Кіріспе
Философия ғылыми көзқарастың бастауы ретiнде б.з.д. ҮШ-Ү ғ. қалыптасты, осы кезден бастап адамзат əлем туралы, ондағы өзiнiң орны мен тағдыры туралы рационалды көзқарасқа сүйене бастады. Əлемнiң рационалды түсiндiрiлуiне ең алғаш қадам жасағандар, дүние құрылымы туралы ерекше iлiмдi тудырды. Əр дəуiрдiң, əр заманның өкiлi өз философтарын шығарды. Алғашқы кезде философия мифологияға байланысты болды. Философия бiр жағынан мифологияға, екiншi жағынан ғылымға қатысты дамыды. Өмiр сүрудiң мəнi неде? Болмыс деген не, деген сияқты сұрақтарды талдады. Философия пайда болған кезден бастап-ақ, дүниеге көзқарас та қалыптасты, оның дамуы бiр логикаға сүйендi.
1. Шығыс философиясы – сыни көзқарас ретiнде б.з.д. 4 мыңжылдықтың соңында Египет, Вавилонда б.з.д. VIII-VI ғ. Үндi, Қытайда қалыптасты. Дүниетанымда қоғам дамуы нəтижесiнде прогрессивтiк, атеистiк, консервативтiк, мистикалық бағыттар дүниеге келдi.
2. Антикалық философия – мифология жəне жаңадан дамып келе жатқан ғылыми болжамдарға негiзделдi.
3. Орта ғасыр. Дiнге байланысты болды, оны ақыл-оймен дəлелдеуге тырысты.
4. Жаңа дəуiр философиясы (реформация) – жаратылыстану ғылымына сүйенiп адам тағдырын, оның iшкi дүниесiн зерттеудi алға қойды.
6. Философия барлық ғылымдардың əдiстемесі ретіндегі рөлiн сақтап қалды. Гегель философиясының негiзiнде, ХIХ-ХХ ғғ. марксизмде философия пəнi туралы түсiнiк қалыптасты.
1. Ежелгі шығыс философиясы
Ең көне философиялық ілімдер Ертедегі Шығыс мемлекеттерінде – Қытай мен Үндістанда, Вавилон мен Египетте пайда болды.Ежелгі Шығыс философиясы тарихи философиялық процесте дербес өзіндік ерекшелігі бар бағыт.Алғашқы философиялық ойлар алғашқы астрономия, космология, математика iлiмдерiмен жəне ескi мифологиямен тығыз байланысты. Философия қоғамдық сананың ерекше формасы ретiнде əлi бекiне қойған жоқ болатын. Шаруашылық талаптары нақты ғылымдардың дамуын қажет еттi. Вавилон математиктерi алгебра мен геометрияның бастауын жасады: квадраттық теңдеулердi шеше білді, қазiргi уақыт өлшемдерiн ойлап тапты (сағат, минут, секунд, т. б.), абыздардың мифтiк құдайлар туралы iлiмi (теогония) – дүниенiң пайда болу iлiмiне (космогония) ұласты. Құдайлар атасы – Ай, құдайлар – жұлдыздар, болып саналды. Күн соларды сөндiретiн, өлiм əкелетiн зұлымдық күш делiндi. Ай өлiп, қайта тiрiлетiн өшпес өмiрдi бейнеледi. Олардың мəңгi алмасуы – жақсылық пен зұлымдық күресi ретiнде сипатталды. «Жұлдызды» космогония – астрологиялық iлiмдi тудырды, оның мəнi əлi күнге дейiн сақталып отыр.
Осы көзқарастарға қарсы сыни атеистiк ойлар туды, ол Вавилонның аса көрнектi əдеби мұрасы – «Өмiрдiң мəнi туралы құл мен оның иесiнiң айтысы» еңбегі. Оның ұмыт болған авторы дiни қағидаларды сынап, о дүниедегi өмiр үшiн құдайларға құрбандық шалуды ақылсыздық дейдi. Мифологиялық мазмұндарды дiни емес, философиялық тұрғыдан түсiндiру бiртiндеп өсе түстi. О дүниедегi мəңгi өмiрге сенудi сынап, еңбектi жеккөрушiлiктi жойып, осы дүниедегi өмiрдi түзетуге шақыратын шығармалар тарала бастады. Сондай еңбектiң бiрi – «Арфист өлеңi» о дүниеден қайтқан ешкiм жоқ, ол туралы адамның сезiмi мен ақылы да еш дерек келтiре алмайды, сондықтан ол ертегiлерге сенудi тоқтатып, жер бетiндегi өмiрiмiздi түзейтейiк делінді.
Ежелгi Египет мұраларында стихиялық материалистiк көзқарастар да кездеседi. Ондағы «барлық тiршiлiк салқын судан пайда болды» деген пiкiр, грек ғалымы Плутархтың айтуынша, кейiн Милет мектебiн құрған Фалес философиясының негiзгi идеясына айналды
Үндi мен Қытайды рухани туысқандастырған буддизм, ол б. з. д. II ғасырда ғана Қытайға ендi. Көптеген философия тарихын зерттеушілер антикалық Батыс, Ежелгi Үндi жəне ежелгi Қытайды үш əртүрлi, бiрақ теп-тең рухани дүние ретiнде қарайды. Б. з. д. II мыңжылдығында солтүстiк Үндiстанға көшпендi мал шаруашылығымен шұғылданатын тайпалар қоныстана бастады. Олар Орта Азиядан, Ираннан, Волга бойынан келгендер деген де пiкiрлер бар. Олар өздерiн арийлықтар деп атады. Үнді философиясы бiздiң жыл санауымыздан 3 мыңдай жыл бұрынғы Ежелгi Үндi жерiнде қауымдық қоғам ыдырап, оның орнына құлдық қоғам қалыптаса бастаған кезде пайда болды.
Үндiнiң философиялық ойы сияқты қытай даналығы да өте ерте кездегi мəдени қабаттардан өз бастауын алады. Мифологиядағы “Ян” жəне “Инь” туралы көзқарастарды ежелгi қытай ойшылдары дүниетанымдық ұғымға айналдырды жəне оны “ци” ұғымымен толықтыра отырып (б.з.д. VIII-V ғ.), “У-син” концепциясын (б.з.д. V-IIIғ-бес түпкi элементтер туралы iлiм) дамытты. Бұл көзқарастар Лао-Цзыдiң (б.з.д. VI-V ғ.) “Дао де Цзин” деп аталатын еңбегiнде жарқын көрсетiлген. Лао-Цзыдiң пiкiрiнше, дао—бұл ғаламдық заңдылық. “Цимен” бiрге дао əлемдегi заттардың дамуы мен өзгеруiне ықпалын тигiзедi. Əлем алуантүрлi жəне үнемi өзгерiсте. Адам, даостардың пiкiрiнше, Даомен бiрiгiп, жерге тəн бағыныштылықтан құтылуы қажет (7.37).
Кун Фу-Цзы, аңыздардың айтуынша Лао-Цзыды құрмет тұтып, оның əңгiмелерiнен үлкен өнеге алған. Бiрақ Лао-Цзы Даоны тұтып, жоғары қойса, ал Кун Фу-Цзы “асыл тектi ер мiнездi” ең басты қасиет ретiнде санап, “жэнь” мəселесiне үлкен көңiл қойды. Конфуций пiкiрiнше, жэнь—бұл гумандылықтың идеалды қатынасы. Жэнь асыл тектi адамға тəн барлық жақсы қасиеттердi жинақтайды. Жэнь—бұл ақыл-ой, жүрек, адамгершiлiк парасат. Жэньнiң арқасында адам ешқандай зұлымдық жасамайды, жердегi адамдар мен барлық тiршiлiк иелерiн жақсы көрiп, халық пен қоғамға ешқандай зиян келтiрмейдi. Егер жэнь—бұл гумандылық болса, ли—бұл адамдар арасындағы қатынастар мен байланыстардағы үйлесiмдiлiк. Ли—бұл өзге адамдарға деген құрмет, бұл iзгi iлтипат жəне сыпайыгершiлiк. Кун Фу-Цзыдiң айтуынша “жэнь” жəне “ли” адамгершiлiк пен құрметтiң өзара байланысының алғышарты. Парасаттылыққа жеткен адам—бұл адамгершiлiктi жəне тəрбиелi адам. Парасаттылыққа жету музыка мен поэзияны меңгеру арқылы жүзеге асады. Онсыз əлеуметтiк қағидаларды игеру мүмкiн емес. Конфуцийдiң идеялары қытайдың рухани мəдениетi дамуына өзiнiң зор ықпалын тигiздi. Сонымен, ертедегi үндi жəне ежелгi қытай философиялары (əсiресе, дао i лiмi) адамды тiкелей болмыспен бағдарластырады, адамның əлеммен үйлесiмдiлiгi мен тұтастығына үндейдi.
