Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:

9 дріс

.docx
Скачиваний:
30
Добавлен:
11.02.2016
Размер:
37.84 Кб
Скачать

Р.Нұрғали: «“Оянған өлкеде” Ғ.Мүсірепов стилінің аналитикалық психологизмінен гөрі синтетикалық психологизмге оңтайлылығы шығарманың ауқымды идеялық мақсаты мен кең эпикалық құлашына сай. Қаламгердің дара қолтаңбасы да, ол кездегі қазақ прозасының негізгі дәстүрі де әлеуметтік-психологиялық талдау өнерінің орнын, оқиғалар мен құбылыстарды суреттеудің драмалық кернеуімен толтыруға арқа сүйейтін. Сюжет қоюлығы, қоғамдық-саяси тартыстар шымырлығы, баяндау құрылымындағы динамизм Ғ.Мүсірепов психологизмінің арнайы тілектен емес, шығармашылық қажеттіліктен туған, жарқылдағы жоқ, көп сырын ішіне бүккен, әсерлі, серпінді, лаконизмге бейім астарлы сипаттарын айғақтамақ».

Әрине, басқаша ыңғайдағы мәні болғанымен, айдың сәулесіне айна шағылыстырып ойнағанына мәз, ақылы ауысқан Тілеуке, ет-миға сіңген дағды бойынша өлім халіндегі туған ұлы Жабайдың жанынан байдың түйесінің қамын артық ойлайтын, кездейсоқ жолыққан Тілеукемен бірге күн ұзақ “әңгіме шертіп”, құмарынан шығатын, мәңгіге айналған Талтаяқ шал, Жабай қасіретіне қатысты эпизодтар В.Шекспирдің “Король Ли”, В.Гюгоның Квазимодасындағы кейбір концептуальдық сарынды еске түсіреді.

Жазушы Игіліктің портреттік мінездемесін, қысқа қайырылса да, кесек көрінер, артығы жоқ, асып-тасуы жоқ, сыпайысымақ сөздерін, соңын баққан шыдамдылықпен ту сырттан соғардай арамза әрекеттерін суреттегенде де ұнатуы мен жаратуын аңдатпайды. Игілік істері мен ниеттерінің бұзықтығын өзге кейіпкерлер репликалары мен түсінік-талғамдарынан сездіру басым. “Бетпе-бет” келгенде автордың “қарсыласын” бағалай тұрып, Игілікпен ақыл-ой, сұңғылалық, характер межелері бойынша арбаса тіресуі байқалғандай.

Залымдыққа бас имек түгілі көкірек көрсететін ер де, өткір тілді, өжет Баянды – Көпей бәйбішенің бауыры, кәсібі – ұсталық. Табан ақы, маңдай теріне табынған, көңіл көзі ояу Баянды қазақ өміріндегі рушыл – феодалдық жүйеден капиталистік өндіріс қатынастарының біршама дәрежеде ұтымдылығын сезініп, едәуір саяси-құқықтық бостандық рухын аңғартқан алғашқы қазақтардың бірі. Екі байдың есер таласында соққы жеп, кемтарлық қамытын ұзаққа киген Жабайдың Баянды таңдаған кәсіпке мамандануында рухани-әлеуметтік заңдылық бар.

Игілік пен Жұманның таласында күш сынасып, бір-бірінің қайраты мен адамшылығын өздеріне келіп-кетері жоқ қанды қақтығыс үстінде танып, тұңғыш рет жаны мен тегінің туыстығын ыза, кек, намыс шыңында терең түсінген Бұланбай мен Сүгірәлі Қарағанды кеніндегі ұлттық жұмысшылар қауымының бас көтерер тарланы болуына бастапқы драмалық ситуацияларда жеткілікті психологиялық дайындық жасалған. Осы тұстағы Байжан мен Жұбай, Алшағыр мен Күнзила араларындағы от басылық жарасты қарым-қатынас, әзіл-қалжың ұлттық дәстүрдегі жанұя мерейін, халқымыздың материалдық игіліктерден биік қоятын мәдени-рәсімдік өнегесін, көңіл дархандығын паш ететін мағыналы көріністер.

Байжан Қарағандының иесі болса, Бұланбай, Сүгірәлі, Алшағыр, Қолбаң тәрізді сан жүз кедейлермен бірге махаббат азаттығына қол созған Игіліктің жиені Сейіт пен Назым жатық жұртшылығы топтасқан шахта барақтарынан пана табады.

Ғ.Мүсірепов “Оянған өлкеде” ен-тегін қазақ жерін ашқарақтана кезген ағылшын магнаттарымен таласа-тармаса жүріп, дала жонын алтынға айналар асыл тас іздеп, таспадай тілгілеген Попов, Рязанов, Ушаков тәрізді орыс алпауыттарының өзара қырғи-қабақ тартыстарын ықыластана суреттейді. Бұл арна Рязанов-Ушаков арасындағы қарым-қатынастар жүйесімен нәзік психологиялық келбет алған. Шеңгелін алыстан салатын майда тілді, аяр ақсүйек Рязанов пен қожайынына аңшының итіндей берілген, оңбаған істің дүлдүлі Сикорский салыстырмалы түрде ғана адал, аршынды, ақкөңіл, алайда пайдақорлығы жағынан есе айырмаса, жер қалқысы жоқ Никон Ушаковты ақыры орға жығып тынады. Кәріқақсал, қырқар түлкі А.Рязанов қасқыр да болса, айласы мен ақылы кемшін соққан өзінше апайтөс әріптесін тұншықтыра салады. Ушаков көмекке Игілік досын шақырады, бірақ дала қорқауы күмәнді тұстан аяғын тартып алып, жанын ғана көрсетіп кеткен тәрізденеді. Ақша, байлық асуларындағы адамгершілік қарым-қатынастардың азғындық сипатын қаламгер өткір мінездемелік детальдармен, драмалық ширығыс арқылы мүсіндейді.

Романның бесінші бөліміндегі Ушаков басына төнген терең қайшылықты жағдаяттарды автор әдеттегі эпикалық баяндау тынысына психологиялық иірімдер қосып, зор әсерлі бояу-саздармен суреттегені анық. Ортақ төл сөздер, ішкі монолог үлгілері, сана ағымын тікелей сипаттау шығарма жолдарына, оқиға, характер табиғатына лирико-философиялық толымдылық береді.

Ғ.Мүсірепов талантының негізгі қуаты – жазушының драматургтік өнерімен егіздес диалог құдіретінде. “Оянған өлкеден” бірде бір бос тұрған реплика, полилогтық мезеттерді кездестіру мүмкін емес. Әр қаһарманның өз жан әлемі, характері, дүниетанымына сәйкес дербес лексиконы, сөйлеу мәнері, тілдік ерекшелігі сақталған. Әкелі-балалы Бұланбай мен Нарбайдың ақжарқын, ақиық, қызба мінездеріне сай әсерлі, бөгеусіз, кейде тіпті тосын, адал сөздеріндегі тегі бір ұқсастыққа дейін, жылтыр Омардың Жабай кетпенінен алған соққыдан кейін түр-түсіндегі өзгеріс пен тіл қату, жекелеген дыбыстарды жеткізу дағдысына шекті “ерінбей” назар аударатын суреткер диалогтарының реалистік қайнары, рефлексологиялық дәлдігі, әрекеттік қажыры зор. Әсіресе тоқтаусыз төгілген юмор әсерлі. Ол юморда табиғи ақыл, парасат, көрегендік пен көргенділік, даналық ұшқындары бар. Біз. Ғ.Мүсіреповтің автор-баяндаушы, әңгімеші, сипаттарын, суреттеуші – жазушы ретіндегі өр де тәкаппар, ұсынғыш та қайырымды, ездікке емес, ерлікке, қыран самғар биікке құмарлық рухын дәріптер таза халықтық сезімін, асқақ тұлғасын кіршіксіз парасаты мен тозаң тартпас даналығы үшін

әрдайым бағалаймыз.

Әдебиеттер:

1. Қазақ әдебиетінің тарихы. Он томдық. 7-том. А., 2004-2008

2. Қирабаев С. Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті. А., 2003

3. Ысқақ Д. Әдеби сын тарихы. А., 2012

4. Нұрғали Р. Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры. А., 2002

5. Умарова Г.С., Шарабасов С.Ғ. Қазақ әдебиетінің тарихы. Астана, 2006

6. Ахтанов Т. Ғ.Мүсірепов творчествосы. А. 1965.

7. Сейітов С. Ғ.Мүсірепов творчесвосы. А. 1965.

8. Ғабдуллин Н. Ғ.Мүсірепов – драматург. А.1982.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]