Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Абду курс.doc
Скачиваний:
2
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
261.12 Кб
Скачать

3. Кейбір «муксирун» сахабалар туралы

Ориенталистер мен олардың шашбауын көтеруші мұсылман жақтастарының қылдан қиқым айыратын қисынсыз сындары көбіне хадис терминологиясында «муксирун» деп аталатын сахабаларға қарата айтылады. «Муксирун» сахабалар Аллаһ елшісінен көп хадис жеткізгендер. Бұлардың басында хазірет Әбу Һұрайра (р.а.) тұр.

Дініміз біздерге сахабалар арқылы жетті, сондықтан оларға жасалған әрбір шабуыл дінге қарсы ұйымдастырылған қастандық болып есептеледі. Дінімізді осындай арамза ниетті сынап-мінеушілерден мына заманның мұсылмандары ретінде қорғау біздің адамдық борышымыз.

Сахабалар өздерінің міндетін зор абыроймен атқарып, жасындайын жарқ етіп, өмірден өтті. Олардың өмірінде тарыдай мін, сынық сүйем сызат жоқ. Шын мәнінде олар қандай да бір қорғап-қолпаштауға да мұқтаж емес, дегенмен сахабаларды нысанаға алып, дінге қарсы әрекет жасалып жатқандықтан, мұндай пікірлердің негізсіздігін көрсетіп беруге деген қажеттілік туындауда.

Ислам тарихының алғашқы ғасырларында мұсылмандардың санасы тұнығы лайланбаған судай саф қалпын сақтады. Кейінгі ғасырларда мұсылмандар арасына жат пікірлер мен философиялық ағымдар сыналап кіре бастады. Мәселен, адамдарды ашық күнде адастыруға «епті» муғтазила, жәбрия, муржия, мушәббиһа сынды түрлі мәзһабтар пайда болды. Бұл мәзһабтардың негізін қалаушылар нәпсіге бой алдырып, бақай есеп, жымысқы пиғылдарына қарай ойдан хадис шығара бастады. Өз дегендеріне қайшы хадистерді жеткізген сахабаларға сын оғын қарша боратты. Ең әуелі хадистің тірегі саналатын Әбу Һұрайра сынды алып сахабаларды сынап-мінеп, қаралауға кірісті. Мұндайлар Наззам сынды муғтазила имамдары арасынан да, Әбу Ысқақ сынды Шиға имамдары арасынан да шығып жатты. Олар қанша жерден қара аспанды төндіріп, қаралай берсін, бәрібір барша сахаба сынды Әбу Һұрайра да арын асқақ ұстаған, діннің маңдайына бақ боп біткен үлкен сахаба болып қала беретіні даусыз.

Ендігі кезекте Әбу Һұрайрадан бастап Ибн Аббас, Ибн Омар, Ибн Мәсғуд (Аллаһ баршасынан разы болсын) сынды хадистің алтын діңгегі саналатын және негізсіз сынға ұшыраған сахабаларға қысқаша тоқтала кетуді жөн көрдік.

V Бөлім. Сахабалар жайындағы деректер

а) Әбу Һұрайра (р.а.)

Әбу Һұрайра (р.а.) Йеменнің Дәус тайпасынан шыққан. Тайпасының көсемі Туфәйл ибн Амр мұсылмандықты қабылдағаннан кейін қысқа уақыт аралығында Дәус тайпасында талай жанның жүрегінде иманның ұялауына себепкер болды. Әбу Һұрайра осы кісінің себепкерлігімен мұсылмандықты қабылдап, Мәдинаға һижрет жасаған мұһажирлардан еді. Содан кейін Аллаһ елшісімен төрт жыл бірге болды.

Әбу Һұрайра (р.а.) Мәдинаға қоныс аударғанда, Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Хайбар жорығына аттанып кеткен еді. Әбу Һұрайра сол бетте Мәдинадан Хайбарға жол тартып, бірінші кезекте Аллаһ елшісін тауып алып жолығады. Алғаш кезіккенде, Аллаһ расулы атын сұрайды. Ол: «Абдушәмс», – деп жауап береді. Сонда Аллаһ елшісі: «Адам айдың, күннің құлы болуы мүмкін емес, сен енді Абдуррахмансың», – деп есімін өзгертеді. Алайда ол Әбу Һұрайра деген лақап атымен мәшһүр еді. Оның себебі мынада. Бір күні Аллаһ елшісі Әбу Һұрайраның мысық құшақтап жүргенін көріп қалып, оған: «Уа, Әбә Һирр (мысықтың әкесі)», – деп үн қатады. Міне, осыдан кейін ол үнемі Әбу Һұрайра деп атала бастады. Ол «Әбу Һирр» деп аталуды қалайтын, өйткені өзін қарапайым, кедей, кішіпейіл адам ретінде есептегендіктен «мысықтың әкесі» деп аталуды өзіне лайықты көретін. Оның үстіне Аллаһ елшісі оны қатты жақсы көргендіктен, бауырға тартып, еркелеткен бір сәтінде «Әбә Һирр» дегендіктен, Әбу Һұрайра өзін осынау есіммен шақырылғанын қалайтын. Осы жайдың өзі оның Аллаһ елшісіне қаншалықты берілгендігін көрсетіп тұр.

Әбу Һұрайра өзі Исламды қабылдағанымен жанына маза бермеген тағы бір уайымы бар еді. Ол анасының иман келтіргенін жан-тәнімен қалап, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылды. Әбу Һұрайра әкесін жоқтатпай, өзін жетімсіретпей әлпештеп тәрбиелеген анасын Исламға шақыруды борышым деп білді. Әрі мұны анасын шынайы жақсы көретіндігінің нышанына балады. Бір күні Аллаһ елшісіне (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) келіп: «Уа, Аллаһ елшісі, анамның да «Лә иләһә иллаллаһ» деп тілімен және жүрегімен Исламды қабылдауы үшін дұға етіңізші», – деп өтініш білдірді. Оның өтінішін жерге тастамай Пайғамбарымыз қолын жайып дұға етеді. Оның дұғасының сөзсіз қабыл болатынына сенген Әбу Һұрайра әлі Пайғамбарымыз қолын түсірмей жатып үйіне қарай оқтай зымырайды. «Бүгін анама ақиқатты айтып түсіндіре аламын ба? Жүрегіне жол таба алар ма екенмін?!» – деп қобалжыса, екінші жағынан «Бүгін де айтқан сөздерімді тыңдамай қоймас па екен? Тағы да тосырқай қарап, тосылар ма екен?!» – деп уайым жейтін. Екіұдай болып, алабұртып, жүгіріп келіп, есік тұтқасына қол созуы мұң екен, табалдырықтың ар жағынан анасы: «Тоқта, сол жерде тұра тұр», – деп үн қатады. Анасы: «Лә иләһә иллаллаһ», – дегеннен кейін ғұсыл дәретін алу қажет екенін естіп білсе керек. Сәлден кейін үстіне жамылғысын жауып, есікті ашып тұрып: «Балам, айтып жүрген сөзіңді мен де айтамын: «Лә иләһә иллаллаһ, Мухаммадур-расулуллаһ», – дейді.

Осыны ести сала Әбу Һұрайраның қуанышы қойнына сыймай, Аллаһ елшісіне (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қарай құстай ұшады. Дұғаның қабыл болғанын көріп, Әбу Һұрайра тағы бір үмітін жанына жалау етіп, Аллаһ елшісіне барып болған оқиғаны айтып береді де: «Уа, Аллаһ елшісі! Мені және анамды мүминдердің жақсы көруі үшін тағы да дұға ет!» – деп қиыла өтінеді. Аллаһ елшісі қолын жайып: «Аллаһым! Мүминдер Әбу Һұрайраны және анасын жақсы көрсе екен!» – деп дұға етеді.

Иә, мүминдер Әбу Һұрайраны жақсы көреді. Оны жақсы көрмеудің адамды кімдердің санатына қосаты-нын оқырмандардың өздері айыра жатар.

Әбу Һұрайра (р.а.) күндіз-түні Аллаһ елшісімен (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бірге болып, Оның аузынан шыққан әрбір сөзін жадына тоқып жүретін. Оның зеректігі мен есте сақтау қабілеті мықты болатын. Түннің үштен бірінде ғана көз шырымын алатын. Үштен бірінде ғибадат етіп, дұға етумен өткізетін. Қалған үштен бірінде жаттап алған хадистерін ұмытпас үшін қайталайтын. Мұнымен қоса Әбу Һұрайра үлкен ғалым, фиқһ (Ислам құқық ілімі) ілімінің білгір ұстазы және хадис хафызы болатын. Бір күні мешітте: «Аллаһым! Маған еш ұмытпайтын ілім нәсіп ет!» – деп дұға етіп жатқанын естіп қалған Аллаһ елшісі бүкіл мешітті күркіретіп жіберердей зор дауыспен: «Аллаһым, Амин!» дейді.

Әбу Һұрайраның (р.а.) көп хадис білуінде мешіттегі дұғасына Аллаһ елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «Амин!» деп қосылуының да үлкен мәні бар. Бірде Әбу Һұрайра: «Уа, Расулаллаһ! Сенен естіген ешбір жайтты ұмытпай, жадымда сақтағым келеді», – дегенде, Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Шапаныңды шеш те жерге жай», – дейді. Әбу Һұрайра айтқанын істеп, жерге жайғаннан кейін Аллаһ елшісі дұға етеді де, дұғасы біткенде, құдды ғайыптан бір нәрсе қолдарына құйылғандай шапанның үстіне бір нәрсе төккендей қимыл жасайды. Сосын: «Шапаныңды алып кеудеңе бас», – деп бұйырады.

Әбу Һұрайра басынан өткен осы оқиғаны басқаларына жеткізгенде, «Шапанымды алып кеудеме бастым. Ант етейін, міне, осыдан кейін Аллаһ елшісінен естіген ешбір нәрсені ұмытпайтын болдым» деп сөзін тәмәмдайтын.

Әбу Һұрайраның көзі тірісінде-ақ кейбіреулер: «Хадисті тым көп риуаят жасайсың (жеткізесің)», – деп ескерту жасағандарға, ол шынайы көңілмен: «Мұһажир бауырларым базарда сауданың қамымен, ансар бауырларым егістіктің басында жүргенде, мен қарнымның тойғанын ғана қанағат етіп, Аллаһ елшісіне (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қызмет ететінмін», – деп жауап береді.

Расында да солай еді. Ол Аллаһ елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жанынан бір елі ажырамады. Бірнеше күн қатарынан аш қалып, «уисал» оразасын ұстайтын, яғни ауызашар кезде тіске сыздық қылар нәр таппағандықтан қайта оразаға ниеттенетін. Осылайша үш күн, төрт күн қатарынан үсті-үстіне ораза тұтатын кездері болатын. Кейде аштықтан тұла бойы қалшылдап, жығылып қалатын. Жанына келгендерге ол бір жағынан: «Маған Құран оқитындар жоқ па?» дегенді, екінші жақтан «Маған тамақ беретін ешкім жоқ па?» деген мағынаны бірдей білдіретін اِسْتَقْرَاْتُك«Истақраатукә» деген сөзді айтатын.

Көбіне Жағфар Таййардан басқа оның халін ешкім түсіне қоймайтын. Тіпті кейбіреулер оның жанында бір-екі аятты оқып, жөндеріне кететін. Жағфар Таййар Әбу Тәліп отбасының маңдайына біткен бақ еді. Ол – Хайбар жорығынан кейін Хабашстаннан Мәдинаға һижрет етіп келгенде, Аллаһ елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «Хайбардың жеңісіне ме, әлде Жағфардың оралғанына ма, қайсысына қуануды білмей тұрмын» деп айтқан даңқты сахаба. Жағфар Аллаһ елшісімен аз ғана уақыт бірге болып, Мута соғысында шейіт кетеді. Сөйтіп, Жағфарлықты да, Алилікті де хазірет Алиге мұра етіп қалдырады. Ол туралы кейіннен Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Жағфар жаннатта жасыл қанаттарымен оңды-солды ұшып жүр», – деп сүйіншілеген. Міне, осынау әйгілі сахаба Жағфар Таййар Әбу Һұрайраны үйіне ертіп апарып, ас-ауқат беріп қарнын тойдыратын. Кейде Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өзі Әбу Һұрайраны ертіп апарып үйінде қонақ қылатын.

Ілімнің қайнар бұлағы іспетті осы сахаба Аллаһ елшісінен (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) естігендерінің бірде-біреуін ұмытпай, қияметке дейін мәңгілік сақталуы үшін асқан ыждағаттылықпен өзінен кейінгі ұрпақтарға жеткізді. Әбу Һұрайраның өзі бірде: «Құран кәрімде «Негізінен, біз Кітапта ап-ашық үкімдерді әрі тура жолды адамдарға баян еткеннен кейін жасырғандарға Аллаһ лағынет етеді әрі барлық лағынет етушілер лағынет етеді» деген аят болмаса хадис жеткізбес едім», – дейді.

Осы бір ақ жүрек, өткір тілді сахабаның алыптар-дың алыбы, жаратылысы ерекше Аллаһ елшісінің қасында төрт жыл бірге болуының маңызын ешкім жоққа шығара алмайды. Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оның өз қасында жүруіне еш қарсылық көрсетпеуінің өзі Әбу Һұрайраның дәрежесінің қаншалықты жоғары екенін паш етсе керек. Асқар таудай алып тұлғалардың қасында болып көрмегендер мұның қандай игілік екенін әсте ұғына алмайды. «Ғашықтық жолына түстім, жалған намыс маған қажет емес» деген қағиданы ұстанбай үлкен тұлғаларға жақын болу мүмкін емес.

Кейбіреулердің алға тартып жүргеніндей сахабалар Әбу Һұрайраға наразы болған емес. Ансардың алғашқы мұсылмандарының бірі, Аллаһ елшісімен (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Ақабада қол аласып, серт бергендердің бірі және Аллаһ елшісін үйінде алты ай қонақ қылу бақытына ие болған, Ыстамбұлдың қадірлі қонағы хазірет Әбу Әйюб әл-Ансари одан хадис алатын. Әбу Әйюбтан: «Сен одан (Әбу Һұрайра) бұрын мұсылман болдың. Сен де Аллаһ елшісінің сахабасысың ғой» дегендерге: «Ол біз естімеген көп жайды біледі», – деп жауап береді екен.

Әбу Әйюб әл-Ансари ғана емес, Абдуллаһ ибн Омар, Хыбрул-Уммә (үмбеттің ғұлама ғалымы) Абдуллаһ ибн Аббас, Жабир ибн Абдуллаһ әл-Ансари, Әнәс ибн Малик және Уасила ибн Әслам сынды хадистің алтын діңгегі саналатын ғалым сахабалар мен табиғиндардың ең үлкен имамдары Хасан Басри, Зәйд ибн Әсләм да Әбу Һұрайрадан хадис алған. Мұнымен қоса, «мурсәлдерді», яғни жеткізуші сахабаның аты аталмастан Пайғамбарымыздан жеткен хадистерді Имам Шафиғидың негіз ретінде қабылдауын басшылыққа алған және хадистерін нұқсансыз жеткізу үшін Әбу Һұрайраға күйеу бала болған Сайд ибн Мусәййаб, Сайд ибн Йәсар, Сайдул-Мақбури, Сулейман ибн Йәсар, бес жүз сахабадан хадис жеткізген Шағби, Мухаммед ибн Әбу Бәкір де Әбу Һұрайрадан хадис алған. Бұларға қоса, нақши тариқатында пір тұтылатын және шежіреде «Қасым ибн Мұхаммед өте тамаша, құдай берген қасиеті бір айрықша» деп еске алынатын Қасым ибн Мұхаммед Әбу Һұрайрадан алған хадистерді бір кітапқа топтастырған. Осы кітаптағы хадистер дәл сол қалпында «Кутубу ситтә» хадис кітабына да енген. Аталған хадистер жазылған парақшаларды қазіргі заманғы карбонды экспертиза да оның Хәммәм ибн Мунәббихтің өзіне тиесілі екенін анықтаған. Осы Хәммәм ибн Мунәббих Аллаһ елшісін (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) еске алғанда, көзі жасқа толатын «Бәккә» деп танылған Мухаммед ибн Мунқадир де Әбу Һұрайрадан хадис жеткізгендер қатарында. Бұлардан басқа осы кісілердің деңгейінде жалпы саны сегіз жүз адам Әбу Һұрайрадан хадис жеткізген.