Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
раным - Алаш 1.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
2.74 Mб
Скачать

365

Тұрсын ЖҰРТБАЙ

„ҰРАНЫМ – АЛАШ!..”

(Түрме әфсанасы)

ЖЕГІ

(Бірінші кітап)

АЛМАТЫ

ЕЛ ШЕЖІРЕ

2008

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРЛІГІ

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жанындағы „Отырар кітапханасы” ғылыми орталығында ҚР Білім және ғылым министрлігінің „Көнетүркі және қазақ тарихи-әдеби жазба мұралары Қазақстан Республикасындағы ұлттық идеяның қалыптасуының негізі” атты Жобасына сәйкес дайындалып, Университеттің ғылыми кеңесінде бекітілген.

Сондай-ақ Мемлекет тарихы институтының ғылыми Кеңесінде талқыланып, мақұлданды.

Рецензенттер:

С.Қирабаев, ҚР ҰҒА-ның академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор.

Р.Нұрғали, ҚР ҰҒА-ның академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор.

Б.Аяған, тарих ғылымдарының докторы, профессор.

Д.Махат, тарих ғылымдарының докторы.

Ғылыми редакторы филология ғылымдарының докторы, профессор Қ.Алпысбаев.

Қолжазбаны компьютерге теріп, баспаға дайындаған М.Ермағанова, А.Жұртбай

АННОТАЦИЯ

Жазушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбайдың «Ұраным – Алаш!..» атты бұл әфсанасы «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің үстінен 1927-1932 және 1937-1938 жылдары жүргізілген тергеу ісінің негізінде жазылған. Автор 1988-1991 және 1997 жылдары Мемлекеттік қауіпсіздік (қазіргі Ұлттық қауіпсіздік) комитетінің архивіндегі жүзден астам «мемлекеттік аса құпия құжаттармен», тергеудің сұрақ-жауаптарымен, «айыпкерлердің» көрсетінділерімен, айыптау қорытындыларымен танысып шығуға мүмкіндік алған. Он бес жылдан астам уақыт бойы ғылыми ізденістер жүргізіп, әйгілі «үштіктің» сотындағы айыптаулардың жалғандығын әшкерелейтін тың деректерді ғылыми айналымға түсірген. Түрме әфсанасына, сондай-ақ, тұтқынға алынғандарды тінту кезінде тәргіленген хаттар мен құжаттар да пайдаланылған. Осыншама мол мұрахаттарды өзге де сирек деректермен жарыстыра талдап, кеңестік жазалау жүйесінің құпиялары мен қылмысты әрекеттерін ашады. Алаш ардагерлерінің тағдырына қатысты бұрын-соңды белгісіз боп келген, не қате тұжырымдар жасалған тарихи оқиғалар тергеу деректерімен жан-жақты салыстырыла талданып, тың пайымдаулар ұсынады.

Жазушы-ғалымның екі кітаптан тұратын бұл іргелі зерттеуі әдебиетшілер мен тарихшылардың, мәдениеттанушылар мен саясаттанушылардың, ғылыми көпшіліктің, жалпы зиялы оқырман қауымның назарын аударатыны сөзсіз.

ТҮРМЕ ӘФСАНАСЫНЫҢ ТАРИХЫ

(АЛҒЫСӨЗ ОРНЫНА)

Қазақ ақыл-ойының тамырын отап, тектік ұйытқысын ірітіп, ұлттық тағдырының ұясын бұзған, қатігез жазалау науқанының алғашқы тергеу ісі 1927 жылы желтоқсан айында басталып, үкім алпыс жылдан кейін күшін жойды. Түрме – құпия мекеме, ал түрмеге түскендердің тергеу хаттамасы мен жаза үкімі сақталған құжаттар құпияның құпиясы балып табылады. Саяси қылмыскерлерге қатысты, оның ішінде КСРО-ның Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті жүргізген тергеулердің құжаттарына екінің бірінің қолы жете бермейтіні анық. Тіпті тәуелсіздік тұсында да ол деректер жалпыға жария етілмеді. Бұл кез-келген мемлекеттегі қауіпсіздік мекемесіне тән заңдылық.

Тергеу ісімен танысудың қысқаша тарихы мынадай: 1987 жылы 13 қаңтар күні Қазақстан Жазушылар одағының сол кездегі бірінші хатшысы Олжас Сүлейменов: 1). Желтоқсан оқиғасына байланысты ұсталған және қысым көріп жатқан студенттер мен жастарды қорғау мақсатында. 2). Репрессияға ұшыраған жазушылардың мұраларын ақтау бағытында. 3). Басылымға тиым салынған шығармаларды қайта жариялаудың мүмкіндігін қарастыру барысында маған Праволық комиссия құруды тапсырды. Ақпан айында Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің сол кездегі орынбасары генерал-майор C.К.Әбдірахманов бастатқан 7 полковник Жазушылар одағына келіп, осы үш мәселе төңірегінде мағлұматтар берді.

Сөйтіп, аса бір қауырт та қыспақты жұмыстар басталып кетті. Саяси қудалау кезіндегі, яғни, отыз жеті-отыз сегізінші, қырық алты-елу үшінші жылдардағы жарияланымға тиым салынған шығармалар мен жекелеген авторлық құқықтар қалпына келтіріліп, «тәжірибе» жинақталған соң, ұлт көсемдерін ақтауға ұмтылыс басталды.

1988 жылы қаңтарда Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы Олжас Сүлейменовтің сұрау салуы бойынша Қазақ ССР-нің Бас прокуроры Ғ.Б.Елемесов „Алашорда” қайраткерлерінің үстінен жүргізілген тергеудің заңсыз жүргiзiлгенiне наразылық бiлдiрiп, Қазақ ССР Жоғарғы сотына ұсыныс жасады. 1988 жылы 4 қарашада Жоғарғы соттың қылмысты iстер жөнiндегi алқасының мәжiлiсiнде «Кеңес өкіметін қарулы көтеріліс арқылы құлату мақсатында ұйымдасқан „Алашорда” қайраткерлерінің контрреволюциялық, террористік астыртын құпия ұйымын әшкерелеу ісіне» қатысты сот үкімі қайта қаралды. Оған Қазақ КСР Жоғарғы сотының төрағасы Т.К.Аймұхамбетов, Жоғарғы соттың мүшелерi К.Т.Кенжебаев, Е.Л.Грабарник және Қазақ КСР Бас прокуроры Ғ.Б.Елемесов қатысты. Жиыны 14 томдық тергеу iсiнiң егжей-тегжейiн зерделей тексерiп, барлық куәлардың шағымдарымен танысып, тергеу тарапынан өрескел бұрмалаушылық пен заңсыздықтардың жол берiлгенiн анықтады. Сол кездегі Құқықтық комиссияның төрағасы, «Жұлдыз» журналының сын бөлімінің меңгерушісі, жазушы Т.Жұртбайдың (осы жолдардың авторы) Жоғарғы соттың мүшесі К.Кенжебаевқа берген әдеби сараптамалық қорытындысы бойынша «Алашорда» қайраткерлерінің шығармалары мен ғылыми еңбектерінде кеңес өкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізілмегені расталды. Соның нәтижесінде Қазақ КСР-нің Қылмыстық және праволық Кодексінiң 375-бабын басшылыққа ала отырып Жоғарғы сот:

Шешiм: СССР Халық Комиссарлар Советiнiң жанындағы ОГПУ-дің (Біріккен Мемлекеттік Саяси басқарманың – Т.Ж.) ІҮ коллегиясының 1930 жылғы 4 сәуірдегі және 1931 жылғы 13 қаңтардағы Байтұрсынов Ахмет, Дулатов Міржақып, Аймауытов Жүсiпбек, Есполов Мирза-Ғазы, Ғаббасов Халел, Әдiлев Дiнмұхамед, Бiрiмжанов Ғазымбек, Юсупов Ахмед-Сафа, Жұмабаев Мағжан, Омаров Елдес, Битiлеуов Дамолла, Болғанбаев Хайретдин, Байтасов Абдолла, Жәленов Кәрiм т.б жөнiндегi қаулысының күшi жойылсын, олардың iс-қимылдарынан қылмыстық әрекеттер табылмағандықтан да тергеу барысы тоқтатылсын.

Қазақ ССР прокурорының наразылығы қанағаттандырылсын. Қазақ ССР-нiң Жоғарғы соты – Т.К.Аймұхамбетов. Коллегия мүшелерi – Е. Л. Грабарник, Қ. Т .Кенжебаев», – деген шешім шығарды.

Осы шешімнің негізінде Жоғарғы соттың мүшесі Қазықан Кенжебаев Қазақстан КП Орталық комитетінің бірінші хатшысы Г.Колбиннің атына Олжас Сүлейменовтің қолымен “Алаш” қайраткерлерін ақтау туралы қорытынды ұсыныстың мәтінін даярлады. Қазақстан Орталық комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Ө.Жәнібековтің араласуымен Ғылым академиясында арнайы комиссия құрылды, сол комиссияның шешімі бойынша Алаш қайраткерлерін саяси және шығармашылық тұрғыдан ақтау туралы арнайы қаулы шықты. 1989 жылы сәуір айында осы жолдардың авторына Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің мұрағатына ресми рұқсат берілді. Бұл ретте сол кездегі Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің идеология саласын басқарған генерал С.К.Әбдірахмановқа, біздің мүддемізге түсіністікпен қараған Қараби Мұқамедқалиев пен Шыңғыс Салықбаевқа жазушылық ілтифат білдіреміз.

1991-1992 және 1997 жылдары құпия мұрағаттағы тергеу ісімен қайтадан тиянақты түрде танысуға мүмкіндік алдық. Ол деректердің біразы толық, біразының үзінділері «Талқы» атты кітапта тиісті түсініктемелермен жарияланды. Алайда өмірі мен қайраткерлігі беймәлім арыстардың түрмедегі жауаптары мен хаттамаларындағы кейбір «көрсетінділер мен айыптаулар» ел арасындағы қатардағы оқырмандарға түсінбестік тудырмас үшін 20 жылдан бері жабық сақтауға мәжбүрлік етті. Қазір олардың өмірі мен қызметтері, жазған еңбектері туралы зерттеулер жарияланып, жалпы қауымның тарихи және өмірлік шындықты, жалған айыптаулар мен жаланы ажырата алатындай мүмкіндігі туған сәтте бұл деректерді оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

Ұлы Мұхтардың туғанына 90 жыл толуына орай өткен мерейтойдың Мәскеудегi қорытынды мәжiлiсiнде осы сот деректеріне сүйене отырып сөйлеген ақын Олжас Омарұлы Сүлейменов:

«Осы баяндамаға дайындалу барысында мен жазушының творчествосы жөнiнде сонау жиырмасыншы жылдардан бастап бүгiнгi күнге дейiн жарияланған мақалаларды, сын пiкiрлердi, сөйлеген сөздердiң жазбаларын қадағалап оқып шықтым. Сонда: сол бiр баға жетпес аса зәру материалдардың бетiн ғана қалқып, оқырмандарға бертiнгi кездегi мадақтауларды ғана жеткiзу арқылы бiз қандай тарихтан бас тартып отырмыз деген ойға қалдым. Егер осы бiр байлықты дербес кiтап етiп құрастырып, соған лайық ғылыми түсiнiктеме берiп жарияласақ, өте қызықты қат-қабат тартысқа толы шығарма дүниеге келер едi. Мұндай кiтап қоғамның басынан кешкен кезеңдерi жөнiнде бiздiң кейбiр баяндамаларымыздан көрi оқырмандарға анағұрлым терең түсiндiрiп берер едi», – деген едi.

Несi бар, ондай мүмкiндiк туды. Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң қарамағындағы тергеу iстерiне сәуле түсті. Мүмкiн, тарихи шындық қалпына түсiп, көзқарас толық қалыптасқан, бәрi де анық тұжырымға айналған тұста бұл деректерге сүйенудiң де қажетi болмас. Ал, әзiрге алаш ұранды оқырманның аңсары басыла қойған жоқ.

Бұл құжаттарда тағдыр мен тарихтың талқысы тоғысқан, қым-қуыт қайшылықтар мен қарама-қарсы көзқарастар шарпысқан, ақыл мен арандату араласқан, тұлғаны қорлаудың, азапқа салудың неше түрлi амалдары қарастырылған, зорлап қойылған қолдардың табы бар, ең ақырында олардың көзiн жойып жiберген үкімдер сақталған. Қаншама зиялы, батыл, қайсар адам еді дегенменде: тұлғаның – тұл, қайраткердiң – жасыған, елеусiздiң – ер, қорқақтың – батыл болған тұстары байқалып қалады. «Ұлы құрбандықтың бата оқыры» да шиыршықтала берiп, шырма-шату, түйiнi шешiлмейтiн шырғалаңға айналды. Олардың арасында ұлт зиялыларымен қоса Бетпақдаланың шөлінде, Торғай ойпатында, Қызылқұмның қуысында жатқан шаруа баққан қарапайым қазақтар да бар едi. Жаза тартқандардың қатарына «жарғақ құлақты тыңшылар» да қосылыпты.

Әрине, түрменiң аты – түрме. Оның өз заңы, өз дәстүрi, өз әдiс-тәсiлi бар. Үш жылға созылған тергеу барысында олар талқының сан қыспағына түстi. Сол заңға бойұсына отырып, олар сыртқы өмiрдегi күресті түрме ішінде одан әрi жалғастырды. Саяси, ұлттық, рухани көзқарастарын тағы да талқыға салды. Бiрi – азаматтық көзқарасынан бас тартты, екiншiсi кеңестік саясатты ашық сынға алды, үшіншісінің үндемей қалу мүмкiндiгi болды. Қандай шешім қабылдаса да бәрібір, оларды тек ату жазасы күтіп тұрды.

Олардың соңдарында тергеушiлердiң айбақ-сайбақ шимайы мен тұлғалардың соңғы демi сiңген жауаптары қалды. Бұл мәлiметтер – адамның, жеке тұлғаның қилы-қилы жағдайдағы жандүниесiн, ақыл-амалын, мiнезiн ашып беретiн «ант мезгіліндегі» деректер.

Сондықтан да әр түрлi жағдайда хатқа түсiрiлген жауаптардың арасынан ақиқатты аршып алу өте қиынға түсті. Әрi жаныңды арыңа садаға ете отырып, белгілі бір дәрежеде тәуекелге баратын шағымды шешімді талап етті. Өкiнiштiсi сол, түпкi нысанасы мен астары ашылмаған, шындығы мен жалғандығы тексерiлмеген, себеп-салдары дәлелденбеген жауаптар асығыс-үсiгiс көшiрiліп, аптыға жариялау да қылаң беріп қалды. Бұл ең қауiптi әрi сол адамға да, олардың ұрпақтарына да қиянат әкелетiн әрекет. Екi жарым жыл Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң мұрағатында отырып, бұрын да дайындығымыздың барына қарамастан, тағы он бес жыл бойы зерттегенде де, көп күдiктiң бетi толық ашылмады. Соған қарағанда, жыл сайын кейiнге ысырылып келген бұл тергеу iсi әлі де жалғастыруды және арнайы зерттеудi қажет етеді. Сондықтан бiз тек желiсi анық, басы ашық деректердi ғана назарға iлдiк.

Жиынтығы 14 томнан тұратын, әрқайсысы бір-бірімен сабақтас 3 тергеу ісінің сұрақ-жауап құжаттары сот хаттамасындағы тіркелген реті бойынша берілді. Сол арқылы тергеу ісі қашан және қалай басталды, кімге қандай айып тағылып, қай күні ұсталды, сұрақ-жауаптар қалай жүргізілді және 72 адамның (бір адам қашып кетіп, мерт болған) айыбы бір-бірімен қалай байланыстырылды, тергеу барысында кім өзін-өзі қалай ұстады немесе алдыңғы жауаптарына қарама-қайшы қандай көрсетінді жасады, қандай арандатулар мен қысым жүргізілді, жалған үкім қалай шығарылды – деген сияқты көптеген ашық та астарлы шетін сұрақтарға жауап бере отырып, жазалау саясатына негізделген кеңестік тергеу жүйесінің ішкі құрылымын толық ашуды мақсат етіп ұстандық.

Әрине, олардың барлығы, әсіресе, айыптау үкімдері мен жекелеген адамдардың жауаптары нақты өмірлік шындыққа сәйкес келе бермейтіні түсінікті. Өйткені тергеу жұмысы жауапқа тартылғандарға қалайда саяси айып тағып, оларды қылмысты етіп көрсетуге бағытталса, айыпталушылар қалайда бір-біріне зиянын тигізбей, араша түсуді көздеген. Сондықтан да тергеу ісінде бір-біріне қарама-қайшы жауаптар да кездеседі. Мысалы, қазақ ұлтының көсемі Ахмет Байтұрсынов: «Мағжан ақын. Менің ақындарда жұмысым жоқ. Рысқұлов – большевик. Сондықтан да ол мені жақтырмайды. Ал Қожанов – коммунист, ол мені Рысқұловпен жақсы деп ойлайды. Екеуі де мені кеңес өкіметінің жауы деп есептейді. Мен де оларды жақтырмаймын», – деген мағынада жауап берген. Бұған қарап бұл үш тұлғаны өзара жау етіп көрсеткен және соны «дәлелдеуге тырысқан» ұшқары жарияланымдардың жарық көруі өкінішті. Ұлтымыздың ұйытқылары үшін мұндай жөнсіз жорамалдардың кесірінен басқа пайдасы жоқ, күмәнсізге – күдік тудырады, айыптыға – араша ғана әкеледі. Шындығына келсек, патша өкіметі мен кеңестік тергеушілердің арандату тәсілін әбден меңгерген Ахмет Байтұрсынов осы жауабы арқылы Т.Рысқұловты да, С.Сәдуақасовты да, С.Қожановты да қылмыстық іске тартылудан аулақтатып, қорғап қалуды ойлаған және солай болды да.

Осындай „түсініксіздіктерді” тудыратынына қарамастан сұрақ-жауаптарды жарияланымға ұсынуымыздың басты себебі: онда өмірі түрме мен аңдудың арасында өткен арыстарымыздың азапты ғұмыры туралы сирек мәліметтерді, олардың өмір жолы мен көзқарастарынан хабардар ететін деректерді жұртшылықтың назарына ұсыну. Сондай-ақ, кеңестік қысым тұсындағы жазалау саясатының ішкі құрылымынан да мағлұмат алуға мүмкіндік беру. Мұның барлығы алаш арыстарының өмірімен ғана емес, сол бір зауалды заманға тарихи тұрғыдан баға бергісі келген немесе оқып, білгісі келген зиялы қауым үшін де түпнұсқалық қызмет атқаратынын да қаперге алдық, кеңітіп пікір қорытуға да мүмкіндік жасайтындығын ескердік. Сондықтан да кітаптың құрылымы мен тартымды оқылуына нұқсан келтіретіндігін сезіне отырып, “Алаш ісіне” қатысты құжаттарды тергеу барысындағы санкциялар мен хаттамаларды, сұрақ-жауаптар мен қосымша деректерді, жеке адамдардан тәркіленген хаттар мен олардың үстінен жазылған “домалақ арыздарды”, жауапқа тартылушылардың түрме ішінде өзара жазысқан хаттарын толық келтіруді жөн көрдік.

Жазушылық әдіс-тәсілдердің барлығын пайдалана отырып мәселені қою, ойды дамыту, пікір қорыту, деректерді салыстыра отырып, оқиғаның мәнін ашу мақсатында баяндау үрдісін бірде жеделдетіп, бірде созып, бірде ойды үзіп тастап отырдық. Осы сияқты әдеби «айла-амалдардың» қолданылуына қарамастан, бұл басылымның басты мақсаты – құпия құжаттардың жарияланымы екенін есте ұстаған жөн. Жоғарыдағы әдеби тәжірибелер сол құпия құжаттағы әрбір пікірге оқырманның назарын аудару үшін, ойлана оқып, ұлтымызды жегідей жеген жегінің астарын кешегімен, бүгінмен, ертеңмен салыстыра қабылдауға мүмкіндік беру орайында қолданылды. Жазушылық басты мақсатымыздың өзі де осы. Әйтпесе «Құпия құжаттар жинағы», – деп жариялаудың жеңіл әрі оңтайлы екенін біз де білетін едік.

Әр жауаптың ақиқатын өмірлік дерекпен салыстыра отырып анықтау – осы іске тартылған арыстардың өмірін жеке-жеке зерттеу арқылы жүзеге асатын, дара-дара зерделеу мен уақытты қажет ететін ғылыми шара. Бұл өте шетін де кірпияз, төзімді тауысатын іс. Бірақ біз шыдам сақтауға ұмтылдық. Мыңдаған беттерді қамтитын тергеу ісінде біреуіне қойылған сұрақ 71 адамға түгелдей қайталанып қойылған, ал оған берілген жауаптар да 71 рет, тіпті одан да көп тәптіштеледі. Ең қиыны – бір мәселе туралы 71 адамның берген жауабы бір-біріне ұқсамайды. Бір жауапты екінші жауап жоққа шығарады, үшінші жауап растайды, төртінші жауап мүлдем басқа жорамал ұсынады, бесінші жауап ашықтан ашық жала жабуға құрылған. Ал жауаптардың мазмұны жинақталып баяндалған «Айыптау қорытындысы» олардың бәрін қылмыскер етіп шығарған. Оған қарап бұл жауаптардың қайсысы тарихи шындық, қайсысы жала екендігін қазіргі оқырмандар да, тіпті саясаткерлер мен тарихшылардың өздері де анық ажырата алмайтыны анық.

Сондықтан да, кітаптың мақсаты мен мазмұны қалың қауымға түсінікті болуы үшін және әфсананың барынша жинақы әрі жүйелі шығуы үшін тарихи және құжаттық талдаулар «Жегі» атты жеке бөлімге топтастырылды. Онда тергеу барысында бәріне ортақ берілген басты бір сұрақ тақырып етіп алынды да, соған орай жинақталған мәліметтер мен мағлұматтар, тарихи құжаттар мен хаттамалар, айғақтар мен айыптаулар, көрсетінділер мен көшірмелер, іске қатысты мерзімді басылымдардағы жарияланымдар және солардың тарихы мен саяси астарын түсіндіретін сипаттамалар берілді. Онсыз қазақ ұлтының рухы мен ақыл-ойын жегідей жеген, жұлын-жүйкесіне көбелей ши жүгірткен саясаттың қатпар-қатпарын қамту да, талдау да, алаш ардагерлерінің не үшін тұтқындалғанын түсіну де өте қиынға соғатын болды, тіпті мүмкін де емес.

Ал тергеу барысында берілген жауаптар «Қайрақ» атты екінші бөлімдегі жеке адамдардың тергеу ісіне үйлестіре өрбітілді. Мысалы: саяси күрес және жер мәселесі – Әлихан Бөкейханов, «Алашорда» мен Кеңес өкіметінің арасындағы тарихи оқиғалар – Ахмет Байтұрсынов, тәркілеу мен «Алаш жасағы» – Халел Ғаббасов, «1921-1922 жылдары Ташкентте құрылған астыртын контрреволюциялық ұйым» туралы іс – Дінше Әділев, 1917-1919 жылдар арасындағы «Алаш» әскері туралы мағлұматтар – Міржақып Дулатов, 1921-1922 жылдардағы ашаршылық жайы – Смағұл Сәдуақасов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Орта Азиядағы астыртын ұйым мәселелері мен Батыс және Шығыс «Алашорда» әскери кеңесінің оқиғалары – Халел Досмұхамедов пен Мұхамеджан Тынышбаев, әдебиет пен мәдениет саласындағы айыптаулар – Мағжан Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Әуезов туралы тарауларға жинақталды. «Мықты болсаң – бопсаға шыда», – деп Құнанбай айтқандай, тергеу де – азаматтығыңды сынайтын ер қайрағы. Кім намысын қалай қайрап, қалай жаныды, қалай жасыды, осы түрмедегі жауаптардан көрінеді.

Тараудың басында тергеу барысынан жалпылама мағлұмат, айыптау актісі, айыпкердің алғашқы жауабы толық берілді. Содан кейін айыпкерлерді тергеу кезіндегі оған қарсы жазылған көрсетінділер, тыңшылардың мәліметтері жарыстырыла ұсынылды. Ол айғақтар мен көрсетінділер Қ.Мұхамедханов, Ж.Бектұров, С.Бөкейхан, К.Нұрпейісов, С.Бурабаев, Б.Байғалиев, Д.Досжан, М.Қойгелдиев, Т.Омарбек, М.Әбдешев, М.Құлмұхамед, М.Әбсәмет, Б.Қойшыбай, Е.Сыдық, С.Аққұл, Д.Қамзабек, Д.Махат сияқты тағы да басқа мұрағаттанушылардың, зерттеушілердің жарияланымдарымен, өмірлік деректермен салыстырылды. Шығарма әфсаналық сипатта жазылғандықтан да, пайдаланылған мұрағат құжаттары мен әдебиеттердің көрсеткіші екінші томның соңына жинақталып берілді. Тағылған айыптардың жалғандығы, тергеу барысы мен шығарылған үкімнің заңсыздығы туралы пайымдауларға Қазақ КСР Жоғары сотының 1988 жылғы 4 қарашадағы шешімі басты негіз етіп алынды.

Сондай-ақ, 1917-1919 жылдары арасында тәуелсіз Башқұртстан Республикасының Үкімет төрағасы болған З.Валидовтің (Заки Ахмет Уалиди Тоған, 1891-1970) 1969 жылы Стамболда жарияланған «Қатирасындағы» (Естеліктерінде) деректерді де ретіне қарай еркін пайдаландық. Өйткені мұнда Қазақстан, оның ішінде «Алашорда» тарихында көмескі қалған және біздің тақырыбымызға тікелей қатысы бар осынау бір қатерлі күндер туралы талай тарихи пайымдауларға жол ашатын астарлы тағдырдың таңбалары бар. Кеңес өкіметінің идеологтары мен тарихшылары Башқұртстан мен «Алашорда» үкіметінің тарихын бұрмалап, мән-маңызын өшіріп, жеккөрінішті етіп көрсеткені сондай, бостандыққа ұмтылған бодан ұлттардың азаттық күресі мен азаматтық тұлғалары қақында еске алатын ақылға сыйымды, шындыққа негізделген тұжырым табу мүмкін емес. «Алашорданың» кеңес өкіметі жағына шығуының психологиялық қысымдары әлі толық талданбай келеді.

Өкінішке орай, сол тұстағы булығу мен буырқаныстың ішкі иірімдері жөнінде жазылып қалған естеліктер жоқтың қасы. Тек тұтқындардың түрме тергеушілеріне берген түсініктемелері, сұраққа жауаптары, көрсетінділері, «сексоттар» (секретные сотрудники) мен үндеместердің домалақ арызы сақталған. Ал бұлар өткен оқиға туралы нақты шындықты, пайымды көзқарасты бермейді. Өйткені тұтқындағылар өзін де, өзгені де ұстап бермес үшін жалтарып, сылтау араластырып, мойындаудан бас тарта жауап берген. Бұл астыртын саяси ұйымда жұмыс істегендер үшін жазылмаған заң. Ал «Алашорда» үкіметінің мүшелері эмиграцияға кетуге өздеріне-өздері тыйым салған:

«Қазақтың – Қазақстаннан басқа отаны жоқ. Сондықтан да қазақ үкіметінің мүшелері қазақ ішінде қалуы тиіс», деп шешкен.

Өмірлері ерте үзілгендіктен де олардың өмірбаяндық естелік жазуға мүмкіндіктері болмады. Оның орынын өзге бір «Тар жол, тайғақ кешулер» толтырды. Сондықтан да «Алашорданың» басына бұлт үйірілгенде қайғы-қасіретті, қуаныш-үмітті, амалды-амалсыз булығуларды бірге өткізген башқұрт азаткері Заки Валидидің «Қатираларын» барынша тиянақты, ықтиятты түрде пайдалануға тырыстық. Тергеу барысындағы сұрақ-жауаптардың астарын ашатын бұл естеліктер «Алашорда» тарихы үшін де маңызды. Империяның, оның iшiнде кеңестiң арандату мен жазалау саясатын жақсы бiлетiн, Лениннің, Сталиннiң өзiмен бiрнеше рет бетпе-бет сөйлесiп, пiкiр таластырған Заки Уалиди (тергеу ісінде З.Валидов) ғұламаның өз «Естелiктерiн» ұзақ жылдар бойы жарияламауының негiзгi себебi – туған Отанында қалған тұлғалардың өмiрiне қауiп төндiрмеудi ойлағандығынан да едi. Ол қаупі орынды да екен. Себебі, «Қазақ ұлтшылдарының қылмыстық әрекеттерiндегi» тергеу iсiнiң негiзгi және ең басты бағыты – осы Заки Уалидидiң астыртын ұйымын әшкерелеуге құрылыпты. Бұл айып «ұлы құрбандықтардың» бәрiне де тағылып, сұрақ-жауап кезiнде үнемi алдарын орап отырыпты.

Ескерте кетеріміз, бұл мәліметтерді пайдаланғанда авторға міндетті түрде сілтеме жасау – ғылыми әдептіліктің ғана нышаны болып табылмайды, сонымен қатар сіздің сүйенген дерегіңіздің дәйектілігіне де кепілдік береді. Бұл авторлық құқықты жанкештілікпен қорғау емес, керісінше, көпшіліктің пайдалануына еркіндік беру деп есептейміз. Өйткені: бұл мағлұматтар “өте құпия” деген белгімен таңбаланып, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ерекше мұрағатында сақталған, ашық танысып, жалпылама жариялауға әлі де рұқсат етілмеген. Сондықтан да авторға сілтеме жасау арқылы ғана пікіріңіздің дәйектілігіне сендіре алатындығыңызды тағы да қаперіңізге сала кетеміз. Сонымен қатар, баяндау барысында кейбір пікірлер мен көрсетінділердің үзіндісі қайталанып пайдаланылды. Өйткені қайталанып берілген мәтіндердегі мәселе тура сол сөз етіліп отырған адамның тағдырын шешкен шетін үзінді болып табылады.

Өкiнiшке орай, ақиқаттың ақ жолы соншама тауқыметке толы болды. Осы жазалау жылдарының iшiнде олардың біразының шаңырағы ортасына түсiп, ошағының оты өшiп тынды. Олардың әйелдерi мен балаларының дені азапты жылдардың тауқыметiне төзе алмай – жүйке дертiне, сал ауруына, өкпе құртына, көк жөтелге ұшырап, қудалаудың құрбандығына айналды. Басым көпшілігінің соңынан ұрпақ қалмады. Кейбір әулет орыстанып, татарланып, өзбектеніп, шеркештеніп кетті. Ең үлкен қиянат та осы.

Айтуға да, жазуға да, мойындауға да ауыр ащы шындық.

Жұбаныштысы сол, сол бір тауқыметтен аман қалған аяулы жандардың біразы әкелерінің ақталған күнін көріп, жүрек запыранын қуаныштың жасымен жуды. Солардың біразымен: Гүлнар Міржақыпқызы Дулатова, Шолпан Ахметқызы Байтұрсынова, Бектұр Жүсіпбекұлы Аймауытов, Муза (Мәруа, Мағырипа) Жүсіпбекқызы Аймауытова, Қарашаш Халелқызы Досмұхамедова сияқты асылдың көздерімен сексенінші жылдардың аяғында жүздесіп, естеліктерін жазып алудың да сәті түсіп еді. Соны медет ете отырып, әр тараудың соңына олардың ұрпақтары туралы деректерді қысқаша баяндап өттік. Өйткені, «жаппай жазалаумен» ұрпақтардың үзіліп қалмағаны анық және деректі әфсананы түйіндеудің бір нүктесі осылай қойылуы керек сияқты болып көрінді де тұрды.

Қысқа қайырып, тұтамдай тұжырғанның өзінде де, әлқиссаны әріден бастауға, жегінің жүйесін жете шүйкелеуге тура келеді. Бар тауқыметті тереңдете түсіндірудің одан басқа амалын таба алмағанымызға біз де өкінеміз.

БІРІНШІ БӨЛІМ: ЖЕГІЛЕР ЖҮЙЕСІ

Танымадық,

Жарымадық,

Жақсыға бір іргелі.

Қолына алып,

Пәле салып,

Аңдығаны өз елі.

Абай.

Бірінші тарау: ЕЛ ЖЕГІСІ

1.

Тұлғасыз ұлт – тұлдыр ұлт. Өйткенi тарихтағы ұлы сiлкiнiстер – ұлы тебiренiстен туады. Ал ұлы тебiренiстер – ұлылардың ой толғанысы мен таным талқысынан күш алады. Қоғамдағы күйзелiстер мен буырқаныстардың тұсында тұлғалардың ақыл-ойы, рухани қуат-қайраты, қайраткерлiк қабiлетi мен мінезі шешушi және шағымды мiндет атқарады. Ұлттың келешектегi даму бағыты мен танымдық рухын, құрмет тұтар қадiр-қасиетiн, бақыты мен сорын сол сiлкiнiс пен тебiренiстердiң шарпысқан шағындағы ұлылардың адамға, ұлтқа, қоғамға деген тарихи көзқарасы, азаматтық тұлғасы, рух тазалығы анықтап бередi.

Рухы күштi, «ұлы өзегi таза», «арбасқан алақұйын заманаларда» өзiн-өзi қорғауға қабiлеттi ұлт – келешекке қол созған ұлт. Туған ұлтының, дүниедегi орыны үшiн күресе бiлетiн, ақыл-санасының, iшкi қайратының мүмкiндiгiн барынша көрсететiн, сыртқы және iшкi ықпалға көнбейтiн, тәуелсiз ой қорытып, шешiм қабылдайтын қайраткерлердің тәрбиеленіп шығуы заңды әрi тарихи қажеттiлiк.

«Iргелi жақсыға жарымаған ел» – бақытсыз (Абай). Ондай жұрттың нәсiл, ұлыс, халық ретiнде өмiр сүруiнiң өзi қауiптi әрi ұлттық қорлық. Өйткенi «қол қайраты мықты» (Абай), қандай «күштi үкiмет» (Шәкәрiм) болса да ол:

«Халықты тәрбиелей де алмайды, аздыру да қолынан келмейдi: үкiмет халықты сүйiндiредi не күйiндiредi. Ал халықты тәрбиелеу – ел иесi мен оқымысты зиялылар тобының (тұлғалардың) мiндетi» (В. О. Ключевский).

Қадым замандардан бергi табиғатпен тел өмiр сүрген, барлық қасиетiн: бiтiм-болмысын, ойлау қабiлетiн, салт-дәстүрін, әдетiн, жан дүниесiн, бас еркiн рухын, жан сергектiгiн, елдiк сезiмiн, адал рухын бойына сiңiрiп, ХХ ғасырға сол қалпында алып келген қазақ ұлты да өзiнiң ел ағалары мен тұлғаларын тарих сахнасына шығарып, елдiк намысы мен тағдырын соларға сенiп тапсырды.

Отаршыл қоғам – рухы еркін, дербес ойлау жүйесi қалыптасқан, кесек харакет-қабiлетке ие, тәуелсiз шешiм қабылдай алатын, жан дүниесі таза, болатөзек, мәдениетi жоғары, аяр идеологияға бас имейтiн тұлғаларға қарсы күрестi. Ұлттың ұяты мен намысы ұйыған ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов:

«…Қазақтар Шыңғыс хан мен Темірланның ордасының ұрпақтары, демек Америкада үндістер қалай жойылса, олардың да басына сондай сойқанды орнату керек», деп Дума депутаты Марков тісін қайраған Шыңғыс ханның тұқымы, болатөзек тұлға еді.

Қазақ елiнiң рухын тәуелсiз ұлт дәрежесiне жеткiзу жолына бүкiл арман-мұратын, қайратын, талантын тағдыр талайына салған тұлғалар сол «астан-кестен заманда» өмiр сүруiмен де Бостандық рухының қасиеттi бейнелерiне айналды. Олар ұлттың тәрбиешi зиялылары ретiнде танылып, исi алашқа мойындалды. Ұлттық биліктен айырылып, «өз қолынан өзінің ырқы кеткен соң да» (Абай) қазақтың қамын жеп, елінің мұң-мұқтажын жоқтай білді. Азаматтық Мойынсынбауды, Рухани Тәуелсіздікті, Ұлт Азаттығын мұрат тұтты. Соның нәтижесінде екі жылға жуық өмір сүрген «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметі құрылды. Сөйтіп, қазақ қауымының дербес ел ретінде өмір сүру құқығы бар екенін негіздеп берді.

Жалпы қоғамдық ой мен ұлттық сананың даму тарихы тұрғысынан алғанда, 1905-1920 жылдардағы қазақ қайраткерлерiнiң мемлекеттiк саясаты мен iшкi күресi – ұлт-азаттық қозғалыстың, тәуелсiз мемлекет құруға ұмтылған ұлттық күрестiң алғашқы сатысы едi. Қоянды жәрмеңкесiндегi бүкiлқазақтық Азаматтық мойынсынбау (петиция) қозғалысы дербес қазақ мемлекетiн құрумен тиянақталды.

1905 жылғы «халық қалаулыларының бас қосуын шақыруға, халық мұңын айтатын арыз-тілек хаттарды (петицияларды) жазуға рұқсат берген «17 ақпан манифесі» қазақ даласында да азаттық қозғалысын өрістетті. Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Тынышбаев, Ш.Қосщығұлов, Науан хазірет, Р.Марсеков, Ж.Ақбаев, О.Әлжановтардың саяси сахнаға шығуы да тікелей осы қозғалыспен байланысып жатты. Ә.Бөкейханов «Қазақтар» атты мақаласында:

«Ол құжаттарда дінге және жерге қатысты мәселелер саяси-бостандық мәселелерінен де бұрын алға қойылды. Арыз-тілек хатты дайындауға орыс әдебиетінің негізінде тәрбиеленіп, еуропалық мәдениетке құлай сенетін, отанының бақытын батыс мәдениетінің жемістерін тиімді пайдалана білу деп есептейтін, діни мәселелерді екінші қатарда қарастыратын интеллигенттер де, сондай-ақ, шығыс мәдениетімен сусындап, ұлттық-діни өзгешелікті насихаттауға ерекше ден қоятын зиялылар да араласты. Бұлардың алғашқысын батысшылар, екіншісін түрікшілдер деп атауға болар еді. 1905 маусымында қазақ даласының қақ орта тұсында, Қарқаралы оязындағы Қоянды жәрмеңкесінде 14 500 қазақтың атынан Министрлер кеңесінің төрағасына жолданған арыз-тілек хат азаттық аңсаған халықтың оянған санасының алғашқы үн қатуы еді... Тәуелсіз діни басқарма, жер, тіл, сот туралы мәселелерді қозғай келе, Мемлекеттік Думаны шақыру, оған қазақтардан депутаттар сайлау жөніндегі талаппен түйінделді... Қалаларда қазақтар барша адамның теңдігі, ұждан бостандығы, халық билігі туралы жалынды сөздер айтқан зиялыларға қосылды», – деп жазды.

Ақыл-есін жегідей жеп, жүйкесін шүйкелеген арандатуды, арбауды, қасақана мекiрелiктi, басынуды, қорлықты, аярлықты, тергеудi, түрменi, бопсаны көре жүрiп, ұлтын – «өлiп таусылу қаупiнен» (М.Әуезов), рухын – «жем болудан» (Ә.Бөкейханов) сақтап қалды. Мәскеудегі «Ресейдің қалалық және жергілікті қоғам қайраткерлерінің құрылтайына» қатысып:

«Мен Алтайдан Оралға, Сібір темір жолы торабынан Омбыға дейінгі кең кеңістікті мекендеген 4 миллион қазақ халқының өкілімін... Қазақтың бүгінгі асқан мұңы ана тілін қолдану бостандығы, оның қажеттілігі сайлау қарсаңында үгіт-насихат жұмысын жүргізу барысында ерекше артып отыр және осыған байланысты менің құрылтайдан өтінерім жергілікті тілдердің құқын шектейтін заңның тез арада қайта қаралуы талап етілсін», – деп қазақ ұлты өкілдерінің арасынан тұңғыш рет империяға саяси талап қойды.

Бұл пікірдің араға жүз жыл өткен соң да, тәуелсіз мемлекет тұсында да өзінің зәрулігін сақтап отырғаны, әрине, өкінішті.

Міне, осыдан кейін қазақ зиялылары үшін жаппай қуғын-сүргіннің сергелдеңі басталды. Ш.Қосщығұлов пен Науан хазірет жер аударылды. Ал 1906 жылы 8 қаңтар күні Ә.Бөкейханов Тұзқалада тұтқындалды. Думаға депутат болып сайлануына байланысты 30 сәуір күні амалсыз түрмеден босатылды. Реакцияшыл үкімет Думаны таратып жіберген соң еркін ойлы «Выборг тобына» қосылды. Тіміскі үкімет 1907 жылы 17 желтоқсанда Ә.Бөкейхановты тағы да түрмеге қамады. Қапаста жатып та кекті қоғамға кеткен есесін қаламмен қайырып:

«1907 жылдың 3 маусымындағы заң 4 жарым миллион қазақ халқын сайлау құқынан айырды. Үкімет, сөйтіп, бұрын олардың туған жерін күшпен тартып алған халықтың енді Мемлекеттік Думаға қатысуын да артық санаған сияқты», – деп баспасөз бетінде батыра батыл пікір білдірді.

Ақыры құзырлы үкіметтің құпия жарлығымен туған жұртында тұру құқынан айырылып, Самара қаласына жер аударылды. Онда кадет партиясының губерниялық хатшысы ретінде:

«Самараның барлық революцияшыл топтарының (октябрьшілерден бастап солшылдарға дейін) күшін біріктіру мақсатында ұйымдастырылған жұмыстарға араласты» (С.П.Швецов).

Россиядағы отар ұлттардың ар-ожданын оятып, ұлттық, діни санасын сілкіндірген және кейінгі бостандық жолындағы күреске негіз қалаған ұлы жиын – 1914 жылғы маусымның 15-25 аралығында Санк-Петербург қаласында өткен Ресей мұсылмандарының алғашқы құрылтайы еді. Бұл – Ресей бодандығындағы барлық мұсылмандардың, соның ішінде мұқым түркі жұртының бірігіп, бірге тәуелсіздікке ұмтылған алғашқы дербес саяси қадамы болатын. Осы құрылтайға дайындық қарсаңында және оның шешімдерін одан әрі жүзеге асыру барысында Ә.Бөкейханов жас патриоттарды – башқұрт Заки Валидов, қырғыз Қ.Тыныстанов, түркістандық М.Шоқаев, Х.Ғаббасов, М.Дулатов, А.Бірімжанов, М.Есполов сияқты оқымысты азаматтарды саяси ортаға тартты. Оларға хатшылық жұмыстарды тапсырып, саяси құжаттарды дайындау үшін тәжірибе жинақтауға мүмкіндік берді. Өзін ұлт-азаттық күрес жолына баулыған:

«Азербайжан Әлимардан Топшыбашев пен қазақ Әлихан Бөкейхановтың атын алдымен атаймын. Олар Россия мұсылмандарының, әсіресе, түркістандықтардың шетін мәселелерімен тереңдеп танысуыма көмек берді», – деп З.Валидов ерекше атап өтті (М.Шоқаев пен Х.Ғаббасов та, Қ.Тыныстанов та тура осындай пікір білдірген).

Ұлттық ынтымақ, саяси дербестік туралы ұғымдар мүлдем ұмыттырылған Ресей мұсылмандарының бұл құрылтайында «ар-ождан, дін, діл, тіл және күрес бірлігі» мәселесі тұңғыш рет мемлекеттік деңгейде талқыланды. Талқыға: шығыстық, батыстық және түркілік даму нысаны ұсынылды. Көзқарастар қайшылығы асқына келіп Ресейдегі мұсылмандар мен түркі тектес жұрттарды ымырасыз үш жікке бөлді. Өркениетке бүйірден кеп қосылған қыр елінің болашақтағы даму бағдарын анықтау мақсатында Әлихан Бөкейханов сол тұстағы Ресейдегі ең беделді мемлекет қайраткері А.Керенскиймен 1914 жылдың шілде айында және 1915 жылдың мамыр мен қазан айларында үш рет пікір алысты. Сол құрылтайда Әлихан Бөкейханов:

«Біз шығыстың сәлдесімен, сарттың ала шапанымен, молданың мәсісімен өркениеттің табалдырығын аттай алмаймыз. Діни ісі мемлекеттен бөлінген, ұлттық-демократиялық қоғамды құруға ұмтылуымыз керек», – деген мағынадағы әйгілі қанатты сөзін айтты.

Бұл пікірін ол:

«Орыстандыру саясатынан зардап шеккен өлкелердің қай-қайсысы сияқты, қазақ халқы да ескі үлгідегі үкіметке наразы және орыс оппозициялық партияларына іш тартады. Қазақ арасында қалыптасқан екі саяси бағытқа сәйкес, Дала өлкесінде таяу уақыттың ішінде екі саяси партия ұйымдасуы мүмкін. Оның бірі, бәлкім, ұлттық-діни партия деп аталар, оның мақсаты қазақтарды өзге мұсылман халықтарымен діни негізде біріктіру. Екінші бағыт, қазақ даласының болашағы (осы сөздің барынша кең мағынасында) батыс мәдениетін саналы түрде игеруде деп білетін батыстық ұстанымдағылар. Алғашқысы, сірә, мұсылман татар партияларының үлгісін ұстанар, екіншісі оппозициялық орыс партияларының, оның ішінде Халық бостандығы партиясының жолын ұстанатын болар», деп («Қазіргі мемлекеттердегі ұлттық қозғалыс түрлері». Саяси мақалалар жинағы. 1910.) нақтылай түсті.

Бұл қазақтардың дербес саяси партия құру мүмкіндігі туралы саяси болжамының өмір шындығына айнала бастауы еді. Соңғы жол – Әлиханның өзі ұстанған жол, кейіннен «Алаш» партиясының бағдарламасына негіз қалаған алғашқы жоба еді.

Ә.Бөкейхановтың мүфтият пен майданға азамат беру туралы ұстанымы сол тұстағы қазақтарды да, оған баға берген тарихшыларды да екіұшты пікірге қалдырды. Алаш көсемі көшпелі қазақ елін тарихи дамудың жаңа сатысына көтеріп, оны өркениетке тартуды көздеді. Бұл – заманның ағымы мен бәсекесіне ілесе алатын, озық жұрттың «дағуасына кіріп, қаруының тілін білетін, білгенін оған қарсы пайдалана алатын» (Абай), ел үшін де, діл мен тіл үшін де, тәуелсіз мемлекет үшін де күресе алатын азаматтық қоғам орнату мақсатынан туған ұмтылыс еді. Қазақ азаматтары майданға бару арқылы:

1. Далада тұйықталып қалмай, өркениетті жұрттың даму дәрежесін көреді, олармен араласу арқылы саяси санасы оянады, қазақ тұрмысын түзетудің жолын іздейді.

2. Зеңбірек пен пулеметке қарсы сойыл мен шоқпар алып шығудың үмітсіздігін көріп, майдандағы қолданылған қару-жарақтың тілін біледі, сөйтіп, жазалаушы патша әскерімен соғысудың әдіс-тәсілін үйренеді.

3. Ғылым мен білімсіз, мәдениетсіз бұл дәрежеге жете алмайтынына көзі жетіп, өзінің білгенін бодан халыққа насихаттайды.

Бұл үшеуінсіз қазақ ұлты ешқашанда тәуелсіздікке жетпейді:

«Жігіттер қаза тауып, бейнетке ұшырар. Бірақ ел іргесі бұзылмайды. Көнбесе… бас пен малға әлегі бірдей түседі, елдің іргесі бұзылады. Ол жұртқа келген бір опат», – деп түсіндірді.

Ол Батыс майданының тыл жұмысы басқармасы жанынан бұратана халықтар бөлімін ұйымдастырып, қара жұмысқа алынған аз ұлт өкілдерінің мұқтажын шешіп отырды.

Ақпан төңкерісі күндерін Ә.Бөкейханов Минскіде қарсы алды. Керенскийдің бұйрығымен Ә.Бөкейханов – Торғай облысындағы, М.Тынышбаев – Жетісу губерниясындағы Уақытша үкіметтің комиссары (өкілі) болып тағайындалды. Қазақ даласына жолға шығар алдында саяси күреске дайындалу мақсатында Мемлекеттік думаның мұсылмандар фракциясының мүшесі Заки Валидовке тапсырма беріп кетеді. З.Валидов:

«Орынбордағы Торғайдың губернаторы болып тағайындалған Әлихан Бөкейхановпен және басқа да қазақтармен келісіп, енді Москвада өтетін мұсылмандар құрылтайында көтерілетін мәселелерді» талқыға ұсынды».

Ресей бодандығындағы мұсылмандардың саяси ойлау жүйесін өзгерткен бұл құрылтайда Түркістанға, Қазақстанға, Татарстанға, Башқортстанға, Азербайжанға автономия беру мәселесі тұңғыш рет көтерілді. Соған дайындық ретінде З.Валидов Түркістан мұсылмандарының құрылтайын өткізуге Ташкентке барды. 1917 жылы 16 сәуірде ашылған құрылтайға Түркістанды басқаратын уақытша комитеттің мүшелері – кадет Львов бастаған генерал Ғабделғазиз, Садри Максуди, қазақ Мұхамеджан Тынышбаев та келді. Заки Валидов:

«Россия федеративтік мемлекет болуы керек», – деген жоба ұсынады.

Бұл ұсынысты қоқандық Әмірәли Захири, түрікмен Бердіқожа, қазақтар Тынышбаев пен Әбдірахман Оразаев қолдап шығады. Бұл да тәуелсіз мемлекетке жетудің алғашқы баспалдағы еді. 17 сәуірдегі федеративтік құрылымды Мұстафа Шоқайдың қолдамағаны, ең соңында қалыс қалғаны тосын дерек. З.Валидов өзінің «Қатирасында»:

«Мұндағылар ғана емес, Петербургтегі Ахмет Цаликов та қарсы шығып, менің іс-әрекетімді шектеу туралы Мұстафа Шоқаевқа бір жеделхаттан кейін екінші жеделхатты жіберіп жатты. Басқару құрылымы және басқа да маңызды құжаттар туралы шешімдер Бехбуди, Әбижан Шатақ, Әбдірахман Оразаев, Түркістан уақытша комитетінің мүшесі Мұхамеджан Тынышбаев, өз әріптестеріне қарағанда өзгеше пікір ұстанған генерал Дәулетшин мен Максуди сияқты беделді адамдардың ықпалына сенген қарапайым, хат танымайтын қазақтар мен өзбектердің дауыс беруімен қабылданды, олар федеральдық құрылымды қорғады және құрылтайда қабылданған қаулыны құттықтап сөйледі», – деп жазды.

Бұл – аса маңызды, түркі тектес ұлттардың Ресейден іргесін бөліп, жеке республика ретінде өмір сүруді мақсат еткен ең қасиетті шешімі еді. 7-мамыр күні Москвада Ресей мұсылмандарының құрылтайы өтті: онда ұлттың өзін-өзі билеу құқығы мен федеративтік құрылымды жақтап – 446 делегат, қарсы – 271 делегат дауыс берді. Мемлекеттік думаның жанынан Ресей мұсылмандарының біріккен атқару комитеті (ИКОМУС) құрылды. Қадымдық және жәдидтік бағытқа ымырасыз жіктелген мұсылман қауымының Абай атап өткен «нақыли өкілдері» Ә.Бөкейхановтың бұл пікірін барынша теріс түсініп, оны:

«Кәфірдің кәфірі, дінсіздердің дінсізі! Мұсылмандар! Оған жоламаңдар! Айтқан тілін алмаңдар! Артынан ермеңдер! Иттің үргеніне аспандағы Айдың нұры кетпес!», – деп «Ығламнама» жариялады.

Ал М.Тынышбаев ата мекенінен айырылған Жетісу мен қырғыздардың жерін өздеріне қайырып беруге Ю.Шкапский екеуі шұғыл түрде кірісіп, жарты миллионнан астам босқындарды еліне қайтарып әкелді. 1916 жылғы жазалау операциясына қатысқан әскери отрядтардың үстінен тергеу ісін жүргізді. Бұл халықтың рухын көтеріп, сенімін оятты. Мұның барлығы жинақталып келіп қазақтың тәуелсіз мемлекеттігінің идеясына ұласты.

1917 жылы шілде-тамыз айларының өліарасында Жалпылқазақтық І құрылтай шақырылып, «Алаш» партиясы тарих сахнасына шықты. Діни басқарма мемлекеттік құрылымнан тыс мекеме деп танылды. Алаштың ұлттық идеясы бес түрлі тұжырымға негізделді.

Бірінші ұстаным: жер, жер және жер. Жерсіз Отан жоқ. Әлихан Бөкейхановтың ұйғарымы бойынша: «Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жеке меншікке де, қоныстанушыларға да берілмейді».

Екінші ұстаным: жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық игілік қазақ мемлекетіне қызмет етуі керек. Ә.Бөкейхановтың айтуынша: «Оның әр бір түйір тасы қазақтың өңіріне түйме болып қадалу керек» болатын.

Үшінші ұстаным: Ә.Бөкейхановтың жобасы бойынша, «Қазақтың жерінде өндірілген «бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі» керек, яғни, толықтай экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізуге ұмтылуы тиіс еді.

Төртінші нысана: қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тіл, дін, діл үстемдігі болуы керек.

Бесінші, түпкі мақсат: ғылымға, ұлттық салт, дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып, Жапонияның үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет құру еді.

Қазақ елінің өзінің қоғамдық даму сатысында тығырыққа тіреліп, жан дауысы тамаққа тығылып, арпалысқа түскен шағында заманалар толқыны аударылып түсті.

2.

Орыс халқының өзін және өзінің боданындағы аз ұлтты қанды шеңгелінде ұстаған монархия құлады. Шет аймақтарды былай қойғанда, Россияның өз ішінде хаос пайда болды. Революциялық қозғалыс күшейді. Керенскийдің әмірі бір жерде жүріп, бір жерде жүрмеді. Сондай бейуақ күйге қазақ даласы да түсті. Ел ішінде әрі-сәрі жағдай орнады. Анархиялық, стихиялық қақтығыстар күшейді. Биліксіз елде сенделіс басталды. Түркістан өлкелік генерал губернаторы Куропаткин барлық уездік, қалалық мекемелерге:

«Бірінші елді мекендердегі тұрғындарды жиып, 12-15 адамның мөлшерінде кеңес сайлансын. Екінші қоғамдық кәсіптік советтер құрылсын. Үшінші жаңа сайланған өкімет полицияны, әкімшілік мекемелерді алмастырсын. Төртінші тыңшылар мен жандармерияның ісі тоқтатылсын. Бесінші жаңа өкіметтің жарлығы шыққанша бұрынғы әкімдер орнында қалсын», – деп бұйрық берді.

Ал, тек қазақтардан тұратын аудандар не істеуі керек? Олар да земствоға өз өкілдерін ұсынды. Жеке кеңес шақыру қажеттігі туды. Оны ұйымдастыруды Уақытша үкіметтің қазақ даласындағы комиссары Әлихан Бөкейханов қолына алды. 1917 жылы сәуірде Оралда Жалпықазақ кеңесі шақырылды. Боданға түскен екі жүз жылдың ішінде тұңғыш рет өткен халықтық кеңесті Ахмет Байтұрсынов ашты. Ол ұлттың қазіргі ұстанатын бағыты, ақпан революциясының саясаты туралы баяндама жасады.

Бұл ұлттық кеңес қазақ мемлекеттігінің мәйегін ұйытқан ұлы мәжіліс ретінде тарихта мәңгі қалатын кеңес болды. Сол сәттен бастап Ахмет Байтұрсынов ұлттың ұйытқысы, ұлт көсемі, ұлттың рухани қормалы ретінде жалпы ұлттық киеге айналды. Қазақтың революцияға дейінгі қалыптасқан ұлттық интеллигенциясы осы кеңесте бүкілқазақтық саяси партия құру мәселесін көтерді. Бұл сол кездегі қалыптасқан тарихи жағдайға байланысты бірден-бір қажетті шара еді.

1917 жылы тамыз айындағы бүкілқазақ құрылтайында «Алаш» партиясы мен «Алашорда» Халықтық кеңесі құрылды. Алаш – қазақ ұғымының баламасы. Сол кездегі ресми іс-қағаздарда қазақтар – «киргиз» деп жазылып жүргендіктен де, Қырғыз автономиясы деген атаудан бойларын аулақ салып, ХIII-XV ғасырлар арасында атой атқа айналған: «Ұраным – алаш, керегеміз – ағаш!», – дегендегі «Алаш» ұранын мемлекеттің аты ретінде таңдап алды. Алаш идеясы мен «Алашорда» халық кеңесі қазақ тарихынан мәңгілік орын алатын көшпелі қоғамдағы тосын құбылыс боп қалды.

«Алаштың» ұйымдық-саяси мәселе қараған II съезі 1917 жылы 5-13 желтоқсан аралығында Орынбор қаласында өтті. Оған бүкіл қазақ елі өз өкілдерін сайлады. Құрылтай қабылдаған алғашқы алқалы шешімнің бірінші сөйлемі:

«1. Өзара партиялық (сайлау) бақталастықтарды жойып, бірігу туралы Үндеу жазу. Ол Міржақып пен Ахметке жүктеледі», деп басталды.

Құрылтайда қатты қадағаланып, ұзақ талқыланған мәселе – автономия, милиция, кеңес мәселесі болды. Орынбордағы казак әскерінің өкілі Меньшин автономияны қолдай отырып, «Алаш» автономиясын Оңтүстік Шығыс Одағына қосылуға шақырды, ал М. Шоқаев қазақ пен қырғыз бір автономия құрап, Түркістанның құрамына кіруді ұсынды. «Алашорданың» құрылымдық жобасын ұсына отырып Халел Ғаббасов:

«Октябрь айына дейін халықтың сеніміне ие боп, билеп келген Уақытша өкімет құлады. Россия мемлекеті үкіметтен айырылды. Белгілі үкіметке бағынбай әркім өзінше билік етсе, азамат соғысының тұтанып кетуі мүмкін. Анархия толқыны бүкіл мемлекетті, үлкен қалаларды да, кіші ауылды да жайлап барады. Ол қазақтар тұратын облыстарға да тарап, халықтың өмірі мен дүние мүлкіне қауіп-қатер төндірді. Олар қорғансыз қалды. Тығырықтан шығудың жолы қазақ болыстары түгел мойындайтындай мықты үкімет құру керек.

Екінші: мемлекет қазір басынан үлкен күйзелістерді кешіріп отыр: жаппай құлдырау мен анархия өріс алып, кісі өлімі көбейді. Бұл анархияның зардабы қазақ облыстарына тарау қаупі төнді. Қалыптасқан төтенше жағдайға арпалысқан анархияға қазақ халқы енжар қарай алмайды. Бұл анархия қазақ облыстарында бұрқ ете қалса, ешқандай қорғанышы жоқ қазақ халқының мүлдем құрып кетуі мүмкін. Сондықтан да аласұрып, төніп келе жатқан анархиядан ел-жұртты аман сақтау үшін, халық жасағын құру керек», деп ұсыныс жасады.

Х.Ғаббасовтың сол жобасы бойынша Съезд мынадай шешім қабылдады:

«Қаулы: Төмендегі ережелерге сәйкес шұғыл түрде халық жасағы (милиция) құрылсын:

I. Милиция қатарына жасы 20 мен 35-тің арасындағы, қызметке жарамды ер адамдар қабылданады. II. Милиция қатарына өзі ерік білдіргендер алынады, ал белгілі мөлшердегі санға ерік білдірушілердің саны жетпегсн жағдайда, онда кімнің қызмет етуі жеребе арқылы шешіледі. ІІІ. Өз еркімен немесе жеребе арқылы қызметке алынған милиционерлерге ұлттық фондының есебінен жалақы беріледі, ал жалақының көлемін жергілікті жағдайдың ерекшелігін ескере отырып жергілікті ұйымдардың өзі, не милиция мекемесінің меңгерушісі төлейді. IV. Әр облысқа белгіленген милиционерлердің санын облыстар уездерге, уездер болыстар мен ауылдарға бөледі. V. Облыстық мекемелердің уездерге белгіленген мөлшердегі милициялардың толықтай жиналуына уезд мекемелері жауапты. VI. Жеребе бойынша милиция қатарына алынған адам өзінің орнына 20-35 жастағы басқа біреуді жіберуге қақысы бар. VII. Егер де жеребе бір үйдегі бірнеше адамға қатар түскен жағдайда олардың біреуі ғана алынады. Жасақтардың семья және басқа да жағдайына байланысты жеңілдік жасауға жергілікті мекемелер міндетті. VIII. Алғашқы кезде әрбір ауылдағы қауымдар өздерінен алынған милиционерлерді атпен, ер-тұрманмен және киіммен қамтамасыз етуі тиіс. IX. Жасақтарға қажетті мылтық, оқ-дәрі мен қылыштар “Алашорданың” ұлттық қорының есебінен сатып алынып, жер-жерге бөлініп беріледі. X.Милиционерлерді жаттықтыру үшін офицерлер мен инструкторлар: 100 милиционерге 1 офицерден, 50 милиционерге 1 инструктордан келетіндей мөлшерде қабылданады. XI. Офицер кадрларын даярлау үшін өзі тілек білдірген адамдар Орынбордағы казак-юнкер училищесіне орналастырылады. XII. Бөкей, Орал, Торғай, Ақмола, Семей және Жетісу облыстары бойынша жалпы милиционердің саны 13.500 болуы керек, ал облыстар бойынша былай бөлінді: Бөкей 1.000, Орал 2.000, Торғай 3.000, Ақмола 4.000, Семей 1.500 және Жетісу 2.000 адам».

«Алашорданың» конституциялық программасында армия ұстау және оған қаражат бөлу жағы қарастырылмады. Жасақтар тәртіп пен тыныштық сақтау, анархиялық қимылдардан қорғану мақсатында құрылды. Сол күннен бастап «Алашорда» үкіметінің әскери жобасын жасаған Х.Ғаббасов бас әскери кеңесшісі ретінде қаралып, кеңес өкіметі жағына шыққаннан соң да қатаң бақылауға алынды. Сөйтіп, кез-келген сәтте оны арандатуға мүмкіндік туатындай айғақтар алдын-ала дайындалып қойды.

Сол құрылтайда оқу жөніндегі комиссияның төрағалығына Ахмет Байтұрсынов сайланды. Бұл заңды таңдау еді. Өйткені қазақ тілінің грамматикасы мен фонетикасы, синтаксисі мен этимологиясы туралы тұңғыш «Оқу құралын» жазған да, түп сөз, түбір сөзден – құрмалас сөйлемге, зат есімнен – одағайға, бастауыштан – пысықтауышқа, шылаудан – тасымалға дейінгі терминдердің авторы да Ақаң – Ахмет Байтұрсынов болатын.

Шұғыл түрде қаралған оқу-ағарту мәселесі қазақ халқының әбден жегісін жеп, рухани мұқтаждыққа ұрындыратындай халге душар еткен ділгір іс еді. Комиссияның алғашқы отырысында Оқу жөніндегі Дулатовтың баяндамасы тыңдалып, бір ауыздан мынадай қаулы алынды. Онда:

«Бастауыш және орта білім беретін қазақ мектептеріне арналып қазақша оқулықтар құрастыру үшін 5 адамнан алқа құрылсын, комиссияға өзіне қажетті адамдарды шақыруға право берілсін. Алқа Орталық ұлттық кеңес орналасқан жерде жұмыс істесін. Алқа мүшелері оқулықтардан басқа: а) Ұлттық мектептерге арналған программа жасау, б) Мұғалімдерге жетекшілік ету, в) Балалар тәрбиесі туралы кітап шығару, г) Барлық қазақ мектептеріндегі халыққа білім беру жүйесінің тәртібін белгілеу, д) Қазақ тілінің жазу үлгісін реттеу, е) Пайдалы кітаптар мен кітапшаларды қазақ тіліне аудару – мәселесімен де шұғылданады.

Комиссия іске 1918 жылдың басында кірісуі керек және ең алдымен өздерінің іс-жоспарын газетке жариялауы тиіс. Комиссия өз ісіне кіріскеннен кейін, алты айда көпшілік алдында баспасөз арқылы есеп беріп отыруға міндетті. Жариялануға ұсынылған кітаптардың данасын (тиражын), сонымен қатар, қажетті кітапты басып шығаруға кететін қаржының мөлшерін комиссияның өзі анықтайды. Комиссия белгілеген ақшаның мөлшері шұғыл түрде облыстық земствоның комиссиясына жіберіледі немесе бұл сома ұлттық қордан бөлінеді.

Комиссияның құрамында жоқ, бөгде адам құрастырған оқулықтар – комиссия құптап, рұқсат еткен соң ғана мектепте пайдаланылуға жіберіледі. Сонымен қатар, комиссияда мақұлдаған оқулықтарды сол комиссия автормен келісе отырып халықтың меншігі деп жариялайды. Егер де, басқа адамның оқулығын жаратпаған жағдайда, комиссия мәжілісінде талқыланған кезде, ол адам сол жиналысқа шешуші дауыспен қатысады. Комиссияның алғашқы жылдары құрастырған оқулықтары халықтық меншік, ал 3 жыл өткен соң автордың меншігі болып саналады. Программада көрсетілген жұмыстарды атқарып біткен соң, комиссия есеп береді, ал қарауындағы кітаптар мен ақшаны қазақтарды басқару жөніндегі басқарманың нұсқауымен тиісті мекемеге өткізеді.

Комиссияның 1918 жылға арналған кіріс-шығысы төмендегідей мөлшерде бекітілсін: комиссияның бес мүшесінің әрқайсысының айлық жалақысы 800 сом, кеңсе жалдау үшін жылына 4.800 сом; комиссияның қажетті жұмыспен шұғылдануына жылына 1.800 сом, әр түрлі материалдарды сатып алуға жылына 6000 сом, кеңсе шығынына жылына 2.400 сом. Бұл қаржы әр облыстағы жан басының санына қарай төмендегі тәртіптен бөлінсін: Сырдария облысы – 13.050 сом, Жетісу облысы – 8.700 сом, Семей облысы – 8.700 сом, Орал облысы (Маңғышлақпен қосылып) – 7.250 сом, Ақмола облысы – 5.800 сом, Торғай облысы – 5.800 сом, Ферғана облысы – 4.350 сом, Бөкей ордасы – 3.100 сом, Самарқанд облысы – 1.450 сом. Жоғарыда көрсетілген 58.200 сомның жартысын облыстық земстволар қаңтар айында «Алашордаға» табыс етуі тиіс», – деп атап көрсетілді.

«Алашорданың» бұл жобасын А.Байтұрсынов кейін кеңес өкіметінің Оқу-ағарту халық комиссары ретінде одан әрі жалғастырды. Көрсетілген іс-шаралар 1913-1928 жылдар аралығында толықтай жүзеге асты.

1905 жылғы Қоянды жәрмеңкесінде бүкілқазақтық азаттық қозғалысы ретінде басталып, автономиямен тиянақталған бұл құбылыс – ұлттық дамудың тәуелсіздік бағытын ұстаған қазақ қайраткерлерінің үлкен жеңісі еді. 1917 жылы 2 қараша күні кеңес өкіметі «Россия халықтары праволарының декларациясын» жариялады. Онда:

«1. Россия халықтары тең праволы және суверенді. 2. Россия халықтары бөлініп шығып, өз алдына дербес мемлекет құруға дейінгі еркін (мемлекетін – Т.Ж.) өзін-өзі билеуге құқылы. 3. Ұлттың және ұлттық-діни артықшылықтар мен тежеу біткендердің бәрі жойылады. 4. Россия территориясын мекендеген ұлттардың және этнографиялық топтардың еркін дамуына жол беріледі», деп (Сол жылдардағы аударма – Т.Ж.) жазылды.

Бұл колонизаторлық-миссионерлік, шовинистік езгідегі ұлттарға тәуелсіздік алу мүмкіндігін беретін алғашқы ресми құжат еді. Ұлттар туралы декларация, шындығында да, өзінің тарихи миссиясын орындады. Бірақ та оның жүзеге асу жолы аса қиын әрі қанды қыспаққа толы болды. Сонымен қатар осы декларацияның мазмұны мен құқықтық нормаларын нақтылай түсу мақсатында және Түркістан мен Қазақстандағы, Кавказдағы ұлттардың бөлініп кету мүмкіндігі молайып, империяның құлау қаупін тудыратынына көзі жеткенде, кеңес өкіметі асығыс түрде 1917 жылы 20 қарашада «Россияның және Шығыстың барлық еңбекші мұсылмандарына» Үндеу жариялады. Екеуіне де Ленин мен Сталин қол қойды. Екінші үндеуде:

«Бұдан былай сіздердің нанымдарыңыз бен әдет-ғұрыптарыңыз, сіздердің ұлттық және мәдени мекемелеріңіз ерікті және қол сұғылмайтын болып жарияланады. Өздеріңіздің ұлттық өмірлеріңізді еркін және бөгетсіз құра беріңіздер. Сіздердің бұған праволарыңыз бар», – деп жар шашты.

Нағында бұл кеңес өкіметін нығайтып алғанша алдарқата тұратын «бір жапырақ қағаз ғана» (Ленин) болатын. Бұл үндеулер сол кезде Ресей империясына қарайтын аса үлкен территорияны алып жатқан аз ұлттардың назарын өзіне аударып, оларды кеңес өкіметін мойындауға мойын бұрғызатын тәсіл еді. Екіншіден бұл бір ұлтты қанаушы және езілген тап деп екіге бөлетін жымсытпалы саяси амал болатын.

Тарихи мүмкіндікті дер кезінде пайдалана отырып 1917 жылы 29-қарашада – Башқұртстан тәуелсіз мемлекеті, 5-желтоқсанда «Алашорда» автономиясы жарияланды. Тәуелсіздік декларациясы жарияланысымен З.Валидов:

«...жоғарыда аты аталған қазақ көсемдерімен (Ә.Бөкейхановпен, А.Байтұрсыновпен – Т.Ж.) ақылдаса келіп (Башқұртстан автономиясы жарияланбастан бұрын) қарашаның басында үш нұсқа жағырапиялық картаның: 1) Үлкен Башкирияның, 2) Кіші Башкирияның 3) Шығыс Россиядағы мұсылман обылыстарының еркін Федерациясының картасын жасатты. Бұл картаны Башқұртстан автономиясының Декларациясы жарияланған кезде таратты. ...1918 жылы Самара қаласында Башқұртстан мен Қазақстан үкіметі өкілдерінің келісімімен қайталап бастырды».

Бұл бодан елдің өз бостандығын мұқым дүниеге жария етуге ұмтылған амалы әрі мемлекеттік шекарасын растайтын тарихи айғақ еді. Сондай-ақ ол «Алашорда» үкіметінің де тарихи тағдырын да қамтиды. Тегі мен тағдыры ортақ екі үкіметтің қайраткерлері азаттық үшін ынтымақтаса күресті. Сол тарихи күндердегі қарбалас оқиғаларды араға қырық жыл өткен соң З.Валидов:

«1917 жылы 20-желтоқсанда Башқұртстанның үшінші құрылтайында тәуелсіз республика ретінде ресми заңмен бекітілді. Қазақтардың құрылтайы сәл ерте өткенімен, әлі де тарқап үлгермеген болатын. Біздің құрылтайға бақылаушы есебінде Сейдазым Қадырбаев пен Мұстафа Шоқаев қатысты. Он күннен кейін Қоқанда құрылған Түркістан тәуелсіз үкіметінің сыртқы істер министрі болып сайланды. Мен де екі рет қазақтардың құрылтайына бақылаушы ретінде қатыстым. Екі құрылтай да бір-бірін құттықтады», – деп еске алды.

Тәуелсіздік жарияланысымен шұғыл түрде ұлттық әскер жасақталды. Ә.Бөкейханов «Алашорда» автономиясының саяси және территориялық дербестігін ресми түрде бекіттіру мақсатында Сібір үкіметімен келісім жүргізді. Колчак үкіметі «Алашорда» үкіметін мойындаудан бас тартып, оларды әскери соғыс жағдайындағы жазаға тартуға бұйрық берді.

Сондай қысылтаяң шақта, 1918 жылы наурыз айында Сталин телеграф арқылы «Алашорда» үкіметімен «сымсыз байланысқа» шығып, алаш атынан өкілдік етіп сөйлескен Халел Ғаббасовқа қазақ автономиясын мойындайтынын мәлімдеді. Тәуелсіздікке бет алған азаттық жолының сүйінші хабары мына құжаттан басталады:

«1918 ж. 19 мартта совет үкіметінің мүшесі, ұлт жұмыстарын басқарушы комиссар Сталин Мәскеуден Семейдегі «Алашорданың» бастығы Әлихан Бөкейханов һам оның жолдасы Халел Ғаббасовты ауызша сөйлесетін төте телеграфқа шақырды. Ертеңінде 20-мартта комиссар Сталин мен Халел сөйлесті. Сталин «Алаш» автономиясы туралы сөйлеспекші екен. Екі жағы өз пікірлерін айтысып, ақырында совет үкіметінің атынан халық комиссары Сталин мынаны айтты (Сталин сөзін өзгертпестен түгелімен тәржіма қыламыз):

Русиядағы халықтардың құқықтары туралы Халық комиссарлары шығарған белгілі ережесі бұл күнге шейін ұлт мәселесі тақырыпта (жөнінде Т.Ж.) совет үкіметінің негізгі қызмет жобасы болып келеді. Үшінші советтер съезі осы ережені жайғастыруға қаулы қылды. Өзіңіз бізге тапсырып отырған жалпы қазақ-қырғыз съезінің қаулысы түгелімен жоғары жобаға муафық келеді. Бірақ жалғыз-ақ шарт қоямыз: егер сіздің съезіңіздің қаулысы өкілдеріңіздің совет үкіметін тануға халаф болмаса болғаны. Үшінші советтер съезі советский федерация низамын жасап һам бұл мизам ІҮ советтер съезінің бекітуіне салынсын деп қаулы қылынды. Бұған қарағанда енді сөзді қойып, іске кірісу керек, яғни, әрбір тұрмысы, салты басқа халықтар жергілікті советтермен қосылып, автономия, федерация алу құқы, басыбайлы бөлініп кету секілді ұлт ниеттерін жарыққа шығаруға съез шақыратын комиссия құруға тырысу керек. Біз ойлаймыз, жалпы қазақ-қырғыздың өкілдері тез қамданып, ыңғайлы уақытты өткізбей, жергілікті советтермен бірігіп, әлгідей комиссияны құрар. Сізден өтінеміз, біздің жауабымызды «Алашорданың» кеңесіне салып, жауап қайтарсаңыздар екен. Адрес: Мәскеу, Кремль, Халық комиссарларының бастығы Ленинге һам Халық комиссары Сталинге».

Міне, «Алашорда» мен кеңес үкіметінің арасындағы алғашқы және басты келісім құжаты осы. Бұл – қазақ мемлекеттігін құруға мүмкіндік берген ресми құжат. Яғни, Әбілқайырдың бодандыққа кіру туралы Анна Иоановнаға берген, тек қана ақ параққа қолы қойылған қағаздың құнын да, күшін де жоятын ұлы құжат. Ал большевиктер автономияға қарсы күресіп, жанталаса шағынды. 21 наурыз күні «Алашорда» үкіметі 11 баптан тұратын келісім шартты Кремльге жіберді. Онда мына шарттар:

«1. 1917 жылдың желтоқсанының 5-нен 12-не дейін Орынборда өткен жалпы қазақ съезінің қаулысы бойынша «Алаш» автономиясы жарияланды және оның территориясына Семей, Ақмола, Торғай, Орал, Сырдария, Ферғана, Жетісу, Бөкей ордасы, Закаспийский облысының Маңғышлақ уезі, Самарқан облысының Жизақ уезі, Амудария бөлімі, Алтай губерниясына қараған Бийскі, Барнаул, Змейногор уездеріндегі қазақтар басым қоныс жайлаған жерлер кіреді.

2. «Алашорда» үкіметіне қазақтан басқа ұлттардың ішінен азынан аз, көбінен көп мөлшерде жиыны он адам мүше боп кіреді.

3. Заң шығаратын және билейтін орын «Алашорда».

4. Облыстық бөлімдердің көмегіне сүйеніп Құрылтайды шақыру «Алашорданың» құқында болады.

5. Өкілдерді уездер, қала тұрғындары сайлайды.

6. Бұл заң күшіне енгенше бұрынғы земстволық және қалалық құрылымдар жұмыс істейді.

7. Қазақ-қырғыздар арасындағы істі сайланған соттар қарайды.

8. Құрылтайдың қаулысына сәйкес қазақ-қырғыз милициясы құрылады.

9. «Алашордаға» байланысты түрмеге қамалғандар босатылсын және оларды қудалау тоқтатылады.

10. Москвадағы «Алашордаға» қатысты істерді елші ретінде Халел және Жаһанша Досмұхамедовтер жүргізеді.

11. Осы шарттарды кеңес өкіметі қарап, келісімге отыруы тиіс», деп атап көрсетілді.

Бұл ұсынысқа «мәселені тездетіп шешіп, сөзден іске көшуді» ұсынған Ленин мен Сталин бір айдан астам уақыт жауап бермеді. Азаматтық соғыс жүріп жатқан ел үшін бұл өте ұзақ уақыт. Сондықтан да шұғыл түрде тағы да 1918 жылы 21 сәуірде «Алашорданың» күншығыс бөлімінің бастығы Халел Ғаббасов Ленин мен Сталинге:

«Қазақ автономиясы мәселесі қазақ халқы үшін өмір мен өлім мәселесі болып табылады. 2-сәуір күні комиссар Сталин арқылы тура, сымсыз тораппен жолданған Халық комиссарлары кеңесінің көзқарасы қазақ халқының арасына аздаған жұбаныш әкелді.

Алайда жергілікті халықтың табиғи талабына өктемдікпен қарау жергілікті кеңес депутаттары тұрғысынан тиылмай отыр. Қазақ ұйымдарын қудалау, олардың мүшелерін тұтқындау қазақ жұртын алаңдатып, ұлттық араздықты өршітеді. Бұл отты дер кезінде өшіру керек және ұйымдастыру жұмыстарына шұғыл түрде кірісіп, бас көтеріп келе жатқан аласапыран мен толқулардың алдын алу қажет. Қазақ халық кеңесі қазақ халқының талабын бұлжытпай орындайды, сондықтан да автономия идеясын тездетіп жүзеге асыруға мүмкіндігінше күш салады және сіздерден шұғыл жауап күтеміз. Ресми мәліметімізді 3-сәуір күні тура сымсыз торап арқылы жолдадық.

«Алашорданың» төрағасының орынбасары Ғаббасов», деген жеделхат жолдады.

«Алашордамен» екі ортадағы келісімді жүргізген Сталин басқарған өкімет араға тура он жыл өткен соң екінші «әріптесін» – Халел Ғаббасовты түрмеге қамап, ату жазасына кесті.

Сол жылы 15 мамыр күні Қостанай қаласында «Алашорда», Башқұртстан, Қоқан автономияларының құпия кеңесі өтті. Онда Қазақстанның, Башқұртстанның, Түркістанның саяси жағдайы туралы мәлімдеме жазылып, оны бүкіл әлемге тарату үшін Жапония үкіметіне жеткізу мәселесі қаралып, мақұлданды. Жапонияның таңдап алынуының себебі, бұл ел Ресейдің одақтасы болатын. Сол арқылы халықаралық үрдісті сақтауды көздеді. Қалыптасқан әскери қоршау жағдайында Урал мен Қазақстан аймағындағы біріккен мұсылман Мемлекетін құру идеясы да ұсынылды. Башқұрт әскері жеңістен жеңіске жетіп, Қазақстан мен Түркістанға бет алды.

«Кеңес өкіметіне қарсы башқұрттар мен қазақтардың бірігіп күресуі (большевиктердің) өшпенділігін өршіте түсті» (З.Валидов).

1918 жылдың 6 (19) маусым күні кешкі сағат 6-да «Алашорда» жасағы Семейге келіп, әскери саппен Никольский шіркеуінің алдынан жүріп өтті. Шеруді сол күні қалаға келіп үлгерген «Алашорда» үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейханов қабылдады. Алаш жасағының командирі подполковник Тоқтамысов «Алла жар!», – деп ұран салды. Барлық жасақ «Алла жарлап!» шеруден өтіп, бірден майданға аттанды. «Алашорда» кеңесінің мүшелері – Ә.Бөкейхановтың, М.Тынышбаевтың, Х.Ғаббасовтың атынан шұғыл түрде:

«Екінші қазақ-қырғыз құрылтайының қаулысы бойынша 11/24 маусым күні «Алашорда» үкіметі Алаш қаласында ресми түрде іске кірісті... Семей мен Ақмола облыстарында милиция жинау ісіне аса шұғыл кірісіп, отряд құрылды. Отрядтардың бірсыпырасы атты казактарға Һам офицерлерге (ақ гвардия) қосылып, Жетісу облысындағы большевиктермен соғысуға кетті… Түркістан жағынан атты казак һам башқұрт жігіттері бас қосып, большевиктермен соғысуға аттанды... Бұл туралы Дутовқа телеграмма берілді. Ахмет Байтұрсынов 29 июньде Қостанайға кетті. Міржақып Дулатов екі жұма шамасында сонда бармақ. «Қазақтан шыққан большевиктерге ешбір рақым қылмаңыз». «Кеңес өкіметі шығарған барлық декреттер «Алаш» автономиясы территориясында күшін жойсын». «Алаш» автономиясы территориясында земство мекемесі 1917 жылғы 17 маусым күнгі Уақытша өкімет кіргізген заң бойынша қайтадан іске кіріссін, кеңес өкіметі мекемелері таратылсын». «Алашорда» үкіметінің жанынан Әскери министрліктің міндетін атқаратын үш адамнан тұратын әскери кеңес құрылсын». «Сот пен тергеу комиссиясы құрылсын». «Алашорда» үкіметі «Алаш» автономиясы территориясында жергілікті Облыстық және уездік кеңестер арқылы билік жүргізеді», деген жеделхаттар жан-жаққа жіберіліп жатты.

Бұл суыт хабарлар берілген кезде кеңес өкіметі тарапынан автономия мәселесі толық ресми түрде шешілмеген еді. Ә.Бөкейханов сол күні – 11 маусым күні қатаң түрде:

«Қазақ халқы кеңес өкіметін еш уақытта мойындамаңдар және кеңес өкіметіне бағынбаңдар», – деп нұсқау берді.

Ә.Бөкейханов өзінің көрсетіндісінде бұл әрекеттерін жасырмай:

«Онда (жоғарыдағы құпия кеңесте – Т.Ж.) біз өзіміздің дұшпанымызбен, ол дұшпанның ішіне, әрине, кеңес өкіметі де қосылады, қалай күресетінімізді талқыладық», дейді.

Әрине, мұндай батыл мойындауды тергеушілер де күтпеген және оған қарсы сұрақ қою да қиынға соқса керек. З.Валидовтың естелігінде «Алашорда» әскерінің жасағына қатысты өте бір қызықты дерек бар:

«Самар өкіметімен, оралдық казактармен, қазақстандық жасақпен жүргізген барлау жұмысымыз өте сәтті болды. Орал (Теке) – Ханордасы – Астрахань губерниясы – Гурьев (Үйшік), Омбы-Батыс тобы құрылды. Башқұрттың ұлттық ақыны Сейітгерей Мағаз, Шайхзада Бабич, өзбек ақыны Әбілхамид Сүлеймен (Шолпан), қазақтың жас журналисі Бірімжанов және тағы бір оқыған айтыскер ақын қазақ қызы қалаларда жасырын ұйым құрып, Орынбордағы орталықты құнды деректермен қамтамасыз етіп отырды. Қазақтың ақын қызы мен ақын Шайхзада Бабичтің басынан кешкен оқиғаларының қиын да, қызықты екені сондай, ол туралы роман жазуға болар еді. Мысалы: Қазақстанда кеңес өкіметін орнату тапсырылған Жанкелдиннің ол қызға сенгені сондай, Москвадағы істің барысын толық баяндап отырды. ...Соның нәтижесінде Ашхабадтағы 11 шілде күнгі әскерлердің көтерілісін, ағылшын әскерінің Түркіменстан мен Бакуге басып кіруін, тіпті ағылшын барлау топтарының Александров портына келуін, түрік армиясының Әзірбайжанға басып кіруін, Бөкей ордасындағы, Орал мен Гурьевтегі, Хиуа мен Бұқарадағы оқиғаларды қазақтың зерек қызы арқылы біліп отырдық», – дейді башқұрттың әскери министрі.

Бұл өте қызықты әрі тағдырлы оқиға. «Айтыскер, ержүрек қыз кім, оның кейінгі тағдыры қалай қалыптасты. Алаш қозғалысы тұсында жауынгерлік тапсырмалар орындаған, өмірден ерте өткен Аққағыт (Аққағаз-? – Т.Ж.) Доспанова кім? Ұлтымыздың тәуелсіздігі жолында күрескен «Алаштың» батыр арулары да ұмытылмауы тиіс. Тарихи шындық сонда ғана қалпына келеді. Өкінішке орай батыр қыздар туралы деректер мәңгілікке із-түссіз сіңіп кетті ме деген қауіп бар. Мүмкін Ә.Жангелдиннің «қызыл керуеніне» қатысты құжаттарда аты аталып қалуы ғажап емес.

Жалпы түркі тектес халықтардың тәуелсіздігі жолындағы саяси стратегиялық іс-қимылдарды реттеп, үйлестіріп, шешім қабылдауда 30-тамыз бен 7-қыркүйектің арасында Орынбор мен Самарада өткен Башқұртстан, Қазақстан, Түркістан үкіметтерінің мүшелері – Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Қоқан үкіметінің төрағасы Мұхамеджан Тынышбаев, сыртқы істер министрі (Қоқан үкіметінің) Мұстафа Шоқаев, Убайдулла Хожаев т.б. қатысқан мәжіліс ерекше орын алады. Онда осы үш үкіметтің негізінде «Оңтүстік-Батыс мұсылмандары федерациясы» құрылып, қазақ-башқұрт біріккен әскерін жасақтау жөнінде ұйғарым жасалды.

Сондай-ақ Социалистердің азаттық партиясының бағдарламасы түрік халықтарының талабына сәйкес келетіндіктен де, сол партияның айналасына бірігу көзделді. Мұны Әлихан Бөкейханов және оның жақтастары дерліктей қолдады. Оған өзбектер жағынан Низам Хожаев, Шолпан, Әбділхамит Арипов те қосылды. Ең бастысы:

кеңес өкіметі тарапынан қысымға ұшыраған түркі зиялылары Түркістанға шоғырлансын, қандай жағдай болса да күресті ешқашанда тоқтатпау керек, – деген ұйғарымға келеді.

Тергеу барысында қатты көңіл бөлініп, қадала сұралып, қазымырлана тексерілген жай – кеңес өкіметіне қарсы ашық майданға шығуы. Бұл туралы Әлихан Бөкейханов 1929 жылы 27 мамыр күні мәскеулік тергеушіге:

«Алашорданың құрылғанынан бастап тарқағанына дейінгі іс-қимылын жолдас Каширинге берген көрсетіндімде баяндап бергемін. Ал менің Валидовпен байланысыма келетін болсам, мен оны соңғы рет Уфадағы «Мемлекеттік кеңесте» көріп, сөйлестім. Онда біз өзіміздің дұшпанымызбен, ол дұшпанның ішіне, әрине, кеңес өкіметі де қосылады, қалай күресетінімізді талқыладық. Нақтырақ айтсам Дутовқа қарсы күресті талқыладық, кеңес өкіметі туралы арнайы әңгіме болған жоқ. Өйткені жоғарыда көрсеткенімдей, ол өз-өзінен түсінікті мәселе еді. Мен де, Валидов те солай түсінді. Біздің көтерген және ойластырған жоспарымыз жүзеге асқан жоқ, себебі, Уфа кеңесінде бекітілген ол үкіметті Сібір үкіметі тұтқынға алды. Бұдан кейінгі қалыптасқан жағдай бойынша, екеуара кездескеміз жоқ және байланыс та жасай алмадық», деп батыл жауап берді.

Мұндағы емеуірін танытып отырған оқиға – «Алашорда» үкіметі мен Башқұртстан үкіметінің кеңес өкіметіне қарсы біріккен майдан ашу мәселесі туралы өткен астыртын кеңес болатын. Кеңес өкіметі майданның аңысын аңдып, егер қызыл әскер жеңіске жете қалған жағдайда қазақ және башқұрт автономияларын мойындаудан бас тартуды көздеп отырғаны башқұрт және алаш қайраткерлеріне де аян еді. Сондықтан да әскер жасақтап, қару алып, майданға шықпаса, арлы-берлі сапырылысқан ақ пен қызылдар, атамандар мен партизандар қазақ халқын жусатып салатыны анық еді.

Ресейдегі әскери-саясаи жағдай шиеленісіп, Колчактың Сібір үкіметі, Самарадағы Құрылтай үкіметі өзара қақтығысып, большевиктерге қарсы күресті әлсіретіп алды. 1918 жылы 21 қарашада Колчак өзін Ресейдің билеушісі деп жариялады. Башқұртстан мен «Алашорданы» мойындаудан бас тартып, оларды таратып, көсемдерін ату жазасына кесу туралы бұйрық берді. Сондықтан да Башқұрт әскері мен «Алашорда» жасағы төрт жақты: Колчак үкіметі әскері, казак атамандары әскері, қызыл армия және жергілікті ұлт жасақтары (башқұрттар үшін – татар атқыштары, қазақтар үшін – Жангелдин мен Иманов жасағы) тарапынан қыспаққа түсті.

Сөйтіп, өте қиын жағдай қалыптасты. Франция, Англия, АҚШ, Жапония мемлекеттері Колчакты жақтап, ұлттық федерацияларды шеттетті. Енді төрт жақты қысымға түсіп, жазаға ұшырау қаупі шындыққа айналды. Азаттық үшін күрескен әскерді қырғынға ұшырату, не оның өзге амалын тауып, аман сақтап қалу мәселесін шешу керек болды. Бұл туралы Заки Валидов:

«Соған қарамастан «Алашордамен» бірігіп Ақтөбе майданындағы қарсыластарға соққы беруді тездетіп, түркістандықтардың қарулы күшімен қосылуды ойластырдық. Торғайда біздің Ғадельхан Ғабитов пен қазақ Ғазымбек Біржанов жанкешті еңбек етті. Темір жол арқылы байланыстың үзілуіне байланысты біз «Алашордамен» тек салт атты шабармандар арқылы хабарласып тұрдық. Оқиға сондай үрейлі жылдамдықпен дамыды. Біз дұшпанның төрт жақты: Самара мен Ақтөбе жақтан қызылдардың және Дутов пен Колчактың әскерінің қыспағында қалдық», деп еске алды.

Сондай құрсаулы қоршауда жүріп түркі тектес халықтардың үкімет мүшелерінің кеңесін өткізіп, Түркістаннан жасырын келген Мұстафа Шоқаевты жалпы түркістандық үкіметтің сыртқы істер министрі міндетін атқару мақсатында Гурьев арқылы шет елге жасырын жібереді. Ермолаевка селосындағы башқұрт, қазақ біріккен әскери кеңсесіне түскен барлау мәліметтері «майдан шебін өзгертуге» мәжбүр етеді. Бұл «Алашорда» үкіметінің де бағыт-бағдарын өзгерткен, «Алаш» автономиясының да, қазақ қоғамының да дамуына бетбұрыс әкелген оқиға еді.

Арпалысқан дүниедегі барлық саяси ағымды, әлеуметтік тартысты, әскери жағдайды қыр елі толық түсінбеді және олардың түпкі мақсаттары да беймәлім болатын. Сондықтан да қазақ халқының анархиялық күштердің арасында арандап қалу қаупі туды. Он алтыншы жылғы самодержавиелік жазалау саясатынан қатты зардап шеккен ел үшін дәл сол кезеңде дұрыс жолды табудың өмірлік мәні бар-тын. Бірі большевиктердің, бірі Колчактың, бірі Анненковтың, бірі Дутовтың қолындағы көкпарға айналып бара жатқанын аңғарып, Ахмет Байтұрсынов олардың бетін бітімге бұрды. Рулық тартыстың да қасіретін қыршын күнінен тартып өскен ол, «нағыз еңбек демократиясын» әлеуметтік теңдікке жетудің жолы деп ұқты және оны ашық мойындады.

«Төрт құбыладан» қадалған дұшпан қысымынан құтылудың жолдары талқыланған әскери кеңесте (оған «Алашорданың» атынан Сейдазым Қадырбаев қатысқан) мынадай халықаралық саяси оқиғалар анықталады: Бакудегі түрік әскері Ашхабадқа бет алыпты, ал ондағы ағылшын әскері Ауғанстанға шегінбек. Ауғандықтар ағылшындармен соғысу үшін кеңес өкіметінен қару-жарақ алмақ. Егер оқиға осылай дамыса, онда бұл – кеңес өкіметімен және олардың одақтасы Түркиямен, Ауғанстанмен, Үндістанмен соғысу, сондай-ақ Ресейдің жауы – ағылшындармен одақтасу деген сөз. Ал ол Ресей жағдайында мүмкін емес еді. Сондықтан да еріксіз кеңес өкіметін мойындаудан басқа амал қалмады.

Екінші себеп: Сібірдегі Колчак өкіметі де, Самарадағы Құрылтай кеңесі үкіметі де Башқұртстан мен «Алашорда» әскерін күшпен таратып, олардың жетекшілерін ату жазасына кесуге бұйрық шығарды. Сөйтіп, олардың Түркістанға қосылып, Түркия мен Германияның әскери көмегіне қол арту мүмкіндігінен айыруды көздеді. Бұл З.Валидовтың «Қатирасында»:

«Алашорда» үкіметі өкілдерінің әкелген хабары... Колчак пен оның одақтастары: ұлттық әскер мен ұлттық үкімет құруға қарсы жазалау әрекетіне көшкендіктен де, олар да еріксіз кеңес үкіметімен келісуге мәжбүр болыпты», – деп де көрсетілген.

Сол тұста «Алашорданың» Семейдегі Шығыс бөлімі оқшау қалып, қызылдар мен ақ гвардияшылардың, казак атамандарының және жергілікті орыс, қазақ большевиктерінің қыспағында бірде астыртын, бірде ашық әрекет етіп жүрген болатын.

1919 жылы 28 наурызда Торғай облысының әскери басшысы Токарев Ақтөбеден Ленинге:

«Жанкелдиннің жеке нұсқауымен Торғай мен Ырғыздағы қазақтардың әскери адамдарымен үш айға жуық жүргізген келісімнің нәтижесінде: казактарға қосылып үнемі кеңес өкіметіне қарсы күресіп келген кадеттің жақтастары Бөкейханов Байтұрсыновты Жанкелдин көндірді, олар «Алашорданы» тастап кеңес өкіметі жағына шығуға келісім берді. Соның кепілі ретінде Байтұрсынов Торғай уездік совдепінің төрағасы Қаралдиннің жолсеріктігімен Жанкелдинмен келісу үшін Шалқарға жүріп кетті. Егер олар шынымен кешірім сұраса, онда мұндай жағдайда не істеу керек. Аталған қарақшылардың дені қазақтардың арасында өте беделді интеллигенттер болып табылады. Оларды орталыққа шақырып, кеңес өкіметіне істеген қастандықтарын баспасөз арқылы мойындатса, игілікті болар еді. Жанкелдинге хабарладым», деп жеделхат жолдады.

Бұдан кейінгі қалыптасқан саяси жағдайға (Мұндағы баяндалған оқиғалар мен аты аталған адамдардың «Алашорда» ісіне байланысты әрекеттері тиісті тарауларда сөз болатындықтан да, тарихи жағдайды толық түсіну үшін үзіндіні қысқартпай бердік) З.Валидов:

«Қазақстанның өкілдері қатысқан құпия келіссөзде кеңестер жағына шығудың шарттары тиянақты түрде талқыланды және ортақ мәмілеге келдік. Егерде Орынбор қызылдардың қолына көшсе, қазақ үкіметінің мүшелері қалада қалады, содан кейін бізбен бірге Москваға баратын болып шешілді. «Алашордалықтарға» біз Юрматы кантонының (ауданының – Т.Ж.) төрағасы Ғабдолла Ильясты жібердік. Біздің жоспарымызды түркістандық ұйымдарға жеткізу үшін Ташкентке өзіміздің құпия өкіліміз Әбділхамит Ариповты жібердік. Кейіннен ол Бұқара үкіметінің әскери министрі болды. 15 желтоқсан күні Уфадағы кеңес мекемесіне үкімет мүшесі Маулен Халықов пен Хайредтин Сейітовты аттандырдық. Кеңес армиясының қолбасылары біздің өкілдерімізбен келіссөз жүргізуге асықпады. 1919 жылғы 23-қаңтардағы хабар бойынша ... Түркия кеңес үкіметін мойындап, большевиктердің ішкі ісіне араласпайтындығын, 15 ақпаннан Стамболдың маңындағы Ханзада аралында келіссөз бастауға дайын екенін жариялапты. Уфа кеңесінің төрағасы Эльцин біздің шартымызды қабылдамады. Онда Башқұртстан: «... ішкі және экономикалық мәселелерді толық тәуелсіз шешеді, башқұрт әскері тек кеңес командованиесіне ғана бағынады, ішкі өмір сүру амалын өзі таңдайды, республикада коммунизм құрлысын орнату міндетті емес», делінген. Алайда Ленин мен Сталин башқұрт армиясынан сескенгені сондай, келіссөздің аталған шарттарына қол қою туралы телефон арқылы бұйрық берді», – деп баға берді.

Келісім уақыты екі айға созылған. Осы арада З.Валидов тағы да бір тосын дерек келтіреді:

«1919 жылдың ақпан айының басында Құлғын ауылына Қазақстанның екі өкілі, аттарын ұмытып қалдым, келді... Ол екеуі Торғайдағы Ахмет Байтұрсыновтан хат әкелді. Онда: кеңес үкіметі жағына шығуымыздың қалай жүріп жатқанын сұрапты және олардың пікірінше: тек үкіметтің батыс бөлімінің ғана кеңес үкіметі жағына шығатынын, ал Шығыс Қазақстан бөлімі Колчак армиясының генералы Беловтың қармағында қалуға мәжбүр болып отырғандығын жазыпты. Мен Ахмет Байтұрсынов пен Әлихан Бөкейхановқа арнап хат жаздым. Мазмұнын өзім де ұмытып қалған бұл хат «Алашорданың» архивінде сақталып қалыпты, кейін қызылдар оны жариялады... Сөйтіп біздің қызылдар жағына шығуымыз қазақтармен келісілді. Бұл қазақтар үшін де өте маңызды болатын: өйткені әскердің кеңес жағына өтуі нашар ұйымдастырылса, онда олардың қырылып қалу қаупі бар еді. Сонымен қатар, егерде Москваға қазақтармен бірге барсақ, біздің позицияларымыз да мықты әрі келіссөздің табысты өтуіне де ықпал жасайтын», деп жазды.

«Алашорда» үкіметінің кеңес өкіметімен келіссөзге барып, оны мойындауы, Алашорда» жасағының Орынбор мен Ор өңірінен шегінуі жөніндегі құжаттар біршама бар және онда үш үкіметтің де (Кеңес, Колчак, Алашорда) көзқарасы қамтылады. Олардың барлығы бұл оқиғаға тек кеңестік идеология тұрғысынан баға берді. Оның басты себебінің бірі, дәлелге жүгінетін құжаттардың жария етілмеуі еді. З.Валидовтың «Қатирасы» мен «Түркістанның қазіргі (таяу) тарихы» атты монографиясы бұл оқиғаларды өзгеше көзқараспен бағалауға негіз қалайды.

Өзінің «Қатираларында» Зәки Валидов 1921-22 жылдары қайтадан қозғалған бір мәселені еске алады. Ол – барлық түркі тектес халықтарға ортақ жаңа саяси партия құру мәселесі. Бұл идея кейін түркістандық қайраткерлер тұрғысынан да қолдау тапты, бірақ олардың идеясы да, мақсаты мен міндеті де, құрылымдық жүйесі де заман ағымына қарай өзгерген еді. Ал оның алғашқы негізі 1918-19 жылдары қаланыпты. Оған З.Валидов:

«Кеңес өкіметі жағына шықпас бұрын саяси күштерді біріктіру мақсатында коммунистік партиядан өзге, социалистік партия құру мәселесімен айналыстық. Бастапқыда оның теориялық тұғырнамасын жазумен Ильяс Алкин айналысты. Ол азат социалистік партия аталуы тиіс еді. Бұл туралы қазақ жетекшілеріне хабарлай отырып, оларға: «Алаштың» неосоциалистік қоғамдық-экономикалық платформасының негізінде Қазақ социалистік партиясын құруды ұсындық. Бағдарламаны біз әзірледік. Оның бір данасын қазақтарға бердік. Кейіннен бұл бағдарлама (1926) Прагада жарық көрді... Біз партия мәселесімен шұғылданып жатқанда майдандағы оқиғалар да тез өзгере бастады. 21-қаңтар күні Орынбордың шетіндегі мекендер де, Ор қаласы да қызылдардың қолына өтті. Біз толықтай қоршауда қалдық...», – деп куәлік етеді.

Демек, ұлттық партия құру мәселесі 1919 жылы талқыланған. Ташкенттік ұйым Бұқарадағы З.Валидовпен байланыс жасауға ұмтылғанда, осы жобаны жүзеге асыруды ойластырған. Ал оның платформасының 1926 жылы шетелде жариялануы тергеудегілердің алдынан шыққан. Бұл Голощекиннің:

«Алашордашылардың» шетелмен байланысы бар. Дәл қазір Валидовпен бірігіп большевиктерге қарсы партия құрған астыртын ұйым әшкереленіп отыр», – деуіне себепкерлік етті.

Астыртын күрестің өз заңы бар. Оның әр іс-әрекеті де астыртын болуға тиіс. Ал саяси бедел жинау үшін дұшпаныңның қол астында қалған әріптестерін әшкерелейтін құжатты жариялау – оларға өлім жазасын кесумен бірдей еді. Өкінішке орай солай болды да.

1919 жылы 18 ақпан күні таңғы сағат 10-да башқұрт әскері майдан шебін қарусыз аттап, «өз еркімен» беріліп, соңғы рет әскери шерумен қызыл командирлердің алдынан өтті. 20-ақпан күні қызыл жұлдыз қадап, бірден майданға аттанды. Ұлты үшін басын шаһиттікке атаған ұландар енді «коммунизм үшін» өлімге бет бұрды.

Ал бұл кезде «Алашорда» жасағы алғы шепте соғысып жатыр еді. Қысталаң да қатерлі күндерде қасында болған Әлиханның туған інісі Смахан Бөкейханұлы:

«1919-жылдың басында қызылдар келді. «Алаш» әскерінің бастығы, найман Қази деген жігітті март айында атты. Апрельдің басында қызылдар қашты. Марттың 24 күні Сталин Әлекеңді «прямой проводқа» шақырды:

Біз Мәскеуді алдық. Қазақ автономиясы қайырлы болсын, өзің кімсің?, – деді.

Сонда қазақтар үлкен Семейде Жұмеке Оразалин дегеннің үйіне жиналып кеңесті. Сонда Әлекең айтты:

Қару-жарақсыз нашар елміз ғой. Сталинге: сенімен біргеміз дейік, – деді.

Халел Ғаббасұлы, Райымжан Марсекұлы, Ахметжан Қозыбағарұлы, Биахмет Сәрсенұлы:

Атамандар көп, Дутов, Семенов, Корнилов, атаман Анненков бар, бұлар қызылдарды қуады. Сталиннің керегі жоқ, – деп көнбеді.

Әлекең үндемеді. Мұхамеджан Тынышбайұлы, Әлімхан Ермекұлы екі жаққа да қосылмай қалды. Имамбек Тарабайұлы о да үндемей қалды. Шәкәрім Құнанбайұлы:

Оқығандар өздерің біліңдер, – деді», – деп мәлімет береді.

Кеңес өкіметі жағына шығуға бойсынған Ахмет Байтұрсынов пен Байқадам Қаралдин Орынборда Заки Валидовпен жолығып, Кремльге аттанды. Москвада Сталинмен күнбе-күн кездесіп, ең соңында Лениннің қабылдауына пұрсат алды:

«Ленин – диктотар, бірақ тиран емес» екен (З.Валидов).

Екінші тарау: ЕР ЖЕГІСІ

1.

Аса қиын тарихи зобалаң тұсында «Алашорда» үкiметi кеңес өкiметiн, ал кеңес өкiметi «Алашорданың» автономиялық құрылымын мойындады. Бұл екі жақ үшін амалсыздықтан туған саяси таңдау едi. Сондай тығырыққа тiрелiп тұрған шақта кеңес өкіметі Ахмет Байтұрсынов пен Әлiби Жангелдинді қазақ өлкесiн тең дәрежеде билейтiн революциялық комитеттiң өкiлi етіп тағайындады.

1917 жылы 2 қарашадағы «Россия халықтары праволарының декларациясы» мен 1917 жылы 20 қарашада жарияланған «Россияның және Шығыстың барлық еңбекші мұсылмандарына» арналған Үндеуде:

«1. Россия халықтары тең праволы және суверенді. 2. Россия халықтары бөлініп шығып, өз алдына дербес мемлекет құруға дейінгі еркін өзін-өзі билеуге құқылы. 3. Ұлттың және ұлттық-діни артықшылықтар мен тежеу біткендердің бәрі жойылады. 4. Россия территориясын мекендеген ұлттардың және этнографиялық топтардың еркін дамуына жол беріледі», – деген бұқпантай уәде берілді.

Бұл сол кезде аса үлкен территорияны алып жатқан Ресей империясына қарайтын аз ұлттардың назарын өзіне аударып, оларды кеңес өкіметін мойындауға мойын бұрғызды. Оған барлық ұлт өкiлдерi сендi. 1919 жылдың 24 шілдесінде Ахмет Байтұрсынов Лениннің қолымен:

«Халық Комиссарлар Советінің 1919 жылғы 24-шілде күнгі мәжілісінің қаулысы бойынша Ахмет Байтұрсынов жолдас қазақ өлкесін басқаратын Әскери-революциялық комитеттің мүшесі боп», бекітілді.

Осы бекіту арқылы қазақ интеллигенциясы өзiнiң белгілі бір ұлттың мүддесін қорғайтын саяси күш екендігін мойындатты. «Алашорда» үкiметiнiң қайраткерлерi жауапты мемлекеттiк қызметтерге қойылды, барлық губерниялар мен уездердiң басы-қасында болды. Соның нәтижесiнде ұлттық-коммунистiк мүдденi қатар ұстап, мемлекеттік қызметті өзара сәйкестендiре жүргiзген қайраткерлер шықты. Сөйтіп кеңес өкiметi тұсында да ұлт азаттық идеясы тарихи сынақтан өттi. 1919 жылдың 9 желтоқсаны күні А.Байтұрсынов тағы да Лениннің қабылдауында болды:

«Желтоқсан, 9-нан кейін, 1919 ж., Ленин Кремльде Қазақ өлкесін басқару жөніндегі Әскери-революциялық кеңестің төрағасы С.С.Пестковский мен Әскери-революциялық кеңестің мүшесі А.Байтұрсыновты олардың өтініші бойынша қабылдады: Пестковскийдің өлкедегі шаруашылық және саяси жағдай туралы, саяси-ағарту жұмыстарындағы қиындықтар туралы баяндамасын тыңдап: оған бірнеше мазмұнды баяндама дайындап, оны қазақ тіліне аударып, граммофон табақшасына жазып, көп мөлшерде граммофон алып, оны табақшаға қосып көшпелі қыр еліне тарату туралы кеңес берді; сондай-ақ көшпелілердің малын кедейлерге бөліп беру туралы саясатты жүзеге асыруға асықпауды ұсынды».

Кеңес өкіметі жағына шығудың басты шартының бірі – «Алашорда» үкіметінің қайраткерлеріне кешірім жасау (амнистия) туралы 1919 жылдың 27 қазаны күні мақұлданған қаулының жобасы жеті айдан кейін жарияланды.

Бұл арада қазақ ұлтының тағдыры ғана емес, бүкіл дүние жүзінің картасы өзгерді. Ескі империялар құлап, жаңа империялар мен мемлекеттер пайда болды. Бүтін дүние екіге бөлінді.

1920 жылы 15 сәуірде қазақ өлкелік Әскери-Революциялық комитетінің органы «Известия Киргизского края” газетінде Ахмет Байтұрсыновтың «Ашық хаты» басылды. Хаттың алдына әскери-революциялық комитеттің атынан «В.М.Т»-ның (автордың нақты есімін ажырата алмадық – Т.Ж.) түсінігі берілді. Біз сол кездегі әскери-саяси жағдайдан, екі жақтың да ұстанған бағытынан хабардар ету үшін редакциялық түсінікті де, ашық хатты да толық келтіреміз.

«Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!» «Известия Киргизского края». №16. Бейсенбі. 15 сәуір. 1920 ж. Қазақ Өлкелік Әскери Революциялық комитеттің органы. Күн сайын шығады. Ред. адр. Конт. Оренб. Совет №10. Ерікті халықтардың еркін одағы жасасын!

Біз төменде Қазақ өлкелік Ревкомының және Бүкілроссиялық Орталық Атқару комитетінің мүшесі Ахмет Байтұрсыновтың Россия Коммунистік партиясына мүше боп кіруі туралы өтінішін жариялап отырмыз.

Жолдас Ахмет Байтұрсыновты мұқым дала біледі. Өз халқының көсемі, қазақ халқының аса ірі қоғам қайраткері және әдебиетшісі болған бұл есім әрбір қазаққа жақсы таныс. Соңғы ондаған жылдардың ішіндегі қазақ халқының қоғамдық ойының дамуындағы барлық саяси қозғалыс Байтұрсыновтың есімімен тікелей байланысты. Ол бейбіт ұлтшыл либерализмнен бастап Октябрь революциясы мен Совет өкіметін тануға дейінгі саяси даму сатысының бәрінен де өтті. Ол ұзақ толқудан және өзімен-өзі күресуден кейін қазақ ұлтшылдығын тастап, халықаралық коммунизм жағына шықты.

Бұл біздің партиямыздың аса ірі жеңісі және қазақ арасындағы біздің ықпалымыздың үздік үлгісі. Совет өкіметі қазақтардың арасына күштеп енгізілуде, бұл арада коммунизм мен социализмге мүлде орын жоқ деп сендіретін адамдар да болды, әлі де бар. Біз үнемі қазақтардың оны мойындауға дайындығы әлсіз деп ойлап келдік, бірақ та, оларды құрып кетуден құтқаратын бірден бір жол – Совет өкіметі екені туралы біздің көзқарасымыздың дұрыстығына, біздің партиямыздың ықпалының өсіп келе жатқанына және қазақтар арасындағы коммунизмнің күн сайын қанат жайып келе жатқанына оның аса ірі идеялық қарсыластарының бірінің өз жолынан тайып, біздің қатарымызға кіруі ең үлкен дәлел бола алады. Бір кездегі қазақ ұлтшылдарына құбыжық боп көрінетін большевиктер партиясына Байтұрсыновтың ашықтан ашық кіруі – қазақтардың мұқым ұлтшылдық қозғалысындағы ірі бетбұрысты байқататын, қазақ халқының ғасырлар бойғы тоналу мен езгіден құтылатын жолы – ұлтшылдықта, өз ошағының күйбеңін күйттеуде емес, керісінше, коммунистік партияның туы астында күресіп жүрген пролетариатпен толықтай сіңісіп кетуде екендігін түсінгендігінің озық үлгісі.

Әрбір қазақ Байтұрсыновтың хатындағы әр сөзді ынта қойып оқысын, Байтұрсыновтың коммунистер туралы пікірін әрбір қазақ, тіпті жауларымыздың бізді халықтың көзіне тонаушы, зорлықшы және бұзақы ретінде суреттеуіне сеніп, әлі де үрейлене қарайтын көптеген басқа қазақтар да білсін. Коммунист-большевиктерге Байтұрсыновтың да дәл осылай қарап, олардан қорқып, Совет өкіметіне ашық қарсы шыққан кезі болған. Бірақ та көп ұзамай өз халқы үшін іздеген шындықты, бостандық пен әділеттілікті Колчак пен орыс буржуазиясынан таба алмайтынына оның көзі жетті, шындық Совет өкіметінде екенін көріп, өзі де сол жаққа шықты. Бұл арада ол коммунистермен жақын танысып, біліс болды және өзінің жазғанындай, езілген халыққа толық бостандықты тек коммунистер ғана бере алатынына іс жүзінде иланды. Міне, енді ол қазақтың еңбекші халқын осы партияның программасының туы астында біріктіру үшін коммунистік партияның қатарына өтті.

Қазақ коммунистерінің қатары тағы да бір аса ірі күрескермен толықты. Бұл – толқып жүргендерге, бәрінен де бұрын, қазақ халқының арасындағы коммунистік ықпалдың күшеюін халыққа қатер төнді деп есептейтіндерге үлгі болуы тиіс. Біз өз жауларымыздың көзін тек күшпен ғана жоймаймыз, керісінше, идеямыз арқылы көбірек жаулап аламыз. Байтұрсынов ж. Коммунистік партияның қатарына кіруі, оның қазақ арасындағы үлкен идеялық жеңісі болып табылады. В. М. Т.»

Шындыққа жүгінсек, кеңес өкіметіне бұдан артық көмектің керегі де жоқ еді. Сондай-ақ «бүкіл қазақ даласының көсемі» – бұл шешімді қазақ даласы Колчактың, Анненковтың, Дутовтың, Семеновтың қанды шеңгелінде жатқан тұста қабылдауға мәжбүр болғанын ескерте кетеміз. Ұлттың тағдыры сондай тығырыққа тірелген тұста Ахмет Байтұрсынов өзінің таңдауын жариялады.

«Орынбор р.К.П (большевиктер) комитетіне жолдас Ахмет Байтұрсыновтың мәлімдемесі.

Ғасырлар бойғы қанауда болған қазақ халқын азат етудің жолдарын ұзақ уақыт іздестіре келіп, мен төмендегідей шешім қабылдадым:

1. Адамзаттың барлық езгіге ұшыраған бөлігімен, яғни әлемдік революциямен, әлемдік федерациямен бірге азаттық алғанда ғана, қазақ халқы бақытқа бөленеді.

2. Оны – өзінің алдына таптар мен ұлттарды толықтай азат етуді мақсат етіп қойған, ішінара ісімен де жүзеге асырып жатқан большевиктердің интернационалдық коммунистік партиясынан басқа ешкім де істей алмайды.

3. Нағыз еңбек демократиясына жетудің қажетті сатысы – адамзаттың еңбекші табының яғни пролетариаттар мен орташа пролетариаттардың саяси және экономикалық толық билігі мағынасындағы диктатурасы болып табылады.

4. Бір ғана жағдайда, егер де адамзаттың еңбекші табының ұйымдасқан аса үлкен тобы саналы түрде қолдаса ғана, бұл диктатура орнығады және барлық адамзаттың мүддесі үшін қызмет істей алады, сондықтан да осы программаның туы астына қазақ халқының да бірігуі қажет.

5. РКП-ның ұлттық қарым-қатынастар саласындағы программасын, сондай-ақ ұлттардың бөлінуі туралы дискуссияның қорытындысындағы жолдас Лениннің ұлттардың бөлінуіне көзқарасын және Шығыс халықтарының арасындағы жұмыс туралы айтылған РКП Орталық Комитетінің тактикалық тұжырымдарын дұрыс қолданып, оны жүзеге асырса ғана, езілген ұлт ретіндегі қазақ халқының мүддесін толық қанағаттандырады.

Жоғарыдағы айтқан пікіріме сәйкес, мен Россия коммунистік большевиктер партиясы қатарына кіруге, оның жалпы программасын жүзеге асыруға, ішінара шығыс мәселелеріне іспен көмектесуге бекіндім, сондықтан да комитеттен мені РКП мүшелігіне қабылдауды өтінемін.

Ахмет Байтұрсынов. 4 сәуір. 1920 жыл”.

Саяси қайраткер бұл шешімдердің оңайшылықпен орындалмайтынын және сол үшін күресетінін де ашық білдіріп:

«…Лениннің ұлттардың бөлінуіне көзқарасын және Шығыс халықтарының арасындағы жұмыс туралы айтылған РКП Орталық комитетінің тактикалық тұжырымдарын дұрыс қолданып, оны жүзеге асырса ғана, езілген ұлт ретіндегі қазақ халқының мүддесін қанағаттандыратынын», ерекше ескертеді.

Қазақ халқының “езілген ұлт ретіндегі мүддесі”, тіпті, қоғамдық формациядағы айырмашылықтарының барлығы ескеріліп, «дұрыс қолданылса» ғана, қазақ халқының бақыты ашылады – деп сенгендіктен де және қазақ халқын қырғыннан сақтау үшін кеңес өкіметін мойындауға мәжбүр болды. Мұндай аса жауапты кепілдікті ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынов терең түсінді. Сондықтан да ұлттың мүддесін ар-ұятындай қорғады.

Алайда, 1919-1921 жылдары Ресейдегi ұлттық федерация мен жер мәселесi қозғалған тұста «Алашорда» қайраткерлерi мен большевиктердiң көсемдерiнiң арасында үлкен қарама-қайшылықтар туындады. Барған сайын жiгi ажырап, арасы ашылып бара жатқан қарама-қарсы екi күш қалыптасты. Азамат соғысы кезiнде мәмілеге келгенiмен де, мемлекеттiң iшкi саясатына тiкелей араласқан тұста олардың ымыраға көнбейтiнi айқындала бастады. Мұның басты себебi, бұл екi саяси бағыттың қалаған iргетасы мен түпкi мақсатының бiр-бiрiне мүлдем кереғарлығы едi.

Отарлау саясатының түпкi пиғылы – ұлттық танымның тамырын ұлы империялық апиынмен суару. Сөйтiп ең қасиеттi сезiмдердi жалған идеологияның жемтiгi ету. Азаматтық ақыл-ойдың даму тарихында мұндай қаскүнем саясаттан ешқандай мемлекеттiк құрылым бас тартқан емес. Әлемдік әлеуметтiк теңдiктi орнатуға ант берген социалистiк жүйе бұл ретте бәрiнен де асып түстi. Ол – ұлт атаулыны, ұлттық тарихты, ұлттық сананы тап жауынан да бетер жек көрдi. Билiк жүйесiндегi барлық тетiктi соған қарсы қойды. Ұлт мүддесi – жаудың мүддесi есебiнде танылды. Ұлттың iшiне iрiткi салды, жаппай жазалаудың ең қатыгез жолын тапты. Өйткенi бұл пиғылдың барлығы да Роза Люксембургтiң:

«Капитализмнiң тұсында ұлттың дербес өмiр сүруi, ұлттың өзiн-өзi билеуi мүмкiн емес, ал социализмнiң кезiнде ол тiптi басы артық мәселе», – деген әйгiлi қастаншықпағыр қағидасының негiзiнде жүргiзiлдi.

Алайда Смольный мен Кремльде дербес бөлмесi де болмаған Сталин басқарған ұлт iстерi жөнiндегi халық комиссариаты iс жүзiнде декларацияға көпе-көрнеу қарсы бағытта жұмыс жүргiздi. Лениннiң қатаң ескертуiне қарамастан ұлы орыстық-большевиктiк саясат өрши түстi. И.Сталин 1918 жылы 28 наурыз күнгi «Правда» газетiнде жарияланған «Империализмге қарсы» атты мақаласында:

«Өмiрдiң өзi көзiн жоғалтуға үкiм шығарып қойған федерациялық Ресей мәселесiн күн тәртiбiнен сызып тастау керек... (Бұл) Россияны федерациялық құрылымға айналдыру үшiн аймақтарды өзара байланыстырып тұрған экономикалық және саяси тiзгiндi қию деген сөз, бұл ақылға симайды әрi дұшпандық әрекет. Ресейдегi империализм ұлт мәселесiн шешуге дәрменсiз, шеше де алмайды, сол сияқты Ресейдегi федеративтiк құрылым да ұлттық мәселенi шешпейдi, шешуге де мүмкiндiгi жоқ, ол тек өзiнiң жарыместiк (донкихоттық – Т.Ж.) түртпектерiмен тарихтың дөңгелегiн керi айналдыруға тырысқандық, сөйтiп әбден шатастырады... Жарым-жартылай ғана жасаған өтпелi өткел – федерация мәселесi, демократияның мүддесiн қанағаттандырмайды», – деп ашық мәлiмдеген болатын.

Азамат соғысы жылдарында ақтарға қарсы одақтастардың бәрi де кеңес өкiметiне «жолдас» болды. Қазақ даласы тек әскери революциялық комитеттiң өкiмi мен үкiмiн мойындады, соны зор қанағат тұтты. Ал бейбiт майдан басталған кезде кеңес өкіметі жалаң, тұрпайы әлеуметшiл ұраннан өзге ешқандай әкiмшiлiк жаңалық әкелмедi. Пролетариат диктатурасын, жұмысшы өктемдiгiн желеу етіп, мемлекеттiң атынан өкiлдiк жүргізетін, ешқандай әдеп, салтқа бойсұнбайтын бейбастақ, можантопай тобырлар қолындағы қарумен үрей септі.

Кәсiбi, ұлты, дiнi, тiлi үшiн, ең аяғы iстi ұқсата бiлетiндігі үшiн қазақ зиялылары жаппай жазаға тартылып, дар ағашының түбiне жиылды. Можантопайлар мемлекет құрылымына араласқанда істі неден бастарын бiлмей дағдарып қалды. Ақыры патшаның билiгi тұсындағы үйреншiктi тәсiлге көшiп, ұлы орыстық өктемдiктi саясат ретiнде ұстанды.

Осыған назаланған А.Байтұрсынов 1920 жылы 17 мамыр күні «Кеңес өкіметінің қазақ зиялыларына сенімсіздігі туралы» хат жазды.

А.Байтұрсынов: «Қазақ ревкомының құрылғанына 1 жыл өтті. Ревкомның он айлық қызметінің нәтижесіне келсек, онда ол іске кіріскеннен бері ештеңе де тындырған жоқ. Ревкомның қызметінің өнімсіздігіне көптеген себептер бар, бірақ ең басты себеп екеу:

1) Қазақ өлкесін басқаруға қойған орталықтың адамдарында белгілі бір көзқарас болмады, соның нәтижесінде белгілі бір жұмыс жоспары да болған жоқ, мұның басты себебі, орталықтың өзінде «Ресей халықтарының құқықтары жөніндегі декларациясы» мен РКП(б)-ның басты нұсқауынан басқа қазақ өлкесінің әлеуметтік ерекшелігі мен қазақ мәселесі туралы белгілі бір көзқарастарының болмағандығында.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]