- •1 Басты сот талқылауының түсінігі, маңызы және міндеттері
- •2 Бacты coт тaлқылayын тaғaйындay тypaлы мәceлeнi шeшy жәнe coттың oтыpыcынa дaйындық ic-әpeкeттep
- •3 Бacты coт тaлқылayының жaлпы шapттapы
- •Бacты coт тaлқылayының қayлы шығapy тәpтiбi.
- •2 Басты сот талқылау шегі.
- •2.2 Басты сот талқылауының дайындық бөлігі
- •Басты сот талқылауындағы сот жарыссөзі және сотталушының соңғы сөзі – тараптардың тең құқылығы мен жарыспалылығының сахнасы ретінде
- •2.3 Сот тергеуі
2.3 Сот тергеуі
Сот тергеуі басты сот талқылауының ең маңызды, орталық сатысы, сот процесінің «жүрегі» болып табылады. Іс бойынша ақиқатқа жету мақсатында және тараптардың теңдігі қағидасы негізінде іске қатысты жинақталған барлық дәлелдемелерді тергеп-тексеру, салыстыстыру және ауызша тараптардың, процеске қатысушылардың айғақтарын тыңдаумен айналысатын процессуалдық әрекеттер жиынтығы.
Сотталушының кінәлілігі немесе кінәлі еместігі, оған жаза тағайындау не ақтау, қылмыстық іс бойынша ақиқатты анықтау мәселесі қылмыстық процестің барлық уақытында зерттеудің пәнін құрып келеді, бірақ тек басты сот талқылауының нәтижесінде, бірінші сатыдағы соттың үкімімен ғана сотталушының кінәлілігі, оған жаза тағайындау мәселесін шешуге өкілеттік берілгені белгілі. Сотталушының жасаған әрекетімен қылмыстық процесті жүргізуші органның шығарған шешімінің бір-біріне сәйкес келуі, ақиқаттың орнағандығын білдіреді. Осыған орай, ақиқатты анықтау тек сотқа ғана тиесілі деген бірнеше процессуалистердің көзқарасымен келісу мүмкін емес.
Мысалы, М.А. Чельцов-Бебутов осыған орай келесі жағдайды жазып өтті: «Кінәлілігі туралы мәселені тергеуші шешпейді, ол істі сотқа жіберу үшін деректердің жеткіліктілігін қарастырады» деген пікірде болды [11,40]. Мұндай пікірді кезінде профессор Т.Н. Добровольская да атап өткен болатын [12,97].
А.Л. Ривлин, алдын-ала тергеудегі анықталатын ақиқатпен сотта анықталатын ақиқат арасында дәлелдеудің белгілі бір айырмашылығы бар, егер, алдын-ала тергеу барысы айыпталушының кінәлілігін болжаса, басты сот талқылауы оған тағылған айыптаудың дұрыстығын анықтайды деп түсінді [13,108]. Демек, бірнеше авторлардың көзқарасы бойынша алдын-ала тергеудің сот тергеуінен айырмашьшығы, ол «іс бойынша ақиқатты анықтау» немесе «сотталуышының кінәлілігін анықтау», яғни қылмыстық қудалау органдары ақиқатты анықтамайды, бұл міндетті тек қана сот шешеді деген пікір.
Әрине, қылмыстық іс бойынша басты сот талқылауының негізгі мақсаты әрбір іс бойынша шынайы шындық пен ақиқатты анықтау болып табылады, себебі сот үкімінің заңды және негізді болуы тиіс. Дегенмен, сотталушының кінәлі немесе кінәлі еместігі туралы мәселені тек сот шешеді деген пікір, ол тергеушіні немесе прокурорды бұл мәселені шешуден босатпайтындығын ескеру қажет. Себебі, тергеуші мен прокурор үшін бір ақиқат, ал судья үшін бір ақиқат болуы мүмкін емес екендігін айта отырып, И.Д. Перлов сотқа дейінгі тергеп-тексеру, прокуратура және сот органдарының мақсаты да міндеті де бір, олар қылмыстық іс бойынша ақиқатты анықтау, сондықтан ақиқат - бәріміз үшін біреу ғана деп өте орынды атап өткен [14,27].
А.С. Нуралиеваның көзқарасын қолдай отырып, ақиқаттың анықталуын тек соттан ғана емес, сотқа дейінгі қылмыстық ізге түсу қызметінен де талап ету қажет деп есептейміз. Тергеп-тексеру мен сот органдары шешімдерінің айырмашылығы анықталған ақиқат сипатымен ерекшеленеді. Сотқа дейінгі тергеу сатысындағы ақиқат айыптау үшін негізге алынса, басты сот талқылауы сатысындағы ақиқат ол үкім шығару үшін негізге алынады [15,11].
Сондай-ақ айыпталушының кінәлілігі немесе кінәсіздігі туралы мәселені тергеуші мен проқурор да анықтай отырып, өз шешімдерімен қылмыстық істі қысқартуы мүмкіндігі де белгілі.
Ақиқатты анықтау кепілі ретінде қылмыстық сот ісін жүргізуге негізделген ережелердің бірі сот, прокурор, тергеуші, анықтаушы істі дұрыс шешуге қажетті және жеткілікті мән-жайларды жан-жақты, толық және объективті зерттеу үшін заңда көзделген барлық шараларды қолдануға міндет жүктесе, кінәсіздік презумпциясы, айыптау үкімін болжамдарға негіздеуге болмайды және ол ақиқат дәлелдердің жеткілікті жиынтығымен расталуы тиіс деген міндет жүктейді. Кінәлі адамға жаза тағайындау немесе кінәсізді ақтау арқылы заңды және негізді үкім шығару мақсатында сот тергеуінің жоғары деңгейде жүргізілуін соттың қамтамасыз етуі, дәлелдеудің мақсатымен, яғни ақиқаттың мазмұнымен сипатталады.
Э.М. Мурадьян сот үшін ең қиын қызмет іс бойынша ақиқатты анықтау болып табылатындығын атап өткен [16,98]. Әрине жаза тағайындау әрі қиын әрі жауапты міндеттің бірі, себебі соттың шешімі адам тағдырымен, оның болашағымен тікелей байланысты. Осыған орай, сотталушыға қандай да бір жаза тағайындау барысында, оның кінәлілігін болжауға, оның кінәсінің бар-жоғына күдіктенуге үзілді-кесілді болмайды, соттың міндеті сотталушының кінәлілігіне толық көз жеткізуімен байланысты. Сотталушының кінәлілігіне көз жеткізу, біріншіден, басты сот талқылауы арқылы орын алады, онда қылмыстық іс жүргізудің барлық принциптері басшылыққа алынады, екіншіден, сот тергеуінде зертгелген дәлелдемелер ғана сотталушының кінәлілігін растап, үкімге негіз бола алады, ол үшін соттың белсенділігі мен тараптардың шынайы бәсекелестігі маңызды, сонда ғана адамның кұқықтары мен бостандықтарының қорғалуы арқылы әрбір іс бойынша ақиқаттың орнауына сенім білдіре аламыз.
Дәлелдеу процесіндегі ақиқаттың мазмұны қылмыстық сот ісін жүргізудің міндеттерімен ұштасқан, яғни қылмыстарды тез және толық ашуға, оларды жасаған адамдарды әшкерелеуге және қылмыстық жауапқа тартуға, әділ сот талқылауы және қылмыстық заңды дұрыс қолдануға, сондай-ақ адамды және азаматты негізсіз айыптау мен соттаудан, олардың құқықтары мен бостандықтарын заңсыз шектеуден қорғауға, кінәсіз адам заңсыз айыпталған немесе сотталған жағдайда - оны дереу және толық ақтауды қамтамасыз етуге бағытталған. Дәлелдеу процесінде іске қатысы бар деректермен қатар қылмыстық-құқықтық мәнге ие деректер де анықталуға жатады. Оқиғаның орын алуына байланысты іс жүзіндегі деректер, қылмыс құрамының және қылмыс белгілерінің барлық элементтері қылмыстық іс бойынша дәлелдеу процесі үшін маңызды. Қылмыстық іс бойынша ақиқат нақты болуы тиіс. Қазіргі таңда, қылмыстық іс бойынша ақиқатқа жету қажеттілігі мен мүмкіншілігі туралы көзқарастар қалыптасуда. Бірнеше процессуалистердің пікірі бойынша қылмыстық істе ақиқатқа жету мүмкін емес деп есептейді. Мысалы, А.С. Пиголкин, «Әрбір іс бойынша ақиқатқа жету мүмкін деп елестетуге болмайды. Іс бойынша барлық мүмкін құралдарды қолдансақ та, күмәннің сейілметіні анық» деп қарастырса [17,38], келесі процессуалистер қылмыстық іс бойынша ақиқатқа жету мақсатынан бас тартуы мүмкін емес деп есептейді. Мысалы, Н.А. Якубович «Іс бойынша ақиқаттың анықталмауы, қылмыстың ашылмағанын білдіреді» деп орынды қарастырған [18,8]. Аталған оң көзқарасты қолдай отырып, ақиқатқа қол жеткізу мақсатынан бас тарту, ол істің ашылуынан, соттың шешімінің дұрыстығынан, тіпті құқықтық мемлекеттен бас тарту деп түсінуге болады. Қылмыстық іс жүргізудегі дәлелдеу жолымен, яғни әрбір іс бойынша дәлелдеуге жататын мән-жайлармен ғана ақиқаттың анықталатыны сөзсіз. Әрбір қылмыстық істің ашылуын заң талап етеді, демек, әрбір іс бойынша ақиқатты анықтау қылмыстық ізге түсудің, сот органдарының мүмкіншілігі емес, тікелей міндеті болып келеді.
Сотпен талқыланған әрбір іс бойынша ақиқатты анықтау, соттың заңды және негізді үкім шығаруы, тәрбиелік жұмыс атқаруы, қылмыс жасауға септігін тигізген себептерді анықтап, оны шеттетуі сот талқылауының мақсаты болып табылады. Аталған мақсатқа жету үшін, сотпен тексерілуге және зерттелуге жататын дәлелдемелердің көлемі мен шегі дұрыс анықталуы тиіс. Қылмыстық іс бойынша ақиқатты тану үшін, сотта зерттелуге жататын дәлелдемелердің шеңберін, қылмыс оқиғасының болуы не болмауы, сотталушының кінәлілігі не кінәсіздігіне қатысты мән-жайлардың толық түсінікті болуын міндеттейді [14,37-38].
Дәлелдемелерді толық, жан-жақты зерттеу арқылы және тергеу мен сот органдарының объективтілігі негізінде ғана әрбір іс бойынша ақиқатты анықтау міндетіне соттың қол жеткізетіні белгілі.
Іс бойынша дәлелдемелерді, ондағы деректерді анықтау барысында адамның санасында немесе іздерде пайда болған өзгерістерді төрағалық етушінің және тараптардың ескеруі тиіс. Сонымен қатар, жеке қайнар көздегі ақпараттарды қабылдау, жеткізу және есте сақтау процесінен пайда болған объективті және субъективті факторлар да ескерілуге жатады. Яғни, қылмыстың оқиғасын, уақытын, орнын, қылмысқа қатысты тұлғаның кінәлілігін, оның жағдайын ауырлататын немесе жеңілдететін деректер және басқа да қылмыстық құқыққа қатысты маңызды және жазаны дұрыс тағайындауға көмегін тигізетін іс жүзіндегі деректердің негізінде ғана соттың үкімі шығарылуы тиіс.
Қылмыстық іс жүзіндегі деректер және оның құқықтық сипаты - шындықтың, ақиқаттың мазмұнын құрайды. Дегенмен, істің нәтижесін тұжырымдауда прокурордың, тіпті соттың да қателесуі мүмкін, бірақ, мұндай қателіктер адамзат танымының сипаты мен табиғатында көрініс таппаған. Егер дәлелдемелер жинау барысында уақыттың өтуі және басты сот талқылауында төрағалық етуші мен тараптарға белгісіз болған тағы да басқа негіздерге байланысты қателіктер жіберілсе, онда мұндай қателіктерді жоюға, іс шешімінің дұрыстығын қамтамасыз етуге әділдікті орнатуға сот шешімінің күшін жоя отырып, ақиқатты анықтауға мүмкіншілік тағы бар. Дегенмен, дәлелдеудің міндетін анықтай отырып, әрбір іс бойынша ақиқатты анықтау қажеттілігін, қылмыстық ізге түсу мен сот органдарының әрбір жасаған тұжырымдарының дұрыстығын көздей білуі қажет. Ақиқатты анықтау үшін заңда көрсетілген барлық шараларды соттың тікелей қолдануы тиіс, яғни қылмыстың болған мән-жайын дұрыс және толық анықтай отырып, оның шындыққа сәйкес келуін тануда сот өзінің бар күш-жігерін салуы керек. Жасалған әрекеттер мен деректердің күмәнсіз дәлелденуі ақиқаттың мазмұнын білдіреді. Ақиқат шынайылықтың негізі, яғни сот шешімінің шындыққа сәйкес келуі, егер сот төрелігінің актісі істің мән-жайына және дәлелдемелердің дұрыстығына жауап бермесе, онда шешімнің шындығы күмән тудырады, деген Н.А. Абдикановтың пікірімен толық келісеміз [19,117]. Сот актісінің дұрыстығы, соттың белсенділігімен тікелей байланысты, яғни ақиқатты іздеуде, оны анықтауда бар күш-жігерін салуы керек. Соттардан, прокурорлардан (мемлекеттік айыптаушылардан), адвокаттардын жүргізілген сұраунамалық деректердің нәтижесінде қылмыстық іс жүргізудің мақсаты - адамдар мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жолымен ақиқатты анықтау деп танығандар саны- 38% құрады, ал 30% әділ жаза тағайындау деп таныса, - 30% адамдар мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау деп таныды, 2% ғана қылмысты тез және толық ашу деп көрсетті.
Жоғарыдағы мәліметтерді тұжырымдай келе, қылмыстық іс бойынша ақиқат - дәлелдеудің мақсаты ретінде танылса, қылмыстық сот ісін жүргізудің мақсаты - процеске қатысушылардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жолымен қылмыстық іс бойынша ақиқатты анықтау болып табылады деген пікірдеміз.
Осыған орай, қылмыстық сот ісін жүргізудің мақсаты, ол қылмыстық іс бойынша шындық пен ақиқатқа қол жеткізу деп танылғандықтан, оны заңды түрде бекіту қажет деп есептейміз, яғни ҚР қылмыстық сот ісін жүргізу мақсаты, қылмыстық іс жүргізуде азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау арқылы іс бойынша ақиқатқа қол жеткізу.
Сот тергеуі кезінде кез-келген қылмыстық-процестік нормалары мен қағидаларының бұзылуы іс бойынша мән-жайлардың дұрыс зерттелмеуіне, шешімдердің объективті еместігіне әкеп соғады. Бұл, өз кезегінде, шешімнің өзгеруіне, белгілі бір бөлігінің немесе түпкілікті күшінің жойылуына әкеп соғуы мүмкін.
Сот тергеуін басты сот талқылауында тараптардың қатысуымен тек қана сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында жинақталған дәлелдемелерді және соған қатысты тергеуші немесе анықтаушының шешімдерінің тыңдалуы деп қарастырмау қажет. ҚПК-нің 24-бабы (Iстiң мән-жайларын жан-жақты, толық және объективтi зерттеу) негізінде сот тергеуін іс бойынша жинақталған материалдарды сот отырысында негізі бойынша тараптардың ойларын ескере отырып жан-жақты, толық және объективтi зерттеу ретінде қарастыру керек. Бұл сатыда іс бойынша барлық мүмкін болатын жағдайлар ескеріледі. Сот тергеуінің маңызы бірінші сатыдағы сот процеске қатысушылардың белсенді қатысуымен дәлелдемелердің жіберілетіндігі, қатыстылығы, жеткіліктілігі және дұрыстығын анықтауда көрінеді. Осы әрекеттер егер дүрыс жасалған кезде, сот отырысының келесі сатыларына (сот жарыссөзі мен сот үкімі) жол ашады.
Сот тергеуi толық немесе қысқартылған тәртіппен жүзеге асырылады. Сондай-ақ, прокурордың – сотталушыға таққан айыптауының мәнiн баяндауынан, ал олар болмағанда сот отырысы хатшысының шағымды баяндауынан басталады. Жекеше айыптау iстерiнің ерекшелігі – шағым берген тұлғаның немесе оның өкiлiнiң шағымының баяндауынан басталуы. Осы бастама айыпталып отырған әрекеттің (әрекетсіздіктің) объективті жағын: орны, мерзімі, тәсілі және т.б., сондай-ақ субъективті жағын, оның ішінде: мақсаты және ниетін нақты анықтауға, сот тергеуінің қай бағытта жүзеге асатынын нақты белгілейді. Сот тергеуінің бастамасының бұл регламенті Конституция орнатқан жариялылық қағидасымен және басты сот талқылауы шарттарының, соның ішінде: тікелейлік және ауызша болуымен түсіндіріледі.
Сот тергеуінің осы регламенті бірдей сот және сотталушы үшін ыңғайлы болып табылады. Себебі, сотталушы өзіне қатысты айыптаудың мәнін ұғынады, ал сот іс бойынша мән берілу керек мән-жайларды және басты сот талқылауының шегін анықтайды.
Айыптау ауырлығы төмендеу түрiне өзгертiлсе не айыптаудың бiр бөлiгiнен бас тартылған жағдайда, прокурор сотқа айыптаудың жаңа уәжді тұжырымдалуын жазбаша түрде баяндауға тиіс. Жауапты прокурор айыптаудың мәнін баяндап болған соң, сотқа процестік келісім жасасу туралы ниетін құқылы.
Осыдан кейін төрағалық етушi сотталушыдан оған айыптаудың мәнінің түсінгенін не түсінбегенін сұрайды. Түсініксіз болған жағдайда оған айыптаудың мәнiн түсiндiредi және одан ҚПК-да көзделген жағдайларда, тағылған айыптауға өз ұстанымын сотқа хабарлау ниеті туралы сұралады. Сондай-ақ, мемлекеттік айыптаушымен процестік келісім немесе жәбірленушімен медиациялық тәртіппен татуласу үшін келісім жасасу ниетiнiң бар-жоғы анықталады.
Бұл сатыда сотталушыға бірқатар мәселелер баяндауы оның өзіне зиян келтiрметіні түсіндіріледі. Мысалы, сотқа дейінгі іс жүргізу кезінде бiлдiрiлген кiнәсiн мойындауы не мойындамауы. Өз кiнәсiн мойындайтыны немесе мойындамайтыны туралы сұраққа жауап беруге мiндеттi емес екенi де жоғарыда аталып кеткен мәселерге жатқызылады. Алайда, сотталушының өз кінәсін мойындауы және шын жүректен өкінуі оның жауапкершілігін және жазасын жеңілдететін мән-жайлар болып табылатыны ескерілуі тиіс, бұл туралы да ескертіледі. Сотталушы өз жауабын уәждеуге құқылы. Оның оған қойылған жоғарыда аталып кеткен сұрақтарға жауап бермеуi оның өз кiнәсiн мойындамауы деп түсiнiлуі тиіс. Бұл сұрақтарға азаматтық талапты (толық, iшiнара) мойындау-мойындамау мәселесі де жатқызылады, сот бұл туралы да сұрайды: жауап берсе, онда ол жауабын уәждеуге құқылы. Сотталушының жауап бермеуi оның азаматтық талап қоюды мойындамағаны деп түсiнiледi. Тараптар болса сотталушыға оның ұстанымын нақтылауға бағытталған, оның ішінде прокурормен процестік келісім жасасу туралы мәселе бойынша сұрақтар қоюға құқылы.
Дәлелдемелердi ұсыну және зерттеу тәртiбi. Сот тергеуiнде айтылып кеткендей айыптаушы және қорғаушы тараптары ұсынған дәлелдемелер шегінде зерттеледi. Дәлелдемелердi алдымен айыптаушы тарап ұсынады. Дәлелдемелердi зерттеу тәртiбi соттың тараптармен бірге ақылдаса отырып, сондай-ақ қылмыстың санаты, түрі және ерекшелігі ескеріле отырып айқындалады. Осыдан кейін, төрағалық етуші дәлелдемелердi зерттеу тәртiбiн белгiлеу не өзгерту мәселелерi бойынша қаулы шығарады.
Әдетте дәлелдемелерді зерттеу тәртібі былай болады: ең бірінші, сотталушыдан жауап алынады, сосын жәбірленуші, сосын келген куәлар, содан кейін іс бойынша деректер зерттеледі. Егер сотталушы өз кінәсін мойындамаған жағдайда, сот тергеуін сотталушыдан бастаған дұрыс болады.
Кейбір қиын және бірнеше эпизодтан тұратын істер бойынша, мысалы бірнеше сотталушы, жәбірленуші, көп куәлары бар, бірқатар сараптамалар жүргізілген болса, сот процеске қатысушылардан аралас тәртіпте жауап алуы мүмкін (эпизод бойынша және т.б.). Кейбір соттың қылмыс орнына өзі барып тексеру қажет болған жағдайларда (заттай дәлелдеменің мөлшерінің үлкендігіне байланысты), сот сот тергеуінің тәртібін өзгертуге немесе жаңадан орнатуға құқылы. Қандай жағдай болмасын, сот сот тергеуінің өткізілу тәртібі туралы қаулы шығарады.
Сот тергеуі кезінде сотталушыға айрықша құқық берілген: ол төрағалық етушінің рұқсатымен сот тергеуінің кез келген сәтінде айғақтар беруге құқылы.
Тәжірибе көрсеткендей: сот тергеуін бірінші кезекте кәмелетке толмағандардан бастау керек. Бұл тәсіл соттың іс деректерінен белгілі болған жасөспірімнің басқа қатысушылар тарапынан қысым көрсетуі себебінен ойын бірнеше рет өзгертуі кезінде тиімді болады. Кәмелетке толмағанмен бірге ересектің қылмыс жасағаны туралы істерде де бірінші жасөспірімнен жауап алынады. Кәмелетке толмағандарға байланысты қылмыстық істерді қарау кезінде заңда көрсетілгендей әрқашан жасөспірім тарапынан қорғаушы тағайындалады. Заңда көзделгендей педагог немесе психологтың қатысуы мүмкін.
Дәлелдемелерді зерттеу шегін, тәсілдерін мен құралдарын белгілеу – көбінесе жеке индивидуалды, іс бойынша ақиқатқа жету мақсатында ҚПК талап ететін жарыспалылық қағидасының көрінісі.
Сот тергеуінде факті бойынша дәлелдеу үрдісі сотқа дейінгі тергеп – тексеруде дәлелдемелерді жинау, зерттеу кезінде қылмыстық қудалау органы қызметкерлері тарапынан қалыптасқан жалпы оқиға көрінісінен айырмашылықтар болуы мүмкін. Сондықтан, сот тергеуінде тергеу эксперименті, жеке басын анықтау, зерттеу үшін үлгілерді алу сияқты процессуалдық әрекеттер талап етілуі мүмкін. Тәжірибеде адамның мәйiтін қарап-тексерумен ұштасатын процессуалды әректтер де кездескен болса, адамның жеке басын қарап-тексеру өте сирек.
Айтылғандарды ескере отырып, сот тергеуінің 3 негізгі бөліктен тұратынын ұғынамыз:
Соттың айыптау тарапына айыптау мәні бойынша сөз сөйлеуі (сот тергеуінің басталуы)
Дәлелдемелерді зерттеу тәртібін анықтаудағы соттың әрекеттері
Қылмыстық – процестік заңнаманың белгілеген тәртібі бойынша тікелей дәлелдемелерді зерттеу
Сотталушыдан жауап алу. Сотталушыдан жауап алудың алдында төрағалық етушi оған тағылған айыптау және iстiң басқа да мән-жайлары бойынша айғақ беру немесе бермеу құқығын, сондай-ақ сотталушының барлық айтқан сөздері өзiне қарсы пайдаланылуы мүмкiн екенiн түсiндiредi. «Миранда» постулатының бұл жерде орын табуы ғажап емес. Сотталушыдан сот тергеуі сатысында жауап алу тәртібі былайша: алдымен одан қорғаушы және процеске қорғаушы тарапынан қатысушылар, содан кейiн мемлекеттiк айыптаушы және процеске айыптаушы тарапынан қатысушылар жауап алады. Төрағалық етушi жетелеуші сұрақтарды және iске қатысы жоқ сұрақтардың қойылуын болдырмайды. Сот тараптардан кейін жауап алуға кіріседі. Алайда, нақтылау сұрақтары жауап алудың кез келген сәтінде қойылуы мүмкiн. Сотталушыдан басқа сотталушының қатысуынсыз жауап алуға тараптардың өтiнiшхаты немесе соттың бастамасы бойынша жол берiледi, бұл туралы қаулы шығарылады. Бұл жағдайда сотталушы сот отырысы залына қайтып келгеннен кейiн оған өзi болмаған кезде сот отырысының хаттамасына енгiзiлген айғақтар оқылады және өзi болмағанда жауап алынған сотталушыға сұрақ қою мүмкiндiгi берiледi.
Сотталушының айғақтарын жария ету. Сотталушының iс бойынша сотқа дейiнгi дайындық барысында берген айғақтарын жария етуге сотталушы сотта айғақ беруден бас тартқан кезде, iс сотталушының қатысуынсыз қаралса, сот талқылауы мен сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында берiлген айғақтардың арасында елеулi қайшылықтар болған кезде жол берiледi. Жария етумен бірге жауап алу хаттамасына қоса берiлген оның айғақтарының аудио-видео жазбасын тыңдатуға не көрсетуге де рұқсат етіледі.
Алайда, тиiстi жауап алу хаттамасындағы немесе сот отырысы хаттамасындағы айғақтарды алдын ала жария етпей тұрып, аудио-видеожазбаны және кино түсiрiлiмiн тыңдатып-көрсетуге жол берiлмейдi.
Жәбiрленушiден жауап алу. Жәбiрленушiден куәлардан жауап алумен бірдей қағидалары бойынша жауап алынады. Жәбiрленушi сотталушы сияқты төрағалық етушiнiң рұқсатымен сот тергеуiнiң кез келген сәтінде айғақтар беруге құқылы.
Куәлардан жауап алу. Куәлардан жеке-жеке және жауап алынбаған куәлардың қатысуынсыз жауап алынады. Жауап алудың алдында төрағалық етуші куәнің жеке басын анықтап алады және оның сотталушыға және іске қатысатын басқа тұлғаларға деген қарым-қатынасын анықтайды. Іс бойынша шынайы айғақтар беру оның азаматтық борышы мен міндеті екенін, сондай-ақ айғақтар беруден бас тартқаны және көрінеу жалған айғақтар бергені үшін жауаптылығын түсіндіреді. Куәға, сондай-ақ, оның куәлік иммунитеті – өзіне, өз жұбайына (зайыбына) және жақын туыстарына қарсы айғақтар беруден, ал діни қызметшілерге (поптарға) – тәубе үстінде өздеріне ішкі сырын сеніп ашқан адамдарға да қарсы айғақтар беруден бас тартуға құқылы екені түсіндіріледі. Заң бойынша айғақ беру міндетінен босатылған, бірақ айғақ беруге тілек білдірген адамдарға олардың көрінеу жалған айғақ бергені үшін жауаптылығы түсіндіріледі. Куәға ҚПК-нің 78-бабында көзделген оның басқа құқықтары мен міндеттері де түсіндіріледі:
Куәнiң:
1) куәлік иммунитетін пайдалана отырып, тиісті тұлғаларға қарсы айғақтар беруден бас тарту;
2) ана тiлiнде не басқа да бiлетiн тiлде айғақтар беру;
3) аудармашының көмегiн тегiн негізде пайдалану;
4) аудармашыға қарсылық білдіру;
5) хаттамасының жауап алу бөлігіне айғақтарды өз қолымен жазуға;
6) анықтаушының, тергеушінің, прокурордың және соттың әрекеттерiне (әрекетсіздігіне) шағым келтіруге, өзінің құқықтары мен заңды мүдделерiне қатысты, оның ішінде қауіпсіздік шараларын қолдану туралы өтінішхаттар мәлімдеу.
Куә:
1) анықтаушының, тергеушінің, прокурордың және соттың шақыруы бойынша келуге;
2) іс бойынша ақпаратты білу шынайы түрде хабарлауға және қойылған сұрақтарға жауап беруге;
3) тергеу әрекеттерін жүргізген кезде және сот отырысы уақытында белгіленген тәртіпті сақтауға міндетті.
Егер адам қылмыстық құқық бұзушылық туралы арызда және хабарда оны жасаған адам ретінде көрсетілсе не қылмыстық процеске қатысатын куә оған қарсы айғақ берсе, бірақ мұндай адамға процестік ұстап алу қолданылмаса не оны күдікті деп тану туралы қаулы шығарылмаса, онда ол қорғалуға құқығы бар куә мәртебесін алады.
Қорғалуға құқығы бар куәнің:
1) қылмыстық жазаланатын іс-әрекет немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасағаны үшiн оның өзiн, жұбайын (зайыбын) немесе жақын туыстарын қудалауға әкеп соқтыратын айғақтар беруден бас тартуға;
2) өз бетінше немесе үшінші тұлғалар арқылы адвокат шақыртуға;
3) жауап алу басталғанға дейін өзі таңдаған, қорғаушы ретінде қатысатын адвокаттың қатысуымен айғақтар беруге;
4) ана тiлiнде не басқа бiлетiн тiлде айғақтар беруге;
5) аудармашының тегiн көмегiн пайдалануға;
6) аудармашыға қарсылық білдіруді мәлімдеуге;
7) хаттаманың жауап алу бөлігінде өз айғақтарын өз қолымен жазуға;
8) қарсылық білдірулерді мәлімдеуге;
9) өзіне қарсы куә болғандармен беттесуге;
Қорғалуға құқығы бар куә: соттың, прокурордың, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның шақыруы бойынша келуге; тергеу әрекеттерін жүргізген кезде және сот отырысы уақытында белгіленген тәртіпті сақтауға міндетті.
Куә сөз сөйлеместен бұрын мынадай ант береді: "Сотқа іс бойынша өзіме белгілі болған барлық мән-жайды, тек қана шындықты, барлық шындықты айтуға және шындықтан басқа ешнәрсе айтпауға ант етемін". Куәдан оған өз міндеттері мен жауаптылығының түсіндірілгені туралы қолхат міндетті түрде алынады. Сосын қолхат сот отырысының хаттамасына қоса тігіледі.
Куәдан айыптаушы, жәбiрленушi, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер және олардың өкiлдерi, сотталушы және оның қорғаушысы жауап алады. Бiрiншi болып өтiнiшхаты бойынша сот отырысына осы куә шақырған тарап сұрақтар қояды. Төрағалық етуші куәға одан тараптар жауап алып болғаннан кейiн сұрақтар қояды. Куә өзінің талап етуi бойынша сотқа ұсынылуға тиіс жазбаларды пайдалануға құқылы. Куәға өз айғақтарына қатысты қолында бар құжаттарды оқып шығуға рұқсат берiледi. Бұл құжаттар сотқа ұсынылады және оның қаулысы бойынша iске қоса тiгiлуi мүмкiн. Жауап алынған куәлар сот отырысы залында қалады және олар сот тергеуi аяқталғанға дейiн соттың рұқсатынсыз және тараптардың келiсiмiнсiз одан шығып кете алмайды.
Сот талқылауына қатысатын адамдардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жағдайларында, куәнiң және оның жақындарының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында сот куәнiң жеке басы туралы нақты деректердi жарияламай, оны процестің басқа қатысушылары көрмейтiндей қылып одан жауап алуға құқылы. Бұл туралы қаулы шығарылады. Сот куәдан жауап алуды ол болатын не тұратын аумақтағы аудандық (облыстық) сотқа оны шақырта отырып, бейнебайланыс режимінде (қашықтықтан жауап алу) ғылыми-техникалық құралдарды пайдалана отырып, ҚПК-нің 213-бабының (Ғылыми-техникалық құралдарды пайдалана отырып, бейнебайланыс режимінде жауап алудың (қашықтықтан жауап алу) ерекшеліктері) қағидалары бойынша жүргізуі мүмкін.
Кәмелетке толмаған жәбiрленушiден, куәдан жауап алу ерекшелiктерi. Кәмелетке толмаған куәдан не жәбірленушіден жауап алу кезінде оның заңды өкiлдерi мен педагог қатысады. Көрсетілген адамдар төрағалық етушiнiң рұқсатымен жәбiрленушi не куә болып табылатын жасөспірімге сұрақтар қоя алады.
Он алты жасқа толмаған жәбiрленушiден не куәдан жауап алудың алдында төрағалық етушi оған шынайы және толық айғақтардың iс үшiн маңызын түсiндiредi. Көрсетілген адамдарға олардың айғақтар беруден бас тартқаны не көрiнеу жалған айғақтар бергенi үшiн жауаптылығы көзделмейді және ол туралы ескертілмейді де қолхат алынбайды.
Тараптардың өтiнiшхаты немесе соттың бастамасы бойынша кәмелетке толмаған жәбiрленушiден және куәдан жауап алу сотталушының қатысуынсыз жүргiзiлуi мүмкiн, сот бұл туралы қаулы шығарады. Сотталушы сот отырысының залына қайтып келгеннен кейiн оған кәмелетке толмаған жәбiрленушiнiң, куәнiң айғақтары жария етiледi, жәбiрленушiге, куәға сұрақ қою және олардың айғақтарына орай өз айғақтарын беру мүмкiндiгi берiледi.
Сот он сегiз жасқа толмаған жәбiрленушiнің, куәның әрi қарай қатысуы қажет деп таныған жағдайлардан басқа, олар өздерінен жауап алу аяқталғаннан кейiн сот отырысы залынан шығарылады.
Егер тергеу судьясы кәмелетке толмаған процеске қатысушының сотқа дейінгі іс жүргізу барысында берген айғақтарын сақтауға қойған болса, олар қатысты сот отырысында іс жүргізілушілік әрекеттерге қатыстырылмайды.
Жәбiрленушiнің және куәнiң айғақтарын жария ету. Сот талқылауында жәбiрленушiнің және куәнiң iс бойынша сотқа дейiнгi iс жүргiзу не осыдан алдыңғы сот талқылауы кезiнде берген айғақтарын, сондай-ақ олардан жауап алудың видеожазбасы мен киноға түсiрілімін ҚПК-нің 377-бабы (Сотталушының, жәбiрленушiнiң, куәнiң айғақтарын, сондай-ақ хаттамалар мен құжаттарды жария ету тәртiбi) тәртібімен жария етуге мынадай жағдайларда жол берiледi:
1) аталған айғақтар мен олардың сотта берген айғақтары арасында елеулi қайшылықтар болған кезде;
2) жәбiрленушi не куә олардың сот талқылауына келу мүмкiндiгiн жоққа шығаратын себептер бойынша сот отырысына қатыспаған кезде;
3) тергеу судьясы айғақтарды сақтауға қойған кезде.
Жәбiрленушi және куә берген айғақтардың аудио жазбасын, олардан жауап алудың видеожазбасы мен киноға түсiрілімін тыңдатып-көрсету ҚПК-нің 368-бабының (Сотталушының айғақтарын жария ету) екiншi бөлiгiнде белгiленген қағидалар бойынша орын алуы мүмкiн.
Сот талқылауындағы сараптама. Сот тараптардың өтiнiшхаты не өз бастамасы бойынша сараптама тағайындауға құқылы. Төрағалық етуші өзі бастаған жағдайда сараптама жүргізуді кімге тапсырғаны туралы хабарлауға тиіс. Содан кейін сараптама жүргізу тапсырылған адамға қарсылық білдіру және оның өздігінен бас тартуы туралы өтінішхаттар болмаған кезде, сот кеңесу бөлмесіне кетпестен оны іс бойынша сарапшы ретінде тарту туралы қаулы шығарады. Сарапшы болып тағайындалған адамға соттың сараптаманы тағайындауы туралы қаулысының көшiрмесi табыс етіледі. Оған қоса оның құқықтары мен мiндеттерi түсiндiрiледi. Содан кейін сарапшыға оның процестік өкілеттіктерін түсіндіреді және оған көрінеу жалған қорытынды бергені үшін қылмыстық жауаптылығы туралы ескертіліп, ол бұл туралы қолхат береді. Сотта сараптама жүргiзу ҚПК-нің 35-тарауында жазылған қағидалар бойынша жүзеге асырылады. Сарапшы сот отырысында төрағалық етушiнiң рұқсатымен сараптама нысанасына қатысты мән-жайларды зерттеуге қатысуға: жауап алынатын адамдарға сұрақтар қоюға, қылмыстық iстiң материалдарымен танысуға, сараптама нысанасына қатысты барлық сот әрекеттерiне қатысуға құқылы. Төрағалық етушi iс үшiн маңызы бар барлық мән-жайлар анықталғаннан кейiн тараптардың сарапшыға сұрақтарын жазбаша түрде беруін ұсынады. Қойылған сұрақтар жария етiлуге жатады және олар бойынша сот талқылауына қатысушылардың пiкiрлерi тыңдалуға тиiс. Тараптар сараптамалық зерттеу объектiсi ретiнде нәрселерді, құжаттарды ұсынуға құқылы. Сот оларды осындайлардың қатарынан шығара отырып, уәжді қаулы шығаруға мiндеттi. Сот мәселелердi қарап және олар бойынша тараптардың пiкiрлерiн тыңдап, өз қаулысымен олардың iшiнен iске қатысы жоқтарын немесе сарапшының құзыретiне жатпайтындарын алып тастайды да жаңа мәселелердi тұжырымдайды. Сот тараптардың пiкiрлерiн тыңдап болып, сот отырысын зерттеу жүргiзу үшiн қажеттi уақытқа кейiнге қалдыруға құқылы. Сарапшы қорытындыны жазбаша түрде бередi және оны сот отырысында жария етедi, содан кейiн одан жауап алу ҚПК-нің 374-бабында көзделген қағидалар бойынша жүргiзiлуi мүмкiн. Сарапшының қорытындысы iске қоса тiгiледi. Сот талқылауында сараптама жүргiзiлген соң, ҚПК-нің 287-бабында көзделген жағдайларда сот қосымша не қайталама сараптама тағайындауға құқылы. Iс бойынша сотқа дейiнгі iс жүргiзу барысында қорытынды берген сарапшы сотқа шақырылған жағдайда, сот қорытындыны жария еткен соң, сараптама тағайындамауға және сарапшыдан жауап алумен шектеледі. Оның қатыстырылуы тараптардың қарсылығын туғызбауы керек, туғызса да сот оны қанағаттандырмау оның қатысуына шарт.
Сарапшыдан жауап алу. Сарапшыдан жауап алу ҚПК-нің 285-бабы төртінші бөлігінің талаптары ескеріле отырып, қорытынды жария етiлгеннен кейiн ғана оны түсiндiру, нақтылау немесе толықтыру үшiн жүргiзiлуi мүмкiн. Сарапшыдан бiрiншi болып өтiнiшхаты бойынша сараптама тағайындалған тарап жауап алады. Егер сараптама тараптар арасындағы келiсiм бойынша немесе қылмыстық процесті жүргізетін органның бастамасы бойынша жүргiзiлсе, сарапшыдан бiрiншi болып айыптаушы тарап, содан соң қорғаушы тарап жауап алады. Сот жауап алудың кез келген сәтiнде сарапшыға сұрақтар қоюға құқылы.
Заттай дәлелдемелердi қарап-тексеру. Сот тергеп-тексеру сатысында iске қосылған және жаңадан ұсынылған заттай дәлелдемелерді сот тергеуi барысында қарап-тексеруге және тараптарға ұсынуға тиiс. Заттай дәлелдемелердi қарап-тексеру сот тергеуiнiң кез келген сәтiнде тараптардың өтiнiшхаты бойынша да, сондай-ақ соттың бастамасы бойынша да жүргiзiледi. Заттай дәлелдемелер куәлардың, сарапшының, маманның қарап-тексеруі үшiн ұсынылуы мүмкiн. Өздеріне заттай дәлелдемелер ұсынылған адамдар соттың назарын заттай дәлелдемелердi қарап-тексеру кезінде анықталған, iс үшiн маңызы бар мән-жайларға аударуға құқылы. Сот заттай дәлелдемелердi қарап-тексеруді олар тұрған жерде қарап-тексеру қағидаларын сақтай отырып жүргiзе алады.
Тергеу әрекеттерiнiң хаттамалары мен құжаттарын жария ету. Қарап-тексеру, куәландыру, алу, тiнту, мүлiкке тыйым салу, ұстап алу, тану үшiн көрсету, тергеу экспериментi, телефонмен сөйлесудi тыңдау кезiнде белгiлi болған мән-жайлар мен фактiлерді куәландыратын тергеу әрекеттерiнiң хаттамалары, сондай-ақ, оларда iс үшiн маңызы бар мән-жайлар баяндалған не куәландырылған болса, iске қоса тiгiлген немесе сот отырысында ұсынылған құжаттар толық не iшiнара жария етiледі. Сот отырысына ұсынылған құжаттар соттың қаулысы бойынша iске қоса тiгiлуi мүмкiн.
Сотталушының, жәбiрленушiнiң, куәнiң айғақтарын, сондай-ақ хаттамалар мен құжаттарды жария ету тәртiбi. ҚПК-нің 368, 372 және 376-баптарында көзделген жағдайларда, сотталушының, жәбiрленушiнiң, куәнiң айғақтарын, сондай-ақ тергеу әрекеттерiнiң хаттамалары мен құжаттарды олардың жария етілуі туралы өтiнiшхат берген тарап не сот жария етедi.
Жергілікті жерді және үй-жайды қарап-тексеру. Сот жергілікті жерді және үй-жайды қарап-тексеруді, негізінде, тараптардың қатысуымен жүргiзедi. Қажет болғанда, куәлар, сарапшы мен маман қатыстырылады. Аталған процессуалдық әрекет сотқа дейінгі тергеу кезінде тексерілмесе не тиісті дәрежеде тексерілмесе жүргізіледі. Қарап-тексерілетін жерге келген соң төрағалық етушi сот отырысының жалғасатындығы туралы жариялайды және сот қарап-тексеруге кiрiседi. Бұл ретте сотталушыға, жәбiрленушiге, куәларға, сарапшы мен маманға қарап-тексеруге байланысты сұрақтар қойылуы мүмкiн.
Тану үшін көрсету, куәландыру, айғақтарды сол жерде тексеру және нақтылау, эксперимент жүргiзу, үлгiлер алу. Аталған процессуалдық әрекеттер сот талқылауында тараптардың қатысуымен, ҚПК-нің 223, 229, 257 және 258-баптарында және 34-тарауында көзделген қағидалар сақтала отырып, сот қаулысы бойынша жүргiзiледi. Айрықша қажет болған жағдайларда, тану үшiн көрсету, куәландыру, эксперимент, үлгiлер алу жабық сот отырысында жүргiзiлуi мүмкiн. Куәландырылушыны жалаңаштау арқылы куәландыруды жеке үй-жайда дәрiгер не өзге маман жүргiзедi, олар куәландыру актiсiн жасап, оған қол қояды. Содан соң көрсетілген адамдар сот отырысы залына оралып, онда тараптардың және куәландырылған адамның қатысуымен, егер куәландырылушының денесiнде іздер мен белгiлер табылса, олар туралы сотқа хабарлайды, тараптардың және судьяның сұрақтарына жауап бередi. Ақыры соңында куәландыру актiсi iске қоса тiгiледi.
Дәлелдемелердi зерттеудi шектеу. Прокурор айыптау дәлелдемелерiнің зерттелуін көрсетілген өтiнiшхат қозғалған кезге қаралған дәлелдемелермен шектеу туралы өтiнiшхат беруге құқылы. Сот тараптардың пiкiрлерiн тыңдап, бұл өтiнiшхатты қанағаттандыруға құқылы. Қорғаушы тарап сотталушының, оның заңды өкiлiнiң, қорғаушының, азаматтық жауапкердiң не оның өкiлiнiң өтiнiшхаты бойынша ұсынылған және iске қоса тiгiлген дәлелдемелердi зерттеуден бас тартуға құқылы. Мұндай бас тарту сот үшiн мiндеттi болып табылады. Бұл әрекет соттың іс бойынша дәлелдемелерді зерттеу бойынша қылмыстық-процессуалдық қызметін үзуге және сот тергеуі рәсімін басты сот талқылауының келесі бөлігіне аттап өтуге бағытталған. Осылайша, бұл құқықтық институт қылмыстық процессті оңтайландыруды көздейді.
Сот тергеуiнiң аяқталуы. Төрағалық етушi дәлелдемелердi зерттеу аяқталғаннан кейiн:
1) тараптарға – олардың сот жарыссөзiнде, ал соттың – үкiм шығару кезiнде тек сот тергеуiнде қаралған дәлелдемелерге ғана сiлтеме жасауға құқылы екендiгiн түсiндiредi;
2) тараптардан олар сот тергеуiн толықтыруды қалайтынын-қаламайтынын және немен толықтырғысы келетiнiн сұрайды.
Тараптар сот тергеуiн толықтыру үшін өтiнiшхаттар мәлiмдеген жағдайда, сот осы өтiнiшхаттарды қарастырады және оларды шешедi. Өтiнiшхаттарды шешкеннен және қажеттi сот әрекеттерiн орындағаннан кейін, сондай-ақ сот тергеуiн толықтыру туралы өтiнiшхат қозғалмаған немесе сот оларды уәждi түрде қабылдамаған жағдайларда, төрағалық етушi сот тергеуiн аяқталды деп жариялайды.
Iстiң қысқартылған тәртiппен сотта талқылануы. Онша ауыр емес, ауырлығы орташа қылмыстар, сондай-ақ ауыр қылмыстар туралы істер бойынша сот талқылауы, мынадай шарттар болған кезде:
1) сотталушы өзiнiң кiнәсiн толық не ішінара, оның iшiнде қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген зиянның мөлшерін және өзiне қойылған азаматтық талаптарын мойындаса;
2) сотқа дейiнгi іс жүргiзу барысында процеске қатысушылардың құқықтарын бұзуға немесе қысым көрсетуге жол берiлмесе;
3) процеске қатысушылар iс бойынша жиналған дәлелдемелердiң қатыстылығы мен жол берілетіндігіне дауласпаса және оларды сот отырысында зерттеудi талап етпесе;
4) іс бойынша сотқа дейінгі жеделдетілген іс жүргізу кезінде;
5) процестік келісім немесе медиациялық тәртіппен татуласуға қол жеткізу туралы келісім жасалған кезде қысқартылған тәртiппен жүргiзiледі.
Iстi сотта талқылаудың қысқартылған тәртiбi сотталушыдан, жәбірленушіден жауап алудан, процестік келісім немесе медиациялық тәртіппен татуласуға қол жеткізу туралы келісім жасасу мән-жайлары, азаматтық талап қою және процестік шығындар бойынша төлемдердің мерзімі мен тәртібі туралы мәселелерді анықтаудан ғана тұрады. Қысқартылған сот талқылауы он тәулікке дейінгі мерзімде аяқталуға тиіс, айрықша жағдайларда бұл мерзім судьяның уәжді қаулысымен жиырма тәулікке дейін ұзартылуы мүмкін. Сот, егер сот отырысы барысында қысқартылған тәртіппен сот талқылауына кедергі келтіретін мән-жайлар анықталса, сот тергеуiн толық көлемде жүргiзу туралы қаулы етеді.
Қылмыстық-процестік кодексі процеске қатысатын прокурордың айыптаудың өзгертілген түрін жазбаша түрде табыстауын қарастырмаған. Айыптаудың өзгертілген түрінің немесе мүлдем қайтарудың жазбаша түрін табыстау Жоғарғы Соттың нормативті қаулысында аталған. Алайда, бұл нормативтік құқықтық акт кодекске қарағанда төмен тұрады.
