Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
ДИНТАНУ НЕГИЗДЕРИ 2010.14.04.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
4.21 Mб
Скачать

Дінтану негіздері Алматы 2010

Байтенова Н.Ж. (авторлық ұжымның жетекшісі), Құрманалиева А.Д., Абжалов С.У., Бейсенов Б.Қ., Борбасова Қ.М., Затов Қ.А., Рысбекова Ш.С., Мейрбаев Б.Б., Альмухамедов А.Р.

Дінтану негіздері. – Алматы, 2010. – 346 б.

© Байтенова Н.Ж., Құрманалиева А.Д., Абжалов С.У., Бейсенов Б.Қ., Борбасова Қ.М., Затов Қ.А., Рысбекова Ш.С., Мейрбаев Б.Б., Альмухамедов А.Р.

КІРІСПЕ

Құрметті оқушы! Бұл оқулық адамзат тарихы мен мәдениетіндегі руханият негізі діннің тарихы мен іліміне, салт-дәстүрі мен мейрамдарын талдауға арналған. Адамзат қоғамының даму тарихын қарайтын болсақ дінсіз қоғам болмаған. Саналы адам қалыптасқаннан бері дін жұбаныш пен рухани тіреудің, сонымен қатар халықтар мәдениетінің рухани тұғыры болып келген. Сондықтан да адамзат қоғамында діннің алатын орны ерекше. Дін бұл дүниетанымды қалыптастыру мен тұлғаны тәрбиелеуде өзіндік орны бар құндылық. Осыған орай жас ұрпаққа діндердің тарихы мен оның құндылықтары, рухани бағдары туралы мәлімет беру бүгінгі өмір талабы. Жас жеткіншектерге діндер тарихы мен ілімдері, халықтар тарихындағы орны туралы ғылыми негізде жазылған оқулық аса қажет.

Діннің қоғамдағы атқарар рөлінің өсуіне орай және діни қажеттіліктердің артуына байланысты діни сана мен мәдениет туралы жан жақты білім беретін оқулық жазу қоғам сұранысынан туындап отыр. Қолдарыңыздағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Ғылым философиясы және дінтану кафедрасының меңгерушісі философия ғылымдарының докторы, профессор Нағима Жаулыбайқызы Байтенованың басшылығындағы авторлар ұжымы құрастырған «Дінтану негіздері» оқулығында дін ұғымы, дін және қоғам, дін және өнер, ежелгі діндер, ұлттық діндер, әлемдік діндер мен дәстүрлі емес культтер, секта ұғымы және оның мән мағынасы, сондай ақ Қазақстандағы жаңа діни ағымдар мен ұйымдар, экстремизм және оның дінаралық қатынастардағы көрінісі, Қазақстандағы діни сенім және ар ождан мәселесі, Қазақстандағы дінаралық келісім және толеранттылық мәселесі туралы мол ақпарат берілген. Мұндай ақпараттар мен деректер дін туралы ой түсінігі толық қалыптасып үлгермеген жас буын жеткіншектер үшін тиімді де, пайдалы болары даусыз.

Жаһандану заманында ұлттық бітім болмысымызды және мәдениетімізді сақтау бүгінгі өмір шындығы. Қазақ елі қашанда тұрақтылық пен татулықтың алтын бесігі болған және болып отыр да. Елбасымыздың бастамасымен өткізілген Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің I, II, III съездерінде Қазақстандағы орныққан дінаралық келісім мен татулықты съезге қатысқан дін көшбасшылары жоғары бағалады. Дінаралық татулық пен төзімділіктің Қазақстандық үлгісі әлемдік қауымдастық тарапынан оң бағасын алып отыр. Съезд аясында Халық­аралық мәдениеттер мен діндер орталығы құрылып жұмыс істеуде.

Дінаралық сұхбаттастық мәдениетін қалыптастырып дамыту үшін діни ілімдердің рухани әлеуеті мен ортақ құндылықтарын білім беру жүйесінде тиімді түрде оқыту мен насихаттау елдің ынтымағы мен бірлігі жолына қызмет етеді. Жас оқырман! Сіздер бұл оқулықтан діндер тарихы мен ілімдері туралы толыққанды түсінікке ие боласыздар.