- •Дінтану негіздері Алматы 2010
- •1 Бөлім дінтану ғылым және оқу пәні ретінде
- •1 Дінтану пәніне кіріспе
- •3 Дін ұғымы және классификациясы
- •Араб-мұсылман мәдениетіндегі өнер туындыларының бірегейлігі
- •Арабтардың саз өнері және саз аспаптары
- •2 Бөлім діндер тарихы
- •1 Ежелгі наным сенімдер. Ежелгі түркілердің наным сенімдері.
- •2 Ұлттық Діндер
- •3 Әлемдік діндер
- •3.1 Буддизм
- •3.2 Христиандық: тарих және дәстүр
- •3.7 Исламның пайда болуы және таралуы
- •3.8 Құран тарихи мәдени ескерткіш
- •3.9 Ислам бағыттары мен мектептері
- •3.10 Ислам әдебі және құндылықтары
- •3.11 Қазақстандағы Ислам мәдениетінің ескерткіштері
- •3 Бөлім. Қазіргі қазақстандағы дәстүрден тыс діни ағымдар мен секталар
- •3.1 Діни секталардың мәні және табиғаты
- •3.2 Жаңа христиандық ағымдар. Евангелшіл христиандар. Методизм. Жетінші күн адвентистері. Иегова Куәгерлері.
- •3.5 Саентологиялық және сатанистік ұйымдар
- •3.6 Неоориенталистік культтер. «Кришна Санасы» қоғамы.
- •Шри Шримад а.Ч. Бхактиведанта Свами Прабхупада. Шри Ишопонишад. – м., Бхактиведанта Бук Траст, м 1993.
- •4 Бөлім. Қазақстан республикасындағы мемлекет, дін және қоғам
- •4.1 Экстремизм және оның дінаралық қатынастардағы көрінісі
- •4.2 Қазақстандағы діни сенім және ар ождан мәселесі
- •4.3 Қазақстандағы дінаралық келісім және толеранттық мәселесі
- •Мазмұны
- •1 Бөлім дінтану ғылым және оқу пәні ретінде
- •2 Бөлім діндер тарихы
- •3 Бөлім қазіргі қазақстандағы дәстүрден тыс діни ағымдар мен секталар
- •4 Бөлім. Қазақстан республикасындағы мемлекет, дін және қоғам
4.3 Қазақстандағы дінаралық келісім және толеранттық мәселесі
Дінаралық және ұлтаралық келісім – ел мұраты. «Көппен көрген ұлы той», «Таспен ұрғанды аспен ұр», «Жалғыз жүріп жол тапқанша,көппен біге адас» деген ұстанымдарды ұстанатын халқымыздың табиғатына көпшілдік пен меймандостық тән. «Бүгінгідей қиын-қыстау кезенде мен туған халқымның ынтымақ пен ауызбіршілікке танытатына сенемін. Дағдарыстар өтеді, кетеді. Ал мемлекет тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты құндылықтар мәңгі қалады».[1] Тәуелсіз Қазақстанның «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер» туралы заңы 1992 жылы 15 қаңтарда қабылданды. Аталмыш заңға бүгінге дейін жеті мәрте өзгертулер мен толықтырулар енгізілді.
Атап айтсақ, 1995 жылы салық салу және діни бірлестіктерді тіркеу мен тарату тәртібіне байланысты өзгерту енгізілді. 1997 жылы діни бірлестіктерге қатысты ақшалай қаржыландыру деген сөз тіркесі «ақша» деген сөзге өзгертілді, 2004 жылы Заң мемлекеттік басқару деңгейі және бюджеттік қатынастар арасында құзіреттілігіне шек қоюға қатысты өзгерістер болған. 2005 жылы Заңға ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Осы жылы заңға экстремизмге қарсы тиым салуға орай өзгеріс енгізілді.
Зайырлы мемлекет және діни бірлестіктер арасындағы қатынасты айқындайтын заң дінаралық қатынаста толеранттылық пен өзара түсіністік қағидаттарын ұстанады.
Ата заңымыз ел азаматтарының ар-ождан бостандығына кепілдік береді. Қазақстанда тұратын халықтар туған тілі мен діни сенім ұстануына, мәдениеті мен дәстүрін сақтауына барлық жағдай жасалған. Қазақ халқына тән қонақжайлылық, қайырымдылық пен сабырлылық, мейірімділік ұстанымдары қазақ қоғамы бейбіт өмір мен келісім салтанат құрды. Елбасымыздың салиқалы саясаты арқасында ұлтаралық және дінаралық келісім негізінде әлеуметтік-экономикалық және демократиялық құндылықтарды баянды етуде елеулі табыстарға қол жеткізді.
Қазақстан 2010 жылы ЕЫҚҰ және 2011 жылы ислам конференциясы ұйымында мәртебелі төрағалық қызметті атқармақ.
Елімізде орныққан тұрақтылық, дінаралық келісім мен ұлтаралық сыйластық Қазақстанның қарқынды дамуының іргетасы. Елбасының бастамасымен өткен әлемдік және дәстүрлі діндердің I және II сьезі әлемдік қауымдастық тарапынан оң бағасын алды.
Дін және дінаралық қатынас саласында жүргізіліп отырған саясат жаңа қоғамдық саяси жағдайда діни бірлестіктермен қатынастарды реттеумен және ішкі саяси тұрақтылық және ұлтаралық келісім мен дінаралық өзара түсінушілік сынды ұстанымдарын орнықтыру талаптарынан туындады.
Қазіргі кезде қоғам өміріндегі діннің рөлінің өсуі және діни бірлестіктер саны және діндарлар арасында жастар үлесінің артуы қазіргі діни сананың ерекшілігі болып отыр.
Еліміз үшін дәстүрлі болып саналатын ислам мен христиандық (православия) және бұрын ел тарихында болмаған жаңа діни бірлестіктер қазақ қоғамындағы көпдінділікті көрсетіп отыр. Қазіргі кезде елімізде 46-конфессияға тиесілі 4000 жуық діни бірлестіктер жұмыс істейді.
Ел тәуелсіздігі жарияланғаннан бері ресми деректерге сүйенсек, діни бірлестіктер легі төмендегідей: Ислам -2369; Православие – 286; Католиктік -83; Иудейлік – 28; Протестанттық – 1208; Дәстүрлі емес және басқалары -87. Ел аумағында шетел миссионерлерінің саны 370-ке жеткен. Діни бірлестіктер 40-қа жуық діни басылымдар шығарады. Деструктивтік немесе тоталитарлық сипаттағы дін атын жамылған секталар жөнінде деректер бар. Елімізде әртүрлі діни ағымдардың көбейіп кетуі, миссионерлік ұйымдардың қызметі елдің ынтымақты өміріне қауіп тудырады.
Діни мәселелерді шешуде оңтайлы шешімдер жасау дінаралық келісімді нығайтуға септігін тигізеді. Бұл үшін діни бірлестіктер қызметін реттеу, адамның санасы мен адамгершілік нормаларына зиян тигізетін діни бірлестіктердің қызметтеріне жол бермеу, кәмелеттік жасқа толмағандардың, қарттардың, мүгедектердің әлеуметтік – психологиялық осалдығын пайдалануға тиым салу, діни ғұрыптар мен рәсімдерді өткізу кезінде адам құқығын сақтау, бұл діни төзімділік қағидаттарының баянды болуының шарты.
Әлемдік және дәстүрлі діндерде адамдардың мал-мүлкіне, ар-намысына, бас бостандығына қол сұғуға тиым салған.
Ислам діні бауырластық пен кішіпейілділік мұраттарына адал болуға шақырады. Мұсылмандар арасындағы бірлік және ұлттар арасындағы татулық, келісім мен ынтымағы басты құндылықтар. Мұхаммед (с.ғ.с) хадисінде: «Иман келтірмейінше жәннатқа кіре алмайсыңдар, ал бір-біріңді жақсы көрмейінше иман келтірген болып есептелмейсіңдер».
1995 жылы қабылданған толеранттылық принциптерінің декларациясына сәйкес, толеранттылық (төзімділік) адамзат қоғамында алуан түрлі мәдениетті түсіну, құрметтеу және дұрыс қабыл алу ретінде түсініледі. Декларацияда толеранттылық «алуан түрліліктегі үйлесімділік» ретінде айқындалады. Мәдени алуан түрлілік адамзат қоғамында тең бейбіт қатар өмір сүруші мәдени топтардың көптүрлілігі ретінде қабылданады. Осыған орай, толеранттылық қағидаты ұлттық, нәсілдік, діни, тілдік, әлеуметтік, жыныстық белгілеріне қарамастан адам баласына төзімді қатынасты, құрметті талап етеді. Сондай-ақ, мүгедектерге және саяси көзқарасы өзгеше адамдарға деген төзімділікті көрсетеді. Төзімділік «бөгдені» болуын қабыл алу ғана емес, төзімділік «Бөгденің» өзін өзі өмір сүріп отырған қоғамда еркін де жайлы сезіну мүмкіндігін білдіреді. Мүгедектерге төзімділік – олардың құқығын құрметтеу, теңдігін сыйлау, олардың еңбек етуі мен өмір сүруі үшін жайлы, қолайлы жағдай жасау. Төзімділік бұл көмбістік емес. Толеранттылық бұл құлдық психология емес.
Төзімділік – бұл кез келген мәдени және әлеуметтік топты қабыл алу емес. Ұлттық, нәсілдік, діни кемсітушілік мен төзімсіздікті насихаттайтын саяси партиялар мен діни ағымдар төзімділік обьектісі бола алмайды.
Сондықтан да төзімділік пен түсінушілікке тәрбиелеу бүгінгі күні өзекті. Діни төзімділік қағидаттарына тәрбиелеу: жанұяда, бала бақшада, мектепте, оқу орындарында іске асырылуы керек. Ксенофобиялық, яғни бөгде мәдениеттегі, басқа дінді ұстанатын адамды қабыл алмау бұл адамзатқа ортақ діни, рухани құндылықтарды елемеушілік.
Төзімділік адамдар табиғаты бойынша сыртқы түрі, әлеуметтік жағдайы, тілі, діни құндылықтары мен саяси ұстанымдары бойынша ерекше болатындығын мойындау. Әрбір адам әлемде өмір сүруге және өзінің индивидуальды ерекшелігін сақтауға құқылы.
Діндар адам дүниге қатігездікпен, тәкаппарлықпен емес, сүйіспеншілікпен және ізгі ниетпен қарайды. Діни жол – өзара түсіністік пен өзара сыйластық, өзара көмек, достық жолы. Жаратушы бүкіл жаратылмышты ең кемел жаратылғаны адамзат игілігі үшін жаратқан. Адамдардың бір-біріне көмектесуі, ата-анасына, балаларына , туған-туыстарына, көршілеріне, ерлі – зайыптылардың бір-біріне әділетті қарым-қатынас жасауы, жасы үлкендерді құрметтеу, жасы кішілерге ізет пен қамқорлық жасау, жетім-жесірлерге, пақырлар мен міскіндерге, мұқтаждар мен жарымжандарға пана болу, көмектесу бұл күллі адамзатқа ортақ рухани, гуманистік құндылықтарға, яғни адамсүйгіштік пен адам абыройын асқақтататын мұраттарға жатады. Құран Кәрімде: «Аллаһтан» басқаға құлшылық қылмаңдар, әке-шешеге жақсылық істеңдер, жақындарға, жетімдерге, міскіндерге қамқорлық жасаңдар» (Бақара -177)
«Дінімізді мемлекеттік идеологияның ажырамас бір бөлігі, халықтың өміршең тәрбие көзі, ел тірегі ретінде танып, Ислам құндылықтарын ардақтау, оны игеру, ілгері дамыту бүгінгі және келер ұрпақтың да міндеті деп түсінеміз. Ислам ғасырлар бойы қазақ халқының, мемлекетінің тірегі, жүрер сара жолы болып келген. Алдағы уақытта да солай береді деп үміт артамыз». [2]
Діни сенім-адам болмысындағы кекшілдік пен жек көрушілік, менмендік пен қатыгездік, жаны ашымаушылық, көре алмаушылық, тәкаппарлық сынды дертті мінез-құлықтарды жойып, бауырмалдыққа, әділдікке, шыншылдыққа, сабырлық пен кеңпейілділікке, сүйіспеншілік пен рахымдылыққа шақырып, діни құндылықтарды адам болмысы мен жүрегіне сіңіреді.
Құдіретті жаратушы әлемдегі бүкіл адамзатты бірдей етіп жаратқан және адамзат үшін діни сенім еркіндігін берген. Бүгінгі әлемде адамзат ақ, сары, қара түсті нәсілдерді құрайтын түрлі ұлттар мен ұлыстардан, түрлі дінге сенетін адамдар (мұсылман, христиан, буддашы, иудей) және дінге сенбейтіндер өмір сүруде. Бұл адамзат өмірінде дінді ұстану не ұстанбауға қатысты дүниетанымдық, әрқилылықты көрсетеді. Діни және діни емес дүниетаным сұхбаты, дінаралық үнқатысу, ұлтаралық келісім бұл бейбітшілік пен төзімділікті жариялайтын діни және гуманистік ұстанымдардың ортақ мақсаты. «Біздің халқымыздың дәстүріне тән ашықтық, төзімділік және бейбітшіліксүйгіш рухы аймақта тұақтылық әлеуетін сақтады».[3]
Адамдарды дін мен тілі, түріне , нәсіліне қарай бөлмеу, жынысына, әлеуметтік жағдайына қатысты кемсітпеу және алаламау, құқығына қол сұқпау, қайта әрбір адамды Аллаһтың жаратылысы ретінде оның бірегейлігі мен ерекшелігі үшін сыйлауға, ардақтау бұл төзімділік пен құрметтілік кредосы. Ал адамның діни ұстанымы, дінге көзқарасы, сенімі: кәпір, пұтқа табынушы, мұсылман, атеист бұл Жаратушы мен пенде арасындағы мәселе. Құран Кәрімде: «Дінде зорлық жоқ» (Бакара,)
Қазақстан ислам мәдениеті мен өркениетінің құндылықтарын ардақтайтын зайырлылық пен демократиялық, жалпы адамзаттық құндылықтарды құрметтейтін ел. Халқымыздың рухани мәдени мұрасының негіздерінің бірі-ислам діні. Ислам діні, тіл мен діл-ұлттық идеямыздың тұғырлары. Қазақ топырағынан шыққан Әбу Насыр әл- Фараби , Қожа Ахмет Иассауи, Жүсіп Баласағұн, Мұхаммед Хайдар Дулати, Абай, Шәкәрім, Мәшһұр Жүсіп және т.б. ойшылдар мұсылмандық шығыстың мәдениетінің дамуына өзіндік үлес қосты.
«Отырар мәдениетін зерттегенде көз жеткізгеніміз ІХ-Х ғасырларда Орта Азия мен Қазақстанның оңтүстігінде алғашқыда сунниттік Имам али-Шафийдің (767-870) мазхабы таралған.Алайда,мұнда біртіндеп Имам Ағзам Әбу Ханифаның мектебі орнықты.Өйткені бұл ілім жергілікті тұрғындардың өмір салты мен дәстүрлерін шектемеді.Сондықтан бүгінгі күнге шейін Үндістан, Пәкістан, Ауғанстан, Орта және Кіші Азия, Татарстан, Башқұртстан, Сібір, Солтүстік Кавказ мұсылмандардың бір бөлігі осы мектепті (мазхаб) ұстанады.
Бір діни мектептің жолын ұстану арқасында халықтың діни бірлігі нығаяды,сенім мәселесі бойынша дау-дамай болмайды.Адамдар діни көзқарасы бойынша пікірлес болады.Бірнеше ғасырлардан бері Орта Азия және Қазақстанда ислам діні және мұсылмандық дінді түсінуде алауыздық жоқ.Себебі,бір сенімді ұстану,діни мәселелерде өзара түсіністік болса бөгде ой пайда болуына болмайды». [4]
Батыс Европадағы инквизация дәуірінде католик шіркеуінің шешімімен отқа өртелген мыңдаған адамдар, албасты деп айыпталып өртелген кінәсіз әйелдер, христиандардың қасиетті жерді (Иерусалимді) азат ету мақсатында жасалған крест жорықтары дінді тарату, нақты дінді қорғау не болмаса нақты діни сенімді жою мақсатында жүргізілген соғыстар дінді діни мәдениет пен діни төзімділік қағидаттарының адамзат тарихында үнемі болмағандығын көреміз.
Діни төзімділік және дінаралық үнқатысуды құндылық ретінде қабылдау бұл өзара түсіністік туындатады. Басқаны түсіну, ұлттардың мәдени ерекшелігі діндер арасындағы сұхбатты адамзатқа ортақ құндылықтар негізінде іске асыру елімзде дінаралық татулықтың негізі.
Қазақстан қазіргі кезде бейбітшілік пен діни төзімділік, өркениеттер мен діндер үн қатысуына жол ашқан және жалпы адамзаттық құндылықтар мен ұстанымдарды қастерлеуге шақыратын әлемдік қауымдастықтағы беделді ел болып отыр.
Діни төзімділіктің адамзат тарихындағы қалыптасуына көз жүгіртсек ежелгі қоғамдарда ру тайпалық сенімдерге байланысты топтық ерекшеліктер болған. Ал, Рим империясы дәуірінде алғашқы кезде қуғынға ұшыраған христиандыққа 313 Милан эдиктісімен христиандыққа төзімділік берілді. Христиан мемлекеттік дін болған соң мүшіріктер қудаланды және пұтқа табынушылыққа тиым салынды. Орта ғасырда батыс европада ересь және құдайсыздыққа айыпталып мыңдаған адамдар өртелді. Реформация дәуірі діни еркіндік, тұлға құқығы, сенімдегі еркіндік, ар-ожданға күштеу жоқ екендігі жарияланды. Қайта өрлеу дәуірінің мәдениетінің өзегі антропоцентризм және гуманизм мұраттары асқақ идеалға айналды. Діни төзімділік қағидаты ағарту дәуірінің мәдениетінде жатыр. Осы дәуірде адам жоғары құндылық, адам ақылының билік үстемдігінен азаттығы, тұлға бостандығы адамзаттың теңдігі мәселелері алға қойылды. 313 жылы Милан эдиктісімен Рим империясы аймағында бұрын қуғындауда болған христиан сенімін ұстануға рұқсат берілді.
Константин билігі тұсында христиандық ресми мемлекеттік дін ретінде мойындалып, 393 жылы ежелгі грек –римдік культтерге тиым салындыжәне культтерге арнап құрбандық шалуға тиым салынды. 315 жылы христиандарға құлшылық ету еркіндігі берілді. Оларды әскери қызметке шақыруға тиым салынды. 324 жылы «Діни төзімділік туралы эдиктіде «пұтқа табынушылардың пұтқаналары сақталды. Енді христиандар қудаланушылардың антикалық культтерге табынушыларды қуғындашыларға айналды.
Ресей империясында діни сенімді ұстанудың төрт деңгейлі градациясы болған. Мемлекеттік православтық шіркеу империяның қоғамдық – саяси жүйесінде негізгі және ерекше жағдайға иеленді.
Дінбасылар маңызды мемлекеттік іс-шараларға қатысты, Ресей императоры тек православ дінінде болуы шарт және «Шіркеудің жоғарғы қорғаушысы» қызметін атқарды, басқа діннен православ сеніміне өту марапатталды. Православ сенімін қабылдағандарға салық және басқа жағдайларға жеңілдік берілді. Православиядан басқа дінге өту қылмыстық іс ретінде қаралды. Тұрғылықты орнынан жер аударылды, меншік құқығынан айрылды, тіпті Сібірге жер аударылды. Тек ОПШ миссионерлікке қызмет атқаруға рұқсат етілді, басқа сенімдегілер болса ұлттық - діни қауым аясында уағыздауға мүмкіндік алды. Мойындалған сенім өкілдері –католиктер, протестанттар, (лютерандар және реформаторлар) иудейлер, мұсылмандар, буддистер-құлшылық етуге еркін түрде құқылы, дін мамандарын дайындауға және оқытуға, жылжитын және жылжымайтын мүлік иеленуге құқылы, католиктік және лютерандық дінбасылары мемлекеттен қаржы алды. Мұсылман, иудей, буддалық діндері мен олардың дін қызметкерлері діндарлар есебінен қамтамасыз етілді. Мойындалмаған сенім (ескі ғұрыпшылдық және сектанттар, рухани христиандар, Толстойшылдар) ресми түрде мойындалмаған. Оларға тұрмыс деңгейінде рұқсат етілген. Мойындалмаған, яғни төзімділік көрсетуге болмайтын-секталар (скоптық хлыстықтар) нақты жағдайға байланысты мемлекетке қарсы ұйымдар ретінде бағаланып және заң бойынша қудаланды. 1905 жылы Ресей империясында православиядан христиандықтың басқа бір ағымына немесе христиандық емес дінге өтуге құқық берілді. (1905 жылы 17 сәуірдегі «Діни төзімділіктің бастауын нығайту туралы» министрлер комитетінің ережесі)
1917 жылдың 20 наурызда Уақытша өкімет тұсында «Діни сенім және ұлттық шектеулерді жою туралы», 1917 ж. 14 шілдеде «Ар-ождан бостандығы» туралы қаулыларында азаматтық және саяси құқықтардың дін сенімге тәуелділігін жойып, бір сенімнен басқа сенімге еш кедергісіз өту құқығын, дінге дінсіз болу құқығын мойындады.
Христиан тарихында католиктер мен православтар арасында, католиктер мен протестанттар арасындағы қақтығыстар орын алғаны тарихтан белгілі. Қазіргі уақытта да Солтүстік Ирландиядағы католиктер мен протестанттар арасындағы, Ирактағы суниттер мен шииттер арасындағы түсінбеушілік дін ішіндегі алауыздықтардың әлі де сақталғандығын дәлелдейді.
Ортағасырлық Еуропа тарихында мыңдаған адам ересь (күпірлік) және құдайсыздық айыптарымен инквизация отынында өртелді. Ортағасырда бірнеше рет жасалған крест жорықтары діни алауыздық пен араздықты қоздырып, діни төзімділік идеясы ескерусіз қалды. Бұл дінаралық сұхбатқа деген сенімсіздікті және діни тұрғыдан жеккөрушілікті тудырды.
Інжіл адамзат баласын өзара сыйластыққа және кешірімді болуға шақырады. Христиан мәдениетінде адам Жаратушының бейнесіне ұқсас жаратылғандықтан мейірімді және кешірімді болу керектігіне ерекше көңіл аударады.
Ислам діні адамзатты кешірімді болуға, адал болуға, әділеттілік пен достыққа, сабырлық пен жомарттыққа шақырады. Мухаммед (с.ғ.с.) өнегелі өмірі мен ғибратты сөздері, ізгі амалдары діни төзімділікке жарқын мысал бола алады. Ол әрқашан өзінің дұшпандарына да әділетті болып, кешірген. Ислам – ізгілік пен игіліктің, бейбітшілік пен ілгерлеудің қағидаларын ардақтайтын, өзіне адамгершілік пен бауырмашылықты жинаған адамзат діні.
Әрине, кім сабыр етіп, кешірімді болса, дау жоқ, істердің ең маңыздысы-осы» («Шура» сүресі, 43 –аят)
Аллаһ елшісінің хадисінде: Аллаһ кешірген, кешірімшіл болған пенденің абыройын көтереді»,-делінген.
Демократиялық қоғамда діни дүниетанымдық плюрализм мойындалады. Діни төзімділікті діни еркіндік шешеді:
Қоғам мүшелерінің топтық немесе жеке өз сенімін ұстануға деген құқығын мойындау;
Мемлекет зайырлы және білім беру жүйесі зайырлы;
Діни топ (бірлестігінің) қоғамдық қызметін орындау міндеті, басқа діни және діни емес топқа зиян келтірмеуі тиіс. Діни төзімділік қағидаты мен практикасы іс жүзінде және бұқаралық санада және құқықтық деңгейде бекітіледі.
Бұқаралық санада «бөгде сенім» комплексімен байланысты күшті фобиялар сақталған.
Құқықтық деңгейде (дәстүрлі конфессияларға жеңілдік беру).
Шынайы мұсылман адамгершілікті ту етіп көтерген адам. Мұсылманның сөздері мен істері арасында айырмашылық болмайды, ақылы мен парасат –пайымы, жан-дүниесі мен тәні үйлесімді үндестікте болады.
Ислам діні- адамзатты жақсылық пен мейірімділік жасауға шақырады.
«Жақсылық істеңдер. Шын мәнінде Аллаһ игілік істеушілерді жақсы көреді,»-дейді (Бақара, 195). «Мұхаммед кешірім жолын ұста және оларға туралықты әмір ет. Сондай-ақ надандардан бет бұр». (Ағраф, 199)
«Жамандықты ең көркем түрде қайтар. (Жамандыққа қарсы жақсылық қыл).Сол уақытта араларыңда дұшпандық бар біреу өте дақын досқа айналады» (Фуссилат, 34).
Пайғамбарымыздың хадистерінде көркем мінез-құлықтар жөнінде көптеген ғибратты ой-пайымдаулар беріледі.
«Мұсылмандардың иманда ең кемелдісі- ең жақсы мінез-құлықтысы,» -деген (әт-Тирмизи, Әбу Дәуд)
«Мен жақсы мінез-құлықтарды кемеліне жеткізу үшін жіберілгенмін,» (әл-Байпақи)
Ислам –адамзатты тауһидқа, иманға, ихсанға, көркем ахлаққа шақырады.
Яһудейлік, христиандық және ислам діні ұстанатын адамдардың түп атасы – Ибраһим пайғамбар. Ислам кітап иелеріне құрметпен қарауға үндейді.
Ар-ождан бостандығы – бұл адамзаттың негізгі құқықтарының бірі. Елімізде орныққан дін аралық татулық пен келісім ел дамуының рухани негіздерінің бірі. Төзімділік пен конфессия аралық қатынастардың өзара келісім үйлесімділіігн сақтаудың негізі Қазақстандағы ірі екі конфессия – ислам мен православия екендігі даусыз. Қоғамдағы тұрақтылыққа, ұлтаралық қатынасқа конфессиялардың тигізетін өзіндік ықпалы бар. Сондықтан конфессияаралық қатынастардың қалыпты өркениетті тәсілдерін қалыптастыру мен дамытудың бір жолы-тәрбие жұмысы, әлеуметтік жұмыс, гуманитарлық бағдарламаларға бірлесе қатысу. Сондықтан да әлемдік діндердің рухани құндылықтық әлеуетін тиімді пайдалану елдің тұтастығын және рухани бірлігін сақтауға көмектеседі.
Елімізде түрлі елдерден келіп дін уағыздаушы миссионерлік топтардың іс-әрекеті тарихи орныққан діни санаға ықпал – әсерін тигізуде.
Қазақстан халқының 72% астамы ұстанатын ислам мен 22% астамы ұстанатын правослвиялық христиандықтың еліміздің тарихы мен рухани мәдениетінде өзіндік орны бар.
Ел қауіпсіздігінің және тұрақтылығының шарты – саяси, әскери, экономикалық, негіздері сонымен қатар рухани қауіпсіздік негізі туралы айту керек. Ел бірлігінің негізінің бірі – бұл діни бірлік екендігі адамзат тарихы көрсетіп отыр.
Миссионерлік қызметті шектеуде өркениетті елдердің тәжірибесін негізгі ала отырып және ұлттық мүдделерімізді негізге ала отырып жасауымыз керек.
Деректер бойынша, елімізде мыңнан аса протестанттық діни бірлестіктер жұмыс істейді.
Протестанттық ағымдар: Лютерандар, жетінші күн Адвентистері, Евангелшіл христиан – баптистер, елушілік, менониттер, методистер, иегово куәгерлері, жаңа апостоль шіркеуі және т.б.
«Дәстүрлі емес» - харизматикалық қозғалыстар: «Жаңа өмір», «Агапе», «Саентология шіркеуі» және т.б.
Еліміздің тарихында болмаған «дін» атын жамылған бірлестіктер елдің діни санасының қайта жаңғыруына және діни сәйкестілікке кері әсерін тигізеді. Жаңа діндерге өркениеттік тұрғыдан ғылыми негізделген дінтанугшылық сараптама жасау арқылы діни ілімдерінің мән-мағынасын, мақсаттарын ашып көрсету бұл діни төзімсіздік емес. Бұл елдің ынтымағы және ұлттың тұтастығын сақтау, қөоғамдық келісімді қолдау деген сөз. Діни ұйымдар мен бірлестіктердің шаруашылық – қаржылық қызметін реттеу мен қадағалауды күшейту де орынды.
Шет елдік миссионерлер жастар мен балалар лагерлерін, ағылшын тілін және музыкалық аспаптарда ойнауды үйрету курстарын, студенттер алмасу сынды түрлі айла-шарғымен өз жұмыстарын белсене жүргізуде. Әсіресе, Иегова куәлары ағымы азаматтардың отбасылық және жеке өміріне араласып, азаматтардың құқықтарына қол сұғуда. Иегова куәгерлері азаматтардың кейбір конституциялық міндеттерін орындауына шек қояды. (отанды қорғау). Мемлекеттік ән ұранды орындаудан бас тартып, мемлекеттік рәміздерге деген құрмет сезімін аяқасты етеді.
Әдебиеттер тізімі:
Дағдарыстан–дамуға. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың халыққа Жолдауынан.
Әбсаттар қажы Дербісәлі. Ислам және Заман Алматы 2003ж. 12-13 бет.
Ж.Ж. Молдабеков. Национальная идея: казахстанская модель.// Қазіргі өркениет және Ұлттық мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін арттыру әселелері 10-11 шілде 2008 ж. 9-10 бет.
Шейх Абсаттар хаджи Дербисали «Жизнь и творчество Отрарского ученого Кавам ад-дин ал-иткани ал-Фараби Ат-Туркистани» (Казахстанская правда. 20/02/2009г.).
