- •І. Түркі тілдері грамматикасының зерттелуі
- •Түркі тілдері грамматикасының синхронды сипатта зерттелуі
- •Түркі тілі синтаксисінің зерттелуі, зерттеушілер мен олардың еңбектері
- •Түркі тілдеріне тән ортақ сипаттар
- •1.4 Сөйлем - тілдің коммуникативтік бірлігі
- •Іі. Түркі тілдеріндегі сөйлем синтаксисінің зерттелуі
- •2.1 Түркі тілдеріндегі жай сөйлем типтерінің зерттелуі
- •2.2 Хабарлы сөйлем
- •2.3 Сұраулы сөйлем
- •2.4 Бұйрықты сөйлем
- •2.5 Лепті сөйлем
- •2.6 Түркі тілдеріндегі құрмалас сөйлемнің зерттелуі
- •2.7 Құрмалас сөйлемнің анықталуы
- •Құрмалас сөйлемнің жіктелуі
- •Салалас құрмалас сөйлемдер
- •Сабақтас құрмалас сөйлемдер
- •Көп компонентті салалас құрмалас сөйлемнің түркі тіл білімінде зерттелуі
- •Ііі практикалық сабақтар
- •Қоршауда
- •Мазмұны
Түркі тілі синтаксисінің зерттелуі, зерттеушілер мен олардың еңбектері
Түркі тілдері жай және құрмалас сөйлем синтаксисінің мәселелері арнайы зерттеулерде көрініс тапты. Олардың қатарында М.З.Зәкиевтің «Синтаксический строй татарского языка», А.Жапаровтың «Синтаксический строй киргизского языка», Н.З.Гаджиева, Б.А.Серебренниковтердің авторлығымен жарық көрген «Сравнительно-историческая грамматика тюркских языков. Синтаксис», Г.Г.Саитбатталовтың «Синтаксис сложного предложения в башкирском языке», К.Чонбашиевтың «Сложные предложения в русском и киргизском языках», Н.Нартыевтің «Строй сложного предложения в современном туркменском языке», М.Томановтың «Түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасы» т.с.с. еңбектерді атауға болады.
Қазақ тілі синтаксисінің негізгі мәселелерін зерттеу А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов ғылыми еңбектерінен бастау алып, С.Жиенбаев, С.Аманжолов, Н. Сауранбаев, М.Балақаев, Т.Қордабаев, Қ.Есенов, Р.Әмір, Т.Сайрамбаев, Б.Шалабай, Ұ.Салиева, О.Төлегенов, Қ.Мамытбеков, Х.Арғынов, Қ.Шәукенұлы, Ж.Жақыпов, Б.Сағындықұлы, Б.Қапалбеков, С.Айтжанова, Б.Елікбаев, Ә.Елшібаева т.с.с. ғалымдардың зерттеулерінде жалғасын тапқан.
Түркі тілдері синтаксисінің негізгі мәселелерін зерттеу түрлі аспектіде жүргізілуде, кей мәселелерге қатысты пікірлер әлі де бірізге түскен жоқ. Сондай мәселелердің бірі Э.Р.Тенишев зерттеуінде кездеседі. Ғалымның пікірінше, құрмалас сөйлем табиғаты туралы мәселені шешуде түркі тектес сабақтас шылаулардың санының аздығын назарда ұстау керек, қазіргі түркі әдеби тіліне араб және парсы тілдерінің ықпалы болған, сабақтастыратын шылаулар, негізінен, осы тілдерден енген, ал сабақтас құрмалас сөйлем құрылымы үндіеуропалық тілдердің сабақтас құрмалас сөйлем құрылымымен сай келеді. Жалғаусыз сабақтас құрмалас сөйлем құрылымына келсек, оның құрылымы әртүрлі анықталып келеді, бұл маңызды мәселені дұрыс шешуде түркологтардың ұжымдық күші қажет болып тұр.
Т.Н.Ермекова құрмаластағы бүтін сөйлем мен элементарлы сөйлем қатынасының төмендегідей жүйесін былай көрсетеді:
1) салалас құрмалас сөйлемде (паратаксис) барлық элементарлы сөйлемдерге тән;
2) сабақтас бүтін сөйлемде (гипотаксис) олар тығыз байланысты;
3) көп құрамды құрмалас бүтін сөйлемде (гипертаксис) теңдік қатынас болғанымен, олар өте тығыз байланысты.
Өзін-өзі бақылау сұрақтары:
1. Түркі тілі синтаксисін зерттеушілер кімдер?
2. Түркі тілі синтаксисінде құрмалас сөйлемдерді жіктеу проблемалары қандай?
3. Э.Р.Тенишевтің құрмалас сөйлем табиғатына қатысты айтқан ойына көзқарасыңыз қандай?
4. А.Байтұрсынұлы құрмалас сөйлемдерді қандай түрге, қандай ұстаныммен жіктегенін еске түсіріңіз.
5. Қ.Жұбанов зерттеуінде құрмалас сөйлем қалай анықталатынын айтыңыз.
Түркі тілдеріне тән ортақ сипаттар
Түркі тілінің синтаксисіне тән жалпы сипаттаманы «Әлем тілдері: Түркі тілдері» (М., 1996 жыл. – 543 бет) жинағында Н.З.Гаджиева берген. Бұл сипаттамаларға мыналар жатқызылады:
1) түркі тілдерінде сөз тіркесінің негізгі типтерінің құрылу модельдері бірдей: басыңқы сыңары – зат есім, бағыныңқы сыңары – есімдік (туркм. мениң ишим, қазақ. менің ісім), басыңқы сыңары – зат есім, бағыныңқы сыңары – сан есім (алт. еки түн, қазақ. екі түн).
2) Түркі тілдерінің өзіне тән синтаксистік категориялары – түркі изафеті. Есімдердің арасындағы бұл қатынас типі түркі тілдерінің барлық құрылымын тізбектейді, әрі синтаксистік категориялардың көпшілігін түсінуге кілт болады. Түркі изафетінің түркі тілдері құрылымының типологиялық ерекшеліктерінің негізінде пайда болды. Басқа да анықтауыштық топтар тәрізді изафет те түркі тілдерінің агглютинативтік (жалғамалылық) құрылымының басты заңына «анықтауыш + анықталатын сөз» орын тәртібіне бағынады. Изафеттің 1-типінде екі зат есімнің түбір тұлғада қатар тұруы арқылы байланысу (қазақ. жібек орамал, ат қора, азерб. дәмир гапы (темір есік)) синтаксистік қатынастың қабысу арқылы берілуіне құрылады. ІІ изафет типінде анықтауыш ілік септік жалғауынсыз, анықталатын сөз тәуелдік жалғауының үшінші жағының жалғауымен (қазақ. Абай өлеңі, түр. deniz yali-si (теңіз жағасы)) келеді. Изафеттің 3-типінде ілік септігіндегі сөз бен тәуелдік жалғаулы сөздің тіркесі (қазақ. малдың жемі, түр. baba-nin ev-i (әкемнің үйі)) түзіледі, меншіктік мағынаны білдіреді.
3) Түркі тілдерінде баяндауыштың қандай сөз табынан жасалуына қарай сөйлем типі (есімді және етістікті) анықталады. Баяндауыш категориясының осы шақ тұлғасында берілу жолдары алуан түрлі. Бұл қазіргі түркі тілдерінде де, жазба ескерткіштер тілінде де осындай. Түркі тілдерінің көпшілігінде баяндауыштың 3-жақтық қосымшасы – дыр, - ды (< тур - тұр) кеңінен қолданылады. Барлық түркі тілдерінде есім баяндауыштың 3-жақ көрсеткіші болмайды. Мысалы, як. Кини саха «Ол якут», қазақ. Ол бала.
4) Түркі тілдерінің барлығында дерлік бағыныңқылық сипат есімше, көсемше, етістік-есім конструкцияларымен беріледі және бұлар түркологиялық зерттеулерде ерекше синтаксистік категориялар болып саналады. Мысалы, алт. Будакта көрүк отурғанын көрдим (Я видел, как бурундук сидел на ветке).
5) Түркі тілдерінің құрылымында жалғаулықты сөйлемдердің дамуына жағдай жасалған (күшейткіш демеуліктер негізінде шылаулардың дамуына назар аударыңыз). Бұдан басқа, шылаулармен байланысатын құрмалас сөйлемдердің дамуына араб, парсы тілінің (азербайжан, түрік, өзбек тілдеріндегі жалғаулықты құрмалас сөйлемдердің басым бөлігінің) ықпалы тиген. Түркі тілдес халықтардың орыстармен үнемі қарым-қатынасқа түсуі де құрмаластарды байланыстыратын құралдардың дамуына өз әсерін тигізді.
Бұлардың қатарын Э.Р.Тенишев көрсеткен белгілермен толықтырсақ:
6) Жайылма жай сөйлемдерді жеке алып қарағанда, оның құрамындағы сөздердің орын тәртібі біршама тұрақты болады: пысықтауыш – бастауыш – толықтауыш – баяндауыш (ой екпінінің бір сөйлем мүшесінен екіншісіне ауысуы бұл орын тәртібін инверсиялауы мүмкін).
7) Сабақтаса байланысқан сөз тіркесінің (оның ішінде сөйлемнің) құрылуының жалпы ережесі циклдік: кез келген сабақтастық қатынастағы тіркес өзге сөзге қатысты алғанда тұтас күйінде соған бағына алады. Мысалы: кум. Сен окь атгьанынгь «ты пустил стрелу», сен окь атгьанынгь-ны гёрдюм «я видел, как ты пустил стрелу».
8) Сабақтас құрмалас сөйлемдерде шылау сөз сапасында сұрау есімдіктері (бағыныңқы сөйлемде) және соған сай қатыстық сөз сапасында сілтеу есімдіктері (басыңқы сөйлемде) жұмсалады.
9) Салалас құрмалас сөйлемдер – бұл бірінші сөйлем предикаты есімше формасымен келіп, бір мезгілде болатын (-Аj) немесе бірінен кейін бірі болатын (-Ір) әрекетті білдіреді: кум. О бу языв язып сен оху «он эту надпись напишет, а ты прочти». Али булай да айта ол толгьайды «Али говорил так, а он плакал».
10) Салалас құрмалас сөйлемдердің дәстүрлі екі типі бар – жалғаулықсыз (кум. тюбек атылды – душман йыгьылды «ружьё выстрелило – враг упал») және жалғаулықты – көп жағдайда кірме шылаулармен келеді (кум. о гелген ва биз барабыз «он пришёл, и мы отправляемся», мұнда ва шылауы парсы тілінен енген кірме шылау).
Өзін-өзі бақылау сұрақтары:
1. Түркі тілдеріне ортақ сипаттар қандай зерттеулерде берілген?
2. Түркі тілдеріне тән түркі изафеті туралы баяндаңыз.
3. Түркі тілдерінің құрмалас сөйлем синтаксисіне тән сипаттар қандай?
4. Түркі изафеті түркі тілдерінің қандай ерекшелігінің негізінде пайда болған?
5. Э.Р.Тенишевтің түркі тілдері синтаксисіне тән деп көрсеткен ортақ белгілерін атаңыз.
