Динамикалық афзияны педагогикалық - түзету жұмысы
Динамикалық афазияны түзету жұмысының негізгі міндеті -ішкі сөздік бағдарламалауының ауытқуларын жою.
Науқасқа әр түрлі белгілері бойынша заттарды топтастыруға арналған (көлік, киім, ыдыс, жиһаз, ағаштан, темірден, шыныдан жасалған заттар, дөңгелек, шаршы, т.с.с.); тура және кері санау тапсырмалары беріледі. Ішкі сөздік бағдарламалауының ауытқуларын жою үшін науқасқа арналған сөйлеуінің бағдарламасы құрастырылады. Бұл кезде науқастың сөйлеуі сыртқы сүйеуді (сұрақтар, сөйлемнің үлгілері, текшелер) қолдану арқылы мүмкін болады. Бірте- бірте бұл сүйеніштер қысқартылып, «ішке» жинақталады. Науқас сұқ саусағын бір текшеден екінші текшеге қарай жылжыта отырып, біртіндеп сюжетті сурет бойынша сөйлеуін өрістетеді, соңында фразаларды сыртқы сүйеніштерді пайдаланбай айтатын болады.
Сөйлеуін өрістетуге сабақта қарастырып жатқан сюжетті сурет немесе ситуация бойынша қойылатын сұраққа кіретін сөздер көмектеседі. Мысалы, «Бүгін қайда барасыз?» деген сұраққа - науқас: «Мен киноға барамын» немесе «Мен шаштаразға барамын» деп жауап береді, яғни ол бір— ақ сөз қосады. Сөйлеудің кұрамын қалыптастырудың басқа тәсілі - сүйеніш сөздерді пайдалану болып табылады. Олар арқылы науқас сөйлем құрастырады. Бара-бара сөйлем құрастыру үшін ұсынылған сөздердің саны бес-алтыдан қысқарады. Науқас өз қалауы бойынша сөздерді керекті грамматиткалық формада қолданады. Динамикалық афазияда көбінесе фразаларды емес, мәтінді құрастыруда бұзылыстар кездеседі. Сондықтан сыртқы сүйеніштер ретінде суреттер сериясы пайдаланылады.
Динамикалық афазияда сөйлеудің енжарлығы жойылып, сөйлеу бастамасының жоғарлауына мүмкіндік жасайды. Ол үшін науқасқа ауызша түрде логопедтің өтінішін біреуге жеткізуді сұрайды, т.с с. Сөйлеу белсендігі арнайы сөздік сахналау жағдайларын жасау үдерісінде арта түседі. Бұл кезде диалог жүргізуде жетекші рөл науқасқа беріледі. Диалог тақырыбы науқаспен алдын ала талқыланып қойылады. Оған әңгіме кезінде қолдануға болатын сұрақтар, басты сөздер және жоспар беріледі. Сөйлеу белсендігін ынталандыру сабағында дәрігермен, қонақта, дүкенде, дәріханада мүмкін болатын әңгімелер сахналанады.
Динамикалық афазияның жеңіл түрінде мәтіннің мазмұнын айтып беру ұсынылады. Алғашқыда жайылмалы сұраулар тізімі бойынша, кейін мәтіннің жеке абзацтарына қойылған басты сұрақтар көмегімен, соңында жоспарға сүйене отырып, оқығанды қайта айтып беруі қажет. Сонымен қатар науқас өз бетімен мәтін бойынша алғашқыда толық, кейін қысқаша жоспар құруды үйренеді. Соңында алдын ала жоспар құрып, оған қарамай мәтінді қайта айтып беретін болады. Сонымен, оқығанды қайта айтып беру кезінде жоспардың итериоризациясы пайда болады.
Динамикалық афазияның ауыр түрінде күн бойы болған әр түрлі оқиғаларды талқылау арқылы ситуативті сөйлеу тілін түсінуін қалпына келтіру жұмысы жүргізіледі. Содан кейін логопед науқастың назарын жаңа тақырыпқа аударады. Мысалы, жақында оған кім келді?
Экспрессивті, ауызша сөйлеу тілін қалпына келтірумен қатар мәтін ішінде тастап кеткен көмекші сөздерді, етістіктерді, үстеулерді қалпына келтіру жұмысы жүргізіледі. Сүйеніш сөздермен сөйлемдер, мәтін бойынша сұрақтарға жауаптар құрастырылып жазылады, сюжетті суреттер арқылы шығармалар, зейнетақы алуға сенімхат, өтініш, таныстарына хаттар жазылады және т.с.с.
Көп жағдайда педагогикалық - түзету жұмысының нәтижесі логопед пен науқастың қажырлылығына байланысты болады
