Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Абду курс.doc
Скачиваний:
2
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
261.12 Кб
Скачать

1. Сахабалардың асқақ абыройы

Ғалымдар адамзаттың ең абыройлы тұлғалары – пайғамбарлардан кейін дәрежесі пайғамбарларға жете-қабыл сахабалар келетінін бірауыздан мойындайды. Төрт құбыласы түгел кемелдік тек пайғамбарларға ғана тән. Пайғамбарлар бағындырған кемелдік шыңына ешбір пенде қол жеткізе алмайды. Пайғамбарлардың ізін ала сахабалар келеді. Бұл тұста дәрежесі Исрайыл-ұлдарының кейбір пайғамбарларына жеткен сахабалар да кездескенін тілге тиек ете кеткен жөн. Алайда оған жекелеген мәселелердегі тереңдік қана негіз болғанын баса айтқым келеді. Жан-жақты, толық кемелдік тұрғысынан пайғамбарларға ешкім жете алмаған. Дәл осы секілді кемелдік тұрғысынан кейбір жекелеген жайларда шах Гейлани, Имам Раббани, Мұхаммед Бахауиддин Нақшыбанди сынды әулие-ғұламалардың «ұстаздан шәкірт озады» қағидасы негізінде сахабалармен иық түйістіріп қалатын тұстары да болуы мүмкін. Алайда бүгінге дейін жүрегі дін деп соққан, айтқан ойлары көптің көкейінен шығып, дәлел ретінде қабылданған, ақыл мен жүректі екі тізгін бір шылбыр етіп тең ұстаған, мәдениет пен білімнің шамшырағы Имам Әбу Ханифа, Имам Шафиғи сынды әр ғасырда ілімнің қайнар бұлағы бола білген алып ғұламалар кемелдік тұрғысынан пайғамбарлардан кейін сахабалар келетінін бірауыздан мақұлдаған. Тіпті көпшілік ғалымдар тарапынан ең алғашқы «мүжәддид» ретінде қабылданатын хазірет Омар ибн Абдулазиздің өзі ең төмен дәрежедегі сахабаның деңгейіне жете алмайды. Үлкен әулиелердің бірі Имам Раббанидің: «Кемелдік тұрғысынан келсек, Омар ибн Абдулазиз Уахшидің атының танауына қонған тозаң дәрежесінде ғана», – деп үкім айтқаны бар.

2. Сахабаның даңқын асырған жайттар

Сахабалар мұндай абыройға қалай қол жеткізді?

а) Аллаһ елшісінің пайғамбарлық міндетіне қатысты жақын болуы

Сахабалардың тағдыры Расулаллаһтың пайғам-барлығымен біте қайнасып жатыр. Расулаллаһ дүниеден өткеннен кейін пайғамбарлықтың қақпасы жабылды, сондықтан кейін келген әулиелер Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «тек «әулиелік» қырымен ғана байланыс құра алады». Пайғамбарлық сахабалықтан қаншалықты жоғары тұрса, сахабалардың дәрежесі де ең үлкен әулиелерден соншалықты жоғары тұрады.

ә) «Инсибағ»

«Сұхбаттасуда инсибағ бар» деп жатады. Негізінде, үлкен бір ғұламаның еңбектерін қайта-қайталап оқу оның өзімен жүздесудің бірнеше минутына да тең келмейді. Әрине, сұхбатына тікелей қатысудың әсері басқаша, әсіресе, Аллаһтың үнемі өзімен бірге екенін, өзін-өзі көріп, бақылап тұрғанын терең сезінетін адамның өзін ұстауын, аузынан шығатын әрбір сөзін, жан дүниесінің тебіренісін, соған сай қол қимылы, еріндерінің діріл қағып, жүзінің сан құбылуын, басынан кешетін рухани күйлерін көзбен көріп сезіну бір бөлек те, оны кітаптан оқу мүлдем бөлек.

Аллаһ досының намаз оқуын, қиямда қалай тұратынын, қалай рукуғқа иіліп және сәждеге бас қоятынын кітаптардан оқып-білуге болар. Алайда оның көкірегін кернеп шыққан күрсіністің салмағын, өзінің құл екенін терең сезініп, Аллаһ тағаланың ұлықтығына терең тағзым ету сәтіндегі әдебін, ғибадаттан жаны жай тауып, қалай тебіренгенін онымен тізе түйістіріп қатар отырып, дәрісін алып, достық құру арқылы ғана толық сезіну мүмкін.

Сұхбаттасуда ғана болатын осы бір инсибағтың парқына бара алмағандар сахабаларды түкпірлеп түсіне алмайды. Олардың басына қонған инсибағ атты бақыт құсының байыбын ұғынбайды. Сахаба болу үшін уақыт кеңістігінің шеңберінен шығып, 1400 жыл бұрынғы дәуірге қадам басу қажет. Көктегі жұлдыздарды тамашалаған сынды осындай биік бір тұғырдан сахабаларды көріп, тамашалап, Аллаһ елшісіне (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «Сенің құзырыңа келдім, уа, Расулаллаһ!» дегізетін терең толғанысқа түсіп, толқытатын халді бастан кешуің керек.

б) Туралықты ту ету

Сахабалар әзілдегенде де өтірік айтпайтын шыншыл жандар еді. Олар өмірінде өтіріктің зәредейіне де жол бермеген. Ең тура сөзді деген кісінің өзі кейде жалған айтып қоятын бүгінгі күні сахабалардың турашылдығын шынайы түрде түсіну оңай емес. Олар мұсылмандықты жаңа танығанына қарамастан жалған сөзден тыйылып, туралықты ту етті. Әдепсіздіктен бас тартып, көркем мінезді бойларына құмдай сіңірді. Қараңғылық қапасын жарып, нұрға ұйыды. Уәде етілген ізгілікке қауышу үшін малы мен жанын риясыз көңілмен пида етті.

Олар ізгіліктің не екенін жақсы түсінгендіктен тағдыр жазған осынау мүмкіндікті барынша бағалауға тырысты. Тура сөзді хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) адалдық пен шыншылдық тұғырының айналасында балға қонған арадай қаумалап, осындай қасиеттерді бойға сіңіре берді. Мусәйләматул-Кәззабтың деңгейі – өтірік пен жалғанның адамды түпсіз шыңырауға ұйықтай тартып әкететінін білгендіктен, одан бойларын аулақ салды.

Сахабаның жамандықтан әрі-сәрі күй кешпей бірден пышақ кескендей сап тыйылуын түсіну үшін ғарыш кеңістігінде айдың өз осінен шығып, күн өткен сайын орасан жылдамдықпен жер шарынан қаншалықты алшақтайтынын ойша елестете отырып, ұға аламыз. Сахабалар жалғаннан, жалған дүниенің жансыз көлеңкесіндей ғұмыр кешуден дәл осылай алшақтады. Мұндай азғындықтан ордалы жыланның ұясына тап болғандай жаны түршіге жиреніп, қулық-сұмдық, алдау-арбау үстемдік құрған дүниетанымға, түсінікке содан қайтып оралмады.

Парықсыздық пен пасықтық, азғындық пен арсыздық жайлаған бүгінгі таңда сахабалардың шыншылдығын танып-білу тіптен қиын. Осыны толық түсінбейінше, қаршығаны қарға, тұйғынды тырна көріп, сахабаларды да өзімізбен салыстыра бастаймыз. Осылайша, көктегі періштелерді яки жұлдыздарды жердегі жұлдызқұрттармен бір тұтып, ессіздікке ұрынып, балағымызға сүрініп жататынымыз өкінішті.

в) Уахидан қуат алу

Пайғамбарымыз ғұмыр кешкен бақыт ғасырында бірінен кейін бірі келетін уахи көктен құйған нөсердей сахабалар қоғамын күн сайын берекеге бөлеп жататын. Көк пен жердің Иесінен, Ұлы Жаратушыдан құдайдың құтты күні жаңа хабарлар мен әмірлер келіп, сахабалар келген уахидың нұрына шомылып, рухани тазарып, жігерленіп отыратын еді.

Бір күні азанға қатысты шариғат үкімі түссе, екінші күні қаматқа қатысты үкім белгіленіп жататын. Басқа бір күні некенің шариғат үкімі бекітіліп, төрт әйелмен шектелу жайында айтылса, енді бір күні бұл үкімге белгілі бір шарттар қойылып жатты. Сахабалар ішімдікке тыйым салынғаны жөніндегі үкімді естіген сәтте қолдарындағы шөлмектерін сындырып, содан бастап арақ-шарапты татып алмады. Міне, осының барлығы көктен түскен уахидың берекетімен жайылған «илаһи дастархандай» олардың рухтарына азық, алған бағытына қазық болып жігерлендіретін.

Аллаһтан уахи келген сайын әркім кейде ашық, кейде астарлы түрде өздеріне қатысты мән-жайларды ұғып, біліп, сезіп жататын. Ал енді кей жағдайларда сахабалар осынау ізгі хабарлардан өздерін танып жататын кездер де кездесетін. Мәселен, مُحَمَّدٌ رَسُولُ اللّٰهِ «Мухаммадур-расулуллаһ» дегеннен кейін وَالَّذِينَ مَعَهُ«уәлләзинә мәаһу» (онымен бірге болғандар) делінгенде, жұрттың назары көбіне Әбу Бәкірге, أَشِدَّاءُ عَلَى الْكُفَّارِ «әшиддау аләл-куффар» (кәпірлерге тым қатаң) дегенде хазірет Омарға, رُحَمَاءُ بَيْنَهُم «рухамау бәйнәһум» (өз араларында ерекше мейірімді) дегенде хазірет Османға ауатын. مِنَ الْمُؤْمِنِينَ رِجَالٌ صَدَقُوا مَا عَاهَدُوا اللّٰهَ عَلَيْهِ «Минәл мумининә рижалун садақу мә аһәдуллаһә аләйһи» деген аят оқылғанда, жұрт Әнәс ибн Надрдың қаһармандықпен шейіт болуын еске алатын. Тіпті мұндайда Әнәс ибн Малик мазарындағы көкесіне назар салатын еді.

Бірде Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Убәй ибн Кағыбты шақырып: «Аллаһ саған «Бәйинә» сүресін оқуымды әмір етті», – дейді. Убәй: «Атымды да айтты ма, уа, Аллаһ расулы?!» – деп сұрағанда, Аллаһ елшісі: «Иә, атыңды да айтты», – деп жауап береді. Тағы бірде Аллаһ тағала: فَلَمَّا قَضَى زَيْدٌ مِنْهَا وَطَراً «Фәләммә қада Зәйдун минһә уатаран» аятында Аллаһ елшісінің азат етілген құлы, ең алғашқы мұсылмандардың бірі Зәйд ибн Харисаның атын атаған еді.

Сахабалар әрқашан Аллаһты, Аллаһ та оларды әрдайым назарына алып, мейіріміне бөлейтін. Аллаһ елшісінің көлеңкесін көрсек, бәлкім, соның өзі біздерге талайға дейін рухани күш берер еді. Ал сахабалар әрдайым Аллаһ елшісімен бірге болатын. Сонымен қатар, Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) арқылы Аллаһпен (Оның Ұлылығы мен Құдіретіне сай) тығыз байланыста еді. Міне, сахабалар осындай жағдайда терең түсінік пен танымға, парасат пен мағрифатқа қол жеткізіп, осы дүниетаным аясында мінсіз ғұмыр кешті.

Құран мен сүннетті кейінгі ұрпаққа дін аман жеткізген сахабалар адамгершіліктің осындай биігіне шыққан, жалғанға жаны қас абзал жандар еді. Құран мен сүннет осындай кемел адамдардың қажыр-қайратымен саф күйінде сақталып, ғасырдан ғасырға өтіп, бүгінгі күнге жетті.

г) Қиын-қыстау кезеңде әрдайым Аллаһ елшісінің жанынан табылу

Сахабалар Исламға тар жол тайғақ кештіретін қиын кезеңде қызмет етті. Бүгін де дінге адал қызмет ету оңай дей алмаймыз. Бір кездері заманның қиындығын Мехмет Акиф өз өлеңінде: «Дос болар тірі жан іздеп, айналаға жар салдым, тау-тас пен сайлардан басқа, дос болар қара таппадым», – деп құлазыған жалғыздық пен шарасыздықты тілге тиек етіп, мүминдердің мүшкіл халін жырлаған еді. Ал сахабалар болса бұдан да өткен шарасыздық, жалғыздық пен қорқынышты бастан өткерді. Осыған қарамастан Аллаһтың діні мен Елшісін жан-тәнімен қолдап-қорғады. Мухиддин ибн Араби «Мухадаратул-әбрар уә мусамәратул-ахияр» атты еңбегінде сахабалардың қиын әрі аласапыран уақыттар-да қайсарлықпен дінге қолдау көрсеткенін жазады. Хазірет Әбу Бәкірдің хазірет Әбу Убайда ибн Жәррахқа хазірет Алиге айтып бар деп тапсырған төмендегі сөздерінен сол кездегі қиын жағдайды аңғаруға болады. Хазірет Әбу Бәкір: «Уа, Али! Сен ол кезде оң-солыңды айыра алмайтын бала едің. Біз шыбын жанымызды шүберекке түйіп, көшеге шығатынбыз. Басымызды қатерге тікпей жүрген күніміз жоқ. Ұсталып қалсақ, мүшріктердің азабы мен мазағына қалатынмызды да білетінбіз. Өткір қанжардың жайратып салатынын қаперге алмастан былайғы жұртқа «Аллаһ жалғыз» деп айтпаған кезіміз болған емес», – деген еді. Сахабалардың имани түсінігі осыншалықты терең әрі өмірлері Исламмен біте қайнасқан еді. Иман нұрымен бейнебір ақыретті тамашалайтындай көздері ашық, көкірегі ояу болатын. Бірде Харис ибн Малик мешітте түнейді. Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оны түртіп оятады. Басқа сахабалар сынды ол да:

بِاَبِي أَنْتَ وَاُمِّي يَارَسُولَ اللّٰهِ «Анам-әкем жолыңда садаға кетсін, уа, Расулаллаһ, әміріңізге құлдық», – дейді. Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оған: كَيْفَ أَصْبَحْتَ «Таң-ды қалай атырдың?» – дейді. Харис (р.а.): «Хақ жолдағы мүмин ретінде таң атырдым, өзімді хақ жолдағы мүмин ретінде сезінудемін», – деп жауап береді. Пайғам-барымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Әрбір ақиқаттың бір айғағы болады. Ендеше, сенің осы иманыңның айғағы не?» – деп сұрайды. Харис: «Күндіз ораза ұстадым. Түнде таң атқанға дейін Раббыма құлшылық еттім, уа, Аллаһтың елшісі! Қазір тіпті Раббымның ғарышын, жаннат иелерінің шаттыққа бөленіп, жаннатта жүргендерін көріп тұрғандаймын», – деп жауап береді. Сонда Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Сенің тұла-бойың иманға тұнып тұр екен», – дейді. Міне, олар Аллаһқа осыншалықты жақын болды. Өз кезегінде бір құдси хадисте айтылғандай, Аллаһ тағала да олардың көретін көзі, еститін құлағы, сөйлейтін тілі, ұстайтын қолы болған еді.