Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
раным - Алаш 1.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
2.74 Mб
Скачать

1.Труппаңыздың жобасы (положение).

2.Қазақша жасатқан декорацияларыңыздың формасы (описание), киіз қазақ үйінің жасалмасы.

3.Осы күнге шейін іштеген театр іштеріңіздің есебін (отчет) бір формасы (копия)

Мына, жоғарғы сұруооубозға, ағайыншылық, жолдаштық ретінде тезірек жауап қайтаруыңызды күтебуз.

Ағайыншылық, жолдоштық өтінішпен – Ағарту-саяси бөлімнің басқарушысы Үркіншіұлы.

Білім комиссиясының төрағасы – Тыныстанұлы».

Бұл ресмияттың Д.Әділевтің үйінен табылуына қарағанда жауап жазылмаған сияқты.

Д. Әділев (жалғасы): «1927 жылы өзімінің жақын туыстарым Мұқатай Бейсенбаев пен Нұржан Кәрібаевті ертіп Қызылордаға келдім. Қаладан шеткері орналасқан станцияның түбіндегі Алпысбайдың үйіне орналастым. Сол үйге Дулатов келді. Әңгіме барысында: ССРО мен Англияның арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың үзілгенін, соғыс бола қалған жағдайда Кеңес өкіметінің құлайтынын сонда естідім. Байсейітті түрмеден алып шыға алмадық. Коллегия мүшесі Қадырбаевтің кепілдігімен ғана босатты. Кейіннен оның ісін Ақмола уезінде – Петропавл қаласында қарайтыны белгілі болды. Содан кейін Бәйсейіт елге шығып кетті. Бұл 1927 жылдың күзі болатын. Біздің ауыл Сарысудағы жайлаудан Шу бойына көшкен еді. Түркістаннан ауылға бір өзбек келді. Ол: «Қожанов Мәскеуден келді. Әділевтер көзге түссе міндетті түрде ұсталады. Неғұрлым шет жүргені дұрыс», – деп айтыпты.

Сонымен 1928 жылдың көктемі де келді. Ауыл солтүстікке қарай жайлауға көшті. Қожанов Ташкентке келді дегенді естіп: мүмкін мені Өзбекстанда қызметке алар немесе шетелге баруға жолдама берер – деген үмітпен туысым Нұрлан Қарабаевты ертіп жолға шықтым. Ағабек Байдуллаевтің ауылына келсек Ордабай Жақыпов деген милициядан оның тұтқынға алынғанын естідік. Біз Шымкентке суыт жүріп кеттік.

Жүсіпбек Аймауытов Шымкенттегі Казпедтехникумда сабақ беретін. Ақшамда оның пәтерін тауып алып, терезесінен дауыстап шақырдым. Ол жазуын қоя сап сыртқа шықты. Ол мені дауысымнан таныпты. Ташкентке Қожановқа жолығуға бара жатқанымды айытым. Ол: «Сенің ашық жүруің өте қауіпті. Байдуллаевті босатып аламын десең – өзің біл. Бірақ Ташкентке барма. Қожанов пен Дулатовқа айтатын сәлеміңді менен айт, – деді. Біз сонымен тарқастық. Ағабек пен Отарбайды ертіп Сұлтанбекке бардық. Ол: «Таңертең Ағабек амбулаторияға барады. Сонда атты дайындап қойыңдар да өздерің оны қаланың сыртынан күтіңдер», – деді. Біз үш атпен Ағабекті күтіп тұрдық. Ол келісімен Темірланға қарай бет алдық. Онда Ағабектің туысының үйіне түстік. Мініске ат берді. Сөйтіп ауылға жеттік».

Бұдан кейін Д.Әділов өзінің ауылында үлкен ас болғанын, сол асқа келген Қалмұратов Тәжібай деген кісі Қожановтың: «Қалайда Әділевтер көзге түспесін», – деп сәлем айтқанын, бұл ойланып-толғанып жүрген кезінде тәргілеу науқаны басталып кеткенін жазады.

Д. Әділев (жалғасы): «Сөйтіп жүргенде... тәргілеу басталып кетті. Ақмола жақтан дүрліктірген үрейлі хабарлар келіп жатты. Тұрғындарда ес қалмады. Байлардың малы сыпыра алынады екен десті. Нақты істің барысынан ешкімнің хабары болмады. Қарбалас науқан бастала қалса, қосақ арасына бізді де ілестіре кететін шығар деп күдіктендік. Біз Қызылордаға Кәрібев Нұрланды жібердік. Он бес күннен кейін Дулатовтан хабар алып келді. Аймауытов оған барлық жайды баяндапты. Дулатов: «Шымкенттен Сарысу ауданына жасақ шығып, бүгін-ертең Әділевтерді тұтқындауға аттанады. Неғұрлым көзден таса жүрсін. Бүкіл қыр елінде дүрбелең жүріп жатыр. Қазір соғыс жағдайына жақынбыз. Егер де қауіп төне қалса мен де қыр еліне қарай ығысамын. Мүмкіндігі болса Қытайға қарай аусын, ол жақта да қазақтар көп. Үй-ішін таныстарына тастап кетсін. Сондай-ақ Қарқаралы жақта сексен адамнан құралған жасырын ұйым бар. Сәдуақасов та өздеріңді сақ ұста деп ескертіпті. Бізге де тықыр таянып қалды», – деп сәлем жолдапты.

Алдымызда – қыс, үй-ішін далаға тастап кетуге болмайды. Қазақтардың аяғы жетпейтін жерге қыстайық деп шештік. Әулиеатадан арнайы жасақ шығыпты, ішінде Әубәкіровтің адамдары бар екен. Олармен ауылнай Нұғман Тоқсанбаев жолығыпты. Шымкенттен үкімет өкілі боп Сүлеймен Шүленбаев келіпті. Ол: «Ешқандай мәміле болмайды. Оларды ұстап, ату керек»,деп кесіп айтыпты. Тоқсанбаев менің ағаммен кездесіп, осындай суық хабарды жеткізді. Көптің ортасында тұрып дағдарып қалдық. Бізді тұтқындауға ордер жіберетін шығар деп күтіп едік. Олай болмай шықты. Бізді заңнан тыс деп жариялап, тек атуға бұйырыпты...».

Осы хабарды естісімен Д.Әділев қыспаққа ұшырайды. Қуғын кезінде тәркіге түседі. Түйелері, аттары тартып алынады. Сарысудан шығып, Шудағы қайын-жұртына келеді. Одан қайтадан Сарысуға бет бұрады. Сол кезде қуғыншылар үстінен түсіп, атысып әзер құтылады. Аттан ат айырбастап отырып, бір көшке жолығады. Бала-шағаларын сол көшке тастап кетеді. Содан тұтқындағы Ағабек Байдулаевтың үйіне түнеп шығады. Таңға жуық Ахмет Шалқарбаев деген кісі келіп, бұларды Кеңес үкіметіне берілуге шақырады.

Бұдан кейінгі оқиға белгілі. Қолға түсіп, түрмеге қамалады. Алғашқы тергеудің өзінен-ақ «Алашорданың» әйгілі қайраткері болып көрсетінді бере бастайды.

Біз тергеу барысында тағылған айып пен анықталған-мыс делінген айыптау желісін Қазақ ССР жоғары сотының 1988 жылғы анықтамасы бойынша таныстырып барып, әр адамның тергеу ісіне жеке-жеке тоқталамыз. Сонымен, Д.Әділевтің жоғарыдағы көрсетіндісіне жүгінсек, Нағима Арықованың үйелменімен бірге Семейге (неге екені белгісіз) келіп Жүсіпбек Аймауытовпен танысады. Сол кезде:

«...Ол (Д. Әдiлев – Т.Ж.) 1921 жылы Орынбор қаласынан өзiнiң КирЦИК-ке мүше болып сайланғаны туралы телеграмма алады да, сонда жүрiп кетедi. Iшкi iстер халық комиссариатында iстейдi, онда КирЦИК-тiң жатақханасында танысы Болғанбаевпен бiр бөлмеде тұрды. Сол арқылы бұрынғы алашордашылар Бөкейхановпен, Байтұрсыновпен, Омаровпен, Сәрсеновпен жиi қарым-қатынас жасайды. 1921 жылы аталған адамдар Омаровтың бөлмесiне жиналады, онда Байтұрсынов шифрмен (бүркемеленiп) жазылған Валидовтың хатын оқып бередi. Соңғы адам (Валидов –Т.Ж.) Бұқара қаласында мұны қолдайтын үлкен күштiң тұрғандығын хабарлап, өзiмен келiсiм жүргiзу үшiн арнайы адам жiберуiн өтiнген. Бұл хатты талқылаудың барысында өздерiнiң жасырын ұйымын құру туралы шешiм қабылдайды және Валидовпен келiсiм жүргiзу үшiн – мұны, Әдiлевтi, ал шетелмен байланыс жасау үшiн – Болғанбаевтi жiберу керек деп келiседi. Соңғы адам (Болғанбаев Т.Ж.) «Алашорданың» Торғай бөлiмшесiнiң мөрi басылған арнайы мандатымен (ол кезде «Алашорда» партиясы таратылып кеткен. Барлық iс қағаздары, мөрi өкiметке тапсырылған – Т.Ж.) шетел державалармен келiсiм жүргiзуге кепiлдiк алады, ал Әдiлев болса Орта Азиядағы ұйымдармен байланыс жасайтын өкiл боп бекiтiледi.

Содан кейiн оны (Әдiлевті) Оқу-ағарту халық комиссариатына жұмысқа ауыстырып, оқулықтар әкеледi деген сылтаумен Ташкент қаласына командировкаға жiбередi. Ол онда Болғанбаевтан бұрын барады, Дулатовты, Досмұхамедовты iздеп тауып, өзiнiң келудегi мақсатын оларға айтады. Дулатов оған: өзiнiң қызметкерi Бiрiмжановты Бұқарадағы Валидовқа жiберiп қойғанын бiлдiредi. Соңғы адам (Бiрiмжанов – Т.Ж.) Бұқарадан қайтып оралған соң, олар Болғанбаев пен Битiлеуов (және Әдiлев – Т.Ж.) үшеуi тағы да Валидовқа барады. Валидов оларға Совет өкiметiне қарсы бiрiгiп күресу үшiн бiзге қосылыңдар деп ұсыныс жасайды. Болғанбаев пен Битiлеуов ол арадан керi қайтып кетедi де, бұл (Әдiлов – Т.Ж.) қалып қояды. Содан кейiн Валидовтың тапсырысы бойынша ол Ферғана маңындағы Жанұзақовтың басмашыларына аттанады. Алайда сол күнi қызылдар отрядқа шабуыл жасайды, отряд тарап кеткендiктен, Әдiлев тағы да Ташкентке қайтып келедi. Өзiнiң Валидовпен арадағы жүргiзген келiссөздiң қорытындысын ол Байтұрсыновқа да, басқа да адамдарға айтпаған.

1927 жылы СССР-дiң Англиямен арадағы дипломатиялық қарым-қатынасты үзуiне байланысты олардың бәрi де соғыс басталады деп күтеді. Сондықтан да осымен (Әдiлевпен) кездескен кезде, Дулатов оған: «Ендi бұрынғы алашордашыларды қуғындап, қысым жасауы мүмкiн», деген пiкiр айтады. Осыған байланысты ол: Байтұрсынов, өзi, Есполов және басқалары соғыс бола қалған жағдайда, қарулы көтерiлiс ұйымдастыру үшiн, қырға кетуге келiскенiн айтады.

Ол, Әдiлев Голощекиндi өлтiрудi көптен берi ойластырып жүрген екен-міс. Бұл турасында ол Дулатовпен, сондай-ақ Аймауытовпен пiкiр алысқан. Содан кейiн бұл тақырыпқа қайтып оралмаған» (1988 жылғы ақтау туралы сот шешімінен көшірме).

Осылай үш күннің ішінде барлық «айғақтарды жиып алған» тергеушілер осында аты аталғандардың ішінде Ә.Бөкейханов пен З.Валидовтен, Т.Рысқұлов пен С.Қожановтан, С.Сәдуақасовтан басқалардың барлығын тұтқынға алды. 1921-1922 жылғы Орынбордағы немесе Ташкенттегі ұйымға қатысты 40 адамнан, Бетпақдаладағы және Торғайдағы астыртын қарулы көтерілісті „дайындаған” 32 адамнан 2 жыл бойы ілгерінді-кейінді екі жүзден астам жауапқа тартты. Бұдан бұрын жүргізілген Ә.Бөкейхановтың, Е.Омаровтың, Х.Ғаббасовтың тергеулерін осы іске әкеп қосып, жоғарыдағы көрсетінділерге сүйене отырып олардың бәріне ортақ:

1. Кеңес өкiметiн құлату үшiн 1921-1922 жылдары Орынбор мен Ташкентте астыртын контрреволюциялық ұйым құрған.

2. Орта Азиядағы басмашылардың қозғалысына қатысқан, әскери жасақ құруға ұмтылған, сөйтіп, қарулы көтеріліс арқылы Қазақстанды Ресейдің құрамынан бөліп әкетпек болған.

3. Аштарға көмек комиссиясын кеңес өкіметін құлату туралы үгіт жүргізуге пайдаланған.

4. Байларды тәргілеуге қарсы үгіт жүргізіп, оларды қарулы көтеріліс жасауға бағыттаған.

5. Англиямен астыртын байланысып, ағылшын әскерi Қазақстанға басып кiре қалған жағдайда, қырда көтерiлiс ұйымдастыруды жоспарлаған.

6. Қазақ Өлкелiк комитетiнiң хатшысы Голощекин жолдасқа қастандық жасап, атып өлтiрмек болған – деген айып тақты.

Көрсетінді де аты аталғандарды бірінен соң бірін тұтқындап, жауапқа тарта берді.

1929 жылы 29 шілде күні сегіз адамның алдын-ала жүргізілген тергеуі аяқталып, Мәскеуге айдауылмен жөнелтілді. Ол туралы ОГПУ-дің әскери күзет бөлімінің:

«17/VІІ – 29 ж. № 1675 Бутырка түрмесінің бастығына. Төмендегі 8 тұтқын айдауылмен жіберіліп отыр. 1. Ташекенов Қаби Кентаевич 2. Байтұрсынов Ахмет Байтұрсынович 3. Дулатов Міржақып Дулатович 4. Аймауытов Жүсіпбек Аймауытович 5. Исполов Мырзағазы Исполович 6. Бірімжанов Ғазымбек Қорғанбекович 7. Болғанбаев Хайретдин Әбдірахманович 8. Ғаббасов Халел Ахметжанович. Бұлар айдауылмен апарылсын және бір-бірінен оңаша ұсталсын. ОГПУ-дің әскери бөлімі», – деген ілеспе хаты сақталған.

Қызылорда, Алматы, Ташкент түрмелеріндегі сұрақ-жауаптардың барлығының басы біріктіріліп айдауылмен бірге Бутыркаға жөнелтілді. Бұдан кейінгі ҮІ томдағы “Әділевті және басқа да 44 адамды айыптау жөніндегі қылмысты істің” тергеу хаттамалары Мәскеу қаласында жүргізілді.

5.

Бутырка түрмесінің тергеушілері Дінше – Дінмұхамед Әділевтің сұрақ, жауабын үшінші томдағы “Алашорда” ұйымының әр қаладағы бөлімшелерін көрсеткен сызбасына түсініктеме алумен бастаған. Олардың бұл тергеуіне 1988 жылғы Қазақ КСР Жоғарғы сотының шешімінде:

«Д.Әділевтің сұрақ-жауаптарынан бұлыңғырлық, логикалық қисынсыздық, күдікті психикалық шалық байқалады. Соған қарағанда түрмеде қысым жасалып, күш қолданылып, мәжбүрлікпен жауап алынуы мүмкін», – деген күмән білдірілген.

Ал Заки Валидовтің естелігіндегі деректерге жүгінсек Діншенің ұстамалы жүйке шалығы болған сияқты. Лепіріп сөйлеу, өзін-өзі «партизан» ретінде сезіну, көсем көріну Д.Әділевтің бойына сіңісті мінезі екені бәріне белгілі болған. Оның мұндай ұстамасы Бұқарада жүргенде байқалып, бір ай бойы жатып қалған:

Д.Әділевтің: «Мен өзіме қол салуға дайынмын, бірақ шындықты жазу үшін тірі қалдым», немесе: «М.Дулатов пен Х.Досмұхамедов және басқа алашордашылар жасырын ұйымның жиналысын мен түсінбесін деп орысша өткізді», – деген сияқты сөздер қалайда күдік тудырады.

Мұғалімдік курста оқыған және екі жыл партизандардың ішінде жүрген адамның орыс тілін білетінін М.Дулатов аңғарса керек-ті.

Жас жігіттің психикасына 17-18 жасында партизандық майданда жүргенде зақым келді ме, ол арасы бимағлұм. Түрмедегі істі тергеген Павлов оның бұл осалдығын өзінің мүддесіне пайдаланған сияқты. Бұл – көрсетіндінің стилінен-ақ байқалады және Мәскеу түрмесіндегі жауаптарды бір ізге түсіріп баяндаудың өзі мүмкін емес. Астыртын ұйымның сызбасында алаш қайраткерлерінің бәрін сыпыра тізіп шығып, мінездеме береді. Соған қарағанда, әуел бастағы Дінше Әділевтің ұсталуына себепші болған “Қара Ноғай” туралы айғақтар мүлдем ұмыт қалдырылып, тек саяси айыптауға көшкені байқалады.

1929 жылы 2 қараша күні тергеуші Павловқа берген Дінмұхамед Әділевтің қосымша көрсетіндісі:

Астыртын қазақ ұйымы туралы сызып берген №1 сызба 20-жылдың көктемі мен жазындағы; ал №2 сызба – 21-жылдың аяғы мен 24-жылдың арасындағы құрылымдарды қамтиды және оған ерекше түсініктің керегі жоқ, өйткені астыртын ұйымдардың сол кездегі іс-әрекеті туралы Қазақстандағы тергеуде тәптіштеп жазып бергенмін. Ал қазір тек 1925-28 жылдардың арасын қамтитын №3 сызбада көрсетілген астыртын ұйымның ісіне талдау жасап, түсіндірме беру қажет шығар.

Орталықтан бастайық: ұйымның бұл кездегі орталығы – Қызылорда қаласы болды. Сонау 21-23 жылдардың арасында-ақ астыртын ұйымның жетекшісі болған адам осы қалада тұрады. Енді сол адамдардың әрқайсысына жеке-жеке мінездеме беріп, олардың біздің контрреволюциялық ұйымымыздағы жүргізген ұлтшылдық және ұйымдастыру жұмыстарын әшкерелеуге көшемін.

Байтұрсынов Ахмет: арадағы ұзақ үзілістен кейін мен онымен Қызылорда қаласында (25-жылы) кездестім, ол бұл кезде әдеби іспен пейілін сала шұғылданып жүрген. Мен оның жеке өзімен ешқандай да әңгіме өткізбедім, мұндай сұрақпен оның назарын аударуды қажет деп таппадым, өйткені, оның жасы келіп қалған, сыйлы адам, ал біз болсақ қатардағылардың біреуі ғанамыз. Бірақта өзгелер арқылы білетінім, ол ұлтшылдық және ұйымдық іскерліктен бас тартпаған. 25-28 жылдардың арасындағы ондай деректерге мынаны жатқызамын: бірінші, біздің ұйымның мүшесі Байсейіт... (беттің осы арасы жыртылған, сөйлемнің ыңғайына қарағанда, оны: Байтұрсыновпен және басқалармен бірге», – деп оқуға болады. Сондай-ақ, «Байсейітов» емес, Байсейіт Әділев шығар деп ойлаймыз.)... Бакудегі түркітанушылардың құрылтайына барды. Қайтып келген соң Байсейітов маған мынаны айтты: олар – Байтұрсынов пен Байсейітов (Байсейіт Әділев – Т.Ж.) түрік профессоры Купрелло-Задамен кездесіп, Валидовтың жағдайы туралы әңгімелеспек болыпты. Байсейітовтің (Байсейіттің) айтуынша Купреллоның да жүздесуге ықыласы қатты ауыпты, алайда олардың соңына тыңшылар қойылып, аңдып жүргендіктен де қаншама тырысса да ыңғайлы сәтін тауып әңгімелесе алмапты.

Сөйтіп, менің Байсейітов (Байсейіт) арқылы білгенім, Байтұрсынов – баяғы Байтұрсынов күйінде қалыпты. Ол түрік профессоры арқылы шет елде Константинопольде жүрген Валидовпен тікелей байланыс жасай алмағанымен де, пікір алысқысы келгені анық.

Екінші айғақ: мен қырда жасырынып жүруге мәжбүр болған кезімде 1928–жылы өзімінің жігіттерімнің бірі Нұрланды Қызылордаға жібердім. Ол менің тапсырмам бойынша Дулатовқа жолығыпты. Ол (Дулатов – Т.Ж.) Аймауытовпен екеуі Нұрланды ертіп Байтұрсыновқа барыпты. Онда барған соң Дулатов: “Ақа, міне, Дінше Әділевтің жігіті келіп тұр, қандай тапсырма береміз”, – деп сұрапты. Оған жауап ретінде Байтұрсынов: “Сендермен сөйлестік емес пе, соны айтыңдар”, – депті. Демек, Байтұрсынов 1928 жылдың өзінде біздің астыртын ұйымымызда үлкен ұйымдастырушылық – жетекшілік қызмет атқарған”.

Көрсетінді осылай жалғаса береді. Д.Әділев бұл арада “кәдімгі кәнігі конспиратордың” міндетін атқарап, астыртын ұйымның жетекшілерінің бірі ретінде әрқайсысына берген мінездемесін өзі қызуқандылықпен талдайды. Тергеуші бұрынғы сұрақтарды қайта қойып, оны неғұрлым саяси бағытқа қарай қақпайлап, бір ізге түсіруге тырысқан.

Дінмұхамед Әділев бұдан кейін Міржақып Дулатовқа “мінездеме” берген. Әрине, оның Валиди мен Шоқаевқа деген ішкі ықыласын айтқан. Жай ғана бір сүзіп шыққанның өзінде Дінмұхамедтің “қара суды теріс ағызып, қара тонды теріс аударғаны” бірден аңғарылады. Тіпті миға сыймайтын жайлар бар. Оның бәрінің ешқандай мән-мағынасы жоқ сөздер болғандықтан да, кейбір шетін деректерді ғана ұсынамыз.

Ескерте кететініміз, жауаптың мазмұнына тергеушінің өзі де тұздықтап, өз жанынан қосымша “куәлік” қосқаны бірден байқалады. Өйткені Қазақстанның жағдайын білмейтін адамның сөзі екені көрініп тұр.

Сөйтіп, бір кезде «Омбының көшесінде қаңғып қалған 11 жасар Дінмұхамед Әділевті» (М.Дулатовтың мақаласынан – Т.Ж.) адам қатарына қосқан Міржақып Дулатовты, енді есейген Д.Әділев мырза өзінің көрсетіндісінде оны былай деп “азаптан құтқармақ” болған.

Д.Әділев (жалғасы): “...Содан кейін мен Нұрлан арқылы, әлде басқа біреу арқылы ма, нақты есімде қалмапты, өзімнің осында келгенімді Дулатовқа білдірдім. Біраздан кейін жақсы атқа мінген, басында әдемі қалпағы бар Міржақып өзі маған келді. Бөлмеде екеуміз ғана қалдық. Дәл осы уақытта Англия мен кеңестің арасындағы қарым-қатынас үзілген еді. Біз сол туралы әңгімелестік, Дулатов жалпы жағдайды және Қазақстандағы жағдайды сондай бір қара бояу жаға қатерді төндіре баяндады. Ол маған: бізге әзірше тиісе қоймағанымен, түбі тұтқындауы мүмкін, өйткені, соғыстың не әскери қыспақтың басталып кетуі, тіпті, кеңес өкіметінің құлауы да мүмкін, – деді. Оның өзінің де көңіл-күйі түсіңкі еді, сол арада ол тағы да:

Қаладан кетіп қалуды ойластырып жүрмін. Мен өзімінің Торғайыма қарай бет алмақпын. Сонда барған соң 50-60 жігіттің басын құрап, жасақ жасақтаймын, киіндіремін, қолына қару беремін де іске кірісемін. Егерде соғыс бола қалса дәл осылай істейтінім анық, оны ешкім де тоқтата алмайды. Соғыс болмаған жағдайдың өзінде де елге барып, жасақ ұйымдастырамын. Дәл осындай пікірді Есполов Мырзағазы мен Байтұрсынов Ахмет және Ғаббасов Халел де ұстанып отыр. Олар да қаланы тастап, өз ауылдарына кетпекші. Сөйтіп, біздің бәріміз ауылға барып (жоғарыда аталғандар Торғайға барып) іске кіріскенше ешқандай байланыс жасаспау керек. Тек дала арқылы “тірі байланыс” (хабаршы арқылы – Т.Ж.) жасап, бүкіл қазақ елін қарулы көтеріліске шақырамыз. Қайталап айтамын – қарулы көтеріліске шығамыз, менің бұл ұсынысымды қосылып, қаладан ауылға кетуге Есполов Мырзағазы, Байтұрсынов Ахмет пен Ғаббасов Халел қостап отыр”, – деп айтты».

Бұл сөздің ешқандай ақылға сыймайтыны анық, бірақ та 71 алаш азаматын құрбандыққа шалған «дәлел» ретінде әрі кеңестік сот жүйесінің қоясын барынша ашып көрсететін айғақ есебінде еріксіз хатқа түсіріп отырмыз. Тіпті Дінмұхамедтің осылай деп айтқанына да күдікпен қарайсың. Өзге айыпкерлерді қайдам, Дінмұхамед Әділевтің тергеушілер жағынан қатты қыспаққа түскенін, неше түрлі қинаудан өткенін оның қарама-қайшы айғақтар беруінен-ақ байқауға болады.

Үш жылға созылған ұшы-қиырсыз тергеу оны әбден қажытып, жайшылықта күйгелек адамның мінезін одан бетер жұқартып жібергені айдан анық. Әбден мезі болып, түрлі қинаулардан жаны түршіккен Дінмұхамедтің мына “мінездемелерін” әбден ашынған, енді құтылмасына көзі жеткен адамның азаптан құтылу үшін айтқан жансебілі ғана деп түсінуге де болады. Әйтпесе, далада бой тасалап соғыс жүргізетін заманның өткенін өзге-өзге Байтұрсынов пен Дулатов, Ғаббасов пен Есполов білудей-ақ білетін. Күні кеше, он-он екі жыл бұрын: патшаға қарсы көтерілісте бостан-босқа қырылып қаласыңдар, – деп зар қақсаған да солар болатын.

Бұдан кейін Әділев пен Павлов астыртын ұйымның шет елмен байланысқан тамырын таратады. Онсыз тергеудің шарты толмайтыны анық. Бұрынғы айтылғандардың бәрін де заңдастыруға ұмтылады. Павлов сонау Қазақстандағы Саенко мен Альшанскийден шенінің жоғары екенін дәлелдеуі тиіс. Бұл арада Дінмұхамедті ұрып-соғып, қорлап көндірді ме, жоқ па, онысын құдай білсін, хаттамаға қарағанда екеуінің де мүддесі бір жерден шыққан. Дінмұхамед одан әрі:

Содан кейін Дулатов маған: Шоқаев Парижде көрінеді, онда Түркияның елшілерінің хатшысы болып істейді екен, – деп хабарлады. Бұл мәліметті қайдан алғаны туралы әңгіме кезінде маған айтпады. Шоқаев туралы пікірлескенде ол тек жалпылама ғана мағұлмат беріп: көрдің бе біздің адамдар барлық жерде де бар, олар өздерінің қал-қадерінше шамасына қарай әрекеттеніп жатыр, – дегенді білдіру мақсатын ғана көздеді. Дулатовтың айтуынша, мысалы, Шоқаев Женевада Ұлттар Лигасына барып ұсыныс жасапты, Берлинде болыпты, бүкіл Европаны аралап шығыпты, бір сөзбен айтқанда тынбай әрекеттеніп жүр екен”, – деп жауап береді.

Дінмұхамедтің көрсетуіне қарағанда Міржақып Дулатов оған жасырын ұйымның есебін беріп отырған. Ал, Дінше болса оны мақұлдап отырған адам іспетті (ҮІ том, 142-бет). Дінмұхамедтің желдей есіп, ұстатқызбай бара жатқанын Павлов та біліп, айғақ іздеп, одан Дулатовтың жасақтары туралы сұраса керек. Сонда ғана Дінмұхамед кілт тоқтап:

Өзінің Торғайдағы жасақтарының ұйымдастырылуы жөнінде маған Дулатов ештеңе демеді. Тек жоғарыда көрсетілгеніндей, Есполовтың, Байтұрсыновтың, Ғаббасовтың қырға шығатынын ғана ескертті. Содан кейін ол маған сыртта кермеде тұрған атын көрсетіп: «Әне, менің сәйгүлігім де дайын тұр, өзгелер де жақсы ат іздеп жүр,” – деп айтты», – дейді.

Иә, мұның барлығы да ертегі. Өз сөзін өзі қызықтап, лағып кеткен. Алайда, айтылар сөз айтылды. Атылар адам атылып кетті. Одан қайран жоқ. Тек соның астарын ашып, кейінгілердің содан тітіркенуі үшін нақты шындықты баяндап беру ғана біздің сыбағамызға тиіп отыр. Бір назар аударарлық нәрсе: алтыншы томдағы тергеу ісінде жоғарыдағы адамдарың аты жиі аталып, әр сұрақта ауызға алынып отырған, Неге? Демек, бұл адамдар Алматыдағы тергеуде өз кінәсін мойындамаған. Енді Мәскеуге келген соң оларға қосымша айып тағу үшін барын салған. Әйтпесе, өзгелердің аты неге аталмайды. Бұл да есте ұстарлық жай.

Д.Әділев күн сайын жауапқа шақырылып, әр кезекте жаңа сұрақ беріліп, бұрынғы жауаптарындағы мәліметтерді қайтадан анықтап, тәптіштеп, оның айналасын қаза түседі. Оның астарына үңілген Дінше жоқ, айылын жимай еркін көсілген. Дулатовты: өзінің ағасы Байсейіт Әділевтің түрмеден қашуына көмектесті. Жаһанша Досмұхамедовтен ақша алып берді, – дей келіп ауылдағы оқиғаларды қайыра баяндап, бұрынғыдан бетер өсіріп хикаялайды. Тіпті алдыңғы сөзінен соңғы сөзі асып түседі. Сөзінің соңында:

«Е, жаңа ғана Ғаббасов туралы Дулатовтың айтқаны есіме түсті, ол: біз бәріміз қырға шығып кеткеннен кейін барып Ғаббасов салт атпен бүкіл даланы кесіп өтіп, Семей губерниясындағы өз аулына барады. Бүкіл даланы кесіп салт атпен аралап өтуінің өзіндік мақсаты бар, ол “тірі байланыс” орнатып, бүкіл халықты көтеруге тиіс еді», – дейді Дінмұхамед өзінің Шымкенттен Шуға салт атпен барғанын есіне түсіріп.

Біріншіден: Халел Ғаббасов ең соңынан емес, ең бірінші боп өзінің ауылына “отарбамен” барған және сол ауылында жүріп Дінмұхамедтен бұрын ұсталып кеткен. Екіншіден: “тірі байланыс” дегеніңіз – бір ауылдан екінші ауылға хабар беретін шабармандардың іс-әрекеті болса, онда мұны неге Халел Ғаббасов өз мойынына алады? Оның саяси қайраткер ретіндегі атқаратын міндеті бұл емес еді ғой. Үшіндіден: Халел Ғаббасов Семейге барғанша өзге жерде көтеріліс басталып кетпей ме? Сонда, “Алаштың” атын алып отырған және “Алаштың” астанасы ретінде танылып отырған Семей елі ұлт-азаттық көтерілістен тыс қала ма және тек қана Семей губерниясының өзін аралап шығу үшін кемінде үш ай уақыт керек. Дәл осы арасы Дінмұхамедтің де, Павловтың да есінде болмапты.

Бірақ, айыптың айғақтылығы емес, айқайы керек боп тұрған оларға, мұның бәрі де пәлендей маңызды себеп емес-тін. Сондай-ақ, Дінмұхамед өзі туралы өте жоғары пікірде екен. Тергеудің алғашқы екі жылында онша әдептен аттамаған Дінмұхамед Әділев:

Астыртын ұйым менің мұнда келгенімді білуге тиіс, жоқ, біледі”, – деп толық сеніммен айтады.

Міне, Дінмұхамедтің Мәскеудегі тергеушіге берген жауабы осындай серпінмен аяқталады. Әрі қарай не күтіп тұр? Белгісіз.

Әрине, біз үшін белгілі. Ал тұтқындар үшін ше?

Істің насырға шапқанын олар да сезген. Дінмұхамед Әділевтің тергеушіге берген бұл деректерінің негізінде бірінші болып Міржақып Дулатов тұтқындалды.

Соғыс пен қызыл қырғынның ішінде сыр бермеген азаматты кеңес түрмесі осылай «тірі өлік» етіп шығарған.

Төртінші тарау: «СӨЗІ ДЕ – АҚ, ӨЗІ ДЕ – АҚ...»

(Міржақып Дулатов)

1.

Жоғарыдағы Д.Әділевке тағылған:

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]