Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
ПОСОБИЕ ПО АСТРОНОМИИ.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
9.89 Mб
Скачать

3.4.13. Физикалық айнымалы жұлдыздар

Физикалық айнымалы жұлдыздар деп физикалық процестер нәтижесінде жарықтылықтары аз уақыт аралығында өзгеріп отыратын жұлдыздарды айтады. Айнымалылығының сипатына қарай жұлдыздар пульсациялайтын және эруптивті айнымалылар, жаңа және аса жаңа (эруптивтінің дербес жағдайлары) болып бөлінеді. Барлық айнымалы жұлдыздар арнайы әріптермен белгіленеді (R,S,T,….,Z, ZZ, RR,…., RZ,ST,…. ,AA) және бұған қоса шоқжұлдыздардың аттары қосылып жазылады, мысалы: RR Lyz,...).

3.4.14. Пульсациялаушы айнымалылар

Цефеидалар

Цефеидалар деп ерекше жылтырлық қисықтары бар физикалық айнымалы жұлдыздар аталады. Көрінетін жұлдыздық шама уақыт бойынша бірсыдырғы және периодты түрде өзгереді және жұлдыз жарықтылығы бірнеше есе өзгеруіне сәйкес келеді. Жұлдыздардың бұл класы осы топтағылардың өкілі δ Цефей жұлдызының атымен аталған. Цефеидалар Ғ және G класындағы алыптар және аса алыптарға жатады. Бұл жағдай оларды алыс қашықтықтардан бақылауға мүмкіндік береді. Период-цефеидалардың ең негізі сипаттамаларының бірі. Осы типтегі әрбір жұлдыз үшін ол өте үлкен дәлдікпен тұрақты болып қалады, бірақ әрине әрбір цефеида үшін периодтар әртүрлі болып келеді. (бір тәуліктен бірнеше ондаған тәуліктерге дейін) Көрінетін жұлдыздық шамалармен бірге цефеидалардың спектрлері де өзгереді. Бұл цефеидтердің жарықтылығының өзгеруі оның атмосферасы температурасының шамамен 1500 К-ге дейін өзгеруімен қатар жүреді деген сөз. Цефеидалардың спектрлерінде спектрлік сызықтардың ығысуы бойынша сәулелік υ векторының периодты өзгеруі байқалған. Сызықтардың ең көп ығысуы min-де қызыл түске қарай, ал max-да көк түске қарай бағытталады. Сол себепті жұлдыздардың радиустары да периодты түрде өзгеріп тұрады.

Бақылаулар цефеидалар атмосфераларының үнемі пульсациялап тұратынын көрсетті. Олай болса, олар ұзақ уақыт бойы тербелмелі процесті ұстап тұратын жағдай бар болғаны. Бұл былайша түсіндіріледі. Жұлдыздардың тепе-теңдігі гравитациялық күштермен газдың ішкі қысымының балансымен қамтамасыз етіледі. Егер тепе-теңдік бұзылса және жұлдыз аз мөлшерде сығылатын болса, онда ол бұрынғы тепе-теңдік қалпына келуге ұмтылып, оның заты тербелмелі қозғалысқа келеді. (Жердің ауырлық өрісіндегі маятник сияқты)

Эруптивті айнымалылар, пульсарлар және нейтронды жұлдыздар

Жарықтылығы төмен жұлдыздар қатарында( ергежейлілер) әртүрлі типті айнымалылар кездеседі, олардың жалпы саны пульсациялайтын алыптарға қарағанда 10 еседей аз. Олардың бәрі қайталап отыратын жарық шығарады, олар әртүрлі зат босап шығумен, яғни эрупициялармен түсіндіріледі. Сондықтан бұл топқа кіретін жұлдыздарды жаңа жұлдыздармен қатар эруптивтік айнымалылар деп аталады. Бұл топқа кіретін жұлдыздар: эволюцияның бас кезеңіндегі жұлдыздар, Вольф-Райе (WR), жаңа, аса жаңа жұлдыздар және пульсарлар.

а) Эволюцияның бас кезеңіндегі жұлдыздар.

Бұл топқа гравитациялық сығылуы әлі аяқталмаған жас жұлдыздар, Торпақтағы Т-типтес айнымалыларды жатқызуға болады. Бұл ергежейлілер Орион тұмандығында көптеп кездеседі. Мұндағы жұлдыздардың жарықтылықтарының өзгеруінде ешқандай заңдылық жоқ және жылтырлық қисығы хаостық түрде өзгереді.

б) Вольф-Райе типтес жұлдыздар (WR)

Бұл жұлдыздардың саны көп емес, бірақ біздің Галактикадағы өте жарық объектілер болып табылады. Олардың орташа абсолют жұлдыздық шамасы - 4m -ке тең, ал жалпы саны 200-ден көп емес. Спектрлері кең сызықты.

в) Жаңа жұлдыздар

“Жаңа” термині жұлдыздар жаңадан пайда болды дегенді білдірмейді, ол - кейбір жұлдыздардың айнымалылық кезеңдерін сипаттайды. Жаңа жұлдыздар деп ең болмағанда бір рет жарықтылығы 7-8 жұлдыздық шамаға дейін кенеттен ұлғайып кеткен жұлдыздарды айтады. Әдетте жарқ ету кезінде көрінетін жұлдыздық шама 10m -13m дейін кемиді, ал бұл жарықтылықтың 10-100 мыңдаған есе өсуіне әкеледі. Жарқ етуден кейін жаңа жұлдыздар өте ыстық ергежейлілерге айналады. Жарқ етудің ең үлкен фазасында олар А-Ғ кластарындағы аса алыптарға ұқсас болып келеді. Егер жаңа жұлдыздардың жарқ етуі екі рет бақыланса, мұндай жаңа жұлдыздарды қайталанбалы деп атайды. Бұл жұлдыздардың жарықтылығы кәдімгі жаңа жұлдыздарға қарағанда бірнеше есе аз. Қазіргі кезде 300-ге жуық жаңа жұлдыздар белгілі, олардың 150-ге жуығы біздің Галактикада және 100-ге жуығы Андромеда тұмандығында.

г) Аса жаңа жұлдыздар

Аса жаңа жұлдыздар деп жаңа жұлдыздарға ұқсас және максимумында абсолют жұлдыздық шамасы 18m - 19m (кейде 21 m –ға дейін) жететін жұлдыздарды айтады. Жарықтылығы 19 m -ға дейін, яғни 106 есе өседі. Аса жаңа жұлдыздардың шығаратын энергиясы 1048-1049 эрг-тен жоғары болып келеді, яғни жаңа жұлдыздарға қарағанда 100-еседей көп. Фотографиялық түрде басқа Галактикаларда 300-дей аса жаңа жұлдыздардың жарқ етуі тіркелген.

д) Пульсарлар

1967ж. Кембриджде (Англия) импульстар түрінде қайталанып отыратын космостық радиосәулелер тіркелді. Жекелеген импульстар ұзақтығы бірнеше миллисекундтардан секундтың бірнеше ондық үлестеріне дейін созылады. Импульстардың кенеттігі және олардың бірдей уақыттар аралығында қайталанып отыруы, бұл объектілердің периодын жоғары дәлдікпен табуға мүмкіндік береді. Аталған объектілер - пульсарлар деп аталады. Мысалы: пульсарлардың кейбіреуінің периоды 1,337301133с болса, кейбіреулерінікі 0,002 - 4с аралығында жатады. Қазіргі кезде 300-дей пульсар белгілі. Көптеген пульсарларға дейінгі қашықтықтар анықталған, олар 100-1000 Пк - ке дейінгі аралықта, яғни бұл біздің Галактикаға жататын “жақын” объектілер.