Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:

аса кауипты

.docx
Скачиваний:
28
Добавлен:
18.02.2016
Размер:
526.83 Кб
Скачать

Аурудың жіті ағымы негізінен індет жаңадан басталған кезде байқалады. Мұндағы инфекцияның басты белгілерінің бірі дене қызуының тұрақты түрде жоғары болуы (40-41оС). Жануарлардың жалпы күйі нашарлап, әлсірейді, 2-3 күннен соң құсады, бастапқыда іші қатады, кейіннен қан аралас іші өтеді, көздің қасаң қабығы мен танаудың кілегейлі қабығы қабынады, көзінен кілегейлі-іріңді экссудат, ал мұрынынан қан ағады. Буаз мегежіндер іш тастайды. Ауру шошқалар жата береді, белдері бүкірейіп, жүргенде аяқтарын дұрыс баспай, шайқалады. Санның ішкі бетінің, мойынының, құлақ түбі мен құрсақ терісінде сарғыш, сұйыққа толы күлдіреуіктер пайда болып, кейіннен оған қан құйылып қою қызыл дақтарға айналады. Кейіннен аяқтың, іштің, құлақтың терісі көгереді. Ауру шошқалардың қанында лейкопения байқалады, орталық жүйке жүйесі зақымдалып, дене қызуы 35-36оС-қа төмендеп, 7-10 күндері өлімге ұшырайды. Аурудың бұл ағымында шошқа төлдерінің өлімі 100%-ға жетеді.

Жітілеу ағымы 2-3 аптаға созылып, негізінен тыныс алу (кеуде түрі) және азық қорыту (ішек түрі) жүйелері зақымдалады. Өкпе зақымдалған жағдайда қрупозды қабыну өрбиді, шошқа қиналып тыныс алады, жөтеледі, кеудесін басқанда ауырсынады. Аурудың ішек түрінде тоқ ішек кілегейлі қабатының крупозды-дифтериялық қабынуы байқалады, іші өтеді, дене қызуы мезгіл-мезгіл көтеріледі, жануарлар арықтайды, әлсірейді, әзер қозғалады, көбіне бір орында жатып, шошқаның өлуімен аяқталады. Аман қалған шошқалардың іші өтуі тоқтап, бірте-бірте сауыға бастайды, бірақ олар 10 айға дейін вирус алып жүруші болады.

Аурудың созылмалы ағымы екі айға немесе одан да ұзақ уақытқа созылады. Бұл кезде шошқалардың оқтын-оқтын іші өтеді, мезгімезгіл қызуы көтеріледі, жөтеледі, арықтайды, терісі қыртыстанып, қабыршықтанады. Кейде құлақтары мен құйрығының ұштары өліеттенеді. Мұндай жануарлар толық сауықпай, бірнеше айлар бойы вирус алып жүруші болып, айналасындағы сау малдарға қауіп төндіреді.

Патологоанатомиялық балауы. Өлекседегі өзгерістер ауру ағымына, асқыну дәрежесіне, шошқаның жасына қарай әртүрлі болады.

Аурудың жіті ағымында ересек шошқалардың терісінде, сір және кілегейлі қабықтарында, лимфа бездерінде, ішкі органдарында қан құйылулар байқалады. Әсіресе көмекей, азық қорыту жүйесінің, қуықтың кілегейлі қабықтарында, көкірек пердесі мен бүйрек қабықшаларының астында қан құйылулар жиі кездеседі. Көкірек және құрсақ қуысының, бас аумағының лимфа бездері 2-3 есе ұлғайып, геморрагиялық қабынады, оларды кесіп қарағанда шұбарланған мәрмәр тасқа ұқсас болады. Көк бауыр ұлғаймайды, ұлпасы түйіршіктенген, шет жақтарынан қара-қызыл түсті ошақтар байқалады. Өкпе қанға толаған, крупозды қабынған болып келеді. Жүрек, бауыр, бүйрек бозғылт тартып, қан аздық байқалып, дистрофиялық өзгерістерге ұшырайды. Жас торайларда геморрагиялық өзгерістер бәсеңдеу болады, негізгі өзгерістер азық қорыту жүйесі мен бүйректе кездеседі.

Аурудың жітілеу және созылмалы ағымдарында негізгі өзгерістер ас қорыту және тыныс алу жүйелерінде байқалады. Кеуде түрінде өкпенің геморрагиялық өзгерістермен қатар крупозды қабыну, көкірек пердесінің серозды фибринді қабынуы және жүрек қабықшасының қабынуы болады. Өкпеде бауыр тәрізденіп өзгерген некротикалық ошақтар кездеседі. Жітілеу ағымының ішек түрінде крупозды-геморрагиялық гастрит пен энтерит, ал созылмалы түрінде тоқ ішекте крупозды-дифтериялық қабыну немесе некротикалық ошақтар (жаралар) байқалады. Жиі жағдайда ішекте обаға тән «бутондар» немесе олардың орындарында дөңгеленген шеттері томпайып, қатпарланған фоликулалы ойық жаралар пайда болады. Әдетте осындай қабынған ішек қалыңдап, көлденең орналасқан қыртыстар пайда болады. Торайлардың терісінде терісінде бөртпелер кездеседі.

Дифференциалдық балауы. Шошқалардың классикалық обасын шошқаның африкалық обасынан (үлгілерді міндетті түрде зертханаға жібереді), дизентериядан, сальмонеллезден, шошқа тілмесінен, пастереллезден, Ауески ауруынан, тұмаудан (инфлюэнца), вирусты гастроэнтериттен, энзоотикалық пневмониядан, стрептококкоздан және кумарин, госсипол, т.б. уланулардан ажырату қажет.

Зертханалық балауы. Зерттеуге қажетті материал ретінде өлгеннен кейін 2 сағат аралығында немесе агональды жағдайда жатқан 2-3 жануардың миндалиналары, көмей мен шажырқай бездері, көк бауыр, бүйрек, мықын ішек кесінділері, қанын, аурудан сауыққан және күдіктілерінің қан сарысуларын стерильді ыдыстарға алады да, сыртын 5%-ды хлорамин ерітіндісімен өңдегеннен кейін дезинфекциялаушы ерітіндімен ылғалдандырылған дәкемен орап, полиэтиленді қалтаға, сосын ішінде мұзы бар термостарға салып зертханаға жөнелтіледі.

Вирустарды өсіру. Шошқалардың классикалық оба вирусы өкпе, көк бауыр, бүйрек жасушалары мен лейкоциттерден (цитопатогендік әсері анық байқалмайды), торайлардың тестикуласынан (цитопатогендік әсері байқалады) дайындалған алғашқы және торайлардың бүйрегінен алынған тұрақты (РК-15) жасуша өсінділерінде репродукцияланады. Жасуша өсінділеріндегі вирустардың максимальды титрі 4-8 күннен кейін байқалады. Сонымен қатар, бұл вирусты зертхана жағдайында иммунделмеген шошқалардың организмінде шексіз өсіре беруге болады. Бірақ бұл әдіс өте қымбат және қауіпті болып саналатындықтан арнайы рұқсатты қажет етеді.

Биосынама қою үшін жұқпалы аурулардан таза шаруашылықтардан алынған салмақтары 20-30 кг болатын 2-3 айлық торайлар қолданылады. Жұқтыратын материал ретінде зерттеуге алынған патологиялық материалдардың 10%-ды суспензиясы немесе қаны алынады. Ол үшін суспензияны антибиотикпен өңдеп, 4 сағат бойы +4оС температурада ұстағаннан кейін центрифугалап, тұнба сұйықтығының 2 мл-ін немесе қанның 1 мл-ін иммунделмеген үш торайдың тері астына егеді. Шошқалардың африкалық обасынан ажырату үшін классикалық обасына қарсы иммунделген екі торайға жоғарыда көрсетілген дозада жұқтырылады. Ал жұқтырылмаған екі торайды бақылау ретінде алып, бөлек ұстайды. Патологиялық материал жұқтырылған барлық торайларды 21 күн бойы күнделікті дене қызуын өлшеу арқылы бақылап отырады. Егер иммунделмеген 3 торайдың екеуінен аурудың клиникалық белгілері анықталса немесе өлімге ұшыраса, ал иммунделген 2 торай сау қалса реакция нәтижесі оң деп есептеледі. Реакция теріс болған жағдайда 3-6 аптадан кейін бастапқы торайлармен бірге 2 сезімтал жануарға қосымша жұқтырады. Вируленттілігі жоғары штамдармен жұқтырылған жануарлардың 40%-ы немесе оданда жоғарғысы өлімге ұшырап, ауруға тін белгілері анық көрінеді. Вируленттілігі әлсіз штамдарымен жұқтырылған 15-20 кг болатын жануарларда аурудың созылмалы ағымы байқалса, салмағы 35 кг шошқалардың дене қызуының бірнеше күнге дейін көтерілуімен шектеліп қана қояды. Мұндай жануарларды сойып тексергенде аздаған нүктелі қанталаулар байқалады.

Гистологиялық зерттеу жүйке ұлпаларындағы өзгерістерді анықтау мақсатында жүргізіледі. Ол үшін өлген немесе сойылған шошқалардың бас миының жартышарын, мишығын, әр жерінің жұлынын алғаннан кейін, олардан гистологиялық препараттар дайындап, гемотоксилин-эозинмен бояйды. Көпшілік жағдайда (70-93%) орталық жүйке жүйесінде лимфоцитарлық энцефаломиелит пен ганглиозды жасушалардың дистрофиясы байқалады. Лимфа бездерінен, жүрек бұлшық еттері мен бүйректен дайындалған кесінділерде жасушалар ядросының ішінен ядрошықтардан бірнеше есе кіші, ұсақ ацйдофильді денешіктер көрінеді.

Вирустардың серологиялық идентификациясында иммунды флуоресценция, жанама гемагглютинация, диффузиялық преципитация, иммунды электрофорез, пероксидазалық байланыстарды бейтараптау, полимеразалық тізбекті реакциялар мен иммунды ферменттік талдау әдістері қолданылады. Шошқалардың африкалық обасының ретроспективті балауында комплементті байланыстыру, диффузиялық преципитация, иммунды флуоресценция және бейтараптау реакцияларының көмегімен іске асырылады.

17-дәріс

АСА ПАТОГЕНДІ ҚҰС ТҰМАУЫ

(Grippus /influenzae/ galli)

Аса патогенді құс тұмауы (құстардың обасы, инфлуэнца) – жіті түрде өтетін, респираторлы мүшелері, асқазан-ішек жолдары мен орталық жүйке жүйесінің зақымдалуымен сипатталатын, құстардың өлімге ұшырауымен аяқталатын өте қауіпті және аса жұғымтал індет.

Ауру қоздырушысы РНҚ-лы бар вирустар тобына, Ortomyxoviridae тұқымдастығына, Influenzavirus туысына жатады. Вирус құрамында 10 құрылымды белоктар бар, ортасында 8 фрагменттен тұратын бір жіпшелі РНК орналасқан, сфера пішінді, көлемі 80-120 нм болады. Құс тұмауының аса патогенді штамдарының барлықтары А типіне, H5 және H7 тип тармақтарына жататындығы анықталған. Гемагглютинин жағынан 16 түрлі және нераминидаза ферменті бойынша 9 түрлі серологиялық варианттары белгілі. Үй құстарына қауіпті болып H7N7 және H5N1 штамдары саналады. Аталмыш вирус штамдарымен зақымдалған құстар жаппай қырылып қалады. Құс тұмауы вирусының рекомбинациялануына қарай қоздырушының құрылымы ғана өзгеріске ұшырап қоймай, олардың биологиялық қасиеттері (РНҚ-ның кейбір учаскелері) де өзгеріске ұшырап отырады. Осыған байланысты организмде түзілген антиденелер екінші рет енген вирусқа қарсы тұра алмайды. Осындай құс тұмауы вирусының мутанттары адамдар үшін өте қауіпті болып келеді.

Құстар тұмау вирусының резервуары болып есептеледі. Себебі құстардың организмінде вирустар рекомбинацияланып, патогенділік қасиеттері өзгеріске ұшыраған әр түрлі варианттары пайда болып, құстардың көптеген түрлерінде, сүт қоректілер мен адамдар арасында әр түрлі клиникалық белгілерімен сипатталатын, түрлі атаулармен аталатын ауруларды қоздырады. Кейінгі кезде ол аурулардың барлықтарын бір қоздырушының, яғни құс тұмауы вирусының тудыратындығы дәлелденіп отыр. Оларды бір-бірінен ажырату қоздырушының қасиеттерін анықтауға, биосынамалар мен иммунитетін тексеру нәтижелеріне негізделеді.

Тұмау вирусының негізгі компоненттері: вируленттік қасиеттеріне жауапты, А типіне тән, комплементті байланыстыру реакциясымен анықталатын – S-антигені (РНҚ+полипептид); қоздырушының серологиялық вариантын анықтайтын, вирустың иммуногендік және антигендік белсенділіктеріне жауапты, ГАТР, ЖГАР және БР арқылы анықталатын – V-антигені (гемагглютинин); вирустың нейраминидаза серотипін бейнелейтін, көбеюі кезінде жасушадан шығуы мен вируленттілік қасиетіне жауапты, нейраминидаза белсенділігін тежеу реакциясымен анықталатын (НБТР) – нейраминидаза ферменті болады.

Біздің жүргізген зерттеулеріміздің нәтижесінде құс тұмауы вирусының А типінің H5N1 штамы антигенінің құрамында иммунды ферменттік талдау мен диффузиялық преципитация реакциясында телімді антиденелермен белсенді түрде байланысқа түсе алатын 4 белок фракцияларының болатындығы анықталды (2007).

Тұмау вирусы құстардың саңғырықтарында, ұлпаларда және суда бір жылға дейін сақталады. +56оС температурада 3 сағат, ал +60оС-де 30 минутта инактивацияланады. Сілтілердің, қышқылдардың, тотықтырғыштар мен құрамында йоды бар ерітінділердің әсерінен зиянсыздандырылады

Аса патогенді құс тұмауын балау эпизоотологиялық деректерге, клиникалық белгілеріне, патологоанатомиялық өзгерістеріне, зертхана жағдайында жұқтырылған 9-11 күндік тауық эмбриондарын гемагглютинация мен диффузиялық преципитация реакцияларының көмегі арқылы вирустың А типін, тип тармақтарын растауға, вируленттілік дәрежесін бағалау үшін 4-8 күндік балапандарға жұқтыру арқылы анықтауға, вирустарды боліп алуға және оларды идентификациялауға негізделген.

Клиникалық балауы. Тұмау вирусына шалдыққан құстарда аурудың жасырын кезеңі 3 күннен 5 күнге дейін созылады. Ауру респираторлы, ішекті, нервті және аралас формада өтеді. Аурудың клиникалық белгілері әр түрлі: дене қызуы қатты жоғарлайды, қысылады, азыққа тәбеті болмайды, шөлдейді, құстар тұмсықтарын ашып, қиналып тыныс алғанда шикылдаған, қырылдаған дыбыс шығарады, мойындарын созып алады, ауызы мен мұрынынан сұйықтық ағады, қауырсындары үрпиген болады, конъюнктивит, түшкіреді, тұншығады, қозғалыс координациясы бұзылады, мойындарын 180оС-қа бұрап шалқайтады немесе бүгіп алады, бас аумағы ісінеді, тұмсығы мен аяқтары гиперемияланады, тұмсығының мүйізді қабаттары жарылып, қыртыстанған болады, айдарлары мен сырғалары көгеріп кетеді. Ауруға шалдыққан тауықтардың жұмыртқалауы күрт төмендейді, құстардың 90-100%-ы өлімге ұшырайды. Өлімге ұшыраған құстарда некроз байқалады және мумияға айналады, шешек ауруындағыдай бөртпелер мен диарея (іш өту) кездеседі. Құстардың саңғырығы көпіршіктенген, сұйық, жасыл-сарғылт түсті, қан араласқан болады.

Патологоанатомиялық балауы. Тұмау вирусына шалдыққан құстар кенеттен өлген жағдайда патологоанатомиялық өзгерістердің байқалмауы мүмкін. Құстардың айдары мен сырғалары қою-көк түсті, кейде қара түсті некротикалық ошақтар мен бөртпелер болады. Нүктелі қан құйылған конъюнктивит, геморрагиялық трахеит, катаральды-геморрагиялық энтерит, нефрит (бүйрек өзектеріне зәр тұздары жиналғандықтан) кездеседі. Көкірек қуысында, терісінде, кілегейлі қабықшалары мен құрсақ майында петехиялар байқалады. Аналық бездері қанталаған және дегенерацияланған, асқазан кілегей қабықтарына қан құйылған, клоакасы мен терісі қабынған болады. Түйе тауықтар мен қаздарда аталмыш өзгерістер нашар байқалады, ал ауру үйректер вирусты сыртқы ортаға таратқанымен, оларда клиникалық белгілері мен патологоанатомиялық өзгерістері мүлде байқалмауы мүмкін.

Дифференциалдық балауы. Құстардың тұмау вирусын пастереллезден, Ньюкасл ауруынан, жұқпалы ларинготрахеиттен, жұқпалы бронхиттен, респираторлы микоплазмоз бен гемофилезден ажырату қажет.

Зертханалық балауы. Зерттеуге қажетті материал ретінде жаңадан өлген немесе өлтірілген құстарды, клоака шайындысын, бас миын, өкпесін, көк бауырын, трахеясын, ішектерін алып, сұйық азотта қатырып, зертханаға жөнелтеді. Сонымен қатар, күдікті құстардың қан сарысулары да алынады.

Вирустарды өсіру. Құс тұмауының вирусы тауық эмбриондарында жақсы өседі. Вирустардың көп мөлшерде жиналуы олардың вируленттілігіне және онда адаптациялануына байланысты болып келеді. Тұмау вирусының барлық штамдары бірінші пассаждан кейін 26-36 сағаттан соң эмбриондарды өлімге ұшыратып, олардың вируленттілігі арта түседі. Вирустың кейбір штамдарын тауық эмбрионы фибробласттарынан алынған жасуша өсінділерінде, маймыл бүрегінен алынған алғашқы-трипсинделген жасуша өсінділерінде, басқаларын диплоидты және тұрақты жасуша өсінділерінде де өсіруге болады.

Біз құс тұмауы вирусының А типінің H5N1 штамынан белокты антиген алу үшін ауру құстардың трахеальдық және клоака жағындыларынан дайындалған 10%-ды суспензияға антибиотик қосып 9-11 күндік тауық эмбриондарының аллантоис қуысына енгізгеннен кейін +35-37оС-ге реттелген, ылғалдылығы 56-57%-ды құрайтын термостатта 4-7 тәулік бойы өсірдік. Инкубациялау уақыты аяқталғаннан кейін тауық эмбриондарын салқындатып (+4оС), аллантоис сұйықтығының гемагглютинирлеуші белсенділігін гемагглютинация реакциясымен анықтадық. Белсенділік көрсеткен вирустарды инактивациялау үшін эмбриондардың аллантоис сұйықтығына β-пропилактон қостық. Зерттеуге алынған материалдың құрамындағы белоктың концентрациялары 8 мг/мл-ді құрады (2007).

Биосынама. Зерттеуге алынған суспензияны 4-8 апталық тауық балапандарының тері астына, бұлшық етіне, миына немесе конъюнктивасына жұқтырады. Әдетте жұқтырылған балапандар, қоздырушының дозасына және вируленттілігіне байланысты 36-72 сағаттан кейін өлімге ұшырайды.

Цитоскопия. Бұл әдіспен тексеру үшін құстардың жоғарғы тыныс жолдарының кілегейлі қабықшалары және органдарының ұлпаларынан дайындалған жағындыларды пайдаланады. Препараттарды кептіргеннен кейін Романовский, Пигаревский, Быковский әдістерімен бояйды. Тұмауға шалдыққан құстардың ұлпаларынан дайындалып, Быковский және Пигаревский тәсілдерімен боялған жағындыларында жасуша цитоплазмасынан ашық-қызыл түсті денешіктер байқалады. Ал Романовский әдісімен боялған препаратта денешіктер күлгін түсті болып көрінеді. Жасуша ішілік денешіктер тек цилиндірлі эпителилерде ғана емес, сонымен қатар макрофагтардың, лейкоциттер мен жалпақ эпителидің цитоплазмаларында да байқалады. Кейінгі кезде мұндай зерттеулер люминесцентті микроскоптың көмегімен жүргізілуде.

Вирустардың индикациясы мен идентификациясында гемагглютинация, гемагглютинацияны тежеу, жанама иммунофлуоресценция, комплементті байланыстыру, вирустарды бейтараптау реакциялары, иммунды ферменттік талдау мен полимеразалы-тізбекті реакция қолданылады.

18-дәріс

НЬЮКАСЛ АУРУЫ

(Newcastle disease)

Ньюкасл ауруы (жалған оба, пневмоэнцефалит) – тауықтардың тыныс алу (пневмония), ас қорыту мүшелерінің және орталық жүйке жүйелерінің (энцефалит) зақымдалуымен, ішкі мүшелерде көптеген нүктелі қан құйылулармен сипатталатын, аса жұғымтал вирустық індет.

Ауру қоздырушысы РНҚ-лы бар вирустар тобына, Paramyxoviridae тұқымдастығына, Rubulavirus туысына жатады. Ньюкасл ауруын ең алғаш Кранвельд 1927 жылы Ява аралында анықтап, ол туралы жазған. Вирион күрделі, пішіні полиморфты – көбінесе сфера тәрізді, көлемі 120-180 нм болып келеді. Ньюкасл ауруы вирусының патогенді және апатогенді штамдарының барлықтарының құрамында 6 түрлі белоктар болады және иммунологиялық қасиеттері жағынан біртекті болып келеді. Ньюкасл вирусы көгершін, тауық, күрке тауық, теңіз шошқаларының, ал кейбір штамдары ірі қара, қой ешкі шошқа мен жылқы эритроциттерін гемагглютинирлеуші қасиетке иемденген.

Ньюкасл вирусының төзімділігі сыртқы орта жағдайларына байланысты болады. Күн сәулесі коздырушының жұқпалылығы 3-4 сағатта жойылғанымен, олардың гемагглютининдік қасиеті ұзақ сақталады. Төменгі температурада және мұздатылған жағдайда вирустың белсенділігі екі жыл бойы, ал қоршаған ортада күз және қыс айларында 140 күнге дейін сақталады. +56оС-де вирустың патогендік, гемагглютиндеу мен иммуногендік қасиеттері бұзылады.

Дезинфекциялаушы заттардың ішінен күйдіргіш натрийдің 2-3%-ды ыстық ерітіндісі, 1-2%-ды формальдегид, 3%-ды хлорлы әк, 4-5%-ды ксилонафт ерітінділері вирусты бірнеше минутта өлтіреді.

Тауықтардың Ньюкасл ауруын балау эпизоотологиялық деректерге, клиникалық белгілеріне, патологоанатомиялық өзгерістеріне, зертхана жағдайында вирустарды бөліп алуға, оларды индикациялау мен идентификациялауға, организмде түзілген антиденелердің деңгейін анықтауға негізделген.

Клиникалық балауы. Вирустың организмге ену жолына, құстардың жасы мен күтіміне байланысты ауру ағымы инкубациялық кезеңі 2 күннен 15 күнге дейін созылады. Вирус организмге алғаш енгенде жіті (кей жағдайда жітілеу және созылмалы), типтік және атиптік формада өтеді. Аурудың ошағы жылдың кез келген мерзімінде шығуы мүмкін.

Аурудың жіті ағымында құстардың дене қызуы 43-44оС-ге дейін көтеріледі, қысылады, азыққа тәбеті болмайды, мойынын созып, тұмсығын ашып тыныс алады, тыныс жолдарының экссудатқа толуынан құстарға тән шаңқылдаған, әлсіз шиқылдаған дыбыс шығарады, сырыл пайда болады, тыныс жолдарында жиналған экссудатты шығаруға тырысып түшкіреді. Ауруға шалдыққан құстардың 40-70%-ында жемсауының ұлғаюы байқалады, ауыз қуысынан жағымсыз иісі бар сұйықтық ағады. нәжісі сұйық, кілегей, қан және өт араласқан болады. Орталық жүйке жүйесінің зақымдануынан бастары қалтылдайды, мойындарын бұрап, басын біресе арқасына біресе бауырына апарады, қанаттары мен аяқтары салданады. Аурудың бастапқы 4-5-ші күндері балапандардың өлімге ұшырауы 100%-ға жетеді. Ересек тауықтардың ауру белгілері кештеу байқалып, жұмыртқалауы 50%-ға дейін төмендеп кетеді, жүйкесі зақымдалады, ұйқышылдық тартып тұрады, бұлшық еттері дірілдейді, көпіршікті қан араласқан жасылтым түсті іші өтеді. Қанаттары мен аяқтарының салдануы, кератоконъюнктивит байқалып, құстардың 90-100%-ының өлімге ұшырауы мүмкін.

Аурудың типтік (кәдімгі) формасы көбінесе вакцина егілгеннен кейінгі иммунитет қалыптаса қоймаған кезеңдегі 20-30 күндік балапандарға тән.

Атипті формада ауруға тән клиникалық белгілер байқалмайды немесе ауру ағымы жеңіл түрде өтеді. Ол негізінде тауық ағзасына енген вирус уыттылығының әлсіз болуынан, иммундық қорғаныс қабілетінің күштілігінен немесе биологиялық дәрі-дәрмектердің әсерінен болады.

Патологоанатомиялық балауы. Ньюкасл ауруына шалдыққан құстарда патологоанатомиялық өзгерістер аурудың түрлеріне байланысты құбылып отырады. Өлексенің айдары мен сырғалары көгерген болады. Аурудың жіті ағымынан өлген құстардың ас қорыту органдарына қан құйылған болады. Тоқ ішектің ісініп, соқыр ішектің тармақталатын тұсының үлкейгені, ішектің ішкі қабығының қабынғаны, тік ішектің кілегейлі қабығында ұсақ дақ түрінде немесе жолақтанып қан құйылғаны айқын көрінеді. Сонымен қатар, лимфойдты ұлпаларында некротикалық ошақтар мен жаралар байқалады. Тыныс мүшелері зақымданған жағдайда құстардың басы ісінген, көмейі мен кеңсірігі қызарып, таңдайы сілекейленген, кеңірдек пен өкпе қабынған болады. Көк бауыры ұлғайған, теңбілденген, бозғылт тартып тұрады. Некротикалық гепатит байқалады. Жүрек бұлшық еттеріне қан құйылған, ішіне экссудат жиналады. Бас миы ісінген және гиперемияланған болады. Аналық безі гиперемияланған, ісінген немесе атрофияланған.

Дифференциалдық балауы. Ньюкасл ауруын құстардың тұмауынан, жұқпалы ларинготрахеиттен, пастереллезден, шешектен (дифтериялық формасынан), хламидиоздан (пситтакоз), респираторлы микоплазмоздан, жұқпалы бронхиттен, спирохетоздан, уланулар мен гиповитаминоздан ажырату қажет.

Зертханалық балауы. Зерттеуге қажетті материал ретінде өлімге ұшыраған немесе өлтірілген құстардың бас миы, жілік майы, ішектері, көк бауыры, өкпесі, бауырын, саңғырығы және қан сарысулары, трахея мен клоака шайындылары алынады. Алынған патологиялық материалдарды мұз салынған термосталға салып зертханаға жөнелтеді. Вирустарды бөліп алу үшін ауру ошағы шыққаннан бастап, патологиялық материалды 3-5 күн аралығында алу қажет. Зерттеуге алынған ішкі ағзаларды стерильді 50%-ды глицериннің дистильденеген судағы ерітіндісіне салыуға болады. Трахея мен клоака шайындыларын +4оС салқындатылған жағдайда ұстаған жөн.

Вирустарды өсіру. Ньюкасл ауруының вирусы 9-11 күндік тауық эмбриондарының хориаллантоис қабықшасында, тауық эмбриондарының фибробласттарынан алынған жасушалар мен басқада алғашқы және тұрақты жасуша өсінділерінде (ВНК-21, Нер-2) өсіруге болады.

Жұқтыратын материалдың 0,2 мл-ін кемінде 10 дана болатын 9-11 күндік тауық эмбрионының аллантоис қуысына стандартты әдіспен енгізіп, 72 сағат бойы +37,5оС температураға реттелген термостатта инкубациялайды. 72 сағаттан кейін өлген эмбриондарды +4оС-та тоңазытқышта ұстаса, қалғандарын термостатта 120 сағат ұстағаннан кейін алады. Өлген және тірі тауық эмбриондарының аллантоис сұйықтықтарын алып, вирустың гемагглютинациялаушы қасиетін және олардың патогенділігін ГАР-да анықтайды. Вакциналанған құстардың арасынан вакциндік штамдарды (Н, La Sota, Бор 74, т.б.) да бөліп алуға болады. Әдетте патогенді штаммдардың гемагглютинациялаушы қасиеті төмен, 1:16-1:128-ге дейінгі титрді құраса, ал вакциндық штамдарының гемагглютинациялаушы белсенділігі жоғары, яғни олардың титрі 1:256-1:2048-ге дейін жетеді.

Ньюкасл вирусымен жұқтырылған тауық эмбриондарының фибробласттарынан алынған жасуша өсінділеріндегі цитопатогендік өзгерістер 48-60 сағаттан соң байқалып, олардың телімділігі гемадсорбция реакциясы арқылы айқындалады. Мұндай вирустардың өсінділеріндегі вирустардың титрі 1:32-1:128-ден аспайды.

Биосынама 6 айлық балапандарда жүргізіледі. Патологиялық материалды немесе вирусты балапандардың клоакасына немесе көзіне тамызу арқылы жұқтырып, 10 күн бойы бақылап отырады. Осы уақыт аралығында өлімге ұшыраған балапандарды жарып сойғанда олардың трахеясы мен жемсауында нүктелі қан құйылулар, некротикалық ошақтар мен ісіктер пайда болады, соқыр ішегіде, пейеров түйіндағы мен клоакасының кілегейлі қабығында жаралар, аналық безінің аймақтарында қабынулар байқалады

Ньюкасл ауруы вирусының индикациясында иммунды ферменттік талдау, полимеразалық-тізбекті реакциясы мен гемагглютинация реакциясы қолданылады.

Вирустардың серологиялық идентификациясында гемагглютинацияны тежеу реакциясы, бейтараптау реакциясы, комплементті байланыстыру реакциясы, иммунофлуоресценция реакциясы, жанама гемагглютинация реакциясы пайдаланылады.