Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Топыра нарлылыын жасарту жне мата німділігін арттыру жолдары.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
8.34 Mб
Скачать

Зерттеу бағытын таңдау

Жүргізіліп жатқан Мемлекеттік аграрлық саясат аясында ауыл шаруашылығы саласында жұмыс жүргізіп жатқан қазақстандық ғалымдардың алдында экономиканың аграрлық саласының елеулі дамуындағы ғылым мен инновацияның ролін арттыру бойынша өзекті мәселе тұр.

Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік саласындағы өзекті мәселелердің бірі ауылшаруашылық дақылдарының, соның ішінде мақта қозасының да өнімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру.

Соңғы жылдары Қазақстанда қоза өсіріп баптаудың жоғары тиімді жаңа технологияларының жоқтығы мақта өнімінің сапасы мен өнімділігінің төмендеп кетуіне алып келді.

Аталған мәселелерді шешу үшін Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары тарапынан шығарылған топырақты өңдеудің инновациялық технологиясын, яғни топырақты терең қопсытуды өндіріске енгізуді ұсынады, бұл технологияның негізгі мақсаты топырақтың беткі қатты табанын қопсыту болып табылады.

В.В.Докучаев атындағы топырақтану институты, Агрофизикалық институты, К.А.Тимирязев атындағы Мәскеу ауылшаруашылығы академиясы (МСХА), Бүкілодақтық ауылшаруашылығын механикаландыру ғылыми-зерттеу институты (ВИМ), Орта Азиялық механикаландыру және электрлеу институты (САИМЭ), Мелитополь ауылшаруашылығын механикаландыру институты (МИМСХ), Целиноград ауылшаруашылығын механикаландыру және электрлеу ғылыми-зерттеу институты (ЦелинНИИМЭСХ) ж.т.б. институттар ғалымдарының зерттеулерінен топырақты терең қопсытқыштар жәрдемінде қопсыту нәтижесінде эрозиялық процестердің (әсіресе су эрозиясы) төмендейтіні және алқаптардың құнарлылығы мен ауылшаруашылық дақылдарының өнімділігі артатыны айқындалды. Әр түрлі топырақ-климаттық аймақтары үшін түрлі ауылшаруашылық дақылдарына арналған терең қопсытудың бірқатар технологиялық әдістері мен процестері шығарылған.

Тегіс жерлерді жаппай терең қопсыту күзде дәнді дақылдар астарында күзгі сүдігер жыртудың орнына жүргізу ұсынылады. Құрғатушы жүйе болмаған және топырақтың шектен тыс ылғалдану қаупі болған жағдайда картоп, тамыр жемістілер, жүгері және басқа дақылдар астарында терең қопсыту жұмыстарын көктемде жүргізеді.

Құрғатумен бір уақытта жолақтап терең қопсыту ойыс жерлері көп алқаптарда жүргізіледі. Жолақтардың аралықтары сазды жерлерде 2-2,5 м және саздақ жерлерде 3-4 м болуы керек. Терең қопсытудың төзімділігі оны жүргізген уақыттағы топырақтың ылғалдылығына байланысты. Ол қопсыту алқабының ылғалдылығы шектік дала ылғалдылығының 60-80 %-ы мөлшерінде болған жағдайда оңтайлы болады. Жыртылатын топырақ қабатының астыңғы бөлігінің ылғалдылығы шектік ылғалдылықтан жоғары болған жағдайда терең қопсытуды топырақты 0,4-0,5 м тереңдікте құрғатқаннан кейін жүргізу оңтайлы болады, мұндай құрғату топырақтың оңтайлы ылғалдылығын қамтамасыз етеді.

Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты ғалымдары тарапынан жүргізілген тәжірибелер нәтижесінде тракторлар мен ауыр машиналар жүріп өткен сазды және саздақ топырақтардың агрофизикалық және су-физикалық қасиеттері нашарлайтынын айқындады. Мұндай топырақ қабаттарының су өткізгіштігі төмендейді, жоғары тығыздыққа және қаттылыққа ие болады. Осының бәрі эрозияға, алқап бетінде шұңқыр жерлерінде судың жиналуына, сондай-ақ өсімдіктердің терең қабаттардан ылғал мен қоректік заттардың қорын аз мөлшерде пайдалануға алып келеді. Қопсытқыш құрылғыларының аралығы 0,9 м-ден кем болмаған аралықтарда топырақты терең қопсыту топырақтың физика-механикалық қасиеттерін жақсартуға, органикалық заттардың мөлшерін және инфильтрация коэффициентін 2-3 есе арттыруға жағдай жасайды.

Көптеген ғылыми-зерттеу институттарының мәліметтері бойынша ауылшаруашылық дақылдарын өсіріп баптауда энергиясы жоғары және ауыр машина-тракторлық құрылғыларды қолданатын қарқынды технологияларды енгізу топырақтың тығыздығын арттырады және қатты су өткізбейтін топырақ қабатының пайда болуын жеделдетеді. Алқаптар құрғамай жатып жердің жоғары ылғалды жағдайында ауылшаруашылық арегаттарды алқапқа салу бұл жағдайды одан әрі ушықтырады. Жыртылатын қабаттың астыңғы топырақ қабатын 0,5 м-ге қопсыту беткі қабатындағы ылғал қорының артуына және ауылшаруашылық дақылдарының, мақта қозасының өнімділігін 15-25 %-ға артуына жағдай жасайды.

Украина ауылшаруашылығын механикаландыру және электрлеу ғылыми-зерттеу институты (УНИИМЭСХ) мамандары топырақтың қатты табанын қопсыту үшін қопсытқыш құрылғылар аралығын 0,7 м етіп 0,4-0,6 м тереңдікте жаппай қопсыту жүргізуді ұсынады.

Уақытша ылғалдылығы жоғары топырақтарда терең қопсыту жұмыстарының тиімділігі топырақты өңдеудің түрлі нұсқаларында зерттелді. Көктемде және күзде мол түскен жаңбырдан алқап бетінде су жиналып тұруы топырақтың 0,4-0,6 м қабатының су өткізгіштігінің төмен болуына байланысты.

Топырақты су эрозиясынан қорғау бойынша кез келген агротехникалық іс-шаралар уақытша су ағысын және топырақтың шайылуын болдырмауы немесе төмендетуі керек. Бұл топырақ қабаттарының су сіңіру қабілетін арттыру жолымен және алқап бетін суды жылдам ағызып жібермейтіндей етіп өзгерту арқылы қол жеткізіледі. Еңістілігі 3-4о артық жерлерде жаппай немесе жолақтап терең қопсыту ұсынылады.

Белоруссияның көптеген шаруашылықтарында терең қопсытуды көпжылдық зерттеу нәтижелері бұл әдістердің тиімділігі – топырақтың тығыздығының төмендеуі, оның жинақтау қабілетінің (аккумуляция) артуы, топырақта ылғалдың жақсы бөлістірілуі нәтижесінде және енгізілген тыңайтқыштардың әсерінен артатындығы Целиноград ауылшаруашылығын механикаландыру және электрлеу ғылыми-зерттеу институты (ЦелинНИИМЭСХ) және Белоруссия топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институы (БелНИИПА) ұсыныстарында атап өтілген. Осының барлығы өнімнің 15-25 %-ға артуын қамтамасыз етті. Осылайша терең қопсыту картопты 20-25 ц/га, малазықтық қызылшаны 34-123 ц/га, жүгеріні 50-65 ц/га, сұлы-бұршақ қоспасын 105 ц/га қосымша өніммен қамтамасыз етті. Топырақты терең қопсытудың әсер ету мерзімі 2-3 жылға жететіні анықталды.

Терең қопсытқыш құрылғыларды қара топырақты емес аймақтардың саздақ жерлерінде қолдану фильтрлену коэффициентін тәулігіне 1-1,5 м-ге және ылғал қорын 4-11 мм-ге арттыруға, топырақ тығыздығын 1,2-1,3 т/м және қаттылығын 2-3 МПа-ға төмендетуге мүмкіндік береді. Ресей Федерациясының Москва, Владимир және Смоленск облыстарының қара топырақты емес аймақтарының құрғатылған минералды топырақтарында жүргізген терең қопсытудың тиімділігін зерттеулер нәтижесі қопсытқан кезде топырақтың 0,2-0,6 м тереңдіктегі қабатының тығыздығы 13-15%-ға төмендейтінін, оның қуыстылығы 10-11 %-ға артатынын және жыртылатын қабаттың инфильтрациясы біршама жоғарылайтынын көрсетті. Қосымша өнім 17-18 %-ды құрады.

Суармалы жерлерде жыртылатын топырақ қабатының астыңғы табанының нығыздалуын жоюдың маңызы орасан, өйткені топырақты үнемі бір тереңдікте көп жылдар бойы өңдеу, ауыр жылжымалы техникалар пайдалану, көп қайтара суару барысында топырақтың табиғи шөгуі топырақтың терең қабаттарына ағын судың және өсімдік тамырларының жетіп баруына кедергі келтіретін нығыздалған қатты қабат түзеді. Нәтижеде өнімнің төмендеуі 40 %-ға жетеді және материалдық және су қорын да біршама көп жұмсауға тура келеді. Суармалы жерлерде топырақтың астыңғы қабаттарының тығыздығы 1,5-1,6 г/см болғанда мақта қозасының тамыр жүйесі топырақтың жер бетіне жақын қабатында жайласады, бұл өз кезегінде өсімдіктердің өсуі мен дамуына кері әсерін тигізеді.

Нығыздалған топырақты терең қопсыту Батыс Еуропаның бірқатар елдерінде, АҚШ және Канада мемлекеттерінде кеңінен тараған. Бұл әдістің кейінгі әсері жыртылатын және оның астыңғы топырақ қабаттарының физика-механикалық және агрохимиялық қасиеттеріне, биологиялық және ауа-райы жағдайларына, топырақтың бетіне жабынды материалдардың түрлері мен төселу (мульчирование) мөлшеріне байланысты болады. Терең қопсытудың оң әсерінің мерзімі 2-5 жыл аралығында болады. Жолақтап қопсыту – еңісті жерлерде су эрозиясының алдын алу бойынша тиімді агротехникалық әдіс болып табылады.

Сонымен, топырақтың нығыздалған жыртылатын және астыңғы қабаттарын қопсыту үшін, сондай-ақ еңіс жерлерде су эрозиясына қарсы күресу үшін терең қопсытқыш құрылғылардың жәрдемінде топырақты терең қопсыту (0,6 м-ге дейін) тиімді болады. Бұл агротехникалық әдісті кеңінен қолданысқа енгізу үшін осындай құрылғыларды шығаруды бастау қажет.