Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
раным - Алаш 1.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
2.74 Mб
Скачать

23/Х – 27 ж. М. Төлепов».

Бөкейхановтың жеке басы үшiн бұл «партиялық хаттың» пәлендей пайда-зияны шамалы-тын. Тек халық қамын ойлаған халық комиссары Ж.Сұлтанбеков орынынан алынды және оның әрiптестерiнiң жолын қиды. М. Төлеповтiң бұл арызы «Алаш iсiнiң» індетіле тергелуіне себепкерлiк еттi. Мұндай ұтымды «айғақты» әккi Голощекин өте ұрымтал пайдаланды. Ол өзiнiң кезектi бiр мәжiлiсіндегi кезектi-кезексiз, керектi-керексiз сөздерiнiң бiрiнде «ақ жүрек» М. Төлеповтiң арызына сүйенiп:

«Қазақстанды қалай басқару керек екенiн, мысалы, Сұлтанбеков жолдас қасындағы бiрiншi басшы Голощекиннен емес, Мәскеудегi Әлихан Бөкейхановтан ақыл сұрады», – деп мән-жайдың тонын өзгерте баяндады.

«Қужақтың» өршелене, өрекпи, елiре сөйлеуiнiң астары түсiнiктi еді. Ол қалайда жер туралы заңды жүзеге асыртып, 360 мың еуропалық қоныстанушыларды жылдам көшiрiп әкелiп, қазақ ұлтының тектiк тамырын келiмсектер тұқымымен будандастырғысы келдi. Ол үшiн ең алдымен қазақ зиялыларын түрмеде тұқыртпай «iсі оңға баспайтынына» көзi жеттi. Бұл жазалау саясатының ресми түрде басталу «рәсiмi» болатын.

Ескерте кетеріміз, әуелде Ә.Бөкейхановты тұтқындауға ұмтылған тергеушілер, ол ойларын жүзеге асыра алмаған соң, тергеуді уақытша тоқтата тұруға мәжбүр болған. Сол жылы желтоқсан айында Д.Әділовтің ұсталуымен тергеу қайта жалғасқанда, уақыты жағынан ілгері болса да, “Елдес Омаровты және т.б. айыптау ісі» ІІ том ретінде қоса тіркеген. Соған орай 1929 жылы 27 мамырда, яғни, арада бір жарым жыл өткеннен кейін тағы да тергеуге тартылған Ә. Бөкейханов бұл оқиға жөнiнде мынадай мәлімдеме жасады:

«...Менiң жер туралы саясатқа көзқарасым мынаған келiп саяды: орыстар (қоныстанушылар) мен қазақтарға жердi тең мөлшерде бөлiп беруге болмайды, өйткенi, орыстар жердi өңдеу мәдениетiн жақсы меңгерген, сондықтан да олар үнемi қазақтардан үстем түсiп отырады, ақыр-аяғында, қазақтарды ысырып шығарады. Мiне, менiң жер мәселесi жөнiндегi «ұлтшылдық» көзқарасым осы.

Ал ендi, менi Жер жөнiндегi халық комиссариатының жер туралы iсiне араласады-мыс деген қауесетке келетiн болсақ, онда мен мынаны мәлiмдеймiн: менiң бұған ешқандай қатысым жоқ, менiң ақылымды қажетсiнiп отырған да ешкiм жоқ. Мысалы мен Голощекин жолдастың «Мәскеуге келгенде Голощекинге емес, маған жолықты», – деп Сұлтанбековтi айыптаған жаласын мойындамаймын, болған оқиғаның жайы мынадай.

Сұлтанбеков Мәскеуге республиканның Жер жөнiндегi комиссары ретiнде РСФСР-дiң Мемлекеттiк жоспарлау мекемесiне жер кесiмiнiң мөлшерiн бекiттiру үшiн келдi (1927 ж.). Ол кесiмдi мөлшердi бұдан бұрын қазақ үкiметiнiң мекемелерi бекiтiп қойған, кесiмдi жер мөлшерiн ұсынған және оны қорғап шыққан Швецов едi. Мiне, сондықтан да РСФСР-дiң мемлекеттiк жоспарлау мекемесiнде әлгi жер кесiмiнiң мөлшерiн тағы да қорғау үшiн Швецовқа өтiнiш етпек екен, сол үшiн менi iздеп келiптi, олар менiң Швецовпен ескiден келе жатқан (34 жыл!) дос екенiмдi бiлетiн, егерде мен өтiнiш етсем оның бас тартпайтынын, ал Сұлтанбековтiң өзi айтса, онда Швецовтың бас тартуы мүмкiн екендiгiн баяндады. Менiң өтiнiшiмнен кейiн, шынында да, Швецов жер кесiмiн қорғауға келiсiмiн бердi. Ал, Голощекин ғой, Сұлтанбековке айып тағып, менiмен «кеңестi» деп байбалам салды», – деп Қуажақтың өзiн мінедi.

Бiрақ та түрмедегi түсiнiк төрт құбылаға түгел жетпедi. «Қуажақтың» көпiрмесi жарты ғасырдан астам уақыт бойы айыптау үкiмiнiң орынына жүрдi. Әрине, Әлихан Бөкейхановтың: «халық комиссариатының жер туралы iсiне... қатысым жоқ, менiң ақылымды қажетсiнiп отырған да ешкiм жоқ» – деуi жай ғана тергеушiнi алдарқату. Азаматтарды айыпты етпеуден туған сақтық. Мұны түсiндiрiп жатудың өзi артық. ОГПУ-дiң тергеушiлерi ешкiмнiң де нағашысы емес екендiгiн ол жақсы бiлетiн. Әйтпесе, жер туралы жобаның барлық баптары Әлихан Бөкейхановтың ақыл – таразысы арқылы өлшенiп жүзеге асқандығын жоғарыдағы деректер толықтай дәйектесе керек. Өкiнiшке орай, заман қыспағына ұшыраған бұл жоба – сол жоба күйiнде қалды. Қазақ елi тәуелсiздiк алған кезеңде де жер туралы заң қабылдағанда iлгерiдегi тәжiрибе ескерiлмедi.

Жер – Отан. Ал Отан туралы Заң тек қана сол жердiң иесi атанған ұлттың мүддесiн көздеп, ар-ожданын, қадiр-қасиетiн қорғауы тиiс. Ата-бабаның сүйегiмен құнарланған топыраққа қасиетсiз дән мен усойқының тамыр тартпағаны лазым. Бiз бiр есемiздi жiберiп алдық. Қолымыздан бердiк. Сол жер заңы үшiн «Алашорданың» үкiмет мүшелерi мен қазақ мемлекетiнiң ұлтжанды қайраткерлерi өмiрiн қиып едi. Олар 1927 жылы күзде шетiнен түрмеге қамалды да соңынан ату жазасына кесiлдi. Голощекиннiң байбаламы Мәскеуге де жеттi. Түрмеге түсiре алмаса да Әлихан Бөкейхановты қызметтен шеттетiп, үй қамауына, яғни қазақтардың ұғымы бойынша «мырзақамаққа» алды. Қаншама жеккөрiнiштi көрсетуге тырысса да Әлихан Бөкейхановтың жеке басының ерекше қасиетiн жоққа шығаруға кеңес дәбiрлерiнiң дәтi жетпедi. Тергеуге iлiнiп, «мырзақамаққа» кесiлгенде оған бас редактордың орынбасары Велиновский:

«Азамат Ә.Н. Бөкейханов 1922 жылдың 14 желтоқсанынан бастап 1927 жылдың қазан айының 1 күнiне дейiн Мәскеу қаласындағы СССР халықтарының орталық баспасының қазақ бөлiмiнде әдеби қызметкер болып iстедi. Орталық баспада өзiн ғылыми және әдеби қызметкер ретiнде азамат Ә. Н. Бөкейханов қазақтың тұрмыс-салты мен шаруашылығын, тiлдi (орыс тiлiн – Т. Ж.) түбегейлi бiлетiндiгiмен қатар өзiне тапсырылған мiндеттi орындауда ерекше парасаттылық танытты. Орталық баспаның қызметкерлерi санының қысқартылуына байланысты азамат Ә. Н. Бөкейханов 1927 жылдың 1 қазанынан бастап әдеби қызметкер мiндетiнен босатылды», – деп мiнездеме бердi.

Бұл оның өмiрiндегi соңғы қызмет орыны болды. Сол күннен бастап тура жыл бойы Мәскеуден ешқайда аттап шықпады. «Мырзамақта» жүрсе де түрмеде жатқан А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Жұмабаев iспеттi мақсаттас, мұраттас достары мен iнiлерiнiң жетiм-жесiр қалған әйелдерi мен балаларына көмектесiп, қамқоршы атаның орынында жүрдi. Оған мысал да, дәлел де, дәйек те жеткiлiктi. 1937-жылғы түсiрiлген суретке қарап отырып, бетiндегi қатпар-қатпар қалың әжiм мен ағарған қайратты шашына, шалғы мұрты мен отты да ойлы жанарына көзiңiз түскенде-ақ, осынау ұлты үшiн ғұмырын бағыштаған қазақ ұлтының ұлы көсемiнiң қасиеттi тағдырын оқығандай боламыз.

Соңғы он жылы саяси қысыммен, тiршiлiктiң тәлкегiмен өттi. Оның қандай тауқыметтi күй кешкенi Елдес Омаровтың тергеушiлерге жазып берген түсiнiктемесiнде баян етiлген. Ұлт көсемiнiң өмiр сүруi қиынға айналған тұста сенiмдi серiктерi мен мұраттас шәкiрттерi оны естен шығармаған. Қаражат жиып, рухани тұрғыдан демеу жасаған. Тергеушiлер мұндай игiлiктi, имани қадамды мүлдем басқаға жорып, «Алашорда» үкiметiнiң құпия қорын құрды, «Алаш» партиясының мүшелiк жарнасын жыйды деген айып таққан.

Елдес Омаров математика оқулығын жазған алғашқы ғалымдардың бiрi. Мiне, осы алгебраның хатқа түскен формулаларын тергеушiлер «шпиондық шифр» деп белгiлеген. Әлихан Нұрмахамедұлының өзi: «Елiн сүйген Елдесiм!» деп еркелеткен Елдес Омаров та оған деген сүйiспеншiлiгi мен адалдығын түрмеде жатқанда да сақтап қалды. Ол өзiнiң ұлттық рухани ұстаздары мен саяси жетекшiлерiн үнемi құрметпен атай отырып, тергеушiлердiң қыспағы мен қорқытуына қарамастан оларды ақтап куәлiк берген.

Тергеушілер жанамалап А.Байтұрсынов пен Ә.Ермековтің З.Валидовпен қалай кездескенін суыртпақтап сұрайды. Оған Ә.Бөкейханов:

«Байтұрсынов пен Ермековке қатысты айтарым мынау. Олар 1920 жылы (жазда) Москваға келді. Мұнда Қазақ автономиялы республикасын жариялаудың ұйымдастыру комиссиясының жұмысына қатысу үшін келді. Олар мұнда Валидовпен кездесті ме, жоқ па, мен білмеймін, бірақ мынаны ескерте кетейін, мысалы Ермеков Қазақ республикасының құрылтайына 1920 жылдың қазан айында келді, ал Валидов 1920 жылы қыркүйек айында Баку қаласында өткен Шығыс халықтарының кеңесіне қатысты. Демек, олар Валидовпен ешқандай да байланыс жасаған жоқ деп ойлаймын. Қалай болғанымен де маған ол туралы ештеңе деген емес», – дейді.

Сөйтіп, Қазақстанның бүкіл тергеушілері: Ә.Бөкейхановтың құпия хатын Бұқарадағы З.Валидовке апарды дегенді дәлелдеу үшін жетпіс бір адамды тұтқындап, оларды бір жарым жыл бойы тергеп, сондай ұқыптылықпен жинаған айғақты Ә.Бөкейханов бір абзац көрсетіндімен жоққа шығарды. Ал Әлімхан Ермеков:

«Мен Заки Валидовтің контрреволюциялық көңіл-күйде жүргенін және оның мақсатын білдім (1920 ж.). Россияның Шығыстың езілген халқына қолданған саясаты оны қанағаттандырмайтын, олардың бірігіп, тәуелсіздік алуын көздейтін. Заки Валидов пен Байтұрсынов және басқалар қатысқан жиналысқа мен де қатыстым. Кеңес құпия дейтіндей жағдайда өтті, мен Қазақстанның тағы да бір сойқанға қатысқанын қаламасам да, Валидовтен және басқалардан іргемді бөле алмадым, ол кеңеске өзімнің және Байтұрсыновтың қатысқанын жасырып келдім», – деп жазды «Ашық хатында».

Ал осы 14 томдық тергеудің басты нысанасына айналған З.Валидов кім? Ә.Бөкейханов пен З.Валидовтің тағдырлары қалай тоғысты? Бұл мәселелерді толық білмей мұқым тергеу ісінің айғақтарын түсіну де мүмкін емес. Сондықтан да шағын өмірбаяндық мағлұмат бере кетеміз.

Анкеталық анықтама: Заки Валиди (Валидов) Тоған (1891-1970) башқұрттың суықлы қай-оңғұт-уақ тайпаларының құрамасынан шыққан, нағашысы қыпшақ. Қидандардың (кедендердің) тұсында Башқұрт (Бас бөрі) ұрандас жұртпен анда болған. Арғы аталары Күшік сұлтанның тұсында Көшім ханмен бірге орыс отаршылдарына қарсы соғысқан. Атасы Уәлид молла, әкесі Ахметшах медресе ұстаған дінбасы, патша армиясында әскери қызметін өтеген. Арабша, парсыша, орысша сауатты, сирек қолжазбалар мен кітаптарды жинаған және оларды аударған оқымысты әрі ауқатты адамдар болған. Шешесі Уммульхаят та араб, парсы қолжазбаларын таратып оқитын абыстай екен. Маржани мектебінің шәкірті Заки де жасынан руханият тарихына құштар, нақшбандия пәлсафасының ықпалымен тәрбиеленген. Араб, парсы, шағатай, орыс жазба тілін еркін меңгеріп өседі. Сондықтан да ғұламалық жолды таңдайды. «Қасымия» медресесінде түркі тарихынан дәріс береді. Тарихи тақырыптағы ғылыми зерттеулері тұрақты жариялана бастайды. Түрік халықтары мен мұсылман жұртының отарлау тарихын зерттей келе саяси көзқарасы қалыптасады. Қазан университетінің еркін тыңдаушысы бола жүріп, 1911 жылы «Түріктер мен татар тарихы» атты зерттеу еңбегін жариялайды. Алғашында башқұрт тілінде басылған бұл еңбек түркі зиялыларының арасында үлкен қоғамдық пікір туғызды. З.Валидов бұл еңбегінде мұқым түркі жұртының тумысын тұтас алып, ортақ тарих ретінде қарастырды. Ол, сөйтіп, исі түркі қауымына алғаш рет ғалым ретінде танылды.

1913-1914 жылдары көне қолжазбаларды іздестіріп Түркістанға ғылыми-іздестіру экспедициясына шығып, Ташкенттегі, Самарқандағы, Бұқарадағы, Ферғана ойпатындағы және Душанбедегі көне медреселерден сирек мұрағаттарды тауып, жеке адамдардың қолындағы жазбалармен де танысып, ғылыми айналымға түсіреді. Сол сапарда болашақ саяси әріптестерімен де, қарсыластарымен де танысты. Олардың қатарында гимназия шәкірті Нәзір Төреқұлов, Петербург университетінің заң факультетінің студенті Мұстафа Шоқаев, Мінауар қари, Убайдулла Хожаев, Шолпан (Әбділхамид Сүлейменов) болды. 1915 жылдан бастап саяси үйірмелерге қатысады. Қазақ хандарының тұқымы Ғалиасқар және Сәлімгерей Жантөриндердің 1905-1907 жылдар арасындағы саяси қозғалыс тұсында ұсынған «Аймақтық автономия» туралы кітапшасы оның болашақ саяси бағдарламасын анықтап береді. Ол бұл туралы өзінің 1969 жылы Стамбулда жарияланған «Қатираларында» (Естеліктерінде):

«Мен ондағы айтылған идеялармен толықтай келісетінмін. Тура осындай көзқарас жақындығының нәтижесінде Әлихан Бөкейхановтың көмегі арқылы Сібір автономиясын жақтаушылардың бірі, Сібір казактарынан шыққан, Орталық Азия туралы зерттеуші Потанинмен таныстым... Менің Сібір автономисы туралы ықыласымды қарт ғалым іштей ұнатты... Сәлімгерей Жантөринге: Егерде Сібір автономисы құрыла қалса, одан бұрын Көшім хандығына қараған шығыс Башқортстанға орын табыла ма», – деп сұрадым. Ол: «Уақыты келгенде бәрін де көресің, ондай да мүмкіндік туып қалар... Россиядағы саяси қозғалыстардан толық хабардар болу үшін Петроградқа бар», – деп кеңес берді», – деп еске алады.

Сөйтіп, Заки Валидовтің екпінді саяси өмірі қазақ ұлт-азаттық қозғалысы көсемдерінің ықпалымен басталады. Сонымен қатар империяның бұратана бодан елдерге жүргізіп отырған зымиян саясатын түсіндірген ұстаздарының да рухани жан айқайы оның ұлттық көзқарасын қалыптастыруға негіз қалайды. 1912 жылы Қазан университетінің тарих және археология қоғамының төрағасы, атақты профессор Катанов өзінің 50 жасқа толған қонақасынан кейін Закиді оңаша алып қалып зар мұңын шағады. Ол шәкіртіне:

«Монғолдар мен шығыс түріктерінің ішінен шығыстану жолына үш-ақ адам түстік – Доржи Банзаров, Шоқан Уәлиханов және мен. Бәріміз де өз өмірімізді орыс әдебиетіне арнадық. Мен шамандықтан бас тартып, христиандықты қабылдадым, олардың ғылымына қызмет етіп жатырмын. Шоқан мен Доржы 35 жасқа жетпестен арақтан өлді, өйткені, орыс әріптестеріміз бізге ішімдіктен басқа ештеңе де үйреткен жоқ. Сен осы ортадағы төртінші адам боласың, бірақ абай бол. Мен туып, өскен ортаның рухы мұсылмандардың руханияты сияқты сондай қуатты емес, біздің халқымыздың тағдыры сорлы тағдыр, орыстардың арасында да біз жат жұрт болып қалдық. Мен сен арқылы аса қуатты мәдениеттің өкілін көріп тұрмын», – деп үміт артқан.

Міне, оқымыстылықтан дәметкен сол азаматты тарих толқыны қақпақылап әкеліп ақыры саясат сахнасына шығарды. Бұл сол кездегі Ресей бодандығындағы барлық отар ұлттардың, соның ішінде аз ұлт зиялыларының ортақ тағдыры болатын. З.Валидовтің тарихи еңбегі Әлихан Бөкейхановтың назарын ерекше аударады. Жас ғалыммен терең танысу мақсатында Закиді:

«Сол кездегі Самарадағы банктің қызметкері, Шыңғысханның тұқымы Әлихан Бөкейхан мен Бөкей ордасының сұлтаны Шәңгерей үйлеріне қонаққа шақырды... Әлихан Бөкейханов пен Сәлімгерей Жантөриннің шақыруын қабыл алып, жаз айында Қазаннан Самараға, одан Уфаға бардым. Бөкейхан мен Сәлімгерей қуана қарсы алды. Мен Әлиханның үйінде үш күн жаттым. Ол үнемі менің жанымда болды, менің кітабым туралы пікір білдіріп, қай жеріне қандай қосымшалар қосу қажеттігі жөнінде ұсыныстар айтты...».

Бұл кітаптың орыс тіліне аударылуына қолғабыс ете алатын адаммен – Алтынорда мырзаларының тұқымы, мемлекеттік думаның бұрынғы мүшесі князь Кугушевпен Сәлімгерей Жантөриннің үйінде таныстырады. 1912 жылы «түркітектес» цензура профессоры Катанов пен Ашмарин зерттеудің орыс тіліндегі нұсқасына ғылыми жетекшілік етіп, Ресейге қатысты батыл пікірлерді қысқартпай жібереді... Сол кезде жоғарыда айтылған қазақ сұлтандарының тұқымы Әлихан Бөкейханов хат жазып, Самараға шұғыл келуін өтінеді. Одан кейінгі тіршілік тынысын З.Валидов:

«Қонақтарын Дәулеткерей станциясынан Ферғанаға шығарып салып, содан әрі қарай Самараға бардым. Әлихан Бөкейхановтың үйінде бірнеше күн тұрдым. Оған Ахмет Байтұрсынов қонаққа келіп жатыр екен. Біз ұзақ әңгімелестік, түркі тарихына қазақ хандарын қалай кіріктіру керектігін ойластырдық. Бұл, екінші кітапты жаза бастау деген сөз еді... Сол жылы күзде Самарада Әлиханмен тағы да кездесіп, әңгімелестім. Бұл менің әкем қажыға баруға дайындалып жүрген жыл еді. Стамболмен байланыс жасауға бұл сапар тағы да бір мүмкіндік берді», – деп еске алады.

Бұл – «Алашорда» көсемдерімен Заки Валидовтің өте тығыз достық әрі ғылыми қарым-қатынаста болғанын көрсетеді. Оған Заки Валидовтің:

«1912-1913 жылдың қысында мен емтиханға дайындалуымды жалғастырдым. Алайда өзімнің түркістандық және қазақ достарымның тілектерін ескеріп, уақытымның көбін Мауреннаһрдың, Қашқардың, қазақ хандарының және ХҮІ-ХІХ ғасырлардағы ноғай иеліктеріне қатысты деректерді жинадым, яғни, «Түрік тарихының» екінші кітабымен жұмыс істедім», – деген естелігі дәлел.

1913-1914 жылдарғы Түркістанға жасаған ғылыми экспедициясы кезінде З.Валидов түрік халықтарының мемлекеттік, саяси тарихымен тереңдеп айналысады. Сондай-ақ сол кездегі студент Мұстафа Шоқаевпен, гимназия шәкірті Нәзір Төреқұловпен танысады. Олар туралы:

«Сол кезде Түркістанда танысқан адамдарымның арасынан маған Нәзір Төреқұл мен Әбділхамид Сүлеймен (ақындық ныспысы – Шолпан) ерекше жақын болды. Нәзірдің әкесі – Төреқұл Ферғана губернаторының тәржімашысы болатын, ол біраз құнды қолжазбаларды жинаған екен», – деп жазды.

Тергеу ісінде қатты қадағаланған Мұстафа Шоқаев пен Заки Валидовтің бұл таныстығы эмиграцияда жалғасты. Тергеушілердің З.Валидовпен арадағы байланысты қазымырлап сұрауының мәнісі оның естелігіндегі:

«Кеңес өкіметі жағына шықпас бұрын саяси күштерді біріктіру мақсатында коммунистік партиядан өзге, социалистік партия құру мәселесімен айналыстық... Бұл туралы қазақ жетекшілеріне хабарлай отырып, оларға: «Алаштың» неосоциалистік қоғамдық-экономикалық платформасының негізінде Қазақ социалистік партиясын құруды ұсындық. Бағдарламаны біз әзірледік. Оның бір данасын қазақтарға бердік. Кейіннен бұл бағдарлама (1926) Прагада жарық көрді», – деген дерекке байланысты.

Саяси платформаның шет елде жариялануы төтенше оқиға ретінде бағаланды. Голощекин баспасөз арқылы:

Алашордашылардың” шетелмен байланысы бар. Валидовпен бірлесіп большевиктерге қарсы құрған астыртын ұйым әшкереленіп отыр”, – деп ашық айып тағуға мүмкіндік берді.

Қанша жаныққанымен де «Алашорда» үкiметiнiң төрағасы Әлихан Бөкейхановтың Заки Валидовпен жақын таныстығын және астыртын ұйым құру туралы хат жазысып, кеңес өкіметіне қарсы бірігіп күресуге уағдаласқанын ашық мойындата алмады. Ол:

«Уфадағы кеңестен кейін Валидовпен қандай да бір байланыс орнатты дегенді үзілді-кесілді жоққа шығарамын: оған Болғанбаев арқылы сәлемдеме жібергенімді де, немесе басқа бір жолмен одан Валидовтен хат алғанымды да жоққа шығарамын», деп қысқаша ғана түсінік берумен шектелді.

Тергеушiлердiң қитұрқы арандатуларын олардың емеурiнiнен-ақ түсiнген Ә.Бөкейханов, мысқылмен жауап берiп, мысын құртып отырыпты. «Бұл мәселенi анау (мысалы, Сталин) жақсы бiледi» – деп кеңестің өз көсемдеріне сiлтеме жасап, келесi сұрақты қойдырмай, алдын орап отырған. Тергеушiлердiң өздерi де тiксiнiп, арандап қалудан сезiктенiп, арнайы дайындықпен келген. Бұған алаш рухты азамат Жайық Бектұровтың төмендегі естелігі анық дәлел (мазмұндалып алынды):

«ГПУ-дің бір тергеушісі (төменде көрсетілген Балдаев болса керек – Т.Ж.) Ә.Бөкейханнан жауап алыпты. Тергеу үстінде ол Әлиханға әкіреңдейді, оны балағаттайды. Бұрын басынан сөз асырып көрмеген, өтірік айтуды әсте білмейтін, бұра тартпайтын бетті, айбынды, айбатты қарт Ә.Бөкейхан жасы еңкейіп қалғанымен, әлгі надан да топас, пысық тергеушіні қатты жекіп, оның жер-жебіріне жетеді, екі аяғын бір етікке тығады. Мұны біліп ГПУ-дің өзінше жөн-жосық білетін бір басшы қызметкері (бұл жоғарыда өзі атап өткен Каширин болса керек – Т.Ж.) Ә.Бөкейханмен өзі сөйлеседі. Ол Заки Валидовке, әлде Сұлтанғалиевке жазған Ә.Бөкейханның бір хатының фотокөшірмесін көрсетіп: «Сіз оған бұдан басқа хат жаздыңыз ба?», – деп сұрапты. «Жоқ, жазбадым», – деп жауап беріпті Ә.Бөкейхан. « – Неғып жазбадыңыз? Мүмкін жазған шығарсыз? Бізден жасырып отырған боларсыз?», – дейді ГПУ өкілі. «Жасырып отырғаным жоқ, жазбағаным рас. Баяғыда А.С.Пушкинді патша үкіметі Псковка жер аударып жібергенде, ақын өзінің сүйікті әйеліне хат жазбапты. Оның ерке жұбайы Наталья Николаевна күйеуіне өкпелеп, қатты ренжіпті. Сонда Александр Сергеевич: «Сені шексіз сүйетіндігім хақ. Шерменде күйде жүріп, сені «сүйдім, күйдім» деп жазған хатым табашыл дұшпандарымның бірінің қолына түсіп қалса, әлде біреуінің құлағына шалынып қалса, олар мені мазақ етпей ме? Сөйтіп, өзімді де, сені де жұрттың мазағына душар етпеймін бе? Сондықтан да арымызды аяққа бастырмайын деп хат жазбадым», – деген екен. Міне, дәл сондай бір хатым сіздердің қолдарыңызға түсіпті, тағы жазсам тағы да сіздердің қолдарыңызға түсе ме деп, хат жазғамын жоқ», – деп Ә.Бөкейхан алыстан орағытып жауап беріпті».

Мұндағы, „дәл сондай бір хатым сіздердің қолдарыңызға түсіпті”, – деп отырғаны жоғарыда түсінік берілген Ә.Ермековтің Ленинградтағы М.Әуезовтің адресі арқылы Ә.Бөкейхановқа жолдаған хаты болуы мүмкін. Оған айғақ жетерлiк. Мұны түрмедегi тәркiге алынған құжаттар мен хаттар растайды. Бұл хатты Мұхтар 1928 жылдың басында, «Қилы заман» мен «Хан Кененi» жазып жатқан кезiнде алған. Әлихан Бөкейхановтың оның үйiнде қонақта жатқаны сол қаңтар, ақпан айлары болса керек. Себебi: Әлiмхан Ермеков Ленинградтағы Мұхтардың мекен-жайына Әлихан Бөкейхановқа арнап хат жолдаған. Ол хатты 1928 жылы 21 наурыз күнi ОГПУ-дiң тергеушiлерi қолға түсiрген де, iле ОГПУ-дiң КССР бойынша төтенше өкiлi Петросянға:

«Осы хат арқылы Әлiмхан Ермековтiң Мұхтар Әуезовтiң атына жолдаған құжаттары мен оның фотокөшiрмелерiн жолдап отырмыз», – деп түсiнiктеме берген.

ОГПУ-дiң бұл түсiнiктемесi Ташкент қаласынан жолданып отыр. Демек, зерттеушiлердiң назарына ұсына кететiн жай, бiз ұшығына жете алмай жүрген не iз-түссiз жоғалып кеткен қолжазбалар мен құжаттардың түпнұсқасын Ташкенттен iздеу керектiгi. Хаттың сыртына:

«Ленинград. Декабристер көшесі, 14 үй, 1 пәтер. Мұхтар Әуезовке – жолдаушы Әлiмхан Ермеков. 25/II – 28 ж.», – деп жазылған да iшiндегi сөз – Әлихан Бөкейхановқа арналған.

Яғни, дәл осы күндерi Әлиханның Мұхтардың үйiнде жатқандығын Әлiмхан Ермеков бiлген. Мұнда жеке бастың дербес iсiмен қоса, бiз назарға iлiктiрiп отырған саяси мәселелер де қамтылған. Рухани бостандық жолындағы күрестiң бiр белгiсi болғандықтан да хатты толық келтiремiз. Оның үстiне, бұл жазбаның – түпнұсқасының қайта қолға түсуi неғайбыл нәрсе. Сонымен, Әлiмхан Ермеков Мұхтар арқылы Әлихан Бөкейхановқа былай деп сәлем жолдайды, ескерте кететiн жай, хатты көшiрушiлер «Әлеке!» дегендi «Ада» деп жазыпты. Бұл «Аға» деген сөз болуы да мүмкiн. Бiз «Әлеке!» дегенге тоқталдық.

«Қадiрлi Әлеке!

Менiң бұрынғы қызметiмнiң бiр үлкен артықшылығы – достарыммен кездесiп тұруға аса қолайлы едi: қазiр мен олардан көз жазып қалдым, тiптi хат-хабар алысатындарым да азайып кеттi. Әлеке, әсiресе сiздiң алдыңызда өзiмдi өте кiнәлi санаймын. Сiздi көптен берi сағынып жүрмiн, бiрақта Сiзбен жүздесуге еш мүмкiндiгiм болмады, ал хаттың сөзi менi қанағаттандырмайды, сондықтанда жазудан бойымды аулақ ұстаймын.

Мен Лизамен сөйлесiп, сiздi Қызылордаға ауыстырған жөн ғой деп едiм, ол әр түрлi сылтау айтып, қарсы болды және егерде қызметке iлiнбесе, емханадағы дәрігер – ординаторлық жұмысқа алынбаса, онда алдағы қыста Мәскеуге ауысатын ойы бар екендiгiн айтты.

Бiздiң оқу орынының жұмысы жөнiнде мен бiрде Сiзге жазған едiм ғой, iстiң алдағы барысы әлi толық анықталған жоқ. Жоғары оқу орындары туралы мәселе, сөзсiз тарихи мәселе. Бұл мекемелердi ашуға деген Қазақстанның дайындығы Петрдiң тұсындағы Ресейдiң дайындығынан күштi. Германиядан студент шақыртудың ешқандай қажеттiгi жоқ. Петр бекiткен академияның жанындағы университет тек 30 жылдан соң ғана шәкiрт тәрбиелеп шығарса, Қазақстанның қазiргi жағдайының өзiнде мұндай сылбырлыққа жол берiлмейдi. Соған қарамастан, ғылыми орталық ұйымдастыру мәселесi немғұрлым ерте қолға алынса, бұл өте жақсы. Ұйымдастыру кезеңiндегi барлық өтпелi шараларға қарамастан, жаңа құрылған университет өзiнiң балаңдық дәуiрiн басынан өткiзуi заңды. Бұл мәселе сәл де болса iлгерi жылжыды. Тоқтабаев халық ағарту комиссарлығынан кеткеннен кейiн Қазақстан үкiметi университеттi құру туралы шешiм қабылдады.

Бұл мәселенi РСФСР-дiң, орталық алдына асқан табандылықпен қойып, тиiстi ұсыныс жасап отырған Авксеньев одағына Қазақстан қатты қарыздар, бұл мәселе қазiр Мәскеудiң шешiмiн күтiп отыр, орталық мекемелердiң бұл мәселенi шешуiне қатты кiрiсiп жатыр.

Әрине, қазақтың тұңғыш университетiнiң құрылуына Сiздiң де үлес қосуыңызды қамтамасыз етсе, бұл өте орынды iс болар едi. Сiздiң өзiңiз қалай қарайсыз. Сiздiң рұхсатыңызсыз мұндай мәселенi көтеру мүмкiн емес, толық шешiлдi деуге келмейдi, тiптi ол дәл қазiргi жағдайда өте қиыншылықпен алға жылжуда, сондықтанда мұның сәттi шешiлуiне толық сенуге болмайды.

Әлеке, мен бiздiң орталықтың үлкен және кiшi саясатынан бойымды аулақ ұстап жүрмiн. Қазақстанда қызмет iстеп жүргенiмде күнделiктi мәселелердiң барлығын назарымда ұстап, бiрде ананың, бiрде мынаның жобасын жасап, оны шешуге белсене араласып жүрушi едiм. Бiзге қазiр құлаққа өте жағымсыз сыбыстар жетiп жатыр.

Жер мәселесiнiң төңiрегiндегi әңгiмелердiң барлығы тұйыққа тiрелiп, барып тұрған бейбастақ байбаламға айналды. Егерде партия мүшелерi мен жер жөнiндегi саясатты жүргiзушiлер өздерiнiң көзқарастарына негiзгi дәйектеме етiп Палена мырза жүргiзген ревизияның «Губерниялық есептерiне» жүгiнсе, солай болмағанда несi қалды. Қоныс аударушылардың жаңадан құрылған басқармасы қандай да бiр асқақ идеяға құрылған саясатты бүркеншiк етсе де, дәл осы арада қазылған апанның, ашылған аранның, қатерлi iсiктiң орыны жатыр. Сүйегi қурап қалған патша губернаторларының әруағынан қорғаныш iздеулерi де бейбастақтыққа жатпай ма. Шындығына көшсек, жерге қоныстандырушы жаңа басқарманың азулы қатырандарының (акуланың – Т.Ж.) ашылған аранына қарағанда соңғы аталғандар (патша губернаторлары – Т.Ж.) «Өзiне сенiп тапсырылған өлкенiң тыныштығын сақтау үшiн бұратаналардың» қол астындағы жердi алу үшiн ептеп, сақтықпен кiрiстi. Шынымен, бұдан өзге жасалған жобалардың жолы кесiлiп, жоралғыдан қалғаны ма сонда? (Профессор Швецов пен Бөкейхановтың жер кесу мөлшерi туралы жобасын меңзеп отыр – Т.Ж.). Мұның астарын түсiнуге ақылым жетпейдi. Мекемелердiң басқарушы құрылымын байқатпай уландырып отырған «мамандардың» ерекше сендiруiнiң өзiне сенiмсiздiкпен қараймын. Бұған бiзге мәлiм «шiркiндердiң» де қатысы бар, олар да ықпал етiп отыр, бiрақта бұл жөнiнде олардың жауапкершiлiгi шектеулi ғой. Әлеке, Орталық Комитетке хат жазуды қажет деп санамайсыз ба? Әлде, бiздiң жазғандарымыз, өзiнiң орталықтарының алдына осы мәселенi шешуге талап етiп қойып жүрген партия мүшелерiне зиянын тигiзе ме?

Жердi тағы да бөлiске салу, жерге орналастырудағы теңгермелi мөлшердi сақтау – өз жерiнен өзi қарақшылықпен қуылған (экспропирация) бұрынғы тәжiрибенi еске салады, бақытсыз халықтың тағдыры үшiн жүрегiң қансырайды. Мұндай тәжiрибеге даламыз ендi көне алмайды. Өйткенi көшпелiлердiң шаруашылығы – әбден орныққан, табиғи шаруашылық. Шабындықты бөлiске салған ежелгi тәжiрибеге сүйенсек, биылғы қыстың қыспағының өзi неге тұрады?

Әлiмхан.

Сотайға сәлем.

Әлеке, өзiңiздiң денсаулығыңыз туралы жазыңыз. Қалайда Сталинмен кездесiңiз, жазда қырда демалып қайтуға пұрсат алыңыз.

Сергей Порфирьевичке сәлем айтыңыз.

Әлiмхан.

25/II – 28 жыл.

Көшiрмесi дұрыс: Ағабеков».

Бұл хатты Мұхтар оқыды ма, жоқ па, оны ашып айту қиын. Алайда, оның үйiне және тiкелей өз атына жолдай отырып, Әлiмхан Ермековтiң: «Мұхтар! Мына хатты Әлекеңе – Әлихан Бөкейхановқа табыс ет!», – деген бiр ауыз сөз жазғаны анық. Ендеше, мұндағы айтылған жайлардың мазмұнымен Мұхтар толық таныс. Жоғары оқу орынының ашылуына, жер мәселесi мен мәдениет, әдебиет саласындағы саясатқа дәл сол кезде немқұрайлы қарай алмайтын. Өйткенi оның да көңiлi ел жаққа қарап алаңдаулы болатын. Университеттiң толық курсы тамамдалып қалды. «Қилы заманды» аяқтап, «Хан Кенеге» кiрiстi. Қолжазбаларын Қызылордаға жiберiп, оның жауабын асыға күтiп жүрдi. Әлiмхан Ермековтi қатты алаңдатқан жоғары оқу орыны мәселесi сол жылы шешiлдi. Ал, Әлихан Бөкейхановтың Сталинге жолығуы неғайбыл. Тура осы кезде ол «Алашорданың» өзге үкiмет қайраткерлерiмен бiрге тергеуге алынды. Заң магистрi Жақып Ақбаев мырза әшкерелеген губернатор Паленнiң «Губерниялық есебi» – қазақ даласындағы «тыңды игерудiң» патшалық отарлау жобасы едi. Әлiмхан Ермековтiң күйiнуiнiң де себебi сонда жатыр. Мұхтар Әуезов те рухани ұстазы Әлихан Бөкейхановтың пiкiрiн ұстанды. Ол өзiнiң 1932 жылғы 10 шiлде күнгi «Социалды Қазақстанда» жарияланған «Ашық хатында»:

«Ол менiң көп замандар бойында ұлтшыл – алашордашы негiзiнде төңкерiстiң жауы болған таптың салт-саналық бағытымен байланысты болып едi. Осы халмен тарихи нық байланысқан нәрсе – менiң саясат пен әдебиеттегi iсiмнiң мазмұны мен қалпы – соңғылардың саяси бағытына бастады. Бастағанда, анықтағанда пролетар төңкерiсiнiң тiрегiне жау болған барынша қарсы бетке бастады», – деп «қателiгiн мойындады».

Әрине, еркiмен мойындаған жоқ, зорлықпен мойындатты. Әйтпесе, шын көңiлiмен қарсы болса, онда Әлихан Бөкейханов, Әлiмхан Ермеков сынды «Алашорда» көсемдерiмен хат алысып, хабарласып, қонаққа шақырып, сырласып жүрмес едi.

Екінші бір маңызды құжаттардың бас чекист Кашириннің қолына түсу тарихы З.Валидовтің «Қатираларында» былай баяндалады. Колчактік Сібір үкіметінің құрылтайының құзырына ұсынылуға тиісті Башқұртстан мен «Алашорда» үкіметінің 12 баптан тұратын мемлекеттік құрылымының жобасы Семейде талқыланады. Оған Башқұртстаннан – Сейтгерей Мағазов, «Алашордадан» – Әлихан Бөкейханов, Түркістан Қоқан автономиясының төрағасы Мұхамеджан Тынышбаев қатысады. Бұл бағдарламаны халықаралық қауымдастыққа жария ету үшін оның бір данасын Жапон елшілігіне табыстау ұйғарылады.

«Содан кейін екі жылдан соң (1920) астрахандық зиялы қазақ Мұхамеджан Тұңғашиннің қағаздарымен қоса жоғарыдағы 12 пунктен тұратын біз қабылдаған құжаттың және «Алашорда» үкіметінің құжаттары кеңес өкіметінің қолына түсіпті, олар біздің ұлттық күресімізді Ресейдің ішкі мәселесі ретінде қарастыруымызды қолдапты. Кеңес саяси қайраткерлері де сол патша тұсындағылардай орыс ұлтшылдары болғанын кейін мен Чичериннің аузынан естідім», – дейді З.Валидов.

Жапония үкіметіне қатысты бұл оқиғаны тәпіштеп отыруымыздың себебі, осы оқиға 1922-1953 жылдардың арасындағы қазақ зиялыларына «Жапон милитаристік мемлекетінің шпионы» – деген айып тағуға мүмкіндік бергендігінде. Сондай-ақ «Алашорданың» «Жапония үлгісіндегі ұлттық салт-дәстүрге, ғылымға сүйенген ұлттық демократиялық республика» құру туралы мақсаты да ол «үкімді» заңдастыруға, «жапонияның шпиондарының» қаптап кетуіне түрткі салды. Тарих үшін бұл да құжаттық мәні бар оқиға. Ал мұндай кездейсоқтықтардың кесіріне ұшырағандар қаншама.

Сөйтіп тергеу тұйыққа тіреледі. Тергеушi Балдаев (қолы анық танылмады, фамилиясы өзгеше болуы да мүмкiн – Т.Ж.) Бiрiккен Мемлекеттiк Саяси Басқарманың бастығының орынбасары Альшанскийге берген есебiнде:

«Қолдағы деректердiң жеткiлiксiздiгiнен Бөкейхановты табан астында шұғыл түрде тұтқындауға мүмкiндiк болмады, сондықтанда бiз тергеу жұмысын мынандай тәсілiмен, егерде тағылған айыптауларды мойындамай, терiске шығарса, оны тұтқындамай босатып жiберуге мүмкiндiк алатындай есеппен жүргiздiк», – деп жазды.

Әр сөзiн шегелеп, дәлелдеп, бұрынғы және бүгiнгi Ресей өкiметiнiң әрбiр әрекетiн қысқа ғана талдап: «Мен – „Алашорда” үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейханов қызылдарға қарсы болған себебiм мынау, оған кеңес өкiметi былай қарады», – деп түйiп-түйiп айтып, тұқырта жауап беріп отырды. Әлекеңнiң мысы басқаны сондай: «Кеңес өкiметi жер мен аз ұлттар туралы қаулы шығарардың қарсаңында менi тұтқындап, ақыр соңында Бутыркадан – Кремльдiң төрiне бір-ақ шығарушы едi. Бұл жолы қайтесiңдер. Иә, мен ұлтшылмын», – деп алып, бұл пікірін хаттамаға:

«1919 жылы «Алашорда» тарқағаннан кейін біздер, ұлтшылдар, бұрынғы алашордашылар, қандай да бір ұйымға бірігуге ұмтылған емеспіз және астыртын күрес ұйымдастыруға, ұйымдасқан түрде кеңес өкіметіне қарсы күрес жүргізуге ұмтылыс болған емес. Ұлтшылдық бағытындағы мәселелер туралы бөтен адаммен ашылып әңгімелесе бермеймін, тек ұлтшылдармен ұлтшыл ретінде екі-ақ адаммен – Байтұрсыновпен және Дулатовпен ғана әңгімелесуім мүмкін, бірақ олармен арадағы әңгімеде ешқандай ұлтшылдық әрекет жөнінде пікір қозғағамыз жоқ, ал «ұлтшылдық» туралы сөз қозғала қалған күннің өзінде де, тек тағдырға өкпелеп көз жасын төгетінбіз», – деп түсіріпті.

Осы қысқа да нұсқа жауаптан-ақ Әлихан Бөкейхановтың әбден ысылған саяси күрескер екені байқалады. Көрсетіндісінде өзіне де, өзгеге де күдік келтіретін қылаудай артық жарықшақ жоқ. Өзiн-өзi ұстай бiлген ұлт көсемiн ОГПУ тергеушiлерi ақыры тұтқындауға бата алмады.

Тергеушілер мұнымен де шектеліп қалмай, күдіктілердің қатарын молайта берген. Сол кездегі жас геолог Қанышқа да күдік көзі түскені байқалады.

«18 қазан. 1927 жыл. Қызылорда.

Тергеуге алынған Елдес Омаров қосымша сұраққа былай деді:

Сәтбаев Қанышты мен білемін. Ол Семейдің бір губерниясынан келген, инженер. Мен онымен 1923 жылы, ол Қазақ Оқу-ағарту комиссариатының Академиялық орталығына қазақ тілінде жазылған алгебра оқулығының қолжазбасын табыс еткен кезінде таныстым. Мен академиялық орталықтың жанындағы ғылыми комиссианың хатшысы ретінде алгебра терминдерін жасау жөніндегі жұмысқа қатыстым және Сәтбаевтің қолжазбасы жөніндегі хабарламашы болдым. 1927 жылы мен Сәтбаевпен еш жерде және қандайда бір жағдайда жүздескен емеспін. Мен оны соңғы рет 1926 жылы Қызылорда қаласында Дулатов Міржақыптың пәтерінде көрдім. Ташкенттегі Қазақ Мұғалімдер даярлайтын жоғары оқу орынында сабақ берді: мен – Омаров – қазақ тілінен сабақ бердім, Досмұхамедов Халел – ректордың орынбасары болды, барлық шаруашылық мәселелерді сол жүргізді. Ермеков Әлімхан – математикадан дәріс оқыды әрі нақты ғылымдар мен математика факультетінің деканы міндетін атқарды”.

Бұдан әрі академияның қызметі айтылады. «Тынышбаев Мұхамеджан және басқалар жауапқа тартылған істің» екінші томына алдыңғы Байтұрсыновтың ісінде қатталған Елдес Омаровтың 1927 жылы 16 қазан күнгі берілген жауабы және одан да басқа құжаттар қоса тіркеліпті. Соның ішінде мына бір деректі қаперге іле кетуді жөн көрдік.

«1927 жылы 16 қазан. Қызылорда. Мен, Омаров, 1926 жылы Қазақ оқу-ағарту комиссариатының ұйғаруымен Қазақстанның өкілі ретінде Баку қаласында өткен түркітанушылардың құрылтайына іссапармен бардым. Менімен бірге Біләл Сүлеев пен Ғазиз Байсейітов қатысты. Ахмет Байтұрсынов пен қазақтың ұлттық әндерін орындаушы ретінде Әміре Қашаубаев ресми түрде шақырылды. Ол Бакуге бара жатқан жолда маған – Омаровқа және басқаларға өзінің Парижге барған сапары туралы әңгімелеп берді».

Бұл арада тергеушілердің суыртпақтап білгісі келіп отырғаны Әміре Қашаубаев Парижде этнографиялық концертке барғанда Мұстафа Шоқаевпен кездесті ме, жоқ па, соны анықтау. А.Байтұрсыновқа, Ғ.Бірімжановқа, М.Дулатовқа, М.Әуезовке және тағы да басқа «айыпкерлерге» осы сұрақ қайталап берілген. Сол арқылы ұлтшылдардың «қылмысын» халықаралық деңгейге көтеруге тырысқан. Ал Әлихан Бөкейханов Әміремен Францияға бара жатқан жолда Мәскеуде жолығады. Ол бұл туралы А.Байтұрсыновқа:

«...Әміре Қашаубайұлын Парижге жібермекші. Ол бірде-бір ән сөзін білмейді ғой. Болмайтын нәрсені айтады. Мен оны әншілердің арнайы үйіне апарып, ән салдырттым. Дауысын мақтастық, әйтсе де, ән салған кезде, мен қатты ұялдым. Айтқан әнінің сөзінде мән болсайшы. Парижде ойлы әнді талап етеді. Әншіні Парижге жібере отырып, бір әннің сөзін болса да жаттатқызуға болатын еді ғой. Әміре орыс мещаны сияқты киініпті. Оны дұрыстап киіндіру де соншалықты қиын іс пе еді?», – деп жазды.

Әншіге әннің түгел сөзін жаттатқызып, «әншілердің арнайы үйіне апарып», дауысын граммафонға жаздырды. Соның арқасында ғана ұлы әншінің дауысының жаңғырығы бізге жетті. Сондай-ақ Еуропа жұртының талғамына сай киім сатып әперіп, тиісті ақыл-кеңесін айтып, жолға шығарып салады. Парижге барғанда Мұстафа Шоқаев Әмірені іздеп тауып алады. Ән салдырады, ұзақ әңгімелеседі. Елге қайтып келгеннен кейін әнші өзінің әріптестеріне:

«Сендер қазақпын деп мақтанасыңдар. Нағыз қазақты Мәскеу мен Парижде көрдім», – деген екен.

Бұл сөз құпия мекеменің құлағына шалынады. Сөйтіп, Әміре «қалпақ астына» алынып, соңына тыңшылар түседі. Ақыры театрдағы қызметінен шығарылды. Қысымға шыдамаған әнші дүниеден баз кешіп, өмірден күдер үзеді. Тағдыры салындыға ұшыраған Әміренің өлі денесі 1934 жылы қараша айының 4-нен 5-не қарағанда («Қыз Жібек» операсының премьерасы өткен күні), түн ортасында белгісіз жағдайда өз үйінің табалдырығының алдынан табылған. Әйелі Оразке таңғы тықырдан оянып, есік ашқанда босаға арқасы сүйелген күйеуінің денесін көрген.

Айғақтары жеткіліксіз әрі дәлелсіз деген жалған желеумен Елдес Омаровты 28-31 қазан аралығында үйіне босатқан. Мұның басты себебі: бостандықта жүргенде кіммен кездеседі, онда қандай пікірлер қозғалады, соны білу үшін әдейі жіберілген сияқты. Тыңшылардың мәліметіне қарағанда сол күндердің ішінде оны Қадырбаев Сейдазым қонаққа шақырыпты. Қонақта болғандар: “Нұрымов Ғаббас, оның ағасы Ахмет Бузинов, Юсупов Ахмет-Сафа, қайтыс болған Бірімжанов Ахметтің әйелі – Жәкен, Байменов Ілияс, Ақбаев Жанат т.б. (Бұл көрсетінділердің соңына қол қойылмағандықтан да пайдалана алмадық).

Әрине, бұл уақытша ғана алдарқату болатын. Өйткені үш күннен кейін Е.Омаров қайта абақтыға қамалды. Елдос Омаров ұсталған 15 қазан күні «Алашорданың» көрнекті қайраткері Халел Ғаббасов та жауапқа тартылды. Бірінші тергеуде Елдес Омаровқа: а) коллективтендіру саясатына қарсы астыртын әрекет ұйымдастырды деген, екінші жолы: ә) «1921 жылы Орынбор, Ташкент қаласында контрреволюциялық ұйым құруға қатысты-мыс» деген айып тағылды. Бірақ та бұл жолы жоғарыда айтылғандардың ішінен Халел Ғаббасовтан басқалары тергеудің құрығына ілікпеді.

Ал Халел Ғаббасовтың тұтқындалуы Голощекиннің сол жылы күзде басталған конфискациялау науқанымен тікелей байланысты болатын.

3.

Түрмеден құтылғанымен де алаш идеясы жолындағы күресті Әлихан Бөкейханов одан әрі жалғастырды. Ол өзінің барлық қабілет-қажырын, азаматтық беделін, қаражатын тергеуде жатқан достарына көмек көрсетуге жұмсады. Ату жазасына бұйырылған азаматтарға араға жүрiп, бұл үкiмдi түрме кесiмiмен ауыстырды. Ал оларды мүлдем ақтап алуы мүмкiн емес-тiн. Қара басының амандығын қорғаштамай, қарсы шығып, қайсарлықпен күресуiнiң өзi де үлкен азаматтық, көсемдiк қасиет едi. Мысалы, түрмеде жатқан Мұхтар Әуезов пен Әлiмхан Ермековке «ниетiмнен қайттым» деп ашық хат жазуға ұсыныс берген де Әлихан мен Ахмет дегдарлар едi. Соның нәтижесiнде, қазақтың екi ғұламасы тiршiлiктiң дәмiн тағы да қырық жыл татып, ұлтына қызмет еттi. Гүлнар Міржақыпқызы Дулатова ол туралы:

«(түрмедегілер)... 1922 жылдан бері Мәскеуде «жіпсіз байланып», еш жаққа шығуға рұқсаты болмаған, сондықтан адресі белгілі Әлихан арқылы кімнің қайда жүргенін біліп, өзара байланыс жасап, хат алыса бастайды. Ешкімнен сескенбейтін ер жүрек Әлихан оқта-текте Бутыркаға барып, тұтқындарға ауқат жеткізіп тұрған. Ахмет, Мағжандардың қызыл крес меңгерушісі Е. П. Пешковаға жиі жазған арыздарын қадағалап, нәтижесі тезірек болуы үшін Пешковаға жиі барып, көмек көрсетуін өтінеді. Көп ұзамай арыздары бойынша екі арысымызға жеңілдік жасап, берген үкім мерзімін қысқартып, елге қайтарған. Елге жету үшін жол қаржысын Пешковадан алып берген де сол Әлихан атам», – деп жазды.

Архангельскіге жер аударылған М. Дулатовқа жазған хатында А. Байтұрсынов:

«Базар қымбат: нанның килосы 5-6 сом, буханкасы 25-30 сом. Сүттің литрі 4-5 сом, майдың килосы 45-50 сом. Оған қалай ақша шыдасын. Алып келген аз ақшам әлдеқашан бітіп қалды. Абдолла мен Қырбаласы (Ә.Бөкейханов – Т.Ж.) екеуінің атсалысуымен жан сақтап тұрған жай бар. Қырбаласы орынында болып, бұрынғы адресімен тез хабарластым. Сендерге орын-морын тауып жайғасып жазармын деп едім. Ол болмаған соң, көңілді хабар жаза алмай тұрған жай бар», – деп Ә.Бөкейхановтың көмегін мұқтаждықпен еске алады.

Келесі хатында да:

«Бір жағынан – ауру, екінші жағынан – суық, үшінші жағынан – аштық, үш жақтап қысып, әркімнің атсалысқан көмегі арқасында күнелтіп келе жатқан жай бар. Бұл қалыппен көпке бармай бір шегіне барып тынатын шығармын. Қырбаласы (Ә.Бөкейханов – Т.Ж.) қолдан келген көмегін істеп-ақ жатыр. Бірақ көмекпен күнелту мұнда өте қиын. Қазір қара нанның килосы 12 сомға жетті. Ол не шыдатар? Жұмыста болмаған соң, нан карточкесі столовой нанды карточкесіз нанды базардан алып жемеске шараң жоқ. Базар бағасы анау. Онымен қанша нан сатып алуға, тойынып тұруға болар. Қазір әбден арықтап, жүдеп болдым. Жылы киімім жоқ. Күн мұнда Аралдағыдай емес. Өте суық. Аштық, арықтық, суық тағы бір жағынан айналдырған соң, ел қалай күнелтпек? Елдің хабары өздеріңе мәлім күйде, жұмысы біткен. Қырбаласының ел жайынан жазған хаты қолды болып, қолыма тиген жоқ. Қужақ екі жолдасымен орнынан түскен. Жолдастары кім екенін жазбайды. Қазақ жайы – соқырға көрінген, – саңырауға естілген болса керек. Жақын арада жазушының бұрынғы қатыны бастық болып тұрған мекеме арқылы арыз бердім. Мұнда қазіргі жай-күйімнің бәрін айтып: өлсін демесеңдер мені не жылы жаққа жіберіңдер, не қатын-балам тұрған жерге жіберіңдер. Мен бұл күйде тұрғанда өлемін, – деп жазып отырмын. Мұнан анау қатын арқылы бірдеме болар деген үміт бар. Мұнан еш нәрсе шықпаса, шынында да өлу ғана қалады», – деген жолдардағы «жазушының қатыны» – М.Горькийдің әйелі Пешкова болатын.

Ал оған жолданған хаттың нәтиже беруіне Ә. Бөкейхановтың атсалысқаны Г. Дулатованың дерегінде аталып өтті. А. Байтұрсынов Міржақып пен Мырзағазыға жазған хатында:

«Қ. Б.-нан (Қыр баласынан – Т.Ж.) хат алып тұрмын. Аман. Соңғы бір-екі хатында Смағұлдан басқамыз аманбыз деп жазған екен, онысы немене екенін анық білмеймін», – дейді.

Мұндағы Ә. Бөкейхановтың «Смағұлдан басқамыз аманбыз деп отырғаны, «коммунистiк-колонизаторлыққа» қарсы бар ақыл-қайратын жұмсаған, Қазақстаннан қудаланып, Мәскеудегi темiр жол институттын тәмәмдап «Днепр құрылысының» құрылыс бастығының орынбасары боп жүрген Смағұл Сәдуақасов Кремльге таңертең сау кіріп, түстен кейін тосын ажалға тап болады. Дәрігерлер оған: «Өндірістік улану», – деп дүдәмал диагноз қойған. Смағұлдың осы өлімін А.Байтұрсыновқа астарлап жеткізіп отыр.

Соловецкі лагеріндегі күйеуі М. Дулатовқа жолығып қайтқан Ғайнижамал Дулатованы Мәскеуден Қазақстанға шығарып салғаннан кейін:

«Шырақ Мадиярым!

Гая, Әлтай екі қонып, бүгін жүріп кетті. Шығарып салып жазып отырмын. М-ның күйеуі Алматыда. Өз етігің тар болса, ел бейбітінен не пайда. Осы мақал қаламға орала кетті. Иіскедім. Әли», – деп хабар береді.

Саяси жазалаудың алғашқы құйыннан құтылған Әлихан Бөкейханов 1937 жылы 27 қыркүйек күні КСРО жоғарғы сотының әскери коллегиясының шешімімен ату жазасына кесіліп, үкім орындалған. КСРО Бас прокурорының 1988 жылға сәуір айындағы шешімі бойынша іс қайта қаралып, іздеу салған зерттеуші С.Аққұлұлына:

«Ә.Бөкейхановқа: «кеңес өкіметіне қарсы күрес жүргізді», деп тағылған айып ешқандай айғақпен дәлелденбеген, тергеу барысында бірде-бір куәгер сұраққа тартылмаған. Не тергеу барысында, сот үрдісіне ешқандай куәгер қатыспаған. Сондай-ақ: «Қазақстанда террорлық орталықтың бар екенін» бұлтартпай дәлелдейтін құжаттардың жоқ екені де анықталды. Осыған байланысты: КСРО Жоғарғы сотының 1937 жылғы 27 қыркүйектегі шешімі негізсіз, әділетсіз, деп танылды. Ә.Бөкейхановты тұтқындау кезінде тәргіленген оның жеке қолжазбалары, хаттары және басқа да заттары жоғалып кеткен», – деп жауап қайырған.

Кеш, кеш те болса әділетті қалпына келтірген бұл шешімнің маңызы ерекше. Бір ұлт өзінің ұлттық көсемінің рухымен қайта табысты. Сол рухпен бірге тәуелсіздік те қайтып оралды.

Ең үлкен өкініш, прокурордың шешімінде көрсетілгеніндей, Қауіпсіздік комитетінің мұрағатында сақталған құнды қолжазбалар мен эпистолярлық мұралар, тыңшылардың құпия көрсетінділері, жалған тергеу хаттамалары 1956-1959 аралығында ішкі істер әскерінің күшімен құпия түрде вагонға тиеліп, қара май жасайтын заводтың пешіне өртеліп, смола күйінде асфальтқа төселіп кетті.

Бұл деректі бізге сол «операцияны» жүзеге асырған, шаң басқан қатпар-қатпар папкаларды архивтен бірінші Алматыдағы жүк составына тиеген, сондай-ақ басқа жақтан жөнелтілген «папкаларды» машинаға тиеп, асфальт заводына апаруға жетекшілік еткен, соның ішінен «Алашорда» қайраткерлерімен бірге өзінінің аға-бауырының «тергеу ісін» көрген құпия мекеменің офицері айтып беріп еді.

Қаншама құнды деректер «смолаға айналып» кеткенімен де, тергеу ісінің тігіндісінде ардагерлердің хаттары ішінара сақталып та қалыпты. Шаһит кеткен әруақтардың арман-мүддесінің, достық ықыласының, көңіл-хошының ыстық табы сақталған сол киелі аманатты ретіне қарай назарға ұсынуды мақұл көрдік.

Іске тігілген қолжазбалардың ішіндегі уақыт жағынан алғанда ерте жазылғаны Көкшетау қаласындағы фельдшер Анфиса Буторинаның Ә. Бөкейхановқа «достық көмек сұрай» жолдаған хаты. Ол 7 томның 13-бетіне тіркелген. Фота сурет бар. «Өте құпия» деп белгі соғылған.

«28/ V-21 ж.

Құрметті Әлихан Бөкейханұлы жолдас!

Сіздің институтта бірге оқыған досыңыз Зосим Александрович Буторинді осы жылдың 14 сәуірі күні тұтқынға алды. Тұтқындалуының себебін нақты білмеймін, жеке адамдардан естуімше, өзара есеп айырысу екен. 20 сәуір күні неге екені белгісіз оны Ақмола қаласына алып кетті. Ол сонда, суық жерде, аштықта, кір басып, биттеп жалғыз отыр. Мен сізден көмек сұраймын. Маған көмектесе көріңіз. Сәуірдің 23-24 күні Омбыдан: оны Петропавлскідегі губерниялық атқару комитетіне қызметке шақырғаны туралы хабар келді. Бұл жердегі жер бөлімінің адамдары Омбыға телеграмма жіберіп, оның түрмеге қамалғандығын хабарлапты. Соған қарамастан Омбыдағы жер бөлімінің қызметкері 1-майдың қарсаңында маған келіп: «Оның түрмеде жатқандығын онда ешкім білмейді», деді.

Мен қызметтемін. Барып мән-жайды білейін десем, жұмыстан босатпайды. Сондықта да сізге хабарласып отырмын. Мазаңызды алғаныма кешіріңіз. Губчека арқылы тұтқындалуының себебін анықтап, егер сотталған болса, онда Көкшетаудағы түрмеге ауыстыру туралы өтініш етсеңіз екен. Сонда аптасына екі рет тамақ пен киім апаруға мүмкіндігім болар еді. Ақмолада менің ешқандай туысым да, танысым да жоқ.

Қарт досыңызды аяңыз. Ол мүлдем жүдеп, қартайып, арықтап кетті. Мазаңызды алғаныма тағы да кешірім өтінемін.

Сізді сыйлаушы – Анфиса Буторина.

Менің адресім: Көкшетау қаласы, 2 Кеңес ауруханасы, фельдшер А.Д.Буторинаға. 1921 жыл».

Бұл кезде, Радус-Зенкович атап өткеніндей, Әлихан Бөкейханов Орынбор қаласында «Қазақ атқару комитетінің техникалық қызметкері» ретінде тіркеліп тұрған болатын. Ескі досын есіне алып әрі «қызмет бабын пайдаланып», ол әйелдің хатының соңына Әбдірахман атты кеңес қызметкеріне қарата:

«3 май, 21 жыл, Орынбор.

Бауырым Әбдірахман! Бұл Буторин менің жолдасым. Өзі жақсы кісі. Бұрын еш партияда болған жоқ. Жұмысқа жегілсе жақсы да атқара алады. Мұны шығарып алып жұмыс қылдыр.

10 шақырым туралы декретті Әйтиевтің атына «Бостандық туына» жібердім. Жер туралы декреттерді орындаңыздар. Мені босатса, КирЦИК-тің сессиясынан кейін Семейге барам. Жолда сендерге соғам. Ондағы бауырларға сәлем. Сүйдім Ғали-хан», деп тілше хат жазады.

Оның бұл өтініші орындалды ма, жоқ па, сондай-ақ: «Бауырым Әбдірахман!», деп отырғаны кім, ол жағы беймәлім. Бір кезде мұның өзіне техникалық хатшы болған, қызылжарлық Әбдірахман Байділдин болуы да әбден мүмкін.

Іске тіркелген екінші хат Әлихан Бөкейхановтың Дінше Әділевке қайырған жауабы. Жазуы өте әдемі. Біресе Бұқара мен Қоқан басмашыларына қосылып, біресе Сарысудағы «Қара ноғайды» жазалап, біресе Шу қазақтарын Түркістаның құрамына өтуді үгіттеп, «әрі-бері сенделісте» жүрген Д. Әділев алдағы уақытта өзінің не істеуі керектігі туралы Ә. Бөкейхановтан кеңес сұрап хат жолдаса керек. Ә. Бөкейханов:

«Москва. Воздвиженка. П.Кисловскй, пер. 4., кв.15.

Бауырым Дінше!

Хатыңды алдым. Қуанып қалдым. “Шолпанға”, “Темірқазыққа” неге мақала жазбайсың? Сендей білімі бар (жастар) жазбаса, кім жазады? Не балаларға сабақ беріп, не журнал, газетке мақала жазып, Алашқа қызмет қылмасақ, не қазақ тілінде кітап жазбасақ өзге жол бізге бөгелді ғой.

Сүйдім – Ғали-хан» деп емеуірін арқылы оған мәдени саланы нысана ет деген кеңес береді.

Бұл хаттың сыртына: «23/ҮІІ-23 жылы Рысбайдың ауылында алынған. Тапсырған Мырзағазы. Дінше Әділев”, – деп түсініктеме беріліп, қол қойылыпты. Демек, тілше жазу Д. Әділевті ұстаған кезде тәргіленген. Ал мұндағы көрсетілген Мызағазы деген адам – Әулие-Ата уезін аралауға шыққан сол кездегі Жетісу облысындағы жер телімі комиссиясының бастығы, «Алашорда» әскери Кеңесінің мүшесі болған Мырзағазы Есполов шығар деп жорамалдауға негіз бар.

Әрине, бір ұлттың көсемінің «сүйдім» – дегені кез-келген азаматқа үлкен құрмет әрі сенім. Ал оны Дінше ақтай алдым ма, жоқ па, оған біз төрелік айта алмаймыз. Бойына қуат-күші толған, кей кезде зейінін мінезі жеңіп кететін, қызба қанды, өз жанына өзі тыныштық бермей аласұрып өмір сүрген жігіттің өз тіршілігінің мағынасын іздеуі оның ойсыз адам емес екендігін аңғартады. Алайда соғыс пен қызыл қырғынның ішінде сыр бермеген азаматты осы тергеу барысында кеңес түрмесі «тірі өлік» етіп шығарды. Әл-әзірше бұдан артық сөз айту асылық болар. Өйткені алда оларды шындықтың шырғалаңы күтіп тұрды. Ал бұл мүлдем басқа мәселе.

Осы тергеу ісіне Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсыновтың екеуара жазысқан хаттарының біразы тіркеліпті, олардың кейбіреуінің фотокөшірмесі не аудармасы ғана хатталыпты. Түпнұсқаның кейбір тұстарындағы мәтіндері анық танылмағандықтан да, орыс тіліндегі мәтінмен салыстыра отырып аударып беруге мәжбүр болдық. Ал Ахмет Байтұрсынов жазған хатты Әлихан Бөкейхановқа Әлімхан Ермеков табыстапты. Әңгіме екеуара мүдделес әдебиет пен ғылым саласында өрбіген.

«16 май. 25-жыл.

Бауырым Ахмет!

Әлімхан келіп, сонан естідім, сен ауырып оңалыпсың. Енді ауырма. «Жоқтауым» 21 болды (Ә.Бөкейханов құрастырған жинақ – Т.Ж.), оны мен қазақ секциясына бердім. Сеид-Ахмет жоқтауымды алып қалды. Өлеңі жақсы болғанымен, қайталамасы көп екен. Соны өңдеп барып, сонан соң баспасаң, қайталама жақсы өлеңді бұзып кететін. Сабындай бұзылған, жалдаптай ойнаған біздің Ц.И. (орталық баспа Т.Ж.) сұлу әдебиет сөзін басатын көрінеді. Сеид-Ахметтің өлеңін өңде. Күзде басылып та қалар. Ц.И. бірінші октябрьге дейін оқу құралын ғана баспақ. Баспа күшінің бәрін осыған салмақ. Орынбор баса алмай отырған мектеп кітаптары болса, Мәскеуге жіберіп қараңдар. Басқанына ақы аласыңдар, жылдам басып береді.

Біздің Нәзір (Н.Төреқұлов баспа меңгерушісі): Шәңгерейді, Шоқанды, Ыбырайды да (Алтынсары) кітап қылып шығарайық, – дейді. Мен:Жарайды”, дедім. Мен Шәңгерейді жазбақ болдым. Ыбырайды саған бермек болдық. Шоқанды Мадиярға берейік деп едім, “латын” ойына түсіп кетіп, тасырқап қалды. Мен: «Сен тақсыр баспа, өзің жаз», – дедім.

Мен майды бітіріп елге кетем. Шәңгерейді ауылдан жібермек болдым. Бәрі бір күзге шейін басылмайды. Сен де күзге жазып берем деп Ыбырайды ал. Шоқанды тағы да көрерміз. Абайды жазатын кім? Білесің бе? Тұрашқа жаздырсам, сыңаржақ болып, жүгі бір жаққа ауып кете ме деп қорғанып тұрмын.

Біздің Ц.И. мектепке деп дәптер шығармақ. Ол дәптердің оң бұрышында Абай, Шоқан, Ыбырай (Алтынсары), ақын Ахмет, Шәңгерейдің суреті болмақ. Маған сен өз суретіңді жібер. Мен оны Ц.И.-ге беріп кетейін.

«Жоқтауға» әлі ақы алғаным жоқ. Алғанда саған жіберем.

Мадияр жолдасқа айтшы, мен “Еңбекші қазақтың” егіз санын алам. Маған біреуі де болады. Екіншісін Қарқаралыда Бәжікейге жібер деп 3-4 рет жаздым. Мадияр дәл Еркесары (сияқты): баспалап істейді, дәнеме айтпайды. Газетін қосақтап Мәскеуге жібереді де отырады. Тағы да (ҮІІ том. 159-бет) Мадияр: газетті былай қылып елге тарат дегенде дым-ақ шешен. Өз газеті Мәскеуге 8 күнде келеді де, соңғы шыққаны (алдыңғысынан) озып жүреді. 31-майдан кейін маған Мәскеуге газетті жібермесін. Мен елге кетем. Сеид-Азымға беретін істер әлі де түзеліп біткен жоқ. Мен жүргенше бітпесе, секцияға тапсырып кетем. Ол да күзге дейін басылмайтын жазбалар болады ғой.

Елдесім (Омаров Т.Ж.) жолдастың физикасына сын жазайын десем, газетке үлкен, журналым жоқ болып, делдал болып тұрмын. Елдесім жақсы жігіт. Бұрын да жақсы еді. Енді онан да сүйікті болып кетті.

Бір күні Шәңгерей маған: “Мен сені жақсы көрем! Білесің бе?”, деді. Мен: “Жоқ”, дедім. Шәңгерей: “Сен шын қазақсың ба? Сені қазақ деп жақсы көрем”, деді. Физиканы оқып қарасам, Елдесім де қазақ екен.

Бәріңді құшақтадым сүйдім.

Ғали-хан».

Ахмет Байтұрсыновтың осы хатқа қаратыла жазылған жауабының түпнұсқасы көзге түспеді. Тәржіма арқылы беріліп отыр.

«Қадірлі (құрметті) Әли!

Астананың Қызылордаға ауысу мәселесі түпкілікті шешілмегендіктен де, сенің көптеген хаттарыңа дер кезінде жауап бере алмадым. Енді, Қазақ институтының онда ауыспайтынына қарамастан, оқушылардың кетіп жатқанын көрген соң, мен де Қызылордаға көшуге бел байладым, сондықтан пәтер қарап іздестіре беру үшін әйелімді сонда жібердім. Биыл орталықтағы тәржіманың шығуына байланысты еліме баруға да мүмкіндік алдым. Қалғанына және көшудің қамына тамыз бен қыркүйекте кірісерміз деп ойлаймын. Егерде сенің профессорың Торғай мен Ырғыз уезіне баратын болса, онда менің де сонымен бірге жүріп кетуім керек шығар. Ән-күйлерді жиыстырып, фотографияға түсіру менің де көптеген ойымда жүрген іс еді. Егерде мен оны профессордан үйреніп алсам, маған да пайдалы болар еді.

Қазақ мемлекеттік баспасымен жасасқан шартым бойынша жаңа жазу үлгісіне орайластырып үш грамматика оқулығын және қырғыздардың әліппесін құрастырып: біріншісін – 15 маусымда, екіншісін – 1 шілдеде, үшіншісін 1 тамызда және төртіншісін 20 тамызда бітіріп беруім керек. Міне, осы уақытқа дейін басқа жұмыстарға мойын бұруға мұршам жоқ, содан кейін де, егерде Қазақ институтында дәріс басталатын болса, бос уақытқа тағы да ділгір болып қаламын. 20 тамызға дейін Ибрагимнің (Абайдың) өмірбаянын жазып бере алмаймын дегенім сол. 20 тамыздан кейін де уақыт бола ма оны да айта алмаймын. Өзіңе өзімнің фотографқа түскен суретімді жіберемін, бірақ байқарсың, менің суретім сенің шығатын қатираңа кірмей қалып жүрмесін.

Біздің коммунистер, сендердің мәскеуліктерің сияқты жарты емес, нағыз “96-пробаның” өзі.

Алтынсарының баласының суретін “Шолпан” журналының № 6,7,8 кітабынан таба аласыңдар. Одан басқа оның суреті менде жоқ.

Міржақып Қостанай уезіне кетті. Кеше одан: “Гая (Ғайнижамал, Міржақыптың әйелі Т.Ж.) жеңілдеді, ұл тапты!”, – деген телеграмма алдым. Пішпек қаласында өткен қырғыз мұғалімдерінің құрылтайынан (бұл арадағы бір әріпті не санды ажырата алмадық. «Келдім» бе, жоқ «Е, келді» ме. Егерде қысқартылып жазылған кісі аты болса, онда бұл “Елдес Омаров” деген сөз. Ал “2” деген сан болса – онда “2 күні Пішпектен келдім» деген сөз. Аудармашының өзі де түсінбеген сияқты. Сондықтан Пішпектегі съезге Ахмет Байтұрсынов барды ма, Елдес Омаров барды ма, ол арасын анықтау керек. Ахмет Байтұрсыновтың “Әліппесі” сол жылы қырғыз мектептері үшін басылып шыққаны анық Т.Ж.) 2-де келдім. Күн тәртібіне қойылған мәселе мынадай: тіл, қарып, жазу үлгісі, ғылыми терминдер, көне сөздерді жинастыру және мектептің бағдары.

Латын алфавиті туралы бұларда осы уақытқа дейін бір жиналыс болыпты да, қаулы қабылдапты. Сияз оны қолдады. Ол қаулының мазмұны мынадай: қырғыздардың келешегі үшін латын жазуы пайдалы, бірақ та, оны бірден қолданудың ыңғайы келмейді, оған дейін араб қарпіне біраз өзгерістер енгізу қажет – делінген. Олар: латын – “назира” қарпінен нашар. Бізде үлкен және кіші қаріп деген болмау керек, сондай-ақ, баспаша және жазбаша түрінің де қажеті жоқ. Академиялық орталық жағырафияны орыс тілінде басып шығара алмайды, – дейді.

Бұл ұсыныстарды қырғыз өлкесін зерттеу қоғамының талдауына ұсынамын, нәтижесін кейін хабарлаймын. Соңғылар оны шығаратын шығар деп үміттенемін, себебі, оларға қырғыз жағырафиясы өте қажет.

Құшақтап сүйдім. Ахмет . Орынбор. 11/ҮІ – 25 жыл».

Осындағы “Ибрагим” – дегенді аудармашы Жақыпов жақшаның ішіне Абай деп көрсеткен.

Ахмет Байтұрсыновтың бұл хатына Әлейхан Бөкейханов маусымның 23 күні жауап жазыпты. Оның да фотокөшірмесі ғана сақталған. Бұл да Д.Қамзабектің тәржімасы арқылы ұсынылып отыр.

Бауырым Ахмет!

Сенің 11 маусымда жазған хатыңды алдым. Профессор тамыз бен қыркүйек айларында Ырғыз бен Торғайға барып, сол жақтан Қызылордаға соғатын боп уәде беріп, Берлин қаласына қайтып кетті. Мен одан (сапарды) Қостанайдан бастауды өтіндім. Ол бұған келісті. Мен оған: «Егер осы өңірге барсаңыз, Ахмет Байтұрсынұлын жолықтыруға тиіссіз. Бұл кісі сізге серік болады», – дедім. Енді сенің келісіміңді білген соң, оған хат жазып, хабарласып, ақпарымды Мәскеудегі неміс өкілдігіне тастап кетпекшімін. Қалғанын оның өзі біздің қазақ өкілеттігіне соғып, анықтап біліп алатын шығар.

Тамыз айында өзің қайда болмақсың? Мырзағалиұлын (Германияда оқыған – Т.Ж.) неміспен ұшырастыруға жіберерсің. Еуропа сүзектің микробын әлдеқашан тапқан. Лизажанның (Ә.Бөкейхановтың қызы Елизавета – Т.Ж.) профессоры дәріс үстінде айтатын көрінеді: «Макс па (менің немісім), жоқ мен бе, бұл микробты тапқан сияқтымыз», – деп. Макс бұл жөнінде ештеңе демеп еді. Бәлкім, оның зерттеуінің бағыты да сол шығар. Егер сен оған қосылсаң, тіпті жақсы болар еді.

Біздің Орталық баспада көрнекті құралдар шеберханасы бар. Олардың қаржысы жеткілікті. Жұмыс жоспары ауқымды. Бүкіл КСРО бойынша халық ағарту ісіне қажетті нәрселер әрбір ұлттың жағдайы мен ерекшелігіне қарай жасалынбақшы. Мен оларға қазақ академиялық орталығымен байланысыңдар деп кеңес айттым. Академиялық орталық енді қазақ мектебі мен көшпелі оқу отауларына келеді-ау деген Ережелерін көрсетіп, арнайы жұмысымен қоса осы мүмкіндікті пайдаланып, өз ұсынысын берсін. Академиялық орталықтағылар осыны орындауға тырыссын.

Әміре Қашаубайұлын Парижге жібермекші. Ол бірде-бір ән сөзін білмейді ғой. Болмайтын нәрсені айтады. Мен оны әншілердің арнайы үйіне апарып, ән салдырттым. Дауысын мақтастық, әйтсе де, ән салған кезде, мен қатты ұялдым. Айтқан әнінің сөзінде мән болсайшы. Парижде ойлы әнді талап етеді. Әншіні Парижге жібере отырып, бір әннің сөзін болса да жаттатқызуға болатын еді ғой. Әміре орыс мещаны сияқты киініпті. Оны дұрыстап киіндіру де соншалықты қиын іс пе еді?

Абай мен Алтынсарының баласы жөніндегі жазуыңды күзге дейін бітірсең де кеш емес. Нәзір де (Нәзір Төреқұлов – Орталық баспаның қазақ секциясының меңгерушісі, «Темірқазық» журналының редакторы) Абай туралы жазбақшы. Мейлі, жазсын. Алтынсарының баласы Ыбырай хақында өзің жазсаң, жақсы болар еді. Ол сенің ағаң емес пе? Егер ол қазір өмір сүрсе сендей болар еді, ал сен ертерек дүниеге келгенде, соның ісін жасарың хақ.

Сенің ересек сауатсыздарға арналған кітабыңда «бізге» керексіз қазақ хандары мен билерінің сөздері бар екен. «Еңбекші қазақтың» 30-санындағы №9 қосымшасында Ғаббас (Тоғжанов – Т.Ж.): «Кітапта бір де бір коммунист жоқ», – деп жазыпты. Оған жолдас Мардан (бүркеншік аты болуы керек, кім екені анықталмады – Т.Ж.) «Ақ жолдың» бетінде жауап қайтарды. Мардан жақсы айтыпты. Мен Марданның мұны неге жазғанын білдім: Біздің «жазушы» қазақ коммунистеріміз саған риза емес әрі наразы көрінеді. Сен кітабыңда Мағрифаның (–?) інісіне орын беріп, мына «жазушылардың» еңбектерін кіргізбепсің. Орыстың мұндай кітаптарында Лениннің мақалалары толып жүреді екен. Ондайлар біздің қазақ кітаптарында, байғұс Сәкендікінен өзгелерінде жоқ. Мұны маған жақында ғана мүшелікке өткен коммунистің бірі айтты. Мен оның есіне мына мысалды түсірдім: «Көктем шығып, күн аспанға жоғары көтеріліп, тіршілік атаулы ояна бастағанда, Юпитер бұқа кейпінде жерге төмен түсіп, сиырлардың арасында ұрпақ өндіру қамымен жүреді екен. Бірде жай ғана кәдімгі бұқа аспандағы Юпитер-құдай болуды ойлапты. Сонда біреулер айтыпты: «Бұқаның Юпитер боламын деп армандауы – сандырақ, бос қиял», – деп. Қазақ коммунистері Ленин болуды қаласа, жол ашық. Әлгі бұқаның кебін құшып жүрген қазақ коммунистері Ленин бола ала ма», – дегенімде, әлгі «төрем» көңілсізденіп әрі маған өкпелеп қалды.

Келініне барды деп, Күрден әкесі Едігеге қол жұмсағанда, Едіге айтқан екен: «Арғымақты арытсаң, арданы қайдан табасың? Ақ сұңқарды аздырсаң, құмайды қайдан табасың? Қара жерді өртесең, жеміңді қайдан табасың? Қара суға қан ағызсаң, қара суды кім берер? Шашыма ақ кіріп, көзімді шел басып, қартайған шағымда өз атаң – мені сабасаң, қайдан ғана оңарсың», – деп. «Көксілдір» мен «Шайырда» осындай өлеңдер бар. Осыны жазуға болады ғой.

Орталық баспаның тапсырмасы бойынша Мағжан Жұмабайұлы «Әліппені» және өз бетімен сауатын ашушыларға арнап «Кіріспе» жазған еді. Кеше Нәзір: «Мағжан Жұмабайұлының жазған кітабы Байтұрсынұлының кітабынан жақсы», – деді. Ол кітаптар әлі басыла қойған жоқ. Маған көрсетпеді. Бірақ, оған сын айтатын Нәзір емес қой.

Меңдешұлы (С.Меңдешев, сол кездегі Қазаткомның төрағасы – Т.Ж.) жолдас «Бөкейханұлы «Еңбекші қазаққа» мақалалар жазады», – деп шағымданыпты. Бұл шағымы 15-маусымда Орталық Комитеттің жанындағы Баспа бөліміне түсіпті. Сол шағым бойынша мені сонда отырған татарлар тиісінше тезден өткізді. Мәскеу коммунистері: «Қазақтар – ұлтшылдар», – деп жалпыға жар салып, айқайлап жүр. Мен олардан: «Айтып жүргендерің не?», – деп сұрасам, олар: «Өздеріңе өздерің шағым жасап жүрсіңдер, яғни оны жазған – өз қазақтарың», – деп айтады.

Жазуымды аяқтадым. 30-маусымда елге қарай шығамын.

Мадиярды сәбилі болуымен құттықтайын деп едім, бірақ мекен-жайын білмеймін. Осы жөнінде Мадиярға жазып жіберші. «Еңбекші қазақ» маған тиесілі ақшамды бөлер ме екен, соны Жолдыбайұлынан (Молдағали Жолдыбайұлы – Т.Ж.) білші.

Хат жаз. Әлихан. Мәскеу, 23/VI-25ж.»

Қатырмасына: «Алушы: Москва, Воздвиженка, Ә.Бөкейхановқа. Жіберуші: Қызылорда, С. Киловскийй п. 4, 15 пәтер. Желкен» деп жазылған дәл осындай мағлұматы мол хаттың шекесіне тергеушілер «10/ІV-28 ж.», – деп белгі қойған.

«Әлеке!

Сіздің «Жаңа мектепке» жіберген 27 мақалаңызды Мадиярдың қолынан алдым. Нағында 33 мақала екен. «Жарасын алдырған апа» №5 санға салынды. «Семенның әкесі» №6 санға барады. Сондай-ақ «Ақылсыз қасқыр да» («Жаңа мектептің» «Балаларға базарлық атты» №6 қосымшасында) сонда берілді. Қалғандары да бірте-бірте осылай жариялана бермек. Бір-екі мақаланы Мадиярға қайтардым. Сіз шамасы «Жарасын алдырған апаны» көрген жоқсыз-ау деймін. (Өйткені «Жаңа мектепті» жаздырып алмайсыз ғой). Сізге тиесілі төмендегі соманы «орамал ретінде» (қаламақы – Т.Ж.) «Жаңа мектептің» кезекті санымен қосып жіберіп отырмын. Жарияланған мақалаларыңызға тиісті қаламақыны алу үшін «қағаз жіберіңіз». Онсыз мында босатпайды «Жаңа мектепте» «Сырлы әдебиет» бөлімі ашылды. Соған да арнап мақала жіберіңіз. Бірден «басқарманың атына» жолдаңыз.

Енді алдағы уақытта «Жаңа мектепке» қандай мақалалар керек екеніне тоқталайын. «Жаңа мектептің» әр санында «Өлкетану» деген айдармен менің немесе басқа біреудің мақаласы тұрақты түрде беріліп тұрады. Оған ешқандай редакциялық түсіндірме жасалмайды. Сондықтан да редакция біздің пікірімізбен санасады ғой деп ойлаймын. «Жаңа мектеп» мұғалімдердің сұранысын қанағаттандырады деп үміттенеміз. Бір сөзбен айтқанда, «Жаңа мектеп» журналы мектеп оқушылары мен мұғалімдеріне ем ретінде қонады деп үміттенеміз. Бұған «Жаңа мектептің» таралымының өсуі мен әр жерден келіп жатқан хаттар көз жеткізеді. Қаражаты тапшы, газет-журнал оқып үйренбеген, арнайы маманданған басылымға үйренбеген мұғалімдердің сұранысы күшейіп, ақшаларын жіберіп жатыр. Бұрын 50 адам ғана жаздырып алушы еді, қазір олардың саны 800-ден асты. Арнайы ұйымдастырушы ұстамаймыз, бірақ та кейінгі екі жарым айдың ішінде (№3 санынан бастап) жазылушылардың саны 1000-ға жетті. Оқу-ағарту коммисариаты «Жаңа мектепті» үлгі ретінде ұстанып отыр. Осыған қарағанда «Жаңа мектеп» дер кезінде ашылған сияқты. Сондықтан да олардың пікіріне қосылмау мүмкін емес. Оқырмандар мен талап етушілердің тілегі бойынша әдебиет бөліміндегі материалдарға берілетін түсініктермен келісу керек шығар.

«Сын бөліміндегі» материалдар жеткіліксіз. Бұған сіздің араласуыңыз керек деп есептейміз. Сіздің келіспейтініңізді білсем де (әрине бұл менің өз күдігім), «Табиғаттану бөліміне» жазып тұрыңыз. Жер, ауа райы, топырақ, су, құм, өсімдік, геология, Қазақстан тарихы туралы жазыңыз. Осының өзін ғылым деп есептеймін. Көп адам бізге қатыспаса да, кеңес бермесе де, мұғалімдер бұл туралы жазып тұрады. Тым болмаса 1908 жылы қазақ жері туралы Сібір журналдарына шыққан мақалаларыңызды қазақ тіліне аударып жіберіңіз.

Желкен. 13/V – 26 ж.»

«Желкен» деген кім? Біздің пайымдауымызша бұл сол тұста «Жаңа мектеп» журналында қызмет еткен, алдыңғы хатта аты аталған алаш рухты қаламгер Молдағали Жолдыбайұлы. Дегенмен де нақты анықтауды қажет ететін аса мүдделі әдеби тұлға. Өйткені мұнда Әлихан Бөкейхановтың баспасөзге ұсынған 33 мақаласының саны көрсетіліп, оның тақырыбы анықталып отыр. «Жарасын алдырған апа», «Семеннің анасы», «Ақылсыз қасқыр» сияқты балаларға арналған тәржімалары нақты айтылады. Мұның өзі алаш қайраткерінің өмірі мен шығармашылығын барынша толық зерттеуге негіз қалайды.

Осы томның 168 бетінде Ахмет Байтұрсыновтың «Әлди-әлди» өлеңінің қолжазбасы да бар. Зады Ә.Бөкейхановтың пәтерінен тәргіленсе керек.

4.

Әлқисса, түрме тарихын ұрпақ шежіресімен жалғастыра әфсанамызды аяқтаймыз. Әлихан Бөкейханов 1902 жылы публицист Я.Севастьяновтың қызы Елизавета Яковлевнаға үйленеді. 1903 жылы туған қызы Лиза дәрігер мамандығын алған, Смағұл Сәдуақасовқа тұрмысқа шыққан, Ескендір атты баласы ұлы отан соғысында қаза тапқан. Медицина ғылымының докторы, Жоғары аттестациялық комиссияның мүшесі болған. 1971 жылы Мәскеу қаласында дүниеден қайтқан. Ал 1905 жылы туған ұлы Үкітай (Сергей) тау-кен инженері, Қ.Сәтбаевтің қамқорлығында Жезқазған кенішінде геолог болып істейді, мыс және уран кені жөнінде ғылыми зерттеулер жүргізген. «Халық жауының» ұлы ретінде қуғын-сүргінге ұшырап, 1957 жылы Хакас автономиялық облысының Сороскі қаласында белгісіз жағдайда қаза тапқан. Үкітайдың 1938 жылы туған ұлы Евгений техника ғылымдарының кандидаты, доцент. Москвадағы байланыс министрлігінде ұзақ жылдар бойы қызмет істеген. Оның ұлы Петрес – атом энергетикасының маманы. Ұлт көсемінің рухын арқалаған Евгений Бөкейханов 1992 жылы тарихи отанына аяқ басқанда:

«Мен Ақтоғай деген елді, жерді бұрын естіген де, көрген де емеспін. Атамның әруағының арқасында қадірлі мекеннің суын ішіп, дәмін таттым. Ақтоғайға келіп бүкіл қазақ халқының қонақжайлылығын, ұлылығын, еңбекшілдігін, ұйымшылдығын көрдім. Менің де бойымда қазақтың қаны бар. Сол арқылы Ақтоғай менің жүрегімде мәңгілік орнығып қалатын болды», деп тебірене сөйлепті (С.Аққұлұлы).

Мәскеуге қайтып оралған соң да көп уақыт бойы алай-дүлей сезім құшағындағы ой аясында болады:

«Көрген, сезген жайлар көз алдымнан кетпей қойды. Оны дос-жораларға ауызша айтып та жүрдім. Бәрібір, көкірегімді бір тәтті сағыныш, шырын сезім қытықтай берді. Даңғайыр дала, дархан туыстарым жайында ақыр соңында өлең жазуға отырдым. Бұл өлеңдерде әлгі көргенім мен сезгенім, бабалар мекені, менің ұлы атамның тағдыр-талайы, ғасырлар қойнауынан бүгінге жеткен үн, менің ағайын-туыстарымның бүгінгі тіршілік-харекеті... болса дедім. Жергілікті халық менің атам Әлихан туған аймақты Сарыарқа деп атайды екен. Осы атаудың өзінде де ғажайып сыр, ғаламат әуен бар сияқты», – деп толғаныпты.

Иә, қаракөктің тұқымының өзегіне далаға деген ұлы сағыныш ыстық аптап болып басылыпты. Ұлы атасының рухына, ата мекеніне, туыс-бауырларына арналған мына өлең ұрпақ сағынышын да жеткізеді:

Апай төс қар жамылған,

Баурайында – ауылдар.

Сол бір таудың ар жағында,

Ағайын бар, бауыр бар.

Бұл даламен Батый өткен,

Шыңғыс та өткен айбарлы.

Ақын өткен, батыр өткен,

Ақиықты, айбарлы.

Шексіз дала қасиетті,

Ғасырлардың көшінде.

Ұлы баба өсиеті –

Ұрпағының есінде.

Ата-баба атырабын,

Қалай көрмей шыдармын!

Мен де бір тал жапырағы,

Дала деген шынардың.

Қолын бұлғап бозаң қырда,

Түсіме енді қаншама ол.

Бүгін менің көз алдымда –

Сол бір дала аңсаған.

Арқалаған заман жүгін,

Тағдыр жолы – тарамыс.

Мына адамдар маған бүгін,

Әрі жақын, әрі алыс.

Тілім менің күрмеледі,

Дірілдейді үнім де.

Айтпақ болсам бірдеңені,

Кешегіден бүгінге.

Гүлі оралып балағыма,

Лүп-лүп соғып жүрегі.

Жүрген сайын дала мына,

Құшағыма кіреді.

Көркіне оның тіл жетер ме,

Кім болжайды өлшемін?!

Бар ғой, бар ғой бұл мекенде,

Менің де бір бөлшегім!

(Аударған И. Сапарбай).

Иә, ол да – Евгений Бөкейханов та ұлы даланың ұлы бөлшегінің бірі! Әлихан Бөкейхановтың рухына арналған мұндай махаббат пен сағынышқа толы толғауды ол туралы кітапқа енгізбеу де қиянат. Өйткені бұл оның ұрпағының, туған немересінің оның белгісіз қабіріне салған бір уыс топырағы.

Жалпы, Бөкейхан ұрпағының ата қорымы Тоқырауын өзенінің Жіңішке атты саласының күншығысындағы «Талдыбейітте». Әуелде сегіз қырланып салынған зираттың ауқымы кең. Кейін бұрышталып, қабірдің қарасы молайған. Басында жалғыз түп мәуелі шетен тамырын жая жайқалып тұр. Тұқымы Бразилиядан алынған бұл шетенді 1905 жылы Әлихан Бөкейханов Санкт-Петербургтан арнайы әкеп әкесі Нұрмұхамедтің басына отырғызыпты. Әуеліде үш түп боп жамырай өскен екен. 1932 жылғы ашаршылықта Қарқаралыдан Балқашқа босқан босқындар осы зиратты паналап, екі түп шетенді кесіп, отқа жағыпты. Бұл да нысаналы оқиға. Әлиханның молаға еккен ағашы да өлмеші қазақтың өзегін жалғап, мұздаған жүрегін жылытып, бір кәдесіне асты. Міржақып айтқан, жоңқасы да алаштың керегіне жараған аласа да киелі ағаш, осындай-ақ болар.

Желтаудың аңғарында самалдап тұрған сол мықан ағашының саясына ұлт көсемінің туған бауыры Смахан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан: жұрты үшін шаһид кеткен перзенттің рухы фани мен бақидың арасындағы ғайып кеңістігінде имансыз көшіп жүрмесін деп және мүһминнің дұғасы бұйыруы үшін де Әлиханның өзі киген құлақшынын әке зиратының ішіне лаһаттап көміпті. Құлпытасқа:

Қыр баласы,

Ел ағасы,

Қазақтың болған панасы.

Жел жағында панасы,

Ұмыта ма Әлиханды,

Қазақтың баласы, –

деп қашап жазыпты.

Көмусіз қалған Әлиханға жоқтау сөзді де қимаған «қазақтың тағы бір баласы» тұғыртасты балғалатып, сүймендетіп сындыра алмаған соң, жазудың бетін сүргілетіп тастапты.

О, қастаншықпағыр, атадан арсыз туған, лағынет!

Екінші тарау: «БӘЙБІШЕ–ТОҚАЛ» ТРАГЕДИЯСЫНЫҢ ҚҰРБАНЫ

(Халел Ғаббасов)

І.

Жалпы осы жылдардағы тарихи оқиғаларды, саясат саласындағы бағыттарды мемлекеттік тұрғыдан сараласақ, онда басқару жүйесінде қырғи қабақ соғыстың жүріп жатқаны анық аңғарылады. Үгіт-насихат құралдарының беттерінде, ұрандарда «көзін жоямыз», “тамырына балта шабамыз”, «контр», “диверсия”, «коллективизацияның жауы», “құйыршық”, “қаскүнем”, “саботаж” сияқты жалпылама кіжінген сөздер үлкен әріппен жазылып, мәжілістердің құлақ күйіне айналды. Тіпті Голощекин қыза келе:

«Ауылдағы экономикалық жағдайды өзгерту керек. Біз, дәл қазір қалыптасқан, жетіліп келе жатқан, даму үстіндегі таптық қарым-қатынасты өшірмеу туралы көзқарасты, кедейлердің байларға қарсы таптық күресін қолдаймыз, егер мұны соғыс деп түсінсеңіз, онда біз соғыс жағындамыз», – деп өз халқына соғыс та жариялап жіберді.

Бұл қырғи қабақ «соғыстың» кесірін халық көрді. Біреу «бұл соғыстың түпкі коммунистік-колонизаторлық» астарын түсініп айтты, біреу жаттап алып, ойсыз ұрандады. Енді біреулер мұны Троцкийдің компаниясымен байланыстырып, қоса-қабаттап соғып, даурығыса жау іздеп, даңғазаны күшейтті. Қаншалықты қажеттіліктен туғанын білмеймін, өмірі көріп-білмеген Алматы қаласына Троцкийдің келіп мырзақамаққа орналасуының мән-мағынасы түсініксіз еді. Өле-өлгенше өзін марксиспін деп санаған Троцкийдің 1931-1932 жылғы аштықты көзімен көріп тұрып, Сталиннің экономикалық саясатын тас-талқан ғып сынаған кітаптарының өзінде Қазақстандағы коллективизация мен ашаршылық туралы бір де бір дәлелді деректі аузына алмауы қалай? Зады, коллективизация, оның ішінде Голощекиннің “Кіші Октябрі” турасындағы, аз ұлттардың интеллигенциясы қақындағы Сталин мен Троцкийдің көзқарастарында онша алшақтық болмаған сияқты.

Ал бұл кезде жазалау машинасы іске қосылып кеткен болатын. Оны тоқтатуға Голощекиннің өзінің де шамасы келмейтін. Оларды Лениннің өзі қол қойған 1919 жылғы 4 сәуірдегі ВЦИК-тің Президиумының:

«На оснований Постановления Всероссийского Центрального Комитета от 4 апреля 1919 г. Президиум ВЦИК предлагает: Киргизскому (Казахскому) и Сибирскому революционному комитетам и Челябинскому губисполкому широко оповестить население о вышеупомянутом постановлений ВЦИК и разъяснить, что Президиум ВЦИК находит своевременным допустить бывших членов Правительства «Алаш-Орда» к советской работе и категоричееки запрещает преследование за прошлую их деятельность»,деген (Қазақ мемлекеттік архиві, 14- қор, 3-тізім, 4-іс, 11- бет: Біз мазмұны мен стилін толық сақтау үшін, тексті әдейі түпнұсқа арқылы ұсынып отырмыз – Т.Ж.) қаулысы да тоқтата алмады.

Өйткені Сталиннің:

«Голощекин жолдас! Мен мына мәлiметiңiзде белгiленген саясатты – негiзiнен алғанда бiрден-бiр дұрыс деп ойлаймын», – деген мақұлдауы жазбаша түрде алынып қойылған, яғни, ұлттық зиялыларды жаппай жазалауға «ұлттар көсемінің» пәрмені беріліп қойған еді.

Сөйтіп, “Кіші октябрьдің” шұғыл түрде күшіне енуі ұлттық кадрларды тез арада өкімет басынан қудалап, ықпалды адамдарды республикадан аластатудан басталды. Өлкелік партия комитетінің екінші секретары Сұлтанбек Қожановты орнынан түсіріп қана қоймай, “Алашорданың ісіне” қылмыскер ретінде кіргізуге тырысты. Оның орнына Елтай Ерназаров сияқты қолын әзер қоятын, қой аузынан шөп алмайтын момын, жігерсіз жандарды қасына тартты. Смағұл Садуақасовты Ресейге жіберді.

Оларды терісін өзгертіп кеңес кеңсесіне кіріп алған контрреволюционер деп жариялады. Тек сот арқылы үкім шығару ғана қалды. Заңды жетiк бiлетiн «Алаш» партиясының ұлттық бағдарламасын дайындаған Халел Ғаббасов мұны бiрден аңғарып:

«Алашорда» тұсындағы менiң өткендегi iс-әрекетiм ЦИК-тiң екi бiрдей қаулысы (1919 жылғы және 1920 жылғы) арқылы кешiрiм жасалған болатын. Сондықтан да, менiң дәл қазiргi күндегi қызметiмдi терiске шығарып, содан қылмыс тапсаңыздар ғана ол туралы (менiң өткендегi iс-әрекетiм жөнiнде) сөз қозғауға болады. Ал кеңес өкiметiнiң жауапты орындарында iстеген 9 жыл бойғы қызметiмде менiң тарапымнан мемлекетке қарсы қандай да бiр әрекеттiң болмағандығы анық, тiптi әлде неге күдiктене қарауға ырық бермегенiме де сенiмдiмiн. Оған толық кепiлдiк етемiн», – деп тергеушiлерге қарсы заңды дәлел де айтты.

Халел Ғаббасов «Алашорда» үкіметінің әскери жобасын жасаған бас әскери кеңесшісі ретінде қаралып, кеңес өкіметі жағына шыққаннан соң да қатаң бақылауға алынды. Сөйтіп, кез-келген сәтте оны арандатуға мүмкіндік туатындай айғақтар алдын-ала дайындалып қойды.

«Алашорда» үкіметінің қайраткерлеріне толықтай кешірім жасау туралы 1919 жылғы 4 сәуірдегі қаулыдан кейін Ахмет Байтұрсынов сол жылы желтоқсан айында тағы да Лениннің қабылдауында болып, қазақ ұлтының болашақ өмір сүру құқы қақында пікір алысады. Алаш азаматтарының басын қызылдардың қырғынынан арашалап алған ұлт көсемі енді елінің де талмауытты тағдырына алаңдап, оның басына төнуі мүмкін зауалдан құтқаруға ұмтылады.

«Декабрь, позднее 9, 1919 г. Ленин принимает в Кремле председателя Военно-революционного комитета по управлению киргизским краем С.С.Пестковского и члена ВРК А. Байтурсунова по их просьбе: слушает доклад Пестковского о хозяйственном и политическом положении края, о трудностях в политико-просветительной работе; советует подготовить несколько хороших докладов, перевести их на казахский язык и записать на граммофонные пластинки, приобрести возможно большее количество граммофонов и разослать их вместе с пластинками по кочевьям в степи; предлагает не торопиться с политикой перераспределения скота у кочевников в пользу бедноты» (Владимир Илич Ленин. Биографическая хроника. Т. 8, с. 108.).

Ахмет Байтұрсыновты алаңдатқан бұл күдік те көп күттірмеді. Хаттамада көрсетілгеніндей, сонау 1919 жылғы желтоқсанның 9 күні түнде В.И.Лениннің өзі қолдап, «көшпелілердің малын кедейлердің мүддесі үшін қайта бөлу саясатына асықпай, байыппен келу» туралы Ұлы Октярьдің көсемі Ленин айтқан сын-ескертпені «кіші октябрьдің көсемі» атанудан дәмеленген Голощекин назарына ілгісі келмеді.

Жаппай конфискациялау көшпелі елдің арасында орынды наразылық туғызды. Ішінара толқулар да болды. Іс басындағы оқығандар жұмыстан шеттетіліп, кейі күнкөріс қамымен туған ауылдарына кетті. Мұны ОГПУ-дің тергеушілері көтеріліс ұйымдастырып, совет өкіметіне қарсы үгіт жүргізу үшін, ел арасына сіңіп кетті деп байбалам салып, жұртты сақтандырып жатты.

1928 жылы күзде байлардың мал-мүлкін ортаға алып, ет пен астықтың бір қадағын да қалдырмай сыпыра жинауға нұсқау берді. Жеделдете қазақтың 500 байын тәркіленіп, „мәңгiлікке жер аударылды”, олардың қатарына „белдеудегі бұзауына дейін” тәркіленген орташа ауқаттылар қосылып, зардап шеккендердің саны төрт-бес еседен асып түстi. Исi қазақ қауымы «Кiшi Октябрьдiң» «қара дауылына» түршiге қарап, шекараға жақын өлкедегiлер Шығыс Түркiстанға, Ауғанстанға, Иранға iшiнара Монғолияға қарай босты. Атырау өңірі – Үстіртке, Торғай, Ырғыз тұсы – Торғай ойпатына, Сарысу, Созақ өңірі – Бетпақдалаға ойысты. Наразылық та күшейді. Қара халық Голощекин мен Ерназаровтың «аша тұяқ қалдырмай» конфискелеуiн – аштан өлумен пара-пар деп түсiндi.

Кейiн дәл солай болды да. Аз жылдан соң даланы аштық жайлап, жолдың екі жақ шетінде адамдардың сүйегі ақ сөңке боп қурап жатты. “Кіші октябрьдің” осындай қасіретпен аяқталатынын болжап-білген азаматтардан құтылу үшін «конфискацияға қарсы қастандықтар мен қарулы көтеріліс ұйымдастырып, науқанның өрістеуіне кесірін тигізіп, бүлдірушілік әрекеттер жасауы мүмкін» қазақ зиялыларын түрмеге қамау туралы жарлық шығарды.

Халел Ғаббасов «кіші октябрьдің» халыққа әкелетін қасіретін, жеделдетілген коллективизацияның экономикалық тоқырауға, ашаршылыққа ұшырататынын алдын ала болжап отырған «сондай қауіпті» адам болатын. Ол өзінің бұл пікірін Әлімхан Ермековке де айтыпты. Оcынау «алаш бекзатының» (замандастары солай атаған) тергеушіге берген:

«Қазір революциялық күресте шыңдалған таптық ұстаным тарихи шындыққа айналғанын көргенде, мен нақты саясаттан көрі романтикаға берілгенімді түсіндім. Революция ақ қолғаппен орнамайды, құрбандықсыз келмейді. Қазақтар үшін де бұдан өзге жол жоқ. Аса шиеленісті мәселелерді шешуде басқарушы ұйым мен үкімет орындарының дұрыс бағыт ұстанғандарын мынадай дерек растайды. Тәргілеу туралы шешімнің шығар алдында Семейден Қызылордаға келгенімде Ғаббасовтың теңселіп жүргенін көрдім (Оның қырда меншік малы бар болатын). Осыған байланысты ол ерекше белсенділік танытты. Мен оған: егерде сен бұл науқанда асыра сілтеушілікке жол беріледі деп есептесең, онда теңселе бермей, сен жоспарлау мекемесінің жауапты адамы ретінде үкіметке мәлімдеме тапсыр, – деп өзімнің көзқарасымды білдірдім. Бұл пікірді сондай күйде жүрген Қадірбаев Сейдазымға да айттым. Тәргілеу жөніндегі қаулы шыққаннан кейін мен даулы жағдайларға жаңа түсінігім тұрғысынан пікір білдірдім, аз уақытқа ауылға барғанымда да бұл мәселені түсінуге ықылас білдіргендерге (тәргілеуге іліккен туған ағайындарына – Т.Ж.) жоғарыдағыдай түсінік бердім», – деген жауабы растайды.

Құпия қызметкерлер «Алашорданың» қайраткерлері қоса жалпы қазақ қызметкерлерінің арасына жымсытып кіргізген кәнігі кәсіби тыңшылар мен салпаңқұлақтардың мағлұматына сүйеніп, жылына төрт рет жоғарыға «есеп» беріп» отырды. Құпия мекеменің ресми агенті Ф.Ивановтың:

«ГПУ-дің жүргізіп отырған кезек күттірмейтін төтенше істерінің басты жұмысы жауапты қазақ қызметкерлерінің үстінен жалған деректер жинау болып табылады. Біз бұл тұрғыда әр түрлі тәсілдерді қолданамыз: казактардың ішіндегі қылмыскерлерді жалдаймыз немес жауапты қазақ қызметкерлерінің үстінен жалған көрсетінді жаздырып алу үшін барымташыларды тұтқындаймыз. Жауапты қазақ қызметкерлеріне қарсы арандату жұмыстарын жүргізу үшін беделді қазақ рубасылары мен орыс кулактарынан арнайы топ жасақтаймыз, сөйтіп өзімізге керекті деректерді аламыз», – деп жазғанындағыдай, Халел Ғаббасовқа да ежелден «бәйбіше-тоқал» драмасының басты кейіпкері, атақты рубасын аранға тартып, аңдытып қойды.

Тыңшылық әрекет қашан түрмеге қамалғанша бір сәтке де болса дамыл тапқан емес. Сондай қиын кезеңнің бірі 1922 жылғы ашаршылық тұсында Халел Ғаббасов туралы:

«Бұрынғы земство басқармасының меңгерушісі. Семей уезінің Шаған болысының қазағы, 36 (1922 ж.) жаста. Москва университетінің математика факультетін бітірген. Басында ұсақ қарыз, несие банкісінде инспектор, 1917 жылдан «Алашорда» үкіметінің мүшесі, «Сарыарқа» газетінің редакторы, содан кейін «Алашорда» үкіметі төрағасының орынбасары, кейінгі кезде Семей Жер басқармасының мүшесі. Өте ысылған, қунақы, ақылды және өте қауіпті қызметкер, диплома-саясаткер. Ғаббасов Шыңғыстауда өмір сүретін тобықты руынан. Тобықтылар екі жікке бөлінген. 1917-1920 жылдардың арасында тобықтыларда аса мықты екі жік болды, Ғаббасовтардың дұшпаны большевиктерді жақтады. Оның басында Шаған болысы, беделді, бірақ сауатсыз қазақ Мұсатай Молдабаев тұрды. Ол жалғыз өзі Ғаббасовпен, Бөкейхановпен күресті. Ғаббасовтың қитұрқы қулығының нәтижесінде бұлар қазір қыспақта… Дулатов жігерлі, алғыр. Ғаббасовқа қарағанда өте батыл қимылдайды. Ғаббасов, Бөкейханов үшеуі қазақ қызметкерлерінің ішіндегі ең бас көтерерлері, жоғарыдағы көрсетілген бағытта істелетін жұмыстардың барлығы да осы үшеуінің ақылымен істеледі», – деп мінездеме берді.

Шындығында Х.Ғаббасовтың тұтқындалуы жоғарыда аты аталған, өзінің туысы, тоқалдан тарайтын бұрынғы болыс, «кейінгі большевик Мұсатай Молдабаевтің» ұйымдастырған арызына байланысты еді. Х.Ғаббасов демалысқа келгенде туған жездесі, Мұсатай Молдабаевтың әкесі бір, шешесі басқа «қас жауы» Ике Әділевтің ауылына түседі. Тәргінің қарсаңындағы жанталас тұсында М.Молдабаев өзінің «шын большевик» екенін танытып, сол арқылы өзінде тәргіден құтылудың амалын қарастырып, қазақы «бәйбіше – тоқал» драмасының кеңестік нұсқасын «саяси сақнаға»шығарды. Сөйтіп, өзінің туған құда баласы – жеңгесінің бауыры Халел Ғаббасов: «Алашорданың» Шығыс бөлімінің үкімет мүшесі, оған қаржылай көмектескен, әскер жасақтап берген Д.Әділевке қару жинатып, кеңес өкіметіне қарсы астыртын қарулы көтеріліс ұйымдастырып жүр, содан кейін шекара асып кетуге үгіттеп жүр», – деп арыз жазып, оны тағы да сол ауылдың тумасы, губерниялық дәрежедегі большевик әрі құпия агент М.Тоқжігітовке арқылы ГПУ-дің өлкедегі өкілінің қолына тапсыртты. Сөйтіп, бір жағынан бауыры, екінші жағынан туған құда баласы Х.Ғаббасовты түрмеге қаматты. Ал М.Молдабаевтің негізгі дұшпаны, туған ағасы, «Алаш орда» үкіметінің бас демеушісі Ике Әділев болатын. Ал Ике Әділев Халел Ғаббасовтың туған әпкесіне үйленген. Әрине, «жауапты қазақ қызметкерлеріне қарсы арандату жұмыстарын жүргізу үшін беделді қазақ рубасыларынан» арнайы топ жасақтап, сөйтіп өзідеріне керекті деректерді алған» ОГПУ қызметкерлерінің қаншама заңсыздыққа барып, шындықты белінен басқанын көрсетеді

Бұл қазақы драманың түп тамыры туралы Сәкен Сейфуллин өзінің «Тар жол, тайғақ» кешу атты мемуарында:

«Семей уезінде, Тобықты деген елде Мұсатай деген және Ике деген кісілер бар. Екеуі де ауқатты адам болса керек. Екеуі ағайын ішінде бәсеке, араз. Екеуі қазақтың белгілі партиягершілігімен бірін-бірі аяспай, елді екі жарып жұлқысады. Бірінің үстінен бірі арыз жаудырады. Бір-біріне пәле жабады. Қалаға шабысады. Ике жеңеді. Өйткені Семейде «Алашорда» бастықтарының бірі – Икенің туысқаны. Олай болған соң қазақша, «Алашорда» Икенікі болады. Сонан соң Мұсатай турашылықты Совдептен іздейді. Әрине, турашылықты Совдептен табады. Совдепті, большевиктерді қуаттап шығады. Бұл 1917 жылдың ақырында. Ал 1918 жылдың басында содан Совдеп құлап, «Алашорда» күшейіңкіреп шыға келген соң, Мұсатай қуғынға түседі. Мұсатайды «қазақтан большевик болған», «социалшыл» бола қалған, алдауыш бұзық деп «Алашорда» жазушылары газеттеріне жазады. Әрине, Мұсатай социализмді кайдан білсін! Есіткен де жоқ. Мұсатай Икеден таяқ жеген соң, Икені «Алашордалар» сүйеген соң, турашылықты Совдептен тапқан соң, большевиктерді, Совдепті қуаттамай қайтсін! «Мұсатай жауыз, ұсталсын!» – деп «Алашорданың үкіметі» жарлық шығарады. Жарлыққа Бөкейханұлы қол қояды. Мұсатайды ұстатып, абақтыға жаптырады. Міне, Семейдегі «Алашорданың орталық үкіметінің» бітірген жұмыстары осындай болған. Осындай кылықтарынан Семейдегі «Алашорданың орталық үкіметін» және Земствосын жұрт «Тобықтының Алашордасы», «Тобықтының Земствосы» деген кездері де болған. Мұсатай мен Нұрғали Құлжанұлын абақтыға жатқызуға «Алашорданың» ішінен жалғыз-ақ Мұқаметжан Тынышбайұлы қарсы болған. Бірақ өзгелері оған болмаған.«Алашорда» бастықтарының ішінде татулықты сүйгіші, сезгіш жүрегі Мұқаметжан Тынышбайұлы болған. Семейде әскери-майдан соты құрылмақ болғанда (военно-полевой суд) Тынышбайұлы қарсы болып айтысып, қарысып отырып, майдан сотын жасатпаған», – деп жазды.

Міне, «қазақы большевиктің таптық негізі» осындай рулық күндестіктен туып еді.

Астыртын жіберілген тыңшылардың мәліметіне сүйенген Мемлекеттік саяси басқарманың төтенше өкілдері Х.Ғаббасовты Семей облысы Шыңғыстау ауданындағы Шаған ауылындағы туыстарына демалысқа қыдырып барған кезінде:

«Қарулы көтеріліс ұйымдастыру үшін қасақана сонда барды», – деген айыппен ұстаған.

Ол туралы ОГПУ-дің орынбасары Ольшанский 1928 жылы 28 қазан күні Қаз ССР-нің халық комиссарының орынбасарына:

«Семей уезіндегі байларды тәргілеу науқанына кедергі келтіріп, белсенді түрде қарсылық жасауға қатысқаны жүшін Мемлекеттік жоспарлау комитетінің коллегия мүшесі Халел Ғаббасовтың 1926 жылғы ҚК 58 бабының 13 тармағымен айыпталып, тұтқындалғанын хабарлаймыз», – деген қатынас жолдайды.

Мұсатайдың өзі де 1928 жылғы тәргілеу кезінде итжеккенге айдалып кетті.

2.

Жол үстінде тұтқындалған Халел Ахметжанұлы Ғаббасов Қызылорда қаласына әкелінді. 1928 жылы 10 қараша күні тергеуші Ольшанский Қылмысты істер кодексінің 58 бабының 13,17 тармақтары бойынша айып тағып, жауапқа тартқан. Сол ұйғарым бойынша ОГПУ-дің Қазақстан бойынша өкілдері Саенко мен Петровтан Ғаббасовты тұтқынға алу туралы келісім сұраған. 15 қараша күні ресми түрде түрмеге қамалды. Тұтқындау туралы ұйғарымында Халел Ғаббасовқа:«қарулы көтеріліс ұйымдастыру үшін қасақана ауылына барды», – дегеннен басқа айып тағылмаған. Ал Жоғарғы соттың анықтамасына жүгінсек:

«1927 жылы далада (?) қарулы көтеріліс ұйымдастырды деп тағылған айып та ешқандай дәлелсіз. Бұл да Әділевтың жалаң сөзіне құрылған даурықпасына ғана негізделген. Бұл мәселе жөнінде жауапқа тартылған Дулатов та, Байтұрсынов та, Есполов та, Ғаббасов та және басқалары да мойындамаған, олар қарулы көтеріліс ұйымдастыруды мақсат етпеген. Олар елдеріне өз өмірлерін сақтау үшін ғана кетпек болған, себебі: СССР мен Англияның арасындағы жағдайдың нашарлауына байланысты екі арада соғыс басталады, сондықтан да бұларды бұрынғы алашордашылар ретінде қуғындап, қысымға алады деп ойлаған».

Әр сөзі – аса маңызды тарихи оқиғалардың астарын ашып беретін Халел Ғаббасовтың тергеушіге берген жауаптарын рет санын сақтай отырып келтіреміз. Сондай-ақ 1926 және 1928 жылдары Х.Ғаббасовтың өз қолымен толтырылған екі анкетаны салыстыра пайдаланғанымызды ескерте кетеміз. Өйткені бұл адам туралы мағлұматты ел-жұрт толық біле бермейді.

«Анкета: 1. Мекеменің аты және атқаратын қызметі Мемлекеттік Жоспарлау мекемесінің финанс-экономика секциясының меңгерушісі. 2. Әкесінің, өзінің аты-жөні Халел Ғаббасов Ахмеджанұлы. 3. Жасы 40-та (1888 жылы туған). Ұлты қазақ. 5. Қандай елге, қай руға жатады руым тобықты. Бұрынғы шыққан тегі мен дәрежесі малшы семьясынан шыққан. 7. Мекен-жайы (өмірінің көбін өткізген жері) – Семей губерниясы. 8. Тұрағы (қазіргі) Қызылорда. 9. Семьялық жағдайы, өзінің қарамағына қарайтын семья мүшелері, еңбекке жарамдысы қанша, жарамсызы қанша әйелім, балаларым бар. (Екеу біреуі 12 жаста, екіншісі 2-де), 14 жасар інім бар. 10. Білім дәрежесі 1915 жылы Москва университетінің физика-математика факультетін бітірдім.11. Мамандығы 12. Қай тілде сөйлеп, жаза, оқи аласыз орыс және қазақ тілдерінде. 13. Февраль Революциясына дейін немен шұғылдандыңыз (Егер қызмет істесеңіз қайда және қандай қызметте болдыңыз) Революцияға дейін Семейдегі ұсақ кредит мекемелерінде істедім. Революциядан кейін 1918 жылдың қаңтарына дейін Губревкомның төрағасы, облыстық жер бөлімінің төрағасы, облыстық қазақ бөлімінің төрағасы міндетін атқардым. Қазір сауда және кооперация жүйесі бойынша Қазақ мемлекеттік жоспарлау комитетінің президиум мүшесімін. 14. Революцияға дейін меншігіңіздегі қозғалмайтын қандай байлығыңыз болды (оның қайда болғанын көрсетіңіз) – Қызметкер болдым. Қозғалмайтын байлығым (Бұл – арада үй, завод т. б. айтылып отыр авт.) болған жоқ. 15. Қазіргі дүние-мүліктеріңіз ақсақ тоқтым да жоқ.16. Партияға қатысыңыз және қай жылдан мүшесіз – мүше емеспін. 17. Басқа партияда мүше болдыңыз ба, қанша уақыт болдыңыз және одан шығу себебініз «Алаш» партиясын құруға қатыстым. 18. Қандай да бір кәсіптік одаққа мүше болдыңыз ба және қашаннан (Анық танылмады авт.) да мүше болдым, қазір де мүшемін.19. Империалистік соғысқа қатыстыңыз ба Жоқ. 20. Азамат соғысына қатыстыңыз ба Жоқ. 21. Сотталдыңыз ба Жоқ.. Тек 1919 жылы атаман Анненковтың азап вагонында екі күн қамаққа алындым. Не үшін екенін білмеймін. Мені большевик деп айыптады, бірақ мен большевик болған емеспін. 22. Адресіңіз Қызылорда, Советтер үйі, I. 23. Акт толтырылған күн 1926 жылдың 15 марты. Қолы.

Барлық тұтқындардың алғашқы жауабы өмірбаяндық шолу сипатында болған. Ал кейінгі тергеулер нақты бір мәселенің айналасына құрылған. Сұрақ-жауаптар үнемі қайталанып, тәптіштеліп отырғандықтан да қайталауға ұрынбас үшін тергеу барысын барынша қысқа әрі нақты, «айыпталушының» ой жүйесіне нұқсан келтірмей сығымдай мазұндап беруге тырысамыз. Сонымен, Х.Ғаббасовтың 1928 жылы 28 қазан күнгі бірінші көрсетіндісі екі бөлімнен тұрады:

Бірінші «жауап: Менің ата-анам мал шаруашылығымен айналысты. Семей губерниясының Шаған болысында олардың әуеліде дәулетті жеке шаруашылығы болды, кейіннен тәркіленіп, кедейге айналды. Арғы ата-тегім – татар, ұста болған. Осыдан 200 жыл бұрын Шаған болысына көшіп келген. Ғаббасовтарды тобықты руына қарайтын адамдар төлеңгіт есебінде кірме етіп алған. Төлеңгіт – бұл қоғамдық жік, сұлтандар мен төрелердің қызметшісі ретінде қалыптасқан. Менің ата-бабам сондай кірме дәрежесінде өмір сүрді. 1898 жылы Семей қаласындағы мектепке алындым. 1901 жылы гимназияның 1 сыныбына түсіп, оны 1909 жылы көктемде бітіріп шықтым. Ата-ана тарапынан қаржылай көмек алғамын жоқ, гимназия директорының ұсынуымен губернатор тағайындайтын қазақ балаларына берілетін стипендияны алып тұрдым. Гимназияны бітіргеннен кейін оқуды жалғастыруға қаражатым болмағандықтан да Семей уезінің Сейсен болысында оқытушылық еттім. 1912 жылы күзде Мәскеуге барып, алғашында Мәскеу университетінің заң факультетінде, содан кейін физика-математика факультетінде оқыдым. Ауысуымның себебі, заң факультетіне түскендіктен де жалпы заңгер атаулыға күдіктене қарайтын губернатор: революционерлердің ықпалында кетеді деген қауіппен мені стипендиядан айырды. Бұл негізсіз де емес еді. Сол жылдары Жақып Ақбаев революциялық қозғалыстарға белсене қатысып жүрген. Сонымен қатар Мәскеуде балаларды оқуға дайындаумен де шұғылдандым. Ауысқаннан кейін қазақ балаларына берілетін стипендияға ие болдым. Айтпақшы, 1914 жылы муровшылар мен толстойшылардың шеруіне қатысқаным үшін университеттен шығарылдым да, 1914 жылы күзде қайтадан түсіп, оны 1919 жылы бітірдім. Ақпан төңкерісіне дейін Семей қаласында кредит саласында істедім.

Содан кейін қазақ бөлімі мені Губерниялық қазақ комитетінің төрағасының орынбасары (төрағасы Р.Марсеков), кейін жер басқармасының бастығы етіп сайлады. Осы екі аралықта мен Орынбор қаласында өткен Жалпықазақ құрылтайына Семейден өкіл боп қатыстым, сол құрылтайда «Алаштың» кеңес мүшесі болып сайландым. Құрылтайда мен ұлт мәселесі жөніндегі және тағы бір комиссияның, атын ұмыттым (әскери кеңес – Т.Ж.) мүшесі болдым. Құрылтайда «Алашорда» үкіметін жариялаудың мерзімі туралы екіұдай пікір таласы орын алды. Х.Досмұхамедов дереу автономия жариялауды, діни мүфтият құруды талап етті. Мен үкіметті орыс шаруаларының саяси жағдайы анықталған соң жариялау туралы ұсынысты қолдадым. Семейден Ермеков және тағы бір адам (атын ұмыттым) болды».

Халел Ғаббасовты «тағы бір комиссияның, атын ұмыттым, мүшесі болдым», –.деп отырғаны «Алаштың» ұлттық жасағы жөніндегі комиссия еді және оның Ережесін сол жазды. «Алашорданың» құрылымдық жобасын жасады. Жалпықазақтық І Құрылтайда сайланған әскери Кеңестің мүшесі ретінде – халық милициясын құру туралы баяндама жасады. Құрылтайда қатты қадағаланып, қарама-қайшы пікірлер айтылып, ұзақ талқыланған мәселе – автономия, милиция, кеңес өкіметі қақында болды. Онда: Орынбордағы қазақ әскерінің өкілі Меньшин автономияны қолдай отырып, анархиядан құтылу үшін «Алашорда» Оңтүстік Шығыс Одағына қосылсын деді, ал М. Шоқаев қазақ пен қырғыздың бір автономия құрап, Түркістан автономиясының құрамына кіруін ұсынды. Халел Ғаббасов өзінің баяндамасында:

«Октябрь айына дейін халықтың сеніміне ие боп, билеп келген Уақытша өкімет құлады. Россия мемлекеті үкіметтен айырылды. Белгілі үкіметке бағынбай әркім өзінше билік етсе, азамат соғысының тұтанып кетуі мүмкін. Анархия толқыны бүкіл мемлекетті, үлкен қалаларды да, кіші ауылды да жайлап барады. Ол қазақтар тұратын облыстарға да тарап, халықтың өмірі мен дүние-мүлкіне қауіп-қатер төндірді. Олар қорғансыз қалды. Тығырықтан шығудың жолы қазақ болыстары түгел мойындайтындай мықты үкімет құру керек. Екінші: мемлекет қазір өз басынан үлкен күйзелістерді кешіріп отыр: жаппай құлдырау мен анархия өріс алып, кісі өлімі көбейді. Бұл анархияның зардабы қазақ облыстарына тарау қаупі де төнді. Қалыптасқан төтенше жағдайға арпалысқан анархияға қазақ халқы енжар қарай алмайды. Бұл анархия қазақ облыстарында бұрқ ете қалса, ешқандай қорғанышы жоқ қазақ халқының мүлдем құрып кетуі мүмкін. Сондықтан да аласұрып, төніп келе жатқан анархиядан ел-жұртты аман сақтау үшін, халық жасағын құру керек», – деп ұсыныс жасады.

Х.Ғаббасовтың жобасы бойынша құрылта мынадай шешім қабылдады.

«Қаулы: Төмендегі ережелерге сәйкес шұғыл түрде халық жасағы (милиция) құрылсын:

I. Милиция қатарына жасы 20 мен 35-тің арасындағы, қызметке жарамды ер адамдар қабылданады. II. Милиция қатарына өзі ерік білдіргендер алынады, ал белгілі мөлшердегі санға ерік білдірушілердің саны жетпегсн жағдайда, онда кімнің қызмет етуі жеребе арқылы шешіледі. ІІІ. Өз еркімен немесе жеребе арқылы қызметке алынған милиционерлерге ұлттық фондының есебінен жалақы беріледі, ал жалақының көлемін жергілікті жағдайдың ерекшелігін ескере отырып жергілікті ұйымдардың өзі, не милиция мекемесінің меңгерушісі төлейді. IV. Әр облысқа белгіленген милиционерлердің санын облыстар уездерге, уездер болыстар мен ауылдарға бөледі. V. Облыстық мекемелердің уездерге белгіленген мөлшердегі милициялардың толықтай жиналуына уезд мекемелері жауапты. VI. Жеребе бойынша милиция қатарына алынған адам өзінің орнына 20-35 жастағы басқа біреуді жіберуге қақысы бар. VII. Егер де жеребе бір үйдегі бірнеше адамға қатар түскен жағдайда олардың біреуі ғана алынады. Жасақтардың семья және басқа да жағдайына байланысты жеңілдік жасауға жергілікті мекемелер міндетті. VIII. Алғашқы кезде әрбір ауылдағы қауымдар өздерінен алынған милиционерлерді атпен, ер-тұрманмен және киіммен қамтамасыз етуі тиіс. IX. Жасақтарға қажетті мылтық, оқ-дәрі мен қылыштар “Алашорданың” ұлттық қорының есебінен сатып алынып, жер-жерге бөлініп беріледі. X. Милиционерлерді жаттықтыру үшін офицерлер мен инструкторлар 100 милиционерге 1 офицерден, 50 милиционерге 1 инструктордан келетіндей мөлшерде қабылданады. XI. Офицер кадрларын даярлау үшін өзі тілек білдірген адамдар Орынбордағы казак-юнкер училищесіне орналастырылады. XII. Бөкей, Орал, Торғай, Ақмола, Семей және Жетісу облыстары бойынша жалпы милиционердің саны 13.500 болуы керек, ал облыстар бойынша былай бөлінді: Бөкей 1000, Орал 2000, Торғай 3.000, Ақмола 4.000, Семей 1.500 және Жетісу 2.000 адам»

„Алашорда” үкіметінің құрылуы отан тарихындағы назар аударарлық маңызды оқиға болғандықтан да, салыстыра тұжырым жасауға мүмкіндік беретін дәйектемелерді назарға ұсынамыз. Онсыз айғақтамадағы жайлардың астарын терең сезіну неғайбыл.

Х.Ғаббасов (жалғасы): «Шамамен 1918 жылдың ақпанының соңында, наурыздың басында Семейде партияда жоқ жұмысшы-шаруа кеңесі құрылып, мен тең төрағалыққа сайландым. Тағы бір қазақ сайланды, оның атын ұмыттым. 1918 жылдан бастап барлық ұлттық бөлімшелер жойылды, соның ішінде қазақтарға ерекше қысым көрсетілді. Бөкейхановқа Семейге келу қауіпті еді, ол Орынбор маңында жасырынып жүрген болатын. Бұл жөнінде орталық үкіметке шағым түсірдік. Мәскеумен, Сталин жолдаспен тікелей байланысқа шығып, қазақ автономиясын құру туралы сөйлестік. Онда мен жергілікті совдептердің қысымын айта отырып, кеңес өкіметі жариялаған ұлттардың өзін-өзі анықтау және басқару туралы үндеуін тездетіп жүзеге асыруды талап еттім. Ол пікірімді мен 14 баптан тұратын, негізінен қазақ мекемелерін қалпына келтіру, кеңестің құрамындағы автономия құру, қазақ қайраткерлерін түрмеден шығару туралы болды. Сталин жолдас бұл ұсынысты қолдады. Ол: автономия жариялау үшін шұғыл түрде құрылтай шақыруды ұсынды. Орынбордағы Бүкілқазақ құрылтайы кеңес өкіметінің ұлт саясатына сай келетіні, облыстық кеңеске ұлт еркіндігі мен автономия құруға дайындық жасау, тұтқындағыларды босату туралы пәрмен беретінін айтты. Қалған мәселелерді Мәскеуде жүрген Халел Досмұхамедовке тапсыруды ұсынды. Осы байланыстан кейін Бөкейханов, Омаров, Марсеков, Ермеков, Сәрсенов Биахмет, мен – Ғаббасов және Байтұрсынов пен Дулатов қатысқан «Алашорда» мәжілісінде Сталинге: кеңес өкіметін сөзсіз мойындайтынымыз, орталықтағы біздің мүддемізді Х.Досмұхамедов қорғайтыны туралы мәлімдеме жолдадық. Мен Сталинмен сөйлескеннен кейін облыстық кеңестің төрағасы Шугаев тура байланысқа шақырылды. Олардың не деп сөйлескенін білмеймін. Бұдан кейін облыстық кеңес бізге деген көзқарасын өзгертіп, тұтқындағылардың біразын босатты. Алайда құрылтайды шақыру ісін қолға алмады. Екі арадағы қатынасымыз тағы да бұзыла бастады. Қазақ қызметкерлеріне тағы да қысым көрсетіле бастады. Автономия мәселесін түбегейлі шешу үшін Семей облысы қазақтарының құрылтайын шақыру үшін рұқсат алуға мәжбүр болдық. Өкілдерді әр болысқа барып жүріп, жергілікті жерден тікелей сайладық. Құрылтай мамыр айының басында шақырылды. Автономия мәселесі және кеңес өкіметінің бұл туралы саясаты бірауыздан мақұлданды. Сонымен қатар қатаң талаптар да қойылды. Менің кеңес өкіметі туралы көзқарсым осылай қалыптасты және Сталинмен арадағы тікелей байланысымның мазмұны осындай».

«Алашорда» үкіметі мен кеңес өкіметі арасындағы «сымсыз байланысқа» шығып, қазақтың тәуелсіздікке бет алған жолының сүйінші хабарын алғаш елге жариялаған адам осы Халел Ғаббасов. Баспасөзде жарияланып, ғылыми айналымға түскен бұл құжатты біз де пайдалануды жөн санадық. Өйткені барлық тәуелсіздік пен тағдыр тауқыметі осы құжаттан басталады:

«1918 ж. 19 мартта совет үкіметінің мүшесі, ұлт жұмыстарын басқарушы комиссар Сталин Мәскеуден Семейдегі «Алашордасының» бастығы Әлихан Бөкейханов һам оның жолдасы Халел Ғаббасовты ауызша сөйлесетін төте телеграфқа шақырды. Ертеңінде 20-мартта комиссар Сталин мен Халел сөйлесті. Сталин «Алаш» автономиясы туралы сөйлеспекші екен. Екі жағы өз пікірлерін айтысып, ақырында совет үкіметінің атынан халық комиссары Сталин мынаны айтты (Сталин сөзін өзгертпестен түсгелімен тәржіма қыламыз):

Русиядағы халықтардың құқықтары туралы Халық комиссарлары шығарған белгілі ережесі бұл күнге шейін ұлт мәселелесі тақырыпты совет үкіметінің негізгі қызмет жобасы болып келеді. Үшінші советтер съезі осы ережені жайғастыруға қаулы қылды. Өзіңіз бізге тапсырып отырған жалпы қазақ-қырғыз съезінің қаулысы түгелімен жоғары жобаға муафық келеді. Бірақ жалғыз-ақ шарт қоямыз: егер сіздің съезіңіздің қаулысы өкілдеріңіздің совет үкіметін тануға халаф болмаса болғаны. Үшінші советтер съезі советский федерация низамын жасап һам бұл мизам ІҮ советтер съезінің бекітуіне салынсын деп қаулы қылынды. Бұған қарағанда енді сөзді қойып, іске кірісу керек, яғни, әрбір тұрмысы, салты басқа халықтар жергілікті советтермен қосылып, автономия, федерация алу құқы, басы байлы бөлініп кету секілді ұлт ниеттерін жарыққа шығаруға съезд шақыратын комиссия құруға тырысу керек. Біз ойлаймыз, жалпы қазақ-қырғыздың өкілдері тез қамданып, ыңғайлы уақытты өткізбей, жергілікті советтермен бірігіп, әлгідей комиссияны құрар. Сізден өтінеміз, біздің жауабымызды «Алашорданың» кеңесіне салып, жауап қайтарсаңыздар екен. Адрес: Мәскеу, Кремль, Халық комиссарларының бастығы Ленинге һам Халық комиссары Сталинге».

Міне, «Алашорда» мен кеңес үкіметінің арасындағы алғашқы және басты келісім құжаты осы. Бұл – қазақ мемлекеттігін құруға мүмкіндік берген ресми құжат. Яғни, Әбілқайырдың бодандыққа кіру туралы Анна Иоановнаға берген, тек қана ақ параққа қолы қойылған қағаздың құнын да, күшін де жоятын ұлы құжат.

Бұл оқиғаға куәгер болған Смахан Бөкейханұлы: «1919-жылдың басында қызылдар келді. «Алаш» әскерінің бастығы, найман Қази деген жігітті март айында атты. Апрельдің басында қызылдар қашты. Марттың 24 күні Сталин Әлекеңді «прямой проводқа» шақырды. Біз Мәскеуді алдық. – Қазақ автономиясы қайырлы болсын, өзің кімсің? – деді Сталин). Сонда қазақтар үлкен Семейде Жұмеке Оразалин дегеннің үйіне жиналып кеңесті. Әлекең айтты: Қару-жарақсыз нашар елміз ғой. Сталинге: сенімен біргеміз дейік – деді. Халел Ғаббасұлы, Райымжан Марсекұлы, Ахметжан Қозыбағарұлы, Биахмет Сәрсенұлы: «– Атамандар көп, Дутов, Семенов, Корнилов, атаман Анненков бар, бұлар қызылдарды қуады. Сталиннің керегі жоқ,» – деп көнбеді. Әлекең үндемеді. Мұхамеджан Тынышбайұлы, Әлімхан Ермекұлы екі жаққа да қосылмай қалды. Имамбек Тарабайұлы о да үндемей қалды. Шәкәрім Құнанбайұлы: Оқығандар өздерің біліңдер, – деді», – деп жазыпты күнделігіне.

Ал большевик қазақтардың ойына автономия кіріп те шықпаған, тіпті, оған қарсы болып жанталасып жүрген шағы.

Х.Ғаббасов: «Құрылтай кезінде бір тосын жағдай болды. Құрылтай өтіп жатқан жерге Қазақ комитетінің бұрынғы мүшесі Құлжанов келіп, оған сөз беруді талап етті. Құрылтай төрағасы Поштаев оған рұхсат бермеген соң, Құлжанов сыртқа шығып кетті де бір топ қызыл армия солдаттарын ертіп келіп, егерде өзіне сөз бермесе құрылтайды күшпен тас-талқан етіп таратып жіберетіндігін мәлімдеді. Бәрібір құрылтай Құлжановтың талабын орындаудан бас тартты, тиісті қаулы шығарып, жұмысын аяқтады. Бұдан кейін құрылтай жетекшілерінің тұтқындалғаны туралы хабар естілісімен, біразымыз бас сауғалауға мәжбүр болдық. Мен, Сәрсенов, Ермеков, Қозыбағаров, Марсеков және басқаларымыз Шыңғыстауға барып жасырындық. Бөкейханов, Байтұрсынов, Дулатов, Омаров тағы басқа да 20-30 адам бұл кезде сонда болатын. 1918 жылдың көкек не наурыз айында Тоқтамысов Омбы қаласынан Семейге келді. Ол Семей қаласындағы кеңес өкіметіне қарсы астыртын жұмыс жасап жатқан 2 топтың бар екенін, олардың арасында өзара байланыс жоқ екенін, олардың біреуі – қаражүзділер, екіншісі социалистер екенін айтты. Ол Қазақ комитетімен байланыс жасады. Облыстық кеңеспен біздің ара қатынасымыз шиеленіскеннен соң Тоқтамысов арқылы ұлттық автономияны мойындайтын астыртын ұйымның біреуімен байланыс орнаттық. Тоқтамысов ешқандай ұйымның мүшесі емес болатын. Сондықтан да біз әскери кеңес құрдық, Кеңестің төрағалығына – Марсеков, мүшелігіне Сәрсенов пен Әлімбеков сайланды. Әлімбеков бұл кезде Облсовдептің әскери бөлімінің мүшесі еді. Жасырынып жүрген кезімізде ұйыммен еш байланысымыз болған жоқ. Сондықтан да қалада қалып, ашық жүрген Әлімбековтің не істегенінен хабарым болған жоқ. Семейге оралған соң ғана қалада атаман Сидоров бастатқан казактардың билігі орнағанын білдік. Қаражүзділермен қызмет істесуден бас тартып, өзара келісім жүргізіп, біздегі қарудың күшімен өкіметті қолға алу үшін социалистік бағыттағы жасырын топтың қайда екендігі туралы Тоқтамысовтан сұрастырдық. Облыстық Жер басқармасы қайтадан құрылды, Марсеков төрағалыққа, мен орынбасарлыққа сайландым. Бұдан арғы біздің жұмысымыз мынаған бағытталды: қазақтың халық (билер) сотының жұмысын жандандыру, шет елге кетіп жатқан босқындарға тосқауыл жасау, переселендердің үстемдігін жою. Шілде-қазан айларында Бөкейханов, Ермеков және Сәрсенов Сібір үкіметімен, содан кейін автономияны қолдайтын болғандықтан да Самарадағы Құрылтайшылар мәжілісімен келісім жүргізуге аттанды. Соңғысымен Алашорда үкіметін мойындау, жер, Ақмола, Семей губернияларын қазақ республикасының құрамына беру мәселесін қолдайтыны туралы уағдаластыққа қол жеткізді».

Мұндағы айтылған әр сөз бен көрсетілген айғақтардың астарында кесек-кесек оқиғалар жатқан болатын. Халел Ғаббасовтың берген әр жауабынан осы уақытқа дейін тарихшылар таба алмай, не түсіндіре алмай, не түсінбей жүрген жайлардың аңысы аңғарылады. Мысалы, 1918 жылғы автономия туралы Сталинмен телеграф арқылы тікелей байланыс тұсындағы тарихи оқиғаның мән-жайы, себеп-салдары, психологиялық шиеленістер өзінің толық бағасын алған жоқ. Егерде тура сол кезде Сталиннен бұйрық алынбағанда, онда Бөкейханов бастатқан ұлт көсемдерінің біразының құрбандыққа ұшырауы әбден мүмкін болатын.

21 наурыз күні «Алашорда» үкіметі 11 баптан тұратын келімшартты Кремльге жіберді. Олар:

1. «1917 жылдың желтоқсанының 5-нен 12-не дейін Орынборда өткен жалпы қазақ съезінің қаулысы бойынша «Алаш» автономиясы жарияланды және оның территориясына – Семей, Ақмола, Торғай, Орал, Сырдария, Ферғана, Жетісу, Бөкей ордасы, Закаспийский облысының Маңғышлақ уезі, Самарқан облысының Жизақ уезі, Амудария бөлімі, Алтай губерниясына қараған Бийскі, Барнаул, Змейногор уездеріндегі қазақтар басым қоныс жайлаған жерлер кіреді.

2. «Алашорда» үкіметіне қазақтан басқа ұлттардың ішінен азынан – аз, көбінен – көп мөлшерде жиыны он адам мүше боп кіреді.

3. Заң шығаратын және билейтін орын – «Алашорда».

4. Облыстық бөлімдердің көмегіне сүйеніп Құрылтайды шақыру «Алашорданың» құқында болады.

5. Өкілдерді уездер, қала тұрғындары сайлайды.

6. Бұл заң күшіне енгенше бұрынғы земстволық және қалалық құрылымдар жұмыс істейді.

7. Қазақ-қырғыздар арасындағы істі сайланған соттар қарайды.

8. Құрылтайдың қаулысына сәйкес қазақ-қырғыз милициясы құрылады.

9. «Алашордаға» байланысты түрмеге қамалғандар босатылсын және оларды қудалау тоқтатылады.

10. Москвадағы «Алашордаға» қатысты істерді елші ретінде Халел және Жаһанша Досмұхамедовтер жүргізеді.

11. Осы шарттарды кеңес өкіметі қарап, келісімге отыруы тиіс – деген мазмұндағы ұсыныс.

Бұл ұсынысқа «мәселені тездетіп шешіп, сөзден іске көшуді» ұсынған Ленин мен Сталин бір айдан астам уақыт жауап бермеді. Азаматтық соғыс жүріп жатқан ел үшін бұл өте ұзақ уақыт. Сондықтан да шұғыл түрде тағы да 1918 жылы 21 сәуірде Алашорданың күншығыс бөлімінің бастығы Халел Ғаббасов Ленин мен Сталинге:

«Қазақ автономиясы мәселесі – қазақ халқы үшін өмір мен өлім мәселесі болып табылады. 2-сәуір күні комиссар Сталин арқылы тура, сымсыз тораппен жолданған Халық комиссарлары кеңесінің көзқарасы қазақ халқының арасына аздаған жұбаныш әкелді. Алайда жергілікті халықтың табиғи талабына өктемдікпен қарау жергілікті кеңес депутаттары тұрғысынан тиылмай отыр. Қазақ ұйымдарын қудалау, олардың мүшелерін тұтқындау қазақ жұртын алаңдатып, ұлттық араздықты өршітеді. Бұл отты дер кезінде өшіру керек және ұйымдастыру жұмыстарына шұғыл түрде кірісіп, бас көтеріп келе жатқан аласапыран мен толқулардың алдын алу қажет. Қазақ халық кеңесі – қазақ халқының талабын бұлжытпай орындайды, сондықтан да автономия идеясын тездетіп жүзеге асыруға мүмкіндігінше күш салады және сіздерден шұғыл жауап күтеміз. Ресми мәліметімізді 3-сәуір күні тура сымсыз торап арқылы жолдадық.

«Алашорданың» төрағасының орынбасары – Ғаббасов», – деген жеделхат жолдады.

«Алашордамен» екі ортадағы келісімді жүргізген Сталин араға тура он жыл өткен соң екінші «әріптесін» – Халел Ғаббасовты түрмеге қамап, ату жазасына кесті.

Ал Ольшаньскийдің осы күнгі екінші бағыттағы сұрағы – Халел Ғаббасовты ату жазасына алып келген сот үкімімен пара-пар еді. Онда ағымдағы идеологиялық саяси мәселелер қозғалады. Енді соны назарға ұсынамыз:

«Сұрақ: Сіздің қазіргі саяси ұстанымыңыз қандай?

Жауап: Менің саяси ұстанымым 1925 жылы 30 қараша күні Семей губкомының хатшысына берілген мәлімдемеде толықтай көрсетілген. Онда: кеңес өкіметінің қазіргі ұлт, мәдениет, экономика жөніндегі жалпы саясаты мені қанағаттандыратыны, пролетариаттың, оның ішінде қазақ пролетариатының диктатуралық жүйесін мойындайтындығым айтылған. Жалпы мен ұлтшыл емеспін, қазақ ұлтының өзге ұлтқа өктемдігін қаламаймын.

Сұрақ: Ауылдың таптық жіктелуін мойындайсыз ба?

Жауап: Мойындаймын. Қазақстанда пролетариат жоқ, бірақ та ол индустрияландыру саясатын жүзеге асыру барысында кеңестік жүйемен қоса қалыптасады.

Сұрақ: Сіз өнеркәсіпті бір орталықтан басқару жүйесіне қалай қарайсыз?

Жауап: Жалпы принциптерін мойындаймын, бұл әбден мүмкін, тіпті қажет те. Сәдуақасовтың „Большевиктегі” (журналдың аты, сонда жарияланған С.Сәдуақасовтың мақаласындағы пікірді айтып отыр – Т.Ж.) ұстанған позициясын мүлдем қостамаймын. Мен – жоспарлау мекемесінің маманымын, сондықтан да кеңес одағының көмегінсіз Қазақстанның өз бетінше дамуы мүмкін емес.

Сұрақ: Кеңес өкіметінің жер саясатына көзқарасыңыз қандай?

Жауап: Қоныс аударушылардың қозғалысы жергілікті халықты ығыстырушылыққа жол бермеуі тиіс. Аралас қоныстанған аудандарда жергілікті халықты отырықшыландыру шараларын ұйымдастыру қажет. Қазақстанға жаппай қоныс аударушыларды қанағаттандыратындай мүмкіндік бар деп есептемеймін. Егерде қажеттілік туа қалса, онда отарланудың азабын барынша қатты сезінген қазақ ұлтының мүддесін қанағаттандыру керек деп есептеймін. Жер мәселесінің дәл қазір Қазақстанда қалай шешіліп жатқанын білмеймін.

Сұрақ: Жоғары оқу орындарындағы жастарды тәрбиелеу барысындағы Қазақстандағы халыққа білім беру саясатына қалай қарайсыз?

Жауап: Қазіргі таңда ауыл құрылысын, әсіресе, ауылды жердегі мектептерде жеделдетіп оқытуды қолға алу керек. Ұлттық тілдегі оқулықтар мен маман педагогикалық кадрлардың жоқтығы анық сезіледі. Ұлт тілінде оқитын орта және жоғары оқу орындары қажет. Ал жоғары оқу орындарындағы сабақтардың қазақ тілінде жүргізілмеуінің себебін, бұл мәселені шешуге тиісті жұмыстар жасалмай отыр деп есептеймін.

Сұрақ: Кеңес өкіметінің Қазақстандағы шикізатты өндіруді шешу жөніндегі дайындалып жатқан саясатына қалай қарайсыз?

Жауап: Толықтай қосыламын.

Сұрақ: „1917-1919 жылдар арасындағы „Алашорда” қозғалысы контрреволюциялық роль атқарды деп ойлайсыз ба?

Жауап: „Алашорданы” контрреволюциялық емес, революциялық қозғалыс деп есептемеймін.

Сұрақ: 1916 жылғы қазақтардың көтерілісіне сіздің қатысыңыз қандай және оған қалай қарайсыз?

Жауап: Өзгелер сияқты мен де орынсыз қантөгісті болдырмау үшін көтеріліске қарсы болдым. Казактар сияқты қазақтардан да дербес жасақ құруды ұсындым.

Сұрақ: Колчак үкіметі құлағаннан кейінгі сіздің коммунистік партияға деген көзқарасыңыз қандай болды?

Жауап: Менің көзқарасымды былай пайымдауға болады. 20 не 21-жылы көктемде Семейде қазақ қызметкерлерінің мәжілісі шақырылып, ұжымдық құрамда партияға өту қажеттігі талқыланды. Оның басты себебі, ол кезде Семейдің Қазақстанға қосылуы барысында сібірлік және қазақстандық ұйымның арасында тартыс жүріп жатты. Бұл таласта қазақ қызметкерлері ешқандай да роль атқарған жоқ. Ұжымдық тұрғыда өтуді ұсынған Жақып Ақбаев болатын. Маған да: өтпесең көп нәрсені жоғалтасың, – деп кеңес берді.

Сұрақ: Сіз «Алаш» шаруашылық кооперациясы одағына қалай қатыстыңыз?

Жауап: Бұл одақтың қалай құрылғанын білмеймін. Оған Қозыбағаров, Тоқтағұлов, Есіргепов шақырылды. Мен жедел ұйымдастыру бөлімінің бастығының орнына қабылдандым.

Сұрақ: Сіз байларды тәргілеу науқанына қалай қарайсыз?

Жауап: Дұрыс қараймын. Құр сөз болмас үшін бұл науқанның алдын-ала дайындық жұмыстары жөніндегі комиссияға қатысқанымды ескерте кетейін. Сол комиссияның төрағалығына – мен, мүшелері, мемлекеттік жоспарлау комиетінен Сириус, жер комитетінен Шубернер және ИКП-дан Баһрам бекітілді. Бізге тәргілеудің мөлшерін анықтау үшін 36 сағат қана уақыт берді. Біз, ірі қараға шаққанда 10 бастан артық малы барларды тәргілеуге болады, – деген мөлшерді ұсындық».

Халел Ғаббасовтың алғашқы тергеуі осылай өтті. Араға үш күн салып барып, яғни, 14 қараша күні екінші рет жауапқа тартылды. Тергеуші Ольшанский арадағы үш күннің ішінде Х.Ғаббасовтың жауабын да, оның өмірбаянын да тексеріп, қалайда қапысын табудың амалын ойластырған. Бұрынғы жауаптардың „кем-кетігін толтыру үшін де” сұрақты байларды тәргілеу науқанынан емес, әріден баста сыналап қояды.

«Жауап: Революциялық қозғалысқа гимназияның 5 сыныбында оқып жүргенде, яғни, 1905 жылдан қатыса бастадым. Семей гимназиясында Бишебиев (?) ұйымдастырған үйірме болды. Менің көзқарасыма әсер еткен 1905 жылғы оқиға. Гимназиядағы үйірмеге Солодовников жетекшілік етті, 1905 жылы қазанда Солодовников шәкіттерді жиып, баяндама жасады. Соның ықпалымен қазақ шәкірттерінің үйірмесі құрылып, 1908 жылға дейін жұмыс істеді. Оған Мақсұт Бекмембетов жетекшілік етті, ол түрмеге қамалған соң Қосмағамбетов басқарды. Үйірмеге саяси қуғын көргендер келіп тұратын. Саяси әдебиеттер тарататын, бірнеше рет қазақ тұрғындарының арасында қазақ жері мен ұлт мүддесін оқалы шапанға айырбастаған болыстар туралы сөз де сөйледі. Ол үйірмеге революциялық әрекеттері үшін Омбыдан жер аударылып келген Жақып Ақбаев та қатысты. Мен онымен кездесуге барып тұрдым. Үйірме жұмыс орныма айналды. Сол жылы мен Выборг үндеуіне қатысқаны үшін түрмеге қамалып, Семейге мерзімді кесімін өтеу үшін келген Бөкейхановпен таныстым. Мен оған өз еркіммен бардым. Ол түрмеден босағанша барлық шәкірттер онымен кездесуге барып тұрды. Ол біздің дайындығымыздың төмендігіне реніш білдіріп, саяси әдебиеттерді оқуға кеңес берді. Бөкейхановпен келесі кездесуім 1912 жылы өтті. Онда ол Петроградта еді, Ақбаевті сонда шақыртты, ал мен студент едім. Бөкейханов Мемлекеттік думаға қазақ халқының өкілін жібермеу туралы 1908 жылғы 6 маусым күнгі заңның күшін жоятын қарсылық құжаттарын дайындау үстінде болатын. Бөкейханов студенттерге Петроград архивтеріндегі құжаттарды жинастырып, жүйеге келтіруді тапсырды. Менің Бөкейхановпен ұзақ мерзім бірге жұмыс істеуімнің сәті түскендігінің себебі осындай.

Сұрақ: Ұлттық қозғалыстың болашақ көсемінің кадет партиясына мүше болуын қалай түсіндіруге болады?

Жауап: Немен түсіндіруге болатынынн білмеймін. 1917 жылғы Бүкілқазақстандық құрылтайда да оның бұл әрекетіне барлығы қарсы шықты. Содан кейін кадет партиясынан шығатыны туралы мәлімдеме жасады.

Менің айтқан сөздерім дұрыс жазылды. (Ғаббасов. Қолы)».

Бұл сұрақ-жауаптан 1905-1911 жылдар арасындағы қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысының іс-әрекеттерінен нақты мәлімет аламыз. Патшаға жолданған Қарқаралы петициясының қыр еліне ықпалы, жастардың күреске тартылу жолдары, сондай-ақ Ресей империясында ұлт ретінде өмір сүру құқығынан айырылып, тізімнен сызылып тасталған қазақ халқының азаматтық ожданы үшін күрескен алаш қозғалысының іс-әрекетінен және оған нақты кімдердің қатысқанынан мағлұмат береді.

Бір аптадан кейін Халел Ғаббасов тағы да жауапқа шақырылды. Мұнда негізінен тыңшылар арқылы анықталған мәліметтер мен Е.Омаровтың көрсетіндісіндегі екеуара әңгіменің астары тексерілген.

«Қосымша тергеу хаттамасы. 21 қараша, 1928 жыл.

Сұрақ: Сіздердің топтарыңызда Қазақ жерінің кодексін жасап шығарудың қажеттігі туралы сөз қозғалды ма?

Жауап: Бұл тақырыпта ешкіммен әңгімелеспедім, тіпті естігемін де жоқ. Омаров бұл жөнінде ештеңе деген емес. Қайталап айтамын, Омаров бұл туралы бір сөз де айқан емес.

Сұрақ:Сізге Семей қаласында Мұхтар Жалелетдинов (?) жолықты ма?

Жауап: Жолыққан емес, мен оны өте сирек көретінмін.

Сұрақ: «Алаш» аудандық одақтастығының (Семейдің сол жағалауы 1927 жылға дейін солай аталған, ал одақтастық – мойынсерік болса керек – Т.Ж.) жұмысымен қырға жиі шығып тұрдыңыз ба?

Жауап: Нақты айта алмаймын. 1924 жылдың не шілде, не тамыз айында шықтым.

Сұрақ: «Алаш» аудандық одақтастығының сайлауы алдында сіз қайда болдыңыз?

Жауап: 1924 жылы өз ауылымда демалыста болдым.

Сұрақ: Аудандық одақтың құрылтайын дайындауға қатыстыңыз ба?

Жауап: Қатысқамын жоқ. Мен 1925 жылғы жиналысқа шақырылушы есебінде қатыстым және ол одақ жиналысын басқарма мүшесі Қозыбағаров жүргізді.

Сұрақ: 1925-1926 жылғы науқан кезінде (қандай науқан - ?. Зады бұл Семей губерниясының шекарасы анықталып, Қазақстанға түбегейлі қосылуы туралы Сібір ревкомымен арадағы айтыс туралы болса керек – Т.Ж.) қайда болдыңыз?

Жауап: 1925 жылдың басына дейін Семейде болдым. Науқанға өз басым қатысқамын жоқ.

Сұрақ: Талас-тартыс тұсында Омбыдан ешкім келді ме?

Жауап: Жоқ, ешкім келмеді.

(Бұдан кейінгі таспаға жазылып алынған біраз сөздер өшіп кетіпті. Әңгіме Ә.Бөкейхановқа көмек есебінде жиналған қаржы мәселесі төңірегінде. Ол туралы өзге „айыпкерлердің” берген жауабында мәліметтер бар – Т.Ж).

Жауап: Оған (Бөкейхановқа – Т.Ж.) ешқандай қаржылай көмек көрсетілген жоқ. Өйткені барлығы тарап кеткен болатын. Ол өзін өте нашар сезінетін, сондықтан да санатоийге барып емделуіне көмек жасау туралы ұсыныс айтылды. Егерде біз ойламаған жерден көмек ұсынсақ, оның мұны қалай қабылдайтыны белгісіз екендігі жөнінде Дулатов, не Қадырбаев ескерткен еді. Оның Қызылордаға ауысуы туралы әңгіме болған емес.

Сұрақ: Бөкейханов Мәскеуде тұрғанда оған қандай да бір көмек көрсетілді ме?

Жауап: Мен 1924 жылы өз қаражатымнан жүз теңге жібердім.

Сұрақ: Ол сол кезде қызмет істеп жүр ме еді?

Жауап: Иә, ол өзінің жұмысында болатын. Күншығыс баспасының қаражат жағдайы өте нашар болатын.

Сұрақ: Басқалардан көмек көрсетілді ме?

Жауап: Жоқ.

Сұрақ: Байтұрсынов қай жылы қаражат аударды?

Жауап: Өткен жылы Бөкейхановқа көмек ретінде 20 сом бердім, ол қолына тиген-тимегенін білмеймін.

Сұрақ: Әйтеуір сіз бердіңіз ғой.

Жауап: Алған-алмағанын білмеймін.

Сұрақ: Ол қаражатты кім жиды?

Жауап: Мен Қадырбаевқа бердім-ау деймін.

Сұрақ: Яғни ақша нақты бір адамның қолына жинақталғаны ғой.

Жауап: Байтұрсынов Мәскеу арқылы жүріп, тапсыру керек болатын. Дулатов, не Қадырбаев оның өте кірпияз адам екенін ескерткен, сондықтан да алды ма, жоқ па, білмеймін. Біз жан-жаққа кеттік.

Сұрақ: Тағы кімге көмек бердіңіз?

Жауап: Әуезовке 70-80 сом аудардым. Одан қаражатқа өте қат боп жүргені туралы хат алдым. Біз 10 теңгеден жиып бердік. Одан басқа ешкімге ақша бергемін жоқ.

Сұрақ: Сіздердің араларыңызда жер мәселесі туралы сөз қозғалды ма?

Жауап: Жоқ».

31 жылдың 20 қыркүйегі күнгі айыпталушы Мұхтар Әуезовтен алынған қосымша тергеу сұрағының хаттамасы.

М.Әуезов: «...Ленинградта оқып жүрген кезімде ескі танысым, менімен ауылдас семейлік Халел Ғаббасовқа қаражат жағынан қысылып жүргенімді ескеріп, ақшалай көмек көрсету тауралы хат жазғаным рас. Оны кейін қайырып беретіндігімді де ескерттім. Бұл 1927 болатын. Жаңа ғана үйленгемін, әйелім екеуміз Ленинградта тұрдық. Университеттің соңғы курсында оқитынмын. Ғаббасов маған 125 сом жіберді. Бұл менің Ғаббасовқа жеке өзімнің қайтарып беруге тиісті қарызым деп есептедім. Ұмытпасам Ғаббасов жіберген ақшаны 1928 жылдың басында алдым. Мен ол қарызымды Ғаббасовқа қайырудың реті келмеді. Студенттік жағдайда жүрген менің ақшам болмады. Ал мен Ташкентке келіп, қызмет істей бастағанда Ғаббасов тұтқынға алынды да, қарызымды қайтара алмадым. Ғаббасовтан қарызға ақша алғанда мен қайдағы бір ұйымның бар екенін, Ғаббасов ол ақшаны сол ұйымнан алғанын білгемін жоқ, бұл жөнінде ол хат та жазған жоқ, ауызша да айтпады. Егерде ол ақшаны таныстарынан жинаса, оны да маған айтқан емес. Мен өзімнің жеке танысым ретінде тек қана Ғаббасовтан ғана қарыз сұрадым, алған ақша үшін мен тек қана Ғаббасовтың өзіне қарыздармын деп ойладым».

Х.Ғаббасов (жалғасы). Сұрақ: Өткен жылы келген Швецов есіңізде ме?

Жауап: Өткен жылы емес, одан арғы жылы келген. Оның зерттеулері сынға ұшырағаны есімде.

Сұрақ: Кім тұрғысынан?

Жауап: Халық комиссарлар кеңесінің жоспаралу мекемесінде өткен кеңейтілген мәжілісте.

Сұрақ: Сұлтанбековтің іссапары алдында жер мәселесі туралы сөйлестіңіздер ме, Омаровпен араларыңызда қандай әңгіме болды?

Жауап: Омаровпен өткен жылы кездестім. Мен кеңсемде жұмыс істеп отырғам. Дулатов екеуі келді. Демалысын пайдаланып, педтехникумдағы оқуын бітіруге Ташкентке баруды жоспарлады. Ол содан әрі Қостанайға жүрмекші болды. Мен шығарып саламыз дедім. Ол 3-5 адамды бақшаға алып барды, біз сыра іштік, тамақтандық. Бұл 1927 жылдың жазы болатын. Омаровпен арадағы жалғыз кездесуім бұл.

Сұрақ: Омаров пен Сұлтанбековтің іссапары туралы сөз болды ма?

Жауап: Әңгіме болған жоқ сияқты.

Сұрақ: Бөкейхановтың демалысқа баратыны белгілі ме еді?

Жауап: Жоқ.

Сұрақ: Сіз ол туралы кімнен білдіңіз?

Жауап: Өткен жылы күзде мен Омаровтан олардың Челябинскідегі бір қазақ ауылында демалғанын естідім.

Сұрақ: Тек Омаровтың сөзінен ғана ма? Онда не деп сөйлескенін айтты ма?

Жауап: Ештеңе де. Тек Бөкейхановтың айтқан анекдоттарын ғана айтты.

Сұрақ: Ақаев пен Байтұрсынов ұйымдастырған банкет Бөкейхановтың келуіне байланысты ма?

Жауап: Бөкейхановтың қашан келгенін білмеймін. Ол өте кірпияз адам. Ешқандай банкет болған жоқ.

Сұрақ: Ол туралы сіз ештеңе естіген жоқсыз ба?

Жауап: Сізден алғаш рет естіп отырмын.

Сұрақ: Өткен жылы қай уақытта демалыста болдыңыз?

Жауап: Шілденің аяғында ғой деймін.

Сұрақ: Қызылорданың жаңалығын айтқан жоқсыз ба?

Жауап: Жоқ, есімде жоқ.

Сұрақ: Жер мәселесі туралы да сөз қозғамадыңыздар ма?

Жауап: Жоқ,

Сұрақ: Биыл кімнің үйіне тоқтадыңыз?

Жауап: Көлік болмағандықтан да Семейде туған қарындасымның үйінде 2 күн болдым. Қозыбағаров пен Бейсембиновті көрдім.

Сұрақ: Шығарып салды ма, қарсы алды ма?

Жауап: Жоқ, мені қарындасымның күйеуі қарсы алды.

Сұрақ: Неге сіз тәргілеуді жақтайсыз?

Жауап: Демек, тұрғындарды экономикалық әлсіреуге алып келген коммунистер мен ұлтшылдардың арасындағы алшақтық мәселесі жөніндегі пікірімнің солай болғаны.

Сұрақ: Демек сіз бұл мәселе жөніндегі партияның тактикасын қолдайсыз ғой.

Жауап: Сол үшін мені кейбір жолдастарым жазғырды да.

Сұрақ: Сізді жазғырғандар кім?

Жауап: Оны еске алудың қажеті шамалы.

Сұрақ: Олар өздерінің наразылықтарын неге негіздеді?

Жауап: Бұған олар да қарсы емес, бірақ та бұл жобаның беті басқа жаққа бұрылып барады деп есептейді.

Сұрақ: Қандай бағыт туралы айтты?

Жауап: Әйтеуір бір әңгіме арасында әлді мен әлсіздің ара жігі ашылуы үшін бұл жобаны жүзеге асыру керектігі айтылды.

Сұрақ: Сонымен кім, не үшін жазғырды?

Жауап: Оның бұл мәселеге қатысы жоқ.

Сұрақ: Неге, оның тура осы мәселеге тікелей қатысы бар.

Жауап: Менің ештеңе айтқым келмейді, оның бұл мәселеге еш қатысы жоқ деп есептеймін.

Айтқанымды растап қолымды қойдым (Ғаббасов). Тергеуші … Саенко».

Бопса мен жорамалға құрылған жоғарыдағы тергеу барысында Саенко нақты айып тағатындай «қылмысты» таба алмаған. Тек жер мәселесі жөніндегі сұрақтың тұсында Х.Ғаббасовтың сәл аптығып қалғаны байқалады. Сондықтан да жауап беруден бас тартады. Айыптау қорытындысының ұзаққа созылып бара жатқанына алаңдап Прокурорға арыз жолдайды.

«ҚССР Республикасының Прокурорына

Мемлекеттік Жоспарлау мекемесінің Президиум мүшесі, ғылыми қызметкер, ПП ОГПУ-дің түрмесінің №.... камерасындағы тұтқыны...

...Тергеу ісінің барысы мен оның алған бағытына қарағанда істің анық қанығына жетіп, нақты мәнісінің ашылуына, менің пайымдауымша, әлі алыс, сондай-ақ, мен қазіргі емес, өткен кездегі қайраткерлігім үшін айыпталатын сияқтымын.

Менің өмірімнің өткен кезеңіндегі, “Алашордаға” байланысты қайраткерлігім мен іс-әрекетім ЦИК-тің (1919 жылғы және 20 жылғы) қаулысы арқылы кешірімге жатқан болатын. Сондықтан ол жөніндегі (менің бұрынғы кездегі) әрекеттерім менің бүгінгі күнгі қызметімді қаралау үшін алдыма көлденең тартылып отыр деп сеніммен айтуыма болады.

Мен бұған былай деп ашық мәлімдей аламын: кеңестің жауапты қызметтерінде болған соңғы 9 жылғы еңбегімнің барысында мен мемлекетке қарсы әрекет істемек түгілі, ондай пиғылы бар-ау деп күдік келтірерліктей де мінез көрсеткемін жоқ. Бұл менің өзімнің анық сенімім. Соның ішінде, маған тағылған айыпты (малды тәргілеуге кедергі жасау туралы) арам адамдардың ойлап тапқан жәдігөйлік жаласы екенін және арандатуға үзілді-кесілді қарсы екендігімді мәлімдеймін. Сондай-ақ, кейбір қазақтардың Қытайға босып кетуіне менің қатысым барлығы және айырықша бір жер саясатын жүргізуге менің атсалысқаным туралы (тергеудегі сұрақтардың астарында осындай мән бар) жайларға да берер жауабым осы.

Жаптым-жала деп маған тағылып не қасақана маған жапсырылып отырған айыптауларға байланысты мен мынаны мәлімдеймін:

1. Мен малды тәргілеу-телімдеу туралы Заң жобасын негіздеген кейбір баптарын талқылаған комиссиялардың төрағасы және хатшысы болдым. Егерде мен бұл шараның жүзеге асуына шынымен қарсы болсам, онда мен бұл жұмысқа қатысудан бас тартқан болар едім, оның үстіне, бұл мәселенің Мемлекеттік жоспарлау мекемесіне ешқандай да қатысы жоқ болатын.

2. Өз ауылымда демалыста жүрген кезімде менің іштей қарсылығымды (психологиялық жағынан алғанда) туғызатындай туыстарымның ішінен тәргіге түскен ешкім болған жоқ. Байларды кедейлерден қорғап, не оларға – байларға әсер етіп, басшылық жасайтындай және кедейлерді байларды әшкерелеуге кедергі жасайтындай мүмкіндік менде болған жоқ, себебі, тәргілеу менің ауылымнан 80-120 шақырымдай шалғай жерде өтіп жатты.

3. Мен ешқашанда (тіпті мен кеңеске қарсы адам болсам да) ешкімге де Қытайға кету туралы ақыл бермес едім, өйткені, мұндай босудың соңы неге әкеліп соққаны бұрынғы кездің бүліншілігі арқылы бәріміздің есімізде (1916, 17, 18 жылдардағы оқиғаларды еске алсақ та жеткілікті) – босқандардың барлығы да жаппай қырғынға ұшырап, талан-таражға түсті. Оның үстіне мен тұрған ауылда ондай жағдай болған емес. Жер туралы мәселемен айналысқан емеспін, ол аудан жер мәселесімен (егін салу мағнасында – Т.Ж.) айналыспайды. 1922 жылдан бастап Семей губерниялық жер басқармасынан кеткеннен кейін және Мемлекеттік Жоспарлау мекемесінде істеп жүргенде де жер мәселесімен айналысудың реті келмеді, себебі мен онда сауда мен кооперация жүйесі саласында жұмыс істедім.

Жоғарыдағы баяндалған жайдың мәнісіне орай және ешқандай кінәсізден кінәсіз 55 күн түрмеде отыруыма байланысты Сізден – менің тергеуімді тездетіп, менің ісімді жан-жақты және әділетті тексеруді немесе мені түрмеден босатуды өтінемін.

9/ХІІ-28 жыл».

Прокурорға жолдануға тиісті бұл арыз көк сия қарындашпен жазылған. Халел Ғаббасовтың бұл шағымы жоғарыға жолданбаған сияқты. Өйткені арыз істе тігулі күйінде қалған. Сондықтан да Х.Ғаббасовтың сот процесін күткені және ақталып шығу туралы ұмтылысы тұтқын адамның санасындағы үміт дүниесі ғана еді.

3.

1928 жылы 28 (өз сөзі бойынша 29) желтоқсан күні Х.Ғаббасовқа тергеу ісінің аяқталғаны туралы хабарлайды. Бірақта нақты шешімді айтпайды. Айыптау қорытындысының кешіктірілуіне басты бір кілтипан, тура сол күндері, көрші камералардың бірінде Дінше Әділев:

«Халел Ғаббасов „Алашорданың” тапсырмасымен контрреволюциялық астыртын ұйым құру үшін және тәргілеуге қарсы қырда көтеріліс ұйымдастыру мақсатында Семей өңіріне жіберілді, – деп „әшкерелеп” жатқан.

Желтоқсанның соңғы тәулігінде Міржақып Дулатов та шұғыл тұтқындалды. «Алашорда» қайраткерлеріне:

а). ағылшын барлауына мәлімет беріп, олармен астыртын байланыс жасаған.

ә). СССР-дің Англиямен дипломатиялық қарым-қатынасы үзілген соң, олар қырға барып, халықты қарулы көтеріліске шақырмақ болған.

б). яғни, Орта Азиядағы контрреволюциялық ұйымдармен байланыс жасауға тырысқан – деген айып тағылып, екінші топтың және ең негізгі топтың тергеу ісі басталған болатын.

Дінмұхамед Әділевтің көрсетіндісіне орай Ә.Бөкейхановтың, Е.Омаровтың, Халел Ғаббасовтың тергеу ісінің жауаптарының басы қосылып, «Алашордашылар» ұйымдастырған астыртын контрреволюциялық ұйым» деген атпен бір іске тіркелді. Әрине, алашордашылардың ешқайсысының шет елмен байланыс жасап, мемлекетаралық саясатқа ықпал жүргізбегені өзінен-өзі түсінікті. Қиыннан қисындырылған «қарулы көтеріліс» дегенді желеу етіп отырғаны – Халел Ғаббасов «Алашорданың» Шығыс бөлімінің әскери жасағын ұйымдастырған әрі әскери кеңестің мүшесі болған. Бұл – Англиядан жасырын жолмен қару сатып алуға ұмтылды деуге толық “негіз” қалайтын желеудің нағыз өзі. Сондай-ақ: «Сол кезде тығып тастаған қаруы бар шығар» – деген күдіктің де қоламтасын көсеп отыр.

Ол барлық жайды енді толық түсініп, ОГПУ-дің саяси өкілі Волленбергтің атына мәлімдеме жазды. Осы мәлімдемеден ғана Х.Ғаббасовты не үшін түрмеге жапқаны, қандай айып тағылғаны, оған куә ретінде өзінен сәл ғана бұрын қамаққа алынған Е.Омаров пен қарашада қолға алынған Д.Әділевтің жауабы айып ретінде тағылғаны анықталады. Жоғарыдағы баяндалған жайларға барынша кеңінен тоқталып, тағылған әрбір айыптың заңсыздығын тиянақтап тұрып ОГПУ-дің ерекше өкілетті өкілінің өзіне түсініктеме жазған. Дәлелдерінің нақты әрі заңдық тұрғыдан сауатты жазылғандығы сондай, оған қосымша түсініктеме беріп жатудың өзі артық.

«ПП ОГПУ-дің ҚССР бойынша өкілі Воленбергке /Жеке өзіне/ №3 камерадағы тұтқын Ғаббасовтан

Өтініш

Мен, 1928 жылдың 15 қазанынан бастап түрмеде отырмын. 1928 жылы 10 қараша күні маған – байлардың малын тәргілеу науқанына кедергі жасады – деген Қылмыстық Ереженің 58/ бабының 13 тармағы бойынша айып тағылды.

1928 жылдың 10/ХІ күні басталып, 1928 жылдың 28/ХІ күні аяқталған тергеу барысында қойылған сұрақтар негізімен менің бір кездегі, бұрынғы “Алашорда” тұсындағы іс-әрекетіме қатысты болды, ал тергеушінің сұрақтарының арасында екі не үш тармақ қана маған тағылып отырған айыптың айналысын жалпылама қамтып: І. Малды тәргілеуге деген менің көзқарасым қандай және 2. Кооперация туралы байлармен кеңес өткіздім бе деген т.б.с. сауалдар қойылды. Осы тектес сұрақтардан басқа ешқандай нақты айғақтары жоқ. Қашан, қайда және қандай қылмас жасадым, менің қылмыстарымның нәтижесінде қандай зиян келтірілді – бұл туралы менің табанды түрде талап еткеніме қарамастан тергеушілер маған ешқандай да жауап бермеді.

Дәл осы жағдай сұрақ-жауап аяқталғаннан кейінгі бір айдан соң тағы да қайталанды, яғни, 1928 жылдың ХІІ.29 күні тергеуші маған істің аяқталғанын және оның ГПУ-дің коллегиясына тапсырылғанын хабарлады, алайда тергеу материалдары маған таныстырылған жоқ. Тегеушінің маған берген сұрақтарының барлығы да жалпылама жағдай болғандықтан, менің іс-әрекетім туралы толық мағлұмат алу үшін мен тергеушіге бірнеше адамға жолығып, пікір алуын өтіндім, оның ішінде Мемлекеттік Жоспарлау мекемесінің бұрынғы төрағасы Құлымбетов жолдастың, Халық Комиссарлар төрағасы Нұрмақов жолдастың атын атадым, өйткені менің Мемлекеттік Жоспарлау мекемесіндегі жұмыстарым олармен байланысты болды, сондықтан да олар менің жалпы саяси бағдарым мен менің жеке басым туралы толық мінездеме бере алар еді. Алайда тергеушілер бұдан да бас тартты.

Тергеушілердің ауызша айтып беруіне қарағанда (жазба түріндегі қорытындының нұсқасын көрсетумен ғана шектелді) менің негізгі айыбым – ауылды жерлерді кеңестендіруге үнемі кедергі жасап келді дегенге саяды, олар негізінен мынадай:

І. Маған дәрігер Павлов дегеннің күнделігінен үзінді оқып берді де, сондағы айтылған сөздерді – менің қазақ қызметкерлерін коммунистік партияға қарсы үгіттегенімнің, сол арқылы “тұрақты түрде арандатушылықпен шұғылданғанымның” айғағы ретінде айып қып тағыпты. 1921 жылы жазылған бұл құжатта (барлық тергеу құжаттарының ішіндегі маған көрсетілген жалғыз айғақ) мен: “біз коммунизмның қыр еліне тарауына қарсы күрескеміз-мыс” – деп айтқан көрінемін. Павловтың кепілдемесіне қарамастан мен қолымды жүрегіме қойып тұрып айтарым – мұндай жайдың ешқашанда болмағанын мәлімдеймін. Екінің бірі: не дәрігер Павлов әлдекімдермен шатастырды, не менің жадымнан мүлдем шығып кеткен болып шығады ғой. Бұл мәселені жасырудың, оның үстіне күнделікке жазылған жайды (әрине мен Павлов қастандық оймен жала жапты дей алмаймын) бүгіп қалудың ешқандайда қажеттілігі туып отырған жоқ. Мен дәл қазіргі уақытқа дейін ол адаммен таныс емес екеніме сенімдімін және сол пікірде қаламын. Маған түсініксіздігі сол, егер де ол адаммен (Павловпен) өзінің күнделігінде жазылғанындай “екі сағат бойы шай ішіп, әңгімелескен” болсам, онда оны неге жасырамын. Оның үстіне Павлов қонаққа барған Үкібаевтар 1919 жылдың жазынан бастап Семей қаласында тұрған емес, сондай-ақ, бір рет кезігіп қалған көлденең көк аттыға (Павловқа) қандай мақсатпен және қандай жағдайда оған сырымды ашуым мүмкін. Егер де бұл айғақ рас болса, онда ол кездесу 1919 жылы (Колчак үкіметінің тұсында) өткен шығар? Бұл сөздің анық дәлелі ретінде мынаны айта аламын: мен 1919 жылы Үкібаевтардың үйінің бір бөлмесінде пәтерде тұрдым, сол жылы қыс бойы мен Губерниялық Земствоның бастығының орынбасары міндетін атқардым, оны қысқартып, “Губзем” дейтін. Сондықтан да Павлов “Губзем” дегенді “Завгубземотделмен” – Губерниялық жер бөлімінің меңгерушісі дегенмен шатастырып отырмаса. Бұл жағдайдың түсініксіздігі менің ойымша дәрігер Павлов мені әлдебіреулермен шатастырды немесе менің әр кездегі істеген қызмет орынымды (1919 жылғы мен 1921 жылғы) жаңылыстырып жазып отыр деген күдікке итермелейді. Қалай дегенмен де, мен бұл құжатқа ешқандай саяси мән бермеймін, себебі, саясаттан сәл-сәл хабары бар адам өзі танымайтын, кездейсоқ ұшырасқан көлденең көк аттыға мына тергеушінің “белгілі бір саяси топтың ұйымдастырылған әрекеті” деп айыптап отырған мәселесі жөнінде айта қоюы екіталай.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]