Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
УП 1-2015 Садирова К..doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
771.58 Кб
Скачать
    1. Сабақтас құрмалас сөйлемдер

Сабақтас құрмалас сөйлемдерді тануда түрколог ғалымдардың арасында пікірлер бірыңғай емес. Оларды негізінен мынадай топтарға бөлуге болады:

1) Кейбір түркологтар, мысалы, М.А.Казамбек, В.А.Горлевский, А.К.Боровков, Н.Т.Сауранбаев және т.б. ғалымдар сөйлемнің үйірлі мүшесін кезінде бағыныңқы сөйлем деп таныған.

2) Н.А.Баскаков, И.А.Батманов, Н.П.Дыренкова, М.Ш.Ширалиев, С.А.Джафаров, С.А.Аманжолов, А.З.Абдуллаев, К.К.Сартбаев және т.б. ғалымдар бағыныңқы сөйлемнің негізгі айырым белгісі сапасында оның жақ жағынан қиысқан дербес бастауыш-баяндауышының болуын таниды. Соған сай баяндауышы көсемше, есімшемен келген сөйлемдер үйірлі мүше санатында қарастырылады.

3) А.Н.Кононов, Н.К.Дмитриев, М.А.Аскарова, А.П.Поцелуевский, Дж.Г.Киекбаев, Е.И.Убрятова, М.З.Закиев, К.З.Ахмеров, Қ.М.Есенов және т.б. ғалымдар баяндауышы көсемше, есімшемен келген синтаксистік конструкцияны екіге ажыратып қарастырады: егер көсемше, есімше баяндауышы бар синтаксистік конструкцияның дербес бастауышы болса, ол бағыныңқы сөйлем болып табылады, егер дербес бастауышы болмаса, онда ол бағыныңқы сөйлем бола алмайды, сөйлем мүшесі деңгейінде қалады. Башқұрт тілінде осы соңғы көзқарасты Ғ.Ғ.Сәйетбатталов ұстанады. Қазақ тілінде бағыныңқы сөйлемге қатысты пікірлер түйіні де соңғы көзқарасқа сай берілген. Олар бастауышы дербес берілмеген көсемше, есімше баяндауышы бар құрылымдарды оралымдар деп танып, осындай құрылыммен келген сөйлемдерді күрделенген сөйлем қатарында таниды да, күрделенген сөйлемдер мен жай сөйлемдердің, құрмалас сөйлемдердің ерекшеліктерін ажыратып көрсетеді. Күрделенген сөйлемді ұсынушы ғалымдардың айтуынша, олардың жай сөйлемнен айырмасы екі предикативтік единицадан тұратыны, ал құрмаластан айырмасы сол екі предикативтілік қатынастың да бір бастауышқа телінуінде екен. Қазақ тіл білімінде Қ.Есенов бір бастауышқа телінген сөйлемдерді жай сөйлемнің күрделенген түрі деп таниды және ондағы баяндауыштарды пысықтауыш деңгейімен бірдей қарайды. Т.Қордабаев ондай құрылымдарды сабақтас деп танып, олардағы тиянақсыз формаларды баяндауыш деп таниды. Бір субъектіге телінген, бірін-бірі толықтыратын немесе бір іс-әрекетті (синонимдік не антонимдік мәнде) бірігіп атайтын баяндауыштарды бірыңғай баяндауыш деп есептеп, ондай құрылымдағы сөйлемдерді жай сөйлем деп таныған дұрыс. Бірақ ортақ бастауышқа телініп баяндауыштары әр шақта келетін және әр сөз табынан жасалатын сөйлемдерді сабақтас бағыныңқылы сөйлемдер деп таныған дұрыс. Өйткені олардың сыңарларының арасы әр түрлі мағыналық қатынаста келеді. Сонымен қатар ортақ бастауышты құрмаластар тек сабақтас емес, салаласа да құрмаласа береді. Иә, күйші атамыздың ұлы рухы тірі, туған жерінде, балықшы үйінде, бүгінгі балалары, іні-ұрпақтарымен аралас-құралас тұрып жатыр! (Нұрпейісов). Бұл сөйлемнің бастауышы – рухы; баяндауыштары – тірі (сын есім), тұрып жатыр (етістік). Сондықтан мұндай сөйлемдер құрмалас деп танылуы керек. Алдымен, бағыныңқы-басыңқы сөйлемдер арасындағы мағыналық қатынастарға қарау керек те, құрмалас жасаушы бөліктер пысықтауыш дәрежесінде ме, әлде баяндауыш дәрежесінде ме – соны өлшеуіш етіп алған дұрыс.

Қазақ тіл білімінде сабақтас құрмалас сөйлемдер былайша сипатталады:

Сабақтас құрмалас сөйлем деп құрамындағы жай сөйлемдердің бағыныңқыларының баяндауыштары тиянақсыз тұлғада келіп, соңғы сөйлемге бағына байланысқан құрмалас түрін атаймыз. Ол бағыныңқы және басыңқы компоненттен тұрады. Бағыныңқы сыңар басыңқыдағы ойдың әр түрлі жақтарын айқындап, дәлдеп түсіндіру үшін қолданылып, жай сөйлемдердегі тұрлаусыз мүшелердің сұрағына жауап беріп тұрады. Сонша жерден әдейі жаяу келген соң, сол астықтан азырақ жырмалап берейін.

Өзіндік белгілері:

1) сабақтас ҚС-нің синтаксистік компоненттері бір-біріне тұлғалық, мағыналық жақтарынан тәуелді болып келеді.

2) алғашқы сыңарының баяндауышы тиянақсыз түде келіп, басыңқымен тығыз байланыс туғызады.

3) бағыныңқы және басыңқы сөйлемдерден тұрады

4) бағыныңқы сөйлемнің байланыстырғыш амалы ретінде етістіктің шартты рай тұлғасы, есімше, көсемше формалары және есімшемен тіркесетін түрліше жалғаулықтар мен шылау сөздер жұмсалады.

5) бағыныңқыдағы ұласпалы байланыстырғыш интонация салаластағыдай емес, әлсіз, солғын болады.

Синтаксис мамандарының арасында сабақтас құрмалас сөйлемдердің бағыныңқылары сөйлем бе, жоқ па – деген талас мәселелер бар. Мұндай күдік бағыныңқылардың қызметі мен мағыналары жай сөйлемдегі тұрлаусыз мүшелермен ұқсас келуінен және олардың жеке тұрып қолданыла алмайтындығына байланысты туындайды. Шындығында бағыныңқы сөйлем – аяқталмаған шала сөйлем. Басыңқы компонент болмаса, толық мағына оның өзінен шықпайды. Бағыныңқы компонент басыңқының шылауындағы қосымша синтаксистік тұлға. Бұдан бағыныңқы сөйлемдер сөйлем дәрежесіне жетпеген құрылымдар екен деген түсінік тумауы керек. Бағыныңқылардың жеке тұрғанда сөйлем бола алмауы олардың баяндауыштарының тек бағыныңқы тұлғада (есімше, көсемше, шартты рай) келуімен байланысты. Бағыныңқы сөйлемді тани білуде әлі күнге шейін әр түрлі көзқарастар бар. Кейбір мамандар (Б.А.Серебренников, Н.А.Баскаков, М.Ш.Ширалиев) бағыныңқы сыңардың баяндауыштары міндетті түрде өз бастауышымен қиысып тұруы шарт деп қарайды. Мұндай талапқа бағыныңқы сөйлем жасаудың қазақ тіліндегі үш тәсілінің ішінде тек шартты рай жұрнақтары ғана жауап береді. Біз іске белсене кірісетін болсақ, жоспар мерзімінен үш-төрт күн бұрын орындалады. Бағыныңқы сөйлемдер өз басыңқыларымен екі түрлі қарым-қатынаста болады. Алғашқысында бағыныңқылар негізінен пысықтауыштың сұрауына жауап беріп, жай сөйлемдегі пысықтауышқа ұқсап тұрады. Басыңқы сөйлемде хабарланған оқиға-әрекеттің мазмұнын ашу ыңғайында жұмсалады. Оларға мезгіл, себеп, мақсат, амал бағыныңқылы сабақтастар жатады. Ал екіншісінде алғашқы сөйлем баяндауыштарының тұлғалық тиянақсыздығы болмаса, басыңқының мағыналық тәуелділігі байқалмайды. Қ.Жұбанов пен Н.Сауранбаев сыңарлары мағыналық жағынан дербес келетін сөйлемдерді салалас құрмаласқа жатқызған, ал С.Жиенбаев оларды бірде салаласқа, бірде сабақтасқа жатқызған. Біреу желіп, біреу шоқытып келеді.

Сабақтас құрмалас сөйлем компоненттерінің байланысу амал-тәсілдері:

  1. баяндауыш формасы арқылы

  2. шылау не шылау мәндес сөздер арқылы

3) қатыстық сөздері арқылы

4) интонация арқылы

5) орын тәртібі арқылы.

Баяндауыш формасы – сабақтас құрмаластың ең негізгі ұйымдастырушы орталығы. Мұндай ұйымдастырушы орталық өз дербес бастауышы болуына негізделеді. Бұлай болмаған күнде ұйымдастырушы орталық бағыныңқы сөйлем болып танылмай, оралым қатарында қалып қояды. Сабақтас сөйлем бағыныңқысының баяндауышы есімше, көсемше, шартты рай тұлғалы сөздерден болып келеді.

1) көсемше формалары құрмалас сөйлем жасауда екі түрлі қызмет атқарады: бірі – бағыныңқы сөйлемнің баяндауышы бола тұра, сол сөйлемді басыңқы сөйлемге тәуелді етіп тұрады, екіншісі – құрмаластың құрамындағы екі жай сөйлемді ешқандай қосымша тәсілдердің керегінсіз-ақ байланыстырып тұрады. Оны мына мысалдардан көруге болады: Құлағында үлкен күміс сырғасы сілкіне түсіп, үстел басы тола отырған жұртқа жіті қозғалып шай құйып отыр.

2) есімшелер жеке тұрып, көсемшелер сияқты бағыныңқының баяндауышы бола алмайды. Ол тиянақты тұлға болғандықтан, басыңқы сөйлемді аяқтап, соның баяндауышы болып тұр: Көше бойындағы ағаштарды жалын шарпып, көлбеңдеген жапырақтары бүрісіп-бүрісіп қалған. Есімшелер жай сөйлемдерді құрмаластыру үшін әр алуан тұлғалық құбылыстарға ұшырап, тиянақсыз формаларда айтылады. Сабақтас сөйлемдерде есімшенің –ған тұлғасы бағыныңқы сөйлемнің баяндауышын жасау үшін жатыс жалғауын тіркеп және соң,кейін көмекшілерін ертіп тұр. Ол жылаған соң, әжесі де солқылдап жылады.

3) шартты рай арқылы құрмаласқанда бағыныңқының бастауышы мен баяндауышы қиысып тұрады. Өзгелер қалай жүрсе, мен де солай жүремін, Сыреке. Есімше сөздерімен тіркесіп, бағыныңқы баяндауышын жасайтын шылаулар: сайын, соң, дейін, шейін, кейін, бері, уақытта,шақта, кезде, қарамастан, ма, деп т.б. Сабақтас құрмалас сөйлем құрамында қолданылатын сілтеу, сұрау есімдіктерінің жұптасып келуі, құрмалас компоненттерін байланыстыруға қызмет етеді. Мұндай қатыстық сөздерге кім-не, қайда-сонда, қанша-сонша, қандай-сондай, кімді-нені т.б. жатады. Қай жақтың атызы бұрын бітсе, сол жақ суды бұрын алады. Сабақтас құрмаластағы ұластырушы интонация бір сөйлем мен екінші сөйлемді дауыс ырғағы жағынан өзара ұластырып, бір желілес байланысқа түсіреді.

Сабақтас құрмалас сөйлем бағыныңқы компонентінің басыңқы компонентпен қандай мағыналық қатынаста тұратындығына қарай шартты бағыныңқылы, қарсылықты бағыныңқылы, салыстырмалы бағыныңқылы, мезгіл бағыныңқылы, себеп бағыныңқылы, қимыл-сын немесе амал бағыныңқылы, мақсат бағыныңқылы және үлестес сабақтас құрмалас сөйлемдер деп бөлінеді.

Шартты бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлем дегеніміз – синтаксистік компоненттерде баяндалған оқиға-әрекеттің орындалу барысы бір-біріне шарт мәнінде байланысатын құрмалас сөйлем. Ол реалды және ирреалды шарт бағыныңқылы деп бөлінеді. Бағыныңқысының баяндауышы шартты райдың –са/-се, көсемшенің –май,-майынша, есімшенің –ғанда тұлғаларының қатысуымен жасалады. Көсеу ұзын болса, қол күймейді.

Қарсылықты бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлем дегенімізсыңарлары бір-біріне қайшы, қарсы келетін әрекеттерді, оқиғаларды баяндайды. Бағыныңқысының баяндауышы көмектес және шығыс тұлғалы есімшеден, шартты райдан, көсемшеден жасалады. Қыс қатты болса да, мал аман шықты.

Салыстырмалы сабақтас құрмалас сөйлемдер дегеніміз – компоненттерінің мағыналық қарым-қатынасы бір-бірімен салыстырыла айтылатын құрмалас түрі. Мұнда әр синтаксистік компонент мағыналық жақтан жеке дербестігін сақтайды, тек байланысу амалы жағынан ғана бағыныңқының баяндауышы тиянақсыз болады. Ол төмендегідей тәсілдермен жасалады: шартты рай формалы етістікке аяқталған бағыныңқы компонент құрамында әрқашан қандай, қанша, қалай деген сұрау есімдіктерінің бірі келеді де, басыңқы компонентте сондай, сонша, солай деген сөздердің бірі айтылады. Бағыныңқы компонент баяндауышы қызметінде –дай,-дей жұрнақты өткен шақ есімше келу арқылы жасалады. Бағыныңқы және басыңқы сөйлемдер құрамында өзара салыстырыла жұмсалған сөздер болады, басыңқыда одан да сөзі келеді. Үлкендер пұшпақ тымақ кисе, соңғы жылдары бозбаланың көбі осындай түлкі тымаққа ауысқан еді.

Мезгіл бағыныңқылы сабақтас сөйлем дегеніміз – бағыныңқысы басыңқыдағы істің орындалу мезгілін көрсетіп тұратын сөйлем. Бағыныңқысының баяндауыштары есімшенің -ған, -ар, -ер формантты түрі мен атау түріндегі есімшелерге кезде, шақта, соң, сайын т.б. тіркесуімен, барыс тұлғалы есімшеге дейін, шейін шылауларының тіркесуімен жасалады.

Себеп бағыныңқылы сөйлем басыңқыдағы оқиғаның (салдарлық) себебін білдіріп, дағдылы себеп пысықтауыштың сұрағына жауап беріп тұрады. Себеп бағыныңқылы сабақтастарды жасаудың негізгі төл тәсілі – шығыс жалғаулы есімшелер. Көсемшелер арқылы жасалған себеп бағыныңқылы сабақтастар шығыс жалғаулы есімшелерден кейін көсемше жұрнақтарының құрмалас сөйлем жасаудағы қызметінің өріс алуынан келіп шыққан. Патша тағынан түсіп, Жәуке түрмеден құтылып үйіне келіп еді.

Амал (қимыл-сын) бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлемдер дегеніміз – бағыныңқысы басыңқыдағы іс-әрекеттің, қимыл-қозғалыстың қалай болғандығын, қимылдың сынын білдіретін сөйлем. Ол екі түрлі тәсілмен жасалады: 1) синтетикалық тәсіл, яғни бағыныңқы баяндауышы көсемшенің –п, -ып, -іп, -а, -е, -й жұрнақтары арқылы жасалады, 2) аналитикалық тәсіл, яғни бағыныңқы сөйлем баяндауышы басыңқы сөйлеммен шылау мәндегі деп көмекші етістігі арқылы байланысады. Бірақ күлуге шамасы келмей, қансыз-сөлсіз, көгерістеу ерні сәл ғана жыбыр етті. Өткен шақ көсемшелер – амал бағыныңқы сөйлем жасаудың негізгі тәсілі. Ол өте көне заманнан келе жатқан құбылыс.

Мақсат бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлем дегеніміз – бағыныңқысы басыңқыдағы іс-әрекеттің, қимылдың орындалу мақсатын білдіретін сөйлем түрі. Жасалуына -п формантты көсемше -ғана көмекші етістігінің құрамында келуімен, тұйық етістіктің үшін шылауымен тіркесуі қатысады. Сұрауым көпшілікке түсінікті болу үшін, сіздерге екі түрлі сұрау берейін.

Үлестес сабақтас құрмалас сөйлемдер – бір мезгіл ішінде бірінен кейін бірі іркес-тіркес жалғаса болған я болып жатқан, біріне-бірі тәуелсіз іс-әрекетті, жай-күйлерді баяндайтын сөйлемдер.

Өзіндік белгілері: басқа сабақтастардағыдай себептестік, қарсылықты, шартты, амалдық, мақсаттық, салыстырмалы қатынастар болмайды, компоненттер арасындағы тәуелділік тек формалық жағынан болады, олар тек көсемшенің - п формасы мен шартты рай тұлғасынан жасалады. Мұндай сөйлемдердің баяндауыштары негізінен ырықсыз етіс түрінде келеді.

Башқұрт тілінде бағыныңқы сөйлемдер құрылымдық-семантикалық ұстанымға сай 14 түрге топтастырылған:

1. Бастауыш бағыныңқы сөйлем (эйә һөйләм)

2. Баяндауыш бағыныңқы сөйлем (хәбәр һөйләм)

3. Анықтауыш бағыныңқы сөйлем (аныклаусы һөйләм)

4. Толықтауыш бағыныңқы сөйлем (тултырыусы һөйләм)

5. Мезгіл бағыныңқылы сөйлем (вакыт һөйләм)

6. Мекен бағыныңқылы сөйлем (урын һөйләм)

7. Себеп бағыныңқылы сөйлем (сәбәп һөйләм)

8. Салдар бағыныңқылы сөйлем (һөзөмтә һөйләм)

9. Мақсат бағыныңқылы сөйлем (максат һөйләм)

10. Қимыл-сын бағыныңқылы сөйлем (рәүеш һөйләм)

11. Мөлшер-көлем бағыныңқылы сөйлем (дәрәжә-күләм һөйләме)

12. Салыстырмалы бағыныңқылы сөйлем (сағыштырыу һөйләм)

13. Шарт бағыныңқылы сөйлем (шарт һөйләм)

14. Қарсылықты бағыныңқылы сөйлем (кире һөйләм).

Татар тілінде сабақтас құрмалас сөйлемдер мынадай мағыналық түрлерге топтастырылған:

1. Бастауыш бағыныңқы сөйлем (иярчен ия жөмлә)

2. Баяндауыш бағыныңқы сөйлем (иярчен хәбәр жөмлә)

3. Анықтауыш бағыныңқы сөйлем (иярчен аергыч жөмлә)

4. Толықтауыш бағыныңқылы сөйлем (иярчен тәмамлык жөмлә)

5. Мекен бағыныңқылы сөйлем (иярчен урын жөмлә)

6. Мезгіл бағыныңқылы сөйлем (иярчен вакыт жөмлә)

7. Мақсат бағыныңқылы сөйлем (иярчен максат жөмлә)

8. Себеп бағыныңқылы сөйлем (иярчен сәбәп жөмлә)

9. Қимыл-сын бағыныңқылы сөйлем (иярчен рәвеш жөмлә)

10. Шарт бағыныңқылы сөйлем (иярчен шарт жөмлә)

11. Қарсылықты бағыныңқылы сөйлем (иярчен кире жөмлә).

Негізінен, аталып отырған тілдерде сабақтас құрмалас сөйлемдердің ортақ сипаты басым, сабақтас құрмаластарды топтастыруда татар, башқұрт тілдеріндегі әдебиеттерде бағыныңқыларды сөйлем мүшелері ыңғайында жіктеу мен мағыналық қатынасын қоса ескеру орын алғаны байқалады.

Өзін-өзі бақылау сұрақтары:

  1. Башқұрт тілінде сабақтас құрмалас сөйлем жасалуының ерекшелігі неде, оны қазақ тіліндегі сабақтас сөйлем жасалуымен салыстырыңыз.

  2. Татар тіліндегі құрмалас сөйлемдердің мағыналық қатынасына қарай түрлерге бөлінуіне тоқталыңыз.

  3. Сабақтас құрмалас сөйлем компоненттерінің байланысу амалдарына тоқталыңыз.

  4. Башқұрт тілінде сабақтас құрмалас сөйлемдер қандай ұстаныммен жіктелгенін анықтаңыз.

  5. Қазақ тіліндегі сабақтас құрмалас сөйлемдер қандай ұстанымдармен топтастырылған?