Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Дәріс 5.6.7.8.9..doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
204.29 Кб
Скачать

Мектепке дейінгі мекемелерде тәрбие жұмысының теориясы мен әдістемесі

Тақырып 5. Тәрбиенің мазмұны

Жоспарлау – тәрбиеші педагогтың негізгі іс-әрекетінің бір бөлігі.

Тәрбие жұмысының моделі, бағыты, білім мекемелерінің негізгі жоспарына сай құрылады.

Е.В.Бондаревскаяның тұжырымдамасы бойынша оқушыларды тәрбиелеуде мектептердің алдында төмендегідей маңызды міндеттер қойылады:

- Жастардың философиялық ғылыми дүниетанымын дамыту, қоғамдағы әлеуметтік – экономикалық түбірлі өзгерістер жағдайында өмірдің мәнін түсінуге көмектесу, өмірге қарым-қатынасын қалыптастыру;

- Жалпы адамзаттық мәдени байлық мұраны пайдалана білуге баулу;

- Әрбір баланың табиғи (қабілет) нышанын дамытып, шығармашылық қабілеттерін жетілдіру;

- Жалпы адамзаттық адамгершілік нормаларын қалыптастыру (мейірімділік, өзара түсінуші, қайырымдылық, шыдамшылық);

- Өз-өзіне баға беруге, басқаруға, сыйлауға, ішкі дүние еркіндігіне тәрбиелеу;

- Заңды құрметтеуге, ұжымдық өмір нормаларына, азаматтық және әлеуметтік жауапкершілікке тәрбиелеу;

- Өмірдің жоғары бағалылығы ретінде еңбекке, қарым-қатынасқа тәрбиелеу, шығармашылық еңбекке қажеттілікті дамыту, іскерлік қарым-қатынасқа, адамгершілікке тәрбиелеу;

- Салауатты өмір салтына тәрбиелеу, бақытты өмір сүріп, жақсы отбасы болуға баулу. О.С.Газман кез келген педагог тәрбиешінің 3 типтік міндетін көрсетеді.

Тәрбиелеу мақсаты – салауатты өмір құра алатын жеке тұлғаны қалыптастырып тәрбиелеу. Тәрбиенің міндеттері педагогтың оқушыларымен біріккен қарым-қатынасы, іс-әрекеті арқылы жүзеге асырылады.

Н.Е.Щуркова оқушылар іс-әрекетінің әр түрлі түрлері мен формасын ұсынады: танымдық, шығармашылық, еңбек, бағалық құндылыктар, көркемөнер, спорттық сауықтыру, қарым-қатынас, т.б. бұл теориялық алғы- шарттар мектептегі, сыныптағы тәрбие жұмысын жоспарлаудың негізіне алынған.

Тәрбие жұмысын жоспарлау тек қана жоспар құрумен шектелмеуі қажет.

Жоспарлау балалармен жүргізілетін барлық жұмыстың өн бойында жүретін шығармашылық процесс.

Жоспарлау – мектеп әкімшілігінің, мұғалімдердің кәсіби іс-әрекетінің негізгі құрамды бөлігі және мектеп өмірін қызықты, маңызды шығармашылық бағытта жүргізуге арналған мақсат-міндеттерді ата-аналар мен оқушылар, мұғалімдердің бірлесіп шешуі.

Сынып жетекшісі тәрбие жұмысын жоспарлауда төмендегі принциптер жиынтығын ескеруі керек:

1. Мақсат.

2. Оқушылардың жас ерекшеліктері.

3. Сынып ұжымының қызығушылығы.

4. Жоспарланатын істің жүйелілігі.

5. Әртүрлі әдістер мен формаларды қолдану.

6. Жоспарлаудың шығармашылық сипаты.

Сынып жетекшісінің тәрбие жоспары – міндетті педагогикалық құжат. Жоспар оқушылар ұжымының қалыпты дамуына мақсатты және жүйелі түрде ықпал етеді, тәрбие міндеттерін дұрыс ұйымдастыруға мүмкіндік туғызады.

Тәрбие – қиын да күрделі процесс. Жоспар болмаған жағдайда тәрбие процесінде көп қиыншылықтар туады.

Жоспар - тәрбие жұмысының айнасы. Ол сынып жетекшісі мен оқушылар ұжымының бірлесе атқаратын жұмысын айқындайды.

Сынып жетекшісінің тәрбие жоспарындағы оның мақсат – міндеттері және мазмұнымен танысу барысында, белгілі бір сыныптағы оқушылардың тәрбиелік деңгейінің сапасын, адамгершілік қасиеттерін, қызығушылығы мен жеке бастарының кемшілігін т.б. қасиеттерін байқауға болады.

Ол үшін тәрбие жоспары объективтік тұрғыда сыныптағы оқушылардың нақтылы жағдайларын ескере отыра жасалуы тиіс. Сонда ғана мектеп оқушыларын тәрбиелеу қоғамның талабына сай нәтижелі жүргізіледі.

Жоспар – ұжымдық еңбектің жемісі. Сынып жетекшісі тәрбие жұмысын жоспарлау барысында, оған оқушыларды қатыстыруы міндетті.

Жоспарлау барысында оған балаларды тарту оның нақтылығын, мектеп пен оқушылар өмірін тығыз байланыстыруға, сынып жетекшісінің тәрбиелік қызметін нәтижелі ұйымдастыруға мүмкіндік туғызады.

Сынып жетекшісі мектептегі оқу-тәрбие үрдісін жоспарлау барысында оқушылармен қарым-қатынас орнатпаған жағдайда, тәрбие жоспарындағы атқарылатын шаралар оқушыларды қызықтырмауы мүмкін, нәтижесінде ынтымағы жарасқан, белсенді, жауапкершілігі мол оқушылар ұжымын құруға кері әсерін тигізеді. Мектеп жағдайында мұндай көрініс кездеседі.

Бұл күнде баланы сырттай билеп, бәрін де ол үшін шеше беруге болмайды. Бала да өз мүддесін өзінше шеше алмайды. Тәрбиедегі даналықтың бір белгісі – бала болашағын оның өзімен бірге шешу. Бұл педагогикалық тағылым.

Әрбір баланың өзі сүйетін істері болады. Біреуі сурет салуға әуестенсе, екіншісі ойын-сауықты, үшіншісі спортты, төртіншісі мәдени жорықты ұнатып, кейбіреулері ұйымдастыру ісіне ыңғайлы болып келеді.

Мұндай жағдайда, тәртібі нашар балалардың да басынан табылатын осындай жақсы қасиеттерді тауып алып, оларды сынып ұжымының ісімен ұштастыру, бірден-бір педагогикалық тәсіл болып табылады.

Тәрбие жұмысын жоспарлау оқушылар ұжымының бүгінін ойлауға, ертеңінің негізін қалауға көмектеседі.

Мектептегі сынып жетекшілерінің тәжірибесінде оқушылардың қабілеті мен қызығуын, жеке басының ерекшеліктері мен сұраныстарын ескермей, үстірт жасалатын жоспарлар кездеседі.

Тәрбие жоспары - сынып жетекшісінің шығармашылық лабораториясы.

Олай дейтініміз, жоспар бір күннің немесе бір оқу жылының нәтижесі емес.

Бала тәрбиесі қиын болса, оны қоғамның, жеке тұлғаның талабымен ұштастыра құру – одан да қиындық туғызады. Мұндай жағдайда сынып жетекшісінен ерінбей, талмай үзақ мерзімді зерттеу жұмыстарын жүргізуді қажет етеді.

Жоспар жарты жылға немесе тоқсанға арнап жасалынады. Тәжірибелі сынып жетекшісі тоқсандық жоспардан, айлық және апталық жоспар құрып алады. Бұлай жұмыс жасау жоспардың икемділігі мен тиімділігін арттырады.

Мектеп тәжірибесінде бүгінгі күні тәрбие жоспарының түрлері көп. Олардың ішінде сынып өміріне тиімдісі де бар. Кеңестік дәуірде тәрбие жұмысының мазмұны коммунистік тәрбиенің салаларына негізделген (ақыл-ой, адамгершілік, эстетикалық, дене т.б.). Бүгінгі күні олай емес. Жеке адам әрекет үстінде қалыптасып, дамитындығы бізге мәлім. Олай болса, тәрбиенің мазмұны оқушылар ұжымы мен жеке тұлғаның қалыптасуындағы, олардың сан алуан әрекеттің түрлерімен байланысты.

Мектептегі қолданылып жүрген және ғылыми педагогикалық әдебиеттер мен журналдарда шыққан еңбектердегі жоспардың түрлі формаларымен таныс бола отыра, тәрбие жоспарының төмендегідей түрін ұсынып отырмыз.

Жоспардың бұл түрі сынып жетекшісіне тәрбие үрдісінде оқушылардың, пән мұғалімдері мен ата-аналардың әрекеттерін үйлесімді ұйымдастыруда, оның тұтастығы мен тиімділігін арттыруда әрі қарапайым әрі ыңғайлы формасы деп есептейміз.

Сынып жетекшісі – сыныптағы тәрбие жұмысын ұйымдастырушы

Сыныптағы тәрбие жұмысын барлық мұғалімдер жүргізеді. Бұл жұмыстын негізгі ұйымдастырушысы - сынып жетекшісі. Ол оқушылар ұжымын ұйымдастырады, басқа мұғалімдердің тәрбиелік күш-жігерін біріктіреді, ата-аналармен жұмыс жүргізеді.

Сынып жетекшісінің ең басты міндеттері қызметтері қандай?

1. Диагностикалық.

2. Коммуникативтік.

3. Тәрбиелік.

4. Жобалаушылық.

5. Ұйымдастырушылық - әрекеттік.

6. Дамытушылық

7. Әдістемелік

8. Бағалаушылық.

9. Ынталандырушылық.

10. Қорғаушылық – қамқоршылық.

11. Түзетушілік.

Сынып жетекшісінің негізгі міндетті қызметтері оның жұмысының бағыттарын анықтауына көмектеседі.

Сынып жетекшісінің жұмысының бағыттары:

1. Оқушының жеке дамуын бақылау, оның еркін дамып, қабілеттерінің ашылуына тиімді жағдай жасау.

2. Оқушының ынтасын, қабілетін зерттеу, бағдар беру.

3. Оқушылар арасында қоғамды құнды қатынастарға жетелейтін әрекеттің барлық түрлерін (жеке дара, топтық, ұжымдық) үйымдастыру.

4. Оқушылардың бостандықтары мен құқықтарын сақтауға мүмкіндік жасау.

5. Әр оқушыны әлеуметтендіруге мүмкіндік беретін сынып ұжымын тәрбиелейтін орта ретінде қалыптастыру.

6. Барлық тәрбиелік күштердің өзара ынтымақтастығы мен байланыстарын үйымдастыру.

7. Сыныпта оқу-тәрбие процесін үйымдастыру.

8. Оқушылардың сыныппен және басқа ұжымдармен байланысын орнату.

9. Оқушыларды, олардың тұрмыс жағдайларын зерттеу.

10. Оқушылардың дамуындағы және мінез-құлықтарындағы ауытқуларды байқау, оларды психологиялық және педагогикалық тұрғыдан түзету, күрделі жағдайларда басшыларды құлақтандыру.

11. Өмірде кездесетін күрделі мәселелерді шешуде оқушыларға көмек көрсету.

12. Тәрбие жұмысының нәтижелілігінін көрсететін іс-қағаздар жүргізу (оқушылардың жеке құжаттары, сынып журналы, оқушылардың күнделігі).

13. Оқушылардың әлеуметтік және заңды құқықтарын қорғау.

14. Мектептін тәрбие жұмысына ұстаздарды, ата-аналарды, ғылым, өнер саласындағы мамандарды тарту.

15. Үнемі тәрбие теориясына, тәжірибесіне, педагогика және психология мәселеріне байланысты өзінің мамандығын жетілдіру.

16. Өз іскерлігі мен жауапкершілігін дәлелдей отырып, балалармен жылы қарым-қатынас орната білу.

Сынып жетекшісінің құжаттары және есеп беруі.

1. Сынып журналы.

2. Тәрбие жұмысының жоспары.

3. Оқушылардың жеке іс-қағаздары.

4. Балалардың жеке дамуының картасы.

5. Ата-аналар жиналысының хаттамасы.

6. Оқушылардың күнделігі.

7. Тәрбиелік шаралардың талдауларына арналған папка.

Сынып жетекшісі:

1. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңын (2007ж).

2. Балалардың құқығы туралы конвенцияны (1993ж).

3. Мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларды тәрбиелеу тұжырымдамасын (1995).

4. Балалардың әлеуметтк психологиясы және балалар педагогикасын.

5. Мектеп гигиенасын.

6. Педагогикалық әдепті.

7. Тәрбие жұмысының әдістемесі мен теориясын.

8. Еңбек заңының негіздерін білуі керек.

Тәрбие жоспарының үлгісі

1. Сынып жайлы мәлімет: сынып, сынып белсенділері, балалардың тәртібі, денсаулығы, сабақ үлгерімі, қабілеттері, олардың ата-аналары, белгілі бір ұйымға қатысы, қоғамдық тапсырмасы, тұрғылықты мекен –жайы туралы қысқаша сипаттама беріледі.

2. Өткен оқу жылына белгіленген тәрбие жұмысының мақсаты мен міндеттерін анықтау.

3. Сынып жайлы мәлімет, өткен оқу жылында атқарылған тәрбие жұмыстарының нәтижесіне талдау, жаңа оқу жылына арналған сол сыныптағы тәрбие жұмыстарының міндеттері негізінде оқушылармен, ата-аналармен, қоғамдық ұйымдар және пән мұғалімдерімен бірлесе атқарылатын іс-әрекеттердің түрімен, әр тараптағы атқарылатын тәрбиелік шаралар мазмұны және формалары төмендегідей көрсетіледі.

1. Сынып ұжымын ұйымдастыру: (формасы- сынып сағаты), тақырыптық әңгімелер, саяси хабарлама, оқырмандар конференциясы, пікірталас, сұрақ-жауап кеші, олимпиада, көнілділер мен тапқырлар клубы, еңбекке қатысты істер, спорттық және мәдени шаралар, кездесулер т.б. бұқаралық шаралар жатады.

2. Бұл бағытта сыныпқа қатысты ұйымдастыру шаралары белгіленеді (Ұйымдастыру формасы – сынып жиналысы).

Онда оқушылардың оқу, тәрбие және қоғамдық пайдалы істеріне қатысты ұжымдық шараларды жоспарлау, оларды ұйымдастыру жұмыстары көрсетіледі. Оқушылардың өзін-өзі басқару ұйымдарына қатысты сынып жиналысының тақырыбын, олардың күн тәртібін белгілейді, сонымен қатар, сынып жетекшісі әртүрлі үйірмелер мен клубтар жұмыстарының тақырыбын жоспарға кіргізе отыра: көмек көрсету, ақыл-кенес беру т.с.с. оларға өзінің тікелей қатынасын көрсетеді.

3. Сол сыныпта істейтін барлық пән мұғалімдері, пәндік үйірмелерінің жетекшілерімен байланыс орнатып, олардың жоспарлауында оқу-тәрбие жұмыстарына арналған бұқаралық шаралары белгіленіп, өзара жауапкершіліктері анықталады т.с.с. өзара әрекеттері көрсетіледі. Мектеп жоспары бойынша сыныпқа қатысты шаралар енгізіледі.

4.Отбасы және жұртшылықпен жұмыс: оқушылардың ата-аналарымен байланыс орнату, ата-аналар лекториясысының тақырыптарын белгілеу.

Ата-аналар комитетінің жоспарынан: ата-аналар жиналыстарының тақырыбын, мерзімін, олардың отырыстарын т.с.с. шараларды өзінің жоспарында көрсете отырып, олардың өзара байланысын қамтамасыз ету сияқты жұмыстар белгіленеді.

5. Жеке оқушымен жұмыс:бұл бөлімде сыныптағы кейбір оқушының сабақ үлгеріміне, тәртібіне қатысты, оның қабілетін шындауға сай жұмыстардың түрлері кіреді.

Тәрбие жұмысын жоспарлауда әрбір педагог өзі жұмыс жасайтын білім мекемесінің ерекшелігін, тәрбие міндеттерін, мазмұнын, әдістерін, формаларын, оқушылар мен ұжымның тәрбиелік деңгейін ескеруі қажет.

Жақсы ойластырылған тәрбие жұмыс жоспары мұғалімге және әрбір жеке тұлғаны дамытуға үлес қосады.

Тәрбие жұмысын жоспарлау, тәрбие процесін дұрыс жүргізудің тиімді шарты. Жоспар жасай отырып, сынып жетекшісі сынып ұжымның және әрбір мектеп оқушысының дамуын жобалайды. Сыныптағы тәрбиенің мазмұны, түрлері, әдістері жоспарланбаса, бей-берекетсіз сипат алады.

Тәрбие жұмыс жоспары - міндетті педагогикалық құжат.

Жоспардың формалары.

Сынып жетекшісінің перспективалық және күнделік тәрбие жоспары болады.

Перспективалық жоспардың негізінде аптаға, тоқсанға арналған жұмыс жоспары жасалады.

Ал мұғалімнің апталық жоспары тұрақты болады.

4. Тәрбие жоспарына қойылатын талаптар.

1. Жоспар ұжымдық еңбектің белгісі. Сондықтан тәрбие жоспарын құру барысында оқушылардың белсенділігін арттыра отырып, олардың өздерін қатыстыруды қамтамасыз ету.

2. Тәрбие жоспарынның мақсаты, міндеттері айқын болсын.

3. Тәрбие жұмысы жоспарынның мазмұны оның мақсатымен бірлікте болуы қажет.

4. Оқушылардың жеке басының, жас ерекшеліктерін және мүмкіншіліктерін ескеру.

5. Тәрбие жоспары ықшамды, әрі ондағы көрсетілген шаралар орындалатын болсын.

6. Тәрбие жоспарындағы атқарылатын шаралар саны жағынан емес, сапасымен анықталатын болсын.

7. Тәрбиелік шараларды атқаруда қолданылатын әдістер бір сарынды емес, әртарапты және әржақты болуын ескеру керек.

8. Жоспар құру барысында сынып жетекшісі оқушылардың не нәрсеге қызығатының, олардың қандай істерді өткізгілері келетінін, ұсынылған шараларға қалай қарайтынын анықтауы қажет.

9. Жоспардағы тәрбиелік шаралар жүйелі, бірізділікпен құрылуы тиіс.

10. Тәрбиенің салаларына қатысты белгіленген шаралар жеке-дара емес, біртұтастық ұстанымға сай құрылуын ескеру.

Тәрбие жоспарын қалай құруға болады?

І. Мектеп өміріне қатысты және қазіргі кездегі мектеп пен тәрбие міндеттерін анықтайтын мемлекеттік құжаттармен танысу; білім және ғылым министірлігінің оқу-әдістемелік журналдарымен танысу; тәрбиенің, жоспарлаудың әдістемесі мен технологиясының өзекті мәселені қатысты психологиялық және педагогикалық, әдістемелік әдебиеттерді оқу.

ІІ. Балалардың жас ерекшелігі, сынып ұжымының даму деңгейі, мұғалімдер ұжымы, отбасы және тұрғылықты жердегі тәрбие мекемелерінің ерекшеліктерін ескере отыра мақсат пен міндеттерін анықтау.

Мақсатқа сәйкес оның стратегиялық міндеттері белгіленеді.

Осыған орай мектеп жағдайында тәрбиеленіп жатқан оқышыларда, тәрбие процесі мінез бен қарым-қатынастардың адамгершілік жағын ұғынуды қамтамасыз етуі тиіс. Осы жайтта жаңа парадигмасы бірінші орынға баланың білімін білігі мен дағдысын емес, оның тұлғасын, әлеуметтік жағдайын, білім алу мен тәрбие арқылы дамуын қойып отыр.

Тақырып 6. Қазіргі педагогикадағы тәрбие әдістері, құралдары

Тұлға мен ұжымның даму процестері бір-бірімен тығыз байланысты. Тұлғаның дамуы ұжымның дамуынан, оның даму деңгейінен, онда қалыптасқан іскерлік және тұлғааралық қатынастардың құрылымынан тәуелді болып келеді. Екінші жағынан, тәрбиеленушілердің белсенділігі, олардың дене және ақыл-ой дамуының деңгейі, мүмкіндіктері мен қабілеттері ұжымның тәрбиелік күші мен әсерін айқындайды. Соңғы нәтижесінде ұжым мүшелері белсенді болған сайын, олар өздерінің дербес мүмкіндіктерін ұжым өмірінде барынша толық пайдаланған сайын ұжымдық қатынас айқын көріне түседі.

Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық дербестігінің дамуы олардың ұжым ішіндегі өзіндік деңгейімен және шығармашылық белсенділігімен тығыз өзара байланысты. Оқушы ұжымдық қоғамға пайдалы іс-әрекетте өзін көрсеткен сайын оның ұжымдағы статусы жоғарылайды және оның ұжымға әсері де арта түседі. Керісінше, оның статусы жоғарылаған сайын ұжымның оның өзіндік дамуына әсері де жемісті бола түседі.

Тұлға мен ұжымның дамуы - өзара байланысты, бірін-бірі толықтыратын процесс. Адам табиғатпен және өзін қоршаған адамдармен қатынастар жүйесінде өмір сүреді және дамиды. Байланыстардың молдығы тұлғаның рухани байлығын анықтайды, ал байланыстар мен қатынастар молдығы адамның қоғамдық, ұжымдық күшін көрсетеді.

Ұжым және жеке адам проблемасы ең әлеуметтік проблемалардың бірі болғандықтан педагогика ғылымынының басты мәселелерінің бірі. Қәзіргі әдебиеттерде “ұжым” түсінігі 2 мағынада қолданылады:

  1. ұжым – кез келген ұйымдасқан адамдар тобы;

  2. ұжым – жоғары ұйымдасқан топ.

Ұжым тәрбиеленушілердің ұйымы ретінде бірнеше маңызды белгілермен анықталады:

  1. ұжым – басқа ұжыммен байланыста болатын қоғамның бір бөлігі;

  2. жалпы әлеуметтік маңызды мақсат болуы, ұжым мақсатының қоғамдық мақсатпен сәйкес келуі;

  3. ұжымның барлық мүшелерінің ортақ мақсатқа бағытталған іс-әрекет жасауы;

  4. ұжым мүшелерінің бірлігі және әрқайсының өзіндік пікірі болуы;

  5. ұжым мүшелерінің өз араларындағы міндеттерді белгілеуі және оларды мұқият орындауы;

  6. ұжым мүшелерінің арасында өзара жауапкершілік, көмек және жолдастық, қайырымдылық қарым-қатынас болу.

Ұжым іс-әрекетте үнемі дамып отыратын, әрі іс-әрекетті қажет ететін әлеуметтік организм.

Мақсатты бағытталған оқу-тәрбие жұмысы жағдайында балаларда ұжымдықты дамытудың қажеттілігін А.В.Луначарский, Н.К.Крупская, А.С.Макаренко, С.Т.Шацкий, т.б. көрнекті педагогтар мен қоғам қайраткерлері насихаттады.

А.С. Макаренконың идеяларын кейін В.А:Сухомлинский өз тәжірибесі мен зерттеу еңбектерінде одан әрі дамытты.

Кейінгі жылдары зерттеу жұмыстары тәрбиелік ұжымдарды тиімді ұйымдастыру, құру, ұжымдық іс-әрекетті ынталандыру принциптері мен әдістерін жасау, ұжымның тәрбиелік қызметінің дамуы, т.б. бағыттарда жүргізіліп келеді.

Тәрбиелік ұжымның қазіргі кездегі тұжырымдамасы (Т.А.Куракин, Л.И.Новикова, А.В.Мудрик) ұжымды қоғамның өзіндік моделі ретінде қарастырады. Ал балалар ұжымы қоғамның бүгінгі күнгі қатынастары мен оның болашақтағы даму тенденцияларын көрсететін қоғам моделі ретінде көрсетіледі.

Балалар ұжымы – балалардың әлеуметтік тәжірибе жинақтайтын негізгі база болып табылады. Тәрбиеленуші тәжірибені отбасында, ұйымдаспаған мектептен тыс жағдайда құрдастарынан, жолдастарынан, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, кітап оқу, т.б. ақпарат көздері арқылы жинақтайды. Тек ұжымда ғана оны меңгеру арнайы жоспарланады және бағытталады. Адамдардың еңбек іс-әрекетін ұйымдастыруда оның ролі өте жоғары. Сонымен бірге ол балаларға дене және көркемдік потенциалдарын іске асыруға мүмкіндік береді.

Бала тұлғасын дамытудағы ұжымның ролі оның өмірлік іс-әрекетті демократиялық тұрғыдан ұйымдастыруды практикалық жағынан игеруге мүмкіндік беруінде. Педагогикалық жағынан дұрыс бағытталған ұжым әлеуметтік құнды тұлғаның қалыптасуына және оның дербес ерекшеліктерін көрсетуіне жағдай жасайды.

Балалар ұжымын қалыптастыру кезеңдері, заңдары.

Ұжым дамуы және құрылуы ұзақ әрі күрделі процесс. Ұжым болып қалыптасуы үшін топ бірнеше кезеңдерден өтуі керек. Педагог ғалымдар оның бірнеше жіктеуін көрсетеді. А.С.Макаренко ұжымның құрылуы мен дамуын кезеңдеуде талапты басты көрсеткі етіп алады.

Оқушылар ұжымын қалыптастыру мен нығайтуда аса маңызды мәселелердің бірі – ұжым алдындағы мақсатты – перспективаны таңдау. Оны үшке бөліп қарастыруға болады:

1) Жақын перспектива – бұл күнделікті өмірде пайдаланылатын жеке адамды әр түрлі іс-әрекетке ынталандыру, қызықтыру. Оған жарыс, саяхат, т.б. жатады.

2) Орта перспектика – бұл перспективаға жыл сайын өткізілетін көрмелерге, сайыстарға қатысу, лагерге бару, т.б. жатады.

3) Қашық перспектива – бұл ұжымның немесе жеке адамның бір істі ұзақ мерзімде орындауға талаптану мақсаты. Оған келешекте білім алу, мамандық таңдау, т.б. жатады.

Осы перспективаларды оқу және тәрбие барысында тиімді пайдалануда әрбір мұғалім оны баланың, сыныптың, мектептің пайдасы үшін таңдап ала білуі, екіншіден, оқушылардың жас ерекшеліктерін және жалпы дайындық деңгейін есепке ала білуі керек.

Ұжымдық іс-әрекеттегі педагог пен оқушылардың өзара әрекеттері

Педагогика ғылымында оқушылар ұжымын ұйымдастыру қажеттілігін, оның тәрбиелік қызметін ашуды негіздеу ғана емес, оны жасаудың теориялық негізі де бар. Ұжым тәрбиелік ықпал жасауы үшін оның дамуы, ілгері жылжуы керек. Балалар ұжымы бір орнында тоқырап қалмайды, даму, ілгері жылжу – ұжым өмірінің заңы, бұл жерде қозғалыстың себебін, даму мүмкіндігінің сырын ашып алған дұрыс.

Мұндай психологиялық күш – болашақ үміт дүниесі. Адамның болашаққа ұмтылуы, өмірге үміт артуы адам мен ұжым дамуының маңызды сәттерінің бірі. Педагогикалық тұрғыдан болашақ үміт дүниесі деп тұтас ұжым, балалар тобы, баланың тұлғалық мәні дамуының ішкі қажеттіліктерін қанағаттандыратын, ұжым мүшелерінің даму деңгейіне, олардың жас және дербес ерекшеліктеріне, қоғам талабына сай келетін міндеттерді, мақсаттарды, істерді түсінеміз.

Болашақ үміт дүниесін ұйымдастырудағы негізгі әдістемелік тәсіл – нақты мақсатқа жету жолындағы күреске балаларды даярлау. Ол даярлыққа болашақ үміт дүниесіне жетуге көмектесетін жоспарды, жобаны, ұсыныстарды талқылау мен одан туындайтын ұйымдық және практикалық жұмыстар кіреді. Бұл жұмыс – тәрбие ұжымын біріктіру барысындағы ең маңызды кезең. Ортақ іс-әрекетке барлық оқушылардың қатысуын қамтамасыз ету керек. Ұжым мүшелеріне тапсырмаларды орынды бөлу – балаларды еліктірудің, ұжым істеріне қатынастырудың негізгі жолы. Кез келген іс баланың ақыл-ойын ғана емес, оның сезіміне әсер ететіндей болуы керек.

Белгіленген болашақ үміт дүниесі жүйелерін жүзеге асыруда әсіресе сынып жетекшісінің үлкен ұйымдастырушылық жұмысы қажет.

Балалар ұжымын педагогикалық басқарудың практикасында келесі маңызды ережелері қалыптасқан:

  1. педагогикалық басқаруды балалардың өзіндікке, тәуелсіздікке табиғи ұмтылысымен, өзінің инициативасы мен өзіндік іс-әрекеттерін көрсетуге тырысуымен үйлестіру;

  2. ұжым – ылғи даму үстінде болатын дамымалы жүйе болғандықтан, оны педагогикалық басқару да үнемі өзгерсіке түсіп отыруы керек. Яғни ұжымның даму сатысына қарай педагог та өз тактикасын өзгертіп отыруы керек;

  3. ұжымдық тәрбиеде жоғары жетістікке жету үшін жетекші сол ұжымда жұмыс жасайтын басқа педагогтарға сүйенуі, ұжымды жалпы мектептік әрекетке, басқа ұжымдармен қатынасқа итермелеуі қажет;

  4. формализмнен аулақ болу, уақыт өткен сайын ұжымдық тәрбиенің мақсаты мен міндеттерін қайта құру;

  5. ұжымда ортақ пікір қалыптастыру, өзара көмек, бір-бірінің пікірін сыйлауға үйрету;

  6. ұжымдық тәрбиені демократияландыру, бақылау жүйесін жетілдіру;

  7. ұжымда тұлғарарлық қатынастардың дұрыс дамуына ықпал жасау;

  8. оқушыларға жүктелетін міндеттерді олардың қызығушылықтарына, қабілеттеріне сәйкестендіру;

  9. ұжым ішінде стихиялы қалыптасатын қатынастарды тудыратын факторларды бақылау;

  10. оқушылар арасындағы қатынастарды жақсарту мақсатында уақытша ұжымдар қалыптастыру;

  11. балаларды жаңа қарым-қатынасқа тартатын ұжымдық іс-әрекеттің сипаты мен түрлерін өзгерту.

Сонымен бірге ұжымды басқаруда мына жайларды еске алған жөн

- ұжым мүшелері тең құқықты болады;

- басқарушы міндетін орындаушы ұжым мүшесі тарапынан балаларға қысым жасалмайды;

- жауапкершілік пен өзара тәуелділік жүйесінде жалпы істі орындаудың барысында әр түрлі бейімделушілікке жол берілмейді.

Ұжым өмірінде гуманистік қатынастар ерекше орын алады, оның негізгі белгілері мынадай:

- сергектік стилі – ширақтық, белсенділік, қайырымдылық, ұжым мүшелернің достық бірлігі, бір-біріне ілтипатты болу, өзара жәрдем беру;

- балалар арасында бақталастық, өз қамын көздеушілік, тұйықтық, бөлектенушілік, лидерлік болмауы керек;

- басқа ұжымдарға жолдастық көмек беру, үн қосуға дайын тұру;

Мұндай гуманистік қатынас тек қана іс қатынасының көзі емес, ол ұжымда балалардың жеке байланыстарының дамуының құралы болады.

Ұжымда балалардың іс-әрекеті және қарым-қатынасы процесінде жеке адам аралық қатынастар жүйесін, өзара жауапкершілік пен тәуелділік қатынасын, сондай-ақ гуманистік қатынасты есепке алу балалар ұжымын басқарудың жемісті болуына әсер етеді.

Ұжым-қоғамдық мәні бар мақсат, мүдде, бірлескен іс - әрекеттін қарым- қатынас негізінде біріккен адамның қоғамдық тобы. Тәрбие ұжымы күшті тәрбиелік ықпал нәтижесінде пайда болған дамудың жоғарғы деңгейіндегі топ. Онда адамдар арасындағы қарым – қатынас қоғамдық тұрғыдан құнды боп табылатын және жеке тұлға үшін ерекше мәні бар бірлескен іс- әрекет мазмұнынан құрылады.

Тәрбие ұжымына тән белгілері:

1.Тәрбие ұжымы балалар өмірінің мазмұнын құрайтын, бірлескен іс - әрекетті, оқуды, еңбекті, қоғамдық саяси іс - әрекетті және қызығушылықтарына байланысты әртүрлі жұмыс түрлерін біріктіреді

2.Тәрбие ұжымының нақты құрылымы болады. Мектеп ұжымы педагогикалық ұжым және балалар ұжымынынан тұрады. Балалар ұжымының ресми және ресми емес құрылымы болады.

3.Тәрбие ұжымының басқару органы жалпы жиын, оқушылардың әртүрлі ұйымдарының кеңесі болады.

4.Тәрбие ұжымдарының бар өмірі мен іс - әрекеті саналы тәрбиеге, режимді орындауға негізделеді.

5.Тәрбие ұжымдарына балалардың көңіл–күйін көтеретін жақсы қарым – қатынас стилі үстемдік етеді.

6.Еңбек ұжымдарын тығыз ынтымастық байланыс жасау,тәрбие үжымын жалпы халықтық іске араласу тәжірибелерін, еңбек дәстүрлерін байытады.

7.Тәрбие ұжымы үнемі дамуда болады. Оның өмірлері мен іс - әрекетінің мазмұны күрделеніп құрылымы басқару органдарына жетілдіріліп отырады. Мүшелердің қоғамдық белсенділігі тәртіп деңгейі артып пайдалынатын дәстүрлер көбейеді және еңбек ұжымынын байланысы нығаяды.

Оқушылар ұжымын қалай ұйымдастыруға болады?

Оқушылар ұжымының күнделікті ісі белгілі бір сыныптағы балалардың басым көпшілігінің мінез-құлқына, аңсары ауып тұратын ісіне жауап беретіндей ұйымдастырылуы қажет. Тәрбие жұмысын осылай құру оқушының дүниетанымын, рухани байлығын, моральдық тазалығын, дене тәрбиесінің жетілуін, бір сөзбен айтқанда жас ұрпақтың жан-жақты үйлесімді қалыптасуын қамтамасыз ететін тәрбиелік шаралардың белді саласы болып табылады.

Сынып жетекшісінің оқушылар ұжымын құруда, олардың сапалы білім алуы мен саналы тәртібін қамтамасыз етудегі маңызы ерекше. Саналы тәртіп болмаған жерде сапалы біліп алу да болмайды. Бұлар бір-бірімен өзара тығыз байланысты болып келеді.

Саналы тәртіп-мақсатты тәртіп. Ол қоғамның мақсатымен ұштасады. Саналы тәртіпке тән сипат - өз мақсатын қоғам мақсатына, жеке бастың мүддесін, оқушылар ұжымының мүддесіне бағындыра білу.

Оқушыларды саналы тәртіпке тәрбиелеудегі негізгі міндет-білім алу мен оқу әрекетінің сапасын үнемі арттырып отыру.

Оқушылардың оқу-тәрбие процесіндегі әрекеттерін жандандыруда сынып жетекшісі белсенділер тобына арқа сүйейді. Бұл сынып жетекшісінің ұжымды топтастырудағы атқаратын жұмысының маңызды екінші кезеңі.

Сынып белсенділері бір жағдайда үлгілі оқушылар болса, екніші жағдайда қоғамдық тапсырмаларды атқара алатын қабілетті балалар тобы. Олар –ұжымның ұйытқысы.

Сынып жетекшісінің шеберлігі дегеніміз –оқушылар ұжымының алдына қызықты мақсат қойып, ұжымдық іске ұйытқы бола білуінде, әрі оны ұйымдастырудағы білімі мен қабілеті.

Сондай-ақ, сыныпта қоғамдық пікірді орнықтырудың маңызы ерекше. Оқушылар арасындағы қоғамдық пікір өздеріне деген шынайы ортақ көзқараста, оқу әрекеттері мен қоғамдық жұмыстарының сапасын бағалауда, әділ сын мен өзара сын орын алғанда, жекелеген оқушының жағымсыз қылықтарын сынып талқысына салып отырған жағдайда ғана қалыптасады.

Ұжым өмірін қызықты етіп ұйымдастыруда жақсы дәстүрлердің тәрбиелік мәні ерекше. Дәстүр оқушылыр ұжымының өмірін, белсенділігін нығайтады және дамытады.

Дәстүр-бұл жақсы әдет-ғұрып, ұжым өмірінде орныққан істің жағымды тәжірибесі.

Мектеп жағдайына келетін болсақ: бірінші қоңырау, сонғы қонырау, алтын күз, жаңа жыл шыршасы; көркемөнерпаздар байқауы; спорттық жарыстар; мейрам күндерін тойлау; наурыз мерекесі; көрмелер ұйымдастыру т.б.

Сынып жағдайына келсек: туған күндерін атап өту; достарымен хат алысу; қарттарды қамқорлыққа алу; қысқы және жазғы демалыста туристік саяхат жасау т.б.

Оқушылардың санасы мен белсенділіктерін арттыруда, оларды қоғамдық пайдалы жұмыстарға қатыстыру, тапсырмалар берудің сапалы және тәрбиелік мәні зор. Бұндай жұмыстарды орындау барысында оқушыларда жауапкершілік пен іскерлік қасиеттері қалыптасады.

Оқу-тәрбие жұмысының барысында оқушылардың сана-сезімін ояту, өз бетінше жұмыс істей білуге үйрету-сынып жетекшісінің негізгі міндеттерінің бірі. Оқушылардың мәдени ой-өрісін кеңейтуде, құштарлығын және ілім сапасын арттыруда олардың бос уақыттарында әдеби көркем шығармаларын оқуының пайдасы көп.

Өзін-өзі тәрбиелеу жұмыстары барысында оқушылардың театрға, киноға, мұражай және көрмелерге барып тұрулары мен оның нәтижесін ұжым болып талқыға салуды дәстүрге айналдырудың да маңызы ерекше.

Мектептегі сынып жетекшісінің тәрбие жұмысындағы негізгі міндеті – оқушылардың жеке басын қоғамның талабына сай тәрбиелеу.

Бұл міндетті орындау, әдетте оқушылар ұжымын қалыптастырудаң басталады.

Оқушылар ұжымы – оқушылардың жалпы мақсатпен және қоғамдық пайдалы бірлескен еңбекпен топтасқан тұрақты бірлестігі.

Аристотельдің айтуынша, адам баласы қоғамның тірі организмі болғандықтан, тек қоғамда ғана ол өзінің табиғатын дамыта алады.

Олай болса, ол қарым-қатынас жасау барысында өмір суруге және ғылымға қатысты білімдерді алады, әртүрлі әрекетке қатысты білік пен дағды қасиеттерін меңгереді, қоршаған ортаның тылсым құбылыстарын түсіне бастайды және соған өзі де бейімделеді.

Сыныптағы оқушылардың өзара дұрыс қарым-қатынасы – тұрақты көніл-күйді, бір-біріне сенім мен сыйласымдылықты қалыптастырады.

Дұрыс қарым-қатынас - өмір құбылыстарын бағалау өлшемін және ақиқат, жақсылық, әсемдік туралы көзқарасты тәрбиелейді.

Сондықтан, тек адамдармен шынайы іскерлік, достық қарым-қатынаста ғана адамның өзін-өзі дамуына мүмкін туады.

Ол үшін, адамға қолайлы жағдай жасау қажет.

Оқу- тәрбие процесінде мұндай жағдай негізінен оқушының жолдастары арасында өзара достық қарым-қатынаста мүмкін болады.

Осындай қарым-қатынастағы балалар тобын – оқушылар ұжымы деп атауға болады.

Сынып сағатын ұйымдастыру жолдарын және оған қойлатын талаптарды қарастырайық.

Сынып сағаты – бұл барлық сыныптарда міндетті түрде ұйымдастырылатын тәрбиелік шара.

Кейде оны тәрбие сағаты деп атайды. Сынып сағатын өткізу күні бұрын мектеп кестесіне еңгізіліп, аптасына 1 рет белгілі күнде өткізіледі.

Сынып сағатының өзіндік ерекшелігі бар, себебі ол тәрбиеленуші мен тәрбиеленушінің тікелей қарым-қатынасының негізгі түрі, алайда оны сабаққа айналдыруға немесе уағыз, сөгіс айту үшін де пайдалануға болмайды.

Сынып сағатының тақырыбы сан алуан, тәрбие салаларына, мінез-құлық мәдениетіне, өзекті мақалаларды талқылауға, өмірі қызық адамдермен кездесу өткізуге, мектепшілік шараларға қатысуға, психологиялық тренингтер өткізуге, т.б. тақырыптарға арналады.

Сынып сағатын жақсы өткізу әрине жетекшінің шеберлігіне байланысты.

Сынып сағатына дайындалу үстінде, оның қалай, қай формада өткізілетіндігін күні бұрын ойластырудың маңызы зор.

Себебі сынып сағатына мұғалім өзі ғана дайындалып қоймайды, оқушыларға тапсырма береді, материалдарды іріктейді, көрнекілік құралдар дайындайды.

Сынып сағатында еш уақытта оқушыларды тек самарқау тыңдаушыға айналдыруға болмайды, себебі сынып сағатының өзі ғана емес, дайындық та балаларды тәрбиелейді.

Оқушылардың өзін-өзі басқаруын дамыту сынып ұжымын басқару жүйесінен өзін-өзі дербес басқару жүйесіне көшуді қамтамасыз ететін біртіндеп өзгермелі үздіксіз сапалы процесс. Сондықтан да оның қозғалмалы күші ең алдымен оқушыларға бағытталған. Себебі, ол өзінің болашақ қоғамдық маңыздылығымен ерекше.

Олай болса, оқушылардың өзін-өзі басқаруы - қоғамдық маңызы бар мәселелерді шешуде оқушылар ұжымының өмірін ұйымдастырудың демократиялық бағыттағы формасы. Соған сәйкес оның өзіндік белгілері бар:

-оқушылар ұжымының белгілі бір мәселеге қатысты өз алдына дербес шешім қабылдауы және оны жүзеге асыру мүмкіндігінің болуы;

-дербестігін дамыту мүмкіндігінің болуы;

-сынып ұжымының өмірін педагогикалық тұрғыдан демократиялық жолмен ұйымдастыру мүмкіндігінің болуы;

-ұжымның әрбір мүшесінің оқушылардың сынып, мектеп және қоғамдық өмірлерін басқаруға дайын бола білуі т.с.с.

Бұдан шығатын қорытынды ретінде, өзін-өзі басқарудың шартты түрде алынатын негізгі ұстанымына:

-«өзіміз шараны ойластырамыз»;

-«өзіміз жоспарлап, өзіміз оны атқарамыз»;

-«өзіміз қорытынды жасаймыз» қағидаларын жатқызуға болады.

Өзін-өзі басқарудағы ерекшелік оның кейбір мүшелерінің белсенділік әрекетінің болуымен сипатталады. Ол тек ерікті жағдайда пайда болады. Сондықтан да оның жоғары ұйымы ретінде оқушылардың жалпы жиналысы болып табылаы.

Өзін-өзі басқару ұйымның құрылымы негізінен 3 кезеңнен тұрады:

  • Сынып жағдайында өзін-өзі басқару: оқу, еңбек көпшілік-мәдени, спорт секторларының жұмысы. Олардың жұмысына сынып кеңесінің төрағасы басшылық жасайды.

  • Мектеп оқушыларының өзін-өзі басқаруы. Бүгінде мұндай дәстүрлі тәжірибе кейбір алдыңғы қатарлы мектеп практикасында « Парламент» түрінде өзінің жұмысын жалғастыруда.

  • Мектеп жағдайында тең төрағалық (соуправление) басқару жүйесі арқылы атқарылады. Оның құрамына оқушылардың өзін-өзі басқару ұйымының атқарушы кеңесі мүшелері (тұрақты комиссиялардың бағытына байланысты шамамен –7 оқушы), кеңесші мұғалімдер-5. ата-аналар-2 адам кіреді. Мұның қызметі негізінен мектептің даму болашағы мен оның өмірін жақсарту және шешім қабылдау мәселелерін стратегиялық жоспарлауды көздейді.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]