Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:

2-таырып.леуметтануды классикалы кезеі

.doc
Скачиваний:
40
Добавлен:
05.02.2016
Размер:
90.62 Кб
Скачать

2-тақырып. Әлеуметтанудың классикалық кезеңі және қазіргі әлеуметтанулық тұжырымдамалар. 1сағат.

  1. О.Конт - әлеуметтанудың негізін салушы

  2. Г.Спенсердің әлеуметтанулық жүйесі

  3. К. Маркстың әлеуметтанулық тұжырымдары

  4. Э. Дюркгеймнің әлеуметтанулық ілімі

  5. М. Вебердің әлеуметтанулық ойлары

  6. Қазіргі әлеуметтану ғылымы дамуының кейбір бағыттары

1. Сабақтың мақсаты: әлеуметтанудың классикалық кезеңінің әлемдік әлеуметтану тарихындағы орны және оның ерекшеліктерін, қазіргі әлеуметтанудың дамуындағы негізгі бағыттар мен теорияларды оқып-білу. Бұл үшін әлеуметтанудың классикалық кезеңін қалыптастырған атақты ғалымдар О. Конт, Г.Спенсер, К. Маркс, Э. Дюркгейм және М. Вебердің ойларының басты қағидаларын және онан кейінгі әлеуметтану ғылымы дамуының негізгі бағыттарын ашып, көрсету қажет.

Әлеуметтану ғылымының классикалық кезеңін адамзат тарихында өркениеттің бастауы саналған Антикалық дәуір мен Ортағасыр, Жаңа заман мен Ағартушылар дәуіріндегі әлеуметтік ой-тұжырымдар дайындады. Осы кезеңде әлеуметтану әлеуметтік философия қойнауынан ғылыми пән ретінде бөлініп шығып, өзінің зерттеу объектісі мен пәні, ұғымдары (категориялары) мен заңдары, әдіс-тәсілдері бар өз алдына дербес ғылымға айналды.

Атақты француз философы Огюст Конт - әлеуметтану ғылымының негізін салушы. Ол өзінің ұстазы Сен-Симонмен бірге «Қоғамды қайта құру үшін қажетті ғылыми жұмыстар жоспарын» дайындай отырып, объективті бақылаулар мен жаратылыстану ғылымының, оның ішінде физиканың әдістеріне негізделген қоғам туралы жаңа ғылым жасауды мақсат етті. Оны позитивті (оң) фактыларға негіздеп, қоғамды зерттеуде механика заңдарын пайдалануға болады деп есептеді. Огюст Конт жаңа ғылымды алдымен әлеуметтік физика деп атады. Кейін 1839 жылы 6 томдық "Позитивтік философия курсы" атты кітабында әлеуметтанудың принциптерін атап көрсетіп, еңбектің ескертпесінде әлеуметтік құбылыстарды зерделеуге қатысты жаңа терминді пайдалануға тәуекел еткені туралы жазды. Ол термин «Социология» (әлеуметтану) деген атқа ие болды. Осы терминнің мазмұны арқылы қоғамның әлеуметтік аспектілері мен индивидтердің өзара іс әрекеті өз алдына ғылымның зерттеу саласы болып танылды.

Огюст Конттың пікірінше, жалпы адамзат танымы өзінің дамуында міндетті түрде үш сатыдан өтеді: теологиялық, метафизикалық (ойлау әдісі, құбылыстарды өзгермейді, бірі-бірімен байланысы жоқ деп есептейді) және позитивтік (оң, жағымды) кезеңдер. Ол қоғамның ілгері дамуының негізінде адамзаттың ақыл-ойы жатыр, осыны адамзаттың дамуының басты принципі деумен қатар позитивизмді адамзат санасы дамуының ең жоғарғы сатысы және талдаудың белсенді ғылыми әдісі ретінде сипаттады.

Огюст Конт алғашқылардың бірі болып, қоғамды жүйе ретінде қарастырып, оның алғашқы бейнесі ретінде биологиялық организмді ұсынады. Ол жүйенің тұтас, бөлінбейтін сипатын және оның бөліктерінің өзара бағыныштылығын, бір-бірімен тұрақты байланыста, қарым‑қатынаста болып, үздіксіз оң және кері ықпал етіп отыратынын атап көрсетті.

Әлеуметтануды жай ғылымдардың қатарына жатқызбады, О.Конт оны барлық ғылымдардың шыңы, қоғамды әлеуметтік ұйымдастыру мен өзгертудің аса қуатты құралы деп есептеді. Ол әлеуметтануды шартты түрде әлеуметтік статика және динамика деп екіге бөлді. Біріншісінің объектісі "тыныштық қалпындағы", екіншісінікі - "қозғалыс күйіндегі" қоғамның әлеуметтік құбылыстары болып табылады. Бұл екі түсінік биологиядан алынған. Әлеуметтік статика - әлеуметтік организмнің құрылымын зерттейтін әлеуметтік анатомия болса, әлеуметтік динамика - әлеуметтік организмнің үдерісін, оның дамуын қарастыратын әлеуметтік физиология.

Әлеуметтік құбылыстарды зерттеуде О. Конт бірнеше әдіс‑тәсілдерді ұсынды. Ол әлеуметтік фактілерді бақылау әдісіне үлкен мән берген, өйткені бақылау ғылымға объективтілік сипат береді деп есептеді. Оның еңбектерінде адамзат дамуы эволюциясының барысын, «қоғамның түрлі жүйелерінің шынайы сабақтастығын" анықтауға мүмкіндік беретін салыстыру әдісі де мәнді. Ал зерттеудің үшінші "объективті" әдісі - тәжірибе. Конт әлеуметтануда, физикадағы сияқты, құбылыстарды жасанды ету арқылы тікелей тәжірибе жасау мүмкін емес деп есептеген. Бірақ мұнда "жанама" тәжірибе бар.

Әлеуметтанудың отаны Франция болғанымен, мұнда ол ары қарай дами алмады. О. Конттың «позитивтік» әлеуметтануы әлеуметтанудағы эволюционизмнің классигі Герберт Спенсердің (1820—1903 ж.ж.) ілімінде дами түсті. Ч. Дарвиннің биологиялық түрлердің пайда болу теориясын басшылыққа ала отырып, ол, біріншіден, қоғамды биологиялық организм ретіңде қарастырды, екіншіден, эволюция заңын әлеуметтік даму үдерісіне пайдаланды.

Ағылшын әлеуметтанушысы қоғамның құрылымын тірі организммен, оның жеке жүйешіктерін белгілі органдармен салыстырғаны белгілі, соңдықтан оған биологиялық заңдар тән бола алады. Сол себепті ол өзінің барлық әлеуметтанулық ой-тұжырымдарына осыны негізге алу арқылы қоғамның эволюциясын және оның әлеуметтік құрылымын тануды мақсат етті. Ол эволюция мәнін қарапайым нәрседен күрделіге, бір тектіден әр тектіге өзгеру, үдемелі қозғалыс ретінде қарастырды. Бұл қоғам дамуының әр кезеңін зерттеуге мүмкіндік берді.

Студенттердің эволюциялық үдерісті тереңірек түсінуі үшін бұл ұғымның мағынасын аша кеткен жөн. Эволюция (лат.evolutio - өрістеу) – қоғамдағы, табиғаттағы және органикалық дүниедегі болып жатқан сандық өзгерістен сапалы өзгеріске ауысуды білдіретін ұғым. Әлеуметтануда эволюция идеясы белгілі бір қоғамдық жүйенің белгілі мерзімде біртіндеп бір қалыптан екінші бір қалыпқа айналуын білдіреді.

Г. Спенсер әлеуметтануының негізгі ерекшеліктері мыналар: біріншіден, зерттеуде тарихи-салыстырмалы әдісті кеңінен пайдалану; екіншіден, қоғамды организм ретінде түсіндіру; үшіншіден, қоғамдық өмірдің эволюциялық заңдылығы идеясы.

Әлеуметтану ғылымының қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосқан, бұл танымда айырықша тұжырымдама жасаған Карл Маркс (1818—1883) болды. Кейбір батыс зерттеушілері К.Марксты ХХ ғасырдың әлеуметтік ойының кіндік шешесі деп атаған. Бұлай атауға негіз болған оның қоғамның формациялары туралы ілімі мен әлеуметтік құрылымы туралы ойлары еді. Ол алғаш немістің ұлы философы Гегельдің диалектикалық әдісін қолдану арқылы өз кезіндегі капитализмнің әлеуметтік құрылымын жан‑жақты зерттеп, әлеуметтік‑саяси қатынастың дамуының, барлық тарихи оқиғалардың негізгі себебі мен шешуші күші материалдық өндірісте, қоғамның экономикалық дамуының сипатында жатыр деп атап көрсетті. Оның әлеуметтанулық бағалы ой-пікірлері мен тұжырымдарын былай түйіндеуге болады: ол, біріншіден, объективтік-материалистік теорияны қолдана отырып, қоғамның дамуын "формация", яғни ерекше бір құбылыс ретінде қарастырды; екіншіден, қоғам дамуының ең басты, қозғаушы, шешуші күш деп экономика, яғни өндіріс тәсілі, оның ішінде өндіргіш күштер, соларға сәйкес өндірістік қатынастар түсіндірді; үшіншіден, алғаш әлеуметтік құрылым, яғни қоғамды таптарға, топтарға, жікке бөлу теориясын жасады. Тапқа, жікке, топқа бөлудің негізгі белгісі өндірістік құрал-жабдыктарына меншік нысанына байланысты екенін атап көрсетті.

Еуропада әлеуметтанудың өз алдына ғылым ретінде қалыптасуы француз әлеуметтану мектебінің негізін салушы Эмиль Дюркгейм (1858—1917) есімімен тығыз байланысты. Ол «Қоғамдық еңбектің бөлінуі», «Әлеуметтанулық әдіс» және т.б. іргелі еңбектерінде эмпирикалық зерттеулер мен әлеуметтанудың қолданбалы сипатына назар аударып, әлеуметтанулық зерттеудің әдістемесін жасады. Оның тұжырымдамасында әлеуметтану қоғамдық ғылымдардың ішінде ең басты орын алады. Ол әлеуметтануды тек қана әлеуметтік фактілерді зерттеумен шектелмей, басқа қоғамдық ғылымдарды әртүрлі ғылыми әдістемелер, теорияларымен қаруландырады деді.

Э. Дюркгейм «Қоғамдық еңбектің бөлінуі» атты ең басты еңбегінде өзінің әлеуметтанулық тұжырымының өзегін құраған әлеуметтік келісім мен ынтымақтастық (теория солидарности) теориясын зерттеді. Ол әлеуметтанудың басты міңдеті - әлеуметтік байланыстар мен қарым-қатынастардың табиғатын, осылардың бірлік негізін анықтау деп атап көрсете отырып, қоғамда әлеуметтік проблемалар мен шиеленістердің болатынын білді.

Қоғам дамуындағы өзгерістерге талдау жасай келе, Э. Дюркгейм қоғамның тұтастығының негізі — ұжымдық сана деп санады. Оның негізін әр қоғамның өзінің сипатына сәйкес тарихи қалыптасқан салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптар, көзқарастар, моральдық принциптерінің жиынтығы, яғни әлеуметтік нормалар мен ережелер құрайды. Қоғам мүшелерінің көпшілігі осы ұжымдық сананы мойындайды, соны өздерінің күнделікті өмірлерінде, іс-әрекеттері мен қызметтерінде басшылыққа алып отырады.

Э. Дюркгейм қоғам дамуын талдай отырып, әдеттегі көне, ежелгі қоғамнан қазіргі индустриалды қоғамға өтпелі кезеңде аномия (яғни, қоғамда адамдардың тәртібін, адамгершілік қасиеттерін басқарудың төмендеп кетуі) құбылысының объективті орын алатынын атап көрсетеді. Оның пікірінше, адамды моральдық, рухани тұрғыдан басқаратын қоғамдағы негізгі әлеуметтік институттардың (яғни, мекеме, ұйымдардың) қызметтерінің тиімсіздігінен және осы аралық кезеңдегі әлеуметтік қайшылықтардың күшеюінен белгілі бір кезеңде адамның мінез-құлқының төмендеуінен аномия байқалмақ.

Нақтылы әлеуметтік зерттеулер негізіңде Э. Дюркгейм қоршаған әлеуметтік ортаның сипатына байланысты адамдардың өзіне қол жұмсаудағы басты себептерді анықтады. Ол өзін-өзі өлтірушіліктің 4 типін (тұрпатын) анықтап берді, олар: эгоистік (өз құлқынын ойлаушылық), альтуристік (басқа кісі туралы қалтқысыз қамқорлық), экономикалық және фаталистік (тағдырдың қайталанысына сенуге ыңғайлы адам). Бұлардың әрқайсысының өзіне тән құпиясы бар, оның шешілу жолы жеке адам мен топтың қарым-қатынасына байланысты. Бұл теория қылмыстық істердің және девианттық (ауытқу) мінез-құлық әлеуметтануының негізін салуда маңызды болды.

Қазіргі әлеуметтану ғылымы Батыстың ірі әлеуметтанушысы Макс Вебердің (1864—1920) әлеуметтік таным әдістемесі мен идеалдық типтер, мәдениет, этика мен дін әлеуметтануы туралы ілімдері мен ой-тұжырымдарымен көп санасады.

М. Вебер ‑ әлеуметтік іс-әрекет теориясының негізін салушы. Оның пікірінше, әлеуметтанудың басты міндеті қоғамның әлеуметтік-тарихи құбылыстарының субъективтік (яғни, адамның санасына, ойлауына және мінез-құлқына байланысты) жақтарын, яғни адамның іс-әрекеті мен қызметінің мәнін, мазмұнын терең зерттей отырып, қоғамның даму заңдарының себебін ашу болып табылады. Ол іс-әрекеттің мүмкін болар төрт түрін көрсетеді. Олардың ең бастысы, мақсатқа сәйкес келетін іс-әрекет (целерациональное действие). Сондықтан бұл іс-әрекет, қимыл негізгі идеалдық тип болып саналады. Екінші құндылықты-ұтымды әрекет - белгілі бір абсолюттік құндылыққа (этикалық, эстетикалық, діни және т.б.) саналы түрде жетуге бағытталған әрекет. Мұның негізіне сөзсіз этникалық, діни немесе белгілі мінез‑құлықтың кез келген басым құндылығына сенімділік жатады. Үшінші аффектілі әрекет, ол субъектінің көңіл-күйі мен сезімінен туындайды; Төртінші ‑ көптен қалыптасқан әдет-дағдымен іске асатын әрекет.

Әлеуметтанулық зерттеулерінде М. Вебер түсіну әдістеріне көп көңіл аударды. Оның пікірінше, әлеуметтану өзінің шығу көзін, қалыптасу негізін адамның немесе адамдар тобының мінез-құлқын зерттеуден бастауы қажет. Өйткені әрбір адам өзінің тәртібіне, іс-әрекетіне белгілі бір мағына, мән береді. Сондықтан М.Вебердің әлеуметтануын түсіну әлеуметтануы деп атайды.

Сонымен әлеуметтану ғылымының классикалық кезеңі бұл пәннің қоғамдық ғылымдар арасында өзіндік ерекше орны, зерттеу объектісі, үғымдары (категориялары) мен заңдары, әдіс-тәсілдері, құрылымы мен функциялары бар жетекші ғылымдардың біріне айналдырып, оның көп салалы болып дамуына еркін жол ашты.

4. ХХ ғасырда классикалық кезең әлеуметтану ғылымы саласында толып жатқан мектептер мен бағыттар, әдістер мен тәсілдер пайда болуына игі ықпал етті. Сондай әлеуметтанудың осы заманғы негізгі әдістерінің бірі – құрылымдық-функционалдық теория. Ол қоғамның тұтастығын қамтамасыз ететін және өздері өзара байланыста болатын жүйешіктерден тұрады деген түсінік. Олар бірін-бірі толықтырып, өзара әрекетке түсуі әлеуметтік жүйенің құрылымдық-функционалдық бірлігін қамтамасыз етеді. Бұл бағыттың қалыптасуы мен дамуына американдық ғалым-әлеуметтанушылар Роберт Мертон және Толкотт Парсонс елеулі үлес қосты.

Құрылымдық-функционалдық бағыттың негізгі принциптері мынандай:

1) қоғамды экономикалық, саяси, әскери, әлеуметтік, діни және басқа толып жатқан бөліктерден тұратын тұтас организм ретінде қарастыру;

2) қоғамның жеке бөліктері тек тұтас әрі бірлікте өмір сүреді және өзіне тиесілі нақты функцияларды қатаң атқарады;

3) қоғамның бөліктері (индивидтер, адамдар) белгілі бір қоғамның қажеттіліктерін қанағаттандыра отырып, оның тұрақтылығы мен ұрпақ жалғастығын қамтамасыз етеді;

4) қоғамның бір бөлігі өзіне тән функция атқарғандықтан оның қызметі бұзыла қойған жағдайда басқа бөліктер оның орнын толтыра алмайды.

Құрылымдық-функционалдық теория Т.Парсонстің (1902-1979) әлеуметтанулық жүйесінде барынша және жүйелі дамыды.

Соңғы ғасырдағы әлеуметтану ғылымындағы кейбір елеулі теориялық тұжырымдамалары мен бағыттарынан хабардар болу пән бойынша ой-өрістерді кеңейтіп, молайта түседі.

Бақылау сұрақтары

1. Қоғамды әлеуметтік жүйе ретінде алғаш зерттеген әлеуметтанушы кім?

2. Г.Спенсердің әлеуметтанулық тұжырымдары қандай?

3. Г.Спенсер қоғамды қалай таныды?

4. Г. Спенсердің эволюция теориясын қалай түсінесің?

5. К. Маркстің негізгі әлеуметтанулық ілімі неде?

6. Э. Дюркгейм қоғамның тұтастығының негізі туралы не айтты?

7. Э. Дюркгеймнің әлеуметтік теориясының өзегі неде?

8. М.Вебердің әлеуметтік іс-әрекет теориясын қалай түсінесің?

9. ХХ ғасырдағы кейбір теориялық тұжырымдамалар мен бағыттарға сипаттама бер?

5