Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
УП 1-2015 Садирова К..doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
771.58 Кб
Скачать

2.5 Лепті сөйлем

Лепті сөйлемдер қарастырылып отырған түркі тілдерінің барлығында дерлік кісінің көңіл-күйін, әр түрлі эмоциялық сезімін білдіретін сөйлем типі ретінде анықталған. Тілші ғалымдардың көзқарасы түйіспейтін тұс – бұл жай сөйлемнің жеке түрі ме, әлде хабарлы, сұраулы, бұйрықты сөйлемдердің бір түрі ме деген мәселеде.

А.М.Ширалиев пен М.Н.Хусейнзаде азербайжан тілінде лепті сөйлемдердің жеке тип болатынын қуаттаса, сол тілді зерттеуші З.И.Будагова бұл пікірді теріске шығарады: «На наш взгляд, восклицательное предложение показывает не цель высказывания, а повышенное эмоционально-экспрессивное состояние говорящего, и в принципе повествовательное или вопросительное предложение может быть восклицательным, нисколько не меняя своего коммуникативно-целевого назначения». Мұндай көзқарас түркімен тілі грамматикасында да мынадай мысалдар арқылы келтіріледі: Сениң какаң өйде. (хабар сөзлеми) – Твой отец дома. Сениң какаң өйде? (сораг сөзлеми) – Твой отец дома? Сениң какаң өйде! (йузленме сөзлеми) – Твой отец дома!. Бұл мысалдар арқылы автор интонацияның көмегімен хабарлы, сұраулы сөйлемдердің лепті сөйлемге айнала алатынын көрсетеді.

М.Мирзаев, С.Усманов, И.Расулев «Өзбек тілі грамматикасында» сөйлемдерді айтылу мақсатына қарай хабарлы, сұраулы, бұйрықты деп жіктейді. Лепті сөйлемдерді (ундов гап) хабарлы, сұраулы, бұйрықты сөйлемдерден жасалатын сөйлем деп, оны екі түрге бөліп көрсетеді: хабарлы-лепті сөйлем (дарак-ундоп гап) және сұраулы-лепті сөйлем (сурок-ундоп гап).

Ал А.Ибрагимов, керісінше, бұйрықты сөйлемді сөйлемнің жеке типі деп есептемейді, оның қызметін лепті сөйлем аясында қарастырады.

Көпшілік түркі тілдерінде лепті сөйлемді жеке тип сапасында қарастырады. Бұл туралы атақты түрколог А.Н.Кононов былай деп жазады: «лепті сөйлем – түрлі эмоцияны білдіретін сөйлем».

Бұл көзқарасты М.З.Закиев те ұстанады. Ол татар тіліндегі лепті сөйлемдердің (өндәү жөмлә) сөйлеушінің үндеуін, оның ішінде бұйыру, шақыру, кеңес беру мағыналарын білдіретінін атап көрсетеді. Лепті сөйлемдердің өзіне тән мынадай төрт белгісін айырықшалайды:

  1. Лепті сөйлемнің өзіне тән интонациясы болады.

  2. Лепті сөйлем лепті мәнді білдіріп тұрған формалармен беріледі, хабарды білдіріп тұрады. Бұл формалар:

а) ІІ жақ бұйрық райлы етістік: Балалар, ни булса да, агач башыннан төшәсе булмагыз! (К.Т.)

б) І жақ бұйрық райлы етістік: Тукта әле, Кузьма Алексеевич янына цехка кереп чыгыйм! (И.Г.).

Мұндай сөйлемдер кеңес сұрауды, өтінуді, біршама тілек білдіруді көрсетеді.

в) І жақ бұйрық мәнінің көптік формасы: Мин дә көч, ярдәм бирермен, әйдә, иптәш, кузгалыйк, Шул агачны бергә-бергә ушбу арбага салыйк! (Г.Т.)

г) ІІІ жақ бұйрық райлы етістік: Инде яшьләр хәзер сөйсеннәр! (Һ.Т.).

д) Инфинитивпен және инфинитив + кирәк және еді сөзі арқылы: Нык карагыз! Берсен дә качырмаска! Сиңа шәһәрдән авылга күчәргә кирәк! (С.Ә.) Дилбегәне үз кулыңа алырга иде! (И.Г.).

3) ІІІ жақ көпше түрде келіп, кеңес беруді білдіру арқылы лепті сөйлем жасалады: Әйдә югары батыр очучы! (С.Б.).

4) Лепті сөйлем жоғарыда аталған формалардың қатысынсыз, тек интонациямен де жасалады: Алгарақ! Алгарақ! Тизрәк! .

Ал татар тілін зерттеуші В.Н.Хангилдин татар тіліндегі лепті сөйлемдерді үшке жіктейді: хабарлы-лепті сөйлем (хикәя-өндәү жөмлә), сұраулы-лепті сөйлем (сорау-өндәү жөмлә), бұйрықты-лепті сөйлем (боерык-өндәү жөмлә). Олардың әрқайсысына мынадай мысал келтіреді:

  1. хабарлы-лепті сөйлем: Сезгә бәхет белән тәүфыйк теләп, Сәлам яза Такташ бабагыз! Һ. Такташ.

  2. сұраулы-лепті сөйлемдер: Син безнең арага кермәкче буласыңмыни?! (М.Фәйзи).

  3. бұйрықты-лепті сөйлем: - Бирешмә, Шәрәфи абзый! – Бәр таза гына! Күрсәт егетлекне! (Ш.Камал).

Көріп отырғанымыздай, татар тілінің грамматикасында лепті сөйлемдерді ғалымдардың бірі жеке түр сапасында таныса, екіншісі оны хабарлы, сұраулы, бұйрықты сөйлемдерден жасалатын сөйлем деп санайды.

Башқұрт тілі грамматикасында лепті сөйлемдердің айтушының айтылымға қатысты эмоциясын білдіруге жұмсалатыны көрсетіліп, таңырқау, мақтану, келіспеу, ашу, тәкаппарлық, өкініш, тілек, нәзіктік, жек көрушілік, үндеу, мадақтау, қорқу, таңырқау т.с.с. сезімдерді атап көрсететіні айтылған. Лепті сөйлемдердің жасалу жолдарын Ғ.Ғ.Сәйетбатталов былай топтастырған: лепті сөйлемге тән интонация, бұйрық райлы етістіктер, эмоциональды-экспрессивті сөздер, сұрау есімдіктері, демеуліктер, одағайлар.

Башқұрт тіліндегі лепті сөйлемдерді төмендегідей құрылымдық-семантикалық типке бөледі:

  1. Баяндауышы бұйрық райлы етістіктен жасалатын лепті сөйлемдер: Йәшәһен тыныслык! Да здравствует мир! Мұндай сөйлем түрі үндеу мен ұран сөздерде кеңінен қолданылады.

  2. Бастауышы атау септігіндегі зат есімнен жасалған лепті сөйлемдер: Беззең менән бергә байрамыбызза шатланыусы бөтә кешеләргә рәхмәт! (М.Кәрим). Спасибо всем, кто вместе с нами радуется на нашем празднике! Мұндай сөйлемдер құрылымы жағынан бір негізді болып келеді.

  3. Лепті сөйлем басында одағай жұмсалатын сөйлем: Их, Асылыкүл өстөндә балык каптырып ултырыузары! (Ф. Исәнғолов). Ах, эта рыбалка на Асылыкуле!

  4. Күпме (қанша, қаншама) сұрау есімдігімен келген лепті сөйлемдер: Без был данлы йылда күпме яңы дустар таптық! Күпме халыктар менән иске дуслығыбыззы ныгыттык! (Ә.Вәли). Сколько новых друзей нашли мы в этом новом году! Со сколькими народами укрепили старую дружбу!

  5. Лепті сөйлем баяндауышының құрамында бит, һуң инде демеуліктері жұмсалады: АҚШ конгрессмендары араһында бер генә эшсенең дә, бер генә фермерзың да булмауы факт бит! («Сов. Башк.»). Ведь факт, что среди когрессменов США нет ни одного рабочего, ни одного фермера! Купшы ла һуң инде Иван ивановичтың бөрмәле туны (Ғ.Сәләм). Славная бекеша у Ивана Ивановича!

  6. Лепті сөйлем баяндауышы бар модаль сөзінен жасалады. Мысалы: Минең халқым кеүек кемдең тағы иң зур һәйкәл өсөн хакы бар! (Ғ.Сәләм). Кто ещё, как мой народ, заслужил самый большой памятник!

  7. Лепті сөйлем баяндауышы сапасында тұйық етістік (инфинитив) пен була модальдық мағынаға ие сөздің тіркесуі жұмсалады. Мысалы: Һеззең кеүек Урал бөркөттәре менән фашистарзың ояһын туззырырга, Гитлерзың азау тешен һындырырга була! («Башк. пионеры»). С такими уральскими беркутами, как вы, можно разворотить гнездо фашизма, сломать коренные зубы Гитлера! Бұл жерде була сөзі мөмкин модаль сөзінің синонимі болып табылады.

Сонымен қатар башқұрт тілінде лепті сөйлемнің риторикалық лепті сөйлем (риторик өндәү һөйләмдәр) деген типін бөліп көрсетеді. Бұл сөйлемдер сипатын Ғ.Ғ.Сәйетбатталов былай анықтаған: «Өндәү һөйләмдәрзең кайһы берзәре кешеләрзең төрлө тойғолары менән эске кисерештәрен белдерә һәм художестволы образлау өсөн хезмәт итә. Телмәрзе художестволы итеү өсөн кулланылған бындай өндәү һөйләмдәр грамматикала риторик өндәү һөйләмдәр тип йөрөтөлә». Көріп отырғанымыздай, көркем образ жасауға қызмет ететін лепті сөйлем түрі риторикалық лепті сөйлем деп аталады. Сонымен қатар аталған ғалым лепті сөйлемнің бір түрін сұраулы-лепті (һорау-өндәү) немесе лепті-сұраулы (өндәү-һорау һөйләм) сөйлем деп бөліп көрсетеді. Бұл сөйлемдерді әрі сұрау мәнін, әрі эмоцияны қоса, бірге білдіруге қызмет ететіндіктен сұраулы-лепті сөйлем немесе лепті-сұраулы сөйлем деп атау керек деп тұжырымдайды.

Жоғарыда келтірілген татар және башқұрт тілдері ғалымдарының пікірлеріне қарағанда, лепті сөйлемді жікке бөлу мен жасалу жолдарын анықтауда едәуір айырмашылық бары байқалады.

Қазақ тілі грамматикасында лепті сөйлемдердің кісінің көңіл күйін, әр түрлі эмоциялық сезімін білдіру үшін жұмсалатыны және лепті сөйлемдердің эмоциялық мағыналары олардың құрамындағы одағай, модаль сөздермен, сөйлемдердің лептілік әуенімен берілетіндігі көрсетілген. М.Балақаев пен Т. Сайрамбаев лепті сөйлемдерді төмендегідей түрлерге топтайды:

1) қорқу, сескену, аяу, өкіну, таңырқау сияқты кісінің көңіл күйін білдіретін сөйлемдердің баяндауыштарының құрамында ау, ау демеуліктері айтылады. Мысалы: - Құлайды-ау! Ол бүгін келмеді-ау! (Ғ.Мұстафин).

2) а) баяндауышы бұйрық рай тұлғадағы етістік баяндауышты сөйлем кейде тілек мағынасында айтылады: - Жасаған-ау, бала бере көр! – деді (ол). Бірақ тілек іске аспады (М.Жұмабаев).

б) баяндауыштары етістіктің шартты рай тұлғасында айтылып, бірдеңені көксеу, арман ету мағынасында лепті сөйлем жасалады. Мына көгалға бауырыңды төсеп жатсаң! (Ғ.Мұстафин).

Күрделі баяндауыштың негізгі сөзі келер шақтық есімше болып, одан кейін сұраулық –ма/-ме шылауы мен еді көмекші етістігі тіркесіп те арман мәнді лепті сөйлем жасалады. Па, шіркін мына атқа мінер ме еді! (Ж.Верн.).

3) Өткенде істелуге тиісті, бірақ істелмеген, болмаған іске өкіну ретінде айтылатын лепті сөйлемдер. Ондай сөйлемдердің баяндауыштары мынадай жолдармен жасалады:

а) болымсыз тұлғадағы өткен шақтық есімше мен есімше тұлғасындағы көмекші етістік (екен), одан кейін демеулік те тұрады: Қап, орылған астықты кеше жиып алмаған екенбіз де!

ә) І жақтық шартты рай тұлғасындағы етістікке –шы/-ші қосымшасы жалғанады. Ондай сөйлем ерекше көтеріңкі әуенмен айтылады. Қап, кеше кешке қонаққа барғанша, театрға барсамшы!

б) тұйық райлы етістікке керек еді ғой деген тіркес жалғасатын күрделі баяндауышты лепті сөйлемдер де кейде өкініш мәнде айтылады: - Омарбекке солай деп айту керек еді ғой!

в) кейде, тұйық етістікке –ың/-ің қосымшасы жалғанып, одан кейін ғой шылауы жұмсалған күрделі баяндауышты сөйлемдер де өкініш мәнде айтылады: - Кеше осыны айтуың ғой!

4. Бірдеңені асыра мақтан ету, масаттану, қолпаштау мағынасында да лепті сөйлемдер жасалады. Ондай сөйлемдердің ішінде кейде қандай, ғажап, неткен, болғанда қандай, пай-пай, ай деген сөздер болады: - Айналаңа қарашы! Дүние қандай сәнді! (Ғ.Сланов).

Қазақ тілінде де тұлғасы сұраулы сөйлемдер де экспрессивті мағынадағы лепті болып жұмсалатыны аталып, мынадай мысал берілген: Ол неғылған оңбаған адам?! Мұндай сөздің кімге керегі бар!?.

Р.Әмір сөйлемдердің лепті, лепсіз болып бөлінуінің бөлек ұстанымға сүйенелінетіндігін, бұл топтау сөйлемдердің мазмұнына, эмоцияның қатысуына, қатыспауына және эмоцияны білдіретін формалардың көрінуіне, көрінбеуіне негізделетінін атап көрсеткен. Ол лепті сөйлемдер жасауға қатысатын экспрессивті баяндауыштардың парадигматикалық қатарын дара топ ретінде ұсына отырып, оның мынадай себептерін алға тартады: «...біріншіден, экспрессивті баяндауыштар морфологиялық формаларды, тіпті өзіне сыңар болып келетін қара жаяу баяндауыштық формаларды өз ыңғайымен ерекше жұмсап құралады: алмасам, алмасам ба, алмас па, жалықпайды екен т.б. Екіншіден, өз бойында интеллектілік мағына мен эмоциялық мағынаны қатар сыйыстыратын баяндауыштық формалармен бірге тілімізде тек эмоциялықты білдіретін баяндауыштар бар. Бұлар интеллектілік мағыналы баяндауыштардың ешқайсысына қосуға келмейді. Үшіншіден, эмоциялы баяндауыштар түрлі коммуникативтік жағдайға, стильдік міндетке сай өзара қызмет бөліскен. Осының бәрі эмоциялық баяндауыштар тобын дербес грамматикалық жүйе дәрежесінде қараған жөн екенін байқатады». Байқап отырғанымыздай, Р.Әмір қазақ тіліндегі лепті сөйлемдерді жеке тип сапасында қарастыра отырып, оның өзіне ғана тән жасалу жолын топтастырады. Ғалымның формалары мен қызмет ерекшелігін жеке-жеке айқындаған эмоциялы баяндауыштары төмендегідей:

1. Субъектіге тән сапаны эмоциялы түрде атау үшін айтса айтқандай, мықты десе мықты тәрізді құралған баяндауыштар қызмет етеді. Бұл баяндауыштар бір сөзді қайталақтатып тіркестіру негізінде жасалады. Баяндауышқа енген компоненттердің бағыныңқысы шартты рай тұлғасы арқылы негізгі компонентпен байланысады. Ах, сорлы балам, айтса айтқандай! Аудырмай түсірген! (Ш.Х.).

2. Субъектіге тән іс-әрекетті ерекше екпін түсіріп, тұжырып айтуда алғаным алған, алғаны алған, айтатыным айтамын тәрізді құралған баяндауыштар жұмсалады. Р.Әмірдің көрсетуінше, бұл баяндауыштар да бір сөздің қайталанып келуі арқылы жасалады. Баяндауыштардың алғаным алған тәрізді түрінде негізгі компонент болып - ған/-ген формалы есімше түбір күйінде келеді де, қайталақ компонент тәуелдік жалғауын жалғаған есімше түрінде келеді, екі компонент өзара предикативтік қатынас арқылы байланысады. Бірінші компоненттің тәуелдік жалғауы баяндауыштың жақтық мағынасына қарай түрленеді. Әпкем баратыны барады. Ертеңнен қалмайды. Су жаңа дөңгелек осы қалғаны қалған! (Ш.Х.).

3. Эмоциялы баяндауыштардың бір түрі келетіні келеді, келуі келді (келген) тәрізді болып жұмсалады. Әпкем келетіні келеді (келуі келеді, келуі келген)!

4. Компоненттері да, де жалғаулықтары арқылы біріккен күрделі баяндауыштар да (алды да кетті) эмоциялық күйді білдіру үшін қызмет етеді.

Жалғаулық арқылы біріккен күрделі баяндауыш көсемше форма арқылы бірігуден гөрі эмоциялы болуға бейім болуының себебі бар. Баяндауыштың бұл түрі ерекше интонациямен айтуға ыңғайлы: сіресіп қалдым – сірестім де қалдым.

4. Эмоциялық баяндауыш «сын есім – десеңші», «етістік – десеңші» болып құрылады: күшті десеңші, алады десеңші. Бұл баяндауыштар сұраулық сөз қатысқан лепті сөйлемдер құрамында жұмсалады. Оған не жоқ десеңші! (Б.Т.).

5. «Етістік – дейсің (деймін)», «есім сөз – деймін» болып құралған баяндауыштар да іс-әрекетті эмоциямен атау үшін жұмсалады: жауды дейсің, ұстамын деймін.

6. Эмоциялы баяндауыштардың бір түрі –тын, -тін формалы есімше немесе есім сөз және өзі есімдігінің бірігуі арқылы жасалады. Есімше, есім сөз және өз есімдігі матасып байланысады: сөйлейтіннің өзі, күлегештің өзі.

7. Эмоциялы баяндауыштың тағы бір түрі алғанды шығарды тәрізді болып құралады: -ған, -ген, -тын, -тін формалы есімше шығарды етістігімен тіркесіп, бір баяндауыштық форма құрап тұр. Үй-ішіне ырза болмай, үнемі төмен қарап отырғанды шығарды (Ә.Н.). Отырғанды шығарды тәрізді құралған баяндауыш субъектіге тән іс-әрекетті ренішпен, жақтырмай атау қажет болғанда жұмсалады. Ғалым бұл баяндауыштардың ауызекі сөйлеу тіліне тәндігін атап көрсетеді.

8. Бір топ баяндауыштар тек өткен шаққа қатысты іс-әрекетті эмоциямен атау үшін қызмет етеді. Солардың бірі -ғаным тұлғалы есімше мен бар ма сөзінің тіркесуінен жасалады: келгенім бар ма, сөйлегенім бар ма.

9. Эмоциялық мағына білдіретін мына баяндауыштық форма да құралуы жағынан ілгергі аталған формаға жақын: алмасы бар ма. Шөптібай жетіп келмесі бар ма (А.Н.).

10. Өткен шақ етістіктен болған баяндауышқа эмоционалдық сыңар болып келмесін бе тәрізді жасалған баяндауыштар жұмсалады. Қасқырдан бөлтірік тумасын ба! (Б.М.).

11. Өткен шақта болған іс-әрекетті эмоциямен, әсерлі етіп айту үшін –ар/-ер тұлғалы есімше мен шылау ма, ме бірігіп жасалған баяндауыш та қызмет етеді: жетіп келермін бе, ала қоярсың ба, айта қояр ма. Аңқау басым, әлгі машинасының артына міне қоярмын ба! (Б.М.).

12. Эмоциялы лепті сөйлем құрайтын баяндауыштардың бір түрі «болымсыз шартты райлы етістік –ба/-бе» болып құралады: алмасам ба! Сені бүгін жеткізіп тастамасам ба! Сенің түбіңе жетпесем бе! (Б.М.).

13. Шартты рай тұлғалы етістіктен жасалған баяндауыш тілекті, арманды эмоциямен білдіру үшін жұмсалады: Оқуды бітірсек! Ел-жұртымызға қолымыздан келген пайдамызды тигізсек!

«Шартты рай етістік – -шы/-ші» түрінде құралған баяндауыштар да армандаулы іс-әрекетті білдіру үшін қызмет етеді. Шіркін, ол өстіп көз айырмай өмір бойы қарап тұрсашы (С.Мұрат).

14. Болымсыз мағыналы баяндауыштар қатарында экспрессивті сыңар ретінде «-ған, -ген/ -қан, -кен – емес» болып құралатын форма жұмсалады: келген емес, көрген емес. Сейтен бала жасынан жылан-шаяннан қорқып көрген емес (І.Е.).

15. Экспрессивтігі жоқ болымсыз мағыналы баяндауышқа стильдік вариант ретінде «шартты рай етістіктің болымды түрі – ба/бе» болып құралған баяндауыштар жұмсалады: айтсам ба (айтпаймын). «Осының жұмысын саған реттетсем бе!» дегендей боп Күлтай ашулы түрде қарады (Б.М.).

16. Ауызекі сөйлеу тілінде бір сөзді қайталақтатып құралған алмақ түгіл аламын тәрізді баяндауыштар жұмсалады. Негізгі компонент ретінде ауыспалы осы шақ, нақты осы шақ, өткен шақ етістік сөз келеді де, қайталанатын сөз –мақ, -мек, -пақ, -пек т.б. формасында келеді. Екі компонент түгіл демеулігі арқылы қарсылықты қатынасқа түсіп байланысады. Баяндауыш диалогтың жауап репликасында ұшырасады. Өйткені ол сөйлеушінің алдыңғы айтылған сөзіне байланысты тұжырымды, полемикалы жауап білдіргенде жұмсалады. Осы ерекшелігімен бұл баяндауыш экспрессивтігі жоқ келер шақ, осы шақ, өткен шақ істі білдіретін баяндауыштарға стильдік сыңар болып келеді: алады – алмақ түгіл алады, жазып жатыр – жазбақ түгіл жазып жатыр.

17. Кезінде істелген істі өкінішпен білдіру үшін көсемшенің болымсыз түрінен жасалған баяндауыш жұмсалады: алмай, көрмей. Мені есіркегенше арбаға өзің отырмай! – деп Бибі де кейіп тұр (С.Мұрат).

18. Көсемшенің болымсыз түрінен жасалған баяндауыш (алмай) кезінде істелмеген істі өкінішпен атау үшін қызмет етсе, -ып, -іп формалы көсемше сөз істеген істі, әрекетті өкінішпен атау үшін қызмет етеді: Әр нәрсеге ренжіп!

19. Ашық рай болымды баяндауыштарға эмоциялы сыңар форма ретінде мына ретпен құрылған баяндауыш жұмсалады: -уға (-ғанға) формалы етістік – дейін – барды. Ұрысуға дейін барды, ұрысқанға дейін барды.

20. Ашық рай болымсыз баяндауышқа эмоциялы сыңар ретінде жұмсалатын зат есім – құрлы – көрмейді, субстантивтенген есімше – құрлы – көрмейді, зат есім – құрлы – болмады, есімше – құрлы – болмады. Күміс самаурының шойын құманым құрлы болмады! (Ғ.М.).

Қазақ тілінде Р.Әмір лепті сөйлемдердің бір ерекше түрін атап көрсетеді. Бұл – реплика ретіндегі лепті сөйлемдер. Оның сипатын ғалым былайша береді: «Тілімізде құрылысы жағынан оқшау келетін, құрамындағы сөздерді мүшелік қатынасқа анық даралауға келмейтін сөйлемдер бар. Мысалы: Келгенде қандай. Ол ол ма! Бұл сөйлемдер лексикалық құрамы жағынан мүлде еркін бола алмайды, олардың бір тобы ылғи тұрақты бір сөздерді ғана қатыстырып құралады: Ол ол ма! О несі екен! Енді бір тобы бір сөздің тұрақты компонент болып қатысуы негізінде құралады: Алғанда қандай! Айтқанда қандай! Осы ретпен құралуы бұл сөйлемдердің құрылысына фразеологизмдерге тән сипат береді. Өйткені сөйлемнің құрамындағы сөздер еркін тіркеспейді, орнықты болған үлгі бойынша біріктіріледі. Осы құрылымдық ерекшелігін ескеріп біз бұл типті сөйлемдерді реплика ретіндегі лепті сөйлемдер деп атаймыз. Осылай аталуына тағы бір себеп – бұл тәрізді сөйлемдер көбіне диалогта жауап реплика ретінде жұмсалады. Реплика ретіндегі сөйлемдер мазмұны жағынан да басқа сөйлемдерден ерекшеленеді. Бұларда эмоциялықты білдіру қызметі басым, логикалық мағына күңгірттеніп осы эмоцияның көлеңкесінен көрінеді».

Реплика ретіндегі лепті сөйлемдердің жасалу жолдары:

1. Алдыңғы репликаның бір сөзін қайталау негізінде құралған сөйлемдер. Сөз болымсыз көсемше немесе –ғанда тұлғалы есімше түрінде келеді. – Осыны айтасың ба? – Айтпағанда! (Қ.Ж.).

2. Алдыңғы репликадан қайталанған сөз бен тұрақты компонент ретінде құралатын сөйлемдер.

а) «Қайдағы – қайталанған сөз (есім, есімше)» болып құралады. – Ал жүрейік, шешей. – Қайдағы шешей! Өзің орта жасқа келген жігітсің (Қ.М.).

ә) «не қылған – қайталанған сөз (зат есім, сын есім)» болып құралады. – Әлі жас қой, бұған әлі келеді дейсің бе! – Не қылған жас! Биыл он төртке келді.

б) «қайталанған сөз (есім, етістік) – (не) несі» болып құралады. – Саған ертең жолығудың реті болмайды. – Болады, болмайдыларың не! Ертең қалай да келіңдер. (А.Ш.).

Қайталанып сөйлемге енген сөз ылғи тәуелдік формада тұрады.

в) «қайталанған сөз (есім, етістік) – қалай» болып құралады. Мұны сонша шимайладың. – Шимайладыңың қалай! Бұл әдейі салынған сурет.

г) Қайдан – бұйрық рай тұлғалы қайталанған етістік болып құралады. – Бұрынғы есепші өзі босады ма? – Қайдан өзі босасын! Талай жыл орын теуіп әбден жайғасып алған неме еді ғой (А.Ш.).

д) Қайталанған етістік шартты рай тұлғасында келіп ша, ше демеулігін үстеп құралады. – Сонда бір қалжыңдап едім. – Қалжыңдасаң ше! Құрбың қалжыңды түсінбейді ме!

е) Қайталанған етістік -ғанда тұлғасында келіп, ше демеулігі үстеп құралады. – Соны да әкетесің бе? – Әкетпегенде ше!

ж) Қайталанған етістік -ғанда тұлғасында келіп, тұрақты компонент ретінде қандай сөзі қатысып құралады. – Жетіскен екенсің! – Жетіскенде қандай!? (Ә.Т.).

Түркі тілдерінің қайсысын алсақ та, лепті сөйлем жасаудың өнімді тәсілінің бірі – одағайлардың жұмсалуы. Лепті сөйлем құрамында келген одағайлар өз бойында сөйлемде берілген хабардағы айтушының эмоциясын толық ұстап тұрады. Ғалым Ш.Ш.Сарыбаев түркі тілдерінде одағайлардың өте ұқсас болатыны туралы былай жазған болатын: «Қазақ тілінде формасы мен мағынасы жағынан көптеген түркі тілдеріндегі одағайларға өзара сәйкес келетін одағайлар көп. Олар өзара тек фонетикалық айырмаға ие болады, бірақ бұл айырма да елеусіз ғана. Мысалы, қырғыз тілінде бали! болса, азербайжан тілінде – бэли!, қарақалпақша – бәле!, өзбекше – балли!, татарша – бяли!, қазақша – балі// пәлі//бәлі, пай-пай (қырғызша, қарақалпақша, ойротша, шорша, қазақша т.б.) ».

А.Н.Нурмаханова лепті сөйлемдерді мағынасына қарай топтастырғанда олардың негізгі қызметтеріне сүйену қажеттігін атай отырып, оны төмендегідей екі топқа жіктейді:

1. Айтушының эмоциясын (қорқуын, жек көрушілігін, қарғысын, мақтанышын, қорқытуын, жақсы көруін, айналуын т.с.с.) білдіретін нағыз, таза лепті сөйлемдер (собственно восклицательные). Олар лексика-грамматикалық және интонациялық құралдардың көмегімен жасалады.

2. Сөйлемнің өзге типтерінен авторлық мәнмәтін және интонация арқылы жасалатын жасанды лепті сөйлемдер (несобственно восклицательные). Бұл сөйлемдер өзінің грамматикалық құрылымы жағынан жай сөйлемнің өзге типтерінен ерекшеленбейді, олар тек лепті сөйлемнің қызметін интонациясына және сөйлеу жағдаятына сай атқарады.

Өзін-өзі бақылау сұрақтары:

  1. Азербайжан тілін зерттеушілердің лепті сөйлемге қатысты пікір қайшылықтары қандай?

  2. Татар тіліндегі лепті сөйлемдердің негізгі белгілері қандай?

  3. Башқұрт тілінде лепті сөйлемдер құрылымдық-семантикалық жағынан қандай типтерге бөлінеді?

  4. Қазақ тіл білімінде лепті сөйлемге қатысты пікірлер қандай?

  5. А.Н.Нурмаханованың лепті сөйлемдерді жіктеу ұстанымына тоқталыңыз.