Қола дәуіріндегі қазақстан
Қола дәуірінің негізгі сипаты
Қазақстан тарихы
Қола дәуірі б.з.б. 2800 жыл – б.з.б. 900 жыл аралығын қамтиды. Қола дәуірінде адамзат металл өңдеуді игерді. Өндіріске металл құралдардың енуі еңбек өнімділігін арттырды, шаруашылықтың жаңа түрлерінің пайда болуына себеп болды. Қола мыс пен қалайының қосындысынан алынған. Қоладан жасалған бұйымдар тас және мыс еңбек құралдарын біртіндеп ығыстырды.
Қазақстан жерінде қола дәуірі осыдан 4 мың жыл бұрын, яғни б.з.б. 2 мыңжылдықта басталған.
Еуразия даласындағы қола дәуірінің жетістіктері андрон мәдениеті деп аталады. Себебі қола дәуірінің алғашқы ескерткіштері Адроново селосы (Сібір, Ачинск қаласы) маңынан табылған. Андрон тектес қола мәдениеті таралған аумақ: Орал (Жайық) өзені, Енисей өзені, Батыс Сібір, Памир таулары.
Қола дәуіріндегі үйлер екі түрлі болды: жартылай жертөле және жер бетіне салынған үй. Жертөленің ішінде тас ошақ орнатылып, жер еденде сүт өнімдері мен ет сақтайтын шұңқыр қазылған. Үйдің жанына мал қамайтын қора салынған. Андрондықтар төрт түлік малдың барлық түрін өсірген.
Ғалымдар Cолтүстік және Батыс Қазақстан аймағынан 80-нен астам қоныстарды тапқан. Олардың кейбірін ертедегі алғашқы қалалар деуге болады. Қостанай облысы мен Челябі облысының шекарасынан ескі қала – Арқайым табылды.
Мал өсіру отырықшылық, бақташылық түрінде болған. Мал жаюға ыңғайлы болу үшін шөбі шүйгін және желден ықтасын болатын жерлерді таңдап алған. Андрондықтар Есіл, Тобыл, Ертіс, Бұқтырма өзендерін бойлай қоныстанған. Өзен аңғарларындағы тайпалар жерді тесемен өңдеген, жылқы, сиыр, қой, ешкі өсірген. Андрондықтардың қоныстарынан егіншілік құралдары – дән тартатын диірмен, жер өңдеуге арналған тесе, мыс пен қола орақтар табылды.
Металл кеніштері Зыряновск, Жезқазған, Қарқаралы, Ақшатаудан табылды. Қаныш Сәтбаевтың мәліметі бойынша, Жезқазғаннан 1 млн тонна кен өндіріліп, одан 100 мың тонна мыс қорытылған. Нарым мен Қалба (Шығыс Қазақстан) кен орнында 1100 тонна қалайы шығарылған.
Кенді қорыту үшін құрылысы өте күрделі қазандықтар салынды. Қазандыққа ауа үрлейтін көрік жасалды. Қорытып жасалған еңбек құралдары тастай қатты, әдемі сары түсті болды. Кен өндірушілердің қонысы кенішке жақын жерлерде орналасқан.
Мысты өндіру үшін кен орнының алдына от жағып, қызғаннан кейін су құйған. Шытынап, уатылған кенді тас және қола қайланың, ағаш сынаның көмегімен опырады. Кейін тас балғамен ұсақтаған. Еңбек құралдары тас немесе саз балшық қалыптарға құйылып, өңделген.
Андрон мәдениетінің ең негізгі сипаты – саз балшықты ыдыс жасауға пайдалану. Қыш ыдыстар арнаулы пештерде күйдіріліп, тарақ тәрізді немесе тегіс қалыппен өрнектелді. Көзе құмыралар түрінің әсемдігімен, өрнекті әшекейлерімен тамаша өнер туындысы болып саналады.
Академик В.П.Алексеевтің берген сипаттамасы: "Андрондықтар мұрынды келген, бет сүйегі шығыңқы емес, көздері үлкен. Кескін-кейпі ірі, дене құрылысы мығым, жігерлі, келбетті адамдар болған".
Андрондықтардың бойы онша биік емес, беті жалпақ, маңдайлары тайқылау болып келген. Дене құрылысы жағынан еуропеоидтерге ұқсайды.
Орталық Қазақстан аумағынан қола дәуіріне жататын 30 қоныс, 150 оба зерттелді.
Петровка мен Боголюбов қоныстары (Солтүстік Қазақстан) орлармен, дуалдармен қоршалған.
Адамдарды жерлегенде басын батысқа немесе оңтүстік-батысқа қаратқан. Андрондықтар табиғат күштеріне табынған.
Қола дәуіріндегі тасқа салынған суреттер Таңбалы, Жасыбай, Хантау жерлерінен табылған. Бұл суреттерде жабайы бұқа, қос өркешті түйелер, билеген адамдар салынған.
Чаглинка, Петровка (Солтүстік Қазақстан) қоныстарында үйлердің қабырғалары тік бағандардан тұрғызылып, киіз үйдің торкөз керегелері тәрізді етіп жасалған. Ғалымдар андрондықтардың дөңгелек, жеңіл баспаналары қазақтың киіз үйіне ұқсайды деп есептейді.
сұрақтар
1. Қола дәуірінің хронологиялық шеңбері:
2. Кенді қорыту үшін салынды:
3. Қола дәуіріне жататын металл кеніштері табылған аймақ:
4. Андрондықтардың басты кәсібі:
5. Қола дәуірінің ең алғашқы қалаларының бірі:
6. Андрондықтардың баспаналары:
7. Қола дәуірінің мәдениеті:
8. Еліміздің аумағында қола дәуірі басталды:
9. Қола дәуіріне жататын, Орталық Қазақстаннан табылған қоныстар саны:
10. Андрондықтардың бет-бейнесін сипаттаған антрополог-ғалым:
11. Қола дәуіріндегі ыдыс жасаудың ең бір өрістеген түрі:
12. Кенді опыруға арналған құралдар:
13. Андрондықтардың жерлеу ғұрпы:
14. Андрондықтардың тасқа салынған суреттері табылған жер:
15. Петровка қонысы орналасқан аймақ:
Қола дәуіріндегі шаруашылық пен қоғамдық өмірдегі өзгерістер
Қазақстан тарихы
Қазақстан жерін мекендеген қола дәуірінің тайпалары рулық-тайпалық құрылымда өмір сүрген. Кейінгі қола дәуірінде басталған алғашқы қауымдық құрылыстың ыдырауы уақыт өткен сайын күшейе түскен. Жекелеген отбасылардың байлығы өскен сайын, олардың қоғамдағы билігі арта түсті. Қауым ішінде мал-мүлік теңсіздігінің шығуы орныға келе, әлеуметтік теңсіздік туды.
1946 жылы Әлкей Марғұлан бастаған археологиялық экспедиция қола дәуірін жоспарлы зерттеуді бастады. Орталық Қазақстандағы Беғазы және Дәндібай мекендерінен көптеген қола ескерткіштері табылды. Кейінгі қола дәуіріне жататын бұл кезең Беғазы-Дәндібай мәдениеті деп аталды.
Бұл мәдениетте үлкен патриархалды отбасыларға арналған, көп адам жерленетін зираттардың орнына бір адам ғана жерленген құрылыстар пайда болған.
Қауым мүшелерінің арасынан малы көп байлар, басқыншылық соғыспен байыған қолбасылар шыға бастады. Малды туысқандар арасында бөлісу жеке меншіктің тууына әкелді. Жеке меншік – малға, ал жерге – қауымдық, рулық меншік болды.
Алтыннан жасалған бұйымдардан бір жарым орамды алтын сырғалар кездеседі. Оны әйелдер самай шашына қыстыратындықтан, самай сырға деп аталады.
Сонымен бірге, андрондықтар әр түрлі жыртқыш аңдардың тісінен мойындарына тұмарша таққан.
Беғазы-Дәндібай мәдениетіне жататын қыш құмыралардың ернеуі тік, бүйірі шығыңқы, түбі тегіс болып келген. Құмыраларда тарақ жүзді және үзік сызықты үшбұрышты өрнектер көп кездеседі.
Мал басының артуына байланысты жайылым жиі ауыстырылды. Жайылым қажеттілігі малшыларды бір жерден екінші жерге көшіп отыруға мәжбүр етті. Осыдан жартылай көшпелі мал шаруашылығы шықты. Қоныстар малшылардың қыстауына, егіншілік шаруашылықтың көмекші түріне айналды.
Тебіндеп жайылуға байланысты қой мен жылқы саны артып, ірі қара азайды. Қой, жылқы түліктерінің көбеюі үй маңындағы бақташылықтан алысқа көшіп бағу әдісіне әкелді. Мал шаруашылығының дамуында жылқыны мініске үйретудің, күш-көлік ретінде пайдаланудың орны ерекше болды.
Қола дәуірінің қоныстары өзен-көлдердің жағасында орналасты. Қоныстар 5-10, кейде 20 шақты үйден тұрған. Үйлердің аумағы 100 шаршы метрден 300-400 шаршы метрге дейін жетті.
Қола дәуірінің соңына қарай қола мен мыс орақтар кеңінен пайдаланылды. Мало-Красноярка (Шығыс Қазақстан), Алексеев (Батыс Қазақстан), Степняк (Солтүстік Қазақстан) қоныстарынан және Жетісудан қола, мыс орақтар табылды.
Қола дәуірінде діни наным-сенім қалыптасып, жоғары дінбасылары – абыздар пайда болды. Абыздар рудың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының бұлжымай орындалуын қадағалады. Андрондықтар қайтыс болған адам келесі бір дүниеге ауысады деп ойлаған. Сондықтан жерлегенде қару-жарақ, еңбек құралдарын қоса көмген.
Көкшетау жеріндегі Шағалалы қонысынан қола шалғы табылды. Қоныстың тұрғындары үй маңындағы бақташылықпен, кетпенді-теселі егіншілікпен айналысқан.
сұрақтар
1. Қола шалғы табылған жер:
2. Қола дәуіріндегі жоғары дінбасылары:
3. Жетісу жерінен табылған қола дәуірінің егіншілік құралы:
4. Андрондықтардың қоныстары орналасты:
5. Тебіндеп жайылуға байланысты көбейген мал түрі:
6. Жайылымды жиі ауыстыруға байланысты шыққан шаруашылық:
7. Ернеуі тік, бүйірі шығыңқы қыш құмыралар кездесетін мәдениет:
8. Бір жарым орамды алтын бұйым атауы:
9. Жеке меншік пайда болған дәуір:
10. Беғазы-Дәндібай мәдениетін зерттеген энциклопедист-ғалым:
11. Андрондықтардың қоғамдық құрылымы:
12. 1100 тонна қалайы шығарған Нарым, Қалба кен өндіру аймақтары қай кезеңге жатады:
