23 билет
1. Мал шаруашылығының халық шаруашылығындағы маңызы және дамуының негізгі тенденциялары
Мал шаруашылығы - аграрлық сектордың басты салаларының бірі, ол ауыл шаруашылығы экономикасына айтарлықтай әсер етеді. Халықты азық-түліктің жоғары сапалы түрлерімен қанағаттандыру дәрежесі негізінен мал шаруашылығы өнімінің мөлшері мен оның сапасына байланысты. Ет, сүт, жұмыртқа тағамдық өнімдердің негізгілері және белокпен жабдықтаудың басты көзі болып табылады. Бұл салада тұрғындардың негізгі тағамдық азықтары жасалады, адам орта есеппен тағамға қолданылатын калорияның 30 %-ға жуығын және белоктың 60%-ға жуығын мал шаруашылығы өнімі есебінен алады. Мал шаруашылығы өнеркәсіп салалары үшін бағалы шикізат түрлерін береді: жүн, тері және т.б. Яғни мал шаруашылығы өнеркәсіптің ет-сүт, тағам, жеңіл және басқа салалары өндірісін шикізатпен қамтамасыз етеді. Мал шаруашылығы салаларын дамыту ауыл шаруашылығында материалдық және еңбек ресурстарын тиімді пайдалануға әкеледі. Мал өнімдерін өндіру, өңдеу, оны тұтынушыға жеткізу адамның қалыпты өмір сүру қабілетін арттырады. Бұл жағдайлар аграрлық нарықтың даму деңгейімен сипатталады. Мал шаруашылығы егіншілікпен өзара тығыз байланыста болады. Ол табиғи-экономикалық жағдайларға және шаруашылықтың даму деңгейіне тәуелді. Егін шаруашылығы мал шаруашылығын азықпен қамтамасыз етеді: елдің ауыл шаруашылық алқабының үштен екісіне жуығы мал азығын алу үшін пайдаланылады. Өз кезегінде өсімдік шаруашылығының әртүрлі қалдықтарын пайдалана отырып, мал шаруашылығы егін шаруашылығына үлкен ықпал етеді. Мал шаруашылығы деген ұғым ауыл шаруашылығының бір топ салаларын: ірі қара мал шаруашылығын, қой шаруашылығын, құс шаруашылығын, шошқа шаруашылығын, бал арасы шаруашылығын, аң шаруашылығын және басқаларын қамтиды. Бұл салалар адамға керекті өнім мақсатында мал мен құстың түр-түрін өсіру және жетілдіруге арналған. Олар сүт, ет, жұмыртқа, бал және басқа маңызды тағамдар алудың көзі болып табылады. Мал шаруашылық өнімін ұйымдастыру кезінде шаруашылықта қабылданған мал шаруашылығы жүйесін ескеру керек. Мал шаруашылығы жүйесі дегеніміз - мал басын неғұрлым өнімді пайдалануға, еңбек пен қаржы шығындары төмен болған жағдайда бәсекеге қабілетті өнім өндіруді ұлғайтуға бағытталған, ғылыми негізделген ұйымдастыру-экономикалық және зоотехникалық шаралар кешені деп түсіндіріледі. Мал шаруашылығы жүйесі егіншілік жүйесімен ажырамас байланыста болады. Мал шаруашылығы жүйесі материалдық-техникалық, технология-лық және ұйымдастыру-экономикалық элементтерден тұрады. Элементтердің бірінші талабына: мал ұстауға арналған қора-қопсы түрлері, бұларға қызмет көрсету жөніндегі жұмыс үрдістерін орындайтын машиналар, фермалардың жабдықтары, өндірістің басқа құралдары жатады. Фермаларды өндірістің өнеркәсіптік әдістері қолданылған сайын капитал салымдары және мал басын ұстауға жұмсалатын материалдық –ақшалай шығындар ұлғаяды, бұлар мал өнімділігін аттыру арқылы өтелуге тиіс. Шығындардың ұлғаюы кешенді механикаландырылған қорлардың күрделі құрылысынан және малды бағып-күту жөніндегі жұмыс үрдістерінің автоматтандырылуынан болады. Жүйенің технологиялық элементтеріне мал басын ұдайы өсіру жүйесі, малдың тектілік, асыл тұқымдық сапасын, азықтандыру түрін, мал ұстау әдістерін, сондай-ақ мал ауруларымен күрес шараларын жақсарту жатады. Жүйенің ұйымдастыру-экономикалық элементтеріне мал шаруашылығы құрылымы мен салалардың бағыты, жер алаңының бірлігіне есептегендегі мал басының тығыздығы, табын құрылымы мен тектілік құрамы жатады. Бұған сондай-ақ фермалардың мамандандырылуы, мөлшері мен орналасуы, еңбекті жоспарлау мен есептің ұйымдастырылуы, салалар мен мал топтарының шаруашылық ішіндегі және шаруашылықаралық байланыстары жатады. Жүйенің осы үш элементі өзара байланысты және өзара сабақтас. Бұл элементтер мал шаруашылығының барлық салаларына тән, бірақ әрбір сала үшін олардың әр түрлі өзіндік ерекшелігі болуы мүмкін. Мал шаруашылығының әртүрлі даму кезеңдерінде жүйенің жекелеген элементтерінің маңызы бірдей емес. Мысалы, малдың жоғары асыл тұқымды қасиеттері азық жетіспеушілігі кезінде толық жүзеге аса алмайды. Мал шаруашылығында азық қорын жасауға ерекше көңіл бөлу қажет. Ғылыми мекемелердің деректері бойынша, мал шаруашылығы өнімін өндіру деңгейі 59%-азықтандыруға, 24%-өсіру жағдайына және 17% -басқа технологиялық факторларға тәуелді. Мал шаруашылығы – агроөнеркәсіп кешеніндегі төменгі табысты сала, ол табиғи-климаттық факторларға тәуелді. Ондағы өндіріс мерзімдік, циклдық жағдайда жүреді. Оның үстіне ауыл шаруашылығы өндіргіш күштерінің даму тұрғысынан алғанда өнеркәсіпке қарағанда нашар. Сондықтан ауыл шаруашылығы кәсіпорындары өзгеріп отырған экономикалық және технологиялық жағдайларға байланысты өзгереді.