69. А.Нұрқатов – сыншы
Бүгінгідей емес, өткен ғасырда қазақ әдебиетінде сын жанры өзінің жауынгерлік міндетін абыроймен атқарып, алғы шепте жүрді. Мұхаметжан Қаратаев, Бейсембай Кенжебаев, Темірғали Нұртазин, Серік Қирабаев, Қажым Жұмалиев, Тұрсынбек Кәкішев, Зейнолла Қабдолов, Мүсілім Базарбаев, Баламер Сахариев, Әбіш Байтанаев, Ханғали Сүйіншәлиев, Қалжан Нұрмаханов, Сейіт Қасқабасов, Асқар Сүлейменов, Зейнолла Серікқалиев, Рымғали Нұрғалиев, Сағат Әшімбаев мақалалары газет-журналдарда жиі жарияланатын. Сын кітаптары да толассыз шығып жататын. Білікті, ең бастысы – қара қылды қақ жаратын сынның әдебиеттің өсуіне тигізер әсері, берер көмегі көп. Содан да болар сол тұста қазақ әдебиеті де бар жанрда бірдей өсу, өрлеу үстінде болды. Міне, сол тұста әдеби сында Айқын Нұрқатов есімді жаңа талант жарқ ете қалды. 1954 жылы «Владимир Маяковский және қазақ поэзиясы» тақырыбына жазылған кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, бұл еңбегі жеке кітап болып шыққан Айқын әдеби жанрында аса белсенділікпен, асқан білімділікпен жемісті еңбек етті. Қырық жасқа да жетпеген қысқа да қызулы өмірінде Ш.Уәлиханов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин сынды саңлақ суреткерлер жайлы очерктер жазып, жариялады. Оның қаламынан туған сын мақалалар мен рецензиялар екі жүзге жуық.
«Бәйгеге қосатын атты жаратып, құйрық-жалын сүзіп жіберсе, көрікті болып жұтынып шығады. Әдебиетке де сондай күтім, сондай сын керек» депті Жүсіпбек Аймауытов. Айқын қаламынан туған сын бүгінгідей біреуді көкке, біреуді жоққа шығарған сыңаржақ сын емес, көркем шығарманың бары мен жоғын жіліктеп, жазушыға жол көрсеткен жанашыр, жолбасшы сын.
Академик Серік Қирабаев келтірген бір деректе ұлы Мұхаң-Мұхтар Әуезов былай депті: «Айқын мен Серікті мен бөлмеймін. Екеуінің аяқ алысы жақсы. Білімі, талғамы зор. Бейсембай, Есмағамбет, Қажымдар сыннан алыстап бара жатқан кезде, кейбір сыншылар басқа жанрларға ауысып тұрақтамай жүрген тұста, екеуінің бірыңғай сынмен айналысуы маған ұнайды».
Ұлы суреткер, ұлағатты ұстаздың сөзі қаламына қанат бітірген қос жүйрік – қос сыншы үзеңгі қағыстыра қатар шауып, сын саласында үздік туындылар туғызды. Екеуінің шығармашылық ынтымақтастығынан 1964 жылы оныншы сыныпқа арналған «Қазақ әдебиеті» оқулығы өмірге келді. Бұдан біраз бұрын С.Қирабаев, З.Қабдоловпен бірігіп, тоғызыншы сыныпқа арналған оқулық жазған болатын.
Айқын Нұрқатовтың зерттеушілік бетін айқындаған екі үлкен еңбегін айрықша айту керек. Оның бірі – «Абайдың ақындық дәстүрі», тағы бірі – «Мұхтар Әуезов творчествосы» атты көлемімен де, көкейге қонымды көркем ойымен де, терең талдау, парасатты пайымдарымен де аса салмақты, салиқалы монографиялары. Бұл екі еңбекті қазіргі белді ғалымдарымыздың бірі Серік Негимов «Әуезовтің әйгілі шәкірті» атты мақаласында («Егемен Қазақстан», 22.05.2013 жыл) салмақты оймен жан-жақты саралап бергендіктен және автормен ойымыз бір жерден шыққандықтан қайталауға ұрынбас үшін бір ғана ой қосумен шектелеміз. Ол ойымыз мынау: Егер Айқын Нұрқатов, Абай мен Әуезов жайлы осы екі монографиядан өзге ештеңе жазбаса да ол бәрібір қазақ әдеби сынынан өз орнын ойып тұрып алар еді. Осы тұста орыс көркем ойының көрнекті тұлғасы В.Г. Белинскийдің: «Сыншы дарыны – сирек дарын» деген сөзі қалам ұшына оралып тұр. Рас қой. Әдебиетте оңай жанр жоқ. Әр жанрдың көтерер өз жүгі, өзіндік ерекшелігі бар. Ақын да, прозашы да, драматург те суреткер. Белгілі бір дәрежеде ойшыл. Сондай биіктегі қаламгердің туындысын талдап, оған баға беру үшін сыншы барлық жағынан да одан оқ бойы озық жүруі, тым құрыса қатарлас болуы шарт. Сыншы, әдебиет зерттеушісі Айқын Нұрқатов өзіне осындай қатаң талап қоя білген талант.
