Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:

1-таырып. леуметтану пні

.doc
Скачиваний:
19
Добавлен:
05.02.2016
Размер:
58.88 Кб
Скачать

1-тақырып. Әлеуметтану пәні. 1 сағат.

1. Әлеуметтанудың негізгі ұғымдары туралы түсінік.

2. Әлеуметтанудың объектісі, пәні және заңдары.

3. Әлеуметтану ғылымының құрылымы мен функциялары.

1. Сабақтың мақсаты: Әлеуметтанудың қоғамның әлеуметтік жүйесін зерттейтін ғылым ретінде мәнін көрсету. Мұны жүзеге асыру үшін мынандай мәселелер мен ұғымдарды айқындау қажет:

- «қоғам», «әлеумет», «әлеуметтік жүйе», «әлеуметтік» және «әлеуметтік іс-әрекет» ұғымдарының ара қатынасын ашу;

- әлеуметтанудың объектісі мен пәнінің байланысын, ерекшеліктерін ашу;

- әлеуметтанудың заңдары, құрылымы мен функцияларын көрсету.

Қоғамды философия, тарих, саясаттану, экономика сияқты қоғамдық ғылымдардың барлығы зерттейді. Алайда бұл ғылым салалары қоғамды өздерінің пәніне сәйкес зерттейді. Мысалы, философия қоғамның, табиғат және ойлаудың жалпы заңдылықтарын зерттейді. Ал әлеуметтану қоғамды әлеуметтік орта, адам, оның алуан түрлі бірлестіктерінің (отбасы, әлеуметтік топ, ұйымдар мен институттар және т.б.) ретінде зерттейді.

Әлеуметтанудың ғылымын түсініуде оның ұғымдары (категориялары) оны бөлек. Ұғымдар деп әлеуметтік өмірдің нақты шыңдығын, әлеуметтік құрылымдардың дамуындағы қатынастарды, байланыстарды және өзара ықпалдастықты бейнелейтін, әлеуметтік құбылыстар мен үдерістердің өзара іс-қимылын, әрекетін көрсететін жалпы түсінікті айтамыз. Ең алдымен өзіміз күнделікті бірнеше рет қайталайтын «қоғам» және қазіргі кезде сиректеу пайдаланатын «әлеумет» деген ұғымдардың арақатысын, сондай-ақ «әлеуметтен» туындайтын «әлеуметтік жүйе» деген ұғымдарды жете білуіміз керек. Өйткені осы бір сөздердің күнделікті өмірде құдіретті мағынасына жеткілікті көңіл бөле бермейміз.

Қоғам дегеніміз адамзат дамуының белгілі бір тарихи кезеңінде өз қажеттерін канағаттандыру мақсатында құрылған, әлеуметтік нормалар мен әдет-ғұрыптар негізінде өзара әлеуметтік әрекетке (байланысқа, қарым‑қатынасқа, әркеттестікке) түскен, өзін‑өзі басқарып, өзін‑өзі жетілдіріп, толықтырып отыратын, тұрақты және біртұтас қалыптасқан әлеуметтенген адамдардың жиынтығы болып табылады.

Ал «әлеумет» - бұл қазақ халқының ежелден келе жатқан, бірақ кейінгі кезде одан туындылар көбірек қолданылатын ұғымы. Әлеумет сөзі «халық», «жұрт» және «көпшілік» деген мағынаны білдіреді. Қазіргі мағынасында «Әлеумет» (лат. Socium – ортақ) өзара қарым-қатынастағы адамдардың өмір сүру жағдайларының ортақтығымен сипатталатын тұрақты да үлкен қауым.

«Әлеумет» ұғымынан туындаған «әлеуметтік жүйе» дегеннің мәніне назар аударайық. Алдымен «жүйе» дегеніміз не? Жүйе деп өзара бір-бірімен байланыста, қарым-қатынаста болатын, тәртіптелген және тұрақтылықты құрайтын, бірінің өзгерісі басқаларының өзгерісіне әкелетін көптеген элементтердің тұтас жиынтығын айтамыз. Ал «әлеуметтік жүйе» деп қоғамның ішкі құрамын, әлеуметтік нормалар мен әдет-ғұрыптар негізінде өзара қарым-қатынас пен байланыста, өзара ықпалдастықта болып, тұтастықты қамтамасыз ететін элементтердің жиынтығын айтамыз.

Күнделікті өмірде қоғамнан туындаған «қоғамдық» және әлеуметтен туындаған «әлеуметтік» ұғымдарды қатар немесе бірінің орнына бірін пайдалану бар. Ғылыми тұрғыда бұлай ету дұрыс емес, өйткені бұл екі ұғымға өзіндік ерекшеліктер тән. «Қоғамдық» кеңірек ұғым, бұл қоғамдық өмірдің экономикалық, саяси, мәдени, идеологиялық және т.б. салалары мен олардың арасындағы қатынастарды қамтиды. Ал «әлеуметтік» ‑ бұл жеке адамдар немесе әлеуметтік топтар арасындағы өзара әрекеттің нәтижесінде пайда болатын құбылыстар мен үдерістер жиынтығын білдіреді. Қазақтың адамды іс үстінде таны деп жататының себебі осында. Сондықтан Әлеуметтану ғылымы үшін «әлеуметтік іс-әрекет» ұғымының мәні зор. Қоғам адамдардың жай жиынтығы емес, олардың бір-бірімен тұрақты іс-әрекеттерінің жиынтығы. Осы арада кейбір әлеуметтанушылардың «әлеуметтік жүйе адамдардан тұрмайды, әлеуметтік қатынастардан (коммуникация) тұрады» дегенін еске түсіре кеткен артық болмас.

2. Қоғамдық ғылымдардың философия, тарих, саясаттану, экономика сияқты салаларының ортақ зерттеу объектісі қоғам болып саналады. Бірақ әр ғылым өзінің пәнінің мақсатына сәйкес қоғамның өзіне тиісті әрі маңызды сипаттары мен ерекшеліктерін таңдап алады. Мысалы, қоғамдық ғылымдардың атасы болып саналатын философияны алсақ, ол қоғам, табиғат және ойлаудың жалпы заңдылықтарын зерттейді. Ал әлеуметтану ғылымы қоғамды жекелеген индивидтерден тұратын қауымдастық ретінде емес, бір-бірімен байланыста, бір-бірлеріне тәуелді, тұрақты қарым-қатынаста болатын әлеуметтік элементтердің (адам мен оның бірлестіктері) жүйесі ретінде зерттейді.

Әр ғылым өзінің зерттеу әдістерімен де ерекшеленеді. Ғылыми әдіс дегеніміз ғылыми зерттеуді жүзеге асырудағы таным үдерісінің негізгі амал-тәсілдердің жиынтығы мен жүйесі. Осы тұрғыда әлеуметтанулық таным басқа философиялық, тарихи және т.б. танымдардан ерекшеленеді, қазіргі қоғамтану ғылымының дамуында ерекше рөл атқарады.

Әлеуметтанудың объектісі мен ғылыми пәнін айқындамай, оны толық танып, білу мүмкін емес. Бұл екі ұғым бірімен‑бірі тығыз байланысты, бірінсіз бірі жоқ, дегенмен олардың өзіндік ерекшеліктерін аша отырып қана оларды бірін бірінен ажыратуға болады. Әлеуметтанудың зерттеу объектісі қоғамның әлеуметтік жүйесі. Ал әлеуметтанудың пәні деп әлеуметтік жүйедегі адамдардың, әлеуметтік топтардың іс-әрекеттерін, олардың арасындағы алуан түрлі қарым-қатынастарды жан-жақты, терең танып білуді, зерттеуді айтамыз.

4. Әлеуметтанулық категориялар ең алдымен әлеуметтік жүйенің іс‑әрекетін көрсететін өзінің заңдарына қызмет етеді, соларды қалыптастырады. Әлеуметтік заңдар дегеніміз объективті өмір сүретін, тұрақты, қайталанып отыратын әлеуметтік құбылыстар мен үдерістердің байланысы. Енді осыларды жеке-жеке қарастырайық.

1. Әлеуметтік құбылыстарды бірімен-бірі тығыз байланыста қарайтын заң. Мысалы, өнеркәсіптің дамуы қаланың халқын көбейтіп, ауыл шаруашылығын қысқартуға әкеледі, ал қалада бала саны азаяды, ажырасу көбейеді.

2. Әлеуметтік құбылыстардың арасындағы қарым-қатынастардың себеп‑салдарларын көрсететін заң. Мысалы, өнеркәсіптің дамуы ауыл шаруашылығындағыларды қысқартып, қаланың халқының көбеюіне әкеледі. Бұл ел ішіндегі демографиялық жағдайға әсер етеді. Әлеуметтік қауымдастық қоғамдық және жеке мүдделерді сәйкестендіру, үйлестіру негізінде жүзеге асады, өмір сүреді.

3. Әлеуметтік құбылыстардың даму тенденцияларын (яғни, бағыттарын) анықтайтын заң. Мысалы, өндіргіш күштердің өзгеруі өндірістік қатынастардың жаңаруын талап етсе, өндірістік қатынастардың дамуы да өндіргіш күштердің артуына алып келеді.

4. Әлеуметтік құбылыстардың арасындағы алуан түрлі ықпалдастықты, әсер етуші күштерді анықтайтын заңдар.

5. Әлеуметтік құбылыстардың арасында болуы мүмкін ықтимал байланыстар мен қатынастарды анықтайтын заңдар. Мысалы, атомның бөлшектелуі туралы заңның адамзат баласына келтірер пайдасы мен зияны туралы пікірлер.

Аталған негізгі заңдар әлеуметтік байланыстар мен қарым-қатынастардың, өзара әрекеттестіктің мән‑мағынасын, бағыт‑бағдарын айқындайды.

3. Әлеуметтану әлеуметтік жүйенің басты элементтерінің (индивидтер немесе адамдардан бастап әлеуметтік топтар мен қоғамдастықтарға, әлеуметтік институттарға дейін) қарым‑қатынастарын зерттеудің әдіс‑тәсілдеріне қарай теориялық және қолданбалы болып екіге бөлінеді.

Теориялық әлеуметтану зерттелетін объектінің көлеміне қарай үш деңгейде болады: іргелі, жалпы әлеуметтанулық теория болмаса макроәлеуметтану; орта деңгейдегі теория, яғни әлеуметтанудың ғылыми салалары (отбасы, білім, дін, мәдениет және т.б. әлеуметтануы); микродеңгейдегі әлеуметтану болмаса микроәлеуметтану (шағын топтардың, топтық қатынастардың, жеке тұлғалардың әлеуметтанулық теориясы).

Қолданбалы, яғни эмпирикалық әлеуметтану тікелей нақты әлеуметтік объектілерді зерттеумен, эмпирикалық мәліметтер мен фактыларды жинаумен, соның негізінде тәжірибелік ұсыныстар мен теориялық тұжырымдар жасаумен айналысады.

Әлеуметтану ғылымының маңызы оның функцияларымен айқындалады. Басқа ғылымдар сияқты, ол да ең алдымен танымдық қызмет атқарады. Әлеуметтану қандай да бір деңгейде болмасын, ол әр уақытта әлеуметтік шындық туралы жаңа білімнің көкжиегін кеңейтіп, әлеуметтік құрылымның дамуының, қызметі мен өзгерістерінің заңдылықтарын танытады.

Әлеуметтану әлеуметтік құбылыстар мен үдерістерді бақылау қызметін атқарады. Ол болмаса әлеуметтік қысым, әлеуметтік дағдарыс және т.б. құбылыстар көбейіп кетуі мүмкін. Көптеген елдерде, әсіресе өркениетті, демократиялық елдерде атқарушы мекемелер мен билік өкілдері, саяси партиялар және алуан түрлі бірліктер өздерінің алдына қойған мақсатты саясаттарын жүргізуде әлеуметтанудың барлық бақылау мүмкіншіліктерін кеңінен пайдаланып отырады.

Әлеуметтану әртүрлі әлеуметтік құрылымдар мен құбылыстардың даму болашағын, бағытын анықтайды, яғни ғылымға негізделген болжау қызметін атқарады. Еліміздің нарықтық қатынастарға көшуіне байланысты болуы мүмкін оң және теріс құбылыстарды болжап шешуде әлеуметтанудың маңызы зор. Мысалы, нарықтық қатынастардың еңбекші халыққа беретін мүмкіншілігінің ауқымы, әлеуметтік құбылыс пен үдерістердің дамуындағы баламалы факторлар, оң және теріс жақтарының арасалмағы мен арақатынастары және т.б.

Нарық адамды еңбек етуге барынша жұмылдырумен қатар оған жеке бастың мүддесін ойлауды да үйретеді. Осы жолда ол адамгершілікті, имандылықты аяққа басып, пайда табу үшін ештеңеден тайынбауға да үйретуі мүмкін. К.Маркстің капиталист өз кәсібінен 100 пайыз табыс табатынын білсе, ешқандай қылмыстан бас тарпайды дегені де бар. Сондықтан да нарықтың қайшылықты көріністерімен тұрақты күресумен қатар қоғам мүддесін жеке мүддеден жоғары қоя отырып қана шынайы өркениет биігіне көтеріле аламыз.

Әлеуметтану қоғамда тәрбиелік‑идеологиялық функция да атқарады. Ол адамдардың арасындағы қарым-қатынастарды, байланыстарды одан әрі жетілдіру мақсатында әлеуметтік‑саяси, адамгершілік, діни сипаттағы әртүрлі идеяларды насихаттайды, олардың сана-сезімдерін, мінез-құлықтарын, тәртібін жақсартады. Сөйтіп ол қоғамдық қатынастарды жетілдіріп, гуманистік (адамгершілік) функцияны да атқарады.

Бақылау сұрақтары

1.«Қоғам», «әлеумет» және «әлеуметтік жүйе» ұғымдарын түсіндіріңіз.

2. «Қоғамның» әлеуметтанулық анықтамасын айтыңыз.

3. «Қоғамдық» және «әлеуметтік» ұғымдарының мағынасын түсіндір?

4. «Әлеуметтік іс-әрекет» ұғымының әлеуметтану үшін мәнін көрсетіңіз.

5. Әлеуметтанудың объектісі мен пәнінің ортақ және айырмасын айтыңыз.

6. Әлеуметтанудың категориялары мен заңдарының байланысы қалай?

7. Әлеуметтанудың құрылымы мен функцияларын талдаңыз.

4