- •2. Темір мемлекеті (Темірдің Алтын Орда, Ақ Орда, Моғолстан, Қытай, Үндістан т.Б. Елдерге жорықтары), оның салдары
- •3. Әкімшілік-территориялық құрылым
- •7 Билет
- •1. Қазақстан территориясындағы энеолит дәуірінің тұрақтары
- •2. Моғолстан, жер аумағы және этникалық құрамы, ішкі және сыртқы жағдайы, шаруашылғы
- •3. Xyx ғ. Бірінші жартысындағы қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалыстары
- •8 Билет
- •1.Қола дәуіріндегі адамдардың қоғамдық-мәдени өміріндегі шаруашылық өзгерістер
- •2. Ақ Орданың ішкі және сыртқы жағдайы, шаруашылығы
- •3. Қазастанның xyx ғасырдың бірінші жартысындағы мәдениеті
2. Ақ Орданың ішкі және сыртқы жағдайы, шаруашылығы
Ақ Орданың дербестікке ие болуы
Алтын Орданың күйреуімен монғолдардың қол астында болып келген көптеген ұлыстар мен елдер дербес тәуелсіз мемлекеттер қатарына шықты. Осындай тәуелсіздікке ие болып Қазақстан жерінде жергілікті этникалық негізде пайда болған ірі мемлекет - Ақ Орда хандығы. 1227 жылы Жошы ханның қайтыс болуымен билік оның екінші ұлы Батудың қолына өтті. Бұл туралы Әбілғазының «Түрік шежіресінде» мынадай дерек кездеседі: «Жошы ханның өлімін естіген Шыңғыс хан қайғы жамылып, аза тұту жариялады. Ол Отчигинге Дешті Қыпшаққа аттанып, Жошы ханның орнына Сайын хан деген лақап атпен белгілі, оның екінші ұлы Батыны сайлап, оның бұл дәрежесін ағалары мен бүкіл әмірлеріне мойындатуды бұйырды... Бәрі бірауыздан оның билігін мойындады». Мұрагерлік мәселесіне қатысты бұл шешім жөнінде Рашид ад-дин «Орда інісі Батының хан тағына отыруын қолдап, әкесінің тағына оны өз қолымен отырғызды», - деп жазды. Бату Шығыс Еуропаға жасаған жорығынан оралған соң өз ұлысын әке ордасынан бөліп алды. Өз ордасының батыс шекарасын Жайықпен шектеп, одан шығысқа қарайғы жерлер ағасы Орда Ежен билігіне өтті. Ақ Орданың негізін қалаған да осы Орда Ежен. Рашид ад-дин: «кімде-кім Орда ұрпағынан келіп, Баты ұрпақтарының орнына хан болып отырмайтын, өйткені олар бір- бірінен алыста болды және әрқайсысы өз ұлысының жеке билеушілері саналды», - деп көрсетеді. Ақ Орда алғаш құрылған кезде Алтын Ордаға формальды түрде тәуелді иелік болып есептелді, ал іс жүзінде өз алдына тәуелсіз саясат жүргізіп отырды.
Жер аумағы және этникалық құрамы
Ақ Орданың шекарасы батыста Жайық өзенінен шығыста Ертіске, солтүстікте Батыс-Сібір ойпатынан Сырдың орта шеніне дейін созылып жатты. Ақ Орданың негізгі халқы ерте заманнан осында мекендеген түркі қыпшақ тайпалары, сондай-ақ Алтайдан қоныс аударған наймандар, қоңыраттар, керейттер, үйсіндер, қарлұқтар болды.
Ақ Орданы билеген Орда Еженнің ордасы алғашында Ертіс алқабында Алакөл маңында, яғни әкесі Жошы ханның алғашқы қоныстарында болды. Ақ Орда хандарының кестесіне сүйенсек онда он бір хан билік құрған. Оларды билеген уақытына қарай мынадай ретпен тізеді: Орда Ежен, Күнқыран, Қоныш, Баян, Сасы-Бұқа, Ерзен, Мүбарак, Шымтай, Ұрысхан, Қойыршақ, Барақ.
Ішкі және сыртқы саясаты. Шаруашылығы
Ақ Орданың әскери-саяси күшінің шырқау шегіне жетіп күшейген мезгілі Шымтайдың мұрагері Ұрыс ханның тұсы. Осы кезде Алтын Орда тағы үшін болып жатқан билікке таластан Ақ Орда билеушілері де шет қалмады. Ерзен мен Мүбарак хандар тұсында Ақ Орда Алтын Ордадан оқшаулана бастады. Мүбарак хан 1327-1328 жылдары өз атынан Сығанақ
қаласында теңге соқтырған. 1361 жылы Ақ Орданың билеушісі болған Ұрыс хан өз жағдайын біраз күшейтіп, енді Алтын Орда тағына отыруға күш салды. 1368-1369 жылдары өз атынан Сығанақ қаласында теңге соқтырады. Сөйтіп, 1374-1375 жылдары Еділ бойымен жорыққа шыққан ол Сарайды өзіне қаратып, Хажы-Тарханды (Астраханды) қоршауға алды. Кама бұлғаларының жерін бағындырды. Бірақ Ұрыс ханның үстемдігі ұзаққа созылмай, 1376 жылы ол Еділ бойынан кетіп, Алтын Ордадағы билікті Мамайға беруге мәжбүр болды. 1377 жылы Ұрыс хан қайтыс болып, Ақ Орда иелігі оның баласы Темір Мәлікке көшкенді. Бірақ осы кезде Маңғыстау Үстіртінің билеушісі - Жошы әулеті Түй Хожаның баласы Тоқтамыс Орта Азия әміршісі Ақсақ Темірге сүйеніп, Темір Мәліктің әскерін талқандайды, сөйтіп 1379 жылы өзін Ақ Орданың ханы деп жариялады. Ақ Орданың көптеген әмірлерінің қолдауына ие болған ол 1380 жылы Сарайды, Хажы-Тарханды, Қырымды және Мамай ордасын басып алды. Тоқтамыстың бұл табысы орыс жеріне басып кірген Алтын Орда ханы Мамайдың 1380 жылы Куликово даласында орыс әскерлерінен жеңілуі нәтижесінде мүмкін болды. Тоқтамыс мұнымен тоқтаған жоқ, осыдан кейін ол Әмір Темірдің қамқорлығынан босануға тырысады. Бірақ 1388, 1391 және 1395 жж. Ақсақ Темірдің Тоқтамысқа қарсы жасаған аса үлкен үш жорығынан кейін Алтын Орда құлдырады. Темірден жеңілген Тоқтамыс Сібірге қашып кетті. Оны 1406 жылы Сібір ханы Шәдібек өлтірді.
Темірдің басқыншылық соғыстарының нәтижесінде және ішкі талас-тартыстан Х1Vғ. соңы –ХV ғ. бас кезінде Ақ Орда да әлсіреді. Барақ хан ішкі талас-тартыстар мен сыртқы шабуылдарды тоқтата алмады. 1428 жылы Барақтың өлімінен кейін маңғыттық Едіге ұрпақтары Шығыс Дешті Қыпшақтың біраз бөлігіне өз билігін таратса, солтүстікте шайбаниліктер бас көтере бастады. Шайбанилік Әбілқайыр хан XΥ ғ. ортасында Ақ Орданың біраз жерлерін басып алды. Биліктен айырылған Орыс хан ұрпақтары оңтүстікке, Сыр бойына қарай ығысты. 1446 жылы Әбілқайыр Ақ Орданың астанасы болған Сығанақты басып алды.
Моңғолстан мемлекеті
XIV ғасырдың ортасында Шағатай әулеті мемлекетінің ыдырауымен, оның шығыс бөлігінде Моғолстан мемлекеті құрылды. Бұл мемлекеттің негізін қалаған Шағатай ұрпағы Дува ханның немересі Тоғылық-Темір хан (1348-1362 жж.) еді. Моғолстан тарихы бойынша құнды дерек көзі «Тарих и- Рашидиде» бұл туралы мынадай мәлімет бар: «Моғол тілінде (шежіреде) ханды әмір Поладшы он алты жасында әкелді деп айтылады. Он сегіз жасында (Тоғылық Темір) хан болды, 24 жасында мұсылман болды, ал 34 жасында өлді». Дегенмен деректер негізгі саяси билік дулат тайпасының өкілі әмір Поладшының қолында болды деп көрсетеді.
Моғолстан Шығыс Түркістаннан бастап Жетісу өңірінен Оңтүстік Сібірге дейінгі көлемі зор, таулы-тасты, өзенді-көлді, ашық далалы, орман-тоғайлы жерлерді мекендеген түркі тектес тайпалардың басын қосты. «Моғолстан» тарихи термині «монғол» атауынан шыққан. «Монғол» есімі Орта Азия мен Қазақстанда түрік және парсы тілдеріндегі тарихи туындыларда «моғол» деп айтылып жазылатын болған.
XIV-XV ғасырларда Моғолстан құрамына Түркістан, Оңтүстік-Шығыс Қазақстан және Орта Азияның кейбір аймақтары кірді. Мұхаммед Хайдар Дулатидың көрсетуінше, Моғолстан аумағы төмендегідей болды: «Қазіргі уақытта Моғолстан деп аталатын аумақтың ұзындығы мен ені жеті сегіз айлық жол болады. Оның шығыс шекарасы қалмақтардың жері Барыскөл, Емел және Ертіске тіреледі. Солтүстігінде Көкше теңіз (Балқаш), Бум Лиш және Қараталмен, батыс шекарасы Түркістан мен Ташкент және оңтүстігінде Ферғана, Қашқар, Ақсу, Тұрфанмен шектеседі. Осы төрт шекаралас аймақтың ішінен мен Моғолстанның оңтүстік аймағын көрдім. Ташкенттен Әндіжанға дейін он күндік жол. Әндіжаннан Қашқарға дейін жиырма күн, ол жерден Ақсуға шейін он бес күндік жол... Қалған үш жағын көрген жоқпын. Сол жаққа барып келіп жүргендерден есіттім, олардың айтуынша ол шекаралар ұзындығы жеті сегіз айлық жол...». (Карта қою керек) Ол жергілікті түрік және түріктенген монғол тайпаларының мемлекеттік-саяси бірлестігі еді. Оған кіретін тайпалар: дулаттар, қаңлылар (бекшіктер), керейттер (керейлер), арғындар (арғинут), баириндер, арлаттар, барластар, булғашылар және басқалары. Кейбір тайпалардың, мәселен, үйсіндердің аты аталмағанымен, олардың да осы бірлестікте болғанына ешбір күмән жоқ.
Сонымен XV ғасырдың орта шенінде Жетісу, Қырғыз жерлерін қамтып жатқан Моғолстан мемлекетінің құрылуы Дешті Қыпшақты біріктірген Ақ Орданың пайда болуымен қатар жүзеге асқан Қазақстан тарихындағы маңызды оқиға болғаны даусыз. Моғолстан ордасының орталығы - Алмалық қаласы болды. Тоғылық Темір мұсылман дінін мемлекеттік дін ретінде қабылдайды. Мырза Мұхаммед Хайдар Дулатидің жазуынша бір күнде 160 мың адам ислам дінін қабылдаған. Ханның бұйрығы бойынша исламды қабылдамаған әмірлер мен бектер өлім жазасына кесілген. Бұрынғы Шағатай ұлысының жерлеріне толық билік жүргізуді көксеген Тоғылық-Темір Мәуереннахр өлкесін Шыңғыс әулеті Денішмендінің атынан билеп отырған Қазағанның көзін құртуды, сол арқылы бұл өңірді Моғолстанға қосып алуды ойлады. Сөйтіп ол 1358 жылы астыртын кісі жіберіп Қазаған әмірді өлтірді. Бір жыл өткеннен кейін үлкен соғыстардың бірінде Қазағанның мұрагері, оның ұлы Абдолла да қаза тапты. Осыдан кейін Мәуәреннахр бірнеше тәуелсіз облыстарға бөлініп кетті. Бұл жағдайды пайдаланып қалуды көздеген Тоғылық-Темір 1360 жылы оларды бағындыруға кірісті. Бұл кезде Орта Азияның болашақ әміршісі Ақсақ Темір өзінің шағын тобымен Кеш қаласының әміріне қызмет етіп жүрген болатын. Тоғылық Темір Кешті алып, оны басқаруды Темірге тапсырды. 1361 жылы Мәуереннахрға екінші рет шабуылға аттанып, оны бағындырған Тоғылық Темір оған билеуші етіп баласы Ілияс-Қожаны қалдырды. 1362 жылы Тоғылық-Темір қаза тауып, Ілияс-Қожа Моғолстанға оралды. Мәуереннахрға билеуші болып Қазағанның немересі Хұсайын тағайындалды. Ілияс Қожаның Моғолстанға қайтуын пайдаланған Әмір Темір Мәуереннахрдағы билікті өз қолына алу үшін Ілияс Қожаға қарсы шығады. Алғашқы қақтығыстарда моғол ханы жеңіліске ұшырайды. 1365 жылы 22 маусымда екі жақтың арасында шешуші «Батпақ шайқасы» болады. Кескілескен шайқаста екі жақтан 10 мыңға жуық адам қырылады. Бұл шайқаста Ілияс Қожа хан жеңіске жетіп, Әмір Темір қашып құтылады. Осы жеңісінен кейін Моғол ханы Самарқанға қарай аттанады. Самарқан халқы ерлікпен шайқасады. Қаланы алудың мүмкін еместігіне көзі жеткен моғол ханы кейін қайтуға мәжбүр болады.
XIV ғасырдың аяғында Әмір Темір Моғолстанға бірнеше дүркін жорықтар жасайды. Алғашқы жорығы 1371-1372 жылдары болады. 1428 жылы Уәйіс хан қайтыс болды. Хандық билік үшін талас оның балалары Жүніс пен Есен Бұға арасында өрбіді. 1433 жылы Есен Бұға дулат әмірлерінің қолдауымен хан тағына отырады. Ол 1462 жылға дейін билікте отырды.Моғолстан хандығы Жүніс ханның немересі Абд ар-Рашид ханның кезінде ыдырай бастады.
Моғолстан мемлекетінің билеушілерін мынадай ретпен беруге болады: Тоғылық Темір – 1348-1362жж., Ілияс Қожа – 1363-1365жж., Әмір Қамар ад- дин – 1365-1389жж., Қызыр Қожа – 1389-1399жж., Шами Жахан – 1399-1408жж., Мұхаммед – 1408-1416жж., Нақш Жахан – 1416-1418жж., Уәйіс хан – 1418-1433жж., Есен Бұға – 1433/34-1462жж., Дос Мұхаммед 1462-1468/69жж., Жүніс – 1469- 1487жж.. Жүністен кейін Моғолстан бірнеше иеліктерге бөлініп, оларды келесі сұлтандар басқарды: Ахмет сұлтан, Махмұд сұлтан, Хадид сұлтан, Мансұр сұлтан, Саид сұлтан. Одан әрі Моғолстан біржола Қазақ хандығының құрамына енді.
Егер қазақ халқының қалыптасуының аяқталуы мен қазақ хандығының құрылуына XIV-XV ғасырларда өмір сүрген этносаяси қауымдастықтардың тікелей қатысы бар десек, мұның Моғолстанға да байланысты болғандығы. Біріншіден, Моғолстан мемлекеті оңтүстік-шығыс Қазақстан аумағын қамтыды, екіншіден, оның негізгі халқы қазақ этносын құраған басты тайпалар үйсін, дулат, қаңлы, албан, суан, жалайыр, т.б. болды және Қазақ хандығы ретінде құрылған қазақ мемлекетінің шаңырағы да осы жерде қайта көтерілді.
