- •І. Түркі тілдері грамматикасының зерттелуі
- •Түркі тілдері грамматикасының синхронды сипатта зерттелуі
- •Түркі тілі синтаксисінің зерттелуі, зерттеушілер мен олардың еңбектері
- •Түркі тілдеріне тән ортақ сипаттар
- •1.4 Сөйлем - тілдің коммуникативтік бірлігі
- •Іі. Түркі тілдеріндегі сөйлем синтаксисінің зерттелуі
- •2.1 Түркі тілдеріндегі жай сөйлем типтерінің зерттелуі
- •2.2 Хабарлы сөйлем
- •2.3 Сұраулы сөйлем
- •2.4 Бұйрықты сөйлем
- •2.5 Лепті сөйлем
- •2.6 Түркі тілдеріндегі құрмалас сөйлемнің зерттелуі
- •2.7 Құрмалас сөйлемнің анықталуы
- •Құрмалас сөйлемнің жіктелуі
- •Салалас құрмалас сөйлемдер
- •Сабақтас құрмалас сөйлемдер
- •Көп компонентті салалас құрмалас сөйлемнің түркі тіл білімінде зерттелуі
- •Ііі практикалық сабақтар
- •Қоршауда
- •Мазмұны
АЛҒЫ СӨЗ
Ұсынылып отырған оқу құралы «5В011700-Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының типтік оқу жоспарындағы кәсіптендіру пәндерінің қатарына енетін «Кәсіби қазақ тілі», «Қазақ тілін оқыту әдістемесі» міндетті компоненті мен таңдау компоненттері қатарында оқытылатын «Қазіргі қазақ тілінің жай сөйлем синтаксисі», «Қазіргі қазақ тілінің құрмалас сөйлем синтаксисі», «Түркітануға кіріспе», «Құрмалас сөйлем теориясының негізгі мәселелері» тәрізді курстардың мазмұнын толықтыра оқытуға арналған.
Түркі тілдері синтаксисінің зерттелуі – лингвистиканың синтаксис саласының мазмұнын толықтырады, өзіне тән зерттеу нысаны мен ғылыми аппаратына, ғылыми зерттеу әдістемесіне ие. Сөз тіркесі, жай сөйлем, құрмалас сөйлемдерді лингвистикалық бірлік ретінде тану және оның өзіндік белгісін ажыратуға негіз болатын көрсеткіштерін айқындау – түркі тілдері синтаксисіндегі ортақ проблемалардың бірі, аталған курс осы мәселелердің қазақ, қарақалпақ, татар, башқұрт тілдерінде қалай жіктелетінін, қандай өлшемдермен анықталатынын айқындауға мүмкіндік береді. Осы мақсатқа жетуде пайдалануға қажетті ғылыми айналыста жүрген пікірлер мен түрлі тұжырымдар бар. Олар түркі тілдері синтаксисіне қатысты ортақ тұжырымдар мен айырым белгілерді анықтау арқылы тілші-мамандардың кәсіби құзыреттілігін қалыптастыруға сөзсіз ықпал етеді. Сондықтан да «5В011700-Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығ ына жоғары оқу орны компоненті сапасында оқытылып жүрген «Түркі тілдері синтаксисінің зерттелуі» оқу құралы тілшілердің кәсіби білімі мен білігін, дағдыларын қалыптастыруға, дамытуға пайдалы болады.
Оқу құралының мазмұнында негізгі теориялық мәселелер мынадай тарауларға бөлініп берілді: 1-тарау – түркі тілдері грамматикасының зерттелуі, 2-тарау – түркі тілдеріндегі сөйлем синтаксисінің зерттелуі. Кейінгі тарауларында оқытудың кредиттік технологиясы талаптарына сай практикалық сабақ тапсырмалары, студенттердің оқытушы басшылығымен орындайтын өзіндік жұмыс тапсырмалары, өзіндік жұмыс тапсырмалары, бақылау өлшеу материалдары берілді. Оқу құралы түркі тілінің синтаксисіне қатысты жарияланған оқу әдебиеттер мен ғылыми әдебиеттер материалдарынан жинақталып құрастырылды.
І. Түркі тілдері грамматикасының зерттелуі
Түркі тілдері грамматикасының синхронды сипатта зерттелуі
Түркі тілдеріне қатысты ғылыми зерттеулер мен оқу құралдарының, оқулықтардың басылым көруі, басқаша айтқанда, ғылыми-теориялық еңбектерді жинақтау – түркі тіл білімінің маңызды міндеттерінің бірі, ол міндет өз деңгейінде атқарылуда.
ХХ ғасырдың 70-80 жылдары түркі тілдес елдердің түрколог ғалымдарының ұжымдасып дайындаған грамматикаларының жаңа жинақтары жарық көрді. Оларда қазақ тілі (Алматы, 1962), татар тілі (М., І, 1969; ІІ, 1971), азербайжан тілі (Баку, 1971), түркімен тілі (Ашхабад, 1970) грамматикалық құрылымын зерттеу нәтижелері орыс тілінде баяндалса, азербайжан тілінде 2 том (І, 1978; ІІ, 1982), хакас тілінде (М, 1975), қарашай-балкар тілінде (Нальчик, 1976), өзбек тілінде (2 томдық, Ташкент, 1976), башқұрт тілінде (М., 1981), якут тілінде (М., 1982), түркімен тілінде (Ашхабад, 1977) грамматикалық зерттеулер басылып шығарылды. Э.Р.Тенишевтің айтуынша, қолданыста белсенділігі жоғары түркі тілдерінің грамматикасын ұжымдық зерттеу сөздікпен жұмыс жасағандай, үнемі жүргізілуі тиісті. Грамматика туралы терең әрі жинақталған білім тілдегі объективті өзгерістерді тіркеуді, оны сипаттау тәсілдерін жетілдіруді жекелеген түркі тілдерін зерттеуде жүргізіп, сонан соң белгілі бір мерзімде (10-15 жылда) оларды іргелі академиялық грамматикаларда жалпылап жазу қажет, оған қоса нормалау мәселелері де анықталғаны жөн.
Тілдің барлық деңгейлеріне қатысты жаңа зерттеу фактілерінің болуы, олардың әр қырынан қарастырылуы тілдік құбылыстарды зерттеудің әдістемелік және теориялық деңгейін жоғарылатады. Түркі грамматикасындағы өзекті мәселелердің түркологтар арасында кеңінен талқылануы өте маңызды. Мұндай өзекті мәселелер қатарына морфологияда сөз таптары мен функционалды формалар теориясы, грамматикалық және лексика-грамматикалық категориялар теориясы (етіс, сан, түр және аспект т.с.с.), сөздің морфологиялық құрылымы т.б. жатады. Ал синтаксис саласында сөз тіркесі мен сөйлем (әсіресе, құрмалас сөйлем, оның ішінде, сабақтас) теориясы, жай, күрделенген, құрмалас сөйлемдердің аражігін нақты ажырату мәселесі, есімді және етістікті сөйлемдердің өзара қатынасы мен айырмасы мәселелері, есімше, көсемше оралымдарды түзудегі етістіктің функционалды формаларының табиғаты т.с.с. бар. Бір мәселенің жеке түркі тілінің өз ішінде жіктелуінің өзара айырмашылықтары болады. Мысалы, қазақ тілі синтаксисінде жай сөйлемнің баяндауышының қандай сөз табынан жасалуына байланысты есімді және етістікті сөйлем деп бөлінсе, екінші ғалым зерттеуінде бұл сөйлем бастауыштың қандай сөз табынан жасалуына байланысты номинативті (есімді) және етістікті сөйлем деп жіктеледі. Э.В.Севортян түркі тілдерінде сөйлемдердің басты, негізгі типі болып номинативті, яғни бастауышы зат есімнен болған сөйлемдер есептелетінін көрсеткен.
Түркі тілдері грамматикасын зерттеудің бір бағыты – түркі тілдері жүйесін басқа тілдермен, үндіевропа тілдерімен салғастыра зерттеу. Түркі тілдеріндегі сөйлем семантикасын зерттеушілер түркі тілдеріндегі бүтін сөйлемдер мен элементарлы сөйлемдерді үндіевропалық тілдердегі осы бірліктермен салыстыра отырып, мынадай тұжырым жасағанын Н.Т.Ермекова атап көрсетеді: түркі тілдеріндегі бүтін сөйлем компоненттері үндіевропалық тілдердің элементарлы сөйлемінің бағыныңқы компонентіне сәйкес келсе де, элементарлы сөйлем формасына сәйкес келмейді. Алайда мұндай айырмашылық барлық сөйлемде сақталады деп ой қорытуға болмайды. Кейбір түркі тілдерінде өзгешеліктер бар, яғни элементарлы сөйлем формасындағы тәуелді компоненттер кездеседі. Екінші жағынан, үндіевропалық тілдерде түркі формаларына жақын жүйелер кездеседі.
Түркі тілдерін орыс тілімен салғастыра зерттеген еңбектер де баршылық.
Өзін-өзі бақылау сұрақтары:
1. Түркі тіл білімінің негізгі міндеттері қандай?
2. Түркі грамматикасының жарияланған мерзімі қай уақытта?
3. Алғашқы түркі грамматикалары қай тілде жарық көрген?
4. Түркі грамматикасының ортақ мәселелеріне не кіреді?
5. Э.В.Севортянның көрсетуінше, түркі тілдеріне тән негізгі сөйлем типі қандай?
