Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
раным - Алаш 1.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
2.74 Mб
Скачать

1. Комиссия ҚазЦик бекiткен ерекше ереже бойынша жұмыс iстейдi және өзiнiң барлық жұмысын Обком мен ҚазЦик арқылы жүргiзедi.

Қазақ қызметкерлерiнiң Кеңесi қабылдаған бұл қаулы КЦИК-тiң бекiтуiне жатады.

Кеңес төрағасы – Жангелдин.

Хатшысы – Нахым-жан».

Қол қойылып, мөр басылған».

Кеңес қабылдаған бұл екi мәселенiң де қазақ ұлты үшiн өмiрлiк мәнi бар болатын. Бұған келiспеу – ұлттық жеккөрiнiш пен өшпендiлiктi тудыру, коммунистiк партияның отарлаушы және жазалаушы саясатын ашықтан-ашық әшкерелеу едi. Сондықтан да арада бес күн өткеннен кейiн, яғни 1921 жылы желтоқсанның 15-жұлдызында Қазақ Орталық Атқару Комитетi мен жұмысшылар кеңесі шақырған «еңбекшi қазақ халқының, шаруалардың, қызметкерлердiң» съезiнде және қазақ өкiлдерiнiң бiрiккен мәжiлiсiнде:

«Жауапты қазақ қызметкерлерiнiң 1921 жылғы 10 желтоқсан күнгi Кеңесiнiң қаулысын тыңдап:

Кеңес қабылдаған қаулы түгелiмен мақұлдансын және қорытынды шығару үшiн аштарға көмек комиссиясына берiлсiн. Көмек комиссиясының шешiмi 17 желтоқсан, сенбi күнi ҚазЦИК-тiң секретариятына табыс етiлсiн, 17 желтоқсан, сенбi күнi РКП қазақ обкомының талқылауына ұсынылсын», – деп қаулы қабылданды.

Алайда белсенділер аштан қырылып жатқандарға көмек көрсетудің өзінен таптық идеология іздеді. Мысалы, сол тұстағы Ахмет Байтұрсынов пен Мұхтар Әуезовтiң iс-әрекетi туралы «Қалам» былай баяндайды:

Ә.Байділдин (жалғасы): «Осы Кеңестен кейiн Әуезов ашаршылық туралы көлемдi мақала жариялады (Қараңыз: «Еңбекшi қазақ» №4 және №5), қалыптасқан жағдайды дұрыс бағалаудың үлгiсi есебiнде ташкенттiк алашордашылар мұны қағып алып, «Ақ жол» газетi арқылы насихаттауға көштi...

Сол кезде аштарға көмек комиссиясы да өз iстерiн өзгеше жүргiздi. Сол комиссияға тартылған мекемелер жергiлiктi жерлерге шұғыл жедел хат жолдап жатты. Губерниялардағы зиялылардың игi жақсыларының тiзiмi жасалып, оларды аштарға салауат-сауын жинауды ұйымдастыруға тарту үшiн жергiлiктi жерлерге жiбердi. Жарлықтар мен нұсқаулар жолданды, губернияларға баратын өкiлдер iрiктелдi. Байтұрсынов комиссияның атынан қазақ елiне арналған көлемдi үндеу жазып, оны «Еңбекшi қазақта» жариялау үшiн маған алып келдi. Бере салысымен ол менен мұны тезiрек жариялауды өтiндi. Мен айтқанын iстеймiн деп уәде бердiм. Үндеудi шындығында да жариялағым келдi... Бiрақ оның мазмұнымен танысқаннан кейiн ниетiмнен айнып қалдым. Үндеу бiр жақты екен. Онда ашаршылықтың жағдайы тым әсiреленiп жазылыпты және аштықты тудырған жағдайдың нақты себеп-салдары дұрыс көрсетiлмептi. Үндеудiң қорытынды бөлiмiнде халықтың қаймақтарын аштыққа қарсы күресуге шақырыпты, сондай-ақ онымен күресудiң жолдарын (барлық зиялыларды жұмылдыру, аштарға жаппай салауат-сауға жинау, оларды аштық жайлаған аудандарға жiберу т.б.) көрсетіптi.

Мен бұл мақаланы жарияламауға бекiндiм де, оны өз қағаздарымның iшiне қоса салдым (Онда редакция кеңсесi жоқ болатын). Бiрнеше күн өткен соң Байтұрсынов тағы да келдi де, өзiнiң үндеуiнiң қашан жарияланатынын сұрады. Мен: танысып шығып, басуға келiсiмiн беру үшiн мақала алқа мүшелерiне берiлдi, таяу арада жариялап қалармыз, – дедiм. Содан кейiн өзiмнiң әрекетiме өзiм қатты ыңғайсызданып қалдым: анау-мынау емес, аштық туралы аса дiлгiр (Алашорданың жазғаны болса да) мақаланы үкiмет комиссиялары мен тиiстi мекемелердiң келiсiмiнсiз үндеудi тоқтатып қойғаным қате болды-ау деп ойладым. Осындай ойға келдiм де бiрден Асылбеков жолдасқа бардым (Ол обкомның хатшысы, Аштарға көмек комиссиясының мүшесi және «Еңбекшi қазақ» газетiнiң алқа мүшесi болатын) да, Байтұрсынов екеумiздiң арамыздағы әңгiменi айттым, менiң ойымша бұл үндеудi жариялауға болмайтын сияқты дедiм. Танысып шығу үшiн үндеудi алып қалды да, келесi күнi жарияламауға келiсiм беретiндiгiн бiлдiрдi. Сөйтiп, Байтұрсыновтың үндеуi жарияланбай қалды. Ол үндеу соңғы жылдарға дейiн менде сақталып келдi, менiң қағаздарымның iшiнде бар ма, жоқ па, оны бiлмеймiн...

Ашып айтарым, «алашордашы» зиялылар осы тұстарда көмек көрсету комиссиясын өз мүдделерi үшiн қатты пайдаланып қалды, олар аштарға жасаған жақсылығы арқылы жеке мүдделерiн жүзеге асыруға тырысып бақты. Кейбiр кездерде олар көздегендерiне (мақсатына) жеттi де, саяси және қазыналық қор жинады. Бұл 1926 жылы Қызылорда қаласында өткен «Торғай iсi» деген сот барысында анық байқалды...

...Жоғарыда, мәлiм еткенiмiзден көрiнiп отырғанындай, бұл iс-әрекет кезiнде сәдуақасовшылар өздерiнiң айнымалы екендiктерiн танытты. Олардың бiреуi (Әуезов) алашордашылармен қосылып кетсе, екiншiлерi (Тоғжанов) олардың қол шоқпарына қалай айналғанын өзi де бiлмей қалды, ал үшiншiлерi (мен сияқты тағы басқалар) олардың iс-әрекетiне белгiлi дәрежеде сын көзбен қарап, өзiн толық пайдалануға жол бермедi (Мысалы: Байтұрсыновтың үндеуiн жарияламадым, т.с.с.)».

Айыбы, айыптау көрсетiндiсi ретiнде жазылғандығы болмаса, Әбдiрахман Байдiлдиннiң баяндап отырған оқиғаларының барлығы да шындық едi. Сондай-ақ жоғарыдағы қаулының хаттамасын қағазға түсірген Ә.Байділдиннің өзі еді – деп толық сеніммен айтуға болады. Өткені мұндай жауапты құжаттың жеке адамның тартпасында сақталып қалуы ол кезде шпиондық қылмысқа жататын. Егер де „айыптау қорытындысының” астары мен ырқына қарай бағамдасақ:

– иә, қыр қазақтары жаппай қырыла бастаған кезде „саяси дұшпандарын мұқтау үшiн” «Алашордашылар» ерекше қимыл мен ұйымшылдық танытып, аштықты жоюға қарсы, демек, тергеушiлердiң пайымдауы бойынша – кеңес өкiметiне қарсы белсене күрес ашты;

– иә, қазақ зиялылары үндеуге үн қосып, әр кiсi өзiнiң ықпалы зор елдi мекендерден азық-түлiк, мал жинап, аш аудандарға жөнелту арқылы кеңес өкiметiн құлатып, қазақ ұлтының аштан қырылып қалуына бөгет келтiрiп, нақты қылмыс жасады;

– иә, олар сол қылмысты әрекеттерi арқылы – «саяси және қазыналық қор жиып», оны аш аудандарға апарып таратып, қазақтарды ажалдан құтқаруы арқылы оларды кеңес өкiметiне қарсы қойды;

– иә, олар: аштарға көмек көрсету комиссиясының – аш қазақтардан тартып алған азық-түлiгі мен малды, орталықтан бөлiнген астықты тек орыстар қоныстанған елдi мекендерге ғана таратқанын бiлiп қойып, «коммунист – колонизатордың» ұлттық саясат жөнiндегi мемлекеттiк аса құпия шарасының жүзеге асуына қастандық жасады, сөйтіп, ұлт араздығын қоздырды.

– иә, олар қазақ ұлты мен кеңес өкiметiне қарсы осындай ұлтшыл реакцияшыл, түрiкшiл, исламшыл әрекеттердi iс жүзiнде жүзеге асыру үшiн барлық қазақ қызметкерлерiне үндеу жазып, оларды „Аштарға көмек” атты астыртын ұйым құруға шақырды!

Иә! Иә! Иә! Қандай қаскүнемдiк десеңшi! Бұл үшiн өлiм жазасының өзi жеңiл! Қарашы, ешқандай әскери жазалаусыз, қарулы шығын шығармай, патшаның өзiнiң қолынан келмеген iндеттi ашаршылықты ұйымдастырудың сондай оңтайлы сәтi түсiп, ендi ғана «қызыл қырғынның» жоспары орындала бастағанда, мына оңбаған ұлтшылдардың шыға қалғанын қарашы!

Жә, тергеушi мен тергелушiлердiң жортақ желдiрмесiне iлеспей, дұрыс сөзге көшейiк. Оң iстiң тонын дәл осылай терiс айналдыру – кеңес өкiметiнiң тергеу жүйесiнiң аса әккi және сынақтан өткен тәсiлдерiнiң бiрі болатын. Қазақ ұлтының ашаршылықтан жарым-жартылай аман шығуы – бүкiл бiр ұлт – кеңес өкiметi мен коммунистiк партияның қылмысты саясатының тiрi куәсi боп қалды деген сөз едi.

Ә.Байділдин (жалғасы): «Жаз маусымы жақындап келе жатты (22 жылдың наурыз айы). Біздің жетекшілеріміздің (Әуезов пен Сәдуақасовтың) арасында шүйіркелесу басталды. Олар өзара әлде нені ақылдасып жүрді. Олардың бір нәрсеге дайындалып жүргені белгілі еді. Бұл сыбырласу 15 күнге созылды. Қаншама тырыссам да ештеңе біліп жарытпадым. Олар сырғақтата жауап берді, менің сұрақтарымды әзілге айналдырды. Біздің арамыздағы мұндай жатырқау менің жоғарыдағы мақаламнан кейін пайда болды. Содан бастап олар маған өздерінің саяси маңызы бар жоспарларын ашық айтпай, мәселе не олай, не былай шешілгеннен соң ғана хабарлап жүрді. Сырттай қарағанда біз өте дос адамдар сияқты көріндік: бірге жүрдік, әңгімелестік, қалжыңдастық, т.б., алайда біздің арамызда толықтай ішкі түсінік болған жоқ. Сондай сәттерде Сәдуақасов пен Әуезов мені келеке етіп: “Жаз, жаз, тарихта қаласың”, – деп (шындығында да, “Қалам” – қаламның күшімен тарихта қалып отыр ғой – Т.Ж.), арасында: “Иә, қалай, жасап жатырсың ба?”, – деп кекететін (Олар менің “жасасын!” деп жазған мақаламды емеуірін етіп отыр). Біздің арамыздағы осындай қарым-қатынас туралы Тоғжанов пен Жолдыбаевқа айттым, олар да ұмыта қойған жоқ шығар. Міне, сондықтан да, мен әуелі де олардың не ойлағанын біле алмадым, тек ашық іс-әрекетке көшкен соң ғана аңғардым”.

“Қаламның” құпиялап, астарлап, дұшпандық мән бере жазғаны болмаса, Мұхтар мен Смағұлдың әрекетінде ешқандай да кеңес өкіметіне тікелей бағытталған қастандық жоқ болатын. Олар қазақ оқығандарының қалайда халқына қызмет етуіне мүмкіндік жасап, ашаршылықты ауыздықтауға ұмтылды. Әрине, олардың адам ретінде, саясат басындағы мемлекет қайраткері ретінде өзара құпия пікір алысуға қақылары бар болатын және екеуі де “Қаламға” басқан қадамдары, іштегі арман-мүддесі туралы есеп беруге тиісті емес еді. Бірақ, кәдімгі: “Мұхтар! Кешке асханаға барамыз, сондықтан тамақ алып қойма. Смағұл”, деген бір жапырақ қағаздың өзін сақтап, тергеушілерге ұсынған Әбдірахман Байділдин, шындығында да, сақ әрі сұғанақтау адам болса керек.

Мұны “достарының” қолтаңбасын қадірлеп, келешек ұрпаққа жеткізейін деген игі тілектің қатарына жатқызудың еш қисыны келмейді.

Мұхтар мен Смағұлдың Ә. Байділдин сияқты „сұғанақ сұрдан” саяқ тартып, құпиялап жүргені Орынбордағы ұлтжанды азаматтардың: «Не істейміз?», деп талқыға салған пікірлері мен шешімдері еді. Ойды пісіріп алмай жария етсе бітті, жоспарларының жүзеге аспайтынын, “ұлтшыл топтың тағы да бір қастандық әрекеті әшкереленіп” шыға келетінін білді. Құрғақ сөзден іске көшуге ұмтылған олар ел ішіне барып, аш-арықтарға тікелей көмек көрсету үшін жер аяғы кеңісімен топ-топқа бөлініп, жан-жаққа шығуға ұйғарым жасады. Сонымен қатар, солтүстік және оңтүстік аймақтарды қазақ автономиясының құрамына кіргізу үшін жергілікті жерге үгіт-насихат, түсіндіру жұмыстарын қоса атқаруға уағдаласты. Соңғы мақсатты Әбдірахман Байділдинге қашан кетер-кеткендерінше айтпаған сияқты. Әйтпесе, бұл мәселенің хатқа түспеуі мүмкін емес. Қанша құлағын тосса да әлде бір нәрседен хабарсыз қалғанын “Қаламның” өзі де мойындап, өкіне баяндайды.

Ә.Байділдин (жалғасы): «Сөйтсе, соңғы уақытта олар (Сәдуақасов пен Әуезов Кенжинмен, Мырзағалиевпен, және Әлiбековпен бiрiгiп) бiр iстi жоспарлапты. Олар: қазақ тұрғындары арасындағы жұмысты жақсартып, ашаршылықпен күрестi күшейту туралы мәселе қою үшiн қаулының жобасын жасапты (Осы да қастандық па? – Т.Ж.). Бұл жобаны олар алдын-ала обкомның жекелеген мүшелерiне көрсетiп, мақұлдатып алыпты. Жангелдиндi көндiрiптi, Асылбековтi өздерiне қаратып, кейбiр еуропалық қызметкерлердiң де көзiн жеткiзiптi. Сөйтiп, обком мүшелерiнiң көпшiлiгiн өз жақтарына шығарып алып, бұл жобаны бекiттiрдi, осы бекiттiрген жобаны жүзеге асыру үшiн жергiлiктi жерлерге баратын қызметкерлердiң тiзiмiн де қоса жасады. Олар губерния бойынша былай бөлiндi: Семейге – Әуезов пен Досов; Ақмолаға – Кенжин мен Төлепов, Қостанайға – Сәдуақасов, т. б.

Қайталап айтамын, менiң достарымның шүйiркелесуi осы iске тiкелей қатысты екен. Оны көрсетiлген оқиға бойынша обкомда шешiм қабылдағаннан соң барып Әуезовтің өзi маған айтты.

Бiрақ та бұл iстiң ресми емес екiншi бiр астары бар екендiгiн Қостанайға жүретiн күнi Сәдуақасовтан бiлдiм. Ол маған: Обкомның шешiмi арқылы бекiтiлген қаулыдағы аштыққа қарсы күрес жұмысын жүргiзумен қатар, барған уәкiлдер жергiлiктi жерлердегi бiздiң қарсыластарымызды, яғни отарлаушылар мен меңдешевшiлердi орынынан тайдырып, оған қоса кеңестiң 3-съезiне дайындық жүргiзетiн болады», – деп хабарлады. Осыны айтқан соң менен Сәдуақасов: «Орынбордағы жаңалықтарды тұрақты жеткiзiп тұр», – деп өтiндi. Сонымен уәкiлдер елге аттанып кеттi».

Олардың бұл жолғы кеткенi – өкiмет билiгiнiнен де бiр жола кеткенi едi. Тек өжет мiнездi, қайсар да батыл ойлы Смағұл ғана билiк басына қайта келдi. Мұхтар кеңес өкiметiнiң аярлығына көзi әбден жетiп, көңiлi мүлдем суып қалды. Қауқарсыз қаулының құлы боп, «жасасындатып!» жүгiргенше, еркiн ойлы қалам қуатына сүйенгендi дұрыс шештi. Өйткенi, кеңес белсенділері осынау игi жұмыс үшiн аттанған уәкiлдердiң соңына тыңшы қойып, тыныштықтарын бұза бердi. Орынбордағылар өздерiнiң «қапы кеткендiктерiн» кейiн аңғарып, «қолдарын кеш сермеп қалды».

Сондықтан шұғыл түрде Семейге аттанып кеттi. Ол:

«Семей губерниялық атқару комитетiнiң төрағасына және губкомның хатшысына!

15 көкек күнi КЦИК обкомының және Кирпрофбюроның өкiлi ретiнде партия, кеңес және кәсiптiк жұмыстарды жандандыру мақсатымен Семейге аттанамын, басты назардағы жұмысым қазақ тұрғындары арасындағы белсендiлiктi арттыру. Барлық кәсiпшiлiк аудандарындағы қазақ жұмысшыларының басын қосу, жер туралы декреттi жүзеге асыру, қазақ кедейлерiн милиция қатарына тарту – бiрiншi мiндет. Аталған шараларды жүзеге асырудағы басты тiрегiм – кеңес қызметiнде жүрген қазақ қызметкерлерi болмақ. Сондықтан да губком мен губисполком жоғарыдағы қызметкерлердiң тiзiмiн жасап, аудандардан губернияға шақырып алу ұсынылады. Алғашқы кезеңдегi қажеттi адамның саны 20. Қазақ қызметкерлерiмен жұмыс iстесу – КССР мемлекетiнiң кезек күттiрмейтiн бiрiншi кезектегi мiндетi екендiгiн, одан ешкiмнiң де тыс қалмауы қажеттiгiн ескертемiн. КССР губернияларына жiберiлген өкiлдердiң барлығы да шұғыл тапсырманы орындаушы болып табылады. Сондықтан да оларға немкеттi қарау – кешiрiлмейтiн қылмыс есебiнде жауапқа тартылады.

КЦИК обкомының өкiлi Әуезов», – деп шұғыл телеграмма соқты.

Сөйтiп, Қазақ Орталық Атқару комитетiнiң мүшесi, КЦИК-тiң саяси хатшысы және Президиум мүшесi Мұхтар Омарханұлы Әуезовтiң мемлекеттiк мансабы осы жеделхатпен аяқталды. Жеке басын қорғау үшiн оған жапондар шығарған винтовканы өзiмен бiрге алып жүруге рұқсат етiлдi.

Сiрә, оны пайдаланудың ретi келе қойған жоқ болуы керек.

Төртінші тарау: ЖАН ЖЕГІСІ

1.

М.Әуезовтің жеделхатын алысымен «Алашорданың» шығыс бөлiмiнiң астанасы болып табылатын Семейдегi қайраткерлер ерекше белсенділік танытты. Қазақ елiнiң сол тұстағы шынайы рухани астанасы ретiнде танылған және Сiбiр ревкомының, сол арқылы Ресейдiң құрамынан шығу қозғалысы бастау алған бұл шаhарда «Алаш» идеясы әлi өшкен жоқ едi. Ертiстiң Сарыарқа жақ бетi «Алаш» деп аталуы соның бiр белгiсi болатын.

Қазақ ұлтын сақтап қалудың бiрден-бiр жолы – ашаршылыққа қарсы күрес қозғалысы екенін түсiнген Мiржақып Дулатов бастаған Семейдегi алаш азаматтары бұл науқанға шұғыл кiрiстi. Бұған Орталық Атқару Комитетiнiң Әуезов пен Досов сияқты екi бiрдей белді өкiлiнiң келуi де қарқын бердi. «Ашаршылыққа» қарсы күрестiң ресми емес ұйымдастырушысы мiндетiн атқарған Жүсiпбек Аймауытов «Қазақ тiлi» газетi арқылы салауат-сауынның екпінді жүргізілуіне зор үлес қосты.

Әттең, сол еңбектерi үшiн басы дауға түсiп, он жылдан кейiн өлiм жазасына кесiлетiнiн Жақаң – Мiржақып та, Жүсiпбек те бiлген жоқ.

Бұл науқаннан Меңдешев пен Жангелдин, Сейфуллин iспеттi автономия басшылары тыс қалды. Мұның өзi олардың ел iшiндегi беделiн түсiрдi. Қазақ оқығандары аштарға мал, азық-түлiк жиып, ерiнi кеуiп ел аралап жүргенде пәуескемен серуен құрып, қыз айттырып жүрген серi «большевик» қайраткерлер де табылды. Мұның барлығын халық бiлiп, көрiп отырды. Түскен беделін қалпына келтірудің қамын қарастырып, «Алашорданың» көсемдерiн кеңес өкiметiне қарсы астыртын әрекет жасады-мыс деген желеумен Әлихан Бөкейханов пен Міржақып Дулатовты түрмеге қамады.

Тергеушiлердің 1921-1922 жылы астыртын: контрреволюциялық-ұлтшыл төңкерiс ұйымдастыру үшін, Түркиядан астыртын келген Әнуар паша мен Заки Валидовтiң басмашыларына қосылу үшiн қазақ әскерiн жинап, ел-жұртты соған үгiттеу мақсатымен қырға шыққан», – деген бопсасын жоққа шығара отырып, М. Дулатов бұған ешкiмнiң атын атамай, сыпайы ғана:

«1921 жылы Торғай, Ырғыз, Қостанай уездерiндегi Орал губерниясының бiраз бөлiгiндегi тұрғындар аштыққа ұшырады. Мен Семейдегi «Қазақ тiлi» газетi арқылы бiрiншi болып: қырдағы аудандардың темiр жол торабына 400-500 шақырым қашықтықта жатқандығынан да және тұрғындардың шашыраңқы орналасқандығынан да мемлекеттiк көмектiң оларға толық жетпейтiндiгiн айтып: барлық қазақ қызметкерлерi атқа мiнiп, ел аралап салауат-сауын (добровольные пожертвование) жиюы керектігі, жиналған малды қыр жолы арқылы аштық жайлаған аудандарға тура айдап апарудың әлде қайда тиiмдi болатындығы туралы бастама көтердiм. Менiң бұл ұсынысымды көпшiлiк те қабыл алды, осы мәселе жөнiнде өткiзiлген мәжілiсте бұл жобаны қолдады, кейiннен губерниялық Аштарға көмек комиссиясы мен оның орталық ұйымы да қостап, iске кiрiсу туралы рұқсат бердi. Шұғыл кiрiсiп кетудiң нәтижесiнде 2-3 айдың iшiнде 15 мың iрi қара жиналып, олар аз уақыттың iшiнде аштыққа ұшыраған аудандарға жеткiзiлiп, халыққа бөлiнiп берiлдi. Бұл салауат-сауынның жетекшiсi әрi ұйымдастырушысы ретiнде мен жаз айында Семей губерниясының үш уезiн аралап шықтым. Қырдан қайтып, Семей қаласына келген соң менi тұтқынға алды, ОГПУ-дiң Қазақстандағы өкiлiнiң бұйрығымен Орынборға жөнелттi, бiраздан кейiн босатты», – деп баяндады.

Мiне, коммунист-колонизаторлар мен кеңес өкiметiнiң және қазақ автономиясы атқару комитетiнiң өздерi басқарып отырған халықты аштықтан алып қалған қайраткерлерге көрсеткен сыйы мен айтқан рахметi. Бiр таңданарлығы, ашаршылыққа сол тұста партия мен мемлекеттiң басында отырған Әлiби Жангелдиннiң, Сейтқали Меңдешевтiң, Сәкен Сейфуллиннiң (Бетпақдала) ауылдары ұшырап едi. Олар неге соншама салқын қандылық танытты, алаш азаматтарын тұтқындауға неге бөгет жасамады?

Өзге-өзге, дәл мұндай жауапты науқанның кезiнде арандату мен алауыздыққа, аңдуға жол бермеуге олардың толық мүмкiндiгi бар едi.

Соның iшiнде, көктемнен бастап бүкiл Семей губерниясын аралап мал жиып, Сарыарқаны кесiп өтiп, жердiң түбi Торғайға – екi мәрте барып, 8 мың мал айдап апарған, ең адал азамат ретiнде жұрт сенiп тапсырған өкiл – Жүсiпбек Аймауытовқа қарсы астыртын арандату әрекетi жүргiзiлгенi тiптi де түсiнiксiз. Тiмiскi тыңшылар өзi аштықтан ашынған, аш өзегi өртенген адамдардың ашкөзденген сәтiн пайдаланып, арғын мен қыпшақ руларының аштарын бір-бiрiне айдап салды, сүйекке таластырды. Оны ұйымдастырған жергiлiктi жердегi кеңес өкiметi мен партия ұйымдарының белсендiлерi едi. Ал олар жоғарыдан арнайы нұсқау түспесе, өз бетiмен мұндай әрекетке бара алмайтын. Солар ұйымдастырған арыздың салдарынан Жүсiпбек Аймауытов жауапқа тартылды. Сот кезiнде ол айыпталушыдан айыптаушыға айналды. Жүсiпбектiң тергеу барысындағы куәлігі мен соңғы сөзi сол кездегi кеңес тергеу орындарының арандату әрекетiн әшкерелеген үлкен саяси айыптау болды. Абзал азаматтың:

«Азаматтық, адамшылық жүзiнен қаралса, бiр кiсi аштарға жан салып, қызмет көрсетсе – мендей-ақ көрсетер еді деп шүкiршiлiк етемiн. Мүмкiн, менiң еткен еңбегiм себеп болып, ондаған, жүздеген аштар ажалдан аман қалған болар, қалмады деп Торғай елi айта алмас. Еңбегiм – салауат: ниетiм – арам, жүрегiм – қара, қазаққа – зиянды адам болып табылсам, бұ да бiр уақыт шығар. Жазаға мойынымды ұсынамын, аштар үшiн мен-ақ құрбан болайын. Елiмнiң заңына көнемiн», – деген жүрек сөзi де кеңес өкiметiнiң жазалау саясатының бетiн қайырмады.

Жүсiпбек аштар үшiн ғана емес, ел үшiн құрбан болды. Бiрақ ол үкiм бес жылдан кейiн орындалды. Бұл жолы да Ахмет Байтұрсынов пен Смағұл Сәдуақасов жазықсыз жанды жандарын сала қорғады. Оқу-ағарту комиссары, «Еңбекшi қазақ» газетiнiң жауапты редакторы Смағұл Сәдуақасов Мәскеуде жүрiп:

«Түрмедегi айып орындығында отырған торғайлықтардың iсiн толық ақтайтын аса маңызды дерек менде бар. Мен келгенше сот iсiн тоқтата тұруыңызды өтiнемiн», – деп жеделхат жолдапты.

«Алашордашылардың» үстінен жүргізілген «аты шулы сот ісі» Голощекиннің «дабылымен» тіптен үстемеленіп, қоңыраулатып өтеді. Ж.Аймауытов пен И.Байменовтың үстінен жүргізілген соттың нәтижесі туралы Ораз Исаев Голощекинге берген есеп хатында Ж.Аймауытовтан көрі С.Сәдуақасовты айыптау басым. Бұл мәселенің ұзын-ырғасы деректермен барынша қанық баяндалса да, Орталық комитеттің көзқарасын білдіретін ресми тұжырым болғандықтан да толық келтіреміз. Өйткені бұл тек қана Жүсіпбек Аймауытовтың ғана емес, бүкіл «Алашорданың» үстінен жүргізілген сот және алдағы үлкен тергеу ісінің дайындығы болатын. Бұл сот процесі: енді күш ала бастаған қужақтардың – голощекиншілердің «Алашорданың» аштық тұсында ел үшін еткен еңбегін еш кетіруге, оларды өз туыстарының қамын ойлаған пайдакүнемдер ретінде көрсетуге тырысқан. Бұл Ораз Исаевтың да «Алашордаға» қарсы науқанды ұйымдастырудағы «алғашқы қадамы» еді:

О. Исаев: «Аймауытов және басқалардың үстінен жүргізілген сот процесі» туралы әр түрлі алып қашпа сөз айтылып жүргендіктен де, екінші жағынан алғанда соған қатысты кейбір жайлардың шектен шыққанын ескеріп, сол кезде бюро мүшелерінің көпшілігі жоқ кезде Өлкелік комитеттің хатшысының орынында қалғандықтан да, хат арқылы төмендегіні мәлімдегім келеді.

Осы істің барысы туралы мәселе Қазаткомның президиумында қаралған сияқты еді, сонда Президиум мүшелері Мыңбаев пен Сәдуақасов елден ерекше пікір ұстанып: бұл партияда жоқ интеллигенцияның арасында ішінара назарылық тудыруы мүмкін, – деген сылтаумен істің сотта қаралуына қарсы болған. Бұл наразылық Өлкелік комитетке берілді ме, жоқ па, оны білмеймін. Мен мұны тек сот процесі өтердің алдында ғана, Жоғарғы соттың төрағасы Демме жолдас маған Өлкелік комитеттен арнайы қоғамдық айыптаушыны белгілеп беру туралы ресми түрде хабарласқанда ғана білдім.

Сотқа менің өзімнің қатысуымды өтінді. Киселев жолдастың қолдауымен мен одан бас тарттым. Киселев жолдастың Сырдарияға іссапармен кетуіне байланысты хатшының орынында қалатынымды, сондықтан да уақыттың болмайтынын және менің қатысуым ыңғайсыз екендігін желеу еттім. Мұның басты кілтипаны: – ашаршылық жылдары келтірілген шығын болғандықтан да ғана «үлкен адамдар» іске тартылып отырғандығын баса көрсетттім. Одан басқадай (төменде айтылатын) шиеленіс ойыма да келмеді. Жоғары соттың өтінішіне орай алғыр әрі қолы менен көрі бостау жолдас Бековті ұсындым. Соттың құрамы туралы сөз болған жоқ.

Сөйтіп процесс басталып кетті. Баспасөздер әр түрлі пікір білдіріп жатты, бірақ соның ішінде «Советская степь» газетінде дөрекілеу мәнерде жазылған мақала мен хабарландырудан басқа белсенділік танытқан ешкім болған жоқ. Бұл ретте қандай да бір ұйымдасқан іске қатысты қарсы мақаланы Қазаткомның органдары жариялаған емес.

Соттағы айыпкердің орындығында өте белгілі адамдар, соның ішінде Аймауытов пен коммунист Байменов отырды.

Істі тыңдау барысында мәселенің басқа жағы көріне бастады. Процесс барысында көпшіліктің пікірі: айыпкерлерге жаны ашығандардың тобы болып және соттың үлкен жазаға кесуіне мүдделілердің тобы болып – екіге жарылды. Мұның орын алуына түрткі болған жай кейін баяндалады. КИНО (Қазақ оқу-ағарту институты – Т.Ж.) мен Өлкелік партия мектебі оқушыларының айыпталушыларды жақтайтыны байқалды, ҚӨПМ-нің тыңдаушылары сот кезінде Байменовті (ҚӨПМ-нің бұрынғы оқу ісінің меңгерушісі) еркіндікте ұстау туралы сотқа мәлімдеме тапсырды. Тіпті сот процесінде (айыптаушы топ – Т.Ж.) айыпкерлерді қамақта ұстау туралы талаптар қойды. Сот төрағасы жолдас Бекбатыров: олар өздерін тым еркін ұстағандықтан да солай істеуден басқа амалы қалмағанын айтты.

Осы іске байланысты жолдас Сәдуақасовтың жөнсіз іс-әрекетін атап өтпей кете алмаймын. Сот тергеуі аяқталар тұста жолдас Сәдуақасов Москвадан (әлде Орынбордан ба) Тоқжігітов арқылы жедел хат жолдап, бұл іске байланысты оның маңызды айғақтары бар екенін хабарлайды. Сот ісінде бұл адамның (С.Сәдуақасовтың – Т.Ж.) аты-жөні тіркелмегенін және оның Қызылордадан сырт жүргенін ескеріп, өтінішін ескерусіз қалдырады. Сәдуақасов келген кезде сот тергеуі аяқталып, екі жақтың жарыссөзіне кезек беріледі. Ол келе сала бұл мәселені Өлкелік комитеттің бюросында талқылауды ұсынып, мәселені ушықтырып жіберді.

Мен Нұрмақовпен сөйлестім, сот төрағасы Бекбатыровты шақырып, істің барысын сұрадық. Ол: Байменов пен Қарпықовтың және басқалардың қылмысы дәлелденгенін, ал Аймауытовтың кінәсі аз екенін айтты. Нұрмақов екеуміз оған: егерде Аймауытовтың кінәсі елеусіз болса, нақты дәлел болмаса, онда біздің ойымызша оған 3-4 айдан артық кесім жасамаңыз, бұл партияда жоқ интеллигенттердің арасында бізді (өкіметті) «жала жабуға», қудалауға тырысты деген пікір тудырады. Қалғандарына заң бойынша жаза беріңіз, – дедік.

Біз осымен шектеліп, 2 адамнан тұратын бюро мәжілісін шақырмай-ақ қоюды ұсындық. Алайда Сәдуақасов бюроны шақыруды, онымен де шектелмей, Өлкелік комитеттен олардың барлығын, тым құрығанда Байменовті ақтауды талап етті. Нұрмақов жолдас та бюроны шақыруды қолдады. Бюроны шақырудың мүмкіндігі болмағандықтан да, Нұрмақовтың, Сәдуақасовтың, Исаевтің, Кадиктің, Арықованың, Бокштың және басқалардың қатысуымен кеңес өткіздім.

Мен біздің неге жиналғанымызды, сондай-ақ сот төрағасымен арадағы әңгімені баяндап бердім, ал Сәдуақасов жолдас арнайы баяндама жасағандай сөйледі. Оның пікірі мынаған саяды:

1. Бұл үлкен оқиға, өйткені сот орындығында Аймауытов сияқты қазақтың Вересаеві, Алексей Толстойы отыр, ол «Интернациональ» мен «Жас гвардияны» аударды. Бұл партияда жоқ интеллигенцияның арасында наразылық туғызады, осы күндері Қызылордада кім билікті ұстап қалса, соған сөз келтіреді.

2. Бұл сот процесі – «Алашорданың» үстінен жүргізілген сот, одан басқа ештеңе де емес, сондықтан да соттың құрамы (Бекбатыров, Арықова және Ашмаев) ол деңгейден төмен (көрнекті адамдар емес).

3. Сотта жалғыз ғана қорғаушы бар, оның өзі орыс екен, сондықтан да сотқа жетекшілік жасау керек.

4. Сотқа тартылғандарды, соның ішінде Аймауытовты қорғап жазылған жалғыз мақаланы, Дулатовтың мақаласын «Еңбекші қазаққа» жариялауға келісім бермеу деген қандай шектен шығушылық (бұл мақала Сәдуақасов келісімен «Еңбекші қазақтың» бетінде жарияланды).

5. Бұл іс ескіріп кеткендіктен де және «айыпты болмағандықтан да» сотталуға жатпайды, бәрін босату керек.

6. Маған (Сәдуақасовқа) сотта не куә ретінде, не қоғамдық қорғаушы ретінде сөйлеуге рұқсат беріңіздер, қазақтың қаламгерінің бірі ретінде оларды қорғауға тиіспін.

7. Сондай-ақ партияда жоқтар бұл процеске қазақтардың партия ішіндегі бір тобының екінші тобына көрсеткен қыры деп баға береді, – деген пікір білдірді.

Кеңес мұның бәрін бекітпеді және біздің сот төрағасымен болған әңгімемізді қостады. Бұдан шығаратын менің қорытындым:

1. Өлкелік комитет оқиғаның ұйымдастырылуы тұрғысынан алғанда оның қалай дамитынына мән бермеді.

2. Сәдуақасов жолдастың алашордашылармен арасындағы жігі ажыратылмаған. Қазақ интеллигенциясының мәдени деңгейі туралы пікірі қылмысқа жалғасып жатады. Оның кеңес соты жөніндегі көзқарасы да жағымсыз әсер қалдырады.

3. Алашордашылар осы сотта өзінің азуын көрсетті, Сәдуақасовты пайдалана отырып, партия мен өкіметке ықпал етуге тырысты.

4. Оқушылардың тәртіптері де алаңдатады және тиісті шара қолдануды талап етеді.

5. Сотта зиян шеккен үкімет мекемелерінің, мысалы, басында мал жинау ісін жүргізген «Аштарға көмек» комитеті өкілдерінің болмауы да жарасып тұрған жоқ.

6. Сәдуақасовтың мақаланы жариялау туралы пікірі де дұрыс емес, қайта сот жүріп жатқанда оны жарияламау керек еді. Сергеевті айыпталушының өзі таңдап отырғандықтан да, қорғаушы жөніндегі пікірі де орынды емес.

7. Соттың үкімінен кейін Сәдуақасовтың әлдекімге: Аймауытовтың қорғау кезіндегі сөзі оны ақтап алды, – дегені де жеңілтектік, өйткені мұны ол соттың үкімнен бұрын төрағасының өзінен естіп алған болатын.

«Алашорданың» осындай белсенділік танытып отырған ісіне Қазаткомның қаулы шығаруы орынсыз деп есептеймін. О. Исаев», – деп пікір білдірді.

Біз бұл хатқа талдау жасап жатпаймыз. Тек: «бұл сот процесі Жүсіпбек Аймауытовтың үстіне ғана жүргізілген сот емес, «Алашорданың» үстінен де жүргізілген сот», деген С. Сәдуақасовтың пікірі өте орынды болатын. «Ашаршылық» тұсында өзінің туған ұлты мен туған ауылын аштыққа ұшырата отырып, Ресей мен Украинадағы аштарға азық-түлік жіберумен шұғылданған большевик қазақтар, соның ішінде Меңдешев пен Исаев та бар, алашордашылардың халыққа жасаған қайырымдылығын кешіре алмай жүр еді.

Тағдырдың тәлкегіне орай, олардың бұл «өкінішінің орынын толтыруға» тағы да мүмкіндіктері болды. Ал олар болса, керісінше отызыншы жылғы ол ашаршылықтан туған халқын қорғап қалудың орнына, қайта, сол аштықты өз қолдарымен жасады. Олар бұл кінәні «алашордашыларға» жауып, оларды шетінен соттатты. Сөйтіп, ар алдында өздерін-өздері ақтай алмайтындай күнаға батты.

Қызылордаға келген соң айыпкердiң қорғаушысы, тым болмағанда куәсi ретiнде сөз алуды өтiнгенiне қарамастан С. Сәдуақасовқа рұқсат берілмеді. Аса жауапты мемлекеттiк қызметтегi лауазымды адамның тiлегiн қанағаттандырмағанына қарағанда, сотқа Орталық және Өлкелiк партия комитетi мен Бiрiккен Мемлекеттiк Саяси Басқарманың қысым жасағаны байқалады. Күрескер, өжет қайраткер Смағұлдың қолынан келгенi соттың барысы туралы күн сайын «Еңбекшi қазақ» газетiне есеп жариялатып отырды. Мұның өзi қоғамдық пiкiрдi қалыптастырып, ақыры Жүсiпбек Аймауытов бастатқан Шайқы Құлшанов, Ахметсафа Юсупов, Рүстем Әбдiғапаров, Iлияс Байменовтi сот ақтап шығарды.

Бұған Жүсiпбектiң ақырғы сөзi де үлкен әсер еттi. Ол өзiнiң басын бәйгеге тiге отырып, заң мен дәстүрдiң арасындағы қайшылық туралы азаматтық құқық саласындағы мүлде жаңа пiкiрдi сарапқа салды. Тек таптық мүдденi ғана қорғайтын заң – әдiлетсiз заң дегенге сайды. Алаш азаматтарының беделiн қалайда төмендетiп, жек көрiнiштi көрсету үшiн айла-тәсілдiң бәрін қолдаған ОГПУ тергеушiлерi Жүсiпбек Аймауытовқа:

1). Малды аштарға таратып беретiн комиссияның мүшелiгiне қасақана кiрiп, «Алашорда» Үкiметiнiң туыстарына заңсыз үлес бердi. Кедейлердi үлестен қақты. 2). Үлестiрген малды кiм алғаны туралы қолхат алмады. 3). Өз бетiнше бақташыларға мал үлестiрген, – деген айып тақты.

Жүсiпбек Аймауытов бұл айыптың саяси астарын кеңiнен аша қамтып, оны былай әшкереледi:

«Бiз қазақтың өз алдына ел боламыз деген заманында, өз алдына сот құрып отырғанда – алғашқы сот алдын көрiп отырмыз. Бұған шүкiршiлiк ету керек. Себебi қазақ соты – қазақтың әдетiмен санаспақ. Қазақ iсiнiң қылмысты түрi қандай, қылмыссыз түрi қандай (соны) әбден қарастырмақ. Бұл iске, менiңше, кейбiреулер заң жүзiнен ғана қарап, кейбiреулер сұрқиялық көзбен арап, құрғақ сөзге салып жатқан көрiнедi.

Бұл малдың жиналу ретiнде келсек, қазақ арасында жиналған мал – қазақ әдетімен жиналды, сондықтан бөлу де қазақшылық ретiмен болды.

Ал ендi малдың бөлiгi туралы наразылық – көрiнеу түрде, ру ретiмен, қазақтың ескi әдетiмен шыққандығы көрiнедi. Торғай елiне 4 000 мал келгенде көктен түскендей болды. Мал адамның етiне жақын (болғандықтан да олар) өте қуанып, тiк көтерiле даярланды. Малдың басына барған кезде – адам, халық малды таптап кеткен едi. Аштарға малды бере бастағанда халықтың қызығуы, алқымнан алуы солайша күшейе бастады. Бiр жағынан – аштардың тiзiмiн алып жатсақ, екiншi жағынан – мал бер деп жағадан алып жатты.

Жалпы, қазақтың бұл туралы әдетiн алсақ: 8 000 малды үлестiрiп алу түгiл, 8 кез сисаны жанжалсыз үлескен емес. Соған қарағанда бұл iс 12 том түгiл, әлденеше том болуы керек едi. Оның үстiне, ақсақалдық дәуiрi басынан кетпеген надан Торғай оязында болған iс болса, мұның ақырынан қандай ынтымақтық күту керек? Сондықтан бұл iске дау шықпайды деуге болмайды... Менен басқа тәсiлшiл бiреу болса, бәрiн қағаз жүзiнде тап-тұйнақтай қылып iстер едi.

Менде ол болған жоқ. Менi: «Неге кемесияға кiрдiң?», – деп айыптайды. Мұның қисыны жоқ.

Себебi, ала жаздай бейнеттенiп келiп, кемесияға кiрмей, малдың қалай бөлiнгенiн бiлмей кетуiм дұрыс па едi? Әрине, дұрыс емес. Бұл сөз: «Жаны ашымастың қасында бас ауырмас», – деген сөз ғой деймiн. Мен Торғайға жеткенше бiр мал жоғалттырмай келдiм, ақырында ашыққан ел оған қарамады, 90 малды талап әкеттi, оның 30-дан артығы табылды. Ал ендi 2 жұма баққан 74 малшыға – 74 қара, малшылардың тамағы, киiсi деп – 30 шамалы қара берiлген. 2-шi (рет айдап әкелген) малдан менде ондай шығын болған жоқ.

Ал ендi: азаматтарға мал бердi (үлестірді), – дегенi туралы. Мен (малды) кедейлерге беру жолында болдым. Мысалы, Орынборда жатқан Жангелдинге 15 қара бер дегем жоқ. Соның кедей аш-арық туыстарына бередi деп сенгенмiн.

Мен Торғай оязының партия құмарлығын, ақсақалдар дәуiрi кетпеген ел екенiн газетте де жазғамын. Сондықтан да уәкiл сайлауын сол елдердiң өз ортасына жiберген күнде де, (олар) бiзге дұрыс уәкiлдерiн сайлап бермес едi. Сондықтан бiз сенiмдi (адамды), Торғайдың жауапкер қызметкерлерiнiң алдында сайлатуды мақұл көрдiк. Сондықтан: қалада, ауатком алдында сайладыдеп айыптау қате. Ал ендi мені айыптаушылар: қазақ арасында таптық сезiм жетiп болды деп айта ала ма екен? Әрине, айта алмайды. Оған дәлел: бүгiнгi «Еңбекшi қазақтағы» жазылған бiр мақала...

Ру тартысы бiтiп, тап тартысы ғана қалды деп, қазақ елiн ешкiм айта алмайды. Сондықтан ондай елдiң ортасында қиянаттың болмауы, кедейдiң ақысын жемеуі мүмкiн емес. Ол болмайды деп мен де айта алмаймын. Оның үстiне менiң (өзiм) қазақ елiнiң iшiнде өтiрiк, өсекке, шағымға шебер елді көргенiм – Торғай елi, сондықтан да бұл iстi (жаланы), (былай қойып), бұдан да ауыр iс iстеулерi (жала жабуы) ғажап емес едi.

Ал ендi осы тәрiздi iстен саяси астар шығаруды ойлайтындар да бар көрiнедi. Бiрақ оны жоғарыда айтқан Торғай елiнен шығаруға бола ма? Себебi, Торғай елiнiң балшебигi де, Алашы да – жуаннан шыққан, атқа мiнгендерi де – оқығандар. Мысалы, пәлен жерде большевик бар десе, бiреуi большевик болады. Алаш бар десе Алаш болады. Мiне, осыдан саясат шыға ма? Бұдан қазақшылық шығады.

Қағаз (қолхат) алмады деседi. Ол үшiн бұл iстiң қандай уақытта болғанын еске алу керек. Бұл ат үстiнде болған iс, талмау уақытта болған iс. Бұл туралы қағазды жақсылап (хаттап) шығармақ түгiлі, сол уақытта менде бiр жапырақ қағаз да болған жоқ едi. Сондықтан мен ойлаймын, ондай уақытта қағаз жағын орындай алмапсың деп дәлел айтуға болмайды. Бұл арада Ленин сөзiн дәлелге келтiремiн: «Сөзге нанбау керек, iске нану керек», деген. Сондықтан iстеген iстi еске аларсыздар.

Менiң сотты болып, ауыр не жеңiл жаза алуымнан қазақ халқына үлкен кемдiк болады-ау деп ойламаймын. Бiрақ қазақ соты қазақ әдетiн, қазақ жайын, оның мiнезiн-құлқын еске ала (отырып), бiздiң тағдырымызды дұрыс шешер деп ойлаймын.

Менi жек көргендер: «Шынды айтасың, жалпы кемшiлiктi көрсетесiң», деп жек көредi. Шындық айтқан адам халыққа жаққан емес. Әсiресе, бiздiң қазақ халқына. Себебi, бiздiң ел әлi жетiлмеген. Сондықтан мен құрбан болармын. Бiрақ, мен – жетiлген елдiң баласы болсам, бұл сотты, комиссиясын көрмеген болар едiм. Бiрақ амал қайсы. Өз елiмнiң ортасында құрбан болып кетсем арманым жоқ. Ел заңына бағынбауға болмайды. Егер халқымның заң, ғұрпы менi айыпты десе, амалым не?», – деп сөзiн бiтiредi.

Қысқаша ғана үзiндiнiң өзiнен Жүсiпбектiң жан сырын аңғару қиын емес. Мiне, осы Торғайға жеткiзiлген 15 мың малдың iшiнде Әлихан Бөкейхановтың – Шыңғыстауды, Міржақып Дулатовтың – Семей уезін, Мұхтар Әуезовтiң Ертiс бойын аралап жүрiп жинаған сауын-салауаты да бар едi. Олар өздерінің жиған малдарын Баянауылдағы Жүсiпбектiң қосына қосты. Әрине, ол мал, Жүсiпбек айтқандай «ондаған, жүздеген емес», мыңдаған отбасының шаңырағының түтiнiн түтеткенi анық. Өйткенi, жылуға негiзiнен сауын сиырлар жиналған болатын. Ал олардың қаншасы отыз екiншi жылғы зауалдан аман қалды, ол тек бiр Аллаға ғана аян.

Халықтың басына түскен қасiреттi ұлтшылдардың дұшпандық әрекетiнiң кесiрi деп көрсетпек болғанымен де, бүкiл бiр ұлттың аштан қырылып қалу қаупiнің төнгенін Қазақ Автономиясын билеген коммунист – колонизаторлар да, коммунист-қазақтар да жасырып қала алмады. Ақыры бар шындықты мойындап, Мәскеуге мәлімет беру үшiн «Аштарға көмек комиссиясының жұмыс қортындысын» дайындады. «Аса құпия» деген бұрыштамасы бар бұл мәлімет дербес кiтапша ретiнде дайындалғанымен де, жарияланбаған күйiнде қалды. Тарихшы Ақыжан Игенбаевтiң назарына iлiккен бұл құпия деректер жан түршiктiредi. Алаш азаматтарының қандай күй кешiп, неге тәуекелге барғанын түсiну үшiн «Қортындыдан» бiрнеше мысал келтiремiз.

Құжат Мәскеудiң көңiлiн аулап, өздерiн ақтау үшiн жазылған. «Сондықтан да жұттың шығу себебiн:

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]