Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:

Фил. словарь новый

.doc
Скачиваний:
18
Добавлен:
10.03.2016
Размер:
1.43 Mб
Скачать

МЕТАГАЛАКТИКА («галактиканың арғы жағында» деген сөз) – миллиардтаған галактикаларды біріктіретін ғаламдық жүйе. Бұл терминді американдық астраном Х.Шенли енгізді. Ертеректе «үлкен әлем» деген терминінде қолданылды. («жұлдыздар әлемінен», яғни біздің Галактикадан тыс), метагалактика қазіргі заманғы бақылау құралдарының көмегімен көруге болатын материялық жүйелердің ең үлкені болып табылады. Оның диаметрі 28 млрд. жарық жылы шамасында. Біздің Галактика өзінің екі серік – галактикасымен және Андромеда жұлдыздар шоғырындағы бізге ең жақын галактикамен қоса алғанда барлығы он алты галактика жергілікті топ деп аталатын метагалактиканың көптеген ішкі жүйелерінің біріне жатады. Спектрдегі Қызыл ауытқу метагалактиканың тұрақты еместігін (кеңейе беретіндігін) көрсетеді.

МЕТАФИЗИКА – бірінші түсінігі (Аристотель бойынша) – болмыстың, білімнің және мәдениеттің тәжірибеден жоғары принциптері мен бастаулары туралы философиялық ілім. Екінші түсінігі – диалектикалық материализм метафизиканы диалектикаға қарама-қарсы, болмыстың қайшылықтар арқылы өзіндік сапалы дамуын терістейтін, дүниенің біржақты, тек ойдағы бейнесін құрастыруға бейім философиялық метод деп есептеді. Қазіргі кезеңде бірінші мағынасы басымырақ.

МЕТОД (грекше metodos – жол, зерттеу) – таным жолы, белгілі бір мақсатқа жету тәсілі, шындықты теория немесе практикалық деңгейде меңгеру әдістерінің жиынтығы.

МЕТОДОЛОГИЯ – қандай да бір ғылымда қолданылатын танымдық құралдардың, методтардың, әдістердің жиынтығы. Танымдық және практикалық-өзгертушілік қызметті ұйымдастырудың алғышарттары мен принциптерін, құралдарын зерттейтін білім саласы.

МИ – нерв жүйесінің орталық бөлімі, оған бас миі және жұлын жатады. Бас миінің жоғарғы бөлімдері хайуанаттар мен адамның психикалық өмірімен тығыз байланысты, басқару органы, яғни түрлі органдардың қызметін өзара қарым-қатынасын психиканың көмегімен реттеуші роль атқарады.

МИКРОКОСМОС ЖӘНЕ МАКРОКОСМОС (басқаша: микроскосм және макрокосм) (гр., микрокосмос- кіші әлем және макрокосмос-үлкен әлем деген сөздерінен) – тиісінше Адам мен Универсумды (ғарыш, ғалам), сондай-ақ олардың арақатынасын білдіретін ұғымдар. Бұл орайда космос деп әлдеқандай тұтас бір кеңістік қана емес, сонымен бірге оның құрылымы ретінде түсініледі.

МИЛЕТ МЕКТЕБІ (ионийлік) – Грециядағы ең көне материалистік философиялық мектеп; оның алғашқы өкілдері б.з.б. 6 ғасырда өмір сүрді. Милет ол кезде сауданың, теңізде жүзудің, мәдениеттің ірі орталығы болды, ал бұл Фалес, Анаксимандр, Анаксимен сияқты көрнекті милеттіктердің ой-өрісі мен ғылыми ынта-талабының жан-жақты өрістеуіне жағдай жасады. Олар математика, география, астрономия салаларында ғылыми жаналықтар ашты. Олар шексіз көп құбылыстардың негізін құратын бастама ретінде тұрқы бар материалдық заттарды – суды, ауаны және т.б. санады.

МИМАНСА (дұрысы, пурва-миманса) – үнді философиясындағы ортодоксальдық жүйелердің бірі. Бұл ұғымның діни және философиялық мағыналық жағы логикалық талдауды қажет етеді, бұған жауап брахмандар мен Упанишадтың мәтіндерінде кеңінен ашылады. Миманса ілімі бойынша соңғы сәт – мокшадан босану рационалды тұрғыдан түсіндіріліп, сана мен білімнің көмегімен анықталамайды деп тұжырымдалады. Бұл жолда тиымдар мен шектеулерден тұратын түрлі салт-жоралғыларды ұстануды талап ететін, қоғамдық және діни міндетті – дхарманы тұту басты орынға шығады. Миманса көзқарасы бойынша, индивид өз талап-тілектерінен тәуелсіз, дхармаға бой ұсынса, оның соңғы нәтижесі – абсолюттік тыныш күйге, сөнуге жетеді деп пайымдалады. Миманса санкхья сияқты дүниенің екі бастамасы рухани және материалдықты қолдайды. Миманса ілімі алғаш рет Миманса-сутраларда кездесетін Джайминидің (3 ғ.) жазбаларында баяндалады. Ал кейінгі комментаторлар мимансаның теологиялық жағын күшейте түсіп, өзінің құдіреттілік идеясын дамытты. Бір жағынан мимансаның реалистік және рационалистік методологиясы көне үнділік материализмге де жақын.

МИФ ФИЛОСОФИЯСЫ – мифологиялық сананың құрлымын мифтің мәдени-психологиялық құрылым ретінде атқартын функцияларын зерттейтін философиялық сала.

МОДАЛЬДІК – (логикада) (лат. Modus – өлшем, тәсіл) – пікірлердің қосталып айтылуының «күші» бойынша сипатталуы: пікірдің қажетті, мүмкін, кездейсоқ, мүмкін емес және т.б. болуы ықтимал. Дәстүрлі логикада қажеттілікті (аподиктикалық), мүмкіндікті (проблематикалық) және шындықты (ассерториялық) білдіретін пікірлер белгілі. Қазіргі логика пікірдің, сөйлемнің қасиетіне белгілі «методологиялық» баға бере отырып, модальдықтың қасиетін талдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, модальдық деп кейбір объектілердің немесе құбылыстардың өмір сүруінің жүру барысының, сонымен қатар объектілер, құбылыстар, оқиғалар мен процестер туралы пікірлер мен логикалық пайымдаулар құрастыру және түсіну тәсілдерінің ерекшеліктерінің сипаттамасы.

МОДУС (лат. modus - өлшем, тәсіл) – заттың кейбір сәтінде ғана көрініс табатын, атрибуттан бөлегірек қасиетті белгісі. Модус маркстік философияға дейінгі қолданылған философиялық термин. Спиноза философиясында модус өзіне-өзі себепші болатын және ешбір өзге себептерді қажет етпейтін бірегей, мәңгі, шексіз материалдық субстанция ретінде көрінеді.

МОИЗМ – Конфуций іліміне қарсы Мо-цзы (Мо Ди, б.з.б. 479-400 жж.) атты ойшыл «адамды сүю» идеясын өз ілімінің негізі етіп алады. Оның ойынша, елдегі жағымсыз құбылыстардың себебі – адамдардың бірін-бірі жақсы көрмеуі. Адам өзін ғана сүйсе, мұндай эгоизм мемлекетке зұлымдық әкеледі. Ол өз пайдасын ғана ойламай, қоғамдағы басқа адамдардың да қамын ойласа, жеке пайда жалпы пайдаға ұласып, мемлекетте тыныштық орнайды. Мо-цзы елдегі ретсіздіктердің негізі кедейліктен басталады деп есептеп, адамдарды тынымсыз еңбек етуге шақырады, еңбектенген адамның кедей болуы мүмкін еместігін дәлелдеуге тырысады. Оның негізгі тұжырымдары «Мо-цзы» еңбегінде баяндалған.

МОНАДА (грек. monas – бірлік) – болмыстың құрылымдық, субстанцианалдық бірлігін көрсететін философиялық термин. Әр философиялық жүйелерде әрқалай талданылды. Пифагорлық философияда – монада дүниенің негізі ретіндегі математикалық бірлік. Н.Кузанский («Об ученом незнании», 1440) мен Дж.Бруноның («О монаде, числе и фигуре», 1591) көзқарастары бойынша – монада болмыстың бірегей бастамасы, жанданған материяның көрінісі. Монада – Г.Лейбництің («Монадология», 1714) негізгі философиялық ұғымдарының бірі. Лейбництің пікірінше, Құдай өзінің ішкі даму заңдылығына сәйкес субстанцияларды дүниеге келтірді. Барлық мәнділіктердің түпнегізі – ұсақ денелі және саналы монадалар. Монадалар табиғаттың нағыз атомдары. Монаданың негізгі қасиеттері: олар қарапайым және бөлінбейді, әрқайсысының бөлек және әрекетшіл мүмкіндігі бар, кеңістікте көсілмейді. Олар тек «философиялық нүкте» - әрекетшіл күштің түпнегізі. Құдай алғашқы монада ретінде саналса, ал қалғандары оның сәулелері болады. Монадалардың түрлері: минералдар мен өсімдіктер, жануарлар, адамның жандары, Құдай. Ломоносовтың еңбектерінде материяның бір бөлшегі (корпускулдар) ретінде «физикалық модус» термині кездеседі.

МОНИЗМ (грек. monas – жалғыз, дара) – барлық дүниенің негізі жалғыз бастама деп анықтайтын философиялық ілім. Материалистер дүниенің бастамасы мен негізін материя деп білсе, идеалистер жалғыз бастама рух, идея деп қарастырады. Идеалистік монизм Гегель философиясына тән. Ғылыми және материалистік монизм дүниенің өзі табиғатынан материалдық, ал құбылыстардың барлығы қозғалыстағы материядан құралады деп қарастыратын диалектикалық материализм болып табылады. Марксизм философиясында материализм қоғамдық құбылыстарға да қатысты болып келеді. Монизмге қарсы ұғым – дуализм.

МОНОТЕИЗМ және ПОЛИТЕИЗМ. Монотеизм (грек. мονος – жалғыз, θεος – Құдай) – жалғыз Құдай туралы ілім және діни түсінік (политеизмге қарсы). Монотеизм мынадай түрлерге бөлінеді: теизм, пантеизм, панентеизм және деизм. Монотеизм авраамистік діндерге (иудаизм, христиандық, ислам), сонымен қатар индуизм философиясы мен сикхизмге де тән сипат.

Политеизм (грек. πολύς – көп, көптеген, θεός – Құдай) – көп Құдайға табынушылық, көп түрлі Құдайлардың өздеріне тән белгілері мен қасиеттерінің бір-бірімен байланысын сипаттайтын діни дүниетаным. Политеизм монотеизм мен атеизмге қарсы. Көп Құдайға табынушылық көне Грекияда кеңінен тарады. Политеизм мынадай түрлерге бөлінеді: анимизм, фетишизм, тотемизм, ата-баба рухтарына табыну. Политеизм қазіргі күнде индуизм, синтоизм, африкандық культ (табынушылық) және тағы да басқа діндерде көрініс табады.

МОРАЛЬ (лат. «moralis»- әдет- ғұрып) – адамдар мен әлеуметтік бірлестіктер арасындағы қарым-қатынастарды реттейтін қағида; адамның мінез-құлқын реттеу қызметін атқаратын әлеуметтік институт. Мораль әлеуметтік шындықтың этикалық сапаларын (ізеттілік, мейірбандылық, әділеттілік мінез-құлық, әдеп-ғұрып) бейнелейтін қоғамдық сананың ерекше нысанына жатады. Моральдің бірқатар ерекшеліктері бар: а) Моральдық ережелер мен талаптар қоғамдық ғасырлар бойы қалыптасқан құндылық негізін құрайды және жалпылама сипатта болады. ә) Моральдық қағидалар мен сезімдер нормативті, міндетті, тиісті болып табылады. б) Мораль әлеуметтік мұраттың бір түріне жатады, ол күнделікті тұрмыс қалыптарынан жоғары қойылады. в) Мораль мемлекеттік күшпен танылмайды, ол адамның еркіндігі аясымен байланысты. Адамның бірлесе өмір сүру тәжірибесінен, мәдениеттің дамуынан моральдық нормалар шыққан және оның орындалуын қоғамдық пікір қадағалап отырады. Ынтымақтастықпен адамгершілікті нығайтып қалыптастыру мораль ережелері болып қабылдайды. Жеке тұлға қоғамның әдіс мәдениетін игеру барысында өз мінез-құлқын реттей алатын қабілетке ие болып, айналасында болып жататын оқиғаларға моральдық баға бере алады. Нәтижесінде адам кісілік қасиеттерін дамыта алатын субъектіге айналып, оның бойында ар-ұят, жауапкершілік, парыз, намыс, ізгілік секілді жоғары морльдық, кісілік қасиеттер қалыптасады.

МО ЦЗЫ немесе Мо Ди (б.з.б. 479-381) – Көне Қытай ойшылы, қоғам қайраткері. Моистер ұйымының және философиялық мектебінің ұйымдастырушысы. Конфуцийдің ашық қарсыласы, конфуцийшілдер мен конфуцийлік көзқарасқа қарсы ілім жүйесінің негізін салды. Кейбір деректерге қарағанда, Мо Цзы Сун мемлекетінде ірі шенеуік – дафу болған-ды, бірақ бұл деректер нақты емес. Өмірі қайнаған тіршілікте, әрқашан қозғалыста болып, дәріс берумен айналысқан, көптеген мемлекеттерді: Лу, Ци, Сун, Чжон, Чу, Юэ аралап өткен. Жүздеген шәкірттері болды, ораторлық өнерімен белгілі болды, өзін дипломат ретінде танытты, қорғаныс ісінде, қалалық қамалда басқарушы болды. Билік басындағылардың қатігездігі мен қанаушылықтарын қатты сынға алды. Мо Цзының этикалық жүйесінің негізгі принципі «барлық адамзатқа деген сүйіспеншілік және өзара қатынастық пайда». Ол, сонымен қатар, жоғарғы тап өкілінің ауқатын және олардың жұмысшы тапты қанау арқылы, солардың арқасында күн көрулерін, конфуциандықтардың әдет-ғұрыптар үшін жазалау әрекеттерін сынға алып қарсы шықты. Мо-Цзы ойынша, «ақылды адамдар» өздерінің шыққан тектеріне қарамастан жоғарғы басқару орындарын алуы тиіс. Ал қоғамдағы қайшылықтар мен ретсіздіктің себебі қоғамға деген сүйіспеншіліктің болмауынан деген. Сондықтан конфуцийлік ілімнің тек «жеке адамға сүйіспеншілік» көзқарасына қарсы шығуының себебі де сонда жатыр. Қоғамға еңбек сіңірген адамдарды мадақтап үлгі етуді ұсынды. Бірінші болып Қытай философиясында таным процесінің негізі себеп екенін (гу), олардың арасындағы ұқсастық пен айырмашылықтарын (тун и) және заттардың шыққан тектеріне байланысты (лэй) деп бөлінулерін көрсеткен. Білім шындығын үш критерий бойынша талқылып оқуды ұсынған (сань-бао). Конфуцийге қарсы шыға отырып, кез келген көне принциптер өз заманында жаңа болғандығын, уақыт өте келе ескіретінін айтқан. Мо-Цзы көзқарастары кейін моистер өкілдерінің дамуына негіз болды және қытайлық логиканың жетілуіне тірек болды.

МӨЛШЕР – заттардың, құбылыстардың қасиеттерінің, құрамдас бөлшектерінің санын, даму ауқымын білдіреді. Сапа мен мөлшер – болмыстың жалпы, объективті сипаттамасы. Олар адам ойлауының да жалпы түрлері, дүниені тану мен практикалық өзгерудің сатылары, адамның практикалық қызметінің түбегейлі принциптері болып табылады. Заттың сапасы мен мөлшері диалектикалық бірлікте болады. Затты тану оның сапасын танудан басталады, сонан кейін бірте-бірте оның мөлшері тану сатысына көтеріледі.

МҮМКІНДІК және ШЫНДЫҚ – философиялық категориялар. Шындық – кең мағынасында, бүкіл өмір сүріп жатқан ғажап Дүние, тар мағынада, кеңістік пен уақыттың шеңберінде өзінің мән-мағынасына толы нақтылы өмір сүретін жеке объект. Мүмкіндік – заттың бүгінгі болашағы. Оның өзгеруі мен дамуының көрініс табатын кейбір нышандары, алғышарттары. Тағы бір анықтамасы: мүмкіндік – белгілі бір жағдайларда жүзеге асуы ықтимал бар болмыс, шындық – жүзеге асырылған мүмкіндік.

МУТАЗИЛИТ (оқшанушылар, бөлектенушілер) – қаламның беделді мектептерінің бірі, рационалистік бағыт айқынырақ байқалады. Діни мәселелерді талқылаумен шектелмей, табиғат, қоғам, антрософия, философия мәселелерін де зерттеуге ұмтылған мутазилиттер фалсафаның негізін қалады.

МУТАКАЛЛИМ – қаламды жалғастырушылар, құр догматтарға сүйеніп қана қоймай, ақыл-ойға да жүгініп, діни және ғылыми білімдердің басын ашып отырады, Құдай, ерік еркіндігі, құдайы әділеттілік, Құранның пайда болуы және т.б. мәселелерді кеңінен талқылады.

МІНЕЗ – адамның генетикалық ерекшеліктеріне байланысты, өмір жағдайларына сәйкес және солардың ықпалымен байқалып отыратын оның тұрақты психикалық ерекшеліктерінің жиындығы. Мінез арқылы адамның белгілі бір жағдайда өзін қалай ұстайтындығын алдын ала білуге, бойына қоғамға пайдалы қасиеттерді қалыптастырып, мінез-құлқын бағыттап отыруға болады.

МЭН ЦЗЫ (б.з.б. 372-289) – Конфуций ілімін жалғастырушы, Қытай тарихшыларының мәліметтері бойынша ол Конфуцийдің немесе Цзы Сыдың шәкірті болған. Конфуций ілімін дамытып қана қоймай, оны тереңдетті және жалпы Қытай философиясының дамуына үлкен үлес қосты. Оның ілімінің негізі – төрт адамгершіліктік бастау: адамды сүю, парыз, салттарды орындауға ұмтылу және ақыл-даналыққа ие адам табиғатының мейірімділігі.

-Н-

НАДАНДЫҚ – адам бойындағы білімсіздікті, қараңғылықты, мәдениетсіздікті білдіретін құбылыс. Надандық адамшылық қасиеттердің кемел формасы «кісіліктің» антиподы.

НАЗАР – белгілі бір объект немесе әрекет үстіндегі адамның практикалық және танымдық қызметінің бағытын және назарын қамтамасыз ететін психикалық жай-күй. Бір нәрсеге еріктен тысқары (алдын ала ойластырылмаған) назар осы нәрсенің (физиологиялық тұрғыдан бағдарланған рефлекс) тосындылығына, ондағы өзгерістерге, басқа нәрселерден айырмасына, оның әсер ету күшіне (күшті жарық, қатты дыбыс) байланысты туындайды. Ал ерікті түрдегі (алдын ала ойластырылған) назар саналы міндет түрінде айқындалады. Тек адамға ғана тән ерікті түрдегі назар оның еңбек тәжірибесіне байланысты өрбиді. Еңбекті атқаратын органдарға түсетін күштен басқа еңбектің барлық кезеңінде назар тұрғысында көрінетін мақсатты ерікті қажет.

НАНЫМ – субъектінің жағдайы, ол жеке адамның рухани дүниесімен тығыз байланысты болады, идеяларда бейнеленетін, объект туралы белгілі бір ақпарат хабарының негізінде пайда болады, басқа да сезімдермен қатар наным сезімімен қосарласып, адам қызметінің мотиві, стимулы, мақсаты және бағдары болып табылады. Философия мен психология тарихында наным теориясы үш түрге бөлінеді: көбінесе сезім ретінде қарастырылатын эмоциялық наным (Юм, Джеймс және т.б.); интеллектінің феномені ретінде түсіндірілетін интеллектуалдық наным (Дж, Ст. Миль, Гегель және т.б.); ерік атрибуты деп танылатын ерік наным (Декарт, Фихте және т.б.). Наным жеке және қоғамдық сананың қажетті элементі, адамдар іс-әрекетінің маңызды кезеңі болып табылады. Наным объектілері – табиғи және әлеуметтік өмір шындығының фактілері, құбылыстары және даму тенденциялары - субъектіге сезімдік жағынан берілмеген және мүмкіндік түрінде ғана көрінеді. Бұл орайда наным объектісі шын мәнінде бейнелі, эмоциялы деп саналады. Индивид, әлеуметтік топ және тұтас алғанда қоғам наным субъектісі бола алады. Наным объектіні ғана емес, сонымен қатар негізінен алғанда оған субъектінің қатынасын, ал сол арқылы субъектінің қоғамдық болмысын, оның қажеттері мен мүдделерін де көрсетеді. Наным феноменінің пайда болуында діни наным ерекше жағдай болып табылады, діни нанымды қоғамның өмір сүруінің өзіне тән жағдайлары туғызады. Теология діни нанымды адам жанының ажырағысыз қасиеті немесе құдай берген рахат деп біледі. Бұл күйінде наным парасатқа, білімге қарсы қойылады.

НАТУРАЛИЗМ – философиялық позиция, барлық бар болып отырғанды табиғатпен теңестіреді, табиғатты болмыстың бөлігі ретінде түсінуді терістейді және теориялық түсіндіруден жаратылыстан тыстың бәрін шығарып тастайды.

НАТУРФИЛОСОФИЯ – табиғат философиясы. Оның ерекшелігі – табиғатқа тұтас күйінде қарап, оны үстірт пайымдау арқылы түсіндіру. Жаратылыстану мен натурфилософия арасындағы шеп, натурфилософияның басқа философия жүйесіндегі орны сияқты философия тарихында өзгеріп отырады. Ертеде натурфилософия іс жүзінде жаратылыстанумен астасып ежелгі грек философиясында әдетте, физика деп аталады. Ежелгі натурфилософияға табиғатты қисынды және жанды біртұтас нәрсе деп антикалық стихиялы диалектикалық түсіндіру және микрокосмос (адам) пен макрокосмос (табиғат) ұқсастығының идеясы жатады (Гилозоим). Натурфилософияның құрамдас бөлігі – космология мен космонения. Натурфилософия элементтері тіпті орта ғасырлардағы схоластикаға тән, олардың мәні негізінен аристотельдік натурфилософия мен космология принциптерін, сондай-ақ неоплотонизмдегі жарық метафизикасын әлемнің геоцентрисиік бейнесіне бейімдеу болды. Қайта өрлеу дәуірінде натурфилософия табиғаттың схоластикалық бейнесіне қарсы күресте көне, негізінен, натурфилософия ұғымдары мен принциптерін сақтады, бірақ табиғи – ғылыми білімнің неғұрлым жоғарғы дәрежесіне сүйеніп, бірқатар терең материалистік және диалект. идеяларды дамыды.

НЕГІЗ – белгілі бір құбылыстың (нәтиженің) өмір сүруіне және оны айқындауға алғышарт жасайтын қажетті жағдай. Негізді анықтау, талқылау және одан нәтиже шығару процесі негіздеу делінеді. Философия мен нақты ғылымдар тарихы негізді іздестіру кезеңі болып табылады, әрі соның көмегімен табиғатты және қоғамдағы құбылыстарды түсіндіруге ұмтылады. Диалектикалық логика жүйесінің категориясы ретінде негізді Гегель түбірлі зерттейді. Оның көзқарасы бойынша негіз дегеніміз орныққан, шешімін тапқан қарама-қарсылық. Гегель қарама-қарсылықты шешу, сайып келгенде негіздің абсолютті іс-әрекетіне және абсолютті негізге әкелетінін анықтады. Гегельден кейінгі буржуазиялық философияда негіз категориясы негізінен жалпы логикалық аспект ретінде қарастырылды. (Шопенгауэр, Вунд, Зигвард, Витгенштейн т.б.). Негіз диалектикасында және нәтижеге жаңа көзқарас негізінен шындыққа сүйенеді, негіздеудің көрініс беруіне жағдай жасайтын формальды негізді және деректерді іріктеу мен оларға түсінік беруде субъективизмді жоққа шығаратын жан-жақты талдау процесіне арқа сүйеуге меңзейді. Заттардың шынайы негізіне олардың мәнін толық шешу арқылы, ішкі қозғалысы мен даму заңдылықтарындағы қарама-қайшылықтарды айқындау арқылы ғана қол жеткізуге болады.

НЕОГЕГЕЛЬШІЛДІК – идеалистік философиялық бағыт, ол 19 ғ. 2-жартысында Англия мен АҚШ-та жаратылыстық-тарихи материализм мен позитивизмге қарсы, дін мен спекулятивті философияны (Г.Х.Грин, Ф.Г.Брэдли, Дж.Ройс, Дж.Э. Мак-Таггарт және т.б) қорғау үшін пайда болды. Неогегельшілдік 19 ғ. басы мен 20 ғ. аяғында марксизмге қарсы бағыт алып, Италияда (Кроче, Джентиле), Ресейде (И.А.Ильин), Нидерландыда (Г.Болланд) тарады. Бірінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында және одан кейін неміс неогегельшілдік идеялар (Г.Глокнер, Р.Кронер, Т.Литт) қалыптасты. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін экзистенциализммен (Ж.Валь, Ипполит, А.Қожев) қосыла отырып, Францияда тарады. Неогегельшілдікке диалектикадан бас тарту немесе оны тек сана саласында ғана қолдану және Гегельді өмір философиясы рухында иррационалдық тұрғыдан пайымдау тән. 30 жылдары неогегельшілдікті Маркузе құрмет тұтты. Қарама-қайшылық мәселесін неогегельшілдер әрқалай шешті: қарама-қайшылықтарды «ымыраластырудан» бастап, мәселені шешудің мүмкіндіктерін мүлде жоққа шығаруға дейін (А.Либерттің «трагедиялық диалектикасы»). Әлеуметтануда неогегельшілдердің кейбір өкілдері Гегельдің рух философиясының кертартпа жақтарын отаршылдық мемлекет саясатында (Б.Бозанкет), одан соң қоғамдағы таптарды татуластыру құралы ретінде фашистік корпоративті мемлекетті «негіздеу» үшін пайдаланады. Бүгінгі күнде қызметін жойған неогегельшілдік орталық 1930 жылы «Халықаралық гегельдік одақ» болып құрылған.

НЕОКАНТШЫЛДЫҚ 19 ғ. 2-жартысында Германияда «Қантқа қарай, кейін!» ұранымен (О.Либман, Ф.Ланге) пайда болған идеалистік ағым. Ол сонда-ақ Францияда (Ш.Ренувье, О.Амлен), Италияда (К.Кантони) және Ресейде (Введенский, Челпанов, «жария марксизм» ағымы) тарады. Неокантшылдық Кант философиясының материалистік және диалектикалық элементтерін жоққа шығарып, оның идеалистік және метафизикикалық белгілерін қайта жанғыртып, дамытады. «Өзіндік зат» мүлдем лақтырылып тасталады немесе субъективтік идеалистік тұрғыдан «шегіне жеткен түсінік», немесе таным (сезімдік белгілері априорлық жасалған деп таңылуы), мақсатты ұмтылыс ретінде түсіндіріледі. Неокантианшылдық немістің екі мектебі: марбургтік (Коген, П.Наторп, Кассирер) және фрейбургтік немесе баден (Виндельбанд, Риккерт) мектептерінде үлкен маңызға ие болды. Оның алғашқысы ғылыми пайымдаулар мен философиялық категорияларды логикалық конструкция ретінде түсіндіре отырып, оның идеалистік тұжырымдалуына ерекше көніл бөлді. Екіншісінің назарында – Канттың практикалық және теориялық сана туралы ілімінің негізінде жаратылыстық және қоғамдық ғылымдардың қарама-қарсылығын және әлеуметтік құбылыстарды ғылыми тұрғыдан танудың мүмкін еместігін, яғни бұған аксиологиялық-нормативтік және телелогиялық тұрғыдан ғана қарау мүмкін екендігін дәлелдеу. Неокантшылдық марксизмге қарсы бағыттағы ревизионизм ретінде қолданылып, ІІ Интернационал (Бернштейн, М.Адлер, К.Форлендер) оппортунистерінің ресми философиялық догмасы дәрежесіне дейін жетті. Ленин мен Плеханов неокантшылдық ревизионизмге тойтара соққы берді. Г.Файхингердің көзқарасының негізінде марбург мектебінің неокантшылдық ілімі неопозитивистердің вена үйірмесіндегі конвенционализмнің қайнар көзі болды, ал Кассирер көзқарасының дамуы философиялық антропологияның семиотикалық тәсіліне алып келді. Германияда бұл ілімнің ықпалының төмендеуіне Н.Гартманның «сыни онтологиясы» әсер етті. Қазіргі күнде неокантшылдықтың қайталануы аксиологияның кейбір ағымдарында өз ықпалын жойған жоқ. Танымда эмпирикалық ұғымдардағы «теориялық салмақтылық» уәжін жоғары қоятын сыншыл рационализм өкілдері неокантшылдық бағытқа жақын.

НЕОПЛАТОНИЗМ ілімінің негізін салушы Аммоний Саккас өзінің артынан ешқандай жазбаша дерек қалдырмағанмен, оның көзқарасы бойынша неоплатонизмдегі негізгі белгілер: платонизм мен аристотелизмді қиыстыру, жанның заттылығы туралы стоиктердің ілімін сынау, рухани бастаманың біржақтылығн мойындау. Неоплатонизм өзінің тарихи дамуынада мынадай кезеңдер мен мектептерге бөлінді: 1) римдік мектеп (3 ғ.) спекулятивтік-теориялық жүйені жасады, негізін салушы – Плотин, өкілдері: Амелий, Порфирий. 2) кішіазиялық неоплатонизм (4 ғ.) – спекулятивтік теориядан бас тартпай-ақ практикалық мистиканы алға қойды. Екі мектептен тұрды: сириялық (Ямвлих, Феодор Асинский, Сопатр Апамейский, Дексипп) және перғамдық (Эдемий Каппадокийский, Юлиан, Салмостий). 3) Жүйелеуші-түсіндіруші неоплатонизм (5-6 ғ.ғ.) афиналық және александриялық мектептердің негінде жасалынды. Афиналық мектептің (Плутарх Афинский, Сириан, Прокл, Дамаскин, Симпликий) теориялық ынтасы жоғары болды. 529 жылы император Юстиниан неоплатонизмді оқытуға қарсы болып, афиналық мектеп жабылады. Александриялық мектеп (Гипатия, Асклепиодот, Аммоний, Иоанн Филофон, Олимпиодор) Платоннан гөрі Аристотельге бағдарлары жақын болды. Кейіннен неоплатонизм христиандық философияға (Августин, Боэций, Эриуген) және араб тіліндегі философияға (әл-Кинди, әл-Фараби, т.б.) өзінің ықпалын тигізді. Неоплатонизмнің белгілері Қайта өрлеу дәуірі (Н.Кузанский, Ф.Патрицци, Дж.Бруно) және жаңа заман (кембридждік платондықтар, спиноза, Лейбниц, Берклий) ойшылдарының көзқарастарынан көрініс тапты. 18 ғ. соңында неоплатонизм дәстүрін жалғастыру тоқтайды.

НЕОПОЗИТИВИЗМ (логикалық позитивизм) – позитивизмнің қазіргі заманға формасы. Философияны табиғи және жасанды тілдерді сараптаушы қызмет түрі ретінде түсіне отырып, неопозитивистер белгілік-символдық құралдардың ғылыми танымдық рөлін, білімді математизациялау мүмкіндігін, ғылымның теориялық аппараты мен эмпирикалық базисінің арақатынасын анықтауда белгілі бір нәтижелерге жетті. Олар ғылыми білімдерді тексерудің негізгі принциптері ретінде верификация, фальсификация және конвенция принциптерін ұсынды. Көрнекті өкілдері К.Поппер, И.Лакатос, Т.Кун, Б.Рассел, Л.Витгенштейн, Р.Карнап.

НЕОПРОТЕСТАНТИЗМ – бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін Европада (К.Барт, Э.Бруннер), 30 ж. АҚШ-та (Рейнгольд және Ричард Нибурилер, П.Тиллих және т.б.) кеңінен тараған буржуазиялық діни ілімдегі бағыт (Диалектикалық теология). Неопротестантизм либералдық христиандықты қатал сынға алып, абсолюттік әмір иесі құдай мен өзінің мүмкіндігі жағынан шектеулі адамды біріне-бірін қарсы қойды. Неотомизмдегі құдай болмысы мәңгі заң делінген ұғым, неопротестанттық философиялық ілімде құдай өзінің еркін ерікті түрде орындайтын субъект деп алмастырылды. Неопротестанттық көзқарас тұрғысынан адамның жердегі болмысы құдайға қарсы және оның еркіне қайшы келеді, адамның жоюға келмейтін күнәһарлығы да осында. Бұл бағыттың өкілдері адамды «құдайға қарсы бүлік шығарушы», тарихты өзі жасаушы тәуелсіз тұлға деп қарастырады. Неопротестанттар өз этикасында христиандық моральды әлеуметтік практикада «іске аспайтын мүмкіндік» ретінде қарастырды.

НЕОРАЕАЛИЗМ – 20ғ. ағылшын-американ философиясындағы ағым. Негізгі өкілдері: Англияда–Мур, Рассел (қызметінің бастапқы кезеңінде), Александер, Ч.Д.Броуд; АҚШ-та–Р.Б.Перри, У.П.Монтэгю және т.б. Германияда – Ф.Брентано, Н.Гартман және т.б. Неореализмнің таным теориясының негізінде бейнелеудің материалистік теориясына қарсы бағытталған «дуализм» ретінде сыналған «тәуелсіздіктің иманенттігі» идеясы, танылуға тиіс заттың тікелей санада болу мүмкіндігін, бірақ соған қарамастан өзінің өмір сүруі мен табиғат тұрғысынан алғанда танымға қатыссыздығын мойындау жатыр. Неореалистік танымның бір теориясы «эпистемологиялық монизм» - мысалы, Расселде тәжірибедегі «тәуелсіз элементтердің»махистік тұжырымымен және физикалық пен психикалықтың «функционалдық» өзгешелігімен байланысты. Онтологияда неореализм «идеяалды өмір сүретін» қасиетке ие жалпы ұғымдардың жиынтығын, сондай-ақ нәрселердің өздерін құрайтын қатынастардың тәуелсіздігін мойындайды («сыртқы қатынастар теориясы»). Неореализмнің гносеологиялық мәні – жалпылықтың жеке заттардан алшақтауы, сондай-ақ логикалық байланыстар мен ұғымдарды онтологизациялау. Неореализмде сондай-ақ әмбебаптық философиялық жүйені идеалистік тұрғыдан түсіну теориясын дамытудың негізінде дамыған «космологиялық» бағыт та бар (Александердің эмерджентік эволюция теориясы, Уайтхедтің «үрдіс философиясы», Я.Х.Смэтстің холизмі).