Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
ДИПЛОМ 2017.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
2.23 Mб
Скачать

1.3 Жылыжайда қиярдың минералды қоректену ерекшелігі мен емдік қасиеттері

Қияр біржылдық кіндік тамырлы, көптеген қосалқы тамыршалардан тұратын өсімдік. Тамыры 30 см дейін бойлап орналасады. Қиярдың сабағы қырлы, түкті, бұталы, ұзындығы 30 см-ден (бұталы түрлері) 2 м дейін (ұзынжапырақтылар) болады.

Тез өсетін сорттарда шырпу жұмыстары жүргізілмесе, сабақтарының ұзындығы 8- 10 м дейін, ал өскіндерімен қосқанда 25 м дейін жетуі мүмкін. Сабақтарда жай мұртшалар 3-ші жапырақ қолтығынан бастап пайда болады [4-7,11-12,22-23,38].

Қияр - жағымды дәмдік сапасы мен емдік қасиеттері бар бағалы дақыл болып табылады. Оның құрамындағы ферменттер мен эфир майлары асқорыту жүйесіне, ал калий тұздары жүрек-қан тамырларының жүйесіне жақсы әсер етеді [4-7,9-13,22-23,32-36].

Л.А.Потемкина (2007)- пікірі бойынша құрамындағы натрий және калий иондары детоксикация (организмді улы қоспалардан тазарту) қасиетіне ие. Қияр катаракт, тыныс жолдары және туберкулез аурулары кезінде жалпы қуаттандырушы құрал болып саналады. Қиярды етпен қосып пайдаланғанда, ақуыздардың жақсы сіңірілуіне септігін тигізеді. Сонымен қатар, қияр организмдегі алмасу процестерін де жақсартады, қан құрамындағы қант мөлшерін қалпына келтіреді, құрамында тартрон қышқылы болғандықтан, көміртектердің майға айналуына көмектесіп, шлактарды шығару процесіне қатысады. Қияр ауруды басатын, ісікке қарсы, уды жоюшы, антискротты, ыстықты түсіруші, спазмолетикалық табиғи құрал болып табылады. Қияр шырыны косметологияда тері ылғалдандырушы және салқындатушы құрал ретінде пайдаланылады.

Жылыжайда қиярдан жоғары сапалы өнім алу үшін барлық кешенді агротехникалық шараларды уақтылы және жоғары дәрежеде жүргізу қажет. Агротехникалық шараларға өсімдік қорғау, тыңайтқыш беру, суару т.б. жатады, оларға кеткен қосымша шығындарды азайту арқылы қияр өсірудің рентабельділігін жоғарлатуға болады.

Қияр - асқабақ тұқымдасына жататын бір жылдық шөптесін өсімдік. Қиярдың сабағы жатаған, мұртшалары бар, солардың көмегімен ол түрлі заттарға өрмелеп жоғары бойлап өседі. Тамыр жүйесі әлсіз дамыған және топырақтың жоғарғы қабатында орналасқандықтан, қияр өсімдігі топырақ терең қабаттарынан өзіне қажетті, яғни жер үсті мүшелері толыққанды қалыптасуына қажетті минералды заттарды ала алмайды. Осыған байланысты қиярды органикалық заттарға бай топыраққа отырғызу керек. Қиярдың топыраққа деген талапшылдығын оның тамыр жүйесінің құрылымына, топырақ ерітіндісінің әсеріне сезімталдығына тығыз байланысты [33-36]. Қияр үшін қолайлы топырақ ортасының әсері рН-6,5-7,0 болып табылады, яғни бейтарап немесе бейтарапқа жақын.

Жабық алаңда қияр өсімдігінің минералды қоректерге жоғары талабы сонымен қатар, оның өсуі мен дамуына сыртқы орта факторлары (жарық, ылғал, термиялық жағдайлар) қатты әсер етеді.

Қиярдан жоғары өнім алуда топырақта жеңіл сіңірілетін қоректік заттардың қажетті мөлшерде болуымен қатар, топырақ құнарлығының (қышқылдық, құрылымы, ылғал ұстағыштығы) басқа да элементтерінің маңызы зор. Қияр үшін органикалық тыңайтқыштар ең жақсы болып табылады. Себебі, органикалық тыңайтқыштар аналық гүлдердің тез пайда болуын және санының көбеюін қамтамасыз етеді [35 ].

Қияр өсімдігінің өсуі мен дамуына топырақ түрлеріне байланысты органикалық және минералды тыңайтқыштар әсер етеді. Жылыжай дақылдарынан экологиялық таза, биохимиялық көрсеткіштері жақсы жоғары өнім алудың негізі өсімдіктерге минералды қоректермен қамтамасыз ететін қолайлы жағдайлар жасау болып табылады. Жылыжайда өсірілген қиярдың өнімділігі ашық алаңда өсірілген қияр өнімділігіне қарағанда 5-8 есе жоғары болады. Осыған байланысты жылыжай жағдайында қоректік заттардың қалдықтары жоғарлайды. Сондықтан жылыжайда құнарлығы жоғары топырақтар пайдалану керек. Жылыжайда топырақ қабаты 25-30см тереңдіктен аспайтындықтан және топырақ ерітіндісі концентрациясы жоғарлап кетпеу үшін тыңайтқыштарды белгілі бір мөлшерде беру керек.

Қиярды жылыжайда өсіру ашық алаңда өсірумен салыстырғанда, жоғары ылғалдылық пен жарықтың жетіспеушілігімен ерекшеленеді. Әсіресе күзде немесе қыс кездерінде өсіргенде, өсімдіктерде калий мен кальцийге кажеттілік туындайды. Жарықтың нашарлауы мен азотты қоректердің жетіспеушілігі туындаған кезде калийлі қоректендіргіштер бергенде, көкөніс дақылдарының жеміс салуы мен өсуін жақсартады [23].

Жылыжайларда көкөніс дақылдарын қоректендіруде олардың вегетация кезінде пайдалануы мен топырақ құрамындағы арақатынасы және элементтерді сіңіру ерекшеліктері мен қарқындылығы ескерілуі қажет. Қияр өсімдігі минералды тыңайтқыштарды талап етеді. Көптеген ғалымдардың (Журбицкий, 1963; Сабинин, 1963; Ващенко, 1970; Глунцов, 1991; Гейсслер, 1979 және басқалары) пікірінше қияр дақылының қоректік элементтерге деген сұранысы жылыжай жағдайында өте жоғары. Жылыжай қиярларына айтарлықтай мөлшерде қоректік элементтер берілгендіктен, олардың өнімділігі де жоғарылайды [32].

Жылыжайда қиярдан жоғары өнімді тек қана органикалық және минералдық тыңайтқыштарға бай топырақтан алуға болады. Қияр өсімдігін өсірудің алғашқы кезеңінде, яғни тамыр жүйелерінің жақсы дамуы үшін фосфор минералды қорегімен, ал жеміс салу кезеңінде азот-калийлі қоректендіру қажет. Органикалық және минералдық тыңайтқыштарды кезектестіріп береді немесе қосып беруге де болады. Жеміс салғанға дейін 10 л суға 1 л коровяк ерітіндісі (1:8), 10 г мочевина, 30-суперфосфат және 10 г калий сульфаты қосылады, ал жеміс салу кезінде мочевина мен калий сульфатының мөлшері екі еселенеді [33].

Қияр өсімдігі көбінесе тұқымжарнағының өсуінің басында барлық элементтерді әсіресе азотты қажет етеді [34]. Ары қарай репродуктивті мүшелері, гүлдері мен жемістері пайда бола бастаған кезде фосфорға деген сұранысы арта түседі. Фосфор тыңайтқыштарын беру аталық гүлдердің азаюына септігін тигізеді және өсу мен дамудың бастапқы кезеңінде аса қажет. Бұл кезде фосфордың жетіспеушілігі өсімдікке теріс әсер етіп қана қоймайды, оны алдағы уақытта қосымша фосфорлы тыңайтқыштармен қоректендірген жағдайда да қалпына келтіру мүмкін емес [33-34,36].

Сонымен қатар Г.Г Вендило және бас., 1986, Т.И. Володина, 1990 зерттеулері бойынша әсіресе өсімдіктің даму кезеңінің басында минералды тыңайтқыштармен аса көп қоректендіру қиярдың өсуіне кері әсер ететіндігі дәлелденді. Жылыжай қиярының биологиялық ерекшеліктерінің бірі - даму фазасына байланысты айтарлықтай мөлшерде өзгеріп отыратын қоректік элементтерді қарқынды сіңіруінде. Қоректік элементтерді пайдалану және олардың арақатынасы да өзгереді.

Қияр өсімдігі үшін вегетация кезінде қоректік элементтерді пайдалануы төмендегідей өзгеріп отырады: вегетация кезеңінің басында өсімдік көп мөлшерде қарқынды түрде азот элементін пайдаланады, ал жеміс түзе бастаған кезде калий элементін пайдалану күшейе түседі. Содан сабақ пәлегінің қарқынды өсу кезеңінде қайтадан азотты басым пайдалануы байқалады [31-35]. Сондықтан қияр жеміс беру кезеңінде азот-калий тыңайтқыштарын жақсы қабылдайды [34].

Жылыжай қиярлары орташа есеппен топырақтан төмендегідей мөлшерде қоректік элементтерді жұмсайды (10 кг жеміс алу үшін граммен): азот - 22,3; фосфор - 10,9; калий - 46,9; кальций - 28,5 және магний - 6,6. Қияр өнімділігі 30-35 кг/м2 болған жағдайда қоректік элементтерді пайдалану шегі мынадай: азот - 54,5-75,7г/м2, фосфор - 24,3-28,3 г/м2 және калий - 96-112 г/м2. Күз және қыс айларында жылыжайда ауа мен топырақ ылғалдалығының жоғарылығы мен жарықтың жетіспеушілігінен өсімдіктерде калий мен кальцийге сұраныс өте жоғары болады [34-38].

Көкөніс шаруашылығында минералды тыңайтқыштарды беру үш кезеңнен тұрады: негізгі тыңайту (себуге дейін, себер алдында), қатараралық (себу кезінде) және үстеп қоректендіру (себуден кейін). Негізгі тыңайту көкөніс дақылдарын барлық вегетация кезеңінде қоректендіріп тұрады, сонымен қатар өсімдіктерге қоректік заттар жемісті мүшелерінің қалыптасу кезінде көп қажет болады. Негізгі тыңайтқышпен қоректендіруді күзде немесе көктемде жерді қайта жырту не терең культивациялау кезінде (негізінен азотты) пайдаланады. Қатараралық тыңайтқыш беру жұмыстары ауылшаруашылық дақылдарын, соның ішінде көкөністерді себу кезінде жүргізеді.

Тыңайтқыштармен үстеп қоректендіру негізгі енгізілген тыңайтқыштарға қосымша шара болып табылады. Аталған шара көкөніс шаруашылығында кеңінен пайдаланылады, себебі, тыңайтқыштардың жоғары мөлшерлерін мақсатты түрде бөлшектеп берген қолайлы. Көптеген көкөніс дақылдары тыңайтқыштарды көп мөлшерде пайдаланудан болатын топырақ ерітіндісіндегі жоғары концентрацияларға аса сезімтал болып келеді, сондықтан оларды үстеп қоректендіру үшін пайдаланады.

Б.А. Сулаймановтың пікірінше, қияр дақылына орташа мөлшерде минералды тыңайтқыштарды беру жақсы әсер етеді. Қияр дақылы басқа да көкөніс дақылдары секілді топырақ ерітіндісіндегі жоғары концентрацияларды көтере алмайды, сондықтан негізгі фосфор-калийлі бөлігін және көңді топырақты негізгі өңдеу кезінде, ал қалған бөлігін үстеп қоректендіру кезінде берген жөн[35]. Қияр дақылында алғашқы үстеп қоректендіру жұмыстарын 1-2 нағыз жапырақ пайда болған кезде жүргізу керек. Сондай-ақ, негізгі қоректік заттарды сіңіру процесі гүлдеу және жеміс беру фазаларында жүреді.

Л.Бурибаевтың нәтижелері бойынша қиярды. азотпен үстеп қоректендірудің кеш жүргізілуі өнімдерінің айтарлықтай мөлшерде нашарлауына алып келеді [9].

Көкөніс дақылдардың вегетативтік және генеративтік биомассасы көптеп қалыптасатындықтан, олар топырақтан көптеген мөлшерде қоректік заттарды алып кетеді. Қиярдың тамыр жүйесі негізінен топырақ бетіне жақын (0-20 см) орналасқандықтан және топырақтың оңай сіңірілетін қоректік заттармен қамтамасыз етілмеуі дақылдың өнімділігін төмендетеді. Минералық тыңайтқыштарды өспелі мөлшермен қолдану өсімдік биомассасының жақсы қалыптасуына септігін тигізеді, бұл өз кезегінде жоғары өнім алуды қамтамасыз етеді. Минералды тыңайтқыштарды біркелкі мөлшерде (N30Р30К30) беру нұсқасында жемістердің өнімділігі 19,6 ц/га, екі еселенген мөлшерде (N60Р60К60) - 23,9 т/га, ал үш еселенген мөлшерде (N90Р90К90) - 26,8 т/га болды. Минералды тыңайтқыштарды беру арқылы өсімдіктің өсуіне жағдай жасау үшін қиярдың өнімділігінің айтарлықтай мөлшерде өсуіне және жемістердің өнімділігіне қосымша 3,2-10,4 т/га өнім, бұл бақылау нұсқасымен салыстырғанда 19,51-63,41% жоғары болды [9].

Сонымен жылыжай жағдайында минералды және органикалық тыңайтқыштарды пайдаланғанда, оның мөлшерін есепке алып отыру қажет. Себебі, қияр басқа көкөніс дақылдары сияқты кешенді органо-минералды тыңайтқыштардың жетіспеушілігі немесе шамадан тыс артық болуына сезімтал келеді. Әсіресе өсімдіктердің жаппай жеміс салу немесе жеміс мүшелерінің қалыптасу кезінде қоректік элементтерге талабы жоғарлайтындығы анықталды. Қоректендіру режимдерін дұрыс пайдаланған жағдайда жемістердің шығымдылығын 20-дан 65% дейін жоғарлатуға болады. Қияр өсірудің дәстүрлі тәсілімен салыстырғанда, өсімдіктерді шпалерлерге байлау өте тиімді болып келеді. Тамшылатып суару жүйесінде шпалер тәсілін пайдалану қияр өнімділігін 50% дейін жоғарлатуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қияр өсіруде тиімді және міндетті тәсілдердің бірі - суаруға дейінгі (тамшылатып суару жүйесінде 30% және одан да көп фертигация пайдалану) өсімдіктердің қалыптасуы (өнімділік 15-20% жоғарлайды), себу нобайы және өсімдіктер жиілігі (10% және одан да көп) болып табылады.