Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Методические указания 4-1.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
942.59 Кб
Скачать

Зиянды бақашық қандаласы және басқа астық қандалаларының түрлері

(Pentatomidae)

Астық дәнді дақылдарын астық қанадалаларының көптеген топтары зиян келтіреді. Олардың ішінде ең зияндысы және қауіптісі зиянды бақашық қандаласы болып табылады.

Зиянды бақашық қандаласы – Вредная черепашка (Eurygaster integriceps Put.). Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай облысының батыс бөлігінде, Оңтүстік, Шығыс Қазақстан облыстарының таулы аймақтарындағы астық дақылдарын егетін аудандарда таралып зиян келтіреді. Қыстап шыққан қандалалардың қоректенуі өнім беретін бидай сабақтарын бірлі-жарымды зақымдайды және қуратады, сонымен қатар ақ масақтыққа әкеліп соғады. Балаңқұрттарының және жас қандалалардың зақымдауынан тұқымдық материалдың өну энергиясы және өнімділігі төмендейді. Бидай клейковинасының сапасы және наубайханалық сапасы төмендейді.

Имаго. Ересек бақашықтың денесі – қалқаншасы дөңестеу болып келеді, көбіне ақшыл-сарыдан қара-қоңыр түске дейін өзгереді. Денесінің ұзындығы 10-12 мм, ені 6-7 мм. Қанаты мен құрсағын жабатын үлкен қалқаншасы болады, құрсағының жоғарғы жағы дөңгеленген. Денесі қатты хитин қабатымен қапталған, бүйір жағынан қарағанда тасбақаға өте ұқсайды. Алдыңғы қанаттары жұқа түссіз. Ауыз аппараты тесіп-сорғыш, тұмсықты түрге ұқсайды. Басы кішкентай үшбұрышты. Алдыңғы арқа бөлімі басының ұзындығынан 1,5 есе ұзын. Аналығының құрсағының соңғы бөлігі трапеция түрінде үш жұп пластинкалардан тұрады. Аталықтарында үлкен бір ғана пластинка болады (20 сурет).

Жұмыртқалары шар тәрізді, мөлшері 1 мм шамасында. Алғашында жұмыртқалары ашық-жасыл түсті, кейіннен қоңырқай түске айналады. 5-6-шы күндері жұмыртқаның түрі якорьға ұқсайды. 7-9-шы күндері жұмыртқа қызғылт түске айналады. Ауа температурасына және ылғалдылығына байланысты ұрықтың дамуы 5 күннен 10 күнге дейін созылады.

Балаңқұрттары 5 жаста дамиды. Жаңадан туылған балаңқұрттары жасыл-сары түсті бірте-бірте күңгірттеніп қара-қоңыр түске көшеді. Денесінің ұзындығы 1-1,6 мм, ені 1,3 мм. Екінші жастағы балаңқұрттың денесінің ұзындығы 2-2,2 мм, ені 1,5 мм, құрсақ бөліктерінің жоғарғы жағы қара-қоңыр, басқа бөліктері ашық түсті болады. 3-ші жаста денесінің ұзындығы 3,5-4,5 мм, ені 2,4-2,7 мм. Басы және кеуде бөліктері қара-қоңыр, құрсағы өте ашық түсті. 4-ші жастағы балаңқұрттарының денесінің ұзындығы 5-6 мм, ені 3,8-4,5 мм. Денесінің түсі сарғыш-сұр, ортаңғы көкірек сегментінің арқа бөлімінде бүйір өсінділері, яғни қанат бастамалары айқын көрінеді. 5-ші жастағы балаңқұрттарының ұзындығы 8-10 мм, ені 6-6,5 мм. Арқа бөлімінің артқы жағында үш анық қалқанша құрсағының екі сегменті жауып жатады, жан-жағында жақсы дамыған алдыңғы қанаттары болады.

Сыртқы түрі және биологиясы зиянды бақашық қандаласына ұқсас астық қандаласының мавр қандаласы және австриялық қандалалар көбіне жиі кездеседі.

Мавр қандаласы – Маврский клоп (Eurygaster maura L.)

Арқа бөлімінің алдыңғы бір жақ бөлігі аздап ойық, бас сүйегі пластинкасының маңдайшасының ұшымен шектеледі. Денесінің ұзындығы 8-11 мм.

Австриялық қандала – Австрийский клоп (Eurygaster austriacus Schr.). Басының жоғарғы жағы үшкір. Алдыңғы арқа бүйір бөлігі доға тәріздес дөңес. Бас сүйегі пластинка маңдайшасы ұзын. Қалқанша ортасында биік жұмсақ жал болады. Дене ұзындығы 11-13 мм.

Қандала – зиянды бақашықтар бір ұрпақ беріп дамиды. Екпе орман алқаптары, бұталар мен ормандарда ересек қандалалар жапырақ, өсімдік қалдықтары астында қыстайды. Көктемде орташа тәуліктік температура 17-19 С болғанда қандалалар оянып, бірқалыпты жылы болған уақытта күздік бидай егістіктеріне жаппай ұшып, бұдан кейін жаздық бидай өскіндеріне ауысады. 1-2 аптадан кейін жұмыртқа салуға кіріседі. Осы мезгілде қандалалар жаксы қоректеніп, өсімдіктің тамыр жоғарғы бөлігінде мекендейді. Жұмыртқаларын бидайдың, арамшөптердің жапырақтарына салады. Бір қатарда 7 данадан екі қатарға орналасады. Орташа 1 аналық 2-3 жерге жұмырқа салады. Барлық тұқымдылығы 280 жұмыртқаға жетеді. Қандаланың жұмыртқа салу кезеңі өте созылыңқы, әр жылдары 25 күннен 40 күнге дейін созылады.

Балаңқұрттарының дамуы 5 жаста, 25-45 күн ішінде дәнді дақылдардың сабақтануы кезеңінен балауыздану фазасының аяғына дейін жалғасады. Жас қандалалардың жаппай қанаттануы дәннің балауыздану фазасының басында өтеді. Қандалалар қыстау орнына салмағы 130-140 мг –нан жоғары болып ұшқан жағдайда, олар басқаларға қарағанда өміршең және көп тұқым беретін болып шығады.

Дәнді дақылдарды бақашықтан басқа сүйір басты қандаланың (остроголовый клоп) 5 түрі зақымдайды, Aelia түріне, Pentatomidae тұқымдасына жатады. Олар қандалалардан денесі жұмыртқа тәрізді ұзын болып және басы үшбұрышты созылыңқы түрінде ерекшеленеді. Қалқаншасы үшбұрышты, құрсақтың 2/3 бөлігін жабады. Оңтүстікте және оңтүстік шығыста 2-3 ұрпақ, ал солтүстікте 1 ұрпақ беріп дамиды. Солтүстікте ауа райы жылы болған жылдары екінші ұрпақ дамып, бірақ балаңқұрттары суық түскенге дейін дамып үлгермей, жаппай өліп қалады.

Бұл түрлердің ересек дарақтары күзде қоректенетін орындарында – бидай егістіктеріндегі аңыздарда, астық тұқымдас көпжылдық шөптерде және басқа да әртүрлі паналайтын орындарда жиналып қыстайды. Жұмыртқаларын дәнді дақылдардың, жабайы және астық тұқымдастардың өскіндерінінің, жапырағында және сабақтарында салады. Бір жұмыртқа салу орнында 12 жұмыртқа болады, 1 немесе 2 қатарға орналасқан. Орташа тұқымдылығы 50 жұмыртқа, жоғары 100 жұмыртқа. Зиянды бақашық қандаласынан сүйір басты бақашық қандаласының айырмашылығы жаппай көбеймейді. Және олардың 1 м2 саны 1-2 қандаладан аспайды, ал кейбір егістіктерде олардың 1 м2 саны 4-6 данаға дейін жетеді.

Қандалалар дәнді дақылдармен қатар астық тұқымдас шөптерде, шабындықтарда, шөптес өсімдіктері бар ормандарда жабайы астық тұқымдас шөптермен, оның ішінде жатаған бидайық, арпабас, қоңырбас және де басқа көптеген арамшөптермен қоректеніп зақымдайды және дамиды. Зақымдау сипаттамасы дәл зиянды бақашық қандаласындай, бірақ дәннің наубайханалық және тұқымдық сапасына біршама төмен әсер етеді. Құрғақшылық жылдары қандаланың зияндылығы жоғарылайды. Дәнде қоректенуі өнімді жинау мерзіміне дейін, бөлек әдіспен ору кезінде жүйекке орылған бидай дестелерінде де жалғасады.

Санын есептеу әдістемесі. Күзде және ерте көктемде зиянкестердің жағдайын және санын анықтап оның көбеюіне болжам жасау мақсатында қыстау орындарында бақылау жұмыстары жүргізіледі. (18 форма). Учаскелерден 0,25 м2 (50х50 см) көлемде 20 сынама алынады, орман жамылғысын және топырақты 3-5 см тереңдікте ұқыпты тексеріп, барлық сынамалардағы қандалалар жинап алынады. Олардың 1 м2 тығыздығы және қандай тереңдікте орналасқаны анықталады. Зертханада 50 аналық, 50 аталық таразыға тартылып олардың қоңдылығы анықталады.

Көктемгі бақылау жұмыстары қар кетісімен және орман жамылғылары кеткен мерзімде олардың тығыздығы күзде жоғары болған орындарда жүргізіледі. Қыстау кезінде олардың өлген пайызын анықтап осы бақылау нәтижесі бойынша зиянкестің санына жасалған болжамға өзгерістер енгізеді. Көктемде қыстау орнынан шығып қоныстанған егістіктерді анықтайды. 400 гектардан өлшемі 0,25 м2 көлемінде 20 сынама қаралады, сынамалар барлық алқапты қамтитын етіп біркелкі алынады. Тірі қандалалардың санын анықтап, одан кейін 1 м2 орташа тығыздығын анықтайды.

Зиянды бақашық қандаласы балаңқұрттарының егістіктерде қоныстануын анықтау үшін мөлшері 0,25 м2 көлемде анықтайды. Бір егістіктен барлығы 20 есеп алаңы қаралады. Сынамалардағы қандала саны жұмыртқа салу орындары және балаңқұрттары саналады. Содан кейін 1 м2 балаңқұрттарының орташа саны анықталады. (19 форма). Жекелеген жұмыртқаларды (100-200 дана), осы жұмыртқалардың тоғышарлармен, жұмыртқа жегіштермен зақымдалу дәрежесін анықтау үшін жинап алады.

Экономикалық зияндылық шегі: күздік және жаздық бидай егістіктерінде 1 м2 1-2 дана қыстап шыққан қандала (бұл көрсеткіш құрғақшылық жылдары 2 есе төмен); гүлдеу фазасында – дәннің толысуының басында - 1 м2 5 балаңқұрт; бидайдың сүттеніп-балауыздану фазасында 1 м2 2 балаңқұрт.

Астық қоңыздары – Хлебные жуки (Anisoplia)

Астық қоңыздары Батыс, Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Қазақстанда таралған және және қоңыздардың 3 түрі қауіпті болып саналады: айқышты қоңыз – жук крестоносец (Anisoplia agricola Poda), кузька қоңызы – жук кузька (Anisoplia austriaca Hrbst.), әдемі қоңыз – жук-красун (Anisoplia segetun Hrbst.). қоңыздар көбіне бидайдың, арпаның, қара бидайдың жұмсақ дәндерімен қоректенеді. Бидайдың балауызданып кезінде дәнмен қоректену кезінде масақ бойымен еңбектеп шығып, олар піскен дәндерді аяқтарымен теуіп шығарады.Айқышты қоңыздың үстіңгі қанаттары сарғылт-қоңыр, онда зәкір немесе ортасында айқыш (крест) тәрізді таңбасы бар. Қоңызының ұзындығы 11-13 мм.Кузька қоңызының үстіңгі қанаты қара –қоңыр,төртбұрышты қара дақтар қалқанша жанында болады. Дақтың шеткі жағынан үстіңгі қанаты аралығында қара сызық болады.Денесінің ұзындығы 13-15 мм.

Жұмыртқалары ақшыл, шар пішінді, диаметрі 2 мм шамасында.

Балаңқұрттары топырақта мекендейді. Денесі доғаша иілген, 3-жұп көкірек аяқтары бар, сарғылт-ақ түсті.Денесі жұмсақ, басы ақшыл –қоңыртүсті, жоғарғы жақ сүйегі күшті дамыған. Даму кезінде балаңқұрттары 3 жас кезеңінен өтеді. Оларды басының ұзындығы мен енінің өлшемдерімен анықтайды: I- ені 1,3-1,5, ұзындығы 0,6-0,8 мм; II ені 2,1-2,4, ұзындығы 1,5-1,7 мм; III ені 3,4-3,7, ұзындығы 2,4-2,8 мм. Ересек балаңқұрттың ұзындығы 30-35 мм жетеді.

Қуыршағы сары , ұзындығы 14-16 мм (21 сурет)Бір генерациясының дамуы 2-жылға созылады. I және II жастағы балаңқұрттары топырақ арасында қыстайды.Балаңқұрттары даму кезеңінің екінші жылы жаздық бидайдың сабақтану фазасы кезінде қуыршаққа айланады.Қоңыздарының пайда болуы жабайы астық тұқымдас шөптердің гүлдеу кезенімен сәйкес келеді.Ұшып шыққаннан 12 күн өткеннен кейін қоңыздар топыраққа еніп ,топырақтың ылғалдылығы мен жұмсақтығына байланысты 10-20 см тереңдікте жұмыртқа салуды бастайды.Аналықтарының тұқымдылығы -20-40 жұмыртқа.Жұмыртқа 18-18 күн дамиды. Балаңқұрттары 22-23 ай өмір сүреді , осы кезде үш жастан өтеді.Балаңқұрттары қоректенуін тоқтатып, топырақтың беткі қабатына үйшік жасайды, осы жерде олар іш құрылысынан бөлініп пронимфаға айланады, одан қуыршақ пайда болады. 15-20 күннен кейін қоңыз пайда болады.

Санын есептеу әдістемесі. Көктемде қоңыздардың , балаңқұрттардың санын анықтау үшін тоырақта есеп жүргізіледі. Әр егістіктен 0,25 м2 (50х50см) көлемнен 12-16 топырақтан сынама алынады. Топырақты 15-20 см тереңдікте қазу арқылы ондағы анықталған балаңқұрттарды санап, оларды өлшемдеріне қарай I жәнеII жылғы екендігін анықтап бөледі. 1 м2 -тағы тығыздығын анықтайды.

Бірінші жылы қыстауға I жәнеII жастағы балаңқұрттар , ал екінші жылы III жастағы балаңқұрттар кетеді.Жазда масақтану-гүлдеу фазасында егістіктерде қоңыздардың санына есеп жүргізеді.Бақылаушы ені 1 м ұзындығы 10 м көлемде барлық масақтағы қоңыздарды санайды , осылай егістікті жүріп өтіп 10 жерден, сонымен қатар шеткі жақтағын да есепке алып есеп жүргізеді.Осы есеп жүргізген есептеу алаңының көлемі 100 м2 құрайды, содан кейін 1 м2 -тағы қоңыздардың орташа қоныстану тығыздығын есептеп шығарады .(форма20)

Күзде (қыркүйек, казан) қыстау орнына кеткен балаңқұрттаға есеп жүргізеді.Бақылау кезінде I жәнеII жылғы балаңқұрттар саны анықталып, келесі жылы қоңыздардың таралуына болжам жасалады .Бақылау жұмыстары жаз кезінде қоңыздар анықталған барлық егістіктерде жүргізіледі.Негізі дәнді дақылдардың,қатараралығы өңделетін дақылдар мен сүрі жерлердің шеткі жағалауына көңіл бөлу қажет.Есеп жүргізу әдістемесі көктемгі бақылау әдәстемесіне сәйкес.

Экономикалық зияндылық шегі –бидайдың гүлдеу, дән байлау фазасы басында -1м2 3 қоңыздан жоғары.

Бидай трипсі –Пшеничный трипс (Нaplothrips tritici)

Қазақстанда жаппай таралған. Жылына бір ұрпақ беріп дамиды.Бидай дақылын зақымдайды.

Имаго.Ересек жәндіктері ұсақ, түсі қара, денесі жіңішке ұзын, екі жұп жіңішке қанаттарышеттерінен ұзын шашақтар, құрсағының ең соңғы сегменті түтікше тәрізді созылған,денесінің ұзындығы 1,5-2 мм.

Жұмыртқасының түсі сұр-қызғылт,ұзын-сүйір, ұзындығы 0,5-0,6 мм

Балаңқұрттары-ұсақ , түсі алғашында қызғылт, содан кейін қызыл болады, 2,2 мм. (22 сурет)

Ересек балаңқұрттар жаздық, күздік бидайдың аңыздары және топырақ түйірлерінің арасында, өсімдік қалдықтарының астында қыстайды. Топырақтың жоғарғы қабаты 80 С-қа дейін қызған кезде оянады. Балаңқұрттар аңыздағы сабақ ішіне еніп осы жерде 1-2 апта қоректенбей, қозғалмай пронимфа және нимфаға айланады.

Оңтүстікте ересек трипстер сәуірдің аяғынан мамыр айының ортасында шығады. Олардың максималды саны күздік бидай дақылының масақтану кезінде байқалады. Осы мезгілде трипстер масақтарға баттасып жабысып, олардың түсі қара сияқты болып кетеді. Сосын трипстер жаздық бидай егістігіне ұшып ауысады. Күздік бидай егілмейтін солтүстік аймақта трипстер жаздық бидай егістігінде, дақылдың түтіктену, масақтанудың басталуы фазасында жаппай байқалады.

Жұмыртқаларын масақ қабыршағының ішкі жағына немесе масақтың өзегіне топтастырып салады. Жұмыртқалауының мерзімі бір айға дейін созылады, трипстің тұқымдылығы 20-25 жұмыртқаны құрайды. Туылғанына 6-7 күн өткен балаңқұрттар масақ қабыршақтарынан және масақтың гүлді қабығының солін сора бастайды. Нәтижесінде масақты шығару тежеледі, масақтың түрі өзгеріске түседі. Қатты зақымданған түйіннен дән байланбайды. Сонымен қатар трипс жапырақты және сабақты зақымдайды, соның әсерінен жапырақтың түрі өзгеріске ұшырайды және дақтар пайда болады. Балаңқұрттар дәнде сүттеніп балауыздану фазасының соңына дейін, дәннің толық пісуіның басталуы фазасына дейін қоректенеді. Ылғалдылығы 35% -дан төмен кеуіп қалған дәнде трипстер қоректене алмайды, дәнді тастап қыстауға кететін орнын тауып кетеді.

Бидай трипсі дәннің салмағын, масақтың дән байлау қабілетін, дәннің тұқымдық сапасын төмендетеді. Өнімнің шығыны 20-40%-ды құрауы ықтимал.

Бидай трисінің ЭЗШ – сабақтану-масақтанудың басталуы кезінде 300 дарақ/10 қақпатордың сермеуіне 1 сабаққа 10 трипс; дән байлау кезінде – 45-50 балаңқұрт/масаққа.

Бидай трипсінің санына келесі жылға болжам балаңқұрттарының физиологиялық жағдайы туралы мәліметі негізінде, олардың қоректену жағдайына, топырақты өңдеу әдісіне және ауа райы жағдайына байланысты жасалынады.

Бидай трипсінің санына жылдық болжамды көктемді нақтылайды. Көктем мезгілінің ерте шыққан жылдары құрғақ және жылы көктемде көп балаңқұрттар метаморфоз (өзгеріске ұшырауы) кезінде өліп қалады. Әдетте ересек трипстердің саны бидайдың ерте егілген егістіктерінде кеш егілген егістіктерге қарағанда 30-40% жоғары болады, ал бидайдың жұмсақ сұрыптарында қатты сұрыптарына қарағанда 2-3 есе қарқынды болады. Сондықтан трипске қарсы күресу шараларын жоспарлағанда, біріншіден ерте және орташа мезгілде егілген жұмсақ жаздық бидай егістігінде жүргізуді қарастыру керек.

Санын есептеу әдістемесі. Көктемгі бақылау аңызда қыстап шыққан балаңқұрттарға бидай егілген алқаптарда жүргізіледі. Егістікте әр 50 қадамнан соң 20 сынама алады, сынама көлемі 0,25 м2. Әр сынамадан аңыз қалдығын жинап жеке қалтаға салады. Әр сынамадағы сабақтағы балаңқұрт санын есептейді және 1 м2 орташа тығыздығын анықтайды. (21 форма).

Жаздық тексеру жұмыстары трипстің алғашқы және жаппай ұшуы мерзімін анықтау үшін жүргізіледі, сонымен қатар өсімдіктің өсу кезеңінде олардың сандық есебін жүргізеді. Табиғи астық дақылдар стацияларында, сонымен қатар дәнді дақылдар егістіктерінде трипсің пайда болу уақытын энтомологиялық қақпатормен сермеу арқылы анықтайды. Егістіктерде ересек трипстерді жинаудың едәуір ыңғайлы және дәл анықтау әдісі - шөптесін өсімдіктерден ұшу кезінде санау болып табылады. Ол үшін көлемі 20х30 см жеңіл, бірақ тығыз материалдан тігілген қалталарға 50-100 бидай масағын салады. Масақтарды бидайдың сабақтану, масақтану, гүлдеу, дәннің сүттеніп балауызданып пісуі фазаларында алады. Жиналған сынамаларды 1-2 тәулік өткеннен кейін қалта ауыздарын ашып, үлкен ақ қағаз бетіне төгеді және трипстердің санын есептейді. Этикеткасында сынама номері, алынған мерзімі және алынған жері жазылады. Санау кезінде ескеріледі: 1) әр сынамадағы трипстер саны; 2) 1 масақтағы трипстердің орташа тығыздығын есептейді. Егістіктегі масақтардың қалыңдығына қарай 1 м2 тығыздығын анықтайды. (22 форма).

Трипстің жұмыртқалауын масақтану фазасынан бастап дәннің сүттеніп балауызданып пісуі фазасына дейінгі аралықта бақылайды. Бақылау анық және жеткілікті болуы үшін, анықталған алаңдарда 100 сабақты белгілеп қояды. Оларға әр 2 күннен кейін жұмыртқа салған орнын және ондағы жұмыртқа санын есептеп отырады. Әр өсімдікте өсімдік қынабының 5-7 жапырағының жапырақ бетін, масақ қабыршақтарының сыртқы және ішкі бетін, өзекті және масақтың төменгі жағын қарайды.

Трипс балаңқұрттарының дамуын бақылауды жаздық бидайдың гүлдеу фазасынан бастап, дәннің толық пісуі фазасында аяқтайды. Балаңқұрттарының туылуы уақытын, масақ ішінде балаңқұрттараның көшіп-қонуын және олардың масақта болуының ұзақтығын, балаңқұрттардың масақтан қыстау орнына кету мерзімін тіркейді. Бидай масақтарында трипс балаңқұрттарының қоныстануын дәннің сүттеніп-балауызданып пісуі фазасында анықтайды. Әр егістіктен 50 масақтан 3 сынама алынады, олар қатты қағаздан жасалған қалтаға немесе полиэтиленге салынады. Сараптама жасау кезінде масақтағы дәндерді және балаңқұрттарды санайды, сосын масақтағы және дәндегі балаңқұрттардың орташа санынанықтайды. Ары қарай 1 м2 зақымданған сабақ масақтарын біліп алғаннан кейін 1 гектардағы балаңқұрт санын анықтайды. Балаңқұрттардың дәннің толық пісуі фазасында зақымдауын анықтау үшін 100 масақ жинайды. Зақымдалудың төмен, орташа жоғары дәрежесіне қарай бөледі (23 форма).

1 м2 дән салмағының шығынын былай анықтайды: бір балаңқұрттың орташа салмағы 0,1 мг; ылғалды ауа райында зияндылық коэффициенті 0,3%-ға, құрғақ ауа райында 0,5%-ға тең. Балаңқұрттардың зияндылығын бағалау үшін олардың 1 м2 санын анықтау керек, шыққан санды 0,1-ге көбейту керек, ал сосын 0,3-ке, немесе 0,5% көбейтіледі. Содан кейін 1 гектардағы саны есептеледі. Трипске қарсы химиялық өңдеу шаралары тұқымдық учаскелерде ғана нәтиже береді

Астық сүлікшесі – Хлебная пьявица (Oulema melanopus L.)

Жаппай таралған, негізінен оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтағы таулы аудандарда зиян келтіреді. Өте жоғарғы зияндылық шығыс Қазақстанның таулы-далалы аймағында тіркеліп отыр. Жаздық арпа, сұлы дақылдарын қатты зақымдайды, орта дәрежеде – бидайдың қатты сорттарын және төмен дәрежеде жұмсақ сорттарын зақымдайды. Бір ұрпақ беріп дамиды.

Қоңызының ұзындығы – 4-6 мм, жасыл-көкшіл, алдыңғы арқа және аяғы – сарғыш-қызыл, табаны және мұртшалары қара түсті.

Жұмыртқасы алғашында ашық қоңыр, сонан соң қара-қоңырға айналады, пішіні сопақ, ұзындығы – 1,52 мм.

Балаңқұрттары қоңыр немесе ақшыл-сары, арқасы дөңес, басы қара, қара шырышпен жабылған, бұл оны жауларынан және кеуіп кетуденсақтайды. Балаңқұрттары кішілеу сүлікке ұқсайды, сондықтан зиянкес сүлікше деген атау алған. Денесінің ұзындығы 5-6 мм.

Қуыршағы ақшыл-сары, бос, ұзындығы 4-5 мм (23 сурет).

Қоңыздары орман алқаптарында, тауларда, қыраттарда, жыра, ойпаттардағы топырақта, жапырақ астында және басқа да өсімдік қалдықтарында қыстайды. көктемде қоңыздар сәуір айының аяғы, мамырдың басында ауаның орташа тәуліктік температурасы

+7,5 + 90С болғанда топырақ бетіне шығады. Алғашында қоңыздар жабайы өсетін астық тұқымдас шөптермен қоректеніп, содан кейінкүздік дәнді дақылдарға ұшып қоныстанып, ары қарай жаздық дақылдарға көшіп жас жапырақтарды кеміріп сопақша етіп тесік жасап зиян келтіреді. Қоректеніп басталғаннан 7-10 күн өткеннен кейін олар жұмыртқа салуға кіріседі, бұл кезең бір айдан аса жүреді. Қоңыздар жұмыртқаларын жапырақтың жоғарғы және төменгі жақтарына орталық түтікке жақын жерге 3-7 данадан 1 қатар етіп орналастырады. Аналықтың тұқымдылығы 180-200 жұмыртқаға жетеді. Эмбриондық дамуы – 12-14 күн. Балаңқұрттарының жұмыртқадан туылуы таңертең және кешкі мезгілдерде болып, олар берден астық тұқымдас шөптердіңжұмсақ жас жапырақтарымен қоректеніп, паренхимасын кеміреді, талшықтары мен эпидермистеріне тиіспейді. Қоңыздар мен балаңқұрттар зақымдаған жапырақ қурап қалады да, өсімдік өсуі тежеледі. Қатты зақымдалған егістіктер ақшыл болып тұрады. Балаңқұрттардың даму ұзақтығы түптені фазасынан дәннің масақтану фазасына дейінгі аралықта, сонымен қатар қоршаған ортаның ауа райы жағдайына байланысты 15-25 күнді құрайды. Қуыршақтану алдында соңғы III жастағы балаңқұрт шырышты қабығын тастайды да, өсімдіктен топыраққа түсіп 2-3 см тереңдікте үйшік жасап, осы жерде қуыршаққа айналады. Температураға байланысты қуыршақтану кезеңі 10-15 күнге созылады. Егістіктерде жаңа ұрпақ қоңыздары шілде айында пайда болып жаздық дәнді дақылдардың жасылжапырақтарымен және жүгері мен астық тұқымдас шөптердің жасыл жапырақтарымен қоректеніп, қыркүйек айының соңында қыстау орнына кетеді. Сүлікшенің зияндылығы, топырақта ылғал аз және жауын-шашын болмаған жағдайда ұлғаяды.

ЭЗШ күздік бидай түптену фазасында – 40-50 қоңыз, жаздық – 10-15 дана/м2, өсімдіктің сабақтану-масақтану фазасында – 0,5-1 балаңқұрт/сабаққа.

Болжам жасауда келесі мәліметтер пайдаланылады:

  1. Дәнді дақыл егістіктерінде қоңыздардың жаппай пайда болу мерзімі; балаңқұрттардың жаппай туылуының басы; қуыршақтанудың басы және жаппай қуыршақтануы; сұлы, арпа, қара бидай, жаздық және күздік бидай егістіктерінде қыстап шыққан қоңыз, балаңқұрт және жаңа ұрпақ қоңыздарын анықтауға бақылау жүргізілген және қоныстанған жер көлемі.

  2. Әр дақылдағы қоңыздар мен балаңқұрттардың 1 м орташа және жоғары саны, өсімдікті зақымдау пайызы және балаңқұрттарының қоректеніп біткеннен кейінгі зақымдау дәрежесі.

  3. Қоңыздарға, балаңқұрттарға қарсы жүргізілген химиялық өңдеу көлемдері және оның биологиялық тиімділігін анықтау.

Санын есептеу әдістемесі. Сүлікшенің санын есептеуге дәнді дақылдардың толық түптену фазасында кіріседі. Арпа, сұлы және жаздық бидай (жұмсақ бидайдан басқа) егістіктерінде қоңыз санына есеп жүргізіледі. Әрбір егістікте сынамаларды шахмат түрінде орналастырып, 14-16 жерде жарты метр бөлікте өсімдік қатарын қарайды. Әр бөлікте 1 м2 және бір өсімдіктегі қоңыздар саналады. Содан кейін 1 м2 және 1 өсімдіктегі қоңыздардың орташа саны анықталады. Қатар аралығы 15 см 14 жарты метрлік бөлік 1 м2 құрайды. Қоңыздарға қарсы химиялық өңдеу туралы хабарламаны, егер әр өсімдікте орташа 10 дарақтан жоғары қоңыз есептелген жағдайда беріледі.

Келесі есеп дәнді дақылдардың түтіктену фазасында жүргізіледі. Сүлікше балаңқұртының саны анықталады. Егістіктің 14 жерінде жарты метрлік бөлікте өсімдіктің қатарында оларды тең етіп орналастырып есеп жүргізіп 1 м2 балаңқұрттардың санын немесе 1 өсімдіктегі санын анықтайды. Бір өсімдікте бір балаңқұрттан жоғары болған жағдайда инсектицидтермен өңдеу қажеттігі туралы сигналды хабарлама беруге болады. Есеп материалдарын жазуға 24 форманы қолданады.

Қоңыздар мен балаңқұрттардың зияндылық дәрежесін анықтау жұмысы өсімдіктің түтіктену фазасынан масақтану фазасы аралығында жүрізіледі. Өсімдікті зақымдау дәрежесі төмендегі шкала бойынша анықталады: 0 – зақымдалмаған; 1 балл – жапырақ бетінің 5 %-ы зақымдалған; 2 балл – 6-дан 25%-ға дейін; 3 балл – 26-дан 50%-ға дейін; 4 балл – 51-ден 75%-ға дейін; 5 балл - 75%-дан жоғары.

Егер есеп жүргізу кезінде жаңа ұрпақ қоңыздарының саны 1 м2 6 дарақтан жоғары анықталса, онда келесі жылы сүлікшеден келетін шығыны жоғары болуы күтіледі.

Астықтың оңтүстік барылдақ қоңызы – Южная хлебная жужелица (Zabrus morio Goeze).

Оңтүстік, оңтүстік шығыстың далалы-таулы аймақтарында таралған. Барлық дәнді дақылдарды, негізінен күздік бидайды, ал жабайы өсімдіктерден – жатаған бидайықты зақымдайды. Жылына бір ұрпақ береді.

Қоңызы шымқай қара түсті, металдың жарқылы бар, денесінің ұзындығы 12-ден 16 мм аралығында, сирағы, табаны және мұртшалары қоңыр-қызыл.

Жұмыртқасы - сүттей ақ түсті, жылтыр, формасы сопақ, өлшемі 2 мм.

Балаңқұрттары – 3 жұп көкірек аяқтары сұрғылт-ақ, біртіндеп сүйірлене беретін құрсағының соңғы жағында қысқарақ келген бір жұп өсінді болады. Балаңқұртының ұзындығы 28 мм –ге жетеді.

Қуыршағы – сарғыш түсті, аяқтары, ауыз мүшелері мен қанаттары жақсы көрінеді (24 сурет).

Балаңқұрттары күздік бидай егістігінде топырақтың 20-30 см-ге дейінгі тереңдігінде қыстайды. Көктемгі жылылық түсе басталғаннан балаңқұрттары топырақ бетіне көтеріліп жапырақты топырақтағы ұясына қарай тартып алып қоректенеді. Жапырақты езгілеп шатасып қалған мақта талшығы сияқты түйірге айналдырады. Мамыр айының екінші, үшінші онкүндігінде балаңқұрт қуыршаққа айналады. Қуыршақ стадиясы 12-15 күнге созылады. Ересек қоңыздардың жаппай пайда болуы маусым айының бірінші онкүндігінде тіркеледі. Олар масақ қабыршақтарын, түктерін кеміріп, жаңадан байлап келе жатқан дәнді жеп қояды.

Зақымдалған масақ салбыраңқы түрге енеді. Маусымның аяғы мен шілденің басында қоңыздар жорғалап топырақ үстіндегі әртүрлі жайларға жасырынып жазғы диапаузаға кетеді. Бұл мерзім 20-25 күнге созылады. Жауын-шашын түсіп, ауа температурасы төмендеген мезгілде қоңыздар белсенді бола бастайды. Шыққаннан кейін тамыз – қыркүйек айларында жұмыртқа салуға кіріседі, бұл кезең екі айға жуық созылады. Аналығының тұқымдылығы – 120-150 жұмыртқа, жұмыртқаларын топыраққа 15 см тереңдікке салады. Топырақтың жоғарғы қабаты кеуіп кеткен жағдайда жұмыртқаларына 20 см –ден де төмен тереңдікке салады. Жұмыртқаларын салу үшін күздік бидай орналасқан егістікті, сонымен қатар бұрын күздік бидай егілген күдіреңегістіктерде, астық тұқымдас арамшөптерде, оның ішінде бидайықты таңдап алып сол жерлерге жұмыртқаларын салады. Жұмыртқаларының дамуы топырақтың температурасы 23-250С болғанда 9-12 күнге, ал 12-140С болғанда 20-25 күнге созылады.

Қоңыздар жұмыртқа салып болған соң өле бастайды. Тамыз айының аяғы – қыркүйек айының басында жұмыртқалардан балаңқұрттары туылып шығады, олар қазған індерінің топырақ қабатының бетінде қоректік өсімдіктерге жақын жерде өмір сүреді. Олардың шығуы күздік бидай өскінінің шығуымен сәйкес келеді. Түнде олар жасырын орындарынан шығып астық тұқымдастардың жапырағымен, бірінші кезекте күздік бидай жапырағымен қоректенеді. Бір күн бойынша қоректену үшін жапырақтарды індеріне сүйреп алып барады және онда кеміреді. Балаңқұрттар бидайдан басқа арпаның, қара бидайдың, бидайықтың, арпабастың, мысыққұйрықтың және т.б. жапырақтарын жейді. Балаңқұрттарының қоректенуі ауа температурасы 00С-ға төмендегенде тоқтайды. Қатты зақымданған өсімдіктер өледі, нәтижесінде егістік сирейді немесе олар қырқылып қалады.

Негізгі зияндылықты балаңқұрттар жасайды. Балаңқұрттардың зияндылығы тек қана олардың санына байланысты емес, сонымен қатар егіннің жағдайына байланысты болады. Балаңқұрттардың жаппай қоныстануы, 1 м2 3-4 балаңқұрт қоныстанғанда егістікке қауіп туғызады және арнайы күрес іс шараларын қажет етеді.

Барылдақ қоңызының ЭЗШ – көктемде 3-4 балаңқұрт/м2; күзде 2-3 балаңқұрт/м2; сүттеніп-балауызданып пісуі фазасында 8-10 қоңыз/м2.

Болжам жасау үшін келесі мәліметтер қажет:

  1. Астықтың оңтүстік барылдақ қоңызының қоныстануын анықтауға өткен жылғы күзгі және ағымдағы жылғы көктемгі бақылау жүргізілген және қоныстанған күздік дәнді дақылдардың егістіктерінің көлемдері.

  2. Фенологиясы және көбею қарқындылығы (тұқымдылық, аналықтарының жұмыртқа салуының мерзімі).

  3. Қыстап шыққан балаңқұрттарының (орташа және максималды), қоңыздарының, жұмыртқаларының және жаз мезгілінің аяғындағы балаңқұрттар саны.

  4. Қоңыздарының, жұмыртқаларының және балаңқұрттарының тоғышарлармен және аурулармен зақымдану пайызы.

  5. Астықтың оңтүстік барылдақ қоңызы балаңқұрттарының жас құрамы.

  6. Жүргізілген химиялық өңдеудің көлемі, оның алдыңғы жылғы күз мезгіліндегі және ағымдағы жылғы көктемгі және күзгі өңдеу тиімділігі.

Санын есептеу әдістемесі. Қоңыздардың пайда болуы мерзімі және олардың егістіктерде таралуын анықтау жаз мезгіліндегі тыныштықтан кейін күзде жүргізіледі. Зиянкестің санын есептеу үшін жалпыға бірдей әдістеме бойынша 0,25 м2 топырақтан сынама 30 см тереңдіктен алынады. Қоңыздардың топырақ бетінде пайда болуының басталуын анықтау үшін жәндіктерді аулағыш ыдысқа салуға болады. Тексеруді барлық егістіктерде жүргізеді, себебі зиянкес қоныстанған көрші егістіктен ауысуын тоқтату үшін керек болады.

Күзгі тексеру жұмыстарын екі мезгілде жүргізеді: біріншісі – күздіктерді себу алдында, шағылысуы және жұмыртқа салуының басталуын кезеңінде (тамыз айының басында жеткілікті ылғал түскен жағдайда және қыркүйек айының бірінші онкүндігі құрғақ болған жағдайда); екіншісі қайта бақылау – өскіндер пайда болғаннан және 1 жастағы балаңқұрттардың туылуы басталғаннан кейін жүргізіледі, олар күзгі ауа райына байланысты болады. Бұл тексерулер егістіктерде химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізуді қажеттігін анықтайды.

Көктемгі тексерулер де екі қайтара жүргізіледі: біріншісі – наурыз айының басында егістіктердің зақымдануын анықтау үшін; екіншісі – қуыршақтану кезінде (шамамен мамыр айының 2-3 онкүндіктерінде). Тексерулердің мақсаты – егістіктерде қоңыздарының пайда болу мерзімін және оларға қарсы жүргізілетін іс шараларды уақытында жүргізу қажеттігін анықтау. Көктемде егістіктерді бақылауды күз мезгіліндегідей 0,25 м2 көлемде 40-50 см тереңдіктен топырақ сынамаларын алу арқылы жүргізеді.

Есептеу материалдарын жазу үшін 25-26 форманы пайдалануға болады.