- •1 Әдебиетке шолу
- •1.1 Қияр дақылының әлемде және Қазақстанда өсірілетін көлемі
- •1.2 Жылыжайда қиярды қалыптастыру мен өсіру агротехнологиясы
- •1.3 Жылыжайда қиярдың минералды қоректену ерекшелігі мен емдік қасиеттері
- •1.4 Жылыжайда қиярды зиянды организмдерден қорғау тәсілдері
- •2 Зерттеу орны, нысаны мен әдістері
- •2.1 Жылыжайда қияр өсіру технологиясының ерекшеліктері
- •2.1 Жылыжайда тәжірибелерді жүргізу әдістері
- •3 Зерттеу нәтижелері
- •3.1 Жылыжай қиярының өнімділігі мен сапасын және зиянды организмдерге төзімділігін бағалау
- •3.2 Жылыжай қиярының вегетативтік биомассасының қалыптасуы және өнімділігі
- •3.3 Жылыжайда кездесетін қияр зиянкестерінің түр құрамы, даму ерекшеліктері мен зияндылығы
- •3.4 Қиярды зиянкестерден қорғауда биологиялық әдіс ретінде энтомофагтарды пайдалану
- •3.5 Жылыжайда қиярдың зиянкестеріне қарсы биоагенттерді қолданудың биологиялық тиімділігі
- •Қорытынды
- •Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
2 Зерттеу орны, нысаны мен әдістері
2.1 Жылыжайда қияр өсіру технологиясының ерекшеліктері
Дипломдық жұмыс тақырыбы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары ТарМПИ-дың жалпы көлемі 100м2 құрайтын «Агробиостанциялық жылыжайы» жағдайында жүргізілді. Біздің зерттеулерімізде ҚазККШҒЗИ (С.Қ. Жантасов, басқ.) дайындаған, Қазақстанның оңтүстік-шығысы шаруа қожалықтарына ұсынылған қиярды өсіру технологиясы қолданылды [8].
Тәжірибеде жылыжайға себу үшін Жамбыл облысында өсіруге рұқсат етілген қиярдың 4-сорты, яғни голландиялық Директор, Криспина, ресейлік Кураж және Меренга Ғ1 будандары алынды. Себуге тек жоғары сұрыпты тұқымдар іріктелді. Біздің зерттеулерімізде қияр дақылы 2-ші мәрте қиярдан кейін отырғызылды.
Дақыл сорттарының (будандарының) ерекшеліктеріне байланысты 1м2 жылыжайда қияр өсімдігінің өсу тығыздығы 2,0-2,2 дананы құрады. Дақылды себу және кейінгі өңдеу тәсілі 1,0х0,45м құрады, яғни қатар аралықтарының арақашықтығы 1,0 м, ал қатардағы өсімдіктердің ара қашықтығы 0,45 м болды. Технологиялық тәжірибелерде 1м2 жылыжай ауданына орташа алғанда 2,2 өсімдіктен келді.
Жылыжайдағы температуралық режим қияр өсімдігінің дамуына қатты әсер ететіндіктен, өсімдіктің вегетативтік немесе генеративтік өсуіне қарай орташа тәуліктік температура уақтылы реттеліп отырылды. Өсімдіктің ортаңғы сабақтары шпалерлерге жеткенде, жанама өркендері қарқынды өсуі үшін, түнде ауа температурасын 3-7 тәулікке 160 С-қа төмендету керек. Сол кезде түйіндері мықты болып қалыптасуына жақсы әсер етеді. Қиярдың алғашқы өсу кезеңінде жылыжайда түнгі температура аса жоғары болса, өсімдіктер қарқынды бой алып, шпалерлерге тез өсіп жетеді. Бұл жағдайда 7-8-жапыраққа дейін төменгі түйіндерін алып тастау керек. Алмаған жағдайда, ортаңғы қабаттарында түйін тастау мүмкіндігі артады.
Жылыжайда қиярды өсіргенде, өсімдікті қалыптастырудың агротехникалық шаралары аса маңызды болып табылады, өйткені дұрыс қалыптастырғанда, олардың тығыздығының оптимальді болуы мен қатар өсімдікке ылғалдылық, температура, жарық пен минералдық тыңайтқыштардың қолайлы жағдайлары жасалады. Жылыжай қиярының сорттық (будандық) ерекшеліктеріне қарай өсімдік қалыптастыру шарасы да едәуір ерекшеленеді.
ТарМПИ жылыжайында зерттелген сорт үлгілерінің қалыптастыру жағдайлары бірдей болды. Корнишонды (қысқа) жемістері бар жылыжай қиярының сорт үлгілерін (будандар) өсірген кезде, жемістерінің көп бөлігі ортаңғы сабақта қалыптасады. Өсімдік қалыптастыру кезінде ортаңғы сабақ шпалерге жанама өркендерінсіз ілініп, себу мерзіміне байланысты 40-50 см биіктікке дейінгі буынаралықтарындағы барлық түйіндері алынып тасталады. Кейінгі түйіндері алынбайды. Негізгі өркені шпалер астына қыстырылып, қалған 2-3 жанама өркендер шпалер бойына таралады. 1-ші және 2-ші қатарда қалған өркендер 4-жапырақ үстіне қыстырылады. Қияр будандарында «гүл шоғыры» сияқты орналасқан түйіндері (6-8 дана және одан да көп) қоректік заттарға бәсекелестігі артып, нәтижесінде түйіндерінің тең жартысы солып қалады. Қураған түйіндерде патогендер (ақ, сұр шірік және т.б.) таралмау үшін жұлынып тасталып отырылды.
Қиярдың корнишонды будандарының жемістерін күнделікті жинау жұмыстарын жүргізу керек. Жемістерінің ұзындығы 11-12 см-ге жеткенде өсуі тоқтап, еніне қарай қарқынды өсе бастайды. Жинау үшін ең қолайлы қияр жемістерінің диаметрі 3-3,5 см. Егер өсімдікте өсіп кеткен жемістер қалса, келесі жемістердің толысуы едәуір нашарлап, жалпы өнімділік төмендейді, барынша жоғары өнім алу үшін жемістердің орташа салмағы 85-95 г шамасында болу керек.
Жылыжай қиярының ұзын пішінді будандарын қалыптастыру, өсімдік пішініне байланысты корнишонды будандардан біршама ерекшеленеді. Тік өсетін дақылды өсіру кезінде қырқу жұмыстары жүргізіледі, қияр өсімдігінің ерте жеміс сала бастауын қамтамасыз етеді. Өсімдіктің түйін мөлшерлері көбейіп кетпеу үшін будандарда генетикалық бірқалыпты артық сабақтары қалыптасқан. Сондықтан жеміс салу кезеңін ұзарту үшін алғашқы 2-3 түйіндері алынып тасталынады. Қалған түйіндерінде (0,8-1 м-ге дейін) 2-3 жемісі бар жапырақтар қалдырып, кейін олардың (бұталардың) ұзындығын 4-5 жапыраққа жеткенше ұзартады. Біздің зерттеулерімізде, жылыжай қияры өсімдіктерін қалыптастыру кезінде, ҚазККШҒЗИ ғалымдарының ұсыныстары қолданылды [40].
Жылыжайда қияр өсімдіктеріне тамшылатып суару жүйесін қолданылды, суару ауа райына байланысты әр 3-4 күнде жүргізіліп отырды.
Жылыжайда Директор сорты 6-қатарға, Кураж сорты -4-қатарға, Феномен сорты -2-қатарға, Криспина сорты -1-қатарға, магниттелген сумен тамшылатып суарылған Директор 1М-сорты -1-қатарға егілді, әр қатарда 10-11 түптен. Жиналған өнім әр түп санынан жеке-жеке өлшеніп жиналып отырылды, соңынан барлық жиналған өнімнің орташа мәндері есептеліп алынып, математикалық өңдеуден өткізілді.
Қазіргі таңда жылыжайда өсімдіктерді зиянкестерден қорғау көкөніс өндірушілердің аса маңызды мәселесіне айналып отыр. Жылыжайда негізгі зиянкестерге ақққанат, өрмекші кене, трипстар мен үңгі шыбындары жатады. Олармен күресу үшін, негізінен химиялық тәсіл қолданылады. Алайда, жылыжай қиярына пестицидтерді қолданбаған дұрыс, немесе химиялық өңдеу жұмыстарын барынша қысқарту керек. Себебі, химиялық препараттардың улы қалдықтары дақылдың балғын жемістерінде сақталып, олардың адам ағзасына қаупітілігі жоғары болады. Сондықтан біздің зерттеулерімізде жылыжай қияры зиянкестеріне қарсы биологиялық қорғау әдістері дайындалып, оның тиімділігіне баға берілді.
Жалпы алғанда, ТарМПИ жылыжайында жүргізілген агротехнологиялық шаралар жылыжай қиярының жақсы өсіп-дамуына және толық өнімділік қалыптастыруына мүмкіндік беріп, тәжірибелік мәліметтер алынды.
Биоагенттерді және олардың иелері мен құрбандарын көбейту үшін жемшөптік дақылдарды өсіру бойынша зертханалық тәжірибелер ТарМПИ-дің мамандандырылған «Қолданбалы биология» зертханасында орындалды. Қолданған әдістемелерге сәйкес, зертханада температуралық, жарықтылық, ауа ылғалдылығы режимдерінің, қолайлы көрсеткіштері сақталды. Азықтық өсімдіктер 250С орташа тәуліктік температурада, 65-70% ауаның салыстырмалы ылғалдылығы мен 17 сағаттық фотопериод барысында өсірілді.
В.А. Тряпицын, В.А. Шапира, Б.А. Щепетельникова және Э.С. Щийко әдістері(1982). бойынша афидиус паразиті өсірілді. Паразиттену тиімділігі (бітелердің мумиялану пайызы) Б.А. Бегляровтың әдістемелік нұсқауын (1983) ескерумен анықталды Афидиустар шабдалы және астық бітелерінде көбейтілді. Арнайы кюветтер немесе пластмассалық жаймаларда топыраққа егілетін бұршақ тұқымын қоректік өсімдік ретінде алдық. Бір өсімдікке 2-5 дарақтар есебінен бұршақ өскіндерін бітелермен орналастырдық.
Бітелердің саны бір өсімдікте 40 дараққа жеткен кезде, бітелері бар шыны құтыны басқа бөлмеге ауыстырып, 1:10 қатынаста афидиуспен зақымдалды.
Зертханада энкразияны өсіру Н.А. Поповтың (1989)әдістемесі бойынша жүзеге асырылды. Бұл тәжірибелерді үрмебұршақ пен темекіде қоректенетін аққанатта жүргіздік. Стеллаждарда орналасқан жеке қыш және пластмассалық құмыраларда өсімдіктерді өсірдік.
Сурет 4. Жылыжайда қияр дақылының жаппай гүлдеу кезеңі (2017ж)
Темекінің 5-6 жапырақтары пайда болған кезде, ал үрмебұршақтың екі нағыз жапырақтары пайда болғанда, аққанатты орналастырады. Темекі жапырағында аққанат дернәсілінің тығыздығы 1500-2000 болатын болса, үрмебұршақ жапырағында 400-500 зиянкес дарақтары кездеседі. Ары қарай, жылыжай аққанатының дернәсілдері бар азықтық өсімдіктерді энкарзиямен зақымдау үшін келесі боксқа кіргізеді (6 сурет).
Зертханалық жағдайда өрмекші кенені көбейту және өсіру үшін үрмебұршақ пен қытайбұршақ өсімдіктерінде Г.А. Бегляров (1968) пен Н.П. Поповтың (1989) әдістемелік нұсқауларына сәйкес жүргізілді. Өсімдіктерді жарықты стеллаждары бар бөлмелерде өсіреді. Мал азығы өсімдігінде 3-5 нағыз жапырақтары пайда болған кезде, өсімдікке өрмекші кенені орналастырып, бір өсімдікке 40-50 дарақтар есебімен фитосейулюсты жібереді. Екі апта өткеннен кейін кене орналасқан бір өсімдікке фитосейулюстің 10-15 есебімен ересектері мен нимфаларын шығарады. Жыртқыш пен құрбан арақатынасы 1:1 болған кезде, жыртқыш кенелер жинақталған жапырақты тәжірибеде қолдану үшін жинап алынды.
