Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Дәрістік кешен фонетика.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
170.47 Кб
Скачать

ДӘРІСТІК КЕШЕН

1-тақырып.

Фонетика және оның ғылыми салалары

Жоспары:

1.1. Фонетика – тіл білімінің бір саласы. Фонетиканың зерттеу нысаны. Фонетиканың ғылыми салалары (жалпы фонетика, жеке фонетика, сипаттамалы, салыстырмалы, тарихи т.б); Фонетикалық зерттеуде қолданылатын әр түрлі әдістер (эксперимент, акустикалық, соматикалық т.б).

1.2. Дыбыс туралы түсінік. Артикуляциялық база. Тілдің дыбысталу мүшелері.

1.1. Фонетика – тіл білімінің бір саласы. Фонетиканың зерттеу нысаны. Фонетиканың ғылыми салалары (жалпы фонетика, жеке фонетика, сипаттамалы, салыстырмалы, тарихи т.б); Фонетикалық зерттеуде қолданылатын әр түрлі әдістер (эксперимент, акустикалық, соматикалық т.б).

Фонетика – тілдің дыбыс жүйесін зерттейтін тіл білімінің бір саласы. Адам баласының тілі – дыбыстық тіл. Адамның пікір алысуына, бір-бірімен түсінісуіне қызмет ететін тіл – қарым-қатынас құралы, қоғамдық құбылыс. Демек, тіл дыбыстарының әлеуметтік табиғаты мен атқаратын қызметін білудің маңызы зор. Сондықтан әр тілдің дыбыс жүйесін жүйелі түрде зерттеп білу қажет. Қазіргі қазақ тілінің фонетикасы пәні қазақ тілі дыбыс жүйесі туралы, қазақ тіліндегі дыбыстардың саны, олардың фонетикалық ерекшеліктері, түрлері, фонема, фонология, буын, дыбыстар тіркесі, сингармонизм, ассимиляция, дыбыс алмасуы мен өзгерістері, көрші дыбыстардың бір-біріне ықпалы, дыбыстық құбылыстар, екпін, интонация, орфоэпия, орфография, графика, транскрипция т.б. жөніндегі теориялық мәселелер мен олардың зерттелу жайы туралы теориялық білім беруге арналған. Сөздің және морфеманың құрамындағы ең кіші дыбыстық единица туралы айтқан кезде тіл жүйесіндегі фонетиканың орнын анықтау қажеттігі еске түседі. Тілдің дыбыс жүйесін зерттеудің бағыттары мен мақсатына қарай ол өз ішінде сипаттамалы, тарихи, салыстырмалы және салғастырмалы фонетика деп бөлінеді.

Сипаттамалы фонетика тілдің өмір сүріп тұрған осы кезеңдегі дыбыс жүйесін қарастырса, тарихи фонетика тілдің дыбыс жүйесіндегі бұрынғы кезінен бастап, қазірге дейінгі тарихи өзгерістеріне талдау жасаса, салыстырмалы фонетика туыс тілдер дыбыс жүйесін, ал салғастырмалы фонетика туыс емес тілдер дыбыс жүйесін салыстыра зерттейді. Белгілі бір ғана жеке тілдердің фонетикасымен қатар, жер бетіндегі барлық тілдердің дыбыстық ерекшеліктері мен ортақ заңдылықтарын тексеретін жалпы фонетика бар. Жалпы фонетика – тілдің дыбыс жүйесі туралы жалпы теориялық мәселелерді қарастыратын тіл білімінің бір бөлімі. Ал эксперименталды (аспапты) фонетика тілдің дыбыстық жағын түрлі техникалық құралдар арқылы зерттейді.

Қазақ тілінде кез келген дыбысты үш тұрғыдан қарастыру қажет болады. Соған орай, тілдің дыбыс жүйесін, үш түрлі фонетиканың зерттеу нысанына алынады: 1. Жасалым фонетика. Дыбысты жасалу орны (ерін, ерін-ерінді, тіл ұші, тіл алды, тіл ортасы, тіл арты, тілшік), жасау тәсілі (тоғысым, тоғысыңқы, жинақы жуысыңқы, жайылыңқы жуысыңқы, діріл, жанама), дауыс қатысы (тербеліссіз, тербеліңкі, тербелімді, тербелмелі) жағынан талданады. 2. Айтылым фонетика. Дыбысты қуыс жүйесі (ауыз қуысы, көмей қуысы), айтылым күші (нық, босаң, бос) жағынан қарастырады. 3. Естілім фонетика. Түйсінім түрі (қатаң, ұяң, үнді), естілім қарқыны (күшті лепті, босаң лепті, бос лепті) тексеріледі.

Қазақ тілі дыбыстарын сингармонизмге байланысты талдауға ерекше назар аударамыз. Себебі қазақ фонологиясы дегеніміз үндесім фонологиясы болып табылады. Үндесім фонетика дыбыстың үндестік сипатын анықтайды. Әуез жүйесі (езу әуез, ерін әуез), жасалым белгі (езулік, еріндік, ілгерінді, кейінді), айтылым белгі (ауыз қуысты, көмей қуысты, тұтас қуысты), естілім белгісі (жуан, жіңішке, езулік, еріндік) арқылы талданады.

1.2 Дыбыс туралы түсінік. Қазақ тілінің артикулляциялық базасы.

Сөйлеу мүшелері барлық адамға тән қасиет болғанмен, әр ұлт тілдеріне ғана қатысты артикуляциялық базасы (жасалым қоры) болатынын білеміз. Бірақ осы жасалым қорының өзіндік ерекшелігін, әр тілдегі дыбыс жасалу нүктелерін толық біле бермейміз. Жасалым қоры дегеніміз дыбыстарды жасауға қатысатын сөйлеу мүшелерінің белгілі бір ұлт тілдеріне ғана тән қозғалысының жиынтығы. Әр тілдің өзіндік ерекшелігі бар десек, қазақ тілінің жасалым қорында 9 жасалым нүкте бар екен. Ғалым Ә.Жүнісбектің көрсетуі бойынша сөйлеу мүшелерінің мүмкін болған қозғалысы моделге түсіріліп, осы тоғыз нүктенің қазақ тіліндегі дыбысты жасауға қатысымы анықталған: 1-нүкте ерін қатысын білдіреді. Ерін қатысының төрт түрі бар (сүйір жасалым, доғал жасалым, езу жасалым, емеурін жасалым); 2-нүктеде тіл ұшы қатысы арқылы үш түрі (тіл ұшы тоғысымы, тіл ұшы жинақы жуысымы, тіл ұшы жайылыңқы жуысымы) жасалым болады; 3-нүктеде тіл ортасы қатысы арқылы екі түрлі (тіл ортасының таңдаймен тоғысымы, тіл ортасының таңдаймен жуысымы) жасалым болады; 4-нүкте тілшік қатысы арқылы екі түрлі (тілшіктің тіл түбімен жуысымы, тілшіктің тіл түбімен тоғысымы) жасалым болады; 5-нүктеде дауыс желбезегінің қатысы арқылы төрт түрлі (дауыс желбезегі толық тербеледі, мол тербеледі, жартылай тербеледі, тербелмейді) жасалым болады; 6, 8-нүктеде тілдің көлденең қалпы арқылы екі түрлі (тілдің ілгері қалпы, тілдің кейін қалпы) жасалым болады; 7, 9-нүктеде тілдің тік қалпы арқылы екі түрлі (тілдің жоғары қалпы, тілдің төмен қалпы) жасалым болады екен.

Қазақ тіліндегі әр дыбыстың жасалуына кем дегенде үш жасалым нүктесі қатысады, ал бір ғана жасалым нүктесі арқылы жасалатын дыбыс болмайды. Сонымен бірге дыбыс саны шектеулі болғанмен, олардың жасалым варианттары одан да көп. Дыбыстың ақиқат, көмескі белгілері туралы білген соң, олардың ортақ, айырым, көмескі белгілерінің жүйесі туралы таным қалыптасады. Тіл дыбыстарын фонетикалық және фонологиялық тұрғыда бөлек-бөлек талдау қажет болады. Сонда ғана тіліміздегі дыбыстардың жасалым, айтылым, естілім сипатын анықтап, үндесім сипатын олардан ажырата қарауды үйренеміз. Сөйлеу үстінде құлаққа шалына бермейтін дыбыс белгілері, көмескі варианттар, дыбыс пен дыбыс, буын мен буын, сөз бен сөз, сөйлем мен сөйлем арасындағы дәнекер байланыс үшін қажеттігін біліп, үндесім құбылысын жете тану бағытында жасалым қоры зерттеу нысаны болып келеді.

Тақырып бойынша сұрақтар.

1.Фонетика және оның зерттеу нысаны.

2.Фонетиканың теориялық және практикалық мәні. Оның салалары.

3. Фонетика және жасалым қор.

4.Фонетикалық зерттеуде қолданылатын әдістер.:

5. Қазақ тілінің артикулляциялық базасы.

6. Тілдің дыбысталу мүшелері.