- •1 Әдебиетке шолу
- •1.1 Қияр дақылының әлемде және Қазақстанда өсірілетін көлемі
- •1.2 Жылыжайда қиярды қалыптастыру мен өсіру агротехнологиясы
- •1.3 Жылыжайда қиярдың минералды қоректену ерекшелігі мен емдік қасиеттері
- •1.4 Жылыжайда қиярды зиянды организмдерден қорғау тәсілдері
- •2 Зерттеу орны, нысаны мен әдістері
- •2.1 Жылыжайда қияр өсіру технологиясының ерекшеліктері
- •2.1 Жылыжайда тәжірибелерді жүргізу әдістері
- •3 Зерттеу нәтижелері
- •3.1 Жылыжай қиярының өнімділігі мен сапасын және зиянды организмдерге төзімділігін бағалау
- •3.2 Жылыжай қиярының вегетативтік биомассасының қалыптасуы және өнімділігі
- •3.3 Жылыжайда кездесетін қияр зиянкестерінің түр құрамы, даму ерекшеліктері мен зияндылығы
- •3.4 Қиярды зиянкестерден қорғауда биологиялық әдіс ретінде энтомофагтарды пайдалану
- •3.5 Жылыжайда қиярдың зиянкестеріне қарсы биоагенттерді қолданудың биологиялық тиімділігі
- •Қорытынды
- •Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1.4 Жылыжайда қиярды зиянды организмдерден қорғау тәсілдері
Жылыжайда зиянкестер мен ауруларға қарсы күрес шаралары олардың түр құрамына және жылыжай түрі мен құрылымына сай дұрыс жүргізілуі тиіс. Агротехникалық шаралар топырақта зиянды организмдердің жинақталуына кедергі жасаушы алдын алу элементі болып табылады.
А.О Сағитовтың мәліметтері бойынша жыл сайын ашық алаңда аурулар мен зиянкестердің әсерінен көкөніс дақылдарының 30-50% және одан да көп мөлшері, ал жабық алаңда көкөніс дақылдарының топырақ құрамында сақталған ауру қоздырғыштардың әсерінен орташа есеппен 40% өнімділік шығынға ұшырайды [42]. Қиярдың көптеген аурулары депрессияға ұшырап, кейбір жағдайларда өсімдіктің өлуіне, жемістерінің жаппай түсуіне, шіруіне және өнімділікті 20-50% төмендетуге алып келеді. Хаntһотопas фузарилер салдарынан қиярдың өнімділігі 15-20%, ал СІауіbacter және Рseudотопаs түрлерінің әсерінен 50% және одан көп өнім жоғалады[39]. Зиянкестер (өрмекші кене, біте түрлері, жылыжай аққанаты, трипстер, үңгі шыбыны, галлды нематода және басқалары) әсерінен тауар өндірушілерге айтарлықтай шығындар келеді. Мысалы, бір ғана галлды нематоданың әсерінен қиярдың өнімділігі 25% төмендейді [40].
В.Ф. Велик, В.Е. Советкина пікірінше жабық алаңда көкөніс дақылдарының зиянкестері мен ауруларымен күресуде біршама қиындықтар туындайды. Себебі, жылыжайдағы арнайы жағдайлар (жоғары ылғалдылық, жоғары температура, монодақылды ауысымсыз өсіре беру) зиянды организмдердің дамуына қолайлы болып келеді. Сондай-ақ, жылыжайларда өсімдік қорғауда химиялық препараттарды пайдалану заң бойынша шектелген. Сондықтан фитопатогендермен күресуде экологиялық қауіпсіз және өнімділікті жоғарлататын биологиялық препараттарды қолдану тұтынушылардың үлкен қызығушылығын тудырып отыр [20-21].
А.П. Твердюковтың мәліметтері бойынша өсімдік қорғау тәжірибесінде көбінесе зиянды организмдердің дамуын тежейтін және жоятын пайдалы организмдер энтомофаунаның популяциясын сақтау және қолдану шаралары маңызды орын алады. Сол себепті өсімдік қорғаудың химиялық тәсілін пайдалану біраз төмендеуде [20].
Пестицидтер топырақты, суды ластайды, ал олардың қалдықтары өнімдерде жинақталу салдарынан қоршаған ортаға, адамдарға қауіп төндіруде. Сондықтанда дамыған мемлекеттерде жылдан жылға пестицидтерді пайдалану ережелері қатаң қадағалануда және өндірушілер арасында өсімдік қорғаудың биологиялық тәсілдерін пайдалану көлемі артуда.
Еуропада аграрлық салада 29 аса зиянды түрлерді жою үшін пайдалы бунақденелілердің (энтомофагтардың) 80 астам түрлерін пайдаланады. Еуропа елдерінде өсімдік қорғаудың химиялық тәсілімен салыстырғанда биологиялық тәсілмен өңдеудің экономикалық тиімділігі жоғары екендігі мақұлданған. Өрмекші кенеге қарсы күресте жыртқыш кенелерді пайдалану акарицидтерді пайдаланумен салыстырғанда, экономикалық тиімділігі жағынан жоғары болған. Англияда қияр дақылына химиялық қорғау шараларын пайдалану энтомоакарифагтарды пайдалануға қарағанда, 3-5 есе қымбатқа түскен [43].
Украинаның «Крымтеплица» тәжірибе станциасында жүргізілген тәжірибелер (2006-2008 жж.) нәтижесінде жылыжайға жылыжай аққанаты, темекі трипсі, шабдалы және бақша бітелері мен кәдімгі өрмекші кене үлкен қауіп төндіретіндігі анықталған. Зиянкестерге қарсы күресте инсектицидтерді пайдаланғанда, қажетті биологиялық тиімділікті қамтамасыз ете алмады. Сондықтан зиянкестердің көбеюін, атап айтқанда өрмекші кенелердің сан мөлшерін азайту үшін 1:50 арақатынасында жыртқыш кене фитосейулюс, темекі трипсіне қарсы 1:1, 1:2 арақатынасында амблисейус, аққанаттарға қарсы 1 га 30-дан 50 мың данаға дейін энкарзия пайдаланылды. Биоагенттерді пайдалану тек қана жоғары биологиялық тиімділікті көрсетіп қоймай, сонымен қатар, экологиялық таза өнім алуға мүмкіндік берді. Биологиялық тәсіл жылыжайларда қызмет ететін адамдар денсаулығына да қауіп төндірмейді [40].
Ташкент облысының Зангиатин ауданында «Куйлюк» агрофирмасының ғалымдары 2003-2006 жж. жылыжайларда, сондай-ақ басқа да агроклиматтық аймақтарда энкарзия энтомофагын жылыжай аққанаттарына қарсы пайдалану бойынша белгілі зерттеулер жүргізген. Алынған нәтижелерді талдай келе, көшеттерді еккеннен он күн өткен соң энкарзияны жіберсе, олар аққанаттар дернәсілдерін іздеп залалдай бастайды. Тоғышарлардың дернәсілдерді залалдау дәрежесі 80-85% болған [39].
Жылыжай өсімдіктерін биологиялық тәсілмен қорғау тиімділігін ҚазӨҚКҒЗИ ғалымдарының (Төлеубаев Қ.М., Шанимов Х.И., Абзейтова Э.А.) алған мәліметтер нәтижесінен байқауға болады [40]. Жылыжайға бұрыштың біте зиянкесіне қарсы вегетация кезеңінде биоагенттердің 6500 дарағы жіберілді. Есептеулер бойынша үлкен бақша бітесін жоюда афидиустың тиімділігі 90% құрады. Өрмекші кененің энтомофагы - фитосейулюстың тиімділігін анықтау үшін ең алдымен оны ҚазӨҚКҒЗ институтының биотәсіл зертханасында жаппай көбейтіп алып, қияр егістіктерінде зиянкестердің алғашқы дарақтары пайда бола бастаған кезде көлемі 1500 м2 жылыжайда 1 өсімдікке 10 дарақ есебінен жіберілді. Есептеулер нәтижесі фитосейулюстің биологиялық тиімділігі 70% екендігін көрсетеді. Жылыжай жағдайында қызанақ дақылында 1 шаршы метр аумақта жылыжай аққанаттарының 1 -2 дарағы кездескен жағдайда оларға қарсы тоғышар:құрбан 1:1 арақатынасында мумияланған дернәсіл фазасында энкарзия биоагенті жіберілді. Сонымен қатар, вегетация кезінде тоғышарларды жіберу фитофагтардың даму фазасына сай жүргізіліп отырды. Нәтижесінде көкөніс дақылдарының вегетация кезеңінде аққанаттардың таралуына байланысты энкарзияның жіберудің биологиялық тиімділігі 95% болғаны және дақыл айналымы аяқталғанша аққанатардың сан мөлшері шаруашылыққа білінбейтін көрсеткіш дәрежесінде болғаны байқалды.
Сонымен көптеген отандық және шетелдік ғалымдардың ғылыми еңбектерін талдай келе, жылыжайда жаңа агротехникалық шараларды пайдалану, сапа көрсеткіштері мен өнімділігі жоғары, қоршаған ортаның қолайсыз жағдайларына төзімді қияр сорттарын анықтау аса маңызды екендігіне көзіміз жетті.
Зерттеу нәтижелері қиярды дәстүрлі тәсілмен өсіруге қарағанда жаңа технологиямен өсірудің тиімділігін дәлелдеді. Топырақ субстратында өсірілген қияр жемістердің өнімділігі бақылау нұсқасына қарағанда 30% және одан да көп болды. Қияр өсімдігін зиянды организмдерден биологиялық немесе химиялық қорғау тәсілдерін пайдалану жемістердің сапасын және өнімділікті (50% және одан да жоғары) сақтауға мұмкіндік береді.
Көптеген зерттеушілердің тәжірибелер нәтижелері зиянкестердің көбеюіне қолайлы жағдайлар жасалған жылыжай жағдайында қиярды зиянкестер мен аурулардан қорғау бойынша заманауи және дұрыс ұйымдастырылған шаралардың маңызы зор екенін көрсетеді.
