Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
PatFizSessia.docx
Скачиваний:
3
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
300.75 Кб
Скачать

28.Организм тұрақтылығы мен реактивтілігін,жіктелуін,туындауына анықтама беріңіз

29.Организм реактивтілігін анықтаудың негізгі факторларын айтыңыз

Организмнің ішкі ортасы (внутренняя среда организма) — адам мен жануарлар ағзасындағы жасушалық, ұлпалық, мүшелік деңгейдегі зат алмасу процесі мен дене мүшелерінің құрам тұрақтылығын (гомеостаз) қамтамасыз ететін, үздіксіз қорғалыста болатын биологиялық сұйықтар (қан, лимфа және ұлпа сұйығы) мен ішкі орта ұлпалары (ретикулалы, май, талшықты борпылдақ және тығыз дәнекер, шеміршек, сүйек ұлпалары). Организмнің ішкі ортасы — адам мен жануарлар ағзасында зат алмасумен қатар қорғаныс және тіректік қызметтер атқарады.[1]

Организмнің ішкі ортасы - қан, лимфа және ұлпа сұйықтығынан тұратын көптекті ағза жүйесі. Ішкі ортанын салыстырмалы химиялық құрамы мен физика-химиялық тұрақтылық қасиеті арқылы организмнің жасушалары салыстырмалы өзгермейтін жағдайларда тіршілік етеді және сыртқы орта әсеріне көп ұшырамайды.

Организм реактивтілігі

Кейбір жұқпалардың індеттері кездерінде (мәселен, тұмау) барлық адамдар бірдей ауыра бермейтіні көптен белгілі. Жұқпалы ауруларға қарсы екпелер жасағанда кейбір адамдарда жұқпалардың клиникалық көріністері байқалып, иммунитет дамыса, басқалары иммунитет дамуымен мүлде жауап қайтармайды.

Қандай да болмасын аурутуындататын белгілі бір қоздырғышқа әр адам әртүрлі жауап қайтаратыны көне заманнан белгілі болған. Мәселен, Абу Али ибн Синаның, Парацельстің т.б. еңбектерінде осындай ерекшеліктер туралы нұсқамаларды кездестіруге болады. Соған карамай организмнің реактивтілігі туралы түсінік ХХ-ғасырдың басында, аллергия туралы түсінікті Пирке енгізгеннен кейін, ғана пайда болды.

Аурутуындататын ықпал әсер еткеннен кейін аурудың пайда болуы немесе болмауы және оның өту түрі организм реактивтілігінен байланысты болады. Сондықтан реактивтілікті және оның даму жолдарын білу аурудың патогенезін жете түсінуге, одан алдын-ала сақтану мен емдеу жолдарын нәтижелі қолдануға мүмкіншілік береді.

Н.Н.Сиротинин: «организм реактивтілігі –қоршаған ортаның ықпалдарына организмнің белгілі жолмен жауап қайтару қасиеті» деп анықтаған. Бірақ келтірілген анықтама көпшілік ғалымдардың көңілдерінен шыққанымен, бұл қасиет тұтас организмге ғана тән бе, жоқ әлде жекелеген жүйелерге, ағзалар мен жасушаларға да тән бе? – деген сұрақтың төңірегінде даулар әлі күнге дейін жүріп жатыр. Бұндай жауап қайтару қабілет тұтас организм деңгейінде ғана емес, оның жекелеген жүйелерінің, ағзалары мен жасушаларының деңгейлерінде де байқалады. Мәселен, бронхиалық демікпемен ауыратын науқастардың кеңірдекшелерінің ацетилхолинге сезімталдығы, сау адамдарға қарағанда, жоғары болады. Оқшауланған жағдайда қызмет атқарып тұрған жүрекке гипоксиямен, адреналинмен немесе пилокарпинмен әсер еткенде өзінің жиырылу күшін өзгертіп жауап қайтарады. Қан лейкоциттері пробирка ішінде де фагоцитоздық қызмет атқарады. Орақ тәрізді жасушалы анемия кезінде эритроциттер гипоксияға жауап ретінде тез гемолизге ұшырайды. Бөтен текті антигенге сезімталдығы көтерілген жануарлардың лаброциттерін алып, оларға әйнектің үстінде сезімталдықты көтерген антигенді қосқанда бұл лаброциттер өздерінің түйіршіктерін сыртына бөліп шығарады. Ал сезімталдығы көтерілмеген сау жануарлардың лаброциттері мұндай жауап қайтармайды. Осы келтірілген деректерден қоршаған орта ықпалдарына организмнің жекелеген жүйелері мен ағзалары және жасушалары да жауап қайтара алатынын көруге болады. Сондықтан жоғарыда келтірілген анықтама былай толықтырылғаны жөн.

«Реактивтілік – деп қоршаған ортаның әртүрлі, солардың ішінде аурутуындататын ықпалдарына тұтас организмнің және оның жекелеген жүйелері мен ағзаларының жауап қайтару қабілетін айтады».

Тұтас организмнің реактивтілігі реттеуші (жүйке, эндокриндік және иммундық) жүйелердің қатысумен қамтамасыз етіледі. Бұл кезде заттардың алмасуы, иммундық жауап, қан, қанайналым, тыныс алу жүйелерінің өзгерістері байқалады. Ол қабынудың өту қарқынымен, фагоцитоздың айқындылығымен, лейкоцитоз даму, дене қызымы көтерілу, эритроциттердің тұну жылдамдығы, антиденелер өндірілу, бүлінген тіндердің қалпына келу және жараның біту дәрежелерімен т.б. көрінеді.

Реактивтілік түсінігі организмнің төзімділігімен тығыз байланысты.

Организмнің төзімділігі және оның түрлері

Төзімділік (резистенттілік)– деп аурутуындататын ықпалдарға организмнің тұрақтылығын айтады.Төзімділік пен реактивтілік өзара бірімен-бірі тығыз байланысты және екеуі де тірі организмнің негізгі қасиеттерінің бірі болып есептеледі. Төзімділік спецификалық және бейспецификалық болып ажыратылады (1-сызбанұсқа).

Спецификалық төзімділікке иммунитеттің барлық түрлері жатады. Бүгінгі күні иммунитет даму жолдары азды-көпті жақсы зерттелген болса, бейспецификалық төзімділік белгілі дәрежеде нақтылай ажыратуды қажет етеді.

Туа біткен белсенді бейспецификалық төзімділікке организмнің физиологиялық болмысты қорғану-бейімделу тетіктерінің белсенді қосылуымен қамтамасыз етілетін оның тұрақтылығын жатқызуға болады. Мәселен, ауада оттегінің жетіспеуіне организм тыныс алуы мен жүрек соғуын жиілетіп, қанда эритроциттердің санын көбейтіп, гемоглобин молекуласының оттегіге деген үйірлігін арттырып т.с.с. жауап қайтарады.

Туа біткен енжар бейспецификалық төзімділік организмде әртүрлі биологиялық тосқауылдардың және қорғаныстық рефлекстердің, қанда және басқа тіршіліктік сұйықтардарда бактерия жойғы ферменттердің (лизоцим, пропердин т.б. протеазалардың, цитокиндер мен интерферондардың), асқазан сөлінде тұз қышқылы болуымен қамтамасыз етіледі. Шырышты қабықтарда тосқауылдық қызметті қадағалайтын сөлденістік IgA болады.

Жүре біткен бейспецификалық төзімділік қоршаған ортаның ұдайы өзгеріп тұратын ықпалдарына организмнің бейімделуі арқылы дамиды. Бейімделудің нәтижесінде организм көптеген сырттан әсер ететін және өзінде пайда болған аурутуындататын ықпалдарға төзімділігін арттырады. Мәселен, жануарлардың организміне қысқа мерзімді ауыртпалық (стресс) туындататын ықпалдармен бірнеше мәрте әсер еткеннен кейін артынан олар ауыр ауыртпалық жағдайларға төзімді болатыны Ф.З.Меерсонның еңбектерімен дәлелденді.

Адам организмі көптеген кіші жүйелерден тұратын өзін-өзі реттейтін күрделі біртұтас жүйе. Организмде әр жүйеге қарсы жүйе болатыны белгілі. Мәселен, қан ұю жүйесіне қарсы антикоагулянттық жүйе, тотықтырғыш жүйеге қарсы антиоксиданттық жүйе, иммундық сергіткіш жүйеге қарсы иммунитетті тежейтін жүйе, ауыру туындататын жүйеге қарсы оны басатын жүйе, ауыртпалық (стресс) дамытатын жүйеге қарсы оны шектейтін жүйе т.б. келтіруге болады. Организмнің гомеостазы осы жүйелер мен қарсы жүйелердің өзара тепе-теңдігімен қамтамасыз етіледі. Осыған байланысты қысқа мерзімді ауыртпалықтардың әсерлерінен стресс-дамытатын жүйе әсерленуі оны шектейтін жүйенің белсенділігін арттырады. Стресті шектейтін жүйеге мыйдағы шағын реттеуші пептидтер (эндорфиндер мен энкефалиндер), серотонинге жауап қайтаратын жүйе, шеткері тіндерде өндірілетін простагландиндер мен антиоксиданттар жүйесі т.б. жатады. Стресті шектейтін жүйенің әсерленуі организмнің аурутуындататын ықпалдарға төзімділігін арттырады.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]