Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
УП 1-2015 Садирова К..doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
771.58 Кб
Скачать
    1. Салалас құрмалас сөйлемдер

Салалас құрмалас сөйлемдердің компоненттерінің грамматикалық жағынан өзара тең болып байланысуы түркі тілдерінде негізінен көрініс тапқан. Қазақ тіл білімінде салалас құрмалас сөйлемдерді былайша анықтайды: предикатив сыңарларының баяндауыштары тиянақты тұлғада келіп, белгілі бір лексика-грамматикалық тәсілдер арқылы мағыналық, құрылымдық және интонациялық тұтастық құрайтын құрмалас сөйлем түрін салалас құрмалас дейміз.

Өзіндік белгілері:

1) предикатив сыңарларының баяндауыштары тиянақты тұлғада жұмсалады,

2) предикатив сыңарларының баяндауыштары әрдайым өз бастауышымен жақ жағынан қиыса байланысады,

3) СҚС предикативтік сыңарларының мағыналық дербестігі басым, олар өзара теңдес дәрежеде және сыңарларының мағыналары өзара тұтастай қарым-қатысты болып келеді,

4) предикатив сыңарларының аралығындағы дауыс кідірісінің тиянақтылық дәрежесі басым түрде болады,

5) предикатив сыңарларын байланыстыратын амал-тәсілдері болады, атап айтқанда: жалғаулық шылаулар, интонация тұтастығы, предикатив сыңарларының орналасу тәртібі, кейбір тұлғалық, құрылымдық ерекшеліктері, предикативтік сыңарларының синтаксистік қатар түзеп, бірдей құрылымда жұмсалуы, баяндауыштарының қайталанып келуі не бірдей шақ, жақ тұлғаларында тұруы, алдыңғы сыңарының толымсыз болып келіп, соңғы сыңары арқылы толығып отыруы.

СҚС түрлерін топтастыру принциптеріне компоненттерінің байланысу түрі мен мағыналық қатынастары немесе грамматикалық мағынасы, жалғаулықты түрі үшін байланыстыратын жалғаулықтарының мағыналық топтары жатады. Компоненттерінің байланысу түріне қарай жалғаулықты және жалғаулықсыз (іргелес), мағыналық қатынастарына және байланыстыратын жалғаулықтарының мағыналық топтарына қарай ыңғайлас (мезгілдес), себептес, қарсылықты, талғаулы, кезектес деп бөлінеді. Қазақ грамматикасы оқулығында берілген бұл топтау қатарына Т.Қордабаев және Қ.Есенов зерттеулерінде тағы да салаластың 3 түрі аталып жүргенін айту орынды: түсіндірмелі, салыстырмалы, шартты.

Салалас сөйлем компоненттерін бір-бірімен құрмаластыратын грамматикалық тәсілдердің бірі – жай сөйлемдерді жалғаулықтар арқылы құрмаластыру. Жай сөйлемдерді бір-бірімен салаластыра құрмаластыратын жалғаулықтар қатарына төмендегілер жатқызылады:

1) себептестік қатынасты білдіретін сондықтан, себебі, сол себепті, өйткені, неге десең жалғаулықтары;

2) мезгілдестік, өсіңкілік қатынасты білдіретін және, да, де та, те, әрі жалғаулықтары;

3) қарсылықты қатынасты білдіретін бірақ, сонда да, сөйтсе де, алайда, өйтсе де, ал, дегенмен жалғаулықтары;

4) кезектестік, талғаулықты, бірдейлестік қатынасты білдіретін бірде, біресе, кейде, не, немесе, болмаса, әлде, я, яки жалғаулықтары;

5) бейтараптық қатынасты білдіретін мейлі, құй жалғаулықтары жатады. Жай сөйлемдерді бір-бірімен құрмаластыру функциясында қолданылатын бұл жалғаулықтардың мағыналарына қарай мезгілдес, қарсылас, себептес, талғаулы, кезектес, бейтарап мәнді жалғаулықтар деп бөлінетіні сияқты, бұлардың дәнекерлігі арқылы жасалатын салалас құрмалас сөйлемдер де жалғаулықтар аттарына сәйкес аталады. Жай сөйлемдерді бір-бірімен құрмаластыру қызметін жоғарыда аталған жалғаулықтармен қатар, жалғаулық мәнінде қолданылатын солай бола тұрса да, солай дегенмен де, сөйте тұрса да, олай дейтін себебі, бұлай дейтін себебі – дегендер тәріздес сөз тіркестері атқарады. Ыңғайлас (мезгілдес), себептес, қарсылықты түрлері жалғаулықты да, жалғаулықсыз да келе алса, талғаулы, кезектес салаластар тек жалғаулықты, ал түсіндірмелі, салыстырмалы, шартты жалғаулықсыз түрде келеді. Жалғаулықты ыңғайлас (мезгілдес) салалас құрмалас сөйлем дегеніміз – предикативтік сыңарлары ыңғайлас, біртектес оқиға, құбылыстарды не бір мезгіл ішінде жүзеге асып жатқан іс-әрекеттерді бейнелейтін СҚС түрі. Тегінде, Тәкежан үлкен жанжалға тауаны жоқ, бұдырсыз болатын, әрі әкеге шағым жеткізу алыс та қиын (Әуезов). Қ.Есенов мезгілдес салаласты екіге бөледі: бір мезгілдес, әр мезгілдес. Себептес салалас сөйлем деп компоненттері бір-бірімен себептестік қатынаста тұратын ҚС аталады. Олар себеп мәнді (сондықтан, сол себепті) және салдар мәнді (өйткені, себебі) жалғаулықтармен байланысады. Жаны шығып кете жаздады, өйткені оның қолына түскен ыдыс сау қайтқан емес (Майлин). Қазір ол сақалын да қырған, киімін де өзгерткен, сондықтан кескін-кейпі де өзгерген. Құрамындағы байланыстырушы жалғаулықтарын түсіргенде мағыналық қатынастар өзгеріп, арадағы байланысы үзілетін болса, компоненттер арасына сызықша қойылады. Салыстырыңыз: Әй, ол жеңер сені, себебі келешек онікі ғой // Әй, ол жеңер сені - келешек онікі ғой. Қарсылас құрмалас сөйлем дегеніміз – құрамындағы компоненттерінің мағыналары бір-біріне қайшы келетін СҚС. Компоненттерін байланыстыратын жалғаулықтар: бірақ, дегенмен, алайда, сонда да, солай болса да, сөйтсе де, әйткенмен, әйтпесе. Ол басында қатты қарсылық білдірген еді, дегенмен көптеп-көмектеп көндірдік. Кей реттерде сыңарларының арасындағы қарсылық мән айқын білінгенде, бірақ, алайда жалғаулықтарын түсіріп айтып, жалғаулықсыз да құруға болады. Ондайда түсірілген жалғаулықтардың орнына сызықша қойылады. Елге мойынымды созам – көрінбейді. Аяғы жоқ – жүреді, аузы жоқ – сөйлейді. Қарсылықты салаластарға тән мағыналық, құрылымдық ерекшеліктер мынадай: 1) сыңарларында баяндалатын екі не бір тұлғаның іс-әрекеттері, ой-ниеттері бір-біріне қайшы болады: Абайдың қиналғанын Ділдә сезді, бірақ түк өкінген жоқ. 2) екінші сыңарында бірінші сыңарындағы іс-әрекеттің логикалық қорытындысы ретінде болуға тиісті іс-әрекет, жай-күй болмай шығады немесе басқаша болады. Осы ең ақырғы сөзі тәрізді еді, бірақ айтары әлі таусылмаған екен (Мұстафин) 3) сыңарларының құрамында бір-біріне антоним сөздер жұмсалады немесе баяндауыштары болымды-болымсыз тұлғада келеді. Көп адам қасында келеді, бірақ жалғыз келе жатқандай сезінеді. Талғаулы салалас құрмалас сөйлем дегеніміз – предикатив сыңарларындағы іс-әрекет, жай-күйлер таңдалып, сараланып, бірі болмаса бірі орындалатыны сұрыпталып берілетін құрмалас сөйлемдер. Сабырлылық алдында не дұшпан сасады, не сабырсыздан береке қашады (Момышұлы).

Башқұрт тілінде салалас құрмалас сөйлемдердің жалғаулықсыз түрін Ғ.Ғ.Сәйетбатталов 8 түрге топтастырса, жалғаулықты түрін 4 түрге топтастырады. Енді соларға нақты тоқталсақ:

Жалғаулықсыз салалас құрмалас сөйлемдердің түрлері:

1) Оқиғалар мен құбылыстардың, үдерістердің бір ізді өтетінін көрсететін жалғаулықсыз салаластар. Баяндауыштары негізінен ашық райлы етістіктен болады да, салалас сөйлем құрамындағы компоненттер орны тұрақты болып келеді. Үтте кыш, килде матур яз, бозло карзар иренеләр, көз көнө икиткән матур коштар тағы ла килделәр (М.Ғафури). Қыс кетті, көңілді көктем келді, мұзды қар еріп, күзде кеткен көркем құстар қайта оралды.

2) Оқиғалар мен құбылыстардың, үдерістердің бір мезгілде өтетінін көрсететін жалғаулықсыз салаластар. Бұл сөйлемдердің баяндауышы қызметін, негізінен, осы шақ ашық райлы етістіктер атқарады. Кис менән кайһыһы ашай, эсә, кайһылары балаларын йоклата, кайһылары бисәһе менән талаша, кайһылары йыйылып ултыралар за күргәндәрен, белгәндәрен һөйләшәләр (А.Таһиров). Кешке қарай біреулері тамақтанады, ішеді, өзгелері балаларын ұйқыға жатқызады, кейбірі әйелдерімен ұрысады, кейбіреулері жиналып алып көрген білгендерін, естігендерін айтысады.

Жалғаулықсыз байланысты қамтамасыз етуге қызмет етіп тұрған тәсілдің бірі – кис менән (кешке қарай) сөзінің барлық компонентке ортақ болып келуі.

3) Оқиғалар мен құбылыстардың, үдерістердің жалпы өткен шақта болғанын көрсететін жалғаулықсыз салаластар. Бұл жалғаулықсыз салалас құрмалас сөйлемдердің ерекшелігі – оқиғалар мен құбылыстардың, үдерістердің бір мезгілде өтуі мен бір ізділігі қиылысады, мезгіл пысықтауыштар қолданылмайды, баяндауышы өткен шақта ашық райлы етістіктен келеді. Был һуғыштар ауыр булды, бик күп кандар түгелде, йәп-йәш кенә мескен йәндәр кара ергә күмелде. Бұл соғыс өте ауыр болды, қан көп төгілді, жас жандар жерленді.

4) Оқиғалар мен құбылыстардың, үдерістердің жалпы келер шақта болатынын көрсететін жалғаулықсыз салаластар. Бұл сөйлемдердің баяндауыштары ашық райлы келер шақтық етістіктен жасалады. Бұл сөйлемдерде де мезгіл пысықтауыштар қолданылмайды. Кояш балкыр, ер әйләнеп торор, яззар булыр, ағыр йылгалар (Б.Бикбай). Күн балқыр, жер айналар, көктем келер, өзен ағар.

5) Оқиғалар мен құбылыстардың, үдерістердің нақты бір шаққа қатысты болғанын көрсетпейтін жалғаулықсыз салаластар. Бұл кезде құрмалас сөйлем компоненттерінің баяндауышы қызметін тек етістіктер ғана емес, өзге сөз таптары да атқарады. Күлде камыш матурлай, ирзе намыс матурлай. Көлді қамыс көріктендіреді, ерді намыс көріктендіреді.

6) Қарама-қарсы мағыналы жалғаулықсыз салалас сөйлемдер. Әдетте мұндай сөйлемдер екі компоненттен тұрады, олар екі құрамды да, бір құрамды да құрылымда келе алады, олардың компоненттерінің арасына сызықша қойылады. Мине екинсе бригадага ебәрергә тырышып караны – булманы (А.Карнай). Ол мені екінші бригадага жіберуге тырысты – болмады.

7) Екінші компонентінде бірінші компонентіндегі хабар мәні түсіндірілетін жалғаулықсыз салалас сөйлемдер. Мұндай салалас сөйлемдер кем дегенде үш сөйлемнен тұрады. Бірінші компоненттен кейін әдетте қос нүкте қойылады. Башкорт халкының яраткан ике әйбере бар: уның береһе – кымыз, икенсеһе – сәй (М.Тажи). Башқұрт халқының екі сүйікті нәрсесі бар: оның бірі – қымыз, екіншісі – шай.

8) Алдыңғы бөлігіндегі ойды кейінгі бөліктері жалпылап тұратын жалғаулықсыз салалас сөйлемдер. Мағынасы жағынан алып қарағанда бұл сөйлемдер себеп бағыныңқылы сабақтас сөйлемдерге ұқсайды. Бірақ бұл сөйлемдерде себеп-салдарлық мәнді білдіретін «шуның аркаһында» (соның салдарынан), «шуға күрә» (сондықтан) шылаулары мен «шундай» (сондай), «шул тиклем» (соншалық) сөздері қолданылмайды. Алтын да бар Уралда, көмөш тә бар Уралда – Урал – бай тау ул. (К.Даян). Уралда алтын да бар, Уралда күміс те бар – Урал – бай тау.

Көңіл аударатын бір нәрсе – башқұрт тілінде «-ып, -еп» және «-оп, -өп» көсемшелерінен жасалған баяндауышы бар жалғаулықсыз құрмаластарды кей түркологтардың өз бойында әрі паратаксистің, әрі гипотаксистің белгісі бар деп есептейтіні. Оған мынадай сөйлемдер жатқызылады: Йылыш булып, инструктор комсомолдарзың колхоз хәрәкәтендәге бурыстарын һөйләне (Н.Кәрип). Жиналыс болып, инструктор колхоз қозғалысында комсомолдардың міндеттері туралы айтты. Ғ.Ғ.Сәйетбатталов аталған сөйлемді жалғаулықсыз салалас құрмаласқа жатқызады. Өз сөзімен берсек: «В башкирском языке довольно часто встречаются бессоюзные предложения, в которых сказуемые компонентов выражаются деепричастием настоящего времени с аффиксом «ып-еп», «оп-өп». Например: Йылыш булып, инструктор комсомолдарзың колхоз хәрәкәтендәге бурыстарын һөйләне (Н.Кәрип). Некоторые тюркологи относят их к таким сложным синтаксическим конструкциям, которые имеют особенности паратаксиса и гипотаксиса. По нашему мнению, приведенный выше вид бессоюзного сложносочиненного предложения представляет стилистическую разновидность бессоюзной сложносочиненной синтаксической конструкции».

Жалғаулықты салалас құрмалас сөйлем түрлері:

1) «да-дә, за-зә, ла-лә, та-тә», «һәм», «шулай ук», «йәнә», «тағы», «шуның өстөнә», «шуның менән бергә» салаластырғыш жалғаулықтарымен байланысып, оқиға, құбылыстардың, үдерістердің бір ізді және бір мезгілде болатынын білдіретін салалас сөйлемдер. Мысалы: Ул мине йоконан бик иртә уятты ла, мин ат эзләргә киттем (Ә.Чаныш).

2) «ә, ләкин, әммә, тик, шулай за, юғиһә» қарсылықты жалғаулықтарымен байланысып, сәйкессіздікті, қарама-қарсылықты, салыстырмалық қатынасты білдіретін салалас сөйлемдер. Мұндай сөйлемдер екі компоненттен тұрады, олардағы оқиғалар салыстырыла айтылады. Иртәгәһенә иртәнсәк иптәштәре урманга киткән, ә Акъял батыр өйзә калган («Акъял батыр» әкиәте). Ертеңіне таңертең оның достары орманға барды, ал Ақыл батыр үйде қалды.

3) «йә, йәки, әле, әллә, берсә» шылауларының қайталанып келуімен жасалатын, санамалау мен кезектестік реңкімен айырымдық қатынасты білдіретін салалас сөйлемдер. Бұл сөйлемдер түрі башқұрт әдеби тілінде кеңінен таралмаған, жоғарыда көрсетілген шылаулар негізінен жай сөйлемнің бірыңғай мүшелерінің арасын байланыстыруға қызмет етеді. Тау араһынан барғанда кояш рәтле күренмәй: йә уны эре ағастар каплай, йә бейек таузар был ерзән йәшереп торалар (М.Ғафури). егер таулар арасында келе жатсаң, күн онша көрінбейді: оны біресе биік ағаштар басса, енді бірде – биік таулар.

4) «хатта» салдарлық шылауымен және «тимәк», «шулай итеп» шылау сөздерімен келетін, екінші бөлігінде алғашқы бөлігіндегі ой жалпыланатын салалас сөйлемдер. Мысалы: Көслө елдәр, штормдар булды, хатта баржалар Кама менән Волга ярзарына ырғытылды (Ә. Бикчәнтәев). Қатты жел тұрды, сондықтан Кама мен Волга жағалауына баржаны лақтырды.

Татар тілінде салалас құрмалас (тезмә кушма жөмләләр) сөйлемдерді М.З.Зәкиев компоненттерінің мағыналық қатынасы мен оларды байланыстыратын жалғаулықтардың түріне байланысты 3 топқа жіктеп көрсетеді:

1) құрамындағы сөйлемдері өзара жыюшы мағыналарды білдіретін шылаулармен байланысатын сөйлемдер.

а) һәм шылауы арқылы байланысқан компоненттер арасында мынадай мағыналық қатынас болады:

- сөйлем құрамындағы бөліктерінде әркелкі оқиғалар баяндалатын салалас сөйлемдер: Болытлар таралдылар, һәм көн матурланды; Гафиятнең иске ачуы кабынып китте, һәм ул, йөрәген тыя алмыйча, бөтенесен берьюлы әйтте дә салды (И.Гази);

- сөйлемдері параллель оқиғаларды білдіретін салалас сөйлемдер: каты жили исә, һәм яңгыр коя; әкрен генә камыш шаулый, һәм агач яфраклары селкенәләр;

- соңғы сөйлем алдыңғы сөйлемді мағына жағынан толықтырып, ашып тұрады: кешенең иң кадерле нәрсәсе – тормышы, һәм ул аңа бары бер генә мәртәбә биркелә.

ә) Да-дә шылауларымен байланысқан салалас сөйлемдер:

- сөйлемдер әркелкі оқиғаларды білдіреді: Укытучы килде дә, дәрес башланды.

- бұл шылаулар қайталанып келсе, оқиғалар бір мезгілде болғанын білдіреді: яңгыр да ява, көчле жил дә исә.

б) Тагын шылауы қайталанып келсе, оқиғалар жалғасып келетінін білдіреді. Тагын жәй килде, тагын матур көннәр башланды.

в) Янә шылауы қайталанып келіп, оқиғалардың тізбектеліп өтетінін көрсетеді. Янә машиналар эшли башладылар, янә эшчелер тузан эчендә калдылар.

г) Ни-ни шылауы оқиғаларды талғап көрсетеді. Ни жыелыш булмады, ни кино күрсәтмәделәр.

2) Құрамындағы сөйлемдері өзара айырушы шылаулармен байланысқан салалас сөйлемдер:

а) Янә, яисә, я шылауларымен байланысса, оқиғалардың бірі ғана орындалатынын білдіреді. Мин барырмын, я син килерсең.

ә) Әле-әле шылауымен байланысса, оқиғалардың алмасып өтетінін білдіреді. Әле яңгыр ява, әле кар ява.

б) Әллә-әллә шылауымен келген сөйлемдерде оқиғалар тізіліп айтылады. Әллә самолет килә, әллә урман артында трактор гөрли.

в) Бәлки сөзі де қайталанып келеді, ол кезде оқиғалар талғанады. Бәлки син барырсың, бәлки ул үзе килер.

3) Құрамындағы сөйлемдері қарсылықты шылаулармен байланысқан салалас сөйлемдер:

а) Ә шылауымен байланысқан салалас сөйлемдер қарама-қарсы мағынаны білдіреді: Яз аена кердек, ә көннәр һаман салкын.

ә) Ләкин шылауымен байланысқан салалас сөйлемнің екіншісі біріншідегі істің болмай қалғанын білдіреді. Мин көттем, ләкин ул килмәде.

б) Әмма шылауы ләкин шылауымен мағыналас жұмсалады. Каты яңгыр яуды, әмма тузан басылмады: ул Зиннәтнең кайтуына үзенең куанамы яки борчыламы икәнен дә белми, әмма йөрәге ашыгып-ашыгып тибә (Г.Бәширов).

в) Тик, бары, фәкать, исә, бәлки шылаулары да қарсылықты мәнді сөйлемдерді байланыстырады: Без сөйләшмибез, бәлки Галиләр уйныйлар. Без укытучы белән бардык, Гали исә үзенең иптәше белән башка вагонда барган.

Көріп отырғанымыздай, қазақ, башқұрт, татар тілдерінде салалас құрмалас сөйлемдерді тануда айырмашылықтар бар. Ол айырмашылықтар:

1) башқұрт тілінде көсемше тұлғалы етістіктен жасалған баяндауышы бар сөйлемдердің салалас қатарында танылатыны;

  1. қазақ, татар, башқұрт тілдерінде салаластарды жіктеу ұстанымдары ұқсас болғанымен топтастырылуын атауда өзіндік ерекшеліктерге ие. Башқұрт, татар тілдерінде салалас құрмалас компоненттерін байланыстыратын шылауларды негізге алып топтастыру, соның негізінде мағыналық қатынастарын сипаттау басымырақ.

Өзін-өзі бақылау сұрақтары:

1. Салалас құрмалас сөйлемдер түркі тіл білімінде қандай анықтамаларға ие?

2. Татар тілінде салалас құрмалас сөйлемдер қалай жіктеледі?

3. Башқұрт тілінде салалас құрмалас сөйлемдердің жасалу ерекшеліктері қандай?

4. Салалас құрмалас сөйлемдердің түркі тілдеріндегі атауларын атаңыз

5. Түркі тілдеріндегі салалас құрмаластарға қатысты пікірлердің ортақтығы мен айырмасын ашыңыз.