- •І. Түркі тілдері грамматикасының зерттелуі
- •Түркі тілдері грамматикасының синхронды сипатта зерттелуі
- •Түркі тілі синтаксисінің зерттелуі, зерттеушілер мен олардың еңбектері
- •Түркі тілдеріне тән ортақ сипаттар
- •1.4 Сөйлем - тілдің коммуникативтік бірлігі
- •Іі. Түркі тілдеріндегі сөйлем синтаксисінің зерттелуі
- •2.1 Түркі тілдеріндегі жай сөйлем типтерінің зерттелуі
- •2.2 Хабарлы сөйлем
- •2.3 Сұраулы сөйлем
- •2.4 Бұйрықты сөйлем
- •2.5 Лепті сөйлем
- •2.6 Түркі тілдеріндегі құрмалас сөйлемнің зерттелуі
- •2.7 Құрмалас сөйлемнің анықталуы
- •Құрмалас сөйлемнің жіктелуі
- •Салалас құрмалас сөйлемдер
- •Сабақтас құрмалас сөйлемдер
- •Көп компонентті салалас құрмалас сөйлемнің түркі тіл білімінде зерттелуі
- •Ііі практикалық сабақтар
- •Қоршауда
- •Мазмұны
Көп компонентті салалас құрмалас сөйлемнің түркі тіл білімінде зерттелуі
Түркі тілдері синтаксисін зерттеуге арналған еңбектермен танысу барысында көп компонентті салалас құрмалас сөйлемнің бұл тілдердің қай-қайсысында да бар құбылыс екендігіне көзіміз жете түсті. Дегенмен, көп компонентті салалас сөйлемнің зерттелу деңгейі әр түркі тілінде әртүрлі.
Көп компонентті салалас құрмалас сөйлем әр түркі тілінде өзінше атауға ие. Мысалы, татар тілінде "куп тезмәле кушма жумлэ", өзбек тілінде "богланши йули билан тузилган мураккаб кушма гаплар", қарақалпақ тілінде "көп компонентли дизбекли қоспа гәп" т.б.
Татар тілі синтаксисін зерттеуші М.З.Зәкиев сөйлемнің бұл типіне терең талдау жасайды. Автор 1958 жылы жарық көрген еңбегінде көп компонентті салалас құрмалас сөйлемге анықтама беріп, оның құрылымына байланысты түрлерін топтап көрсетеді:
1) құрамындағы сөйлемдер параллель келеді және санамалау интонациясымен ажыратылады. Автордың айтуынша, параллель үдерістерді білдірген сөйлемдер мағыналары жағынан бір-бірінен алшақ болуы да мүмкін, бірақ оларды жинақтап бір мезгілде көрсету мақсат етілетіндіктен ғана олар бір құрмалас құрамына еніп тұр. М.З.Зәкиевше айтсақ: "обстановканы тасварлауэ эчен генэ мәгьнэ ягынан ерак жөмлэлэр тезме кушма жомлэга берләштерелсәлер".
2) Жалғаулықтар арқылы байланысқан көп компонентті салалас құрмалас сөйлемде: әле янгыр ява, әле кар төше, әле қатты жил исә башляи.
3) Көп компонентті салалас құрмалас сөйлемде бір түрлі қарсылық жалғаулығы қайталанып келе алмайды, олар тек әртүрлі болса ғана қайталанады.
4) Бастапқы сөйлемдер параллель үдерістерді білдіріп, үшінші сөйлем мағынасы жағынан соларға қарсы келуі мүмкін: бүгін я кино курсәтерләр, я жыелыш ясарлар, ләкин театр булмас.
5) Бастапқы екі сөйлем қарсы қоюшы жалғаулықпен байланысып үшінші сөйлем екінші сөйлемге - жиюшы я жалғаулықпен байланысуы мүмкін: клубта театр булмас, лэкин кино курэсэтерлер, я желыш у уткарерлер.
6) Өзара қарсы қоюшы жалғаулықтармен келген сөйлемдер бірге келіп көп компонентті салалас құрмалас сөйлем түзуі мүмкін.
Автор сөйлем типін түрге бөлуде, негізінен, жалғаулықтарды басшылыққа алған және қарсылық жалғаулықтарының (бірдей) көп компонентті салалас құрмалас сөйлем құрамында қайталана алмайтындығын атап, оны жеке түрде бөліп көрсетеді. М.З.Зәкиев сөз соңында "куп тезмэле кушма жөмләнен башка бик куп төрле структур узенчөлеки-эре буларга мөмкин" деп, қорытынды жасайды. Автор мұнан кейінгі орыс тілінде жарық көрген еңбегінің бір тарауын түгелімен көп мүшелі құрмалас сөйлем құрылысына арнайды. М.З.Зәкиев бұл еңбегінде көп компонентті салалас құрмалас сөйлемге қатысты бұрынғы ойларын баяндай отырып, жаңаша пікір білдіреді. Алдыңғы еңбекте көп компонентті салалас құрмалас сөйлем құрамында тек жай сөйлемдер келетіндігі сөз болса, бұл зерттеуде аталған сөйлем типінің құрамында екі мүшелі салаластардың келетіндігі айтылған. Тағы бір ерекшелік - көп компонентті салалас құрмалас сөйлемде бір топ салаластар мағынасы жағынан осы сөйлемдегі екінші салаластар тобына қарсы болып келуі не керісінше келе алуының көрсетілуі. Айта кететін бір жайт, М.З.Закиев көп компонентті салалас құрмалас сөйлемдерді жалғаулықты және жалғаулықсыз деп бөліп көрсетеді. Жалғаулықсыз түріне байланысты ой түйе отырып, автор кей лингвистердің салаласты себеп-салдарлы, түсіндірмелі, әр типті құрамдас бөліктермен келген салалас деп бөлуіне қарсылық білдіріп, өз ойын дәлелдейді.
Қазақ тілінде көп компонентті салалас құрмалас сөйлемнің ең жиі кездесетін түрі - түсіндірмелі. Осы салаластың түрлерінің өзі әр түрлі. Мысалы, кейбіреулері тек бір мезгілдегі оқиғаны не құбылысты бірі жалпылап, екіншілері соны жан-жақтан сипаттап ашса, енді бір түрінде біріншідегі оқиғаны нақтылап түсіндіріп тұрады. Мұндай сөйлем типін (түсіндірмелі сөйлемді) қазақ тіл білімінде салалас деп таниды.
Өзбек тілі синтаксисінде көп компонентті салалас құрмалас сөйлем туралы пікір Г.А.Абдурахманов еңбегінде кездеседі. Автор кітап тілінде "ерекше сөйленің" пайда болғанына тоқталады, бұл сөйлем Г.А.Абдурахмановаша, өз құрамында құрмалас сөйлемнің әр түрін, әр типтерін қамтып тұрады. Олар біртұтас интонацияға ие болып, аяқталған ойды білдіреді. Сөйлемнің осы типін баяндауда автор бірнеше терминді қатар пайдаланған, бір құбылысты түрлі-түрлі атаумен берген:
1) периодтың күрделенген типі,
2) күрделенген құрамды құрмалас сөйлем,
3) күрделенген период,
4) күрделенген типті құрмалас сөйлем.
Күрделенген құрамды құрмалас сөйлем құрамындағы бөліктер санының әр түрлі болатындығын, ол бөліктердің әрқайсысы өз құрамына құрмалас сөйлемдерді де, жай сөйлемдерді де енгізе алатындығын көрсетеді. Және ондай конструкцияларды санамалап төрт түрін нақтылайды. Күрделенген құрамды құрмалас бөліктерінің арасында салыстырмалы, түсіндірмелі, мезгілдік, шарттық, себеп-салдарлық қатынас орнайтындығын айқындайды. Автор күрделенген құрамды құрмалас сөйлемнің грамматикалық құрылысы мен мағынасы, интонациясы біртұтастықта болатындығын дәлелдейді. Сөз болып отырған еңбекте автор көп компонентті салалас құрмалас сөйлем туралы жеке дара пікір білдірмеген. Кейін М.Асқаровамен біріккен еңбекте көп компонентті салалас құрмалас сөйлемнің (мураккаб кушма гаптың) анықтамасын келтіреді, оны іштей жікке бөледі. Авторлардың көрсетуінше, мұндай сөйлем құрамында келетін сөйлемдер саны үшеу не онан да артық болуы керек.
Автор көп компонентті салалас құрмалас сөйлемге мынандай анықтама береді: "... уч еки ундан ортик тенг хукукли компонентлардан тузилады: Масалан: (1) Партия кулимиздан етаклади - ю, (2) биз енгиб чикдик, (3) кишлок кузгунлардан кутулду".
Көп компонентті салалас құрмалас сөйлем туралы өте қысқа мағлұмат берілген. Әрбір жеке сөйлем көп компонентті салалас құрмалас сөйлем компоненті ретінде ұғынылған.
Қарақалпақ тілі синтаксисін зерттеуші А.Нажимов көп компонентті құрмаласты үшке бөледі:
1) көп компонентті бағыныңқы сабақтас құрмалас,
2) аралас құрмалас,
3) көп компонентті салалас құрмалас (көп компонентли дизбекли қоспа гәп).
Бұл тілде "компонент" ұғымы жекелеген жай сөйлемге сәйкес қолданылған. Компоненттердің мағыналық топтарға бірігетіндігін сонан соң ғана құрмалас сөйлем құрайтындығын аралас құрмалас сөйлем туралы баяндау барысында ғана атап кетеді. Еңбекте қарақалпақ тіліндегі көп компонентті салалас құрмалас сөйлемдерді компоненттерінің арасндағы мағыналық қатынастары бойынша айырым топтарға жіктеуге келе бермейтіндігі, бір бүтіннің ішіндегі компоненттердің мағыналық қатынастары әр қилы келетіндігі сөз болып мысал келтірген. Қарақалпақ тіліндегі материалдардың негізінде көп компонентті салалас құрмалас сөйлемдерді мынандай екі түрге бөліп көрсетеді:
1) компоненттері мағыналық жағынан тең қатынаста болатын түрі,
2) көп компонентті салалас құрмалас құрамындағы компоненттердің біреуі (көбінесе, біріншісі) жалпы мәнде келіп, қалғандары соны түсіндіреді. Авторша айтсақ: "қоспа гәптин составындағы компонентлерин ин биреуи (көбинесе, бериншиси) улыума, жалпы мәнине баянлап келеди, қалганлары оны тусиндиреди". Автор бұл екі конструкциядан басқа да түрі кездесетіндігіне тоқтайды, яғни, бұл түрдің ерекшелігі сонда - жалпылаушы, түсіндірілетін бөлікті нақтылайтын бөлік екеу болып келуі мүмкін. Бизин есепші дұрыс айтады. Сенин, цыганга усаган бир мынадай әдетин бар: тиленгенди жақсы көресің, кисинин атларына емешен курыйды да турады. А.Нажимов көп компонентті салалас құрмалас сөйлем компоненттерінің өзара байланысуының жолдарын көрсетеді:
1) дәнекер яки,
2) дәнекер мәнісіндегі сөздер,
3) тек интонация арқылы да тізбектеледі.
Сондай-ақ автор көп компонентті салалас құрмалас сөйлем компоненттерінің орын тәртібін оның тек екінші түріне (түсіндірмеліге) қатысты сөз ете кетеді. Автордың айтуынша, түсіндірілетін компонент бірінші орында да, сөйлемнің соңында да келе береді. Түсіндірілетін бөліктің орын ауыстыруына байланысты баяндаудың формасы, баяндау сипаты да өзгереді. Сөйлемнің басында келгенде тыңдаушының ниетін анық өзіне қаратады, не нәрсеге көңіл аударғаны сезіліп тұрады. Кейінгі позицияда келгенде, әуелі дара түсініктер баяндалып, ақырында айтушы пікірі жинақталады. Автор өз ойын қорыта келіп, көп компонентті салалас құрмалас сөйлем компоненттерінің байланысуында белгілі заңдылықтар болатынын, яғни, үш және онан да көп жай сөйлемдерді қалай болса солай біріктіріп қою арқылы жасай беруге болмайтынына тоқталады.
Қарақалпақ тіліндегі көп компонентті салалас құрмалас сөйлем туралы пікірді М.Дәулетовтің еңбегінен де кездестіреміз. Автор "Дизбекли қоспа гәплердин структуралық турлери" тарауында салалас сөйлемдердің үш, төрт, я одан да көп жай сөйлемдерден түзіліп, көп компонентті структурада (құрылымда) да келетіндігін атайды. Автор бирак, сонда, да, лекин т.б. дәнекерлердің көп компонентті салалас құрмалас сөйлемдерді байланыстырып және хәм, және, да, де дәнекерлерінің ең соңғы компоненттің алдынан келіп, тұйық құрылым түзейтіндігіне тоқталады. Айта кететін бір жайт М.Дәулетов көп компонетті салалас құрмалас сөйлемнің предикативтік конструкциялары интонация және дәнекерлер арқылы байланысып келетіндігіне тоқталып, бұларды байланысу жолына қарай аралас салалас құрмалас сөйлем деп атайды. Автордың көрсетуінше, мұндай аралас құрмалас сөйлемдердің құрамындағы предикативтік конструкциялардың мағыналары әр түрлі болады.
Қырғыз тілі грамматикасында чечме суйлөмдер деп аталатын құрмалас сөйлемнің жеке бір түрі сөз етіледі. Бұл сөйлем құрылымы жағынан да, құрамына құрмалас сөйлемді де, жай сөйлемді де, бірыңғай мүшелі сөйлемді де енгізе алу мүмкіндігімен көп компонентті салалас құрмалас сөйлемдерге ұқсас. Автор бұл сөйлемнің анықтамасын былайша береді: "Негизги суйлөмдун маанисин бышктоо қатарында чечмелей айтылган суйлөмду чечме суйлөм дейбиз". Мағыналық қатынасы жағынан қазақ тіліндегі түсіндірмелі сөйлемдерге ұқсас. Мынандай мысал келтіреді: Жаз келди әле, жан-жанбырлар ишке киришишті: курт-кумырскалар чээнде чыкты, адамдар жазгы емчекке киришишті, малдар төлдей баштады. Автордың көрсетуінше, негізгі сөйлем де, түсіндіретін (чечме) сөйлем де құрмалас (қошма) сөйлемнен түзілген. Автор бұл сөйлемдердегі жай сөйлемнің саны туралы да, ондағы грамматикалық байланыстар туралы да сөз етпейді. Келтірілген мысалдардың барлығы дерлік салаласа байланысқан, бірсыпырасын келтірсек, көзіміз жете түседі: Колхозчулар оокаттуу турмушка жетишишти: чарбаеы техникалашты, эгиндин айдоо аянты артты, маданияты өсту. Кыргызстандын маданияты өсту: көп мектептер салынды, кино-театрлардың тармактары көбейду, клуб салынды, әне тилде китеп, газеталар чыкты, билимдуулердун саны артты.
Н.З.Гаджиева азербайжан тілінің ескерткіштеріне тән сөйлем типіне тоқталады. Авторша, бұл сөйлем қатынастары салаластың да, сабақтастың да ауқымына сыймайды. Мұндай сөйлем тізбегін байланыстырып тұрған айтылатын ойдың желісі, мағыналық тұтастықтың бірлігі дей отырып, Н.З.Гаджиева Енисей-Орхон жазбаларынан, "Кутадгу білігтен" мысалдар келтіреді. Сондай-ақ автор сөйлемнің бұл типінің қазіргі түркі тілдерінде кездесетінін де сөз етіп, мысалмен дәлелдейді. Түркімен тілінен мынандай сөйлем келтіреді: Хова ягтыляр, ел онадрак герунйекр, асман дурынялар булутжыклар агарышып баряр, мейданлар гек саляр (Светлеет воздух, видней дорога, яснеет небо, белеют тучки, зеленеют поля). Н.З.Гаджиеваша, құрмалас сөйлемнің мұндай құрылымдық тәсілі, әсіресе, ертедегі жазба ескерткіштеріне, түркі тілінің құрылымына тән типтік құбылыс. Н.З.Гаджиева көрсеткен сөйлемдер тізбегі деп атаған (сөйлемдердің тізбектелуін автор құрмалас сөйлем құрылуының құрылымдық тәсілі деп те көрсетеді) сөйлем типі формасы жағынан көп компонентті салалас құрмалас сөйлем тәрізді.
Азербайжан тіліндегі көп компонентті құрмалас сөйлем туралы пікір айтқан ғалымдардың бірі - З.Х.Таги-Заде. Ол құрмалас сөйлем құрамындағы компоненттердің саны екеуден асса, онда бұл сөйлем күрделенген құрмалас болып танылуы керектігін сөз етеді. Автордың ойынша, мұндай сөйлемдер тұйық қатар түзеді және ол белгілі бір жолдар арқылы жүзеге асады:
1) асинтетикалық сөйлемдерде (жалғаулықсыз салалас құрмаласта) компоненттерге ортақ аффикстердің тек соңғы компонентте сақталуы арқылы,
2) аналитикалық сөйлемдерде (жалғаулықты салаласта) соңғы компоненттің алдынан жалғаулықтардың келуімен,
3) аналитикалық салаластың соңғы компонентінің жұп жалғаулықтарымен және демеуліктер арқылы келуі т.б. .
Азербайжан тілі синтаксисінде салалас сөйлем құрамында жай және құрмалас сөйлемдер, оның ішінде салаласы да, сабақтасы да келе беретіндігі байқалады.
Г.А.Байрамов салалас компоненттерінің неден құралатындығына қарай, оны мынандай түрлерге ажыратады:
1) сабақтас құрмалас сөйлемдерден тұратын салалас,
2) сабақтас құрмалас пен жай сөйлемнен тұратын салалас,
3) жай сөйлемдерден болатын салалас құрмалас. Ғалым салалас құрмалас құрамында сабақтас байланыстың келетіндігін көрсетеді.
У.Б.Алиев қарашай-балкар тіліндегі салаласты үлкен екі топқа жіктейді:
1) компоненттері жай және күрделі құрылымда келетін бір синтаксистік орталыққа ие салалас құрмалас, бұл сөйлемде тек екі бөлік болады,
2) компоненттері жай не күрделі құрылымда келіп, үш не онан да көп бөліктерден құралған, екі не онан артық синтаксистік орталыққа ие салалас құрмалас сөйлем. Авторша, бұл салаластың компоненттері сапасында жай және құрмалас сөйлемнің қай түрі де келе алады. Осыған сай, қарашай-балкар тіліндегі салаласты автор былайша топтаған:
1) жай сөйлемдерден тұратын салалас,
2) атаулы және екі құрамды жай сөйлемнен тұратын салалас,
3) жай және құрмалас сөйлем тіркесуінен жасалған салалас,
4) екі салалас құрмаластан тұратын,
5) жай және сабақтас құрмаластан жасалған,
6) екі сабақтаспен келген,
7) сабақтас және салалас құрмаластардың өзара салаласуынан тұратын құрмалас.
У.Б.Алиев екі не онан көп синтаксистік орталықпен келген салаластарда сөйлемнің тұтас сипатын осы орталықтар анықтайды, олардың арасындағы қатынастар мезгілдестік, кезектестік, кеңістіктік т.с.с. болатындығын айтады. Автордың айтуынша, мұндай сөйлемдегі орталықтар саны оның құрамындағы компоненттер санына тәуелді. Егер компоненттер саны (олар күрделі де, жай да бола алады) екеу болса, онда сөйлемде бір синтаксистік орталық, егер үшеу болса, екі синтаксистік орталық, төртеу болса, үш синтаксистік орталық т.с.с. болып келеді. У.Б.Алиев құрмалас сөйлем компоненттерінің арасындағы қатынасты екі үлкен типке бөледі де, қалғандарын соның ішіне енгізеді.
Жоғарыдағы баяндалғандар негізінде біз көп компонентті салалас құрмалас сөйлемнің түркі тілдерінде зерттелуіне қатысты мына жайттарды бөліп көрсетуімізге болады:
1. Көп компонентті салалас құрмалас сөйлем құрамындағы компоненттер санының үшеу не онан да көп болатындығы аталған тілдердің бәрінде де бірдей айтылған.
2. Компоненттер құрамына енуге мүмкіндігі бар сөйлемдер - жай және салалас құрмалас сөйлемдер. Азербайжан және қарашай-балкар тілдерінде бұлардың қатарына сабақтас құрмаласты жатқызады.
3. Негізінен, түркі тілдерінің көпшілігінде компонент жекелеген жай сөйлемдерді білдіреді.
4. Көп компонентті салалас құрмалас сөйлем құрамындағы компоненттердің мағыналық топтарға бірігетіндігі ішінара сөз болады (татар және қарашай-балкар тілінде).
5. Көпшілік ғалымдардың көзқарасынша, көп компонентті салалас құрмалас сөйлем компоненттерінің мағыналары параллель келеді де, оларға интонацияның екі түрі тән болады: 1) санамалау, 2) ескерту (предупредительная) интонациясы.
6. Көп компонентті салалас құрмалас сөйлем компоненттері мағыналары тепе-тең де, бірі екіншілеріне тәуелді де болып та келеді.
7. Көп компонентті салалас құрмалас сөйлем компоненттерінің байланысуы, негізінен, жалғаулықсыз, болмаса, жалғаулықты келеді. Қарақалпақ тілінде бұларға қоса аралас салалас құрмалас сөйлем айтылады, яғни, көп компонентті салалас құрмалас сөйлемдегі синтаксистік байланыс әрі жалғаулықты, әрі жалғаулықсыз байланысады.
8. Көп компонентті салалас құрмалас сөйлемнің құрылымы туралы екі түрлі ой байқалады: а) көп компонентті салалас құрмалас сөйлемнің құрылымы ашық және тұйық болатындығы, ә) көп компонентті салалас құрмалас сөйлем құрылымы тек тұйық болып тұратындығы.
Жалпы алғанда, көп компонентті салалас құрмалас сөйлем табиғаты түркі тіл біліміне қатысты еңбектерде сөз болғанымен, әлі де "басы ашылмаған" мәселелерінің көптігімен көзге түседі. Аталған сөйлем құрамына енетін сөйлемдер қасиетінің күрделі құрылымға енгенде қандай жаңа қасиеттерге ие болып, не қандай өзгерістерге түсетіндігін айқындау және олардың әрбіріндегі белгілі бір мазмұнның көп компонентті салалас құрмалас сөйлемнің тұтас мағынасын берудегі қатталу мәселелері, жалпы көп компонентті салалас құрмалас сөйлемнің тек өзіне тән белгілері жеткілікті айқындауды қажет етеді.
Өзін-өзі бақылау сұрақтары:
1. Көп компонентті салалас сөйлемдер түркі тіл білімінде қандай атауларға ие?
2. Көп компонентті салалас сөйлемдер татар тілінде қалай сипатталады, қалай жіктеледі?
3. Өзбек тілі синтаксисінде көп компонентті салалас сөйлемдер қандай анықтамаға ие, өзіндік белгілеріне нені жатқызады?
4. Қарақалпақ тілі синтаксисін зерттеушілердің көп компонентті салалас сөйлемге қатысты пікірлері қандай?
5. Қырғыз тілі синтаксисін зерттеушілердің көп компонентті салалас сөйлемге қатысты пікірі қандай?
