Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
+Барлық билеттің жауабы.doc
Скачиваний:
1
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
5.54 Mб
Скачать

1.Түркеш қағанатының саяси жағдайы

(саяси жағдайы,шаруашылығы,мәдениеті)

Саяси билік қаған қолында болды. Қағанат жиырма әкімшілік аймаққа бөлінді. Аймақтар 7 мыңнан әскер жинады. Үшлік өзін қаған етіп жариялаған күннен бастап елдің саяси - әкімшілік басқару ісіне ерекше назар аударған. Қаған 706 жылы қаза болды. Билік үшін сары және қара түргеш тайпаларының арасында талас – тартыс басталды. Оны Шығыс Түрік қағанатының қағаны Қапаған пайдалануға тырысты. Сұлу қаған (715 – 738 ж.) билікке келгеннен кейін түргештер қайта күшейеді. Екі тайпаның арасындағы тартыста қара түргештер жеңіске жетіп, Сұлу қаған орданы Талас қаласына көшіреді.Сұлу қаған шығыстағы жағдайын әскери келісімшарт жасаумен қатар, құдандалық арқылы да дұрыс жолға қоюға тырысқан. Осы жолда қағанның 717 жылы Тан империясына барып қайтуы сәтті сапар болды. Ол шығыстағы өзіне қауіп төндіріп отырған Шығыс Түрік қағаны Білгенің қызына үйленеді. Сөйтіп қаған шығыстағысаяси жағдайын күшейтеді.Ендігі мәселе, батыстағы басты жау арабтар еді. Қаған арабтарға қарсы Орта Азиядағы халықтардың күресін пайдаланып, оларды қолдап, жәрдем беруге тырысты.Мәселен, Самарқан, Бұхара тұрғындарымен күш біріктіріп, бұл қалалардан арабтарды қуып шыққан . Қаған Тоқарстандағы арабтарды да біржолата талқандау үшін 737 жылы ондағы қарлұқтармен бірлесе отырып, арабтарға ойсырата соққы берді. Алайда жеңіске қуанған тоқарлықтар мен түргеш әскерлері ертерек тарап кеткен еді. Мұны пайдаланған арабтар шағын әскерімен қалған Сұлу қағанға күтпеген жерден шабуыл жасап, жеңіліске ұшыратады. Еліне оралған Сұлу қаған Навакет қаласында өз қолбасшысы Баға тарханның опасыздығынан қаза болған. Оның шайқастарға тікелей қатысуына әрі ылғи жеңіске жетуіне байланысты арабтар оған «сүзеген», «мүйізді қаған» деп ат қойса керек. Сондықтан арабтар Сұлу қағанмен ашық майданда соғысудан сескенген. Ал Сұлудың әскербасысы Кули шор 720-721 жылдары Соғды жеріндегі арабтарды қуып шығып, жеңіске жеткен. Сұлудың орнына оның баласы Тұқарсан Құтшар қаған болған. Оның билігі бар болғаны бір – екі жылға созылған. Бұл кезде сары және қара түргештердің арасындағы күрес 20 жылға созылып, қағандықтың саяси және әкімшілік жағдайы мүлде әлсірейді. Қағандықтың мұндай жағдайын біліп отырған Қытай империясы Куш қаласындағы (Шығыс Түркістан)әскерлерін Жетісуға аттандырып, 748 жылы Суябты жаулап алады. Одан соң Шашты (Ташкент) алып, оның әмірін өлтіреді. Шаш әмірінің баласы арабтарды көмекке шақырады. 751 жылы Таразға жақын жердегі Атлах қаласында көмекке келген араб әскерлерімен түргештер бірлесе отырып, қытай әскерлеріне күйрете соққы берді. Аман қалған қытайлар Жетісудан біржолата кетуге мәжбүр болды. Мұндай шайқастардан кейінгі ел ішіндегі қиын жағдайды өз пайдасына шешуге әрекет жасаған қара түргештердің тарханы Жыпыр 749 – 753 жылдары қағандықты өз қолына алды. Бірақ оның билік құрған кезінде де жағдай жақсара қоймады. Жікке бөлінушілік тоқтамайды, бұрынғыдан да ушыға түседі. Талас-тартыс жылдан – жылға шиеленісіп, Түргеш қағандығы біржолата әлсірейді. Бұл сәтті Атлах шайқасына қатысқан қарлұқ тайпасының көсемдері пайдаланып, 756 жылы Түргеш қағандығын құлатып, билікті өз қолдарына алды.

2. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы және оның тарихи маңызы.

Елбасымыз осыдан 12 жыл бұрын, яғни 2003 жылы сәуірде Қазақстан халқына жолдауында арнайы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырған болатын. Елбасының жолдауымен 2004 жылы «Мәдени мұра»мемлекеттік бағдарламасы қабылданды.

«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаев бастамасымен іске асырылуда. Бағдарлама халықтың үлкен мәдени мұрасын, оның ішінде заманауи ұлттық мәдениет, фольклор және салт-дәстүрлерін; ұлттық тарих үшін ерекше маңызы бар тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштерін қалпына келтіру; ұлттық әдебиет пен жазбаның ғасырлар бойындағы тәжірибесін жалпылау; мемлекеттік тілде әлемдік ғылыми ойлар, мәдениет және әдебиет жетістіктерінің үздіктері негізінде толымды қор жасауды зерттеу жүйесін құруды қарастырады. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы – мәдени, экономикалық және әлеуметтік капитал, жалпы адамзаттық мәдениеттің құрылымдық бөлігі, этнос, қоғам, адам парасатының дамуы мен құрылуының бастауы, тарихи естеліктердің маңызды қоймасын жасау және қорғау бағдарламасы.

Бағдарламаны қабылдағаннан кейін 2004 жылы 51 тарихи және мәдени ескерткіштің реставрациялық жұмысы аяқталып, 39 қалашық пен қорғандарға археологиялық зерттеулер жүргізілді. 218 нысанды қамтыған Қазақстанның тарихи-мәдени және тарихи ескерткіштерінің мемлекеттік тізімі дайындалды. Ұлттық мәдениет үшін аса маңызды 30 сәулеттік және археологиялық қосымша ғылыми зерттеулер жүргізілді. Қытай, Түркия, Моңғолия, Ресей және Өзбекстан, Армения, Құрама Штаттар және Батыс Еуропа елдеріне ғылыми зерттеу экспедициялары ұйымдастырылды. Олардың қорытындысы бойынша ғылыми топтарда бұдан бұрын белгілі Қазақстанның сәулеті, этнографиясы, тарихы бойынша шамамен бес мың жазба және баспалар алынды. 350-ден астам кітап, олардың ішінде этнография, археология, тарих бойынша сериялар, жаңа энциклопедиялық сөздіктер шығарылды.

Бағдарламаның жүзеге асуын мәдениет, әдебиет, философия, тарих, этнография, және тіл білімі т.б. бойынша академиялық институттар құрылуынан, бағдарламаның тиімді жоспарларының орындалуынан көреміз. Ұлттық кітапхана елдің жоғары оқу орындарының бірі. Нұрсұлтан Назарбаев «Мәдени мұра» бағдарламасын мемлекеттің мәдениетіне қолдау көрсететін стратегиялық ұлттық жоба деп атаған

6-билет

1.Қарақытай мемлекеті (қоғамдық құрылысы, саяси тарихы)

Моңғол тілді кидан тайпалары б. з. IV ғасырында Қытайдың солтүстік жағында Маньчжурия мен Уссури аймағын мекендеген.X ғ. басында Солтүстік Маньчжурия мен Моңғолияда Киданның Ляо мемлекеті (907–1125) құрылды. Кидандықтар Сұн (960–1279) империясы жерінің бір бөлігін және Селенгі мен Орхондағы Ұйғыр қағанатының жерлерін басып алып мекен етті. Көрші тайпалардың соғыстарына және ішкі талас-тартыстарға байланысты Ляо империясы әлсірей берді. 1125 жылы ол тұңғыс-маньчжур тайпаларының соққысынан бас көтере алмайтындай жеңіліске ұшырады. Осыдан кейін Кидан тайпалары Елюй Дашының басшылығымен батысқа қарай көшіп, олардың саяси ықпалы Жетісу жеріне, Сырдарияның оң жағалауына және басқа аймақтарға тарады. Жергілікті жерлердегі түркі тайпалары кидандарды қарақытайлар деп атады.

1128 жылы Қарахан әулетінен шыққан Баласағұнның билеушісі Арслан өздеріне қысым жасап, тыныштық бермеген қаңлылар мен қарлұқтарға қарсы күреске қарақытайларды көмекке шақырады. Қарақытайлар көсемі Елюй Даши Баласағұнды басып алып, Жетісуда өз мемлекетін орнатады. Олар қарлұқтарды бағындырып, Шығыс Түркістандықосып алды. 1137 жылы қарақытайлар Ходжент қаласы жанында Мәуеренахрдың билеушісі Махмудхан әскерін талқандады.

Қарақытайлар Орта Азияға қарай жылжып, Салжұқ сұлтаны Санжарға соққы беріп, 1141 жылы Самарқанд қаласын басып алды. Осыдан кейін Елюй Дашы өзін ең жоғарғы лауазымды атақ гурхан (ұлыхан) деп жариялады. XII ғасырдың 30–40 жылдарында қазіргі Оңтүстік Қазақстанның, Бұқара мен Самарқандты қоса алғанда, Мәуереннахр аймағының жері қарақытай иелігіне кірді. Карахандар әулетін қарақытайлар өз боданына (вассал) айналдырды.

Қарақытайлар Жетісу және Орта Азия жерлерін басып алған кезде, ондағы қалалар мен отырықшы қоныстарды қиратпады. Өйткені олар бұл жерлердегі қалалармен және егіншілік аймақтармен сауда жүргізуге мүдделі болды. Қарақытай мемлекеттік бірлестігінің қалыптасуымен қатар басқарудың патриархаттық-феодалдық принциптері нығая түсті. Мұнда жоғары билікті мұраға қалдыру жүйесінің өзіндік ерекшелігі болды. Мәселен, гурхан өлген жағдайда оның мұрагері болып әйелдері тағайындалу орын алды. Мұның өзі жергілікті мұсылман халқының түсінбеушілігі мен наразылығын туғызды. Қарақытай билеушілері өзі орналасқан қалаларда хан сарайларын, будда ғибадатханаларын салдырды. Қалаларда қолөнер мен сауда дамыды. Көшпелі мал шаруашылығымен шұғылданған аймақтарда егіншілік етек алды. Қарақытай мемлекетінде тұратын түркі халықтарының көпшілігі ислам дінін қабылдады, сонымен бірге онда будда дініне сенушілер де, христиандық несториан дінін ұстанушылар да кездесті.

Елюй Дашы 1143 жылы қайтыс болды. Баласы Иле жас болғандықтан хандықты Елюй Дашының әйелі Табұян басқарды. Жеті жылдан соң Дашидың ұлы Иле әкесінің тағына отырып, 1150–1164 жж. гурхан болды. Ол қайтыс болған соң, қарындасы Бұсұған таққа отырып, 1164–1177 жж. билік жүргізді. Оның хандығының соңғы кезінде Бұсұған өлтірілді Оның орнына Иленің баласы Жилугу гурхан болды. Жилугу өзінің билігін 1213 жылға дейін жүргізді.Қарақытай шонжарларының басқаруы халықты үлкен ауыртпалыққа ұшыратты, олардың қысым жасауы, салықтар жинау кезіндегі шамадан тыс талаптары бұқараның наразылығын туғызды. Нәтижесінде Қарақытай мемлекеті әлсіреп, Орта Азияда басып алған жерлерінен айырыла бастады. 1198 жылы Ауған аймағынан шыққан гурид билеушілері қарақытайларға күйрете соққы берді. 1210 жылы Хорезмшахы Мұхаммед Тараз қаласының жанында қарақытайларға күйрете соққы берді. Бұл жағдайды Жетісу жеріне көшіп келген наймандар пайдаланды. 1213 жылы қарақытайлардың иеліктері наймандардың қолбасшысы Күшліктің қолына көшті. Сөйтіп, Қарақытай мемлекеі ыдырап тарады.