- •1 Басты сот талқылауының түсінігі, маңызы және міндеттері
- •2 Бacты coт тaлқылayын тaғaйындay тypaлы мәceлeнi шeшy жәнe coттың oтыpыcынa дaйындық ic-әpeкeттep
- •3 Бacты coт тaлқылayының жaлпы шapттapы
- •Бacты coт тaлқылayының қayлы шығapy тәpтiбi.
- •2 Басты сот талқылау шегі.
- •2.2 Басты сот талқылауының дайындық бөлігі
- •Басты сот талқылауындағы сот жарыссөзі және сотталушының соңғы сөзі – тараптардың тең құқылығы мен жарыспалылығының сахнасы ретінде
- •2.3 Сот тергеуі
Басты сот талқылауындағы сот жарыссөзі және сотталушының соңғы сөзі – тараптардың тең құқылығы мен жарыспалылығының сахнасы ретінде
Сот тергеуi аяқталған соң төрағалық етушi соттың сот жарыссөзiне көшетiнiн хабарлайды
Сот жарыссөзі – басты сот талқылауының 3-ші бөлігі. Процеске қатысушылар өз ұстанымын сотқа жеткізу немесе қарсы тараптың айғақтарына қарсы шығу арқылы нақтылап құрастыруға мүмкіндігі берілген сот талқылауының шарықтау шегі. Осылайша, жарыспалылық қағидасы негізінде екі қарама – қарсы көзқарастың ойларының тыңдалуы арқылы барлық дәлелдемелер қаралғаннан кейін тараптардың жалпы ұстанымы анықталады. Бұл, өз кезегінде, әділдіктің орнатылуына септігін тигізуде маңызды рөл ойнайды.
Сот жарыссөзiне қатысушыларға олардың өз сөздерiнде сот отырысында зерттелмеген материалдарға сiлтеме жасауға құқылы еместігі түсіндіріледі. Алайда сотқа жаңа дәлелдемелер ұсыну қажет болған ретте, олар сот тергеуiн қайта бастау туралы өтiнiшхат бере алады.
ҚПК-нің 383-бабына сәйкес сот жарыссөзi айыптаушының, жәбiрленушiнiң немесе оның өкiлiнiң, азаматтық талапкердің және азаматтық жауапкердiң немесе олардың өкiлдерiнiң, сотталушының және қорғаушының сөздерiнен тұрады.
Сот жарыссөзiне қатысушының өтінішхаты бойынша оған сот жарыссөзiне дайындалу үшiн уақыт берiледi, бұл үшiн төрағалық етушi ұзақтығын көрсете отырып, сот отырысына үзiлiс жариялайды.
Тәжірибеде сот жарыссөзіне қатысушысының сөйлеуге дайындалуы сот тергеуінде басталады, және қажеттілігі бойынша уақытылы сөйлейді. Сондықтан, сот жарыссөзiне дайындалу үшiн берілген уақытта әрбір қатысушы сот тергеуінде зерттелген дәлелдемедер бойынша өзінің қорытынды ойын жинауға міндетті. Процеске қатысушылардың сөз сөйлеу ретiн олардың ұсыныстары бойынша сот белгiлейдi, бiрақ барлық жағдайда да бiрiншi болып айыптаушы сөз сөйлейді.
Егер мемлекеттiк айыптауды бiрнеше мемлекеттiк айыптаушы қолдаса, iске бiрнеше жәбiрленушi, қорғаушы, азаматтық жауапкер мен олардың өкiлдерi, азаматтық талапкерлер мен олардың өкiлдерi, сотталушылар қатысса, төрағалық етушi сөз сөйлеу кезектiлiгiн өзара келiсуi үшiн оларға уақыт бередi. Қажет болғанда бұл үшiн сот отырысына үзiлiс жариялануы мүмкiн. Егер көрсетілген адамдар жарыссөздегi өз сөздерiнiң кезектiлiгi туралы келiсiмге келе алмаса, сот олардың пiкiрлерiн тыңдап болып, сөз сөйлеу кезегi туралы қаулы қабылдайды.
Процестік келісім немесе медиациялық тәртіппен татуласуға қол жеткізу туралы келісім жасалған істер бойынша қысқартылған сот тергеуі кезінде сот жарыссөзі жүргізілмейді.
Сот жарыссөзі – бұл жарыспалылық көрінісінің айқын болуымен ерекшелінетін басты сот талқылауының бөлігі болып табылады.
Сот жарыссөзiне қатысушыларына ең негізігі талап – сот тергеуінде қарастырылған дәлелдемелер шегінде сөз сөйлеуі. Сонымен қатар, Сот жарыссөзiнiң ұзақтығын сот белгiлi бiр уақытпен шектей алмайды, алайда, төрағалық етушi, егер жарыссөзге қатысатын тұлғалардың сөзi қаралатын iске қатысы жоқ мән-жайларға қатысты болса не сот отырысында зерттелмеген дәлелдемелерге негiзделген болса, оларды тоқтатуға құқылы.
Егер сот жарыссөзiнде сөз сөйлеушi немесе сотталушы соңғы сөзiнде iс үшiн маңызы бар жаңа мән-жайлар туралы хабарласа, сот тараптардың өтiнiшхаты немесе өз бастамасы бойынша сот тергеуiн қайта бастайды. Сот қайта басталған сот тергеуi аяқталған соң сот жарыссөзiн жаңадан бастайды және сотталушыға соңғы сөз бередi.
Сот жарыссөзі қатаң тәртіпте өтеді. Сондықтан, заңда көзделген тәртіп сот жарыссөзіне қатысушыларына өздерінің ұстанымдары мен көзқарастарын қорғауына бірдей мүмкіндіктер қарастырған. Осыған байланысты, айыптаушы немесе жәбірленуші тарабы әрқашан бірінші, ал сотталушы соңғы сөйлейді. Алайда, егер айыптауды бірнеше мемлекеттік айыптаушы қолдаса, және/немесе сот жарыссөзінде бірнеше жәбірленуші, азаматтық талапкер немесе сотталушы болса, төрағалық етуші оларға өз арасында сөз сөйлеу кезектігін шешуге уақыт береді. Егер өз арасында кезектілік мәселесі шешілмесе, кезектілікті соттың өзі шешеді.
Сот жарыссөзi аяқталған соң, төрағалық етушi сотталушыға соңғы сөз бередi. Сотталушыға оның соңғы сөзi кезiнде ешқандай сұрақ қоюға жол берiлмейдi.
Сот сотталушының соңғы сөзiнiң ұзақтығын белгiлеуге құқылы емес. Төрағалық етушi, егер сотталушының сөзi қаралған iске қатысы жоқ мән-жайларға қатысты болса, оны тоқтатуға құқылы.
ҚПК-те айыптаушы мен қорғаушы тараптарының сөздерінің мазмұнын немесе құрылымын айқындалмаған. Тек жоғарыда аталып кеткен талап туралы сөз қозғалған. Тараптардың өздері сөздерінің құрастыру еркіндігі бірнеше факторлардың әсері болып табылады. Мысалы, нақты іске байланысты ерекшеліктер мен сот отырысындағы бұл жағдайлардың алатын орнының әралуандығымен түсіндіріледі.
Сот жарыссөзіне қатысатындардың барлығы сөз сөйлеп болған соң, олардың әрқайсысы тараптар өкiлдерiнiң сөзiнде айтылған себептер бойынша тағы бiр реттен қысқаша қарсылықтарын немесе ескертулерiн (репликаларын) бiлдiріп сөйлеуге құқылы. Соңғы ескертуді айту құқығы барлық жағдайда да сотталушы мен оның қорғаушысына тиесiлi.
Реплика мазмұнында сот жарыссөзінде орын алған сұрақтар мен айқындалмаған немесе дұрыс ашылмаған мәселелер болуы мүмкін. Мысалы, репликада айыптау, қылмыс пәніне, негізіне, сотталушы тұлғасына, қылмыс құрамына және т.б. байланысты мәселелер қозғалуы мүмкін.
Реплика құқығымен, ең алдымен, қарама қарсы тараптың айғақтарында немесе келтірген дәлелдемелерінде белгілі бір қарама-қайшылықтар байқалғанда қолданған дұрыс. Репликада айыптау немесе ақталу мәселелері қайта қозғалмайды, алайда, бұл процеске қатысушылардың әрқайсысының құқығы.
Сот жарыссөзiне әрбір қатысушы сотқа ҚПК-ның 390-бабы бiрiншi бөлiгiнiң 1) – 6) тармақтарында көрсетілген мәселелер бойынша шешiмнiң өзi ұсынатын тұжырымдалуын жазбаша түрде ұсына алады:
1) жасалуына сотталушы айыпталып отырған іс-әрекеттiң орын алғаны дәлелденген-дәлелденбегенін;
2) бұл іс-әрекеттің қылмыстық құқық бұзушылық болып табылатынын-табылмайтынын және ол нақ қайсы қылмыстық заңда көзделгенін (бап, бөлiк, тармақ);
3) сотталушының осы іс-әрекеттi жасағаны дәлелденгенін-дәлелденбегенін;
4) сотталушының осы қылмыстық құқық бұзушылықты жасауда кiнәлi-кінәсіз екендігін;
5) оның жауаптылығы мен жазасын жеңiлдететiн немесе ауырлататын мән-жайлардың бар-жоғын;
6) сотталушының өзі жасаған қылмыстық құқық бұзушылық үшiн жазалануға жататынын-жатпайтынын;
Ұсынылатын тұжырымдаудың сот үшiн мiндеттi күшi болмайды.
Сот жарыссөзi аяқталған соң, төрағалық етушi сотталушыға соңғы сөз бередi. Сотталушыға оның соңғы сөзi кезiнде ешқандай сұрақ қоюға жол берiлмейдi. Сотталушының соңғы сөзі – сотталушының маңызды процессуалды құқығы. Қазақстан Республикасының Конституциясынының 77-бабының 4 тармағына сәйкес сотта әркім өз сөзін тыңдатуға құқылы. Тіпті, сотталушының соңғы сөз құқығының бұзылуы түпкілікті шешімнің күшінің жойылуына әкеліп соғуы бұл мәселенің маңыздылығын көрсетеді.
Сот сотталушының соңғы сөзiнiң ұзақтығын белгiлеуге құқылы емес. Төрағалық етушi, егер сотталушының сөзi қаралған iске қатысы жоқ мән-жайларға қатысты болса, оны тоқтатуға құқылы.
Процестік келісім немесе медиациялық тәртіппен татуласуға қол жеткізу туралы келісім жасалған істер бойынша қысқартылған сот тергеуі кезінде сотталушының соңғы сөзі айтылмайды.
Соттың кеңесу бөлмесiне кетуi. Сотталушының соңғы сөзiн тыңдап болған соң сот үкiм шығару үшiн кеңесу бөлмесiне кетедi, төрағалық етушi ол туралы сот отырысы залындағы қатысушыларға хабарлайды. Үкiмнiң жарияланатын уақыты процеске қатысушыларға судьялар кеңесу бөлмесiне кетер алдында хабарлануы мүмкiн.
