72. Сыншыл реализмнің туу, қалыптасу жолдары.
Сыншыл реализм – әдебиеттегі көркемдік әдіс. Өмірді сан қырынан зерттеп, қоғамның адамзаттық нормаларға қайшы келетін кемшіліктерін сынға алады. Типтік жағдайда типтік образдар жасау арқылы өмірді неғұрлым шынайы суреттеуге ұмтылып, адамдар тағдырын, олардың мінез-бітімін, қоғамдағы қайшылықтарды сынайды. Адам мен қоғам арақатынасын, адамзаттың қоғамдағы жасампаздық, белсенділік қызметін, олардың ғасырлар бойы қалыптасқан адамгершілік қалыптарын сақтай отырып, бақытты өмір сүру жолындағы ұмтылысын, күресін бейнелейді. Қоғамдық дамудың дұрыс жолды таңдауында сынның рөлі қаншалықты болса, Сыншыл реализм де өнер құдіретімен өмірдің көлеңкелі тұстарын шынайы бейнелеуге ұмтылып, оны жою мен әділетті қоғам орнатуға үндейді. Қоғамда белең алған кемшіліктер мен әділетсіздікті сынап, оны болдырмауға шақыру Сыншыл реализмнің басты сипаты саналады.
Қазақ әдебиетінде жыраулар поэзиясында қоғамға деген сыни көзқарас, халықтың арман-мұратын ел билеушілерден қаймықпастан жыр өрнектерімен жеткізу негізгі сарынды құрады. Бұқараның мұңын жоқтап, билеуші топтың елге жасаған әділетсіздігін әшкерелей жырлау қазақ әдебиеті дамуының басты бағытына айналды. Сыншыл реализм әдісі жыраулар поэзиясы мен әлем классиктері дәстүрлерін үлгі-өнеге тұтқан Абай шығармаларында берік орын алды. 20 ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінде өмір құбылыстарын көркем бейнелеудің бір тәсілі ретінде сыншыл сарын А.Байтұрсынов, М.Дулатов, С.Торайғыров, тағы басқа шығармаларында өрісті арна болды.
73. Қ.Жұмалиевтің әдебиет тарихын зерттеулері
Жұмалиев 20 ғасырдың 30-жылдарынан бастап қазақ фольклорын, әдебиет тарихы мен теориясын зерттеумен шұғылданды. 1958 – 60 жылдары 2 томдық “Қазақ эпосы мен әдебиеті тарихының мәселелері”, “ХВІ – ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті” (1967) кітаптары ұзақ уақыт бойы респ. жоғары оқу орындарында оқулық ретінде пайдаланылды. “Қазақ эпосы мен әдебиеті тарихының мәселелері” кітабының 1-томына “Қобыланды батыр”, “Алпамыс батыр”, “Ер Тарғын”, “Қамбар батыр”, “Қозы Көрпеш – Баян сұлу”, “Қыз Жібек”, “Айман – Шолпан” эпостары туралы зерттеулері енген. 2-томында 19 ғасырдағы қазақ әдебиеті өкілдерінің шығармашылығы талданған. Екі томдық “Әдебиет тарихы” кітабында қазақ әдебиеті тарихына кең ғылыми шолу жасалып, 18 – 19 ғасырлардағы жыраулар, ақындар, жазушылар шығармашылығы жан-жақты зерттелген. Жұмалиев – Махамбет шығарм-ғын бірінші рет кең көлемде зерттеген ғалым. Бұл саладағы қызметін ол ақын өлеңдерін жинап бастырудан бастады (1938). 1948 жылы “Махамбет” атты монографиясын жариялады. Монографияда Исатай – Махамбет көтерілісінің тарихына қатысты тың деректер келтірілген. Ғалым осы тақырыпты зерттей жүріп Шернияз Жарылғасұлы, Алмажан Азаматқызы, Ығылман Шөрекұлы шығармаларын бірінші болып талдап, ғыл. айналымға енгізді. Ол Әдебиет және өнер институты даярлаған “Қазақ совет әдебиеті очеркінің” (1948) бас редакторы, 6 томдық “Қазақ әдебиеті тарихының” 18 – 19 ғасырлар аралығындағы қазақ әдебиетіне арналған 2-томы, 1-кітабының (1960) редакциясын басқарды және оның негізгі авторларының бірі болды. Осы дәуір әдебиетінен орта мектепке (8 – 9 сынып) және жоғарғы оқу орындарына арнап қазақ және орыс тілдерінде оқулықтар жазды. Ғалымның “Абайға дейінгі қазақ поэзиясы және Абай поэзиясының тілі” (1946) еңбегі абайтануға қосылған үлкен үлес болып қабылданды. Онда Жұмалиев Абайдың өмірі мен шығарм-ғына кең талдау жасады. Абайдың қазақ әдебиетіндегі орнын, тарихи еңбегін, қазақ әдеби тілін қалыптастырудағы қызметін жан-жақты зерттеді. Бұл кітапқа Н.К. Дмитриев, С.Е. Малов, В.М. Жирмунский, т.б. ғалымдар үлкен баға берді.
