- •«Орынбор р.К.П (большевиктер) комитетіне жолдас Ахмет Байтұрсыновтың мәлімдемесі.
- •1. Адамзаттың барлық езгіге ұшыраған бөлігімен, яғни әлемдік революциямен, әлемдік федерациямен бірге азаттық алғанда ғана, қазақ халқы бақытқа бөленеді.
- •2) Сондай-ақ орталықтың өкілдері мен тұрғындардың арасында өзара сенімнің жоқтығында.
- •1. Ресейдегi ұлттық республикалар мен автономиялардың құрылымын анықтау және ұлттық республикалардың Ресейден бөлiнiп шығу құқының кепiлдiгiн бекiту.
- •3. Қыр елінің мұқтаждығы 3. Кцик пен кснк құрамын сайлағанда
- •4. Кейбір аса мүдделі және 4. Орталық мекемелердегі съездің
- •5. Жергілікті халық өкілдері партия,
- •6. Партия қатарын тазалау жөніндегі
- •Жиналыс төрағасы – м.Әуезов. Хатшысы – ә.Байділдин».
- •1. Қазақ қызметкерлерiн осы жұмысқа тарту және оларды тиiмдi пайдалану, сондай-ақ Түркiстан Республикасына қоныс аударған қазақ қызметкерлерiн керi қайтарудың амалын қарастыру.
- •1. Ауылдардың тiкелей өзiмен араласа отырып, олардың мұқтаждықтарын анықтайтын бұл саладағы мiндеттi атқаратын қызметкерлер жоқ.
- •1. Қазақ қызметкерлерiн осы жұмысқа тарту және олардың күшiн пайдалану туралы Алманов жолдас баяндама жасады.
- •1. Қырдағы аудандардың аштыққа ұшыраған тұрғындарына нақты көмек көрсетудi ұйымдастыру туралы Әуезов жолдастың баяндамасын тыңдағаннан кейiн жауапты қазақ қызметкерлерiнiң кеңесi мынаны атап өтедi:
- •1. Комиссия ҚазЦик бекiткен ерекше ереже бойынша жұмыс iстейдi және өзiнiң барлық жұмысын Обком мен ҚазЦик арқылы жүргiзедi.
- •1) Патша өкiметi де кезінде ашаршылықпен күреспедi.
- •2) Қазақ даласы мен қазақтар үшiн жұт – табиғат сыйы. Қазақтардың ашаршылыққа етi үйренiп қалған.
- •1921 Жылдың наурыз айының соңындағы мәлiмет.
- •1. Қалай санасаңда Қазақстанда европалық тұрғындар басым (орыстар – 54 %, қазақтар – 46%).
- •2. Қазақстанның ркп(б) ұйымдарындағы қазақтар 6% (568 адам) ғана. Оның үстіне қазақ коммунистері бытыраңқы, дербес қазақ ұйымдары жоқ...
- •1921-1922 Жылдары Орынбор мен Ташкентте кеңес өкiметiн құлату үшiн құрылған астыртын контрреволюциялық ұйымның хаттамалары;
- •23/Х – 27 ж. М. Төлепов».
- •2. Маған тағы да мынадай (тергеушінің ауызекі әңгімесі бойынша, әйтпесе, жазба құжаттарды мен көргемін жоқ) айыптар тағыпты:
- •9.І. 1929 жыл. Қызылорда».
- •25/І-29 жыл Халел Ғаббасов (қолы қойылған)».
- •Протокол
- •1928 Жыл, 17 желтоқсан.
- •Бауырым Дінше!
- •Валидовпен арадағы хат туралы сұраған тергеушілерге ә.Бөкейханов:
- •Жоғарғы сот «тергеудiң стенограммасы ғана сақталған» деп неге ерекше ескертiп отыр?
- •Еліне барған соң Шымбурынның шыңырауының суық суын қанып ішті ме, жоқ па, кім білсін, бірақ байыз таба алмай тағы да жолға шығыпты.
- •Міне, «Алашорда қайраткерлерінің» үстiнен қозғалған „қылмыстың”, яғни, лақап – аңыздың ұзын-ырғасы мен мән-мазмұны осындай.
- •1.Труппаңыздың жобасы (положение).
- •2.Қазақша жасатқан декорацияларыңыздың формасы (описание), киіз қазақ үйінің жасалмасы.
- •3.Осы күнге шейін іштеген театр іштеріңіздің есебін (отчет) бір формасы (копия)
- •1. Кеңес өкiметiн құлату үшiн құпия ұйым құрған.
- •2. Англиямен астыртын байланысып, ағылшын әскерi Қазақстанға басып кiре қалған жағдайда қырда көтерiлiс ұйымдастыруды жоспарлаған.
- •Саналы алаш!
- •«Қымбатты Манаш Қозыбаев!
- •«Құрметті Қорған!
- •5. Дамолла Битілеуов
- •6. Кәрім Жәленов
- •«Қаулы.
- •1929 Жыл, ақпанның 10 күні, Қызылорда қаласы.
- •27 Мамыр (май) 1929 жыл.
- •7. Ғазымбек Бірімжанов
- •8. Ахмед-Сафа Юсупов
- •9. Хайретдин Болғанбаев
- •10. Асқар Дулатов және Басқалар...
- •1. Бұл топты Оспан Бөлтіріков басқарады, оның әкесі бұрын 30 жыл болыс болған, патшаға адал қызмет еткені үшін шен-шекпен алыпты.
- •11. Тілшелер
- •Ардақты Жақа!
- •Шырақ Мадиярым!
- •Қазақ сср Жоғары сотының: «Жүргізілген тергеу жұмыстарының ішінде қарулы көтерілісті дайындағандықтарын дәлелдейтін бірде-бір нақты дерек табылмады», – деген анықтамасына алып-қосар-пікіріміз жоқ.
- •32 Жыл, декабрьдің 31-і.
- •(Қорытындының орнына)
- •Мазмұны
2) Сондай-ақ орталықтың өкілдері мен тұрғындардың арасында өзара сенімнің жоқтығында.
Патша үкіметі тұсында бұратаналардың ішінде қазақтан асып ұлттық қанау мен езгіні көрген халық болған емес. Ұлттық қанау ұлттық намысты оятпауы мүмкін емес. Езілген ұлттың қанаушы ұлтқа деген жеккөрініші мен ызасы үнемі есінде тұрмаса да, олардың қанаушы ұлтқа деген күдікті сезімі жойылып кетпейді. Орыстардың өзіне деген өзгеше көзқарасына шын мәнінде көзі жетпесе, қазақтар оларға үнемі сенімсіздікпен, жеккөрінішпен қарайтын болады. Ғасырлар бойы қазақтарды қанап, зорлық-зомбылық көрсетіп келген орыс пролетариаты өздерін: олардың мойнына мініп алып, сүліктей соратын, зорлықшыл патша шенеуніктерінің орынын басқан жаңа зұмагер емес, шын мәнінде езілген ұлтты еркіндікке жеткізуші екенін іспен көрсетуі тиіс.
Ал қазір жергілікті коммунист жолдастар: қазақтар ештеңені түсініп жарытпайды – дегенді сылтауратып, қитұрқы саясатқа көшіп отыр. Қазақ еңбекшілеріне кеңестік бағыттағы жаңа өмірді орнатуға бауырластық тұрғыдан көмектесудің орнына, әр түрлі көз бояушылықпен өзінің өктемдігін жүргізіп отыр. Тек өзін: «коммунист-интернационалистпін» деп атын өзгертумен орыстар, ғасырлар бойы патша үкіметінің қитұрқы саясатын көріп келген орыс емес ұлттардың сеніміне кіре алмайды. Қазақта: «Сары орыстың бәрі орыс», – деген мәтел бар...
Орыс пролетариаты қазақтарға қарата жүргізген саясатында екі жолдың біреуін ғана таңдауы тиіс. Олар: не өзін патша губернаторлары мен диктат генерал-губернатордың орынына қойып, өктемдігін күшпен жүргізіп, сөзсіз бағынуды талап етуі тиіс, немесе қазақ еңбекшілерінің сеніміне кіруі тиіс. Бірінші жол түсінікті әрі таныс, әр түрлі патшалардан қалған жол. Екінші жол – біраз күрделі әрі түсіністікті қажет етеді. Оның есесіне, бірінші жолды таңдаған жағдайда, кеңес құрылымы құмның үстіне салынады, екінші жолды таңдаса, онда, жаңа қоғамның іргетасы берік қаланады.
Мәселе, мынада, қазақтардың ішінде олар имандай сенетін зиялы қауым бар, олар қателессе де, адасса да, жеке басының мүддесі үшін еліне ешқашанда сатқындық жасамайды. Орыс пролетариатының өзіне сенім орнатуының төте жолы осы зиялы қауымда. Ол үшін бұл зиялылар кеңес өкіметінің сеніміне кіруі қажет. Қиындықтың бәрі мынада: қазақтар кешегі қанаушыға сенбейді, ал кеңес өкіметі кешегі қарсыласына сенімсіздікпен қарайды... Ал жергілікті жерде таза интернационалист тіптен жоқ...», – деп жазды.
Мұндағы ұлттық жегінің жігі мынада. Алғашында бейтараптық танытқан қоныс аударушыларды кеңес өкіметі бірте-бірте қаруландырды. Сөйтіп, оларды бодан ұлттардың ішіндегі «төртінші колоннаға», яғни, бейресми армияға айналдырды. Ешқандай шығынсыз, «қаражүзді ұлтшылдықпен, отаршыл өктемдікпен, жергілікті халыққа деген жеккөрінішпен қаруланған бұл күш» қандай да болсын мемлекетті ойран-топыр ете алатын. Сол күшті Ленин де екіжүзділікпен пайдаланды.
Мысалы, қару-жарағы сайлы, ұлттық армиясы бар, кеңес өкіметін өздерінің пікірімен санасуға мәжбүр етіп отырған Башқортстанда:
«1919 жылдың алғашқы төрт айында, 5377 үй өртелген, азық-түлігін қызыл армия тартып алған 50 мың адам аштыққа ұшыраған, 13354 ат, 6242 сиыр, 20 000 мың қой, 100 000 пұт астық, 20 000 пұт ет пен май, 400 000 пұт жем мен тұқымдық бидай, бұдан басқа да киім-кешек, алаша, кілем, аяқ киім, әйелдердің қымбат әшекейлері тартып алынған».
Мұны З.Валидовтің үкіметі хаттап-шоттап Лениннің тікелей өз қолына тапсырады. Соның нәтижесінде «Қызылгвардияшылардан зардап шеккен Башқұрттарға көмек көрсету комиссиясы» құрылып, 150 миллион сом қаржы бөлінді.
Ал ақ пен қызылдың, атамандар мен қазақ «ақжүректерінің» жолына қасап пен һасам болып төселген қазақ даласындағы ойран мен талан-таражға өтем төлемек түгілі, қызыл әскерді кәдімгі әскери тәртіпке шақыру ешкімнің қаперіне келмеді. 1920-1921 жылы Қазақстанда ашаршылыққа ұшырап, 1 миллионнан астам адам аштан өлгенде, «еурополық коммунист-колонизаторларды» былай қойып, С.Меңдешев бастаған большевик қазақтардың өздері: «Ашаршылық жоқ», – деп жасырып, оған тиісті шара қолдануға қарсы болды. З.Валидовтің «Қатираларындағы» бұл пікірлердің растығына Т.Рысқұловтың 1924 жылдың 18-29 сәуір аралығында И.Сталиннің тікелей өзіне дайындаған «Бірлік туы» мен «Ақ жол» газеттері туралы ұзақ баянхатындағы, сондай-ақ И.Сталин мен Л.Кагановичке жолдаған «Партия ұйымдарындағы тазалау кезіндегі Орта Азиядағы асыра сілтеушілік туралы» хатындағы деректер дәлел болады. Тура сол тұста Т.Рысқұлов өзінің ойын Ленинге:
«Шовинизм мен жергілікті ұлтшылдыққа қарай бұрылған бүйректі қарапайым жолмен жоя алмайсың. Оны сол тұрғындардың арасындағы экономикалық және басқа да қайшылықтарды жою арқылы ғана жүзеге асырасың. Жетісудағы кедей қазақтарға жер берілмесе, кулактары – 125, кедейлері – 15 десятина жерге ие орыстардың жұдырығы желкесінен төніп тұрғанда, қазақтарға: интернационализм деген өте жақсы нәрсе, кеңес өкіметі жағына шығыңдар, – деп қалай түсіндірсең де, ол мұны қабылдамайды, және кеңес өкіметін түйілген жұдырық деп есептейді. Сол ортадан шыққан коммунист мұны ашық айтса, оны ұлтшыл деп шығарады. Егерде мұндай теңдік сақталмаса, онда осы ортадан шыққан қазақ коммунисі қазаққа сөз айтудан қалады, өйткені оған бәрібір», – деп жазыпты.
Ақиқатына көшкенде, қазақ жерге иелік ете ме, жоқ па, Ленинге «бәрібір» еді. Тек орыс пролетариаты билеп-төстесе болды, ал кеңес өкіметінің атынан бүкіл қазақты қырып тастаса, тағы да оған «бәрібір» болатын. Әлемдік пролетариат санатында азиялықтар, оның ішінде «молла билеген орта азиялықтар» мәңгілік еуропалық пролетариаттың протекциясында өмір сүруі тиіс болатын.
Бұл – 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерiлiсi кезiндегi орыстар мен қазақтардың арасындағы кектi егес пен өштік сезiмiн тағы да оятты. Кеңес өкiметiнiң сауатсыз қайраткерлерi: үкiмет тек орыстiкi деп түсiнiп, жергiлiктi комитеттердiң құрамына қазақтарды кiргiзбедi, ал қазақ ауылдарын әкiмшiлiк құрамына қабылдамады. Тек мемлекеттiк салық жинаған кезде ғана iстiктi мылтықтарын шошаңдатып шыға келдi. Мұның себебiн көп көсемнiң бiрi Лев Троцкий:
«Большевиктер езгiге түскен шет аймақтарда жергiлiктi ұлттық партиялармен күресе жүрiп тәрбиелендi, сондықтан да шовинистiк өштiктi өшiрудiң орынына, орыс емес ұлттардың заңды әлеуметтiк талаптарын да орындаудан бас тартты. Ұлт iстерi жөнiндегi халық комиссариатының төралқасына орыстанып кеткен «бұратана халықтың» өкiлдерi сайланды, олар өзiнiң жалаң интернационалдық мүддесiн езiлген ұлттардың дамуына қажеттi нақты мұқтаждықтарға қасақана қарсы қойды. Шындығына келгенде, бұл саясат – ежелгi орыстандыру (русификаторство) бағытын одан әрi ушықтырып, азамат соғысы жағдайында аса үлкен қауiп төндiрдi», – деп жазды «Сталин» атты естелiгiнде.
Жергілікті жерлердегі қастаншықпағырлардың озбырлықтары туралы Т.Рысқұлов өзінің «Түркістан республикасының өкілетті өкілдерінің В.И.Ленинге жолдаған баянхатында»:
«Отаршыл кулактар революция тұсында байып қана кеткен жоқ, сонымен қатар өкіметті де жаулап алды, тіпті партияны да өз қолдарына алды, өздерінің мүдделерін одан әрі нығайту үшін негізінен әр түрлі төтенше мамандар, солшыл эсерлер, миссионерлер басқарған қызыл армияның құрамына ұйымдасқан түрде кіріп алуға да қолдары жетті, сөйтіп, осы күнге дейін кулактардың мүдделерін қорғап, кеңес өкіметінің әрбір шарасын қарумен тоқтатып келеді. Жергілікті еуропалық жұмысшылардың көпшілігі осы ережені қолдап отыр, өйткені олардың өзі қыр қазақтарын қара жұмысқа жегіп жүрген ұсақ меншік иелері болып табылады», – деп барынша ашына жазды.
Алматыда бүлік шығарған, Қарақол қаласында қырғыз коммунистерін қырып салған «жоғарыдағы қызыл әскерлердің» қарақшылығын дәлел ете келіп, Т.Рысқұлов, Низамеддин Хожаев, Г.Бех-Иванов 1920 жылы 25 мамырда Ленинге:
«1. Мұсылман еңбекшілеріне және олардың қызметкерлеріне сенім көрсету керек, ішкі мәселелерді және Шығыстағы мақсаттарды шешу үшін Түркістанда қуаты күшті мұсылман қызыл армиясын құру аса қажет деп есептейміз, болашақта Түркістанда құрылатын мұсылман армиясының алғашқы кезеңдегі ұйытқысы және құрама негізі ретінде ержүрек және сенімді командирлер басқаратын жақсы жасақталған татар және башқұрт бригадаларын Түркістан республикасының әскери комиссариатының қарамағына, ал шекара шебінде ұстау үшін тура сондай екі бригаданы Түркістан майданының қарамағына жіберілуі тиіс. Башкирияда, Татарстанда, Түркістанда жасақталған бөлімдер сыртқы күштермен күресу үшін шұғыл түрде шекаралық әскерді толықтыруға аттануы керек. Сөйтіп шұғыл түрде жергілікті колонизатор кулактардан жасақталған қызыл армия бөлімдерін қарусыздандырып тарату қажет не басқа майданға ауыстырылуы тиіс», – деген ұсыныс жасады.
Әрине, бұл ұсынысты Ленин кекесінмен, Сталин күдікпен қабылдады. Олардың «кекесіні» мен «күдігіне» келіспеген «бұратана коммунистердің өкілі» – түркістандық Т.Рысқұлов пен Ф.Ходжаев, башқұрттық З.Валидов пен Юмағұлов, қазақстандық А.Байтұрсынов 1920 жылы 16 маусым күні «Башкирия, Түркістан және Қазақстан коммунистерінің В.И.Ленинге оның ұлт мәселесі жөніндегі тезистерінің кейбір тармақтарын қайта қарау туралы ұсыныс» хат жазды. Мұнда пролетарлық еуропашылдыққа тойтарыс берілді. Жоғарыдағы мәселелер қайталап қойылды.
Сол күндері 1920 жылы маусымда А.Байтұрсынов «В.И.Лениннің ұлттар мен отарлау мәселесі» тезисі бойынша баянхатын» жолдады. Бұл тезис коминтерннің мәжілісінде жасалатын баяндаманың жобасы болатын. Ол Лениннің дүние жүзі коммунистерінің назарына ұсынатын ұлы бағдарламасы болуға тиісті еді. Әсіресе, ұлттық мәселені барынша терең қамтуға бағытталды. Танысып шығып, пікір білдіру үшін А.Байтұрсыновқа, З.Валидовке, Т.Рысқұловқа, М.Сұлтанғалиевке мәтіндері таратылады. А.Байтұрсынов өзінің баянхатында: отарлау мен бодан ұлттың арасындағы қарама-қайшылықтар мен оның зардаптарын жою, соның ішінде орыс большевиктерінің «коммунистік-колонизаторлық саясатының» өктемдігін шектеу туралы пікір білдірді:
«1. Шығыс туралы жалпы мәселелерді қамтымаған, дүниежүзілік революциядағы Шығыстың орыны мен маңызы дұрыс анықталмай, сонымен қатар коммунистік партия тұрғысынан өктем ұлт пен метрополияның арасындағы отарлау мен ұлттық мәселелерді реттеуге мүмкіндік беретін нақты міндеттер қойылмай және ол жүзеге асырылмай тұрып, Шығыс халықтары туралы мәселелер дұрыс шешілмейді. Мәселе мынада: кейбірі ғана болмаса, жалпы Шығыс елі Еуропаның бұғауында және еуропалық капитализмнің тағылық езгісінде, еуропа имперализмінің адам төзгісіз қанауында. Еуропа капитализмінің күшеюіне қызмет етіп келген Шығысқа, енді Еуропадағы революцияны күшейтіп, оны құруға мүмкіндік беретін отар ел деп қана қарамау керек, керісінше, оның еуропалық капитализм мен имперализмнің бұғауынан босануы – коммунистік мекемелердің дербес мақсаты мен міндетіне айналуы тиіс. 2. Дүниежүзілік революцияның ұймдастырушысы ретінде Россия коммунистік партиясы мен ІІІ Интернационал Шығыстың барлық күрделі және қат-қабат әлеуметтік жағдайын есте ұстай отырып, соған орай Шығысқа қатысты шаралардың саясаты мен тактикасын анықтау қажет... Шығыс халықтарының мешеулігі туралы қаншама қақсағанмен, оның әлемдік революциядағы орынын барынша жоққа шығарғанмен, тіпті, бүкіл еуропада революция жаппай жеңіске жете қалған күннің өзінде, адамзаттың 3/2 бөлігін құрайтын езілген шығыстың еңбекші бұқарасы төңкеріске толық араласпаса, ынтымақтаса жұмыс істемесе, онда жаңа құрылыстың іргетасы берік болады деп сенуге болмайды. 3. Келесі мәселелерді талассыз қабылдау керек: бірінші, импералистік державалар ғасырлар бойы қанап келген отар елдер мен аз ұлттар қалың бұқараның ашу-ызасы мен жеккөрінішін тудырды, соның ішінде сол державалардың пролетариатына да сондай сенімсіз көзқараста болды, екінші, пролетариаттың басым көпшілігі, соның ішінде оған қосылған жартылай пролетариаттық элементтердің бойынан бұрын қаражүзді ұлыдержавалық иіс мүңкіп тұрса, қазір бонопарттық өктемдікке бой алдырған, отар елдерді азат етуге немкетті қарайды немесе сенімсіздік танытады, сөйтіп, оларға жетекшілік жасаудан көрі, билеп-төстеуге бейім...», – дей келіп, отар ұлттардың психологиялық буырқанысы мен жантүршігуінің себептерін тереңдей талдады.
Бұл мәліметтерде саяси сабақ аларлық тәсілім жеткілікті. Тергеу барысындағы жинақталған деректің өзі соған толық дәлел. Міне, сол кезде кеңес өкіметінің түлкі бұғаулы пиғылын түсінген саяси қайраткерлер үшінші Интернационалға жеке социалистік партия ретінде мүше боп кіруге ұмтылды. Демек жауап алу барысында тергеушілердің Ә. Бөкейхановтың, А. Байтұрсыновтың, Т.Рысқұловтың, Низам Хожаевтің, З.Валидовтің арасындағы байланыс туралы қазымырлықпен сұрақ беруінің астарында осындай саяси мәнді оқиғалар жатқанын меңзейді.
Лениннің толық шығармалар жинағына енгізілмеген, яғни, компартияның өзінен де құпия сақталып келген мақала туралы пьеса кезінде кеңес одағы бойынша үлкен пікір таласын тудырған еді. Қайта құру идеясы да «ұлттардың өзін-өзі билеу еркі» туралы қозғалыста сол сексенінші жылдары басталып еді. Біз тым жайылып кетпеу үшін А.Байтұрсынов пен З.Валидовке, Т.Рысқұловқа қатысты партиялық тұрғыдан жазылған «Түсініктемемен» шектелеміз:
«Ұлт және отарлау мәселесі жөніндегі комиссия өткізген Коминтерннің ІІІ конгресіне дайындалған Тезистің алғашқы нұсқасы 1920 жылы 5 маусым күні «Башқұрт және Татар республикасы, Қазақстан, Түркістан, оның тәжірибелері» деген ескертпелермен сол кезде Москвада жүрген А. Байтұрсыновқа (Қазақ өлкелік ревкомының төрағасының орынбасары), Түркістан атқару комитетінің төрағасы Т.Рысқұловқа, Башқұрт ревкомының төрағасы З.Валидовке жолданады. Осы ескертпелерге Бұқар республикасының атынан Файзулла Хожаев та қол қояды. Жолданған материалдарды Ленин ішінара пайдаланған. Коминтерн индиялық Мабендранат Ройдың да жобасын қабылдайды. Сол жылғы 25 шілдеде сөйлеген Лениннің: «Пролетариат табы мүлдем жоқ Түркістан, тағы да басқа артта қалған елдерде» коммунистер билікті өз қолына алу, бұқара қауымның тәуелсіз саяси ойлау қабілетін ояту, кеңестік мемлекет құрылымын насихаттау, экономикалық тұрғыдан көмектесу, отаршылық қанаудан азат ету қажет», – деген үзілді-кесілді айтылған пікірі бодан ұлттардың намысына тиді.
Оның басты себебі – 1919 жылдың соңынан бастап Түркістанда ұлттардың өзін-өзі билеу құқы жөнінде үлкен пікір таласы өрбіген болатын. Т.Рысқұлов: Түрік халықтары республикасы мен Түркі компартиясын құруды ұсынды. «Түрккомиссияның» мүшелері оған қарсы шықты. Коминтерннің конгресіндегі Лениннің сөзі мұның бәрі бос қиял екенін көрсетті. «Кеңес бостандығы дегеніміз – коммунистік колонизаторлық» екенін жоғарыда аттары аталған түркі жұртының саяси көсемдері түгелдей түсінді. З.Валидов астыртын күресті таңдады, А.Байтұрсынов ұлтының санасын оятуды мақсат етті. Т.Рысқұлов пен Ф.Хожаев сол жолы саяси сахнадан уақытша ысырылды.
Міне, осы арада үлкен саяси мүдделер тоғысы мен саяси айла-амал басталады. Дүние тарихының астан-кестені шығып, күн сайын өзгеріп жатты. Бірінші дүниежүзілік соғыстан екпін алған майдан шебіндегі жеңіс пен жеңілістер Түркістанның да, Қазақстанның да, Башқұртстанның да тәуелсіздікке деген үмітін бір жандырып, бір өшіріп жатты. Ресейдегі түркі тектес ұлттар, сыртқы күшке – Түркияға ерекше бауырмалдықпен қарады. Ататүрік мемлекеті де сыртта – ағылшындармен, іште – азаматтық күштермен екі майданда соғысып жатты. Түріктер өз тәуелсіздігін сақтап қалу үшін кеңес өкіметімен келісімге барып, оны дос деп таныды, Түркістан ұлттары түбінде бізді Ресейдің отарынан құтқарады деп сеніп отырған Әзірбайжаннан бас тартты.
Бұл кеңестің кеңістігін кеңейтті, түркі бодан жұртының тынысын тарылтты. Большевиктердің Орта Азия мен Қазақстанды алаңсыз билеуіне жол ашты. Түркия мемлекеті: Түркістан халқы Ресейге қарсы шықпасын, кеңес өкіметін қолдаңдар – деген ұстанымда болды. Керісінше, түркі дүниесін біріктіруге ұмтылған Әнуар паша сияқты қайраткерлер: жалпытүркі жамиғатының ортақ әскерін жасақтап, Еділ-Жайық бойына дейін азат етіп, Үлкен Түркістан мемлекетін құруға ұмтылды.
Содан бастап қазақ зиялыларының ой-еркі кеңес өкіметінен сырттап, оқшаулана бастады. Бар үміт жібі – Қазақстанның территориясы мен халқының үштен бір бөлігін қамтитын Түркістан республикасына қарай тартылды. Мұнда да үш түрлі саяси бағытта: 1) Түркістан республикасын құру (Т.Рысқұлов т.б.), 2) Түркістан – Қазақ автономиялы республикасын құру (С.Қожанов), 3) Россия құрамындағы Түркістан автономиясын құру (еуропалықтар) – туралы күрес жүріп жатты. 4) Қоқан, Бұқара республикалары Тәуелсіз мұсылман мемлекетін құру мақсатында мұхаррамдық (революциялық, орыс басылымдарында – басмашылар қозғалысы) майдан ашты.
Осы қарбаласта, Қазақ автономиясы жарияланбастан бұрын Т.Рысұлов «Қазақ өлкесін басқаратын революциялық комитетке. 1920 жылдың 29 наурызынан бұрын:
«Түркістан республикасының кезекті ІХ құрылтайы 1920 жылдың 15 мамырына бекітілді. Құрылтайда талқыланатын өте маңызды мәселенің бірі – Түркістан республикасының жаңадан өңделген атазаңы болып табылады. Түркістан республикасының Орталық атқару комитеті көрші екі республиканың – Қазақстан мен Түркістанның арасындағы қарым-қатынас туралы, соның ішінде Сырдария мен Жетісу облыстарының Қазақ республикасының территориясына қосылуын ескере отырып, сондай-ақ Қазақ республикасының астанасын Ташкентке ауыстыра отырып, байланысты нығайту мақсатында және одан әрі күшейту туралы пікірлеріңізді шұғыл түрде Қазақ ревкомының атынан Түраткомына өкіл жіберулеріңізді өтінеміз, сондай-ақ Қазақ ревкомына Түркістан да өзінің өкілін жіберу басты шарт болып табылады. Сонымен қатар бүкілқазақ құрылтайын шақыру қалай жүріп жатыр, құрылтайдың күн тәртібі қандай, соның ішінде жоғарыда аталған екі мәселе туралы пікірлеріңізді, бауырлас түркі халықтарының арасындағы қалыпты экономикалық байланыс орнатудың жолдары туралы жобаларыңызды Түраткомға хабарлауыңызды сұраймыз. Түркістан орталық атқару комитетінің төрағасы – Т.Рысқұлов», – деп жеделхат жолдады.
Кеңес өкіметінің «Ұлттар декларациясына» сүйене отырып, ортақ Федеративтік Түркістан мемлекетін орнату – қалыптасқан саяси жағдайда нақты шындыққа жақын, аса мүдделі мүмкіндік болатын. 1918-1922 жылғы азаматтық соғыс тұсында мұндай қауіпті серпіп тастайтындай тегеуірінді күш Лениннің қарамағында болмады. Сондықтан да бар айла-амалды қолданып, түркі жұртын шырғада ұстады.
Міне, Қазақстан мен Түркістан қазақтарының арасындағы межелеу науқаны осы кезден басталды. Қазақ өлкелік әскери ревкомында шекараға жауап бертін А.Байтұрсыновтан басқа адам жоқ болатын. Сондықтан да бұл жеделхатты А.Байтұрсыновты Түркістанға шақыру деп түсінсе – шындыққа қиянат болмайды. Тұрар Рысқұлов пен С.Қожановтың, С.Сәдуақасовтың арасындағы пікір ұстанымдары осы мәселеге келгенде алшақтай берді. Бұл қарама-қайшылық, өзара жаулық, топ құру емес, азаматтық ұстаным. Үшеуінің ешқайсысы да жеке басының мүддесін қорғап отырған жоқ. Үшеуі де қолайлы жағдайды пайдаланып, бұрын меже сызығы анықталмаған мемлекеттердің шекарасы мен халқын қалыптасқан және саяси мүмкіндігі бар, тәуелсіз мемлекет етіп жариялағысы келді. Үш жобаның астарында да саяси жағырафиялық әрі демографиялық негіз болды. Бұл жағдайды туғызған «бөліп ал да билей бер» – деген әлемдік отаршылдық саясаттың аяр айласының нәтижесі еді, яғни, кең байтақ қазақ даласының басын біріктірмес үшін оны: Ішкі істер министрлігіне қарайтын – Батыс Сібір; Сыртқы істер министрлігінің дәргейіндегі – Орынбор және Әскери министрліктің құзырындағы – Түркістан аймағына бөліп тастады. Біртұтас ұлттың жерін де, елін де, басқару жүйесін де, елдік мүддесін де мүшелеп алып, олардың арасына қайта басы бірікпейтіндей араздық себу болатын. Бірақ та ол пиғылды тарихтың өзі екшей келіп, С.Сәдуақасов пен С.Қожановтың межесіне орай Қазақстан автономиясының шекарасын бекітіп берді. Осы шекара үшін, ел мен жер үшін жанталаса күрескен «Алашордалықтар» іле-шала қуғындалды, саяси жазаға тартылды, ал С.Меңдешев пен Ә.Жангелдин сияқты отарлық қамытты мойынынан шығарғысы келмегендер сол мемлекетті басқарып, биліктің қызығын көрді.
Мемлекеттік тәуелсіздіктің басты нысаны және кепілі – жер мен ел. Сондықтан да жоғарыда Ленинге жазған хатында А.Байтұрсынов болашақ қазақ автономиясын басқаратын кадр мен жер мәселесінің дұрыс шешілуін «езілген ұлттың еркін қорғаудың кепілі мен сенімі» деп бағалады:
А.Байтұрсынов: «Жоғарыдағы баяндалған жайларды ескере отырып: қазақ өлкесін басқаруға идеясы таза коммунист пен қазақ зиялыларының ішінен идеялық сынақтан өткен адал, халық сенетін қызметкерді қою керек. Нағыз идеясы таза коммунист пен коммунист болмаса да, идеясы таза қазақ қызметкері бір-бірімен түсінісіп қызмет етеді, жұмыста ортақ тіл табысады, әйтеуір жадағай коммунистерден көрі, қазақ болсын, орыс болсын, бәрібір, бұл әлдеқайда тиімді. Езілген ұлттар араласып тұратын аудандардағы кеңес өкіметі мекемелеріндегі қызметкерлердің 2/3 бөлігі қазақ болуы тиіс; Қазақ өлкесінің шаруашылық–экономикалық мекемелері, мейлі ол орталықтандырылған, немесе дербес мекеме болсын, экономикалық бейімділігіне байланысты басқа губернияларға бағындырылмай, ешқандай бөлініп-жарылмастан, бәрі де қазақтардың қолында болуы тиіс; қазақ коммунистері мен төңкерісшіл қызметкерлердің іскерлігінің барлығы да кеңестік социалистік шаруашылық саясатын негізге алуы тиіс; Қазақстанның басын қосатын әскери округ Орынборда құрылуы керек; қаладағы гарнизондарда міндетті түрде қазақтар әскери қызметін өтеуі тиіс; Қазақ өлкесінің шекарасы (төменде көрсетілген мекендерден басқа) ешқандай өзгеріске ұшырамауы керек: Орынбор мен Ор қаласының арасындағы казактар тұратын тілшеден басқа жер – Қазақстанның, ал оның шығысындағы Иманғұл, Сейт, Сақмар өзенінің сағасы – Башқұртстанның құрамына берілсін; Орал өзенінің сол жағалауы мен Орынбордан төмен Елек өзеніне дейінгі жер Қазақстанға қосылмасын; Елек өзенінің сағасынан бастап Орал өзенімен қоса Қожақар мен Сломиха станицасы, Астрахан губерниясының Астрахан, Краснояр, Янатау уездері Қазақстанның құрамында болуы тиіс; Петропавл, Омбы және теміржолдың бойындағы Ақмола уезіне қарасты жерлер Қазақ өлкесінің есебінен шығарылады; Орынбор қаласы Қазақстанның астанасы болуы тиіс және мұны Қазақ өлкесінің жалпы құрылтайында бекіту керек. Осыған орай: қазақ мәселесіне қатысты Седельников пен Мюрат жолдастардың тезистері, Қазақ өлкелік әскери ревкомының 1920 жылғы 7 сәуір күнгі қаулысының көшірмесі, Седельников жолдастың Ленин жолдасқа хаты және Қазақ өлкелік құрылтайын шақырудың жалпы ережесінің жобасы жіберіліп отыр. Қазақ өлкелік әскери ревкомының және ВЦИК–тің мүшесі А.Байтұрсынов», – деп қатынас жолдады.
Бірақ А.Байтұрсыновтың да, З.Валидовтің де, Т.Рысқұловтың да пікірін Ленин құлағына ілмеді. Бұған шамырқана отырып түсінік беріп, З.Валидовтің өзін «ұсақ буржуазияның» қатарына қосты. Үшеуінің «Баянхаттарына» орай Ленин радио арқылы «Мұсылман халықтарына ашық үндеу» жолдады. Жергілікті орыс большевиктеріне қазақ Тұрар Рысқұловты, өзбек Низам Қожаевті, татар Мирсаит Сұлтанғалиевті қызметке белсене тартуды ұсынды. Алайда Лениннің бұл ұсынысын жергілікті орыс большевиктері барынша өшпенділікпен қабылдады, тіпті Лениннің өзіне сес көрсеткен жеделхат жолдауымен аяқталды. Шарасыз күйге түскен Ленин З.Валидовке:
«Міне, радиобұйрықты орындауға түрлі кедергілер пайда болғанын көріп отырсыз. Бұл бұйрық сіздің ықпалыңызбен жазылып еді, бірақ та жергілікті жерде оны жүзеге асыратын қабілетті адам табылмады. Орыс империализмін – орыстардың өзінің қолымен де, олардың еркінен тыс мұсылмандардың қарулы күшімен де жою мүмкін емес. Тоболин жолдас коммунизм идеясын Түркістанда таратып жүрген біздің достарымыздың бірі. ...Орыс колонизаторларының күшіне сүйенбей Кеңес өкіметін орнатуға ұмтылуымызды Тоболин де түсінбейді, өзгелер де түсінбейді. Енді бізде «Түрккомиссия» бар. Қандай да болмасын, түбінде бұл іс те бірте-бірте жүзеге асады», – деп жұбатты.
Сөйтіп, кеңес өкіметінің көсемдері мен ұлт қайраткерлерінің арасындағы көзқарас алшақтығы барған сайын ушыға берді. Кеңес өкіметінің түлкі бұлаңды пиғылын түсінген саяси қайраткерлер сол жылы Мәскеуде бастары қосылуға тиісті «Үшінші Интернационалдың» құрамына жеке социалистік партия ретінде мүше болып кіруге ұмтылды. Бұл қозғалыс туралы Заки Валидов:
«...Сол күндері қазақ қайраткерлері де және Ташкентте де осы бағытта жұмыстар жүргізіліп жатты... Біз Түркістандағы социалистік қозғалыстың басын біріктіріп, дербес социалистік партия құрып, оны Россия компартиясынан бөліп алып, ІІІ интернационалға дербес мүше ретінде кіруді жоспарладық... Бұл кезде қазақ пен өзбектің көрнекті қайраткерлері Низам Ходжаев, Тұрар Рысқұлов, Ахмет Байтұрсынов Москвада болатын. Орталық комитеттің жанындағы мұсылман коммунистері бюросы соңғы демін алып жатқан. Өліп бара жатқан осы ұйымды пайдаланып Түркістан, Қазақстан, Башқұртстан, Бұқара мен Хиуа облыстық компартия ұйымын ықпалымызда ұстауды көздедік. Бұл бағыттағы жұмысты жандандыру үшін Башқұртстанда жүрген кезімнің өзінде Түркістанға 14 адам жіберген болатынмын. Бұл жұмыс Москвада бұрынғыдан да кең ауқымда жүргізілді», – деп еске алады.
Ал Т.Рысқұлов Сталинге:
«Петерс (Т. Рысқұловтың үстінен – Т.Ж.): (Т. Рысқұлов) 1920 жылы партия, ұйымында дайындалды деген желеумен, нағында партия ұйымы емес, контрреволюциялық «Иттикад уә теракки» ұйымы дайындаған бағдарламамен делегация болып Лениннің қабылдауына кірді. Делегация Москваға барған соң белгілі башқұрт буржуазияшыл-авантюрисі Валидовпен және татар ұлтшылы Сұлтанғалиевпен кеңесіп, «Иттикад уә теракки» ұйымы арқылы бағдарламаны талқылады, сөйтіп өздерінің кім екенін ашып алды. Делегация Ташкентке оралған соң «Иттикад уә теракки» ұйымының ташкенттік белсенділерінің алдында есеп берді, делегация ұсынған платформа белсенділердің қолдауын тауып, таяу уақытта жүзеге асыруға тиісті бағдарлама ретінде қабылданды», – деп жазады. «Правда Востока» газетінің биылға жылғы 14 желтоқсандағы санында жолд. Петерстің сол сөзі сәл қырналып, нақтылана түсіпті. Онда: «бұл арыздың мәтіні «Иттикад уә тераккидің» ішінде дайындалған. Москваға Рысқұлов, Низамиддин Қожаев және патша шенеунігі Көшербаев барды. Москваға барсымен комиссия белгілі башқұрт ұлтшылы Валидовпен (Башкирия), Сұлтанғалиевпен (Татария), Байтұрсыновпен (Қазақстан) кездесті. Кеңесте кеңес өкіметімен күресудің жалпы платформасы талқыланды. Делегация Ташкентке оралған соң «Иттикад уә тераккидің» кеңесінде тобымен отствкаға кету туралы шешім қабылдады», – делініпті.
«...Шындығында да 1920 жылы «Түрккомиссиямен» жұмыс істейтін жергілікті басшылардың арасында үлкен келіспеушіліктер бар еді. «Түрккомиссия» жарты жыл жұмыс істеген соң (бірінші құрам) есеп беру үшін Рудзутак пен Элиава және Бройдо Москваға жүрмек екен. Соны ести сала өзімнің көзқарасымды қорғау үшін бірнеше қызметкермен мен де жолға дайындалдым. Өлкелік комитет пен Түрораткомның президиумымен делегация құрамын келісіп алып, келесі күні «Түрккомиссияның» мүшелерімен бірге Москваға жүріп кеттім. Ресми үкімет келісімінен басқа ешқандай «Иттикад уә теракки» деген ұйымды білмеймін, тек ... баяндама тезис түрінде жолай вагонда жазылды... Ол баяндаманы 1920 жылы ОК-тің саяси бюросында жазбаша түрде оқыдым», – деп түсініктеме береді.
Ескерте кететін бір жағдай, 1919-1920 жылдар барлық үкімет билігі революциялық әскери кеңестің қолына топтастырылған «әскери коммунизмнің» тұсы болатын. Сондықтан да әскери кеңестің мүшелері, соның ішінде А.Байтұрсынов пен З.Валидовтің құзыры зор еді. Олардың пікірімен Орталық комитеттің жанындағы мұсылмандар бюросы да, Бүкілодақтық Орталық атқару комитеті мен РСФСР халық комиссарлары кеңесінің жанынан құрылған «Түркістан комиссиясы» да санасуға тиіс болатын. Қазақ автономиясының территориясы межеленер тұста Ә.Бөкейханов пен Ә.Ермеков Кремльге шақырылды. Аталған қайраткерлердің сол тұста Мәскеуде бас қосып, пікір алмасу мүмкіндіктері туды.
Т.Рысқұлов (жалғасы): (...) «Бұдан кейін біз Валидовтің, Сұлтанғалиевтің, Байтұрсыновтың қатысуымен кеңес өткіздік, – делінеді. Сіз, жолд. Сталин, жақсы білесіз, бұл кезде Сұлтанғалиев Шығыс халықтарының орталық бюросын басқаратын және Ұлттар жөніндегі халық Комиссариатымен байланыста болатын. Тіпті солшыл коммунист саналатын. 1921 жылы оны сіз ұлттар жөніндегі комиссариаттың коллегиясына мүше етіп ұсындыңыз, тіпті сіздің екінші орынбасарыңыз бола жаздады. Сұлтанғалиев 1923 жылы қызметінен төмендетілген соң жолдан тайды. Бірақ та сұлтанғалиевшылармен бірге ешқандай байланысым жоқ екенін үзілді-кесілді жариялаймын. Сұлтанғалиевтың сол кездегі қызметінен Петерс бейхабар, сондықтан да жалақорларға сене салған. 1920 жылы Валидов Сұлтанғалиевке қатты ұрсып сөйледі. Ендеше онымен қалай кеңес өткізеді?», – деп уәж келтіреді.
Ал «Түркістан комиссиясы» дегеніміз – кеңес өкіметі өзін нығайтып алғанша автономиялық ұлттарды алдарқата тұратын «аманат өткелі» болатын. Өйткені түркі тектес халықтардың автономиялық дербестігін қамтамасыз етуге тиісті «Түрккомиссия», керісінше, оларды бөлшектеу жоспарын дайындаумен шұғылданды. Ақырында Кремльде асығыс әрі астыртын құрылған «Башқұрт – қазақ комиссиясы» Түркістан, Бұқар, Хиуа, Қазақстан, Башқұртстан республикаларын – Коминтерннің үшінші конгресіне «Біріккен Түркістан социалистік партиясы» ретінде дербес мүше болып кіру құқығынан алдын-ала айыру үшін төтенше ұсыныс жасады. Ол ұсыныс бойынша: түркі ұлттарының саяси орталығы Орынбор қаласы мен Орынбор өлкесі тікелей Ресейдің құрамына енгізілді. Башқұртстан – «Ресейдің көптеген губерниялық автономиясының біреуі» ғана болып жарияланды.
Сөйтіп, тұтасып жатқан қазақ, башқұрт, татар, өзбек, түрікмен, әзірбайжан, ноғай, қырым ноғайлары бір-бірімен Ресей территориясы арқылы ажыратылды. Еділ мен Жайық бойындағы түркі елдері, соның ішінде Татарстан да Түркістаннан бөлініп тасталды. Сол арқылы кеңес өкіметі өзінің түпкі пиғылын – түрік тектес халықтардың басын біріктіруге қарсы екенін «үнсіз» жария етті. Бұл – кеңес өкіметінің мүддесі тұрғысынан дұрыс, ал ұлт республикаларының мақсат-мүддесіне қайшы шара болатын.
Мұның астарында бір ұлтты екіге, үшке билеп бөлу, яғни, самодержавиенің «бөліп ал да билей бер» деген жымсытпалы саяси амалы жатты.
1919 жылы наурыз айында Ленин мен Сталин «Башқортстан автономиялы үкіметін» мойындап қойғандықтан да, Башқұрт үкіметінің армиясы қызылдардың қатарында Украина майданында 1 жыл екі ай соғысты. Енді аяқ астынан, ешкімге ескертілместен, 1920 жылы 19-мамыр күні «Башқұртстан – Ресейдің автономиялық губерниясы» болып шыға келуі қалай? Бұл қандай азаматтық ожданға негізделіп жасалды және неге бұзылғанын түсіндіріп беруді сұраған, З.Валидовке Ленин:
«Сіз мұндай адамгершілік мәселесін неге негіздеп айтып отырсыз? Сіз өзі қандай революционерсіз? Сол келісімге неғып жабысып қалдыңыз? Сіз бен біздің келісім шартымыз – бір жапырақ қағаз ғана, ол ештеңені міндет етпейді», – деп жауап береді.
Міне, сол кезде Заки Валидовке Түркістан өлкесіндегі мухаррамдар қозғалысына қосылу туралы алғашқы ой келеді. Украина мен Петроград майданында қан төгіп жатқан башқұрт боздақтарын шақырып алып, оларды Түркістан майданына жіберу туралы Лениннің рұқсатын алады. Бірақ Сталин:
«Валидов Орта Азия буржуазиялық республикаларын бір федерацияның құрамына біріктіріп, кейін оны революциялық Россиядан бөліп әкетуді көздеп жүр», – деп күдіктеніп, Лениннің нұсқауын жүзеге асыртпайды.
«Алашорда» үкіметімен жасалған келісім шарттың тағдырын да дәл осындай опасыздық күтіп тұр еді.
2.
Тура сондай қоғамдық буырқаныс тұсында Сталин мен Лениннің қабылдауында жиі болып, олар үнемі назарында ұстаған Башқұртстан үкіметінің төрағасы Заки Валидов Түркістанда астыртын ұйым құрып, кеңес үкіметіне қарсы күресуге шешім қабылдайды. Ол өзінің бұл ойын Кремль бауырына басып жүрген шығыс қайраткерлерінің бәріне айтады. Соның ішінде шығыс ұлттарымен арадағы келісім шартты Лениннің:
«Жыртып тастайтын бір жапырақ қағаз» деп қарайтынын ... Шығыс түркі өкілдеріне, соның ішінде Тұрар Рысқұловқа айттым. Ол бұл туралы Бөкей ордасындағы өзінің жақтас коммунисінің біріне хат жазды», – деп баяндайды З.Валидов.
Бұл оқиғаға орай Т.Рысқұлов:
«Байтұрсыновқа келетін болсақ, ол біз келмей тұрып Орынборға кетіп қалған болатын. Валидов ол кезде Башқұрт халық комиссарлар кеңесінің төрағасы болатын, онымен Ленин және Сталин жолдастардың өзі жеке әңгімелесетін. Башқұрттардың қызыл әскері майданда соғысып жүргендіктен де, ол кезде Москвада Валидовпен есептесетін. Маған: Валидовтің өз поезы бар, ол Москваға келгенде әскери шерумен қарсы алды, – деді. Мен оны білмейтінмін және өткенінен де хабарым жоқ болатын. Бірінші рет көрген адамым және онымен есептеседі екен, болашақта оның кім боларын қайдан білейін. Мен онымен қонақ үйде таныстым: «Башқұртстан үкіметінің төрағасымын». Жергілікті жердегі «колонизаторлар» әбден зығырымды шығарды», – деп мұңын шақты, жағдайдың қиындап кеткені сондай, «отставкаға» кететінін айтты. Өзінің Ленин жолдастың атына жазған баяндамасының бір данасын берді. Мен оған өзімнің Орталық комитетке дайындаған баяндамамның бір данасын бердім. Сонымен бәрі де аяқталды», – деп куәлік берді.
Шындығында бәрі де аяқталған жоқ еді. Қайта «тар жол, тайғақ кешу» енді басталған. Баянхаттағы саяси оқиғаларға берген бағасы мен ұстанымы З.Валидовтің де, Ә.Бөкейхановтың да, А.Байтұрсыновтың да, Ә.Ермековтің де пікіріне керағар. Алайда астарын ашып, әдібін жазсаң, бұл оқиғаларға Т.Рысқұловтың тікелей қатысқаны анықтала түседі. Ал өзі қатысқан оқиғаларды қандай көзқараспен қабылдап, кімге қалай түсіндіреді және жеке басын қалай қорғайды, ол әр азаматтың таңдауы және сол кезеңдегі бірден-бір дұрыс ұстаным болуы да мүмкін. Мұндай «жұмбақ жайлар» мен пікір қайшылықтары тергеу барысындағы жауаптарда жиі кездесіп отырады. Біздің ойымызша, «тиран (Ленин) мен диктатор (Сталин)» басқарған империяда шындықты айту тәуекелдің ғана ісі емес, тағдырдың зауалы да болатын.
Сөйтіп, кеңес өкіметі тұсында:
«Федерациялық Ресей мәселесiн күн тәртiбiнен сызып тастау керек...» болды, «экономикалық және саяси тiзгiндi қию – ақылға симайды әрi дұшпандық әрекет» деп саналды. Ресей …ұлт мәселесiн шешуге де дәрменсiз» болды, тіпті», «шеше де алмайды» екен, «сол сияқты Ресейдегi федеративтiк құрылым да ұлттық мәселенi шешпейдi, шешуге де мүмкiндiгi жоқ» көрінеді, «жарым-жартылай ғана жасаған өтпелi өткел – федерация мәселесi, демократияның мүддесiн қанағаттандырмайтын», – болып шықты.
Сол жылы қазан айында – Қазақстан Ресейдің құрамындағы автономиялық республика болып жарияланды. Бұл «Алашорда» үкіметінің толықтай тарих бетінен ысырылуы еді. А.Байтұрсыновтың өлкелік революциялық комитеттің мүшелігінен және партия мүшелігінен шығарылуы Ленин қол қойған «бір жапырақ қағаздың» отқа өртелуі еді.
З. Валидов тағы да Ленинмен екі рет кездесіп, аз санды халықтардың бостандығы мәселесін көтереді. Сол кездесудегі Лениннің:
«Орталық алдағы уақытта да бұрынғы отар елдердегі орыс пролетариатына сүйенетін болады, ал сіздер «басшылыққа» қандай дәрежеде ымыраластық көрсетесіздер, немесе қандай сенім көрсетесіздер, сондай деңгейде ғана сенімге ие боласыздар. Ресей жерінде социализм толық орнаған соң да бұл сенімсіздік сақталып қалатын болады. Тіпті, социализм бүкіл әлемде жеңіске жетсе де шығыстағы отар елдерге европалық пролетариаттың – ағылшындардың, француздардың, бельгиялықтардың, «басшылығы» жойылмайды», – деген сөзі З.Валидовтің кеңес өкіметіне деген сенімін мүлдем үзді.
Ал Ленин болса, ол «бір жапырақ қағазды» бiр қолымен мiнберден көпшiлiкке көрсете ұсынды да, екiншi қолымен бұл мәселенi қайта көтерiлместей етiп, тура буынды тұсынан отап отырды. Өзге-өзге, тек қана Ресейде ғана емес, дүние жүзiне пролетариат диктатурасын құруға ұмтылған Лениннiң ұлт мәселесiнде ымыраға баруы, яғни, әрбiр ұлттың тәуелсiз өмiр сүруiне мүмкiндiк беруi, оны қостауы жай ғана дақпырт қана еді.
Бұл оның мақсатына, өмiр сүру тәсiлiне, тiптi күнделiктi берiлген нұсқау-бұйрықтарына қарама-қайшы келдi. Ол тура сол «әскери коммунизм» кезінде егер:
«Балтық жағалауындағы ұлттар бағынудан бас тартса, оларды бір-ақ түнде аяусыз қырып тастаңдар да, мұны ұлтшылдар мен контрреволюционерлер iстедi деп қауесет таратыңдар», – деп жасырын бұйрық берді.
Мiне, Лениннiң ұлттық саясатының түпкi мақсаты осы болатын. Құпия жарлықтарда бұдан да сорақы ұсыныстардың, пәрмендердiң, «ақыл-кеңестердiң» бар екенi қазiрдiң өзiнде әшкереленiп отыр. Ұлттардың автономиясы мен саяси бiрлiгi – кеңес өкіметі үшін сырт көзге қойылған сақна ойыны ғана едi. Бұл З.Валидов сияқты өжет, «азаматтық ожданы» сақталған қайраткердің соңғы төзімін тауысты. Ол:
«Бұл шындық (Лениннің сөзін меңзеп отыр – Т.Ж.) кеңес өкіметіне қарсы пәрменді және ашық түрде күрес жүргізу қажеттігін біздің алдымызға міндет етіп қойды. Сол күндері Ташкенттегі олардың пікірлестері Рысқұлов, Низам Қожаев және басқалары Түркістан комиссиясының және Түркістан атқару комитетінің (ТурЦИК-тің) құрамынан шығарылды. Біз, Ахмет Байтұрсынов екеуміз 29 маусым күні Москвадан кетіп қалуға келістік. Бұған Сталин рұқсат бермеді, бірақ Астраханьға барып денсаулығымды түзетемін – деген сылтау айтып, Орталық комитеттің хатшылары Крестинский мен Преоброженскийдің рұхсатын алдым», –деп жазды.
«Түрккомиссияның» құрамынан шығарылған тұстағы өзінің іс-әрекетіне Т.Рысқұлов кейіннен:
«1920-1921 жылдары әскери коммунизм тұсындағы саясаттың шартына қарсылық білдірген ұсақ буржуазияның наразылығы күшейді (сол кезде Россияның әр жерінде, Кронштадта көтерілістер орын алды, партия мүшелерінің ішінен де солқылдақтар шықты). Сондай солқылдақтық пен бетбұрыстар артта қалған ұлттық Түркістанда да болды. Ұлтшылдық уклон мен Түрккомиссиямен арадағы жетекшілікке талас – жаулардың жолын ашты, бүкіл халықтың көсемі болып көрініп, өзінің соңынан барлық тұрғындар еріп келе жатқанын Москваның алдында көрсеткісі келді. Мұндай ұстаным дұшпандарға көпір салып берді. Бұл тұрғыдан алғанда, мен сол кезде жіберген үлкен қателіктерімді мойындаймын, содан кейінгі қызмет барысында бұл қателіктерімді терең түсіндім. Шектен шыққан жоқпын, жауыммен де жақындаспадым, 1921-1922 жылдан бастап өз бағытымды түзедім, содан бастап тура жолдан тайған емеспін. Өткен қателігімнен сабақ алып, партияның сара жолын түзу ұстап келемін», – деп түсініктеме берді.
Тергеушілер тұтқындардың бәрінен Ә.Бөкейхановтың, А.Байтұрсыновтың, Т.Рысқұловтың, З.Валидовтің арасындағы байланысты қазымырлықпен сұрауы да осы оқиғаға байланысты болса керек. Тергеу ісінде сол жылдары Т.Рысқұловтың Орынбордағы жалпықазақтық құрылтайға қатысқаны және Сарымолдаевқа арнап Ж.Досмұхамедовтың адресіне хат жолдағаны туралы айғақ бар. Өзінің З.Валидовпен және М. Сұлтанғалиевпен жазысқан хаттары туралы кейін арнайы түсініктеме берген. Тергеушілер осы хатты табуға ұмтылған, бірақ оның нақты ізіне түсе алмаған.
Азаттыққа жетудің жолы – күрес екенін түсінген З. Валидов астыртын ұйым құру үшін Түркістанға бет алды. Сол қарсаңда Түркиядан келген «Иттиһат және таракки» («Бірлік пен прогресс») партиясының мүшелері Назым-бей мен Бадри-бей атты түрік қайраткерлерімен жолығады, олар да З.Валидовтің астыртын жұмысқа көшу ниетін қостайды.
З.Валидов: «Мен өтірік пен көлгірсуге төзе алмаймын. Егерде болашақтан сәл ғана сәуле көрінсе, онда мұндай алдамшылыққа төзуге болар еді. Бірақ та біздің төзіміміздің төлеуін өтейтін еш үміт жоқ. Мұндай әрекетке өз еркіңмен тәуекел етесің. Мен онда (Түркістанға – Т.Ж.) өз армиямды алып барып, олардың қанын мойныма алғым келмейді. Мен өз басымды ғана оққа тігіп отырмын. Менің сенімді достарым бар, олар мен: Қал – десем де қалмайды, бірге жүреді», – деп, Софы Аллаярдың: – «Тәуекел десең – ырыздығың Тәңірден, Бұйырғанын көресің сен, жолаушы», – деген сөзін бір қайталап алып сапарға шығады.
Бұл құпия сапарда Валидов пен Рысқұловтың жолы тағы да екі рет тоғысады. Рысқұлов «бәрі де сонымен аяқталды», – деп Сталинді сендірсе де, ол шындық араға елу жыл салып барып қайта жария болды.
Түрік қайраткерлері Жемал мен Халил пашалар ұсыныс жасап, Ұлт істері жөніндегі комиссариат пен Мұсылман коммунистер орталығы ұйымдастырған Шығыс халықтары құрылтайы 1-5 қыркүйек арасында Бакуде өтті. Москвада айырылысқан З.Валиди (енді Уәлиди), А.Байтұрсынов, Т.Рысқұлов үшеуінің жолы Бакуде тоғысты. Бұл кездесу үшеуі үшін де құпия жағдайда өтті. Баку сапары туралы Т.Рысқұлов:
«Мен шұғыл түрде Бакудегі Шығыс халықтарының құрылтайына жүріп кеттім. Шындығында, онда болған екі-үш жүз түркістандық делегаттар менің ықпалымда болды. Коминтерннің атқару комитетінің поезімен бірге Әнуар паша да келді. Мен делегаттардың барлығын Әнуар пашаға тілектес болудан сақтандырып: ол өзінің Түркиясына да көп кесірін тигізді, – деп үгіттедім. Әнуардың менімен кездескісі келді. Кейін білгенімдей, ол делегаттардың біразымен кеңес өткізіпті. Алайда Сафаров және басқалар (1920-1921 жж.) мені сол кеңеске қатысты деп таратыпты», – деп баяндады.
Әрине, Т.Рысқұлов «партиялық бақылау комиссиясына берген баянхатында» Бакуге барар жолда өзінің З.Валидовпен құпия кездескені туралы ләм демейді және кездестім деп айта да алмайтын. З.Валидов Аштархан, Сарай, Үстірт, Басқұншақ арқылы Хорезмге, одан Ашғабатқа өтіп, астыртын жұмысқа көшкен соң, оның әр қадамы аңдулы болғаны түсінікті (Біз бұдан былай «Қатирадағы» түрік тіліндегі мәтіндерді қысқаша мазмұндап береміз):
«Мен жасырынып жүргемін. Кеңес өкіметі менің қалайда онда баратынымды біліп, ерекше дайындық жүргізгені, Баку, Аштархан, Дербенд, Красноводскі және басқа да қалаларға 300-ге жуық адамды құпия тыңшылыққа тартқаны туралы хабар алдым. Олардың көбі мені жақсы танитын қызметкерлер-міс. Қазақстан мен Өзбекстаннан келетін өкілдердің аты-жөндерін және олардың барлығы бір пойызда болатынынан да хабардар болдым. 2-тамыз күні мен бұл пойызды Ашғабаттың батысындағы елеусіздеу Бамиде деген бекетте қарсы алдым. Жүк пойызына атпен кірдім, вагонда Тұрар Рысқұлов пен Ибраһим Жанұзақовты кезіктірдім. Олармен: Бакуде қалай кездесетіндігімізді және онда не істейтіндігімізді келістік, Красноводскіге таяғанда Жебел бекетінен түсіп қалдым. Сол жолы Тұрар маған қызықты бір құжат берді», – деп жазады З.Валидов. – «Аталған құжатты Ресейдің Сыртқы істер министрлігінің Таяу Шығыс жөніндегі маманы Павлов дайындапты.
Ол: Таяу Шығыс, Араб, Түркия, Иран мен Ауған елдеріндегі рулық жік пен капитализмнің керітартпа қайшылықтарын ресейлік мұсылмандар арасына «көшіріп», олардың арасына от жағып, өшіктіру керектігін айта келіп, орыстандыруды жеделдетудің жолдарын ұсыныпты. Соған орай Ленин мен Сталиннің атынан берілген нұсқауда, Байтұрсынов, Рысқұлов, Сұлтанғалиев «Түрккомиссиясына» мүше боп тұрғанда ашық айтылмаған мәселелерді талқыға салып, европалық партия мүшелеріне құпия таратқан. Түрік комиссиясының сессиясында: Түркістан халқының таптық жігін ислами тұрғыдан жандандыратын Рысқұлов, Валидов сияқты ұлтшылдар – жергілікті жұмысшылардың дұшпаны, жергілікті зиялылардың арасында өздерін «октябрист» ретінде көрсететін орыстарды қызметке тартып, керісінше, ұлттық қызметкерлерді шеттету керек, Шығысты толық бағындыру үшін олардың көзі ашық зиялыларына қысым жасап, қудалауда ұстау қажет», – деп ашық айтылыпты.
Баку құрылтайына қарапайым түрікмен кейпінде барып, жансыздардың көзіне түспей Түркістанға қайтып оралған З.Валидов тек Әнуар пашамен ғана хат арқылы тілдесуге мүмкіндік табады. З.Валидов Маңғыстау, Ақтөбе арқылы Хорезмге өтеді. Жолай адайлар арасындағы барымтаға билік айтады. Оны естіген Ә.Бөкейханов: «Қазақ арасындағы қанды ірің аққан бір жараны тіліпті», – деп бағалаған. Үргеніште Жөнейд ханның Аннамұрад деген бегі Хиуаға жеткізеді. Сол жылы 19‑желтоқсанда Бұқарада өтуге тиісті құрылтайға қатысу үшін Қарақұмды кесіп өтіп, Шарсу арқылы Бұқараға келеді. Негізгі мақсаты – Бұқара, Хиуа, Түркістан, Түрікменстан, Қазақстанның өкілдері бас қосқан осы құрылтайда «Түркістан ұлттық бірлігі» партиясын құру еді.
Міне, «Алашорданың тергеу ісіндегі» басты мәселенің бірі де сол құрылтайға кімдердің қатысқанын анықтау болатын. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мұхамеджан Тынышбаев, Халел Досмұхамедов, Міржақып Дулатов, Ғазымбек Бірімжанов, Хайретдин Болғанбаев сияқты алаш арыстары тергеу барысында өздерінің Заки Валидовпен астыртын байланысы барлығын жоққа шығарады. Әр түрлі қисында жауап қайырады. Тек Х.Болғанбаев қана оқу-ағарту комиссариатының тапсырмасымен оқулық бағдарламасын түзу мақсатында барғанын, Ғазымбек Бірімжанов «Аштарға көмек» комиссиясының тапсырмасымен қаржы жинау мақсатында іссапарға шыққанын айтады. Ал Дінше Әділев «Ә.Бөкейханов пен А.Байтұрсыновтың жеке тапсырмасын орындағанын» баса көрсетеді. Бірақ қандай тапсырма екенін нақтылап айта алмайды.
Тарихшылар мен тергеушілер: «Басмашылар мен «Алашорданың» арасында қандай байланысы болуы мүмкін, бұл негізсіз жала шығар», – деп жорамалдап, сол тұстағы Түркістан мен Орталық Азиядағы саяси жағдайлардың басын қосып, ортақ тұжырым жасауға дәрменсіздік танытып келді. Біз оқиғаның ізін қуа пайдаланып отырған З.Валидовтің «Қатиралары» көлеңкеде қалған сол бір күндерге сәуле түсіреді. Тергеуге тартылғандардың жауаптарының әр қисында болуы да заңды. Астыртын ұйым жұмысы соны талап етеді. Араға елу жыл өткен соң да З.Валидовтің Бұқарадағы «құрылтайға қатысқан екі қазақ қайраткері әлі тірі» деп олардың атын атамауы да сол астыртын күрестің заңына бағынғандық.
Алаш азаматтары тергеушіге «қиыннан қиыстырып қандай сылтау айтса да», «Алашорда» қайраткерлерінің Бұқарадағы «Түркістан ұлттық бірлігі» партиясының құрылуына қатты назар аударғаны анық байқалады. Өзге жанама деректерді былай қойғанда, Москвадан бірге шығып, Еділ мен Жайықтың арасында З.Валидовпен қоштасқан А.Байтұрсыновтың және поезда жолыққан Т.Рысқұловтың бұдан толық хабардар болғаны анық. Ал А.Байтұрсыновтың бұл құрылтай туралы Ә.Бөкейханов пен М.Дулатовқа толық мағлұмат бергені еш күмән тудырмайды. М.Тынышбаев Бұқараға жіберген А.Үмбетбаев та бұл жайдан мағлұматсыз қалмаған. Демек, Ташкенттегі ұйымның биресми төрағасы болып саналатын Х.Досмұхамедовтің де қаперіне іліккен. Ал Бұқараға барғандардың ішінде Ғ.Бірімжанов пен Х.Болғанбаев «Алашорданың» өкілетті құзырына ие болған және құпия хатты осы екеуі жеткізген. Х.Болғанбаевтің куәлігіне «Алашорданың» мөрі басылғанын, өзінде ондай құқық болмағанын Д.Әділев өзінің көрсетіндісінде атап айтады.
Сонымен, «Алашорда» қайраткерлері мен Түркістан, Бұқара, Хиуа республикаларының арасында ынтымақты саяси байланыс болған. Өзінің жасырын өкілдерін жіберу арқылы «Түркістан ұлттық бірлігі» қозғалысының заңды мүшесі ретінде тіркелген деп есептеуге толық негіз бар.
Сондай қысылтаяңда жүріп Заки Валидов «Түркістан ұлттар бірлігінің» құрылтайын Ташкентте өткізуге ұмтылады.
«Бірақ Түркістан саясатының белді тұлғалары – Әлихан Бөкейхан, Тұрар Рысқұлов, Ахмет Байтұрсын, Мұхамеджан Тынышбаев, өзбектерден Мунауар Қари, бұхаралық Хакімзада, мырза Әбдіқадыр Мұхиддин, түрікмендерден заңгер Қақажан Бердібаев және басқалар кеңестердің қатаң бақылауында болғандықтан да құрылтайға келе алмады. Құрылтайымыз 18-қыркүйекте басталды. Он алты адамның жиналғаны есімде. Әсіресе, қазақ ағайындар жақсы дайындалған еді. Үш күн үш жерде жиналдық. Талқыланған қаулылардың бәрі шын жүректен қабылданды. Әуелі Бұқарада құрылған «Орта Азияның қарапайым мұсылмандарының ұлттық одағының» орнына тек «Түркістан ұлттық бірлігі» деген ат қана алынды. Қазақстандағы «Алашорда» атауы – «Солтүстік Түркістан» болып өзгертілді. Онда:
Мемлекеттік басқару одақтық дәргейде жүргізіледі, ұлттық мәдениет үстемдігі сақталады, тәуелсіз сот құрылымы болады, тең және туыстық қарым-қатынастарды қамтамасыз ететін одақтық қағидаттар жасалады, Түркістан соты Ресейдің ішкі істері дәргейінен шығарылып, ұлтаралық сотқа енгізіледі, Түркістанның ұлттық сотын Ресейге тәуелсіз жасақталады, – деген мазмұндағы қаулылар қабылданды.
Бұл құрылтайда: «Түркістан ұлттық бірлігі» орталығын сырттан басқару үшін менің Түркістанда қалмай, Иран, Ауғанстан және Үндістан арқылы Еуропаға кетуімді, Мұстафа Шоқайұлының да шетке кетуін мақұлдады. Маған осыған байланысты Құрылтай төрағасы қол қойған құжат та берілді. Арамызда шет тілін жетік білетін адам болмағаны үшін бұл құжат орысша және түрікше бір кездеменің бетіне жазылды. Жұбайымды да бірге әкетуіме пұрсат берілді», – дейді З.Валидов.
Әнуар пашаның қазасы және мұхаррамшылардың – «басмашылардың» талқандалуы, «Түркістан ұлттар бірлігі» орталығының шешімі З.Валидовтің азаттық күресін тұйыққа тіреді. Сондай құсалы сәтте Т.Рысқұловпен жолығуға ниет етеді. Т.Рысқұлов қабылдаудан бас тартады. Т.Рысқұловтың Москвадағы және Бакуге барар жолдағы «уағдасында тұрмай», кездесуден бой тартқаны үшін З.Валидовтің ренжігендігі тергеуге тіркелген. Ал бұл жай «Қатирада»:
«Айдың жиырмасында хат тасушы келіп, Тұрар Рысқұловтан хабар әкелді. Онда: «Валидовке орталық комитеттің қаулысы бойынша кешірім жасалды, қаласа Рудзутакпен кездессін, тек «қайда жүргенін» айтпасын, белгісіз боп қалуды көңілінде қатты ұстасын», – депті. Хаттың соңында: егерде кеңес өкіметіне қайтып оралмайтындай болса, онда қалаған мемлекетке кетуіме көмектесетінін білдіріпті. Әрине, бұл кезде Түркістанның «ұлы генералы» Рудзутактың шақыруының үлкен маңызды бар еді», – деп баяндалады.
1920 жылға дейін оппозициялық көзқараста жүргенін Т.Рысқұловтың өзі де 1923 жылы 9-12 маусым аралығында РК(б)П орталық комитетінің Ұлттық республикалар мен облыстардың жауапты қызметкерлерімен өткізген төртінші кеңесінде сөйлеген сөзінде мойындады. М.Сұлтанғалиевті ұлтшыл ретінде әшкерелеуге арналған бұл кеңесте Т.Рысқұловқа да айып тағылған болатын. Ол:
«Сұлтанғалиевпен идеологиялық сыбайластық туралы екінші мәселе туралы мынаны айтамын. Мен партияның орталық комитетінің алдында, осы кеңестің алдында мынаны мәлімдеймін: Сұлтанғалиевтің ұстанған ұстанымы шындығында да шектен асып кетті, биылға дейін емес, 1920 жылға дейін мен де осы ұстанымда болғамын және ең жанкеші оппонент болдым, мұны орталық комитет жақсы біледі. Мен Орталық комитетте: әскери мәселе жөнінде де, партиялық мәселе жөнінде де, басқа мәселелерде де, тіпті сол кезде жүргізілген барлық саясат жөнінде ұрсысуға дейін бардым. Нәтижесі – менің Түркістандағы қызметімнен кетуіммен аяқталды. Шығыс халықтарының құрылтайында мен бұл оппозицияны әшкереледім. Мен бұның бәрін жоққа шығармаймын, бірақ та құрметті жер аудару ретінде Москвада, Ұлттар жөніндегі комиссариатта екі жыл істедім және кейбір түркістандық жолдастардың тұрғысынан адам төзбестей қорлықты көрдім. Бұл қорлық тек саяси жақтан ғана емес, коммунистке көрсетілген (мен партия мүшесі емеспін бе) бұл қорлық менің жанұяма да (үйден қуып шығу, қудалау т.т. тұрғысында) көрсетілді. Осындай ауыр күйзеліске қарамастан мен Москвада қалдым, жау жағына шығып кеткемін жоқ», – деп өзінің бұрынғы «қателерін» мойындады.
Бұл оның ең батыл сөздерінің бірі. Сөзінің соңында Т. Рысқұлов мінбеден:
«Менің өз көзқарасым бар. Мен ешқашанда Сұлтанғалиевтің көзқарасының ырқымен жүргемін жоқ. Мұндайға бару үшін мен тым турашыл адаммын, мен өз көзқарасымды жасырмаймын және бұл іске менің қатысым бар деген Сталин жолдастың мәлімдемесі дұрыс емес. Сталин қателеседі», – деп тура көсемнің бетіне қарап айтты.
Сонда Сталин:
«Алла жар болсын», – депті орнында отырып.
Ол кезде мұндай тайталасқа бару үшін тек өжеттік қана емес, аса саяси батылдық та қажет болатын.
Үшінші тарау: ЖЕР ЖЕГІСІ
1.
«Алашорда» қайраткерлерінің мұндай жағдайда ымыраға баруы – большевиктердiң «езiлген ұлттарды» одан әрi езе түсу, жаныштау, мәңгүрттендiру, ұлттық бiрлiктi ыдырату, ұлттық тәуелсiздiктi жою сияқты аяр саясатымен келiсу, соған қызмет ету деген сөз едi. Тарихи келiсiмнiң сақталмайтынына, ұлттық мемлекеттiк дербестiк нысанасының большевиктерге мүлдем жат ұғым екендiгiне, тәуелсiздiк жолындағы күрестiң жаңа жолын таңдау керектiгiне ұлт көсемдерiнің көзі жетті.
Ахмет Байтұрсынов ресми түрде большевиктiк үкiметтiң құрамынан шықты. Сол арқылы «Алашорда» үкiметi мен кеңес өкiметi арасындағы саяси келiсiмнiң бұзылғандығын ресми түрде жариялады. Өйткенi, олардың ендi кеңес өкiметiнiң құрамында қалуының ешқандай мән-мағынасы жоқ едi.
Орыс тарихының ғұлама өкiлi В.О. Ключевскийдiң: «Қырым соғысынан кейiн орыс үкiметi өзiнiң түкке тұрғысыз екендiгiн түсiндi, болгар соғысынан кейiн өз үкiметiнiң түкке тұрғысыз екенiн орыс зиялылары да түсiндi; жапон соғысы тұсында ғана орыс халқы өзiнiң үкiметiнiң де, интеллигенциясының да түкке тұрмайтынын түсiне бастады. Ендi Жапонияның алдында: үкiмет те, интеллигенция да, халық та бiр ауыздан өзiнiң түкке тұрмайтындығын түсiнгендiгiн мойындап барып, бiтiмге келу әрекетi ғана қалды, тек сонда ғана күн сайын өрши топастанып бара жатқан орыстың ұлттық санасының топастану дәуiрiне тосқауыл қойылуы мүмкiн», – деп атап көрсеткеніндей, төңкерістен кейін кеңес өкіметі де «өзінің түкке тұрмайтынын» түсіне бастады.
Сөйтіп, жаңа сана қалыптаспады, ескі сана өшірілді. Тәуелсiздiк мүддесiн таптық мүдде алмастыра берді. Интеллигенция да, халық та, сонымен қатар аз ұлттар да «өзінің түкке тұрмайтындығын мойындап, өзара ымыраға келіп, ұлттық сана күн сайын екпінді түрде топастана» бастады. Ключевский дегдардың келтiрген мысалындағы патша мен «орыстың ұлттық санасы» деген тіркес және қазақ ұлтының мойнындағы қарғыс қамытындағы «империя отары» деген сөз «коммунизм отары» деген сөзбен ауыстырылып жазылды.
Жалпы, ұлттық сана, тарихи даму мен таным тұрғысынан алғанда орыс пен қазақ қоғамының әлеуметтiк – рухани жағдайы сабақтас болатын. Тек қазақ ұлты жоғарыдағы аталып өткен жағымсыз көрiнiстермен қоса ең ауыр әрi қарғыс қамытын – отаршылдық қамытын мойынына киiп отырды. Қырым соғысы тұсында толықтай бодандыққа көштi. Төре мен билердiң қолынан билiк кетiп, түкке тұрғысыз болып қалды.
Ресей империясы Болгариямен соғысқан тұсында қазақ жерінде ұлт-азаттық көтерiлiстер бұрық ете қалғанымен, Хан Кененiң басы кесiліп, дұшпанына сыйға тартылды. Қырымдағы орыс-түрік соғысы тұсында қазақтар толықтай бодандыққа көштi. Қолынан билiк кетiп, жер патшаның меншігіне өтті. Орыс-жапон соғысы тұсында жалпы халықтың ұлттық намысы оянып, Азаматтық Мойынсынбау қозғалысы басталды. Сол қозғалыс буырқана келiп 1916 жылғы көтерiлiске ұласып, «Алашорда» үкiметiнің құрылуына алып келген ұлттық сана кеңес өкіметі тұсында тұманданып, ең қатерлi бағыт алды.
Бұқара халықтың басына «коммунистік-отаршылдық» қамыты мықтап тұрып киiлдi. Тәуелсiздiк мүддесiн таптық мүдде алмастыра бастады. «Ақ болсын, қызыл болсын бәрiбiр, мен тек қазақ ұлтын тебiннен құтқарып, соның мүддесiн қорғайтын мемлекеттi жақтаймын», – деген Ахмет Байтұрсыновтың өзi бұл сөзiн iс-әрекетпен дәлелдейтiн кезi туды. Мұны ұлт көсемдері тез түсініп, оқыс шешім қабылдады.
Оны кеңес өкіметі де білді. Заки Валидов пен Ахмет Байтұрсынов Мәскеуден астыртын кеткен соң төтенше тергеу орынына да шұғыл тапсырма берілді. Орта Азияда астыртын ұйым құрып, мұхаррамшылар – «басмашылар» қозғалысымен бірігіп кеңес өкіметіне қарулы көтеріліс ұйымдастыру үшін аттанған З.Валидовтің, сонымен қатар «Алашорда» үкіметінің мүшелері Ә.Бөкейхановтың, А.Байтұрсыновтың, М.Дулатовтың, М. Тынышбаевтің, Х. Досмұхамедовтің, ұлттық большевиктер Т. Рысқұловтың, С. Сәдуақасовтың, С. Қожановтың соңынан тыңшы қойылды. Қазақ мемлекетiнiң даму бағдарын, рухани ұйтқысы мен тiрегiн анықтайтын аса жауапты саяси бетбұрыс – 1921 жылы Орынборда өткен Бүкiлқазақтық Өлкелiк кеңестiң II съезi болды. Қазақ Автономиясына қуыршақ үкiмет ретiнде ғана қарап, барлық тiзгiндi партияның билеп-төстеуiнде қалдырып, бiрте-бiрте ұлт қайраткерлерiн iс басынан аластатып, ақыр-соңында көзiн жоюды ойластырғанын ұлт өкiлдерiнiң бәрi де сездi. Партиялық тазалау, таптық тектi айыру, ұлтшылдыққа қарсы күрес науқаны тура соған бағытталып едi.
Қазақ өлкелiк партия комитетi ұлты қазақ қызметкерлердi жаппай жазалап, мемлекет аппаратынан шеттетiп, сол тұстағы аса дiлгiр әрi маңызды екi мәселе жөнiндегi пiкiр алысуларға оларды қатыстырмауды көздедi. Олар:
