1.3 Судьялардың конституциялық-құқықтық мәртебесі және құқықтық жағдайы
Қазақстан Республикасының барлық соттары судьяларының мәртебесi бiрдей болады және бiр-бiрiнен тек өкiлеттiктерiмен ерекшеленедi. Судья Қазақстан Республикасының Конституциясында және осы Конституциялық заңда белгiленген тәртiппен сот төрелiгiн іске асыру жөнiндегi өкiлеттiктер берiлген, өз мiндеттерiн тұрақты негiзде орындайтын және сот билiгiн жүргiзушi болатын мемлекеттің лауазымды адамы болып табылады. Судьялардың құқықтық жағдайы Қазақстан Республикасының Конституциясымен, осы Конституциялық заңмен және өзге де заңдармен белгiленедi. Судьяға заңда көзделмеген соттан тыс функциялар мен мiндеттердi жүктеуге болмайды. Судьяны қылмысқа қарсы күрес, заңдылық пен құқық тәртiбiн сақтау мәселелерi жөнiндегi мемлекеттiк және қоғамдық құрылымдардың құрамына енгiзуге болмайды. Халықаралық соттардың Қазақстан Республикасынан жіберілген судьяларының мәртебесі: Халықаралық соттардың Қазақстан Республикасынан жіберілген судьяларына соңғы лауазымына орналасу құқығы беріледі, ал, халықаралық соттың судьясы болып жұмыс істеген уақыты судьялық жұмыс өтіліне қосылады және орнынан түскен кезде ескеріледі. Халықаралық соттардың Қазақстан Республикасынан жіберілген судьяларына Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда реттелмеген бөлігінде осы Конституциялық заңда көзделген барлық материалдық және әлеуметтік кепілдіктер қолданылады. Судьялар лауазымға Қазақстан Республикасының Конституциясына, осы Конституциялық заңға, "Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес сайланады немесе тағайындалады және оларға тұрақты негiзде өкiлеттiктер беріледі.
Судьялардың өкiлеттіктері тек қана осы Конституциялық заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген негіздер бойынша және тәртіппен тоқтатылуы немесе тоқтатыла тұруы мүмкін. Судьяның тәуелсiздiгi Конституциямен және заңмен қорғалады. Судьялар сот төрелiгiн жүзеге асыруы кезiнде тәуелсiз және Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңға ғана бағынады. Ешкiмнiң сот төрелiгiн жүзеге асыру iсiне араласуға және судья мен алқа заседателiне қандай да болмасын ықпал етуге құқығы жоқ. Мұндай әрекеттер заңмен қудаланады.Судья қаралған немесе қаралып жатқан сот iстерiнiң мәнi жөнiнде қандай да бiр түсiнiк беруге мiндеттi емес. Кеңесу бөлмесiнiң құпиясы барлық жағдайларда қамтамасыз етiлуге тиiс. Соттарды қаржыландыру, судьяларды материалдық және әлеуметтiк қамтамасыз ету, сондай-ақ оларға тұрғын үй беру сот төрелiгiн толық әрi тәуелсiз жүзеге асыру үшiн жеткiлiктi мөлшерде республикалық бюджет қаражатының есебiнен жүргiзiледi.Тәуелсіздік алғаннан бастап мемлекетімізде тиімді сот жүйесін қалыптастыруға бағытталған көптеген іс шаралар жүзеге асуда. Олардың ішінде соттарды материалды-техникалық, қаржылық және ұйымдастырушылық қамтамасыз ету мен судьялар жалақысын көтеру, оларды лауазымына тағайындау рәсімін жетілдіру сияқты маңызды мәселелер өз шешімін табуда. Алайда, академик С.Зимановтың: «қазіргі уақытта бүкіл әлем кезеңмен даму арқылы, құқықтық мемлекет және азаматтық қоғам құру процесінде, ол қандай темппен, қандай нысанмен дамыса да жан-жақты және жалпылама болып табылады. Бұл процесте судья фигурасы айтарлықтай және негізгі болса да, қанша биіктен көрінсе де, әлі де болса осалдау» деген пікірі осы саладағы жағдайды айқындай түседі, өз кезегінде бұл сот жүйесінің алдында тұрған өзекті мәселелердің бірі болып табылады.
Судьялар корпусын қалыптастыру мәселелерін қарастыру барысында әрбір судья тек сот қана емес, ол мемлекет билігінің үш тармаққа бөлінісіндегі ір тармақтың өкілі болып табылатын, сот билігін іске асырушы тұлға екені назардан тыс қалмауы тиіс. Судья – сот төрелігіндегі басты және негізгі тұлға. Судьялар корпусын қалыптастыру барысында билікті әрі кәсіби мамандар іріктеліп алынса ғана сот төрелігі әділ атқарылатыны анық. Аталған қағида «күн тәртібіндегі» басты мәселе болмайынша, әділ сот төрелігі жүзеге аспайды.
«Судья» түсінігі М.Абилкаиров өз еңбегінде «лауазымды тұлға» мен «мемлекеттік қызметші» түсініктерімен жақын екенін көрсетіп және оның бұлардан өзіндік ерекшелігін де атап көрсеткен. Автордың ойынша, «судья» түсінігі «лауазымды тұлға» мен «мемлекеттік қызметші» түсініктерімен тығыз байланыста. Жалпы алғанда, судья мемлекеттік лауазым иесі болып табылады, өйткені ол мемлекеттік бюджеттен қаижыландырылып, ол мемлекет жүктеген міндеттерді атқарады және өзіне берілген билік өкілеттілігіне ие болып келеді. Бұл белгілер оны мемлекеттік қызметші қатарына қосқанымен, оны саяси немесе әкімшілік мемлекеттік қызметші деп санауға болмайды, өйткені оның Конституция мен арнайы заңмен белгіленген ерекше құқықтық мәртебесі бар. Судьяларды тағайындау мен оларды қызметінен босату және олардың қызметі саяси сипатқа ие емес. Судьялардың құқықтық дәрежесінің басты қағидалары – бұл судья қызметін қалыптастыру барысында басшылыққа алынатын негізгі қағидалар.
Судьяларға қойылатын шектеулер – судьяларға қатысты заңнамаларда бекітілген тыйымдар болып табылады. Зерттеу шеңберінде судьяға қойылатын шектеулер қарастырылмайды, себебі осы мәселелерді М.Абилкаиров өз еңбегінде толық қамтыған. Ал судьялар мәртебесінің сипаттамасы мынадай:
-Судьялардың Конституция мен заңға ғана бағынатындығы;
-Нақты істер бойынша судьялардың есеп бермейтіндігі;
-Барлық судьялардың мәртебесі бірдей;
-Судьяға заңда көзделмеген соттан тыс функциялар мен қызметтерді жүктеуге болмайтындығы;
-Судья лауазымының өзге лауазыммен немесе қызметпен сыйыспайтындығы;
-Судьяның бейтараптығы;
-Судьяға қол сұғылмаушылық;
-Судьяның жауапкершілігі;
-Судьялардың әлеуметтік және заңды қорғауда болуы.
Заңды қолданған кезде судья төмендегі принциптерді басшылыққа алуға тиіс:
— адамның кінәлі екендігі заңды күшіне енген сот үкімімен танылғанша ол жасалған қылмысқа кінәлі емес деп есептеледі;
— бір құқық бұзушылық үшін ешкімді де қайтадан қылмыстық немесе әкімшілік жауапқа тартуға болмайды;
— сотта әркім өз сөзін тыңдатуға құқылы;
— жауапкершілікті белгілейтін немесе күшейтетін, азаматтарға жаңа міндеттемелер жүктейтін немесе олардың жағдайын нашарлататын заңдардың кері күші болмайды. Егер құқық бұзушылық жасалғаннан кейін ол үшін жауапкершілік заңмен алынып тасталса немесе жеңілдетілсе, жаңа заң қолданылады;
— айыпталушы өзінің кінәсіздігін дәлелдеуге міндетті емес;
— ешкім өзіне-өзі, жұбайына (зайыбына) және заңмен белгіленген шектегі жақын туыстарына қарсы айғақ беруге міндетті емес. Діни қызметшілер өздеріне сеніп сырын ашқандарға қарсы куәгер болуға міндетті емес;
— заңсыз тәсілмен алынған айғақтардың заңды күші болмайды. Ешкім өзінің жеке мойындауы негізінде ғана сотталуға тиіс емес;
— адамның кінәлі екендігі жөніндегі кез келген күдік айыпталушының пайдасына қарастырылады; қылмыстық заңды ұқсастығына қарай қолдануға жол берілмейді.
Еліміздің сот жүйесін дамыту әрдайым ілгері қозғалуда. Атап айтқанда, соттардың тәуелсіздігін әрі нығайту жолында сот шешімдерінің ашықтығы мен жариялылығы қамтамасыз етілді. Азаматтардың құқықтарын қорғау кепілдігі және адвокаттардың сот процесіндегі ролін күшейту әрі судьялардың жауапкершілігін арттыру жоғарғы деңгейге жетті. Судьялар қызметінен қызметтен босату және өкілеттігін тоқтату түрінде босатылады. Судья қызметтен мынадай негіздерде: орнынан түскенде немесе өз тілегі бойынша, медициналық қорытындыға сәйкес кәсіптік міндеттерін одан әрі атқаруға кедергі болатын денсаулық жағдайы бойынша, соттың таратылуына немесе өкілеттік мерзімінің өтуіне байланысты, егер басқа соттағы бос қызмет орнына орналасуға келісімін бермесе, босатылады. Судья сот төрелігін жүзеге асыру жөніндегі билік өкілеттіктерін өзіне қабылдай отырып, тәртіптік әдеп қағидаларын сақтауға байланысты шектеулерді ерікті түрде өзіне жүктейді.
