiнiң бастауын б.з.д. VII-VI ғасырдан алып, ал оның аяқталуы б.з. 529 жылы император Юстинианның барлық христиандық емес философиялық мектептердi ресми түрде жаптырған датасымен байланыстырылады. А.С.Богомоловтың айтуынша оның iшiндегi үш iрi кезеңдi айқындауға болады: антикалық философияның қалыптасуы немесе Сократпен аяқталатын ерте
классика (б.з.д. VII-V ғ.); классикалық грек философиясы (б.з.д. ΙV ғ); эллиндiк-римдiк философия (б.з.д. ΙΙ ғ - б.з. V ғ). Ал Дж.Реале мен Д.Антисери антикалық философия
дамуының төмендегiдей жетiлдiрiлген жүйесiн ұсынады:
1.Б.з.д. VI жəне V ғасырлар аралығын қамтитын физис жəне космос мəселерiмен
айналысқан натуралистiк кезең. Мұның өкiлдерi қатарына иониялықтар, пифагоршылдар, элеаттар, физик-плюралистер жəне физик-эклектиктер жатады.
2.Адам болмысының мəнiн айқындаумен тұңғыш айналысқан гуманистiк кезең. Бұл кезеңнiң басты өкiлдерi—софистер жəне Сократ.
3.Сезiмнен тыс əлемнiң ашылуы жəне негiзгi философиялық мəселелердi органикалық түрде қарастырған Платон мен Аристотельдiң үлкен синтезi кезеңi.
4.Александр Македонский жорықтары дəуiрiндегi эллиндiк мектептердiң—кинизм, эпикуреизм, стоицизм, скептицизм жəне эклектицизм бағыттарының дəуiрi.
5.Антикалық дүниетанымдық ойының дiни дəуiрi - неоплатонизм жəне оның модификацияларының қайта жандану кезеңi.
6.Христиандық ойдың қалыптасуы жəне грек философиясының категориялары тұрғысында жаңа дiннiң догмаларын рационалды қалыптастыру кезеңi.
Ежелгi Греция дүниетанымның жаңа формасы—философияны қалыптастырған негiзгi үш мəдени орталықтың бiрi болып табылады. Оның қалыптасуы да Ерте Үндi жəне
Ежелгi Қытай жерлерiнде байқалған заңдылықтарға сай жүзеге асты. Бiрақ эллиндiк ақылойдың дүниеге келтiрген жемiсiнiң шығыстық философиямен салыстырғанда өзiндiк түбiрлi ерекшелiктерi болды. Философияның қалыптасуына алғышарт болған грек өмiрiнiң формалары қатарына, тағы да басқа халықтардағы сияқты мифология, дiн, ғылыми бiлiмнiң бастапқы түрлерi, əдеттiк сана жəне тiршiлiк даналығы жатады.
Грек философиясы “физис” философтары немесе натурфилософтар болған милет мектебiнiң өкiлдерiнен (Фалес, Анаксимандр жəне Анаксимен), Гераклиттен жəне Пифагордан басталады. Олар дүниедегi барлық заттардың түннегiзiн iздеумен айналысты, нəтижесiнде дүниетанымда төңкерiс басталып, философияның қалыптасуына əкелiп соқты.
Түпнегiз (архэ) - бұл барлық нəрселердiң шығу тегiн, олардың мəндiлiк ретiнде өмiр
сүруiн жəне неге айналатынын бiлдiретiн бастапқы негiз. Фалес барлық нəрсенiң түпнегiзiн су деп пайымдаса, Анаксимандр өзi апейрон деп атаған шексiздiк пен белгiсiздiктi атайды. Архэ ретiнде Анаксимен ауаны, Гераклит отты атаса, ал Пифагор— сандық қатынастарға аса мəн бередi. Бұлардың арасында Анаксимандр түпнегiздi неғұрлым философиялық жəне абстракциялық тұрғыда түсiндiруге тырысады. Алайда, су, ауа жəне отты физикалық-химиялық элементтердiң немесе процестердiң бiр бөлiгi ғана деген ой туындамауы тиiс, себебi олар ең алдымен құдiреттi бастаумен байланыстырылады. Бұл шексiз бастаудың құдiреттiлiк қасиетi бар, өйткенi ол мəңгi өмiр сүредi жəне бұзылмайды. Бұл Сократқа дейiнгi алғашқы философтар осы құдiреттi түпнегiздi əлемнен бөлiп алмай, керiсiнше əлемнiң мəнi ретiнде түсiндiргендiктен “натуралистер” деп аталады. Сондықтан Гомер жəне антикалық дəстүрмен салыстырғанда бұл ұғым пантеистiк типтегi түсiнiк болып табылады. Мысалы, Фалес “бəрi құдайға толы” деп айтқанда барлық нəрсенiң өн бойын түпнегiз қамтиды дегенге меңзейдi. Ал өмiр бастапқы болғандықтан, бар тiрi нəрсенiң де жаны болады (гилозоизм).
Алғашқы грек ойшылдары əлемдегi бiр-бiрiне үстемдiк етуге ұмтылған қарамақарсылықтарды аңғара бiлдi (суық пен ыстық, құрғақтық пен ылғалдық жəне т.б.).
Анаксимен барлық өзгерiстер мен трансформацияларды түсiндiрудiң негiзi ретiнде өзiнiң үнемi өзгермелi табиғатына орай универсалдық стихия түрiнде ауаны түпнегiз етiп алғаны белгiлi. Ол сонымен қатар, “тығыздалу” мен “сиректелу” процестерiне динамикалық себеп принципiн енгiзгендiктен, себептiлiктiң түпкi бастаумен жетiлген үйлесiмдiлiгiн түсiндiрiп бергендiктен милеттiк ақыл-ойдың қатаң жəне логикалық көрiнiсiн айшықты түрде көрсетедi. Кейiнiрек, бұл парадигмаға, иониялық ақыл-ойдың үлгiсiне айналып, əсiресе Гераклитте барлығын басқаратын логос түрiндегi түпнегiз—от ретiнде өзiнiң заңды жалғасын табады. Гераклит сонымен қатар, түпнегiздiң универсалды динамизмi тақырыбын онан ары дамытты. Оның “бəрi ағады, бəрi өзгередi” деген атақты тезисi осы ағын образынан туындайды. Осыған байланысты Гераклит мынадай терең де батыл түйiндерге тоқталады: бiр қарама-қарсылықтан екiншiсiне үнемi алмасу ретiндегi қалыптасу идеясы, олардың тұтастығы мен күресi идеясы, олардың үйлесiмдiлiкке бiрiгуi, ақиқат пен танымның көп қырлығы. Гераклиттiң дəл осы тұжырымдарын Гегель жоғары бағалап, өз еңбектерiнде пайдаланды.
Философия дүниеге келiсiмен құдiреттiлiк (Ксенофан) пен ақиқатқа (элеаттар) қатысты ғасырлар бойы қалыптасқан наным-сенiмдердi бұзып, өзiнiң жаңашылдық күшқуатын байқатты. Элейден шыққан ойшылдардың жаңашылдығы былайша сипатталады: космологияны онтологияға (болмыс теориясына) өзгерту, өзiндiк философиялық категорияларды ойлап табу (“болмыс”, “болымсыздық”, “ойлау”), диалектикалық тəсiлдi енгiзу мен пайдалану арқылы (Зенонның атақты апорийлары) философияда дəлелдеудiң қажеттiлiгi мен оның тəсiлдерiн қолдануды (абсурдқа əкелу принципi) мойындау. Зенонның аргументтерi өзiндiк заңдылықтың күш-қуатын бекiтетiн берiлген тəжiрибеге күмəн келтiретiн логостың позициясын күшейтуге бағытталған.
“Кiшi физиктер” немесе физик-плюралистер—Эмпедокл жəне Анаксагордың көзқарастары элеаттардың осы апорийларын шешуге ұмтылумен байланысты болды.
Олардың плюралистiк концепциялары элейлiктердiң де, иониялықтардың да монизмiне қарсы бағытталды. Ал бұл үшiн Эмпедокл элемент, немесе төрт “түбiр” ұғымынан өзге бiрiктiруге жəне ажыратуға мүмкiндiк беретiн Махаббат жəне Дұшпандық деп аталған ғарыштық күштердi де енгiзедi. Ал Анаксагор болса (Афинадағы философияның дамуы оның есiмiмен басталады) əлемдегi сан жетпес сапалар мен өзгерiстердiң көп құбылмалы себебiн заттардың “ұрықтары” (гомеомериялар) мен ақыл (Нус), олардың бiр тəртiпке келуi арқылы түсiндiредi.
Бұл мəселенi түсiндiруге келгенде ең жүйелi жəне мақсатты талпыныс Левкипп жəне Демокрит ұсынған əлемнiң атомистiк картинасы болды. Əлемдегi барлық өзгерiстi, қозғалысты түсiндiретiн - атом (абсолюттi, тығыз, онан ары бөлiнбейтiн болмыс), бос кеңiстiк (болымсыздық) жəне олардың қозғалыстары. Атомдар формасына, ретi мен жағдайына қарай ерекшеленедi, олар сезiммен қабылданбайды, тек ақылмен пайымдалады. Элеаттардың апорийларын игеру мақсатында олар əртүрлi сезiмдердiң болуы атомдардың сыртқы əсерiнен, ал ақиқатты түсiну атомдардың өмiр сүруiн ақылмен ұғыну арқылы iске асады дей отырып, “ақиқатты” да, “пiкiрдi” де сақтап қалды. Демокриттiң бүкiл дүниетанымынан байқалатын атомизм принципi ғаламның шексiздiгi мен ондағы
əлемдердiң сан алуандылығы, себептiлiк пен кездейсоқтылық туралы iлiмдерiнде, мəдениет тарихына көзқарасында, моральды зерттеуiнде жəне т.б. оның данышпан ойларды дүниеге əкелуiне мүмкiндiк бердi.
Антикалық философия тарихындағы ерекше орынды софистер (Протагор, Горгий жəне т.б.) алады. Əдетте, оларды теориялық тұрғыда тұрлаусыз, ақиқатқа жету жолындағы шынайылықтың орнына жеке мүдденi ойлаушылар жəне тағы да басқа күнəлармен айыптайды. Шындығында софистика б.з.д. V ғасырдың екiншi жартысындағы Грецияның өмiрiне объективтi əлеуметтiк, экономикалық, мəдени дамудың алғы шарттарымен келген феномен болып табылады. Софистер өз заманының талабын дұрыс ұғып, оған форма мен дауыс бердi. Олар аға ұрпақтың дəстүрлi құндылықтарымен қанағаттанбаған жастардың арасында үлкен табыс пен қолдауға ие болды. Оларды Сократпен қоса “грек ағартушылары” деп те атайды. Софистер дəстүрдiң орнына рух еркiндiгiн жариялап, бұрынғы əлеуметтiк кестенi бұзып, оның орнына тəрбие мəселесiн алдыңғы орынға қойды. Бұл мəдениеттi бұрынғыдай тек таңдаулылардың арасында ғана
емес, қоғамның барлық қабатына кеңiнен енгiзуге жағдай жасады. Полистiң тар шеңберiн кеңейтiп, панэллинистiк бастаудың негiзiн қалады. “Адам—бар нəрсенiң өлшемi” деген Протагордың аксиомасындағы релятивизм мен прагматизм Горгийдiң нигилизмiне ұласқанымен қатар, сөз өзiнiң шынайылығынан гөрi нандыру мен сендiрудiң құралы дегенге саятын теориялық ашылымға да əкелдi. Сондықтан б.з.д. V ғасырдағы Грецияда риторика немесе сендiру өнерi “мемлекет қайраткерiнiң қолындағы нағыз штурвалға” (В.Йегер) айналды.
Софистер философиялық рефлексияны физис жəне космос мəселелерiнен адам тақырыбына, оның қоғам мүшесi ретiндегi өмiрiне бұрғаны дүниетанымдағы төңкерiс болып табылды. Софистиканың қарастыратын басым тақырыптары этика, саясат, риторика, өнер, тiл, дiн, тəрбие немесе басқаша айтқанда барлық мəдениетке қатысты
мəселелер болды. Сондықтан да софистер антикалық философиядағы гуманистiк кезеңнiң негiзiн қалаушылар болып саналады.
Алайда софистер адамның бұзылған дəстүрлi өмiр сүру тəртiбiнiң орнына тартымды жаңашылдық ұсына алмады. Мұны iске асырған Сократ болды, сондықтан оны антикалық философия тарихының “орталығы”, “философияның аралығы” деп те атайды. Сократ та софистер секiлдi өзiнiң басты назарын адам табиғатына аударғанымен қоймай, адамның мəнi—ақыл-ойға негiзделген белсендiлiк жəне адамгершiлiк бағдар ұстанған əрекет ретiндегi оның жаны деген түйiнге тоқталады. Белгiлi бiр мағынада Сократ құндылықтардың дəстүрлi жүйесiнде төңкерiс жасады. Байлық, даңқ, билiк, денсаулық, сұлулық өз табиғаттарында ешқандай игiлiкке жатпайды, бiрақ олар тек ғылыммен, таныммен жəне дұрыс пайымдаумен басқарылғанда ғана нағыз игiлiкке айналады. Сократ бойынша таным игiлiктi iстiң, қайырымды қылықтың қажеттi алғышарты (“Жақсылық—бұл бiлiм”). Сократ сондай-ақ бақыттың жаңа ұғымын да қалыптастырды: адам өз бақытының да, бақытсыздығының да ұстасы. Сократтың өзi күш көрсетпеу төнкерiсiн теориялық тұрғыда негiздеп қана қоймай, өз өлiмiнiң фактiсi арқылы да оған мəңгiлiк өмiр сыйлады. Жанды адамның мəндiлiгi ретiнде белгiлеуi, танымды нағыз жақсылық ретiнде, өзiн-өзi
ұстауды iшкi еркiндiлiк ретiнде бағалауы – оның этикасының осы тұжырымдары индивидтiң автономиясын жоғары көтерiп жариялады.
Сократ философиясын саралай отырып, ондағы екi бағытты ағғаруға болады: бiржағынан бiлместiк принципi ("мен ештеңе бiлмейтiнiмдi ғана бiлемiн") ғылымды терiске шығаруға əкелсе, екiншi жағынан нағыз жоғары бiлiмге жол сiлтейдi; оның афиналықтарға жасаған арнауы (Платонның "Сократ апологиясы") бiр жағынан қарапайым моральдық уағыз ретiнде түсiндiрiлсе, екiншi жағынан платондық метафизикаға кiрiспе ретiнде бағаланады; оның диалектикасы бiржағынан софистика мен эристиканы еске түсiрсе, екiншi жағынан ғылым ретiндегi логиканың негiзi болып табылады; оның iлiмi бiржағынан афиналық полистiң қамалымен шектелсе, екiншi жағынан тұтас əлемнiң космополиттiк кеңiстiгi ашылады. Платон жəне тағы басқа сократшылдар осы əртүрлi жолдармен жүрдi.
Б.з.д. IV ғасыр Греция үшiн "жоғары классика" дəуiрi болып табылады. Бұл дəуiрде антикалық философиялық ойдың айшықты көрiнiсiн беретiн екi философиялық жүйе – Платон жəне Аристотельдiң философиялық жүйелерi қалыптасты. Сократтың ең ғұлама
шəкiртi жəне Академияның негiзiн қалаушы Платонның iлiмi əр деңгейлi жəне əр алуан қырларымен ерекшеленедi. Оның шығармашылығында философия мифке қайта оралады. Онда миф логосқа бағынбағанымен, оның қанат жаюына серпiн бередi. Əртүрлi кезеңдерде оның философиясындағы метафизика мен гносеологияға, дiни проблематика мен мистицизмге үлкен көңiл бөлiнсе, қазiргi уақытта платонизмнiң мəнi ретiнде оның ауызша диалектикасына, этикалық-саяси проблематикасына баса назар аударылады. Платон iлiмiнiң шынайы маңызы осы көзқарастардың барлығын жинақтағанда ғана көрiнедi.
Платондық метафизиканың кең ауқымды ерекшелiгi ондағы жаңа шындықтың ашылуымен байланысты, яғни физис философиясында бұрын-соңды сөз қозғалмаған сезiмнен тыс, физикалықтан тыс кеңiстiктiң ашылуымен байланысты болды. Платонның
дəл осы жаңалығы философия дамуындағы маңызды кезең болып саналды жəне батыстық даналықтың дамуындағы материалдылық жəне материалдылық емес, сезiмге тəн жəне сезiмнен тыс деген айырмашылықтардың негiзiн қалады. Осы категориялар тұрғысында табиғат пен ғарыш өз алдына заттар түрiнде емес, тек олардың құбылысы түрiнде ғана көрiнедi. Нағыз жəне нақты болмысқа заттардың мəнiн, олардың парадигмасын бiлдiретiн идеялар ғана ие болады. Платонның идеялар əлемi – бұл сатылы түрде ұйымдастырылған жүйе. Оның ең жоғарғы шыңында Игiлiктiң абсолюттiк идеясы орналасқан. Физикалық əлем немесе сезiммен қабылданатын ғарыштың əлемi мынадай кесте негiзiнде пайда болады: үлгi (идеалды əлем), көшiрме (физикалық əлем) жəне Жаратушы (демиург).
Платон таным мəселесiн жанда əуел бастан нақтылық түрiнде ұшырасатын ақиқатты ажыратып алу ретiнде қарастырады. Бұл ажыратудың тəсiлi сократтық маевтика болып табылса, ал "диалектика" терминi онда жаңа мағынаға ие болады. Платон өнердi ақиқаттан ауытқу, риториканы ақиқатты мистификациялау ретiнде қарастырса, ал эротика
– абсолютке жетудiң логикалық емес жолы. Платонның адам концепциясы дуалистiк болғандықтан (жан мен тəн), таным тазару ретiнде, ал диалектика бетбұрыс ретiнде
қарастырылады. Жанның мəңгiлiгi Платон үшiн ең маңызды мəселе болғандықтан метемпсихоз ұғымы əртүрлi мифтер түрiнде сипатталады.
Платондық дүниетанымның iнжу-маржаны оның бүкiл ой-толғамдарын қорытындылайтын "Мемлекет" диалогы болып табылады. Платонның түйiндеуiнше, егер саясаткер философқа айналса (жəне керiсiнше), онда Ақиқат пен Игiлiктiң жоғары құндылықтарына негiзделген шынайы мемлекет қалыптастыруға болады. Ал Əдiлеттiлiк бүкiл басқа нəрселер соның төңiрегiнде айналатын негiзгi өзек болып табылады. Идеалды мемлекеттi практикалық тұрғыда қалыптастырудың бiрнеше мүмкiндiгi сəтсiз аяқталған соң Платон өзiнiң "Саясат" жəне "Заңдарында" "барлық нəрсенiң өлшемi - Құдай" деп санайтын адамдардан құралған нақты мемлекеттiң формасын табуға ұмтылады.
Платондық Академияның ең қабiлеттi шəкiртi Аристотельдiң рухани дүниесiн платонизм мен метафизикадан бас тартып, натурализм мен эмпиризмге бет бұру деп түсiнуге болады. Яғни ол ұстазының жолын қайталамай, оның iлiмiн алға жылжыта отырып, оның теориясы шеңберiнен шыға бiлген. Аристотельдiң таланты мен ғылыми
рухы оны тəсiлдердiң дифференциациясына, органикалық синтез бен жүйелеуге алып келдi. Ол философиялық бiлiмдердiң - метафизиканың, физиканың, психологияның, этиканың, саясаттың, эстетиканың, логиканың даму жолдарының негiзiн қалады.
Ғылымдарды классификациялауда Аристотель ең алдымен теориялық ғылымдарға басымдылық бередi, оның iшiнде барлық ғылымдардың шыңы ретiндегi ең маңызды орын метафизикаға немесе "бастапқы философияға" берiледi. Бұл жалғандыққа жол бермейтiн бiлiмге деген таза құмарлық, ақиқатқа деген құштарлық. Оның мақсаты болмыстың төрт себебiн зерттеу болып табылады, оның iшiндегi ең маңыздылары – барлық заттарды құрайтын форма (мəндiлiк, бастапқы субстанция) жəне материя. Жəне метафизиканы тəмамдайтын сезiмнен тыс субстанция – бұл мəңгi жəне қозғалмайтын Бастапқы түпнегiз, Бастапқы қозғаушы. Аристотель өзiнiң физикасында сезiммен қабылданатын
субстанцияларды зерттей отырып, оның iшкi сипаттамасы ретiнде қозғалысты қарастырады. Оның психологиясы бiрнеше трактаттарда мазмұндалған, оның iшiндегi ең терең жəне даралығымен ерекшелетiнi "Жан туралы" деп аталады. Стагирит жанды үш құрамда қарастырады: вегетативтi, сезiмдiк жəне рационалдық, бiрақ оның алғашқы екi құрамы барлық жанды затарға тиесiлi болса, тек адам ғана осы үш құрамның барлығына да бiрдей ие.
Аристотель практикалық ғылымдар қатарына этика мен саясатты жатқызады, ал олардың мақсаты бақытқа жету болып табылады. Этикалық қадiр-қасиеттер "дұрыс ұстаным" немесе "шет аралықтардың ортасы" ретiнде қарастырылады. Аристотель, сондай-ақ бейбiт өмiр мен парасаты белсендiлiк түрiндегi жетiлген мемлекеттiң идеалын ойлап шығарды.
Мəдениет тарихында Аристотель өз есiмiмен аталатын дəстүрлi логиканың негiзiн қалаушы ретiнде де белгiлi. Шындығында да ол негiзiн қалаған логикалық тұжырымдар бүкiл орта ғасырлар бойы өзгерiссiз қолданылып, тек жаңа заманнан бастап, оның екiншi этапы, яғни қазiргi математикалық жəне символикалық логиканың даму кезеңiне дейiн өмiр сүрдi.
Егер ақиқатты зерттеу, бiлiмдi жан-жақты дамыту философия мен жеке ғылымдардың негiзгi мiндетi болса, ал шығармашылық ғылымдардың мiндетiн Аристотель өзгеше түсiндiредi. Риторика сендiрудiң тиiмдi құралы мен тəсiлi болса, ал поэтика моральдық тұрғыда құмарлықтардан тазартады, рационалдылықты күшейтетiн эмционалдық саланы жаңартудың құралы болып табылады.
Аристотель де Платон сияқты өзiнiң мектебiн – Ликей немесе Перипатетиктер мектебiн ұйымдастырды. Бұл мектептiң талантты түлегiнiң бiрi - Теофраст едi. Ликей мектебi бүкiл эллиндiк дəуiр бойына христиан үстемдiгiне дейiн өмiр сүрдi. Б.з.д. I ғасырдың екiншi жартысында перипатетиктердiң бiрi Андроник Родосский ұлы Стагирит еңбектерiн алғаш рет жүйелi түрде басылымға дайындады. Бiрақ перипатетиктердiң ешқайсысы да өз ұстаздарының деңгейiне жете алған жоқ.
Эллиндiк-римдiк философия сегiз ғасырға жуық уақытты қамтитын антикалық философия тарихындағы ең ұзақ кезең болып табылады. Эллиндiк дəуiр гректердiң саяси өмiрiмен қатар рухани əлемiн де ұлы өзгерiстерге алып келген Александр Македонскийдiң
жорықтарымен (б.з.д. 334-323) басталады. "Эллинизм" терминi гректердiң hellenizo деген сөзiнен шыққан жəне "грекше сөйлеу", " грекше жасау" деген ұғымды бiлдiредi. Эллиндену А.С.Богомоловтың айтуынша, орасан зор аймақты мекендеген мəдениетi жоғары дамыған халықтардың эллиндiк мəдениеттi қабылдай отырып, грек жəне əртүрлi варвар халықтар мəдениеттерi өзара байланысып, синтезделуi нəтижесiнде өзiндiк өркениеттi қалыптастыруы болып табылады.
Саяси дербестiктi жоғалту гректiң полистiк жүйесiнiң дағдарысымен сипатталады. Эллиндiк монархиялар жағдайындағы жаңа өмiр тəртiбi бұрынғы "құндылықтарды" қажет етпедi, мемлекет пен адам арасындағы ескi байланыс бұзылды. Эллиндiк адам ендi "азамат" емес, орасан зор империяның арасына сiңiп кеткен "бағыныштылар" едi. "Варварлармен" салыстырғанда өзiн жоғары қоятын сананың орнын индивидуализмге
негiзделген космополиттiк идеал алмастырды. Азамат пен мемлекет арасындағы тығыз тұтастықтың бұзылуы бұл кезеңде этиканың саясаттан бөлiнуiне əкелiп соқты.
Классикалық грек мəдениетiнiң эллинизмге өзгеруi тереңдiк пен тазалықтың жоғалуына əкелгенiмен, шығыс мəдениетiмен синтезделудiң нəтижесiнде оның интенсивтi дамуы да орын алды. Жаңа мəдени орталықтар пайда болды: Пергам, Родос, Александрия, олардың даңқы белгiлi дəрежеде Афиныдан асып түстi. Əсiресе, Александрияда жекелеген ғылымдардың гүлденуi ерекше көзге түседi: Кiтапхананың жұмысымен байланысты филологияның қалыптасуы, математиканың (Евклид), механиканың (Архимед) дамуы, астрономияда гелиоцентристiк төңкерiс жасауға талпыныс (Аристарх), эллиндiк медицинаның жеткен шыңдары, анатомиядағы табыстар, географияның жүйеленуi (Эратосфен), сипаттамалы жаратылыстанудың, тарихтың, бейнелеу өнерiнiң, техниканың дамуы. Мұның бəрi ерекшелiгi мамандану болып табылатын көлемi жағынан да, сапасы жағынан да өзгеше жаңа феноменнiң өмiрге келгендiгiн дəлелдейдi.
Эллиндiк адамның əлемге көзқарасы антикалық философияның дағдарысын, деградациясын бiлдiретiн философиялаудың сипатын айқындайды. Философия бiрте-
бiрте өзiнiң шығармашылық сипатынан арылып, философияның бет-бейнесiндегi акцент те өзгере бастайды. Басты назарға этика алынып, адамгершiлiк мəселесiнде мынадай сұрақ алдыңғы орынға шықты: əлемнiң бұзылып жатқан тұсында қалай еркiндiктi сақтап қалуға болады? Сондықтан да стоиктер философияны жеке бөлiктерге бөле отырып (логика, физика жəне этика), оны бақшаға теңейдi, онда бақтың қоршауы – логика, ағаштары – физика болса, ал оның жемiстерi мен ұмтылатын мақсаты этика болып табылады.
Эллиндiк-римдiк философияның жалпы дағдарыстық сипатына қарамастан оның мазмұнына күмəн келтiруге болмайды, өйткенi онда сол заманға тəн қайшылықтардың барлығы да көрiнiс тапқан.
Эллинизм дəуiрiнде ең танымал сократтық мектептердiң бiрi – кинизм болды. Оның символы ретiнде өзiнiң атақты "Адам iздеп жүрмiн" (тал түсте қолына шам ұстап) деген тезисiмен белгiлi жəне ешқандай өркениет пен комфортты мойындамай өмiрiн бөшке iшiнде өткiзген Диоген Синопский кең танымал болды.
Кинизм байлық, атақ, даңқ, билiк жəне тағы басқа да бақытсыздыққа əкелетiн адамға тəн иллюзияларды терiске шығара отырып, халық арасында үлкен табыстарға жеттi. Бақытқа жеткiзетiн зерделiк пен даналықтың шарты болып табылатын – апатия жəне автаркия. Бұл ұстаным эллинизм дəуiрiндегi өзге де философиялық бағыттарға тəн.
Өзге философиялық ағымдармен салыстырғанда киниктердiң дəуiрi аз уақытты қамтыды. Олар дəстүрлi құндылықтарды терiске шығарғанымен, өздерi ешқандай жаңа нəрсе ұсына алмады. Адамды айуандық бастауға əкелiп тiреу жəне осындай тұрпайы адамнан жоғары рухты талап ету ғылым мен мəдениеттiң рөлiн төмендетiп, рухани азғындыққа əкелерi сөзсiз. Ертедегiлер кинизмдi "жақсылыққа жетудiң қысқа жолы" деп атағаны белгiлi, алайда философияда да, өмiрде де қысқа жолдың болмайтыны айдан анық. Б.з.д. III ғасырда өзге де сократтық мектептер (киренаиктер, мегариктер) өздерiнiң
