- •«Орынбор р.К.П (большевиктер) комитетіне жолдас Ахмет Байтұрсыновтың мәлімдемесі.
- •1. Адамзаттың барлық езгіге ұшыраған бөлігімен, яғни әлемдік революциямен, әлемдік федерациямен бірге азаттық алғанда ғана, қазақ халқы бақытқа бөленеді.
- •2) Сондай-ақ орталықтың өкілдері мен тұрғындардың арасында өзара сенімнің жоқтығында.
- •1. Ресейдегi ұлттық республикалар мен автономиялардың құрылымын анықтау және ұлттық республикалардың Ресейден бөлiнiп шығу құқының кепiлдiгiн бекiту.
- •3. Қыр елінің мұқтаждығы 3. Кцик пен кснк құрамын сайлағанда
- •4. Кейбір аса мүдделі және 4. Орталық мекемелердегі съездің
- •5. Жергілікті халық өкілдері партия,
- •6. Партия қатарын тазалау жөніндегі
- •Жиналыс төрағасы – м.Әуезов. Хатшысы – ә.Байділдин».
- •1. Қазақ қызметкерлерiн осы жұмысқа тарту және оларды тиiмдi пайдалану, сондай-ақ Түркiстан Республикасына қоныс аударған қазақ қызметкерлерiн керi қайтарудың амалын қарастыру.
- •1. Ауылдардың тiкелей өзiмен араласа отырып, олардың мұқтаждықтарын анықтайтын бұл саладағы мiндеттi атқаратын қызметкерлер жоқ.
- •1. Қазақ қызметкерлерiн осы жұмысқа тарту және олардың күшiн пайдалану туралы Алманов жолдас баяндама жасады.
- •1. Қырдағы аудандардың аштыққа ұшыраған тұрғындарына нақты көмек көрсетудi ұйымдастыру туралы Әуезов жолдастың баяндамасын тыңдағаннан кейiн жауапты қазақ қызметкерлерiнiң кеңесi мынаны атап өтедi:
- •1. Комиссия ҚазЦик бекiткен ерекше ереже бойынша жұмыс iстейдi және өзiнiң барлық жұмысын Обком мен ҚазЦик арқылы жүргiзедi.
- •1) Патша өкiметi де кезінде ашаршылықпен күреспедi.
- •2) Қазақ даласы мен қазақтар үшiн жұт – табиғат сыйы. Қазақтардың ашаршылыққа етi үйренiп қалған.
- •1921 Жылдың наурыз айының соңындағы мәлiмет.
- •1. Қалай санасаңда Қазақстанда европалық тұрғындар басым (орыстар – 54 %, қазақтар – 46%).
- •2. Қазақстанның ркп(б) ұйымдарындағы қазақтар 6% (568 адам) ғана. Оның үстіне қазақ коммунистері бытыраңқы, дербес қазақ ұйымдары жоқ...
- •1921-1922 Жылдары Орынбор мен Ташкентте кеңес өкiметiн құлату үшiн құрылған астыртын контрреволюциялық ұйымның хаттамалары;
- •23/Х – 27 ж. М. Төлепов».
- •2. Маған тағы да мынадай (тергеушінің ауызекі әңгімесі бойынша, әйтпесе, жазба құжаттарды мен көргемін жоқ) айыптар тағыпты:
- •9.І. 1929 жыл. Қызылорда».
- •25/І-29 жыл Халел Ғаббасов (қолы қойылған)».
- •Протокол
- •1928 Жыл, 17 желтоқсан.
- •Бауырым Дінше!
- •Валидовпен арадағы хат туралы сұраған тергеушілерге ә.Бөкейханов:
- •Жоғарғы сот «тергеудiң стенограммасы ғана сақталған» деп неге ерекше ескертiп отыр?
- •Еліне барған соң Шымбурынның шыңырауының суық суын қанып ішті ме, жоқ па, кім білсін, бірақ байыз таба алмай тағы да жолға шығыпты.
- •Міне, «Алашорда қайраткерлерінің» үстiнен қозғалған „қылмыстың”, яғни, лақап – аңыздың ұзын-ырғасы мен мән-мазмұны осындай.
- •1.Труппаңыздың жобасы (положение).
- •2.Қазақша жасатқан декорацияларыңыздың формасы (описание), киіз қазақ үйінің жасалмасы.
- •3.Осы күнге шейін іштеген театр іштеріңіздің есебін (отчет) бір формасы (копия)
- •1. Кеңес өкiметiн құлату үшiн құпия ұйым құрған.
- •2. Англиямен астыртын байланысып, ағылшын әскерi Қазақстанға басып кiре қалған жағдайда қырда көтерiлiс ұйымдастыруды жоспарлаған.
- •Саналы алаш!
- •«Қымбатты Манаш Қозыбаев!
- •«Құрметті Қорған!
- •5. Дамолла Битілеуов
- •6. Кәрім Жәленов
- •«Қаулы.
- •1929 Жыл, ақпанның 10 күні, Қызылорда қаласы.
- •27 Мамыр (май) 1929 жыл.
- •7. Ғазымбек Бірімжанов
- •8. Ахмед-Сафа Юсупов
- •9. Хайретдин Болғанбаев
- •10. Асқар Дулатов және Басқалар...
- •1. Бұл топты Оспан Бөлтіріков басқарады, оның әкесі бұрын 30 жыл болыс болған, патшаға адал қызмет еткені үшін шен-шекпен алыпты.
- •11. Тілшелер
- •Ардақты Жақа!
- •Шырақ Мадиярым!
- •Қазақ сср Жоғары сотының: «Жүргізілген тергеу жұмыстарының ішінде қарулы көтерілісті дайындағандықтарын дәлелдейтін бірде-бір нақты дерек табылмады», – деген анықтамасына алып-қосар-пікіріміз жоқ.
- •32 Жыл, декабрьдің 31-і.
- •(Қорытындының орнына)
- •Мазмұны
1921 Жылдың наурыз айының соңындағы мәлiмет.
Губерниялар |
Тұрғындардың жалпы саны |
Аштыққа ұшырағаны |
Процентi |
1. Орынбор 2. Қостанай 3. Ақтөбе 4. Орал 5. Бөкей 6. Ақмола
|
680.271 455.598 501.637 470.028 224.028 1 млн. 021.164
|
526.401 414.350 361.049 446.536 66.255 472.000
|
80.3 74.5 72.0 99.0 29.5 46.2
|
Жиыны: |
3млн. 353.228 |
2 млн.286.591 |
68.2 |
Екiншi кесте: 1921-1922 жылдары аштық пен iндетке ұшырағандардың (мың есебiмен) тiзiмге iлiккен мөлшерi (жақшаның iшiндегi сан – өлгендердiң есебiн көрсетедi).
Айлары |
Орынборда |
Оралда |
Ақтөбеде |
Ақмолада |
1921 жыл. Қараша Желтоқсан 1922 жыл. Қаңтар Ақпан Наурыз Көкек Мамыр Маусым |
3044 (210.7) 2.835 (2.022) 2.241 (1.908)
770.3 (625) 520.1 (378.5) 433.3 (340.1) 347.9 (270.0) 682 (376) |
112.(39) 947 (481) 813 (503)
850 (545) 868 (428) 712 (472) 536 (418) 338 (57) |
1112 (1.010) 749 (1.642) 1.050 (981)
1.438 (138.9) 712 (602) 630 (530) 548 (474) 505 (430) |
250(172) 224(184) 483(350)
105.0 (730) 103.1 (150.9) 226.0 (149.1) 704 (502) 57 (17) |
Жиыны: |
2.957.8 (2.253.5) |
5.178 (3.003) |
7804 (70.58) |
6659 (4955) |
Екi кестенiң соңында да: «бұл толық есеп емес. Аштардың да, өлгендердiң де саны бұдан әлдеқайда көп», – деп ескерту берiлген. Содан-ақ, бұл ашаршылықтың қандай көлемде зауал әкелгенiн болжай берiңiз.
Бұл қолжазбада қасiреттi көрiнiстер көп. Адамның жанын түршiктiру үшiн емес, мұқым Қазақстан халқының басына түскен нәубәттiң сұмдығын сездiре кету үшiн Орталық комитетке қаратыла жазылған ресми құжаттың өзiнде жазылған мына мәліметпен ойымызды тұжырымдаймыз:
«Ит пен мысықты ұрлап, сойып – жеу, шын мәнiнде, iндетке айналды. Осынау «бiр кесiм ет үшiн» бiрiнiң жағасын бiрi жыртқандар көшеде жыртылып айырылды. Өмiрдiң өзiнен алынған шындықтың сиқы осындай; қу құлқыны үшiн, күн көруi үшiн әлгiндей бiр хайуанның соңынан бiрнеше адам жүгiрiп бара жатады. Қалайда тiрi қалудың қамын жасап, жансебiлдiкпен жанталасқан әлгi адамның өмiрге құштарлығын түсiну үшiн оның қуып жүрген хайуанды ұстаған кезiндегi қуанышын көрсеңiз ғой, аштықтың қасiреттi сайқымазағын сонда түсiнесiз. Жол жиегiнде өлiп жатқан, өлiп бара жатқан адамдарға әлгi «жансебiлердiң» өзi қарауға қорқады, өйткенi келесi сәтте оның өзi де соның кебiн құшуы мүмкiн. Иә, ол да ғажап емес... Сотта, бiрде аштық сотта тұрақты түрде адамның етiмен қоректенген үш адамның iсi қаралап жатса, келесi де адамның етiн пұттап сатқанға үкiм шығарып жатады.
Мiне, дәл осындай көрiнiстен мағлұмат берген Орал губерниясындағы Елек аудандық аштарға көмек комитетiнiң 1922 жылғы 14 қаңтарындағы есебiнде: «Кешке жақын көшеге шығу қорқынышты, адамдарды, әсiресе, толық адамдарды аң сияқты аулауға шығатындар бар. Аштар өлгендердiң етiн жеп жатыр», – деп жазылған екен.
Сұмдық!
Адамға адамның етiн жегiзген өкiмет те жетпiс жыл өмiр сүрдi.
Жә, тергеушi мен тергелушiлердiң жортақ желдiрмесiне iлеспей, дұрыс сөзге көшейiк. Оң iстiң тонын дәл осылай терiс айналдыру – кеңес өкiметiнiң тергеу жүйесiнiң аса әккi және сынақтан өткен тәсiлдерiнiң бiр болатын. Қазақ ұлтының ашаршылықтан жарым-жартылай аман шығуы – бүкiл бiр ұлт – кеңес өкiметi мен коммунистiк партияның қылмысты саясатының тiрi куәсi боп қалды деген сөз едi.
Ал куәларды бұл қоғам да, Сталин де, Голощекин де, ұнатпады. Ұлт iстерi жөнiндегi халық комиссары Сталиннiң қылмысын ашатын бұл аштықтың арашашылары – алаш азаматтарының көзi жойылмаса «ұлттар көсемiнiң» ұйқысы тынышталмайтын едi. Партия қатарындағы ұлт өкілдерінің iшiндегi iрi тұлғалардың бiрi, татар обкомының хатшысы Сұлтанғалиевтi 1923 жылы түрмеге қамағаннан кейiн Сталин шарап ұрттап отырып Дзержинский мен Каменевке өмiрден алатын ең үлкен рахатты сәті:
«Құрбандығыңды алдын-ала белгiлеп, барлық қастандығыңды дайындап ап, жауыңды табан астында аяусыз жайратқаннан соңғы ұйқы», – екенiн айтыпты.
Сөйтiп, кеңес қайраткерлерi ашаршылықты жоюмен күресудiң орнына, аштарға көмек көрсетудi ұйымдастырған ұлт зиялыларының соңына тыңшы қоюмен, тiмiскiлiкпен шұғылданды. Қыс бойы Қазақстанның партия мен кеңес ұйымдары азық-түлiк жөнелтiп, ажал тырнағынан арашалаудың орынына: «Ұлтшылдар ашаршылықты өсiрiп көрсетiп отыр», – деп даурығып, оларға идеологиялық тұрғыдан шабуыл жасап, қалайда аяқтан шалуға кiрiстi. Нақты iс-әрекетiмен халық арасында үлкен құрметке бөленген оқыған ұлт қызметкерлерiнiң беделiн қызғанып, қорланды.
1922 жылдың қаңтар-ақпан айында Орынборда өткен Атқару комитеттiң мәжiлiсi мен II партконференцияда аштыққа қарсы шара қолдануға дәрменсiз үкiметтiң пәрменсiз өкiлдiгiне ыза болған Түркiстан Республикасының уәкiлдерi К.Жәленов, Ғ.Тоғжанов, Е.Қапин iспеттi өкiлдер оларды қатты сынға алды. Шыдамы таусылған қазақ оқығандары ендi жиналыс ашып, даурығудан пайда жоқ екенiн түсiнiп, өзара ақылдасып iске кiрiстi. Ахмет Байтұрсынов қызметтен кетті. Өзiнiң бұл қадамын: «Ғылыми – педагогикалық жұмыспен еркiн айналысуым үшiн», – деп түсiндiруi жай ғана сылтау едi. Шын мәнiнде бұл оның:
«Ақ болсын, қызыл болсын, бәрiбiр, мен тек қазақ ұлтының мүддесiн қорғайтын мемлекеттi ғана жақтаймын», – деп ашық жариялаған әйгілі саяси мәлiмдемесі болатын.
Мұны сол тұстағы қазақ қайраткерлерiнiң бәрi де түсiндi. 1921-1922 жылдары «Алашорда» үкiметiнiң мүшелерi ішкi-сыртқы жағдайды кеңiнен талдай отырып:
«Бұрынғы аты танымал қайраткерлердi кеңес өкiметi түбiнде бәрiбiр жазаға тартады. Сондықтан да ұлттың санасын тұмандатпас үшiн: ұлт-азаттық –қозғалысының мақсаты толық орындалмағанын, он жүзеге асыруға кеңес өкiметi мүмкiндiк бермейтiнiн халыққа үнсіз жария ету үшін, сондай-ақ кеңес өкiметiмен жiк-арасын толық ашу үшін ұлт зиялылары ғылыми-ағарту саласына ауысып, рухани тәуелсiздiктiң ұрығын себуге ұмтылсын. Ал екiншi толқындағы қайраткерлер мемлекеттiк мекемелердiң iсiне белсене аралсып, саяси сахнаға шығып, ұлттың мүддесiн көздесiн. Дәл қазiргi жағдайда бұдан басқа амал жоқ», – деген ішкі ұйғарымға келеді.
Бұл – Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов ұсынған күрес тәсiлi едi.
2.
Алаш қайраткерлерінің мұқым ұлтты осындай мүсәпiрлiкке ұшыратқан партия мен үкiметтi өкiметiмен қосып жек көрмеске еш амал жоқ едi. Мұндай саяси сараместiк пен сатқындыққа, қатыгездiк пен қаскөйлiкке, жалдаптық пен жәдігөйлiкке шыдамаған, жүрегi шошынған қайраткерлер кеңкелес кеңестен мүлдем түңiлдi. Сондықтан да ұлттың ар-намысы болған алаш азаматтары билiктен бас тартып, бетiн терiс бұрып әкеттi. Олар өзінің қуат-күшін елінің рухани игiлiгiне жұмсауға, ұлттық рухты өлтiрмеуге ұмтылды.
Қысылтаяң шақта да ұлт мүддесіне деген күрес рухы әр азаматтың жүрегiнде сақталып қалды. Әрқайсысының бастарына төнген қауiптi сезiне тұра iшкi құрметтi ұмытпады. Жер мәселесiмен «Алаш iсi» ушығып, саяси қысым мен жазалау науқаны қатар жүргiзiлген қат-қабат күндерде де ұлттық сана мен қоғамдық пiкiрдiң қозғалысы толас таппады. Қазақ зиялыларының бұрынғы ашық талқылаулары мен кездесулерi жартылай құпия, мүлде құпия түрде жүргiзiлдi. Олардың арасындағы байланыс құралына сол кезеңдегi мүмкiн болған барлық тәсiлдер пайдаланылды. Патшаның отаршыл жазалау саясаты мен жандармерияның тiмiскi әрекетi алаш азаматтарына конспирацияның неше түрлi қитұрқы амалдарына үйреттi.
Солтүстiк және Оңтүстiк облыстар Қазақстанның мемлекеттiк шекарасына енген соң, өздерiнiң белдi бір мақсаттарының орындалғанын қанағат етті. Сөйтіп бiрыңғай мәдениет, оқу-ағарту саласына ауысты. Партия мен үкiметтен көңiлі қалған Мұхтар Әуезов ешкiмнен рұхсат сұрамастан Семейден, төте Ташкентке кетiп қалды. Iле Ленинград университетiне ауысты. Партиялық билетiн өлкелiк комитетке хатпен қоса салып жiбердi. Тергеушілерге:
«Еңбек тәртiбiн бұзғаным үшін және мүшелiк жарнаны төлемегенiм үшiн мені партиядан шығарып тастады», – деген мазмұнда уәж айтты.
Әрине, бұл да жай ғана алдарқату едi.
Ұлт зиялыларының Ташкентке жаппай ауысуы секемшiл өкiметтiң күдiгiн тудырды. «Алашорда» қайраткерлерiн түрмеге бiр-бiр сүңгiтiп алса да», оларды сотқа тартатындай сылтау табылмады. Ол өкiнiшiнiң орынын тергеу орындары 1929-1931 жылдардағы «ұлы құрбандықтың» тұсында толықтыруға тырысты. Ақыры ештеңе таба алмаған соң Байғасқин Есiмге «қысым көрсетiп, азапқа салып»:
«Мен өзiмнiң бұл куәлiгiмде алғашқы жолғы жауапта ұмытып кеткен мына бiр жайды қосқым келедi. Мен өзiмнiң алғашқы жауабымда: Әнуар паша мен Заки Уалидидiң саяси сахнаға шығуына байланысты 1922 жылдың мамыр айында алашордашылардың арасында бiр қозғалыстың басталғанын, алашордашыл Әуезов Мұхтар мен Тоғжановтардың қазақ ауылдарында ұлы түрiкшiлдiк рухты насихаттағанын айтқамын (Менiң бiрiншi жауабымды қараңыз). Петропавлдық алашордашылардың арасына осы ұлы түрiкшiл үгiт-насихатты жүргiзген тұста, бiр жолы сол кездегi губерниялық атқару комитетiнiң төрағасы Қазбеков Смағұл, губерниялық партия комитетiнiң ұйымдастыру бөлiмiнiң меңгерушiсi Бейсенов Мұхамеджан және Әуезов, Тоғжанов, Жұмабаев, Қияқов, тағы да басқа мен аты-жөнiн ұмытып қалған адамдар өзара ұзақ кеңестi, бiрақ ортақ шешiмге келген жоқ, сонда да өзара пiкiр алысуларын жалғастыра бердi, ақырында Әнуар мен Закидiң iс-әрекетiнiң нәтижесiне қарай қимылдамақ боп, ешқандай шешiм қабылдамауға келiстi. Маған мұның барлығын солардың iшiнде жүрген Байтасов айтты және оны жұрттың бәрi бiлетiн.
Байтасовтың сөзiнен ұққаным мұның мәнiсі қарулы әскер жасақтау, ауылды көтерiлiске дайындау екен. Менiң бұдан түйген тұжырымым мынау: егерде Әнуар паша мен Закидiң әскерi жеңiске жетiп, iлгерi басқан қадамы сәттi болса, онда алашордашылар халықты сөзсiз көтерiлiске шығарар едi. Жаңылмасам, маған Байтасов: Қожанов пен Рысқұловтың, Әнуар паша мен Заки Уәлидидiң арасында байланыс бар, – деп айтқан сияқты. Бұдан басқа айтарым жоқ», – деген жалған көрсетінді жаздырды.
Мiне, тұтқындағыларға тағылған: „аштыққа ұшыраған адамдарды астыртын ұйымға тартты, оларды кеңес үкіметіне қарсы күресуге үгіттеді”, – деген үшінші айыптың астарында жатқан оқиғалардың қасіретті шындығы осындай едi.
Бұған қоса: алаш қайраткерлері жазушылық, ғалымдық, оқытушылық қызметi арқылы кеңес өкiметiнiң саясатын бұрмалауға араласты, сол арқылы кеңес өкiметiн құлатуға тырысты делiнген «қылмыстық әрекеттер» айып ретінде тағылды.
Сөйтiп, ұлттық мемлекет пен ұлттың мұқтаждығын терең түсiнетiн ұлттық қайраткерлердiң барлығы қызметтен қуылып, Сталиннiң өзi ғана «мекемелiк көсем» боп қалды, ұлттық партия, ұлттық автономия, дербес мемлекет деген сөздерден оның төбе шашы тiк тұрды.
Сонымен, Қазақстанды Ресейдің құрамынан бөліп әкетудің мүмкіндігі неге болмағанын, Қазақтың ұлттық-демократиялық республикасын құру мақсаты неге жүзеге аспағанын баяндап өттік. Ал «Россия халықтары праволарының декларациясы» неге бір уыс қағаз болып қалды? Бұл мәселеге тергеушілердің өзі де жауап таба алмаған.
Оны «қолына алып, пәле салып, өз елін өзі аңдыған» көсемдер шешкен.
Бесінші тарау: ЖҮЙКЕ ЖЕГІСІ
1.
Ресей жаhангерлiгiнiң барлық отаршыл аяр саясаты кеңес өкiметiнiң де дiттеген жерiнен шықты. Көкiрегiн жеген өкпе құртына айналған ұлт мәселесiн олар қашан естерiн жиғанша еске алмауға тырысты. Бiрақ орайы келгенде орып, қылтасынан қиып тастауға ұмтылды. Большевиктер:
«Әлсiз жау – ең сенiмдi дос, – жауымыздан да бетер қатерлi», – деген П.Я.Чадаевтiң кекесiндi пiкiрiнiң желiсiмен жүрген.
Аз санды ұлттарға келгенде бұл қанатты сөздi толық мағынасында жүзеге асырды. Төңкерiс, азаматтық соғыс тұсында езiлген ұлттарды есiркеуге уәде етiп, «әлсiз жау» ретiнде дос тұтты. Ал, «есептi досқа» айналып, бауырына кiргенде дұшпанынан бетер түршiге өшiктi. Ресейдiң құрамындағы 140 миллион халықтың 75 миллионы орыс едi де (Олардың iшiнде өзiн орыспын деп есептейтiн Ленин, Троцкий, Бухарин, Каменев, Свердлов, Дзержинский, Фрунзе, Голощекин т. б., жүздеген мың сiңбелер бар), қалған 65 миллионы өзге ұлттар едi. Ресей үшiн тек қана шикiзат қажет болатын. Онсыз; ақ немесе қызыл жаhангердiң өмiр сүруi мүмкiн емес-тiн. «Әлеуметтiк теңдiктi» желеу жарымаған жарлылардың өкiметiнiң құлқыны – iшi майлы патшаның өңешiнен көрi де кең әрi ашқарақ едi. Сондықтан да, кеңес өкiметiнiң қомағай көмейлi кеңесшiлерi: кез-келген «ұлттық мүдде мен құқыққа», сол ұлттардың дәстүрi мен тарихи мекенiн тануға, өзiн-өзi билеу еркiне, дербес мемлекеттiк саяси-экономикалық даму жолына, әскери-шаруашылық құрылым құруына, тiлiне де, дiнiне де, тiптi ұлттық теңдiгiне де қарсы өршелене күрестi. Лев Троцкийдiң мойындауынша мұның екiншi бiр психологиялық астары мынада:
«Шет аймақтағы езiлген халықтың ортасында өскен большевиктер жергiлiктi ұлт партияларымен күрес үстiнде тәрбиелендi және олар шовинизмнiң сананы улаған сарқыншақтарын жоюды былай қойып, сонымен қатар өркениеттi әлеуметтiк әдiл талаптарды орындаудан бас тартты. Ұлт мәселесi жөнiндегi халық комиссариатының коллегия мүшелерiнiң барлығы да орыстанып кеткен «жат жұрттықтардың» өкiлi едi, езiлген ұлттардың дамуына өздерiнiң қанына бiтпеген қияли бауырмашылдық арқылы күнделiктi iс – әрекеттерiмен оларға қастандық жасауға жұмсады. Бұл ежелден келе жатқан орыстандыру саясатын жүзеге асыруға жол ашты”.
Ұлттық отарлау қыспағында өмiр сүрген «Қилы заманында» да, тәуелсiздiк алған тұсында да ең қауiптi құбылыс – ет пен терiнiң арасындағы Л.Троцкий дәл тауып айтқан осынау «арам бездер», яғни, «Қилы бауырмашылдар». Ұлт мәселесi жөнiндегi халық комиссариатына тегi «жат жұрттан» шыққан, бiрақ бойында сол ұлтқа деген өшпендiлiктен басқа қасиеттi бiр сезiмi жоқ «арам бездердi» қызметке қасақана алған да Лениннiң өзi. Оларды кешегi, бүгiнгi, келешектегi ұлттық қозғалыстардың iшiнен қиналмай-ақ кезiктiруге болды.
Ұлттық сана сүзгiден өтедi. Бiрақ «арам бездер» құрымайды. Бұл да табиғи заңдылық. Олардың әрбiреуiнiң кесiрi – ұлттық көсемдердiң мұқым бiр толқынын жер жастандыруға жетiп жатыр. Мәселенки: не орыс ұлтына, не еврей жұртына қайыр көрсетпеген, атасының атымен атасаң – Шая Ицкович, орысша есiмi – Филип Исаевич Голощекин, қазақтардың сыйға тартқан аты – Қужақ, қазақ ұлтының мәйегiн төгiп, сүйегiн қу далаға шашып кеттi. «Ұлттар мүддесiнiң қорғаушысы, лениндiк ұлт саясатының көсемi» Лениннiң өзi де мұндай аярлықтың әккiленген тәлiмiн өте ептiлiкпен қолданды. Ол езiлген ұлттарды сондай жәдiгөйлiкпен жауырынынан сипап тұрып, жауырынымен жер қаптырды. Тәуелсiз Башқұртстан мемлекетi мен «Алаш» үкiметiн де екiжүздi саясаттың құрбандығына шалды. Сырттай барынша жақсылық жасағансып «езiлген ұлттардың өзiн – өзi билеу еркi, бостандығы бар» - деп жалпы декларацияға кiргiздi де жеме – жемге келгенде:
«Балтық жағалауындағы ұлттар бағынудан бас тартса, оларды бір-ақ түнде аяусыз қырып тастаңдар да, мұны ұлтшылдар мен контрреволюционерлер iстедi деп қауесет таратыңдар», – деп жасырын бұйрық берген де Лениннiң өзi ғой.
Құпия жарлықтарда бұдан да сорақы ұсыныстардың, пәрмендердiң, «ақыл-кеңестердiң» бар екенi қазiрдiң өзiнде әшкереленiп отыр. Оны келешек дәлелдер.
Әлихан Бөкейханов «Алашорда» Үкiметi Ресейден дербес мемлекет болатынын мәлiмдегенде аты шулы адмирал Колчак:
«Маған салса, қазақтарды бағындыру қиынға соқпас едi: халыққа сөзi өтетiн, халық сенетiн 500 интеллигенттiң көзiн жойса, жетiп жатыр – қазақтар тағзым еттi деп есепте», – деген екен.
Расында да, қазақ ұлтының ең осал жерi осы зиялы қауым болатын. Заманның тiлiн бiлетiн, қоғамдық күрес пен саяси талас-тартысқа әбден ысылған қайраткерлер тым аз едi. Алайда, Сiбiр мемлекетiнiң әскери әмiршiсi адмирал Колчактың өзi де мұндай қаскүнемдiкке бармады. Ал Смағұл Сәдуақасов айтқан «коммунистiк колонизаторлықтың» да авторы – Ленин едi. Ұлттардың автономиясы мен саяси бiрлiгi – сырт көзге қойылған сахна ойыны ғана едi. Шын мәнiнде, большевиктер отарлаудың жаңа түрiне, коммунистiк түрiне шұғыл әрi жазалау арқылы қауырт кiрiстi. Егерде, ұлттық қозғалыс аса буырқаныспен дамыған Украина мен Түркiстанда қасақана ашаршылық ұйымдастырып, ұлттық коммунистердi жазалаудың жаңа науқанын жүргiсу туралы Лениннiң өзi берген жасырын нұсқау мұрағаттардан табыла қалса, оған ешқашанда таңдануға болмайды. Өйткенi, большевиктер, 1921-1922 жылдан бастап арандатудың ең қанқұйлы түрiне көшiп едi. Мұның етек алғаны сондай, Л. Троцкийдiң мәлiмдемесiнше, Лениннiң өзiне де у берiлген. Көсем де оған еш қарсылық бiлдiре алмапты. Демек, қазақ ұлтының зиялыларының 1922 жылы жаппай түрмеге қамалуы пәлендей кездейсоқ құбылыс емес.
1924-жылы мемлекеттің билігі тұтастай өзіне көшкен Сталин, ұлттық қайраткерлерден неғұрлым тез құтылса, соғұрлым жолы ашылатынын білді. Өйткені империяның мемлекеттiк басқару билiгiнде жалғыз ғана (!) жоғары бiлiмдi адамы (Молотов) бар шiркеу тақуасы Сталин үшiн – тұлға, зиялы (интеллигент) деген сөздiң өзi жеккөрiнiштi едi. Төбе шашы тiк тұрып, мұрты едiрейiп, алдына келген оқымыстыларды бишара күйге түсiрiп, қорлаудан масаттана ләззәт алатын мизаяны (паранойктi) көргенде Әлихан Бөкейханов:
«Сауатсыз, өзi бiлмейтiн, бiлгеннiң тiлiн алмайтынның нағыз өзi екен. Қазақты былай қойғанда, Ресейдiң соры ендi қайнайтын болды», – дептi Әлiмхан Ермековке.
Оның бұл айтқан пiкiрi расқа шықты.
Сталиннің өзі, тiптi, кеңес үкiметi мүшелерiнiң барлығы да можантопай, тек патшаның жазалау саясатын, түрменiң iшкi-сыртқы арандату әрекеттерiн өте жақсы бiлетiн тiсқаққан ысқаяқтар едi. Монархиялық диктатура – пролетариат диктатурасымен алмасты. Идеологиялық саясатпен, оның үгiт-насихаттық тәсiлi өзгергенмен де, мемлекеттiк құрылымға мойынсындыру әдiстерi сол күйiнде қалды.
Сот, прокуратура, тергеу мекемелерi жазалау құралына айналды. Пролетариат диктатурасының идеологиясына негiзделген заң тек қана кеңес өкiметiнiң мүддесiн қорғады. Жеке адамды, оның iшiнде тұлғаларды жаншып, қысым көрсетiп, жазалауға қызмет етті. Бұл ретте В.О.Ключевскийдің:
«Александр І таққа отырған 1801 жылдан бастап мұқым ХІХ ғасырдың ұзына бойында орыс үкіметі тек қана арандату әрекетімен шұғылданды: олар қоғам мүшелеріне сырттай ғана әсер қалдыратын мөлшерде ғана бостандық берді де, іле-шала оны жылы жаба салып, аңғал жұртты жазаға тартты. Александр І дәл осылай болды: Сперанский өзінің конституциялық жобасы арқылы декабристердің алаңға шығуына құқық берді де, сөйтіп, еріксіз арандатушы боп шыға келді, содан кейін шеңгелге іліккен өзінің саяси шәкірттерінің тергеу тобының құрамында жүріп, сұрақ алу кезінде көзінің жасын сығумен болды. Император Николай І тұсында үкімет өзінің арандату тәсілін өзгертті», – деген пікірін кеңес үкіметіне де қаратып айтуға толық дәлел бар.
Өйткені олар Сперанский сияқты «көзінің жасын сыққан жоқ». Керісінше, Александр І мен Николай І жазалау саясатын адамдардың рухын жаныштап, еңсесiн езуге бағыттай отырып, айла тәсілдерін өзгертіп қолданса, Ленин мен Сталин бұл екi «амалдың» басын қосып, қысым құралының құрсауын бұрынғыдан бетер күшейттi.
Бұл реттен алғанда, патшалық самодержавие мен кеңес өкіметінің мемлекеттік-саяси ұстанымында ешқандай айырмашылық болмады. Билік иесі ауысса – сарай дәбiрлерi де қоса ауысып, алдыңғылар мiндеттi түрде басқару жүйесiнен шеттетiлді. Бұл «тәсiл» түрлі халықтық саяси «формулировкалар» арқылы өте әккiлiкпен қолданылды. Әсіресе, жеке адамның тағдырын қамтитын кадр мәселесiн жазалау арқылы шешiп, қылмыстың куәләрiн дер кезiнде жойып отырды. Басшы ауысқан сайын жазалаудың тактикасы мен стратегиясы да өзгердi.
Ленин жаңа экономикалық саясатты қауырт жүзеге асырды, iле Сталин еңсесiн көтерiп үлгергендердi тап жауы, кулак ретiнде тәркiлеп, тоз-тозын шығарды. Ленин «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкiметiнiң мүшелерiне бүкiлодақтық Орталық Атқару комитетiнiң 1919 жылғы 4 көкектегi және 1920 жылғы 15 көкектегi Лениннiң өзi қол қойған қарармен кешiрiм жасады, Ленин өлген соң оларды жаппай қудалай бастады. Ақыры көздерiн жойып тынды. Лениннің тұсында, яғни, 1920-1924 жылдар аралығында ұлттық федерация мен автономия, ұлт мәселесi жаппай талқыға түсіп, СССР құрылды. «Партиялық диспуттар» ұйымдастырды, iле Сталин бұл науқанда белсендiлiк көрсетiп, батыл пiкiр айтқандарды ұлтшыл, байшыл, буржуазия мүддесiн қорғағандардың қатарына қосып, тазалау науқанын жүргiздi. 1937 жылы «халық жауын әшкерелеу» басталды. «Жазалау әрекетi» шегiне жеткенде, 1938 жылы «асыра сiлтеушiлiк» туралы қаулы қабылдап, ендi алдыңғыларды халық жауы ретінде «әшкерелеушiлердiң» өздері «әшкереленіп», адал азаматты әдейi арандатқандар есебiнде түрмеге қамалды. Ақыры 1956 жылы: бұлардың барлығы жеке басқа табынушылықтың құрбаны болды – деген бүркеншік саясатпен Сталиннің өзі де сахнадан ысырылды. «Жылымық әкелген» Хрущевті Брежневтің «ыстық құшағы мен тәтті сүйістері» ерітіп жіберді. Горбачев мұның бәрін «қайта құруға ұмтылып» еді, оны пучча өртеп жіберді. Сөйтiп, ол күндердің де тiрi куәләрі жойылды.
Бұл өз кезегінде қазақ ұлтының да мәйегін ірітіп, жүйкесін жегідей жеп, тұрақты ұлттық ұстанымды ұйытуға мүмкіндік бермеді. Соның нәтижесінде мемлекеттік қайраткерлер емес, қондырғы қайраткерлер республиканы Мәскеудің емеуірінімен қақпайлап қана отырды.
Қазақстанда өзінің дербес құрылымдық-құқықтық, саяси-экономикалық, тарихи-мәдени, рухани дербес билігін жүргізген нағыз ұлттық тұлға болған емес. Бұл ұлттық тұлғалардың тұншықтырылуына алып келді. Көп өксік көмейіне тығылған ұлттың бұл саяси құмығуы түйнектеліп барып, өз кезегінде сексен алтыншы жылғы намыстың ызалы кегі боп атылды. Ол тәуелсіздікке ұласты.
Міне, Сталин осы тәуелсіздіктен қатты сескенді. Сондықтан да рухы қуатты ұлт қайраткерлерінің бірде-біреуіне Сталин сенбеді және мемлекет басына жолатпады. Тәуелсіз тұлғалардан сескеніп, «тұлғасыздарға» тұлға іздеген Сталин:
«Шығыста социализм орнамай – дүние жүзiнде коммунизм орнамайтынын», – деп жариялады.
Бұл арманына жету мақсатында Қазақстанға социализмді орнату үшін Голощекинді «десант» ретінде жіберді.
Гәп социализмде емес, сол социализмнен үмiт күтiп отырған «езiлген ұлттардың» тағдырында және соны жүзеге асыратын қазақ қызметкерлерінде болатын. Қазақ ұлты мен тұлғаларының шегер қасіретi мен көрер көрешегiне орай, халық «Қужақ» атап кеткен, азаматтық аты – Шая Ицкович, бүркеншiк есiмi – Филип Исаевич Голощекин Қазақстанға келе салысымен өзiнiң «сыпыра сыпыру» мен «жағалата жаппай жазалау» саясатын жүргізіп, әр түрлі «щиналарға» (қазақ қызметкерлеріне) «қарғыстың қамытын кигiзiп», оларды халық жауы ретінде әшкерелеуге кірісіп кетті. Ол өзiнiң «таққа тағайындалу» құрметiне орай 1925 жылы 1 желтоқсан күнi (мына сәйкестікті қараңызшы, Г.Колбин де сол желтоқсанда келді емес пе!) өткен Бүкiлқазақстандық бесiншi конференцияда:
«Шындығын айтсам, ауылда кеңес өкiметi жоқ, байлардың үстемдiгi, рулардың үстемдiгi ғана бар», – деп мәлiмдеме жасады.
Оның көзіне бұқара қазақ халқы көрінген жоқ, тек байлар мен «щиналар» ғана елес берді. Желтоқсанда жер тепкілеп келіп, бірден ашық тіміскілікке кірісті. 1926 жылы жаппай қудалауды бастады. 1927 жылы жаппай жазалау мен тұтқындауға көшті. 1927-1930 жылдары тергеуге алды. Соның нәтижесінде СССР Халық Комиссарлары Кеңесінің жанындағы ОГПУ коллегиясының 1930 жылғы 4 апрельдегi қаулысына орай:
«Бұрын «Алашорданың» құрамында болған және ұлтшыл контрреволюциялық ұйымға кiрген, сонымен қатар олармен байланысы бар ұлтшылдардың үстiнен қозғалған № 2370-iстің «Тарихи анықтамасы» бойынша:
ақпан төңкерiсiнен кейiн ұлтшыл «Алаш» партиясының құрамына кiргені үшін,
«Алашорда» үкiметiнiң мүшесi болғаны үшін,
сондай-ақ орыстың ақгвардияшыл казактармен, контрреволюцияшыл генерал Колчактың армиясымен бірігіп кеңес өкiметiне қарсы ашық күрескені үшін,
контрреволюциялық армия мен «Алашорда» үкiметіне кешiрiм жасалғаннан соң да контрреволюциялық ұйымның ұйытқысы болғаны үшін,
Қазақстанды Ресейдің құрамынан бөліп әкетпек болғаны үшін,
кеңес өкiметiн құлатып, құрылтай жиналысын өткiзу арқылы қазақтың ұлтшыл-демократиялық республикасын құруға ұмтылғаны үшін,
қазақтың ұлтшыл-буржуазияшыл интеллигенциясының өкiлдерiнің» алды –атылды.
Бел ортасындағылар ату жазасына кесіліп, жиырма бес жылға кесім алды, соңындағылар жер аударылды.
Сөйтіп, ұлт тұлғасыз тұл қала жаздады. Ал тұлғалардың тұлғасыздандырылуы Ә.Бөкейханов пен А.Байтұрсыновтың саяси сахнадан шеттетілуі тұсында басталды. Алайда ұлт іші мәйексіз емес еді.
2.
Қоғамдық құрылымдарды түбірімен қопарған ұлы төңкерістер өзінің жаңа қайраткерлерін тарих сахнасына әкелді. «Әскери коммунизм» мен «жаңа экономикалық саясаттың» арасындағы саяси қысылтаяң тұста қазақ зиялыларының ішінен екiншi бiр алаш ұранды ұлтжанды топ сүзiлiп шықты. Олар ұлт-азаттық идеясының ең нәзiк әрi тауқыметті кезеңіне тап келген заманына лайық «тар жол, тайғақ кешудi» таңдап алды. Кейiнгi тағдырлары әр қалай қалыптасқанымен де, өзiнiң тарихи қалыптасу кезеңiне орай iрiктелген бұл топтағылар жаңа жағдайға байланысты өмiрдiң өзi тудырған саяси күрестiң қайраткерi деңгейіне көтерілді. Өз орталарында ішiнара пiкiр қайшылығы қылаң бергенімен де, түпкi нысаналары бiр арнаға сайды.
Сөйтіп, 1919-1929 жылдары арасында өзiнiң дербес ұлттық-саяси ойлау жүйесi толық қалыптасқан қазақ ұлт зиялыларының екінші толқыны ұлт тізгінін қолына алды. Олар қандайда бір қоғамдық құрылымда болмасын, ұлттық тәуелсiздiк жолындағы қозғалыстың қашан түпкі мақсатқа жеткенінше толас таппайтынын аңғартты.
Сол екiншi тегеуiрiндi толқынның қайраткерлiгiнiң нәтижесінде қазақтың қоғамдық-әлеуметтiк ойлау жүйесi өркениеттің даму сатысының жаңа деңгейіне көтерiлдi. 1919-1927 жылдар арасындағы Қазақстандағы саяси күрес тәжiрибесi оларды шынықтырып, буынын бекiттi. Интернационалдың ұйымдастыру жұмысына араласып, халықаралық беделге ие болған, федерация туралы пікірталастарында ұлттық мемлекет мәселесін көтеріп, Ресейдегі орыстан басқа халықтардың алдында саяси белсенділік танытқан екiншi толқынның өкiлдерiне тосқауыл қою Кремльге қиынға соқты. Олар қандайда бiр саяси, мемлекеттiк, экономикалық, дипломатиялық түйiнi қиын мәселелердi шешуге қабілетті болатын.
Ең бастысы – ұлттық ойдың өзегi үзiлмедi. Олар партияның мүшесi қатарында қала жүрiп ұлттық нысананың ұйытқысына айналды. Дербес қазақ мемлекетi құрылып, оның ұлттық ұйытқыда дамып, өркениетті ел қатарына қосылуына барынша бағытталып отырды. Әрине, бұл кезеңде саяси еркiндiк, толық бостандық туралы мәселе қозғау мүмкiн емес едi.
«Алаш iсi» атты тергеу iсiндегi құжаттар мен жауаптарға және олардың саяси көзқарасына қарағанда бұл топ негiзiнен «Алашорда» үкiметiнiң ұлттық бағытын жетекшiлiкке алған бiр кездегi «жас алаштар» едi. Кеңес өкiметi кезiнде мемлекет басына келген Смағұл Сәдуақасов, Сұлтанбек Қожанов, Тұрар Рысқұлов, Нығымет Нұрмақов, Жалау Мыңбаев, Ораз Жандосов, Ыдырыс Мұстамбаев iспеттi қайраткерлер 1921-1922 жылғы ұлттық федерация туралы пiкiр таласы тұсында сондай ұстанымдарын танытты. Бұлардың күрес сахнасына келуi заңды құбылыс еді әрі жаңа құрылымдағы қайшылықтарды шешуге ұлттық аймақтар мұқтаж да болатын. Негiзгi үйлестiрушiнiң мiндетiн Қазақстанда – Смағұл Сәдуақасов, Түркістанда – Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожанов атқарды. Бұлар 1920-1929 жылдардың арасында Қазақстанның саяси, мәдени өмiрiнде шешушi оппозициялық-ұлттық нысананы мақсат етiп, ой-пiкiрлерiн мемлекеттiк деңгейде талқыға салған ықпалды да қуатты саяси күш ретінді танылды.
Аз ұлттардың арасындағы мұндай саяси қуатты күш – кез-келген империяның қас жауы еді. Шындығында да Голощекиннің:
«Сәдуақасов дегенiмiз – бұл жиынтық есiм, ол – «сәдуақасовшылар» деген мұқым бiр жұлдыздардың шоғыры... Сәдуақасовшылар дегенiмiз – бұл партияның ықпалынан шығып кетуге жанталасып жүрген кеңес мекемесi... Сәдуақасовшылар дегенiмiз – бұл пролетариат диктатурасына қожалық еткiсi келетiн тұтас бiр ұлттық мәселе!», – деген пікірінде негіз бар еді.
Өйткені «сәдуақасовшылар – тұтас бiр ұлттық шоғыр» болатын. Олардың негiзгi мақсаты – «коммунистiк-колонизаторлыққа» қарсы күрес едi. Мұндай қарсылықты тудырған – кеңес өкiметiнiң аз ұлттарға қарсы бағытталған қастандық iс-әрекетi, ұлыдержавалық өктемдiгi мен үстемдiк көзқарасы еді. Ал ұлыдержавалық өктемдіктің:
«Жазалау жүйесiнiң күретамыры – шовинизм», – деп М. Тынышбаев өте тауып айтты.
Иә, расында да, М.Тынышбаев дұрыс айтқан, капитализмнің де, социализмнің де «жазалау жүйесiнiң күретамыры» – ұлттық, экономикалық, шовинизм болатын. Сондықтан да «социализм» орнату үшін жіберілген Голощекин Қазақстан экономикасындағы аймақтық ерекшелiктерді, өмiр сүрiп, тiршiлiк құрудағы ұлттық айырмашылықтарды, халықтың тарихи дәстүрiн қызыл қарындашпен бiр-ақ сызып тастады да, жергiлiктi жұрттың „қолындағы құрықтың орнына шанышқы ұстатпақ” болды. Алайда, шанышқымен iлiп жеу үшiн де табақта ас-дәм болу керектiгiн ұмытты. Тiптi араб алфавитiнен исламның «иісiн сезiп», жедел қарiп өзгертудi талап еттi.
Мұның барлығын кеңестендіріп, ауылшаруашылығын мәдениеттендіріп, шикізатты өнеркәсіптендіріп, социализмді орнату үшін шұғыл түрде қазақ жерін реформалау арқылы қазақтарды ығыстыру және сол жерді жаппай еуропалық ұлттармен қоныстандыру қажет деп тапты.
Ал жер – ұлттық дербес өмiр сүрудiң басты кепiлi. Жерсiз ұлт – дербес халық ретiнде жер бетiнде өмiр сүру құқынан, ұлттық қасиеттен айырылады. Жаһанданудың да жұлынын жеп отырған жегі құрт – осы жер. Әлемдік геосаяттың бәрі де осы жерге келіп тіреледі. Жердің иелігі шешілмей, тәуелсіздік те, оған ие ұлттың да, оны билейтін мемлекеттің де мүддесі шешілмейді. Түптеп келгенде, капитализм, имперализм, социализм дегеніміздің өзі де – жерді иеленудің бір формасы ғана. Жерсіз – ешқандай империяның мүддесі жүзеге аспайды. Жерcіз – ешқандай империяның халықаралық қауымдастықта ықпалы жүрмейді. Жерсіз империя – тұл империя. Ал империялық өктемдіктен бас тартқан мемлекет жоқ. Бұл ретте қазақтың тағдыры қосақталған Ресейдің дәмесі бұрын да зор болды, қазір де зор, ертең де өте зор болмақ. Сондықтан да В.И.Ленин:
«Ресейдегі отарлау саясаты дегеніміз – жер саясаты», – деп атап айтқан болатын.
Ресей сол саясаттың нәтижесінде 1917 жылға дейін ғана 45 миллион десятина жерді, яғни, күллі қазақ жерінің бестен бірін қара шекпенділерге тартып әперген еді. Енді «шығыста кіші октябрь» мен «социализмді қатар орнатуға» келген Сталиннің «әпермені» Голощекин қалған жерге реформа жасап (тартып алып – Т.Ж.), оған тағы да 360 мың «тың игеруші» орналастыруды ойластырып, қысылып-қымтырылмастан:
«Сәдуақасов жолдас екеумiздiң арамыздағы пiкiр қайшылығы тұп-тура Октябрь (кеңес өкiметi – Т.Ж.) мәселесiне қатысты. Мен: ауылға кiшi Октябрь жүргiзу қажет деп есептесем, сiз Октябрь атаулының барлығына қарсы шығасыз. Бiздiң қазiргi жүргiзiп жатқан жер реформамыз Октябрь емес пе? ...Егер мұны азаматтық соғыс деп түсiнсеңiз, онда бiз соғыс жағындамыз», – деп өзі басқарып отырған халыққа өзі «азаматтық соғыс» жариялады.
Бұл «Қужақтың» қалжыңы емес, шыны болатын. Жай қыр көрсету емес, алдын-ала жоспарланған жоба еді. Оны Сталиннің өзі:
«Голощекин жолдас! Мен мына мәлiметiңiзде белгiленген саясатты негiзiнен алғанда бірден-бiр дұрыс деп ойлаймын» – деп жазбаша түрде мақұлдап берген болатын.
Өйткені, қызыл империяның «жер реформасының» жоспары бойынша, шет аймақтағы ұлттар – ұлы жаhангердiң шикiзат қорын дайындап беретiн «ерiктi құлдар жасағын» құруы тиіс болды, яғни, дамыған социализм тұсындағыдай, экономикалық басыбайлы аймаққа айналдыру көзделді. Егерде, ұлт аймақтарын дер кезінде орыстандырып, оларды қоныстандырып алмай тұрып ұлттық өнеркәсiптi дамытса, онда қазақ ұлтының өкiлдерi, соның iшiнде жұмысшылар да, кейіннен кiрмелерге жол бермеуi мүмкiн едi. Ол үшiн оларды аштықпен есеңгiреттi. 1922 жылғы аштық бұл саладағы алғашқы «Тәжiрибе» ретiнде сынақтан өттi. Мұқым қазақ халқын «табиғи түрде жоюға» мұршасы жетпедi. Өйткенi қазақтың дәстүрлi көшпелi экономикасы мен өмiр сүру тәсiлi оған мүмкiндiк бермедi. Ендi, «мойынсерiк», «қосшы ұйымы», «керей қостары» арқылы тiрi қалудың, күн көрудiң, жұтамаудың ғасырлар бойы сыннан өткен тәсiлi мансұқталды.
Қауiптi күшейтпес үшiн ең алдымен ұлт аймақтарына, соның iшiнде Қазақстанға, 360 мың еуропалықтарды сiңiрiп жiберуге тырысты.
Жер дауы – қазақ ұлты үшiн бұрын да өте күрделi әрi ең талмауытты мәселе болатын. Сондықтан сол тұстағы қазақ зиялыларының бiрде-бiреуi жер, жер бөлiсi жөнiндегi мәскеулiк жобаны бекiттiрмеуге тырысты. Саяси көзқарастары мен қызмет орындарының әр саланы қамтығандығына қарамастан, мұндай «коммунистiк-колонизаторлыққа» қарсы тұрарлық ұлттық пікір қалыптасты. Қазақстандағы ұлттық қызметкерлердің ішіндегі ең жасы, ең өжетi, бiлiмдiсi Смағұл Сәдуақасов мұны:
«Қазақ автономисына жүргізілген коммунистік колонизаторлық» – деп атады.
Бұл – қазақ қауымының рухани өмiрiндегi ең шешушi әрi тарихи қажеттiлiктен туған заңды қарсылық едi.
Мұндай батыл пікірді айтқан Смағұл Сәдуақасов та Қазақстан үшін тосын тұлға емес. Ол республиканың ішіндегі саяси-ұйымдастыру, экономикалық басқару шараларына батыл араласқан, ысылған қайраткер еді. Әсіресе, Қазақстан автономиясының құрылуы, оның территориясының межеленуі, солтүстік облыстардың Қазақстанға қосылуы, қазақ қызметкерлерін іс басына тарту, 1921-1922 жылдардағы ашаршылықпен күрес, жер туралы заң жобасы мен экономикалық тұрғыдан тәуелсіз даму бағдарын анықтау, тарихи-мәдени, рухани құндылықтарды тану, бағалау барысында Смағұл өзгелерден жеке дара суырылып шықты.
Ол өзiн терең де батыл ойлы, шешiмшiл, өжет және ұлт мүддесiн қорғайтын қайратты да қызуқанды, тәлiмдi де тәжiрибелi мемлекет қайраткерi есебiнде көрсете бiлдi. Смағұл Сәдуақасовтың жер, ұлттық өнеркәсiп, мәдениет саласындағы саяси тұжырымдарының негiзiне «Алашорда» қозғалысының бағыт-бағдары мен тұжырымдары желi болып тартылды. Сол ұлы мақсатты кеңес өкiметiнiң саясатына бейiмдей отырып, «коммунист-отаршылдарға қарсы «ұлттық коммунистiк» үлгi ұсынды. Ол қазақ жерi туралы Ә.Бөкейханов ұстанған жер реформасы туралы жобаны қолдап:
«Сырттан келiп отарлауды уақытша тоқтату керек; б) әуелi жергiлiктi халықты, соның iшiнде байырғы қарашекпендердi де қамти отырып, оларды толықтай жерге орналастыру қажет; в) екiншi кезекте барып төңкерiс тұсында ауып келгендерге жер беру керек; г) содан кейiн ғана Қазақстанның жер жағдайы мен құнарлылығын зерттеумен шұғылданып, оның құнарлы-құнарсыз екендiгiн, яғни пайдалануға жарайтын артық жер бар ма, жоқ па, соны анықтау тиiс», – деп үлкен мәселе қойды.
Мiне, мәселе қайда жатыр! Иә, гәп – жерде. Жер – адамды жейдi. Көзiн өңменiңнен өткiзе қадап, телмiртiп отырған да сол жер, қазақтың жерi болатын. «Тың игеру» науқанын Столыпин сұм аяқтай алмай кеттi. Ал, большевиктер өздерi атып өлтiрген Столыпиннiң бастамасын үкiмет басына келiсiмен шұғыл түрде жүзеге асыруға құлшынды. Бiрақ оған ұлт көсемдерi жол бермедi. Өзге шарасы қалмаған кеңес өкiметi жаппай жазалау саясатына жүгiндi. Ұлт көсемдерiн шетiнен түрмеге қамады. Тергедi. Қинады. Сонда да алаш азаматтары алған беттерiнен қайтпады. Өйткенi жер мәселесi – қазақ ұлтының өмiрi мен өлiмiн анықтайтын ең шешушi мәселе едi.
Бұл платформа кеңеске дейін де, кеңес кезінде де, кеңестен кейін де большевиктер тарапынан жаппай сыналды, «ұлтшылдық платформа» деп бағаланды. Ақиқатына көшсек, Смағұл Сәдуақасұлының пiкiрi дұрыс әрi ол жалғыз өзiнiң ғана емес, сол кездегi алаш азаматтарының ақылдаса келiп қорытқан тұжырымды пiкiрi болатын. Әлихан, Ахмет, Мiржақып, Халел, Жаһанша, Мұхамеджан, Халел Ғаббасов, Әлімхан iспеттi ұлт көсемдерiне мiнбеге көтерiлуге тиым салынғандықтан да, солардың ақылына сүйенiп, солардың атынан сөйлеген сөзi едi.
Голощекиннің бұл жер реформасы – қазақтың жартылай көшпелі экономикасын (халық арасында «Ақ шом» деп аталған көшпелі экономика заңдылығы – Т.Ж.) бұзып, жаппай ашаршылыққа алып келетін. 1921-1922 жылдардағы аштық тұсындағы «реформаның» алғашқы «тәжірибесімен» бәрі де таныс еді. С.Сәдуақасов та, С.Меңдешев те, С.Сейфуллин де, О.Исаев та, Ұ.Құлымбетов те, И.Құрамысов та бұл ашаршылықты бастарынан кешірген болатын. Алайда өткеннің қасіретті сабағын коммунистер қаперіне алмады. Ал тергеу ісінің мәліметіне жүгінсек: сол тұстағы облыстық, кейін Өлкелік партия комитетінің екінші хатшысы С.Меңдешев басқарған бір мәжілісте аштан өлген 1 миллионға жуық адамның әруағының алдында беті шімірікпестен:
«Аштарға көмек комиссиясының» жұмысын кеңес өкіметін құлатуға пайдалану үшін және аштыққа ұшыраған тұрғындарды астыртын ұйымға тарту үшін Әуезов Мұхтар мен Ахмет Байтұрсынов Қазақстанның түкпiр-түкпiрiне үндеу жолдады. Ал Ж.Аймауытов «Алашордашылардың» туыстарына мал таратып беру үшін «Аштарға көмек көрсететін» комиссияның мүшелiгiне қасақана кірген», – деп «халық жауын» әшкерелепті.
Мұндай «естен тандыру арқылы халықтың санын табиғи түрде азайтатын жер реформасының» қасіреті Голощекин мінбеде:
«Бесінші партия конференциясының жұмысына қарсы ұйымдастырылған (яғни өзін сайлауға – Т.Ж.) Бөкейхановтың, Байтұрсыновтың, Сәдуақасовтың, Досовтың саяси-экономикалық платформасы», – деп аталған экономикалық талдауда егжей-тегжейлі дәлелденген болатын.
Сол платформаға сүйенген С.Сәдуақасов Қазақстанды өзі өндірген шикізаттың құлына айналдыратын жобаны ұсынған «саяси экономистерге» қарсы:
«Әр республиканың өз iшiнде тұйықталған кәсiпорын ашу бағыты (әрине, ұлтшылдық бағыт деп түсiнiңiз) бар деген Зелинский жолдастың пiкiрi дұрыс емес (мұны талдаудың өзi ұят), екiншiден, Орта Азиядан мақтаны тасып әкету – жақсылық, ал дайын матаны тасу – бұл тұйықталған шаруашылықтың белгiсi – деген мәселе қандай теориядан туындап отыр? Бұлай етуге болмайды, Зелинский жолдас! Тура керiсiнше, шаруашылықтың мүддесiне орай, өнеркәсiптi шикiзаттың көзiне жақын орналастыру қажет», – деген пікір білдірді.
Шындығында да, жүннiң бiр қадағын қазақтардан 15 сомнан алып, 150 сомға қайта қазаққа сатудың қай жері интернационалдық? Қай жері социализм? Қай жері қандай ұлтшылдықпен күрес? Экономикалық жағынан өте тиімді, өзiн-өзi асырайтын, өзiнiң жерiн өзi дербес игеретiн, өзiнiң ұлттық даму дәстүрi мен тарихи танымын сақтайтын мұндай ұлттық социализм Голощекинге ұнамады. Смағұлдың бұл сөзіне тура жауап бермей, Шая-шаялығына салып:
«Индустрияландыру мәселесi жөнiндегi өзiнiң сырын Сәдуақасов әлi ашқан жоқ. Ол бұрын: бiзде терi бар, оны Мәскеуге тасудың қажетi жоқ, заводты Қазақстанның өзiнде салу керек, сөйтiп қазақтың (күлкi) ұлттық терiсiн (күлкi) өзiмiзде өңдеуiмiз керек… Ал, Мәскеу мен орталықтағы заводтар тоқтап қалса, онда оның жұмысы жоқ көрiнедi», – деп мінбеден мекерсiнді.
Егерде қазақ ұлты жаппай аштан қырылып жатқанда сол ұлтты басқарып отырған Голощекиннің онда «ешқандай жұмысы болмаса», мемлекетті басқарып отырған орталықтың «онда жұмысы болмаса», онда өз елiн аштықтан арашалаймын деп қуғынға ұшыраған Смағұлдың «Мәскеудің заводтарында қандай жұмысы болуы» мүмкiн?!. Аштарға жөнелтiлген азық-түлiктi:
«Тек қана еуропалық ұлттардың шоғырланған жерiне бөлiп берiңдер» – деп жарлық шығарған Мәскеу мен орталыққа кiмнiң қимасы қыши қояр екен.
Сенесiз бе, қазақ ұлтының ел басыларының iшiнен де «қимасы қышитындар» шықты. Соның бiрi:
«Қазақтың «түйелерi» социализмге бет алды, бет алып қана қойған жоқ, соған жетiп қалды. Ол өзiнiң жалпақ табанымен жолына кесе көлденең тұрған Сәдуақасовты таптап тастайды», – деп те соқты.
Алдымен Шаяның шаяны боп Смағұлды шағып, жұртын жұтатқан осынау «теңiзге қарап бақылдаған бақаның» (өз сөзi) өзін де отыз жетінші жылы «социализмнiң жалпақ табан түйесi таптап кеттi».
Өзінің «Кіші октябрь» жобасымен, көпірме пікірімен келіспеген, не қарсы шыққан партия, кеңес қайраткерлерін Голощекин аяусыз жазалап, олардың арасына қасақана іріткі салды. Ұлтын ашаршылықтан сақтап, «азаматтық соғыстың орынына азаматтық келісімді» ұсынған С.Сәдуақасов, Н.Нұрмақов, С.Қожанов, Ж.Мыңбаев сияқты қызметкерлерді қырына алып, қазақ интеллигенциясына қарсы жазалау науқанының басталғанын ресми түрде мәлімдеді. «Ел билеген кемелдердің» көзін жою арқылы ұлттық сананы жою – ақ патшадан қалған «мұра» еді.
Ол қазақ зиялыларының арасына от тастау үшін әуелі Қазақстандағы жер реформасы, территориялық тұтастық, қоныстандыру саясаты, экономика, шаруашылық, оқу-ағарту жүйесі, ұлт тарихы, өнер мен әдебиет, көне мұраға көзқарас туралы баспасөз бетінде пікірталастарын жариялатты, түрлі мәжілістерде сөз сөйлетті, сөйтіп, партия, кеңес қайраткерлерін білдіртпей бір-біріне жанықтырды. Кезінде «Түрккомиссиясы» мен Мусбюроның құрамында болған жергілікті халықтан шыққан қайраткерлердің барлығын пантюркист, оппортунист, ұлтшыл, жікшіл деп жариялады.
Ол жиырмасыншы жылдардың басында тарихи даму жүйесі тудырған: ұлттық федерация, ортақ Түркістан, республика аралық жер межесі, 1921-1922 жылғы ашаршылық, 1922-1924 жылдар арасындағы Қазақстан мен Түркістанның арасындағы «Үлкен Түркістан» туралы пікір білдірген қайраткерлердің сөздерін жинастырып, олардың әрқайсысына „рысқұловщина”, „садуақасовщина”, „мендешовщина”, „сейфуллиновщина”, „қожановщина”, „төреқұловщина” деп мысқылдай ат қойып:
««Жалпы мен, топшылдық дегенде, ұлтшылдықты емеурiн етiп отырмын. Мен сәудақасовшыларды еске салғанда, қожановшыларды да, рысқұловшылардың барлығын да айтып отырмын. Олардың барлығы да бiр қалыптан шыққан», – деп жер тепкілеп баға берді.
Голощекин «щиналарды» қайтадан саяси сахнаға шығару арқылы тұтас ұлтты қақ жарып, сол кездегі ең беделді үш тұлғаны – Сәдуақасовты, Қожановты, Рысқұловты бiрiн-бiрiне қарсы қойғысы келді. «Алаш ісіндегі» тергеу ісі де осы үшеуін қалайда халық жауы етіп шығаруға бағытталды. Бұл ретте Зиновьевтің:
„Голощекин Қазақстанға барысымен, жергілікті ұлт интеллигенттері мен қайраткерлерін өзара қырқыстырып, ақыр соңында оларды қуғынға салып, үлкен қиянатқа душар етті”, – деген пікірі дұрыс еді.
Қастаншықпағыр мақсатына жету үшін ол өзінің идеологтары мен тарихшыларына 1921-1927 жылдардың аралығында өткен барлық жиналыстар мен конференциялардың, дикуссиялардың материалдарын жинаттырды. Сонда қабылданған қаулылар мен көтерілген мәселелерді қорыта тұжырымдап, мұны «щиналардың» кеңеске қарсы платформалары деп жариялады.
Бұл мәселелер жалпықазақтық сыпат алып, үлкен пікірталастар туғызған еді. Соның ішінде аса батыл пікірлерімен ерекшелетін Сұлтанбек Қожановтың ұстанымдары оның Қазақ өлкелік партия комитетінің атына жазған хатында толық баяндалды. Соның ішінде оны «ұлтшыл, топшыл, алашордашыл» етіп шығарған С.Қожановтың пікірлері мынадай:
«Қазақтар өз республикасында аз санды ұлт болып есептелетін күлкілі көріністі тоқтау керек. Қазақ интеллигенттерін Орынбор сияқты орталықта тұтқында ұстап отырып пролетарлық басшылықты жүзеге асырғанша, оларды қалың бұқараның ішіне жақын ұстап, іске қызу араластыру қажет. Орыс шаруаларын қазақ арасына қоныстандырып, олардың санын көбейтумен пролетарлық басшылық жеңілдеп кетпейді, керісінше, дәстүрлі ұлт араздығының шиеленісуіне әкеп соқтырады, орыстық ұлтшыл өктемдіктің күшеюі пролетариат туралы теріс көзқарас қалыптастырады. Пролетарлық басшылық «тұйық» тоқыраумен емес, шаруашылық пен қоғамдық өмірдегі жария жұмыспен бағаланады.
...Қазақ ұлттық республикасының компартиясы сырттай қарағанда төңкерісшіл боп көрінетін бұрынғы қазақ тәржімашыларының қас-қабағына қарап емес, қазақ бұқарасының ішіне тереңдеп кіріп, солардың талап-тілегін ескере отырып қызмет істеуі керек. Бұл үшін қазақтардың хал-жағдайын іштен біліп отыратын, талаптарын ғана қанағаттандырып қоймай, қажетсіз керітартпа мінездерін жоюға пейілді ететін қандай да бір қоғамдық орта болуы керек. Әйтпесе, қазақ коммунистері осы уақытқа дейін сүйегі баяғыда қурап қалған «Алашорданы» қарғап, өлі дұшпанмен күресіп, «таңғажайып ерлік көрсетуден» жалығар емес. 7 жылдың ішінде не атқарылды, «Алашорданың» кеңеске қарсы күресінің орнын не алмастырды, ол неден байқалады – ол туралы ешкім ештеңе білмейді, білу қажет деп те есептемейді. Қазақ қауымының ішіне тереңдеп еніп, қазақтық қаны бар партиялық қоғамдық пікір қалыптастыру керек, қажет жағдайда тек қана бастықтарды ғана емес, бұқараны да тәртіпке шақырып отыру керек.
