Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
УМКД-Казахстан тарихы -межфак-2018.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
6 Мб
Скачать
☆

Жоспар:

1. Бірінші дүниежүзілік соғыстың басталуы, негізгі соғыс блоктары, себептері және салдары

2. 1916 жылдың 25 маусым Жарлығы, оның сипаты.

3. 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс: себептері, қозғаушы күштері, барысы және негізгі

кезеңдері.

4. 1916 жылғы көтеріліске байланысты жаңаша көзқарастар

5. 1917 жылғы Ақпан буржуазиялық революциясы, оның мәні мен Қазақстанға әсері.

1. ХХ ғ. басында патшалық ресейдің Орталық Азияның шығыс аудандарымен Қазақстанды отарлауы өте күшті қарқынмен жүргізілді. Тек 1907-1912 жылдары империяның Еуропалық бөліктерінен бұл жаққа 2 млн 400 мың адам келіп қоныстанды. Әсіресе, Қазақстанда отарлау кең ауқымда жүргізілді. Қазақтардың жерлерінде патша өкіметі шаруаларды қоныстандыру үшін жер қорын жасап, 1917 жылға дейін олардың 45 млн. Десятина ең шұрайлы жерлерін тартып алды, сөйтіп жергілікті халықтар таулар мен шөл далаларға ығысуға мәжбүр болды. Бұл жерлерде не су, не мал жаятын жеткілікті шабындық болмады.

ХІХ ғ. аяғы-ХХғ. Басында бұрынғы Түркістан аймағында (Хиуа мен Бұқараны қоспағанда) 941 жаңадан қоныстанған поселкелер пайда болды. Бұл кезде Түркістанда орыс поселкелерінің әрбір тұрғынына 3,17 десятина егін егетін жерден келсе, жергілікті тұрғындарға (қазақ, өзбек, қырғыз, т.б.) 0,21 десятинадан ғана жер келді. Сөйтіп, ешқандай жері жоқ қазақ-қырғыз кедейлерінің үлкен тобы құрылды. Жетісу губерниясында көшіп келген орыс кулак шаруашылықтарының 90 пайызынан астамы қазақ кедейлерінің жалдамалы еңбегін пайдаланды. Қазақ жерлерін күшпен тартып алу жергілікті халықтар мен орыс-украин қоныстанушыларының арасындағы қайшылықтарды шиеленістірді, жер мәселесі жөніндегі күштеу саясаты шеткі аймақтарда да кеңінен тарады.

1914 жылы патшалық Ресей дүниежүзілік соғысқа тартылды. Бұл Бірінші дүниежүзілік империалистік соғыс барлық халықтарға, соның ішінде Қазақстанға да аса ауыр зардаптарын тигізді. Ол патша чиновниктері мен жергілікті әкімдердің және байлардың зорлық-зомбылығы мен озбырлығын күшейтті. Соғыс қажетіне Қазақстаннан орасан көп жылқы, ауыл шаруашылық өнімдері жөнелтілді. Жергілікті халықтан алынатын салық 3-4 есе көбейді, шаруалардың ірі қара малы мен мал азығын соғыс қажетіне алу күшейді. Осының бәрі егістік жердің қысқаруына, ірі қара мал басының азаюына әкеп соқты. Елдің өнеркәсібіндегі жалпы күйзеліс пен ауыл шаруашылығының күйзелуі Қазақстан экономикасын құлдыратты. Қалалар мен ауылдардағы еңбекші бұқараның жағдайы күрт төмендеді.

Соғыс жылдары тек Түркістаннан майдандағы әскерлердің қажеті үшін 38 мың шаршы метр киіз, 300 мың пұт ет, 473. 928 пұт балық, 70 мың жылқы, 12 797 түйе күштеп алынып, майдан аймақтарына жіберілді. Қазақ шаруаларын кәсіпорындарға, бай-құлақ шаруашылықтарына жалдап жұмыс істету күшейді.

Дүниежүзілік империалистік соғыс елде өнеркәсіптің қирауына, ауыл шаруашылығының тоқырауына, халық арасындағы аштыққа алып келді. Жергілікті жерлерде шенеуніктер мен әкімшіліктердің күштеп алым-салық жинауы өсті. Бұл кезде әртүрлі салықтардың 10-ға тарта түрі болды. 1916 ж. 3 млрд. Сомға жаңа мемлекеттік заемға жазылу науқаны жүргізілді, ол да қазақ халқының мойнына ауыр салмақ болып түсті. Бірінші дүниежүзілік соғыстың басталуымен байланысты қазақ халқына тағы бір ауыртпалық - әскери салық салды. Оның әр түтінге көлемі 1 сом 84 тиын мөлшерінде белгіленді.

Соғыс жылдарында патша өкіметі қазақстардан жерді тартып алуды жалғастырды. Бір ғана Жетісу облысы бойынша 1914 жылға қарай 2 млн 703 мыңнан астам десятина шұрайлы жер тартып алынды. Өлкеде халықтар арасындағы ұлттық бөлінушілік күшейді. Қазақ даласында жалпы ұлттық дағдарыс пісіп жетілді.

Соғыс ауыртпалығы Қазақстанда жұмысшылар мен шаруалар қозғалысының өсуіне түрткі болды. 1915 жылы маусым айында Екібастұз, Байқоңыр көмір кендерінде, Спасск мыс кен руднигінде, Орынбор-Ташкент темір жолында жұмысшылардың қозғалысы бой көтерді.

Соғысқа қарсы, қымбатшылыққа және етек алып келе жатқан аштыққа қарсы қалалар мен деревняларда қала кедейлері мен майданға кеткен солдаттардың әйелдері ереуілгешықты. 1916 жылы қаңтар айында мұндай толқулар Верный, Семей қалларында болды. Орынбор облысы Ақ Бұлақ поселкесінің, Жетісу облысы Лепсі уезінің бірқатар селоларының кедейлері мен майданға кеткен әскерлердің әйелдері жергілікті саудагерлер мен көпестердің дүкендерін талқандады. Сөйтіп, қоғамдағы қанаушы және қаналушы таптар арсындағы қарама-қарсылық жалпы бұқраралық сипат алды.

Кәсіпорын иелерінің, жергілікті буржуазия мен феодалдардың зорлық-зомбылығы 1916 жылы 25 маусымда патша өкіметінің «Бұратана халықты мемлекеттік қорғаныс жұмыстарына пайдалану тәртібі туралы ереже» қабылдауына баланысты тіпті күшейе түсті. Жұмыстан немесе әкімшілік ережелері мен талаптарын орындаудан бас тартқан жұмысшыларды түрмеге отырғызуға, немесе үш ай мерзімге тұтқынға алуға, болмаса айып ретінде ақша өндіріп алуға кесетін болды. Азық-түліктің екі-үш есе қымбаттауы да халықтың наразылығын өршіте түсті.

Қазақ жастарны майдандағы тыл жұмысына алу жөніндегі патшаның 1916 жылға 25 маусымдағы жарлығы халықтың шыдамын тауысып, олардың отарлау езгісі мен орта ғасырлық қанауға қарсы көтерілуіне себеп болды. Жарлық бойынша Түркістан мен Дала өлкесінен майданға окоп қазуға 400 мың, соның ішінде Қазақстанның далалық облыстарынан-100 мыңнан астам, Жетісудан 87 мың адам жіберу көзделді. Қазақтардың тууы туралы куәлігінің жоқтығын пайдаланып, болыстық басқармалар мен ауыл старшындары жастарының асқандығына қарамастан кедей жігіттерді майданға жұмысқа алынатын «қара тізімге қосты», ал феодалдар балаларының жасын өз бетінше үлкейтіп, немесе кішірейтіп көрсетіп, әскерге жібермеудің амалын жасады. Мысалы, 60 жастағы кедей шалдары 30 жаста болып, 25-30 жастағы бай балалары 50 жастағы болып жазылды.

Майдан жұмысына қазақ жастарын алу туралы жарлық қазақ халқының зор наразылығын тудырды. Елде болыстық басқармаларды талқандау, ауыл старшындарын, қатігез байларды өлтіру, ірі феодалдардың иеліктеріне шабуыл жасау, жер сату жөніндегі құжаттарды, алым-салық қағаздарын т.б. жойып жіберу секілді әрекеттер орын алды.

Қазақстандағы бұл қозғалыс көпшілік аудандарда ұлт-азаттық сипатта болып, патша өкіметіне, отаршылдыққа, империалистік соғысқа және жергілікті жерлерде патша өкіметінің сүйеніш болып отырған феодал-байларға қарсы бағытталды. Бұл қозғалысты еңбекші халықтың өкілдері басқарды. Торғай даласында қазақ жастарын Әбдіғаппар Жанбосынұлы, Әліби Жангелдин мен Амангелді Иманов, Орал облысы мен Бөкей ордасында Сейітқали Меңдешев, Әбдірахман Әйтиев, Маңғыстауда-Жалау Мыңбаев, Ақтөбе даласында - Әділбек Майкөтев, Ақмола уезінде Сәкен Сейфуллин, Жетісуда-Тоқаш Бокин, Бекболат Әшекеев, Ұзақ Саурықов, Сырдария облысында - Тұрар Рысқұлов т.б. басқарды.

Бұл арада тағы бір маңызды мәселе, ол-1916 жылы қазақ интеллигенциясының көсемдері, яғни ұлт-азаттық қозғалысты бастаушылар, халық көтерілісіне қалай қарады? Олар патшаға қарсы қарулы көтерілісті жақтаған жоқ. Өйткені құр қол халық патшаның талай жыл үйретілген, жақсы қаруланған әскеріне қарсылық көрсете алмай, тағы да қырғынға ұшырайтынын сезді. Бірақ оларға тасқыны тау суындай дүркіріген стихияны-халық көтерілісін тоқтату мүмкін болмады. «Қазақ» газетіні ашық көтерілу қауіпті, одан да мобилизацияны кейінге шегеріп, оны арнайы дайындықтардан кейін жүргізуді ұсынды. Қазақ жастарын жарлыққа көніп, тыл жұмыстарына баруға шақырды. Ондағы ойы, егер соғыс жеңіспен аяқталса, ұлттық автономия құруға үміттенген болатын. Кейін қазақ жігіттері майданға алынғанда Ә.Бөкейханов, М.Дулатов бастаған зиялы азаматтар Минск, Киев аймағында тыл жұмысында жүрген қазақтардың ортасына барып, олардың әскери тәртіпке бейімделіп кетуіне көмек көрсетті.

Жалпы алғанда, стихиялық халық көтерілісінен ұлт-азаттық қозғалыстың көсемдері бөлініп қалды. Өмір олардың болжамы дұрыс екендігін дәлелдеді. Қазақ халқы тағы бір қырғынды басынан өткізді, ал 1917 жылы 27 ақпанда патша тақтан құлатылды. Осындай жағдайды ескермей кейінгі зерттеушілер тарапынан болашақ «Алаш» партиясының өкілдері 1916 жылы патшаны жақтады деген жалған сөздер айтылды. Олар алашордалықтардың көтеріліс кезіндегі тактикасын түсінбеді.

1916 жылғы шілде, тамыз айларында көтеріліс бүкіл қазақ даласын қамтыды. Оны басу үшін патша өкіметі жазалаушы отрядтар жіберді. Оның құрамына жақсы қаруланған әскер бөлімдері, казак-орыс шоғырлары кірді.

Көтерілісті басу үшін патша үкіметі өзінің ескі «бөліп ал да билей бер» деген тактикасын да кеңінен қолданды. 1916 жылғы 23 тамызда Түркістан генерал-губернаторы Куропаткиннің жарлығымен майдан жұмыстарына шақырылудан қанаушы таптардың бірқатар өкілдері босатылды. Олар: Басқару органдарының (облыстық, ауылдық) қызметкерлері, жергілікті (бұратана) халықтың төменгі полицияда істеп жүргендері, имамдар, молдалар, медреседе істейтіндер, мекемелерде қаражат мәселесімен айналысатын бухгалтерлер мен есепшілер, мемлекеттік және жекелеген жоғары және орта білім беретін оқу орындарында оқып жүргендер, мемлекеттік мекемелерде қызмет істеп жүрген бұратана халықтың өкілдері, дворян және құрметті азаматтар әулетінен шыққан бұратан халықтың өкілдері. Мұның өзі патша үкіметіне жалпы халықтық қозғалыстан бұратана әкімшілігінің, байлар мен мұсылман діні өкілдерінің аздаған тобын бөліп алуға мүмкіндік берді.

Орта Азия мен Қазақ өлкесіндегі саяси жағдайды әуел бастан-ақ Ресейдің демократтық және либералдық саяси күштері жіті қадағалап отырды. 1916 жылы шілде айында Мемлекеттік Думаның мүшелері: мұсылман, кадет және еңбекшілер партияларының өкілдерінен құрылған фракциялар тыл жұмысына шақыру заңдарының өрескел бұзылғандығына Ресейдікң Ішкі істер министрлігі мен Әскери министрліктің назарын аудартты.Сонымен бірге бұл шараны жүзеге асырудың нақты тәртібін анықтауды талап етті. Бірақ оппозицияның бұл әрекетінен ешбір нәтиже шықпады. 1916 жылы тамызда Мемлекеттік Дума депутаттары А.Ф. Керенский мен К.Б. Тевкелев өз фракцияларының тапсырмасымен Қазақ өлкесі мен Орта Азияда орын алған оқиғалармен арнайы танысу үшін Түркістанға келеді.

Осы істердің нәтижесінде Думаның сол жылдардан солшылдар мен оңшылдардан тұратындепутаттар құрамының үштен бірі «бұратана» халықтарын тыл жұмыстарына алу жөнінде жарлық шығарған патша үкіметінің заңдық және саяси тұрғыдағы кінәсін дәлелдеуге тырысты. Алайда Ресей парламенті құқықтық жеңіске жете алмаған еді.

Жетісу өңіріндегі көтеріліс.1916 жылғы ұлт – азаттық көтерілістің аса ірі орталығы Жетісу болды. Бүкіл қазақ сахарасы мен Түркістаннан майдан шебіне алынатын 400 мың адамның 87 мыңы Жетісу өңірінен еді. Жағдайдың шиеленісуіне байланысты 1916 жылғы 20 шілдеде генерал Куропаткин Түркістан өлкесінің генерал – губернаторы болып тағайындалды.

Жетісу өлкесінде патша жарлығы хабарланған күннен бастап шілде айының басында Жетісудың бірқатар болыстары қазақтарының басын қосқан съездер өтіп, онда жарлыққа мойынұсынбай қарулы қарсылық көрсету жөнінде шешім қабылданды. Соған сәйкес 17 шілдеде Түркістан өлкесінде әскери жағдай енгізілді. Көтерілісшілердің жазалаушы отрядтармен ірі қақтығыстары Асы, Қарқара, Самсы, Қастек, Нарынқол, Шарын, Құрам аудандарында болды. Көтеріліс тамыз айының ортасында Жетісу облысының болыстарын түгел қамтыды. Жетісудағы көтерілісі ошағын басу үшін патша үкіметі 16 зеңбірек және 47 пулеметпен қаруландырылған 95 рота, 24 казак жүздігі жіберілді. 1916 ж. қазан айында жазалаушы отрядтарға көтерілісшілердің батыл қарсылық көрсетуіне қарамастан көтерілістің бұл ошағы аяусыз басылып-жаншылды. Көтерілісті басқаннан кейін жаппай тұтқындау басталып, әскери-далалық сот іске кірісті. Жазалаушылар тек көтерілісшілерді ғана емес, бейбіт халықты да жазалады, көптеген ауылдарды жойып жіберді. Патша үкіметінің осындай жазалау шараларының салдарынан 300 мыңнан аса қазақтар мен қырғыздар Қытайға барып паналауға мәжбүр болды.

Сырдария облысында да халық көтерілісі кең ауқымда жүргізілді. Әулие-ата, Шымкент уездеріндегі көтерілісшілердің қарсылығы біраз уақытқа созылды. Алайда қыркүйек айының соңында олар аяусыз басылды. Көтерілісшілердің кейбір жасақтары Торғай облысына көшіп кетті. Жазалаушы отрядтармен кескілескен ұрыстарды Семей, Ақмола облыстарының көтерілісшілері де жүргізді. Бұл облыстардағы наразылықтарды басу үшін 12 кавалерия жүздігі және 11 күшейтілген жаяу әскер ротасы жіберілді.

1916 жылы қыркүйек-қазан айларында Зайсан, Өскемен, Қарқаралы, Ақмола уездерінде қарулы қақатығыстар басталды. Қазан айының соңында Бұл аймақта да көтеріліс аяусыз басылды. Халық көтерілістері Қазақ жерінің батыс аймақтарында, яғни Орал облысында да жаппай етек алды. Патша үкіметінің жазалаушы әскери бөлімдеріне Гурьев және Темір уездерінің көтерілісшілері табанды қарсылық көрсетті.

Ал Торғай обылысының барлық уездерін қамтыған көтеріліс ұйымдасқан, кең көлемде әрі табанды түрде өтті. Торғай ошағы Қазақ даласындағы көтерілістің ең ірі орталығына айналды.

Азаттық қозғалыстың өршуі барысында көтерілістің Торғайдағы ошағының ханы болып халық арасында беделді болған Нияз бидің ұрпағы Әбдіғаппар Жанбосынұлы сайланды. Кенесары ханның серіктерінің бірі, атақты Иман батырдың немересі Амнгелді Иманов көтерілісшілердің бас қолбасшысы-сардарбек болып тағайындалды. Бұл өлкедегі көтеріліс жетекшілерінің бірі, осы аймақтан шыққан Әліби Жангелдин болды. Көтерілісшілер арасында қатаң әскери тәртіп орнатылып, жасақ қазақтың дәстүрлі ондық жүйесіне негізделіп құрылды. Торғай даласына Қазақ өлкесінің басқа облыстарынан – сырдария, ақмола, Семей аймағынан көтерілісшілер көптеп келіп жатты. 1916 жылы қазанда олардың саны 50 мыңға жетті. Торғай даласындағы көтерілісті басу үшін 17 атқыштар ротасы, 18 казак жүздігі, 4 кавалерия эскадроны, 18 зеңбірек, 10 пулеметі бар экспедициялық корпус аттанды. 22 қазанда көтерілісшілер Торғай қаласын қоршауға алады. Бірақ оны басып алудың сәті түспеді. Себебі бұл жерге генерал-лейтенант А.Лавреньтев бастаған жазалаушы отряд келіп жетті. Патша үкіметінің жазалаушы әскери бөлімдерінің күшеюіне байланысты Әбдіғаппар ханның жасақтары партизандық күрес әдісне көшті. Әбдіғаппар ханның орталығы мен негізгі күштері Торғайдан 150 км қашықтықтағы Батпаққара сайында орналасты. Онда әскери-соғыс қимылдарын одан әрі жүргізу мен өз бақылауына алған аймақтарды басқаруды жүзеге асыратын Әскери Кеңес құрылды. Осы жерден жазалаушыларға қарсы жорықтар жасалып тұрды. Қазақтар көтерілісінің Торғай ошағын басып-жаншуға қанша әрекеттенсе де патша жазалаушы отрядтарының әскери операциялары нәтижесіз аяқталды. Көтеріліс 1917 жылға дейін созылып, Ақпан революциясына ұласып кетті.

1917 жылғы ақпан айының жиырма үшінде болған «Үрпек – Доғал соғысы» - Әбдіғапар хан басқарған Торғайдағы ұлт – азаттық көтерілісіндегі ең ақырғы, алапат айқас болды. Доғал шайқасының тарихи маңыздылығы сол алдыңғы төрт қақтығыста көтерілісшілер жазалаушы отрядты кейде жеңіп, кейде жеңіліп жүрсе, енді соғыс өнерінен бірталай тәжірибе алған сарбаздар Доғал шайқасында ірі жеңіске жеткен.

Қару – жарақ, әскери дайындығы өздеріне тең болмаса да Әбдіғапар ханның жасағын жоя алмай, үлкен шығынға ұшырап, ызаланған жазалаушылар қайтар жолында жай кетпеді. Хан ордасының қасындағы қыстауды өртеп, мал – мүлкін тонады. Құмкешуде болған соғыстан кейін Қамыспайда отырған қырықмылтықтың он үш адамын жазықсыздан жазықсыз атып өлтірген жазалаушылардың жауыздығын білетін халық бастарының аман – сау қалғанына шүкіршілік айтты.

Осы Доғал шайқасы Ресейдегі Ақпан төңкерісіне ұласып, одан әрі 1917 жылғы қазан төңкерісіне ұласты.

Ақыры ұлт – азаттық күрес Ресейдегі азаматтық соғысына тірелді. Ұлт – азаттық көтерілісін өз ошағында тұншықтыру үшін 1916 жылғы қазан айында Торғай еліне жіберілген жазалаушылар отряды Ресейде ақпан төңкерісі болып, ІІ Николай патша тақтан түссе де қозғалысқа қатысқан қазақтарды қуғынға ұшыратуын қойған жоқ. Алайда сауаты бар, саясаттан хабары бар Әбдіғапар ел өмірінде үлкен бір өзгеріс болатынын ерте – ақ ұғынғанды. Ол енді қайткен күнде – де отарлап келген орыс мемлекетінің бұғауынан қалай босауға болады, сол туралы ойлана бастады. Әбдіғапар өлкеде қандай да бір өрелі істердің қолға алынуы үшін ең бірінші жазалау отрядын құрту немесе одан құтылу қажет екенін түсінді. Қашаннан қандай мәселені де бейбіт шешуге болатын болса, қан төгуден қашатын Әбдіғапар хан елде жүрген Әлібимен ақылдасып, Петроград жұмысшы және солдат депутаттары кеңесіне шұғыл жеделхат жіберткізді. 1917 жылғы наурыз айының жетісінде бір топ адам қол қойған бұл баяндауда Торғай облысында ескі үкіметтің жазалау отрядының осы уақытқа дейін өздерінің зорлық – зомбылығын тоқтатпай отырғандығы, ешкімге қажеті жоқ қантөгісті мемлекет мүддесі үшін дереу тоқтату керектігі айтылған. 600-ден астам сарбаз: «Патша құлап, бостандық болатын күн де бар екен – ау» - деп еңіреп жылады. Сол күннен бастап жиналған сарбаз еліне тарасты. Әбдіғапар жаңа үкіметке қарсы еместігін білдіріп хат жазып, Торғайға адам жіберді .

Торғай қазақтарының 1916 жылғы көтерілісінің бірнеше ерекшеліктерін атап көрсетуге болады. Біріншіден, Торғайдағы дүмпу көтеріліс аясынан шығып, бүкіл қазақтық сипат алды, төңкеріске ұласты. Екіншіден, бұл қозғалыс тек патша өкіметінің 1916 жылғы жарлығына әскери саясатына ғана қарсылық емес, ғасырлар бойғы жиналған халық бойындағы наразылықтың көрінісі болды. Үшіншіден, Торғай қаласының аясы облыс шеңберінен шықты, ол Ақмола, Сырдария облыстарын да қамтыды. Төртіншіден, қолына қару алған тек ауыл жігіттері емес еді, оның құрамында азды – көпті зиялы қауым өкілдері, кәсіпорындар мен темір жол жұмысшылары болды, яғни негізгі қозғаушы күш -толқыған халық болды. Бесіншіден, айқас, соғыс қыстың күні өтті. Ен даланың перзенті қазақ жігіттері төзімдік, қайсарлық көрсетті. Алтыншыдан, Торғай қозғалысы асқан ұйымдасқандықтың үлгісі болды. Жетіншіден, Торғай өңіріндегі айқаста орыс халқына қарсы өшпенділік болмады, тек режимге, өкіметке, оның қарулы күшіне деген қарсылық болды.

1916 жылғы көтеріліс қазақ халқының көп ғасырлық ұлт – азаттық қозғалысының тарихында ерекше зор маңызға ие болды. Қ. Қасымовтың басшылығымен болған ұлт – азаттық қозғалысынан кейін бірінші рет 1916 жылғы көтеріліс кең байтақ өлкенің барлық аймақтарын қамтып, бүкіл қазақтық сипат алды. Ол Қазақстан халқының ұлттық сана сезімінің өсуіне үлкен әсер етті. отаршылдық езгінің ұзақ жылдары ішінде олар ұлттық мүдделерінің ортақтығын тұңғыш рет ұғынды, белсенді саяси қызметке құлшынып, өзін отаршылдық езгіге қарсы күрес жүргізе алатын күш деп сезінді. Осының нәтижесінде патша үкіметінің моральдық – саяси беделі құлдырады. Халық қозғалысы барысында өкімет құрылымы, қарулы күштер, басқару аппараты құрылып, ұлт – азаттық революцияға ұласты. Ауқымдылығы мен қатысушыларды қамтуы және зардаптары жағынан алғанда ол империя құрамындағы отаршылдық езгінің бүкіл кезеңі ішіндегі азаттық күресінің шырқау шыңы болды. Осылайша 1916 жылғы көтеріліс қазақ халқының азаттық қозғалысының, жалпы ұлт-азаттық күресінің құрамдас бөлігі болды.

1917 жылы ақпанда Ресейде царизмді құлатқан буржуазиялық демократиялық революция жеңіске жетті. Петроградтағы ақпан оқиғалары туралы хабар Қазақстанға да жетті. Революциядан кейінгі алғашқы уақытта халық уақытша үкіметке сеніп, бейбітшілік орнап, шаруаларға жер, жұмысшыларға 8 сағаттық жұмыс күні беріледі деп дәмеленді. Жұмысшылардың едәуір бөлігі Уақытша үкіметтің органдары - азаматтық және атқару комитеттеріндегі жұмыстарға тұрды. Алайда наурыз демонстрациялары мен митингілері жұмысшы депутаттары Кеңестерінің құрылуына себепші болды. Мысалы Орынборда, Ташкентте, Омскіде 1 – 3 ақпанда Кеңестерге сайлау жүргізіліп, олардың алғашқы мәжілістері өтті. 1917 жылы ақпанда жұмысшы депутаттары Кеңестері Перовскіде, Қазалыда, Шалқарда, Ақтөбеде, Оралда, Петорпавлда және темір жол бойындағы қалаларда пайда болды.

Жұмысшы депутаттары Кеңестерінің көбі көп кешікпей Солдат депутаттарының кеңестерімен бірікті. Мысалы: Петропавлда, Семейде, Перовскіде т.б. Ал Қазалыда әуелден-ақ бірлескен Кеңес - Жұмысшы және солдат депутаттарының Кеңесі құрылды. Ақпан революциясының басты өзгешелігі сол, елде екі өкіметтілік – буржуазиялық Уақытша Үкімет пен Жұмысшы және солдат депутаттарының Кеңестері пайда болды. Орталықта және жергілікті жерлерде буржуазияның саяси өкімет оргондарын құру үшін Мемлекеттік Дума, қалалық думалар және басқа комитеттер нақты негіз қалады. Уақытша өкімет жер жерде, соның ішінде ұлттық шет аймақтарда өзінің органдарын құрды. Қазақстанда үстемдігің сақтап қалу үшін және жекелеген мемлекеттік әрі үкіметтік мекемелерге «демократиялық түр» беру үшін Уақытша өкімет мемлекеттің әлеуметтік – экономикалық және ұлттық саясатын өзгертпестен, олардың аталуын ғана өзгертті.

Уақытша үкімет облыстар мен уездердің басшылығына кадеттер мен «әскери партияларына жататын бұрынғы патша шенеуніктері арасынан, сондай-ақ, ұлттық – либералдық қазақ зиялыларының жекелеген өкілдерінен (Ә. Бөкейханов, М.Тынышпаев, А. Бірімжанов) комисарлар қойды. Қазақ ұлттық интеллигенциясының жетекшісі Бөкейханов «Жаңарған Ресейдің азат азаматтары -қазақтарға» деген үндеу арнады. Онда Қазақстанға жаңа құрылысты, жаңа үкіметті қолдау үшін ұйымдасу қажет. Біздің ұранымыз – бірлесу және әділеттілік. Жер мәселесін тез талқылаңыздар. Біздің ұранымыз- «Демократиялық республика» және мал шаруашылығынан әрі егіншіліктен кім табыс алып жатса, жер соныкі деді. 25 – 28 наурызда делегат ретінде ол кадеттер партиясының XII съезінің жұмысына қатысып, аграрлық мәселе талқыланғанда сөз алып, қазақтардан заңсыз тартып алынған жерлер олардың өздеріне қайтарылуын талап етті.

Ақпан кезеңінен кейін ұлттық –либералдық қозғалыстың басшылары қоғамдық саяси дамудың өте маңызды мәселелері бойынша Уақытша үкіметтің жағына шығып кетті. Осыған байланысты оларда Уақытша үкіметке оппозициялы орган ретіндегі Кеңестерге деген теріс көзқарас пайда болды. Революция Қазақстан халқының барлық топтарын қозғалысқа алып келді. Реолюцияның алғашқы күндерінде - ақ Петрогад, Москва т.б. қалалардың Кеңестері Уақытша үкімет билігін толық құлатып, оны өз қолына ала алатындай дәрежеде болды. Бірақ олардың басшылары Уақытша үкіметпен ымыраласуға бейім болды. Соңында билік Уақытша үкіметтің қолына көшіп кетті. Қос өкіметтің болу фактісін Ақпан революциясының ішкі қарама-қайшылықтың, елдегі қоғамдық-саяси жағдайдың тұрақсыздығын, биліктің Үкіметке және Кеңестерге өтетінін бейнеледі.

1917 наурызында Қазақстанда барлық жерде Үкіметтің жергілікті органдарын –кәсіп иелерінің, көпестердің, шенеуніктердің мүдделерін білдіретін облыстық және уездік атқару комитеттері құрылды. Айталық 1917 жылы 4 наурызда Петропавлдың буржуазиялық топтары эсерлер мен меньшевиктердің оң қанатының басшылармен бірлесіп, құрамында Петропавл уездерінің аса ірі көпестері Черемисков, Казанцев, Нагаткин енген қоғамдық қауіпсіздіктің коалициялық комитетін құрды.

1917 жылы 3 наурызда Көкшетауда көпестер мен шенеуніктердің жиналысы уақытша коалициялық комитет сайлап, уездік съезд шақырылғанша, оған өкіметтің уездік органы міндетін атқаруды жүктеді.

1917 жылы 5.03. Семейде қоғамдық ұйымдар мен армияның облыстық атқақару комитеті пайда болды. Сондай-ақ Өскеменде де атқару комитеті пайда болды.

Қазақ комитеттері деп аталғандар, Қазақстанның қалаларында ірі дүкендері, сауда кәсіпорындары бар әрі «мұсылмандық», «татарлық» комитеттер мен құрылтайларға біріккен татар, өзбек, ұйғыр көпестері Уақытша үкіметтің Қазақстан облыстары мен уездеріндегі сенімді сүйеніштері болды.

Уақытша үкіметтің Қазақстандағы жергілікті органдары еңбекшілерді тонауын жалғастырып, олардың мойнына импералистік соғыстың ауыртпалықтарын артты.

Елдегі, соның ішінде Қазақстандағы 2-ші өкімет Жұмысшы, солдат және шаруалар депутаттарының Кеңесі болды. Қазақстанда бұл кеңестер орталық аудандардан біраз кейінірек, 1917 жылы наурыз айында пайда болды. Сонымен қоса олардың бірлесу процесі жүріп жатты. Ұйымшылдығы жұмысшылар мен солдаттардан әлдеқайда кем болуы себепті шаруалар депутаттарының Кеңестері 1917 жылы мамыр – маусым айларында пайда болды.

Өлкенің әлеуметтік-экономикалық, саяси жағдайына халықтың көп ұлттығына, әрі негізінен ұсақ буржуазиялығына, мұнда Сібір, Орынбор, Орал, және Жетісу кзактары әскерінің орналасуына байланысты, Қазақстандағы Қосөкіметтің ерекше өзгершіліктері болды.

Алғашқы күннен Қазақстан Кеңестері, әсіресе Жұмысшы және шаруа Кеңестері құрамы жағынан көп ұлтты болды. Онда орыстар, қазақ, украин, татар, ұйғыр, өзбек т.б. халықтың өкілдері болды. Солдат депутаттарының Кеңестеріне көбіне орыс, украйн, ішінара татарлар енді. Қазақстан Кеңестерінің көбінде ұсақ буржуазиялық партиялар, негізінде социалист – революционистердің партиялары басшылық рөл атқарды. Бұған большевиктердің әлсіздігі мен аздығы, жұмысшы ұйымшылдығының жеткіліксіздігі мен саяси жетілмегендігі, Қазақстанның әлеуметтік- экономикалық даму дәрежесінің төмендігі себеп болды. Уақытша Үкіметтің жергілікті органдарының құрылуы және өлкеде Кеңестердің ұйымдасырылуы кезеңінде (1917.03 – 04 басы) буржуазия мен революцияшыл демократия күштерінің арасында белгілі бір өзара түсіністік болды. Атқару комитеттері мен Кеңестер жер –жердегі патша әкімшілігін талқандауда бірлесіп жұмыс жасады, саяси тұтқындар мен жер аударылғандарды босатты, халық шаруашылығының негізгі мәселелерін шешуге тырысты. Алайда Владимир Ильич Лениннің эмиграциядан келуі, өзінің «Аперль тезистерінде» талаптарын алға қоюы, большевиктердің VII конференциясының шешімдері партия мен үкіметтің, атқару комитеті мен Кеңестерінің соғыс пен бейбітшілік, аграрлық, ұлттық және мемлекеттік мәселелері бойынша ашық ымыраға келмейтін қарсыластық бағытын белгілеп берді. В.И. Ленин буржуазиялық-демократиялық революцияны социалистік революцияға ұластыру бағытын белгілеп берді. Революцияның жаңа кезеңін «Бүкіл өкімет Кеңестерге» деген ұранмен айқындалды. Бұл ұран Қосөкіметті жойып, Кеңестердің жеке дара билігін алып келуі тиіс болды. Бұл оқиғалар ұлттық либералдық қозғалысты қиын жағдайларға түсірді. Оның жетекшілері 1917 жылы сәуір мен мамырда бүкіл Қазақстан бойынша облыстық және уездік Қазақ съездерін өткізді. Онда облыстық және ұлттық кмитеттер сайланды. Делегаттардың көбі Уақытша Үкімет пен оның органдарын қолдады, сонымен қатар қазақ халақына ықпалын нығайтуға талпынды.

Қазақ халақының өкілі Ә. Бөкейханов Торғай облысына, М. Тынышпаев Жетісуға, М. Шоқаев Түркістанға Уақытша Үкіметтің комиссарлары болып тағайындалды. Бірақ олар отарлық әкімшіліктің шенеуніктері болғандықтан, жергілікті қазақ халқының мәселелерін шеше алмады. Сол арада соғыстың жалғасуы, Уақытша Үкіметтің халыққа қарсы саясаты еңбекшілерге үлкен ауыртпалық түсірді. 1917 жылдың көктемі мен жазында Қазақ халқының барлық топтарын саясаттандыру күшейді. Ауылдар мен деревниялардың саяси өміріне еліне қайтқан тыл жұмыстарына қатысқандар (150 мың) жаңа леп әкелді. Олар саяси жағынан сауатты болды, бостандық үшін күресті. 1917 жылдың көктем- жазында қазақ еңбекшілерінің арасында тыл жұмысшыларын біріктіретін ұйымдар, революцияшыл-демократиялық жастар ұйымдары пайда болды. Олар «Верный қаласы мұсылман жұмысшыларының біріккен Одағы», Жаркенттегі жұмысшылар Одағы, Түркістан өлкесіне кіретін Қазақстанның Оңтүстік облысындағы мұсылман еңбекшілерінің Одағы, оқушы жастар мен ауыл мұғалімдерін біріктірген жастар ұйымдары мен үйірмелері: Омскіде – демократиялық оқушы жастар Кеңесі, Ақмолада-Жас Қазақ, Петропавлда- «Талап», Семейде-«Жанар», Әулиеата уезіндегі Меркіде - Қазақ жастарының революциялық Одағы пайда болды. Алғашқыда олар мәдени-ағарту жұмыстарын жүргізу міндетін қойса, кейін қоғамдық – саяси қозғалыстың даму процесінде таптық әлеуметтік, саяси міндеттерді шешуге жақындай түсті. С. Сейфуллин бастаған «Жас Қазақ» пен Т. Рысқұлов бастаған «Қазақ жастарының революциялық Одағы» Кеңестерге қосылды. Кейбірі ұлттық-либералдық интеллигенция жетекшілеріне ерді. Еңбекшілердің, солдаттардың, матростардың 1917 жылғы 4-5 шілдедегі Петроградтағы өткен демонстрацияларын Уақытша Үкімет қарулы күшпен басты. 7 шілдеде Ленинді қамауға алуға бұйрық шығарылып, майдан мен тылда большевиктерді қуғындау басталды.

1917 жылы 11 шілдеде Кеңестердің Орталық атқару комитеті Уақытша Үкіметке шектеусіз уәкілдіктер беру туралы мәлімдеді, осы арқылы қос өкіметтікті жою заңды түрде бекітілді. В.И. Ленин өкіметтің пролетариатқа бейбіт жолмен өтуі мүмкін еместігін, қарулы көтеріліс керектігін атап көрсетті.

2. Іс жүзінде патша самодержавиесінің саясатын жалғастыра отырып, Уақытша Үкімет Қазақстанда ұлт мәселелерін шеше алмас еді, әрі ол аграрлық мәселені шешуге де ұмтылмады. Басқа езілген халықтар сияқты қазақтың өзін - өзі билеуі немесе автономия алу мәселелерін ол тіпті күн тәртібіне қоюға тырыспады. Бұл Ә. Бөкейхановтың «Қазақ» газетінде өзінің кадеттер партиясынан шығатындығын жұрт алдында мәлімдеуіне себеп болды. Ол 3 мәселені атап көрсетті: Кадет партиясы жерді меншік етіп бергенді жөн көрді. Егер қазақ жердң меншік етіп алса, башқұрттарша көбі мұжыққа сатып, біраз жылда жалаңаш шыға келеді. Кадет париясы ұлт автономиясына қарсы. Біз Алаш ұранды жұрт, Үкімет ұлт автономиясын тікпек болдық. Біздің қазақ – қырғыз дін ісін көркейтетін болса, үкімет ісінен бөліп қойған болады. Кадет партиясы менің бұл пікіріме өзгеше қарайды. Сондықтан мен қазаққа Алаш партиясын ашуға кірістім. Қазақ либералдық қозғалысының басшылары осы жағдайда, саяси процестердің шапшандай түскенін ескеріп, жалпы қазақтық съезд өткізуді жылдамдатуға шешім қабылдады.

Қазақсанның барлық облыстарынан дерлік өкілдері қатысқан 1-ші жалпы қазақтық съезд Орынбор қаласында 1917 жылы 21- 26 шілдеде өтті. Күн тәрітбінде 14 мәселе болды. Олар: мемлекеттік басқару жүйесі, қазақ облыстарының автономиясы, жер мәселесі, Құрылтай жиналысын шақыру және қазақ облыстарында оның сайлауына әзірлік, бүкіл ресейлік мұсылман съезі, Қазақ саяси партиясын құру, Жетісу облысындағы оқиғалар, Киевтегі бүкілресейлік федеративтік кеңеске және Петроградтағы халыққа білім беру жөніндегі комиссияның жұмысына қазақтардың қатысуы туралы мәселелер еді. Делегаттар ұлттық автономия проблемасына, жер мәселелерінің шешілуіне, Құрылтай жиналысына әзірлікке және қазақ саяси партияларын құруға басты назар аударды. Съезд алдында «Қазақ» газетінің беттерінде автономия қандай болады деген көзқарастар айтылған мақалалар жарияланды.

А. Байтұрсынов пен М. Дулатов тәуелсіз автономиялы қазақ мемлекетін құруды жақтады. Бөкейханов «демократиялық, федеративтік және парламенттік Ресей республикасындағы» қазақтың ұлттық – территориялық автономиясы болғанын ұнатты. Бұл пікірді көпшілік делегаттар қолдады. «Қазақ облыстары территориялды ұлттық автономияны алуға тиіс»-деп көрсетілді қарарда. Съезд жұмысындағы өзекті мәселе – жер мәселесі болды. Қарардың негізгі желісі: Қазақ қоғамы жерінің тартып алынуы тиылады, тәркіленген барлық жер, сонымен қатар қоныс аудару басқармаларының әлі бөлініп үлгерілмеген жер учаскелері дәстүрлі пайдаланылуы үшін қазақ қауымдарына қайтарылады, ценз енгізу негізінде далаға көшіп келу тоқталады.

Съезд Құрылтай жиналысына дайындық мәселесін талқылады, кандидаттар тізіміне 81 адам Қазақстанның барлық аймақтарының, сонымен қатар Бұқарадағы, Ферғанадағы, Хиуадағы қазақ қауымының өкілдері енді. Олардың ішінде «Қазақ» газеттерінің басшылары, қазақ ұлттық либералдық қозғалысының жетекшілері Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, аймақтар жетекшілері Ә. Ермеков, Х. Ғаббасов(Семей), Ж. Досмұхамедов (Батыс Қазақстан), М. Тынышпаев (Жетісу), М. Шоқаев, С. Асфендияров, (Түркістан өлкесі) болды. Кандидаттар арасында сонымен қатар орыс ғалымы Г. Потанин мен саяси қайраткері В. Чайкин жүрді. Съезд шешімдеріне «Қазақ» газетінде топтасқан қазақ интеллигенттері күшті ықпал жасады. Нәтижесінде мұсылман діндарларының қазақ халқына ықпал етуі азайды. Олардың соттары жойылды, орнына құқықтық құрылымдар енгізілуге тиіс болды, әйелдер еркектермен тең құқылы деп саналып, қалың малға тиым салынды. Білім алу міндетті іс деп табылды және оны іске асыру азаматтық өкіметке жүктелетін болды. Сонымен қатар съезд шешімдері Ақмола, Семей, Торғай, Орал облыстарындағы және Закаспий облыстарының қазақ аудандарындағы мұсылмандарды басқару үшін Орынборда тәуелсіз муфтилік құру керектігін айтты.

Бүкілқазақтық 1-ші съезд шын мәнінде қазақтың ұлттық саяси партиясы «Алаштың» съезі болып табылды. Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов және буржуазиялық-демократиялық бағыттағы қазақ интеллигенциясының басқа өкілдері «Алаш» париясының жетекшілері болды. Алаш партиясына сонымен қатар ғылыми және шығармашылық инеллигенцияның өкілдері: М. Тынышбаев, М. Жұмабаев, Ш. Құдайбердиев, Ғ. Қарашаев, С. Торайғыров, Х. Ғаббасов, Ә.Ермеков Ж. және Х. Досмұхамедовтар т.б. кірді. Олар қазақ қоғамы дайын болмағандықтан, социалисік бағдарламаны қабылдамады. «Қазақ халқын отарлық езгіден азат ету» ұраны төңірегіне топтасты.

Петроградтағы революциядан кейін бірден «Қазақ» газетінің 21 қарашадағы санында «Алаш» партиясының Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Елдес Ғұмаров, Есенғали Тұрмұхамедов, Ғабдухамит Жүндібаев және Ғазымбек Бірімжанов құрастырған бағдарламаның жобасы жарияланды. Бағдарлама 10 пункттен тұрды.

1. Мемлекет қалпы (мемлекеттң іргесі бөлек, ынтымағы бір болады).

2. Жергілікті бостандық (қазақ жүрген облыстардың өз тізгіні өзінде, Россия республикасының Федерациялы 1 ағзасы болу ).

3. Негізгі құқық (Россия Республикасында дінге, қанға қарамай, ер, әйел адам баласы тең болу).

4. Дін (дін ісі мемлекет ісінен бөлек. Дін біткенге тең құқық, муфтилік қазақта өз алдына болу).

5. Билік пен сот. (Судья жергілікті жұрттың тілін білу, қазақ көп жерде сот тілі қазақ тілі болу).

6. Ел қорғау (әскерлік жастағы жастар жерінде үйретіліп, қызмет ету, әскери қызметті қазақ).

7. Салық (Хал ахуал, табысқа қарай ).

8. Жұмысшылар (Заңда болу. «Алаш» партиясы жұмысшылар турасында социал –демократтардың меньшевиктік тобының бағдарламасын жақтайды).

9. Ғылым – білім үйрету (оқу кімге болса да ақысыз болу, қазақ тілінде орта мектеп, университет ашу, оқу жолы өз алдына автономия болу, үкімет оқу ісіне араласпау).

10. Жер мәселесі «Учредительное собрание заң жасағанда жерді ең алдымен жергілікті жұртқа беру, қазақ орналасқанша мұжық келмеуі, бұрынғы жерлердің мұжық отырмағаны қазаққа қайтуы».

Бұл бағдарлама Құрылтай жиналысына сайлауда «Алаш» партиясының ірі табысқа жетуін қамтамасыз етті.

1917 ж. 14 наурызда Қазақ өлкесінің оңтүстік аймағында «Шуро-и-Ислам» одағы құрылды (исламды жақтаушылар кеңесі). Оның жетекшілері қатарында М. Абдрашидханов, М.Шоқай және т.б. болды. Бұл одақтың идеологиясы түркі-мұсылман халықтарының басын біріктіріп, әрбір ұлттың өзін-өзі басқаруына қол жеткізу болатын. Олардың бастамасымен 16 сәуірде Ташкентте 150 делегат қатысқан Жалпытүркістандық құрылтай шақырылды. Съездің тең төрағасы болып М. Абдрашидханов пен Сералы Лапин, ал хатшылыққа М.Шоқай сайланды. Съезде қаралған негізгі мәселелер: Уақытша үкіметке көзқарас және патша үкіметі құлатылғаннан кейінгі Түркістанды басқару туралы болды. Сондай-ақ, съезд Уақытша үкіметті қолдай отырып, Ресейдің федеративтік, демократиялық, парламенттік республика ретінде өзінің президенті мен Құрылтай жиналысы болуы мен облыстарға автономия беру туралы (оның ішінде Түркістанға) идеясын ұсынды. Жалпы Түркістан ұйымын-Түркістан мұсылман кеңесін құру туралы міндеттер қойылды. 1917 ж. 12 маусымда ондай ұйым құрылып, оның төралығына М.Шоқай тағайындалды. Бұл ұйым ұлттық-демократиялық бағыттағы саяси күштермен тығыз одақ жасауға ұмтылды. «Алаш» партиясымен де байланыс орнатты. «Шуро-и-Ислам» 1917 ж. 2 қазанда кеңес үкіметін мойындамау жөнінде шешім қабылдады. 1917 жылы қарашада «Шуро-и-Исламның» белсенді саяси қызметінің нәтижесінде ІV Төтенше өлкелік мұсылман съезі шақырылып, онда Қоқан автономиясы жарияланды. 1917 жылы 26 қарашада Қоқанда өткен Түркістан мұсылмандарының өлкелік ІV Төтенше съезінің жұмысына 300-ден астам делегат қатысты. Съезге қазақ халқының өкілдері ретінде Ә.Бөкейханов, М.Тынышпаев, М.Шоқай сынды т.б. көрнекті қоғам қайраткерлері қатысты. 27 қарашада съезд Түркістан автономиясын құру туралы қаулыны жариялады. Түркістан автономиясы Уақытша үкіметінің құрамы 12 адамнан – 8 жергілікті халық өкілінен, 4 басқа ұлт өкілінен жасақталды. Түркістан автономиясының Премьер-министрі және Ішкі істер министрі болып М.Тынышпаев, Сыртқы істер министрі болып М.Шоқай сайланды. Кейін М.Шоқай Премьер-министр болды. Сонымен бірге құрамы 54 адамнан тұратын Ұлттық жиналыс құрылып, оның үштен бір бөлігі жергілікті емес ұлт өкілдерінен құралатыны анықталды. 1917 жылы 1 желтоқсанда Түркістан автономиялық үкіметі өлке халқына үндеу жариялады. Үндеуде Түркістан Ресей Федеративтік Демократиялық республикасының автономиялық бөлігі болатынын мәлімдеді. Съездің өткізілген орны және автономияның әкімшілік орталығы Қоқан қаласында орналасқандықтан, оны Қоқан автономиясы деп те атады.

1918 жылы қаңтарда Қоқан автономиясы большевиктердің тарапынан қарулы қысымға ұшырады. Олар премьер-министр М.Шоқайға Кеңес үкіметін мойындау, қаруларын тапсыру және милиция органдарын тарату туралы ультиматум қойды. Бірақ олардың талаптарын орындаудан Түркістан үкіметі бас тартты. Қоқан автономиясын жою үшін бұл аймаққа 1918 ж. ақпан айының 5-нен 6-на қараған түні 11 эшелон кавалерия, артиллерия және жаяу әскер бөлімдері жеткізілді. Ал 6-7 ақпанда Қоқан автономиясын большевиктер әскери күшпен талқандады. Автономия жетекшілері бас сауғалауға мәжбүр болды. «Шуро-и-Ислам» ұйымы ыдырап кетті. Осылайша, Түркістан автономиясы жойылды. Қазақ өлкесінде Кеңес үкіметін орнату әртүрлі жағдайда жүргізілді. 1917 ж. қазаны мен 1918 ж. наурызы аралығында кеңес үкіметі тек Оралдан басқа жерлерде, Қазақ өлкесінің барлық аумағында орнатылды. Кеңестерге қарсы күштердің ошақтары Орынбор, Орал, Жетісу аудандары болды. 1917 ж. қазан төңкерісінен кейін қалыптасқан саяси жағдайда алдағы іс-шаралардың бағдарын айқындау үшін 1917 жылғы 5 – 13 желтоқсанда Орынборда екінші Жалпықазақ съезі өтті.

ІІ Жалпықазақ съезінің күн тәртібіне мына мәселелер енгізілді: Сібір, Түркістан автономиялары және оңтүстік-шығыс одағы туралы, қазақ облыстарының автономиясы, милиция, ұлттық кеңес, білім беру, ұлттық қор, мүфтиат, халық соты,ауылдық басқару, азық-түлік мәселесі.

Төралқа төрағасы Бақтыкерей Құлманов және оның орынбасарлары Ә. Бөкейханов, Әзімхан Кенесарин, Халел Досмұхамедов және Омар Қарашев басқаларын съезд тез өзгеріп жатқан саяси жағдайларда ең алдымен қазақ автономиясын құру және оның Үкіметін қалыптастыру мәселелеріне бірінші кезекте көңіл бөле отырып талқылады.

Съездің негізгі мәселесі Қазақ автономиясын жариялау туралы болды. Автономия туралы баяндаманы Ә.Бөкейханов жасады. Бұл баяндама және және автономия құру мәселесі ерекше комиссияның қарауына жіберілді. Комиссия атынан Х. Ғаббасов сөйледі. Баяндаманы талқылау барысында Қазан төңкерісінен кейін Уақытша үкіметтің құлағаны, Ресей мемлекетінің биліктен айырылғаны, ешқандай биліктің жоқ кезінде елде азамат соғысының тууы мүмкін екені және мұндай қиын жағдайдан шығудың тек бір ғана жолы – ол Қазақ өлкесіндегі барлық облыстардың халқы мойындайтындай билік орнату болып табылатындығы туралы қорытынды жасалды. Съезд қазақ облыстарының автономиясын құруға және оған «Алаш» деген атау беруге қаулы қабылдады. Уақытша «Алашорда» Ұлттық Кеңесі құрылып, құрамына 25 адам енгізілетін болды. Ондағы 10 орын орыс және басқа да ұлт өкілдіріне бөлінді. Алашорданың орталығы ретінде Семей қаласын белгіледі. Алашорда үкіметінің төрағасы болып баламалы түрде көпшілік дауыспен Ә.Бөкейханов сайланды.

Съезд Қазақ автономиясы құрамына Бөкей Ордасы, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу облыстары және Закаспий облыстары мен Алтай губерниясының қазақтар мекендеген аудандары енуге тиіс деп шешті.

Съезд қазақ милициясын құру жоспарын жасады. Әрбір облыста құрылатын милицияны қару-жарақпен қамтамасыз етуді Орталық әкімшілік салық салу арқылы алынатын қаржы есебінен жүзеге асыруға тиіс болды. Офицерлерді даярлауда Орынборлық казактардың тәжірибесі мен көмегін пайдалану керек деп шешті. Ал бұл Орынбор атаман Дутов басқарған ақгвардияшылармен Одақ құру деген сөз еді. Бұл Одақ формальды түрде және пайдасы аз болса да Алаш Орданың жағдайын қиындатып жіберді.

Алаш партиясының басшылығы Орталық Кеңес үкіметімен, оның жергілікті орындарымен байланыс жасауға тырысты. Ә. Бөкейханов Ленинмен және Ұлттар ісі жөніндегі халық комиссары Сталинмен кездесуге Москваға Халел мен Жанша Досмұхамедовтарды жібереді. Ал Халел Ғаббасов Ә. Бөкейхановтың тапсыруымен 1918 жылы 20.03. телеграф арқылы Сталинмен сөйлеседі.

Алашорда жетекшілері «Ресей халықтары құқықтарының Декларациясын» негізге ала отырып, Алаш автономиясы мен Кеңес үкіметінің бірін-бірі өзара тануы жөнінде талап қойған еді. Алайда бұл талап орындалмады. Олар Ресей халықтарына кеңестік үлгідегі автономия берілетінін мәлімдеді. Алашорда үкіметінің дипломатиялық қадамдары кеңестік билік тарапынан қабылданбады. Алашорда жетекшілері Кеңес үкіметімен байланыс орнату және олармен ымыраға келу саясатынан бас тартып, оларға қарсы саяси күштермен одақтасу тактикасына көшті. Осыдан бастап, Орынборда Кеңес үкіметін құлатқан атаман А. Дутовпен, Самарадағы Құрылтай жиналысы мүшелерінің комитетімен, Омбыдағы Уақытша Сібір үкіметімен байланыс орнатады. Алашорда үкіметінің 1918 ж. шілдедегі қаулысына сәйкес «Алаш автономиясы аумағында Кеңес үкіметінің барлық декреттері заңсыз» деп танылды. Ал сол жылы тамыз айында Семейде тұңғыш Алаш атты полкі құрылды. Бұл ІІ Жалпықазақ съезінде қабылданған Алаш әскерін жасақтау туралы қаулысын жүзеге асырудың бастамасы болды.

1918 жылы 11-14 қыркүйекте тарихта «Уфа Директориясы» деген атпен қалған кеңес шақырылды. Ол Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы мүшелерінің, уақытша Сібір үкіметі өкілдерінің, Орынбор, Орал, Сібір, Иркутск, Жетісу, Енисей, Астрахан казак әскерлерінің, Башқұрт, Алаш, Түркістан үкіметтерінің бірқатар саяси партиялар өкілдерінің басын қосты. Жиында Уфа директориясының құрылуына байланысты Ресейде бір орталықтан басқарылатын биліктің құрылатындығы және автономиялық басқаруды тоқтату жөнінде шешім қабылданды. 1918 ж. 4 қарашадағы осы органның арнайы грамотасында барлық облыстық үкіметтердің қызметтері тоқтатылатыны, оның ішінде «1-Алаш үкіметі - Алашорда өз қызметін тоқтатты» деген қаулы шығарылған. Осылайша Кеңес үкіметіне қарсы күштердің басын қосқан Уфа директриясы өзінің шешімімен Алашорданың қызметін тоқтатты.

1918 жылы 11 қыркүйекте Алашорданың Батыс бөлімі құрылды. Оның орталығы болып Орал облысының Жамбейті қаласы белгіленді, ал жетекшісі Ж. Досмұхаметов болды. Бұл мәселе бойынша: «Әскери жағдай мен жол қатынасының нашар дамуына байланысты Алаш автономиясының батыс бөлігін басқару үшін Алашорда бөлімі құрылады»,-деп көрсетілді. Батыс бөлім, яғни Ойыл уәлаяты құрамына: Орал облысы, Бөкей Ордасы, Маңғыстау уезі, Торғай облысының Ақтөбе, Ырғыз уездері кірді. Алашорданың Шығыс бөлімінің орталығы Семейде орналасты.

Кеңес өкіметін орнату кезеңінде Жергілікті Кеңестердегі билік РСДРП (б)-ң радикал-қырғи қимылды қызметкерлері қолында болған – Петропавл, Перовск (Қызылорда), Әулие Ата (Жамбыл) бірқатар қалаларында Алаш белсенділері тұтқындалды. Тек Семей, Верный т.б. қысқа мерзімге қарым-қатынас орнатуға әрең қол жетті. Мысалы, Семей облыстық Кеңесінің құрамына Алаш жергілікті ұйымы басшыларының бірі Х. Ғаббасовты, уездік жер Кеңесінің төрағасы Қозбағаровты, уездік Кеңес құрамына Алаш белсенділері Б. Сәрсенов пен И. Әлімбековты енгізеді. Бірақ екі жақ та бір - біріне сенбейді, олардың әрқайсысының өздерінің саяси мақсаттары болды. Кеңестер Алаш басшылары, белсенділері арқылы Қазақ арасындағы ықпалын күшейтпек болса, ал Алаш өкілдері Кеңесті қолдаған болып оның өкілдері арқылы Кеңесті ішінен ірітпекші болды.

Қазақстандағы «Үш жүз» партиясына тоқталар болсақ, ол өзінің саяси ықпалын қазақ өлкесінің солтүстік-шығыс аймағында жүргізді. «Үш жүз» партиясының орталық Комитеті Омбыда орналасты. Оның негізін қалаушы Мұқан Айтпенов болды. Бірақ «Үш жүз» партиясының қызметі Көлбай Төгісов есімімен тығыз байланысты болды. 1917 жылы қарашада К.Төгісов пен оның жақтастары «Үш жүз» «Қырғыздың (қазақтың) социалистік партиясын» құрды. Бұл «Үш жүз» партиясының большевиктер басқарған Кеңес өкіметімен қарым-қатынасы басқаша қалыптасты. Партия басшысы Көлбай Төгісов пен оның серіктерінің саяси көзқарастары, іс - әрекеті 1917 жылдың күзінен 1918 жылдың басына дейін елеулі өзгереді. Алғашқыда олар социал – революцияшыл партиямен одақтасуды қолдаса, 1918 жылдың қаңтарынан бастап Кеңес өкіметін жер-жерде ұйымдастырып, нығайту ісіне белсене араласады. Сондықтан большевиктердің алашордашыларға қарсы күресінде одақтасына айналады. Бұған қарамастан Алашорда (1917.12 – 1918.03) қазақтардың бейтараптығы мен жергілікті Кеңестің әлсіздігін пайдаланып, облыстарда әкімшілік құруға, милиция отрядтарын ұйымдастыруға кіріседі. Бірақ көп ұзамай басталған Азамат соғысы Қазақстанда жаңа әскери – саяси жағдай туғызды. Осы кезеңде К.Төгісов, 1919 жылы наурызда, колчак үкіметі тарапынан кеңес қайраткері ретінде қуғынға ұшырап, атылды. Жетекшілерінен айырылған «Үш жүз» партиясы да сол кезде өз қызметін тоқтатты. Ал, Алашорда үкіметінің кейінгі тағдыры бүкіл Ресей аумағын қамтыған Азамат соғысының күрделі оқиғаларымен тығыз байланыста өрбіді. 1919 жылы олар Колчак үкіметінің (Бүкілресейлік Уақытша үкімет) ықпалында болды. Бірақ Колчак үкіметі де Алашорда жетекшілерінің автономия құру жөніндегі үмітін ақтамады. Керісінше, адмирал Колчак монархиялық билік орнату идеясын көтере бастаған еді. Осылайша қазақ зиялылары өте күрделі жағдайда қалды.

Азамат соғысында қазақ халқын өз жағына тарту үшін Кеңес үкіметі Алашорда жетекшілерімен қарым-қатынас орнату керектігін жақсы түсінді. Сөйтіп, Кеңес үкіметі 1919 ж. 4 қарашада Алашорда құрамында болған азаматтарға кешірім жасау жөнінде қаулы шығарды. Сол жылдың 21 желтоқсанында Алашорда жетекшілері Кеңестер жағына өту туралы шешім қабылдайды. Ал 1920 жылы 9 наурызда Алаш автономиясы мен Алашорда үкіметін тарату жөнінде Кеңес үкіметінің қаулысы қабылданды.

Осылайша Алаш жетекшілерінің қазақ халқының ұлттық мемлекеттілігін қайта қалпына келтіру жолындағы қажырлы күресі қазақ қоғамының саяси интеллектуалдық әлеуетінің жоғары екенін көрсетті. Алаш автономиясының тарихы қысқа болса да, бұл тәжірибе кеңестік автономияны қалыптастыру ісінде шешуші рөл атқарған болатын.